Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және адам саудасына қарсы күрес мәселелері жөнінде ведомствоаралық комиссия құру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2017 жылғы 16 маусымдағы № 78-ө өкімі. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 29 сәуірдегі № 268 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.04.2022 № 268 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасында адам құқықтарын бұзуға әкеп соғатын адамдарды заңсыз әкетудің, әкелудің және адам саудасының алдын алу және жолын кесу жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында:

      1. Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және адам саудасына қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Комиссияның құрамы;

      2) Комиссия туралы ереже бекітілсін.

      Премьер-Министр Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2017 жылғы 16 маусымдағы
№ 78-ө өкімімен
бекітілген

Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және адам саудасына қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамы

      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, төраға;

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, төраға;

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, төрағаның орынбасары;

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, төрағаның орынбасары;

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы, хатшы;

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры, хатшы;

      Қазақстан Республикасының "Сырбар" сыртқы барлау қызметінің департамент бастығы (келісім бойынша);

      Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары;

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары;

      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі;

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі;

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі;

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі;

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі директорының орынбасары (келісім бойынша);

      Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының басшысы (келісім бойынша);

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы (келісім бойынша);

      Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы (келісім бойынша);

      Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астанадағы бағдарламалар офисі адам өлшемдері бөлімінің аға бағдарламалық ассистенті (келісім бойынша);

      "Дағдарыс орталықтары одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы (келісім бойынша);

      "Сана сезім" әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы" қоғамдық бірлестігінің президенті (келісім бойынша);

      Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстан Республикасындағы бағдарламаларының ұлттық үйлестірушісі (келісім бойынша);

      Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстан Республикасындағы бағдарламаларының аға қызметкері (келісім бойынша);

      "Әйелдерді қолдау орталығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша);

      "Родник" әйелдер мен балаларға арналған әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы" қоғамдық қорының директоры (келісім бойынша);

      "Қорғау-Астана" жеке қоры "Көмек" адам саудасы құрбандарының уақытша тұратын және оларды оңалту орталығы" жеке мекемесінің торағасы (келісім бойынша).

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2017 жылғы 16 маусымдағы
№ 78-ө өкімімен
бекітілген

Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және адам саудасына қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және адам саудасына қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші орган болып табылады.

      2. Комиссия қызметінің мақсаты адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және адам саудасына қарсы күрес және адам саудасының құрбандарына көмек көрсету мәселелері жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу болып табылады.

      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      4. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі және Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі екі жыл кезеңділікпен ротация негізінде Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

2-тарау. Комиссияның негізгі міндеттері

      5. Комиссияның негізгі міндеттері:

      1) адамдарды заңсыз әкету, әкелу, адам саудасы және адам саудасының құрбандарына көмек көрсету саласындағы қазіргі ахуалды талдау;

      2) мыналар:

      адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге, адам саудасына қарсы күрес және адам саудасының құрбандарына көмек көрсету мәселелері;

      адам саудасының жағдайы және осы құбылыстың қауіптілігі, аталған саладағы құқық қорғау шаралары мен көмекке жүгіну мүмкіндіктері туралы халықты хабардар ету;

      адам саудасының алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ адам саудасының құрбандарын қорғау және оларға көмек көрсету саласында қабылданған халықаралық құқықтық құжаттарға сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру;

      адам саудасына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға және оларға көмек көрсетуге бағытталған жұмыстың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу болып табылады.

3-тарау. Комиссияның құқықтары

      6. Комиссия өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) мемлекеттік органдар мен ұйымдардан әз қызметін жүзеге асыру үшін қажетті материалдар мен ақпаратты сұратуға;

      2) адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге, адам саудасына қарсы күрес және адам саудасының құрбандарына көмек көрсету мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өздері жүргізген жұмысы туралы есептерін тыңдауға және олардың қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге;

      3) тәуелсіз сарапшыларды, мамандарды және ғалымдарды тартуға;

      4) адам саудасына қарсы күрес және адам саудасының құрбандарына көмек көрсету мәселелерін шешуде мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен және ұйымдармен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасауға;

      5) адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге, адам саудасына қарсы күрес және адам саудасының құрбандарына көмек көрсету мәселелері бойынша тиісті бағдарламалар мен жоспарларды әзірлеу жөнінде ұсыныстар әзірлеуге құқылы.

4-тарау. Комиссия қызметінің ұйымдастырылуы мен тәртібі

      7. Комиссияға басшылық етуді оның төрағалары болып табылатын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі және Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі екі жылдық кезеңділікпен ротация негізінде жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары және Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі ротация негізінде Комиссия төрағаларының орынбасарлары болып табылады.

      Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасары атқарады.

      8. Комиссияның лауазымдық құрамы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен бекітіледі. Комиссия мүшелері отырыстарда алмастыру құқығынсыз қатысады. Комиссия отырыстарына шақырылған тұлғалар қатыса алады.

      9. Комиссия жұмысы жылдық жоспар негізінде жүзеге асырылады.

      10. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жарты жылда кемінде бір рет өткізіледі және егер оларға Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысатын болса, заңды болып саналады.

      11. Комиссияның шешімі ұсынымдық сипатта болады.

      12. Комиссияның жұмыс органы Комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар Комиссия отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні бұрын хаттама жобасымен қоса Комиссия мүшелеріне жіберілуге тиіс.

      13. Комиссияның отырысы өткізілгеннен кейін Комиссияның хатшысы хаттама ресімдейді.

      14. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру Комиссияның отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі - Нұсқаулық) қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      Комиссия мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, олай болған жағдайда, ол жазбаша түрде баяндалуы және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген Комиссияның есеп-хатына қоса тіркелуі тиіс.

      Комиссияның отырыстарын еткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтарының негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.

      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, Комиссия хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын Комиссия мүшелеріне келісу үшін жібереді.

      Комиссия мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.

      15. Комиссияның дауыс беру парақтары қоса берілген материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды Комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады