"Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 27 наурыздағы № 55-ө өкіміне өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2021 жылғы 9 ақпандағы № 24-ө өкімі

      "Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 27 наурыздағы № 55-ө өкіміне мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген өкіммен бекітілген Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасы осы өкімге қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      Премьер-Министр А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Премьер-министрінің
2021 жылғы 9 ақпандағы
№ 24-ө өкіміне
қосымша
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2020 жылғы 27 наурыздағы
№ 55-ө өкімімен
бекітілген

Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасы

Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасын іске асыру мақсаттары мен бағыттары

      Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасының (бұдан әрі – Жол картасы) негізгі мақсаттары:

      1) жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу;

      2) елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту есебінен жұмыс орындарын құру және халықтың табысын қамтамасыз ету;

      3) жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру үшін азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын дамыту және кеңейту.

      Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін Жол картасында мынадай бағыттар көзделеді:

      1) әлеуметтік-мәдени, инженерлік-көліктік, өндірістік (индустриялық) инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің жалпы құрылысы және арнайы жұмыстары бойынша инфрақұрылымдық жобаларды (бұдан әрі – инфрақұрылымдық жобалар) іске асыру;

      2) отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісін дамыту және жұмыс орындарын құру үшін кәсіпкерлік субъектілерін қолдау.

      Бірінші бағыт: Әлеуметтік-мәдени, инженерлік-көліктік өндірістік (индустриялық) инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің жалпы құрылысы және арнайы жұмыстары бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру

      Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мынадай объектілер бойынша жүзеге асырылады:

      1) білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, бос уақыт және демалыс, халыққа қызмет көрсету объектілері;

      2) азаматтық құрылыс объектілері, сумен жабдықтау, кәріз, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелерінің объектілері, қалалық автомобиль жолдары, кентішілік және ауылішілік жолдар, кірме жолдар, тротуарлар;

      3) суару жүйесінің объектілері, бөгеттер, дамбылар мен көпірлер, арналар, су шаруашылығының объектілері мен құрылыстары, өзге де су жобалары;

      4) тұрғын үй кешендерінің, жеке үйлердің, жатақханалардың, кеңсе ғимараттарының және өзге де қоғамдық және коммуналдық құрылыстардың объектілері.

      Жұмыс түрлеріне жаңа құрылыс, түзету жұмыстары, жұмыс орнында құрастырмалы құрылымдардан (тез салынатын модульді) ғимараттар салу, сондай-ақ уақытша құрылыстар салу жатады.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімі негізінде өзге де жұмыс түрлері мен объектілерді іске асыруға жол беріледі.

      Жол картасы шеңберінде 2020 жылы басталған өтпелі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жол беріледі.

      Жол картасы шеңберінде 2021 жылы басталған, салудың нормативтік мерзімі келесі қаржы жылына өтетін инфрақұрылымдық жобаларды аяқтау жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру тәртібі мен шарттары

      Жол картасын үйлестіруді және оның іске асырылуын мониторингілеуді Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – ВАК) жүзеге асырады, оның құрамы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы 54-ө өкімімен бекітілген.

      Инфрақұрылымдық жобаларды қарауды және іріктеуді Инфрақұрылымдық жобаларды іріктеу жөніндегі жұмыс тобы (бұдан әрі – Жұмыс тобы) жүзеге асырады, оның құрамына мүдделі орталық мемлекеттік органдардың, "Атамекен" Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасының, "Қазақстан ипотекалық компаниясы" ипотекалық ұйымы" акционерлік қоғамының, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ) өкілдері кіреді.

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жұмыс тобының жетекшісі болып табылады.

      Жұмыс тобы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – уәкілетті орган) жұмыс тобының жұмыс органы болып табылады.

      Жұмыс тобының функцияларына мыналар кіреді:

      1) қаржыландырудың бөлінген лимиті шегінде инфрақұрылымдық жобаларды қарау және іріктеу;

      2) жергілікті атқарушы органға (бұдан әрі – ЖАО) Жол картасының талаптарына сәйкес келмейтін инфрақұрылымдық жобаларды ауыстыру жөнінде ұсыныстар енгізу;

      3) өңірлер бөлінісінде инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін ВАК-қа бекіту үшін дайындау;

      4) қажет болған жағдайда жобалардың Жол картасының шарттарына сәйкестігін растайтын қосымша құжаттарға (мәліметтер, деректер, бастапқы материалдар немесе құжаттар) сұрау салу.

      Өңірлерде Жол картасын іске асырудың жедел мониторингін мәслихаттың депутаттарын және қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін тарта отырып, облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) әкімдерінің төрағалығымен жергілікті деңгейде Жол картасын іске асыруды үйлестіру және мониторингілеу жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) жүзеге асырады.

      Комиссияның функцияларына мыналар кіреді:

      1) өңірде Жол картасын іске асырудың жедел мониторингі;

      2) Жол картасын іске асыру барысы туралы есептерді қарау;

      3) Жұмыс тобының қарауына енгізу үшін өңірлік деңгейде инфрақұрылымдық жобаларды бекіту;

      4) әрбір инфрақұрылымдық жоба бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығының (бұдан әрі – ХЖҚО) жолдамасы бойынша адамдарды жұмысқа орналастыру квотасын бекіту;

      5) Жол картасының екінші бағытын қаржыландырудың лимитін бекіту;

      6) бекітілген жалпы лимиттер шеңберінде Жол картасының бағыттары бойынша қаражатты түзету және қайта бөлу жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

      7) Жұмыс тобы мен Үйлестірушінің ұсынысы бойынша инфрақұрылымдық жобаларды қайта бекіту және ауыстыру.

      Комиссияға басшылық жасауды өңір әкімінің орынбасарынан төмен емес лауазымды тұлға жүзеге асырады.

      ЖАО инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жөніндегі операторлар ретінде нақты объектілерді, қаржыландырудың қажетті көлемін, мамандықтар бөлінісінде еңбек ресурстарына қажеттілікті және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мерзімдерін айқындайды.

      ЖАО инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде:

      1) жаңа жұмыс орындарын құруды;

      2) құрылатын жұмыс орындарының бір бөлігін ХЖҚО жолдамасы бойынша жұмыссыздарға, жұмыс іздеп жүрген адамдарға, босатылатын адамдарға, жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген адамдарға, студенттерге, оның ішінде инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын ауданда (қалада) уақытша тіркеумен тұратындарға ұсынуды;

      3) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің

      2018 жылғы 20 сәуірдегі № 260 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16942 болып тіркелген) Ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде жергілікті қамтуды есептеуінің бірыңғай әдістемесіне сәйкес инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға көзделген қаражаттың жалпы көлемінің кемінде 90 %-ы көлемінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді, олар болған кезде отандық өндірушілерден сатып алуды;

      4) ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, медициналық қарап-тексеру, жұмыскерлерді жинау және жұмыс орнына дейін тасымалдау үшін мобильді рекруттік пункттерді ұйымдастыруды;

      5) басқа елді мекендерден келген адамдарды, оның ішінде алынатын жалақыға қосымша тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған екі ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы материалдық көмек ("көтермеақы") төлеу арқылы жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс беруші мердігерлерге қойылатын конкурстық талаптарды айқындауды;

      6) жұмыс беруші мердігерлермен бірлесіп, тұратын, тамақ дайындайтын және ішетін орындарды, санитариялық тораптарды санитариялық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келтіре отырып, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға тартылатын қызметкерлердің қауіпсіздігін және тұрақты санитариялық өңдеуді;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылыс жұмыстары аяқталғаннан және объектіні пайдалануға бергеннен кейін тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруды;

      8) ВАК шешімімен бекітілген Жол картасы шеңберінде өзге де іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз етеді.

      Объектілерді пайдалануға берген кезде ХЖҚО жұмыс іздеген адамдар мен жұмыссыздарды жаңадан құрылатын тұрақты жұмыс орындарының кемінде 15 %-ына, ал штат саны 6 адамнан аз болған кезде кемінде 1 адамды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді.

      ЖАО:

      1) елді мекеннің бас жоспары негізінде орындалған және сараптамадан өткен белгіленген тәртіппен бекітілген, қала құрылысы (егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары және құрылыс жобалары) жобаларына сәйкес әзірленген жобалау-сметалық құжаттамасының, сметалық құжаттардың, шығыстар сметаларының (техникалық құжаттамалардың) болуына;

      2) мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімдерін және отандық өндірушілерден тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу мүмкіндіктеріне;

      3) елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту және жақсарту қажеттілігіне;

      4) инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың бірінші кезектілігі мен өзектілігіне;

      5) инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың басталу және аяқталу мерзімдеріне;

      6) құрылатын жұмыс орындарының саны мен ұсынылған жобалар бойынша есептелген орташа айлық жалақының мөлшеріне;

      7) елді мекендердің, сондай-ақ даму әлеуеті бар ауылдардың (тірек және спутниктік) өңірлік стандарттарының жүйелеріне дейін жеткізуге әсер ететін жобалардың болуына қарай өздігінен инфрақұрылымдық жобаларды іріктейді және іске асырады.

      Іріктеу кезінде ең көп еңбекті қажет ететін технологияларды талап ететін, ең көп жұмыс орындарын, оның ішінде құрылыс аяқталғаннан кейін тұрақты жұмыс орындарын құратын және жұмыс ұзақтығы мен ХЖҚО жолдамасы бойынша жұмысқа орналасқан адамдардың саны бойынша, сондай-ақ олардың жобаны іске асырудан күтілетін мультипликативтік әсерін негізге ала отырып, барынша жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететін инфрақұрылымдық жобаларға басымдық беріледі.

      Іске асыру кезінде құрылатын жұмыс орындары санының және құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін жаңа жұмыс орындарының көрсеткіштері жоқ инфрақұрылымдық жобалар қарауға жатпайды.

      ЖАО Жол картасын іске асыру жөніндегі өңірлік үйлестірушіні (бұдан әрі – үйлестіруші) айқындайды, ол Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      Үйлестірушінің функцияларына:

      1) өңірге жеткізілген қаржыландыру лимиті шегінде инфрақұрылымдық жобалар тізбесіне енгізу үшін қызмет салалары бойынша жергілікті уәкілетті органдардан ұсыныстар жинау және жинақтау;

      2) инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін Комиссияның қарауына енгізу;

      3) Комиссия жұмысы үшін материалдар дайындау;

      4) Комиссия отырыстарының хаттамаларын жүргізу және шешімдерін ресімдеу;

      5) Комиссия бекіткен инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін уәкілетті органға жіберу;

      6) жұмыс тобының шешімі негізінде инфрақұрылымдық жобаларды ауыстыру жөнінде Комиссияға ұсыныстар енгізу;

      7) жұмыс түрлері мен объектілері, жобаларды іске асыру құны мен ұзақтығы, құрылатын жаңа жұмыс орындарының жалпы саны, оның ішінде жоба аяқталғаннан кейінгі тұрақты жұмыс орындарының саны және орташа жалақы бойынша аудандар/қалалар (қаладағы аудандар) бөлінісінде жобалардың тізбесін қалыптастыру жатады.

      Үйлестіруші "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жобалау-сметалық құжаттаманың, сметалық құжаттаманың, шығыстар сметасының (техникалық құжаттаманың) болуын және сәйкестігін қамтамасыз етеді.

      Бюджеттік бағдарлама әкімшілері жобалау-сметалық құжаттаманың, сметалық құжаттаманың, шығыстар сметасының (техникалық құжаттаманың) дұрыстығын қамтамасыз етеді.

      Уәкілетті орган жұмыс түрлері мен объектілер, жобалардың іске асырылу құны мен ұзақтығы, құрылатын жаңа жұмыс орындарының, оның ішінде жоба аяқталғаннан кейін тұрақты жұмыс орындарының жалпы саны және орташа жалақы бойынша облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бөлінісінде республика бойынша инфрақұрылымдық жобалардың жиынтық тізбесін қалыптастырады.

      Уәкілетті орган инфрақұрылымдық жобалардың жиынтық тізбесін жұмыс тобының қарауына шығарады.

      Жұмыс тобы инфрақұрылымдық жобаларды қарайды және іріктейді/алмастырады және ВАК отырысында бекіту үшін жобалардың тізбесін қалыптастырады.

      ВАК Жол картасы шеңберінде іске асыру үшін инфрақұрылымдық жобалардың жиынтық тізбесін қарайды және оны бекітеді.

      ВАК қажет болған жағдайда бөлінген қаражат шегінде жиынтық тізбеге түзетулер енгізуге, инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін алып тастауға не толықтыруға құқылы.

      Уәкілетті орган ВАК бекіткен инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін ЖАО-ға жеткізеді. ЖАО жобалар тізімін жұмыстар жүргізілетін жер бойынша ХЖҚО-ға жіберуді қамтамасыз етеді.

      ЖАО және ХЖҚО инфрақұрылымдық жобаларды (объектілер мен жұмыс түрлері бойынша инфрақұрылымдық жобалар, іске асырудың сметалық құны, құрылатын жұмыс орындарының жоспарланған саны, құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін құрылатын тұрақты жұмыс орындарының жоспарланған саны, орташа айлық жалақы және басқа да ақпарат) іске асыру мониторингін жүзеге асыру үшін "Жұмыс орындарын құру мониторингі" интеграцияланған картасы" ақпараттық жүйесіне мәліметтерді енгізуді қамтамасыз етеді.

Инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналастыру тәртібі мен шарттары

      Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін іріктелген мердігер жұмыс беруші жұмыс жүргізілетін жер бойынша ХЖҚО-ға объектілер мен жұмыс түрлері бойынша жобаның атауы, еңбек ресурстарына қажеттілік туралы, мамандықтар мен кәсіптер бөлінісінде мәліметтерді ұсынады.

      ХЖҚО еңбек нарығындағы жағдайға, жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендердің, жұмыс іздеп жүрген адамдардың, сондай-ақ жұмыстан босатылатын адамдардың, жалақысы сақталмайтын демалыстағы адамдардың, студенттердің санына байланысты әрбір инфрақұрылымдық жоба бойынша жұмысқа орналастыру квотасының мөлшері бойынша ұсыныс қалыптастырады.

      ХЖҚО жолдамасы бойынша жұмысқа орналастыру квотасы жобалау-сметалық құжаттамаға, сметалық құжаттамаға, шығыстар сметасына (техникалық құжаттамаға) сәйкес құрылатын жұмыс орындарының кемінде

      20 %-ы мөлшерінде белгіленеді.

      ХЖҚО жолдамасы бойынша жұмысқа орналастыру квотасы Комиссия отырысында бекітіледі және жобаны іске асыруға қатысатын жұмыс беруші мердігер үшін, оның ішінде қосалқы мердігерлік жұмыстарға тартылған өзге де жұмыс беруші мердігерлер үшін міндетті шарт болып табылады.

      Жұмыс беруші мердігер/қосалқы мердігер жобалау-сметалық құжаттамаға, сметалық құжаттамаға, шығыстар сметасына (техникалық құжаттамаға) сәйкес жұмыс орындарын құруды және белгіленген квотаға сәйкес ХЖҚО жолдайтын адамдарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді.

      Жұмыс беруші мердігер/қосалқы мердігер инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың бүкіл мерзіміне немесе құжаттамаға сәйкес жұмыстардың белгілі бір көлемін орындау кезеңіне ХЖҚО жолдамасы бойынша адамдарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді.

      ХЖҚО жұмыс беруші мердігерлермен/қосалқы мердігерлермен бірлесіп, "Жұмыс орындарын құру мониторингі" интеграцияланған картасы" ақпараттық жүйесі арқылы ХЖҚО жолдамасы бойынша жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындары бойынша мәліметтерді толтыруды қамтамасыз етеді.

      Жұмыс беруші мердігерлер/қосалқы мердігерлер "Электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға тартылған жұмыс істеп жүрген жұмыскерлердің еңбек шарттары бойынша мәліметтерді орналастырады.

      ХЖҚО "Еңбек нарығы" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жұмыспен қамту органдарында жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар, сондай-ақ жұмыстан босатылған адамдар, жалақысы сақталмайтын демалыстағы адамдар, студенттер, оның ішінде уақытша тіркелген адамдар ретінде тіркелгендер қатарынан қажетті біліктілігі бар мамандарды іріктеуді жүзеге асырады және инфрақұрылымдық жобаны іске асырып жатқан жұмыс беруші мердігерге жібереді.

      Жұмыссыз жастарға, NEET санатындағы жастарға, сондай-ақ денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарда студенттерге ХЖҚО арқылы инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналасу кезінде басымдық беріледі.

      ХЖҚО қажет болған жағдайда инфрақұрылымдық жобаға жұмысқа орналасу кепілдігімен тиісті жұмыстарды орындау үшін жұмыс беруші мердігердің/қосалқы мердігердің өтінімдері бойынша кадрларды қайта даярлауды қамтамасыз етеді.

      Жалақы төлеу тәртібі және еңбек жағдайлары 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес айқындалады.

      ХЖҚО жолдамасы бойынша жұмысқа орналасқандардың жалақысының мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны ескере отырып, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған екі ең төменгі жалақы мөлшерінен кем емес деңгейде белгіленеді.

      Жұмыс беруші мердігер/қосалқы мердігер ХЖҚО жолдамасы бойынша жұмысқа орналасқан адамдармен еңбек шарттарын жасасады және "Электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі" автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне орналастырады.

      Инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын ауданда (қалада) қажетті еңбек ресурстары болмаған жағдайда, инфрақұрылымдық жобаның іске асырылатын орнын ХЖҚО-ның жазбаша келісуі болған жағдайда басқа елді мекендерден (өңірлерден) тартуға жол беріледі.

      Жұмыс беруші мердігер/қосалқы мердігер инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысу үшін ХЖҚО жолдамасы бойынша басқа елді мекеннен (өңірден) келген адаммен еңбек шартын жасасқан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оған алатын жалақысына қосымша тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған екі ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы материалдық көмек ("көтермеақы") төлейді.

Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мониторингі

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдіктері ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне қарай "Жұмыс орындарын құру мониторингі" интеграцияланған картасы" ақпараттық жүйесі арқылы уәкілетті органға:

      1) инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын жұмыс беруші мердігерлердің саны және атаулары;

      2) жұмыс түрлері мен объектілер бойынша басталған (аяқталған) жобалардың саны, инфрақұрылымдық жобалар бөлінісінде орындалған жұмыстардың көлемі;

      3) құрылған жұмыс орындарының саны және ХЖҚО жолдамасы бойынша жұмысқа орналасқан адамдардың саны, сондай-ақ олардың орташа айлық жалақысының мөлшері туралы мәліметтер қамтылған инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жөніндегі есептерді ұсынады.

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері тоқсан сайын ВАК-қа Жол картасының іске асырылу барысы туралы есеп береді.

      Уәкілетті орган "Жұмыс орындарын құру мониторингі" интеграцияланған картасы" ақпараттық жүйесі арқылы жұмыс орындарын құру және ХЖҚО жолдамалары бойынша адамдардың жұмысқа орналасу фактісі, жұмыс ұзақтығына және орташа жалақы мөлшеріне мониторинг жүргізеді.

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органдар мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауды жүзеге асырады.

      Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мониторингіне "Адалдық алаңы" өңірлік жобалық офистері, қоғамдық бірлестіктер тартылуы мүмкін.

Инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру тәртібі мен шарттары

      Уәкілетті орган Жол картасының бірінші бағытын іске асыру жөніндегі республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып табылады.

      Өңірлер бөлінісінде Жол картасы шеңберінде іс-шараларды қаржыландыру лимиттері бөлу алдындағы тоқсандағы жағдай бойынша статистика жөніндегі уәкілетті органның деректері бойынша жұмыс күшінің санына пропорционал бөлінетін болады.

      Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін ЖАО жобалау-сметалық құжаттамасы, сметалық құжаттамасы, шығыстар сметасы (техникалық құжаттамасы) бар, іске асыруға дайын инфрақұрылымдық жобалардың болуына қарай жеткізілген қаржы лимиттері шеңберінде уәкілетті органға бюджеттік өтінімдер ұсынады.

      ЖАО жеткізілген қаржыландыру лимитіне қарай Жол картасы шеңберінде іске асыру үшін инфрақұрылымдық жобаларды іріктеуді жүзеге асырады.

      ВАК ұсынысының негізінде өңірлер бөлінісінде қаржыландыру лимитін бөлу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен бекітіледі.

      Инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттер және/немесе республикалық және/немесе жергілікті бюджеттердің қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ өңірлерді дамыту мақсатында транштармен шығарылатын ЖАО облигацияларын сатып алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен алынған облигациялық қарыз шеңберінде "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның еншілес ұйымына қаражат бөледі.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның еншілес ұйымы ЖАО-ға облигациялық қарызды мынадай шарттармен береді:

      қарыздың мақсаты – Жол картасы шеңберінде өңірлерді дамыту;

      номиналдық сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 6,1 (алты бүтін оннан бір) пайыз;

      қарыз мерзімі – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен алынған облигациялық қарыздың мерзіміне байланысты 12 (он екі) жылға дейін;

      қарыз бойынша сыйақыны төлеу – жылына 1 (бір) рет;

      негізгі қарызды төлеу – қарыз алушының бастамасы бойынша алдын ала өтеу құқығымен қарыз мерзімінің соңында.

      ЖАО "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның еншілес ұйымының бөлінген қаражатты игеруі және нысаналы пайдалануы туралы есепті ай сайынғы негізде жібереді.

      ЖАО жергілікті бюджет қаражаты есебінен белгіленген мерзімге сәйкес сыйақыны төлеуді және негізгі қарызды қайтаруды қамтамасыз етеді.

      Облигациялық қарыздар бойынша сыйақыны төлеу және негізгі қарызды қайтару төлемдері "Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 2 қазандағы № 1520 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.

      Өңірлерге бөлінген қаржыландыру лимиттерін нақтылау, түзету және қайта бөлу жұмыс күшінің саны есепке алынбай жүзеге асырылады.

      Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде бюджет қаражаты үнемделген жағдайда, ЖАО жұмыс тобында қаралғаннан кейін және ВАК-пен келісу бойынша көрсетілген қаражатты өзге жаңа жобаларға жібереді.

      Алдағы қаржы жылдарына инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жөніндегі жұмыстар жалғасқан кезде қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      Екінші бағыт: отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісін дамыту және жұмыс орындарын құру үшін кәсіпкерлік субъектілерін қолдау

      Жол картасының екінші бағытының операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі (бұдан әрі – оператор) болып табылады.

      Осы бағыт шеңберінде ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді, шағын және орта бизнесті, микрокәсіпкерлікті, оның ішінде отбасылық және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру міндеттерін шешу көзделіп отыр.

      Кәсіпкерлік субъектілерінің қаржыландыруға қол жеткізуін арттырудың негізгі мақсаты отандық тауарларды, қызмет көрсетуді дамыту есебінен жұмыс орындарын құру болып табылады.

      Берілген қаражаттың нысаналы мақсаты – инвестициялау, айналым қаражатын толықтыру мақсаттарына кредит беру. Жаңартылатын негізде айналым қаражатын толықтыруға жол беріледі.

Инвестициялау, айналым қаражатын толықтыру мақсаттарына кредит беру тәртібі

      Инвестициялау, айналым қаражатын толықтыру мақсаттарына кредит беру Жол картасын іске асыруға көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады.

      Мақсаты негізгі құралдарды сатып алу, кеңейту, жаңғырту, оның ішінде жабдықты сатып алу, өндіріс және/немесе қызмет көрсету үшін жағдайлар жасау болып табылады.

      Жол картасы аясында қолдау алуға үміткерлер:

      1) шағын және (немесе) орта кәсіпкерлік субъектілері, кәсіпкерліктің жекелеген субъектілері, жеке кәсіпкерлік субъектілері;

      2) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері болып табылады.

      Инвестициялау мақсатына, айналым қаражатын толықтыруға кредит алу үшін міндетті шарт Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында тіркелу болып табылады.

      Инвестициялау, айналым қаражатын толықтыру мақсаттарына кредит жаңа жұмыс орындарын құру шартымен жүзеге асырылады.

      Кредит аумақтарды дамыту бағдарламаларында белгіленген басымдықтарға сәйкес инвестициялау мақсаттарына басым тәртіппен беріледі.

      Кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру бойынша міндеттерді шешу үшін ЖАО кредиттеу бойынша өңірлік ұйым ретінде "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ-ны (бұдан әрі – "АШҚҚҚ" АҚ), "Аграрлық кредиттік корпорация" АҚ-ны (бұдан әрі "АКК" АҚ) айқындайды.

      Кредит беру мақсатында ЖАО бюджеттік кредитті мынадай шарттармен береді:

      1) қайтарымдылық, мерзімділік және ақылылық қағидаттарында 0,01 (нөл бүтін жүзден бір) пайыз жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 10 (он) жылға;

      2) бюджеттік кредиттің нысаналы мақсаты – инвестициялау, айналым қаражатын толықтыру мақсаттарына кредит беру;

      3) негізгі қарызды өтеу бойынша жеңілдікті кезең бюджеттік кредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды;

      4) бюджеттік кредитті игеру кезеңі алты айды құрайды және ЖАО бюджеттік кредитті аударған кезден бастап есептеледі.

      Инвестициялауға, айналым қаражатын толықтыруға кредит беру мақсатында ЖАО "АШҚҚҚ" АҚ-ға/"АКК" АҚ-ға мынадай шарттарда бюджеттік кредит береді:

      1) қайтарымдылық, мерзімділік және ақылылық қағидаттарында 0,01 (нөл бүтін жүзден бір) пайыз жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 10 (он) жылға;

      2) бюджеттік кредиттің нысаналы мақсаты – инвестициялау мақсатына кредит беру, айналым қаражатын толықтыру;

      3) бюджеттік кредитті игеру кезеңі 12 (он екі) айды құрайды және ЖАО бюджеттік кредитті "АШҚҚҚ" АҚ-ға/"АКК"АҚ-ға аударған кезден бастап есептеледі.

      Бюджеттік кредитті кредиттерге, қарыздарға немесе шарттық лизингтерге қызмет көрсету бойынша ағымдағы төлемдер бойынша есеп жүргізу мақсаттарына жұмсауға жол берілмейді.

      Бюджеттік кредит тұтынушылық мақсаттарға, акцизделетін өнімдерді өндіруге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін (нысаналы мақсаты кәсіпкерлік қызметпен байланысы жоқ), осындай жер учаскелерінің/жылжымайтын тұрғын үйдің нысаналы мақсаты кредит беру туралы шарт жасалған күннен бастап бір жыл ішінде бизнес мақсатқа өзгеретін жағдайларды қоспағанда, сатып алуға берілмейді.

      "АШҚҚҚ" АҚ/"АКК" АҚ қатысуы туралы, сондай-ақ бөлінетін сома туралы шешім облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдіктерінің қаулысымен қабылданады. ЖАО "АШҚҚҚ" АҚ / "АКК" АҚ кредиттік келісімдері бойынша бюджеттік кредит қаражатын береді.

Түпкілікті қарыз алушыларға кредит беру тәртібі мен тетігі

      "АШҚҚҚ" АҚ/"АКК" АҚ арқылы түпкілікті қарыз алушыға инвестициялауға және айналым қаражатын толтыруға кредит беру шарттары:

      1) кредит мерзімі – 10 (он) жылға дейін, айналым қаражатын толтыруға кредиттің мерзімі – 5 (бес) жылға дейін;

      2) кредиттің ең көп сомасы – 70 (жетпіс) мың айлық есептік көрсеткішке (бұдан әрі – АЕК) дейін;

      3) номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 6 % (алты) пайыздан аспайды;

      4) нысаналы мақсаты – инвестициялау, айналым қаражатын толтыру;

      5) негізгі қарызды және сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең кредитордың шешімі бойынша ішкі нормативтік құжаттамаға сәйкес ұзақтығы бюджеттік кредит мерзімінің үштен бірінен аспайтын мерзімге беріледі;

      6) "АШҚҚҚ" АҚ/"АКК" АҚ және қарыз алушы арасындағы кредит беру туралы шарттарда жаңа жұмыс орындарын құру және жұмыс орындарын кеңейту бойынша шарт міндетті түрде көрсетіледі.

      "АШҚҚҚ" АҚ/"АКК" АҚ ұсынылған құжаттар тізбесі негізінде бизнес жобаға бағалау жүргізеді, содан кейін кредит беру мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы шешім қабылдайды.

      "АШҚҚҚ" АҚ/"АКК" АҚ түпкілікті қарыз алушыға кредит беру туралы шешімді өздігінен қабылдайды.

      "АШҚҚҚ" АҚ/"АКК" АҚ кредит беру туралы оң шешім қабылданғаннан кейін түпкілікті қарыз алушымен Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес кредит беру туралы шарт жасасады.

      Кредиттің шарттары, қарыз алушының кредитті қамтамасыз ету тәсілдері, қарыз алушылардың санаты, қарыздардың мерзімдері мен сомалары кредитордың шешімімен белгіленеді және кредит шартында көрсетіледі.

      Бекітілген мерзім аяқталғанға дейін кредиттік қаражатты игермеген жағдайда, "АШҚҚҚ" АҚ/"АКК" АҚ оны тиісті бюджетке қайтаруды қамтамасыз етеді.

Кредиттік қаражатты пайдалану бойынша есептілікті ұсыну және мониторинг жүргізу тәртібі

      Түпкілікті қарыз алушы растайтын құжаттарды/мәліметтерді қоса бере отырып, кредит алған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күн ішінде "АШҚҚҚ" АҚ-ға/"АКК" АҚ-ға кредиттердің нысаналы пайдаланылуын растайды. Жаңа жұмыс орнын құру кредит алған күннен бастап 24 (жиырма төрт) ай ішінде жасалған еңбек шартымен расталады. Еңбек шартын бұзған жағдайда босатылған жұмыс орнына өзге жұмыскер жұмысқа орналастырылуы қажет, бұл да тиісті шартпен (уақытша (маусымдық) жұмыс орнын қоспағанда) расталады.

      Егер түпкілікті қарыз алушы жоғарыда көрсетілген мерзім ішінде мақсатты пайдалануды және жұмыс орындарын құруды растамаған жағдайда, түпкілікті қарыз алушы мен "АШҚҚҚ" АҚ / "АКК" АҚ арасындағы шартта көрсетілген мөлшерде айыппұл төлейді және алынған қаражатты толық көлемде кредиторға қайтарады.

      "АШҚҚҚ" АҚ / "АКК" АҚ ішкі құжаттарына және түпкілікті қарыз алушылармен жасалған шарттың талаптарына сәйкес кредиттің нысаналы пайдаланылуы толық расталғанға дейін қаржыландырылған инвестициялық жобалар қаражатының нысаналы пайдаланылуына, сондай-ақ түпкілікті қарыз алушылардың Жол картасының шарттарын орындауына мониторинг жүргізеді.

      "АШҚҚҚ" АҚ / "АКК" АҚ есепті айдан кейінгі айдың 10 (он) күніне дейін берілген кредиттер бойынша, сондай-ақ есепті кезеңнен кейінгі айдың

      15 (он бес) күніне дейінгі мерзімде ЖАО-ға кредиттердің нысаналы пайдалануы жөніндегі есеп береді.

      ЖАО берілген кредиттер бойынша есепті айдан кейінгі айдың 15 (он бес) күніне дейін, сондай-ақ есепті кезеңнен кейінгі айдың 20 (жиырма) күніне дейінгі мерзімде Жол картасы екінші бағытының операторына және уәкілетті органға кредиттердің нысаналы пайдаланылуы жөніндегі есеп береді.

      ЖАО жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 10 наурызына дейін

      (2-жартыжылдыққа) және 10 қыркүйегіне дейін (1-жартыжылдыққа) кредит беру жөніндегі ұйымдардың қаражатты уақтылы игеруіне және Жол картасы талаптарының сақталуына (тиісті есептілік негізінде), сондай-ақ жұмыс орындарын құруға (ҚР Қаржымині Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері негізінде) мониторингті жүзеге асырады.

      __________________

  Қазақстан Республикасы
Премьер-министрінің
2021 жылғы 9 ақпандағы
№ 24-ө өкіміне
қосымша
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2020 жылғы 27 наурыздағы
№ 55-ө өкімімен
бекітілген

Жұмыспен қамтудың 2020 -2021 жылдарға арналған жол картасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары

Р/с № Іс-шараның атауы Аяқталу нысаны Орындауға (іске асыруға) жауаптылар Орындау мерзімі Болжамды шығыстар, мың теңге Қаржыландыру көздері Күтілетін нәтиже
1 2 3 4 5 6 7 8
Жол картасын іске асыру тетігі

1

Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөнінде ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – ВАК) құру, оның міндеттері мен функцияларын айқындау

Премьер-Министрдің өкімі

Еңбекмині

2020 жылғы наурыз

талап етілмейді

талап етілмейді

Жол картасының іске асырылуын орталық деңгейде үйлестіру және мониторингтеу

2

Инфрақұрылымдық жобаларды іріктеу жөніндегі жұмыс тобын құру

Еңбекмині бұйрығы

Еңбекмині

2021 жылғы қаңтар

талап етілмейді

талап етілмейді

Жол картасының іске асырылуын орталық деңгейде үйлестіру және мониторингтеу

3

Жергілікті атқарушы органдар жанынан Жол картасының іске асырылуын үйлестіру және мониторингтеу жөніндегі комиссияларды құру

Өңірлер әкімдерінің өкімдері

ЖАО

2020 жылғы сәуір

талап етілмейді

талап етілмейді

Жол картасының іске асырылуын жергілікті деңгейде үйлестіру және мониторингтеу

4

Жол картасын іске асыру бойынша өңірлік үйлестірушігі анықтау

Еңбекминіне ақпарат

ЖАО

2020 жылғы қаңтар

талап етілмейді

талап етілмейді

Жол картасынының іске асырылуын өңірлік деңгейде үйлестіру және мониторингтеу

5

Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары бөлінісінде Жол картасының іс-шараларын іске асыруды қаржыландыру лимиттерін келісу

ВАК шешімі

Еңбекмині, ҰЭМ, Қаржымині

2020 жылғы наурыз 2021 жылғы қаңтар

талап етілмейді

талап етілмейді

өңірлер арасында қаржыландыру лимитін келісу

6

Өңірлік деңгейде инфрақұрылымдық жобалардың өңірлік тізбесін қалыптастыру және бекіту

жобалар тізбесі

ЖАО

2020 жылғы желтоқсан

талап етілмейді

талап етілмейді

халықты жұмыспен қамту үшін жобаларды іріктеу

7

Инфрақұрылымдық жобалардың жиынтық тізбесін жұмыс тобында қарау

жобалар тізбесі

Еңбекмині, жұмыс тобының мүшелері, ЖАО

2020 жылғы желтоқсан, 2021 жыл бойы

талап етілмейді

талап етілмейді

халықты жұмыспен қамту үшін жобаларды іріктеу

8

Инфрақұрылымдық жобалардың жиынтық тізбесін ВАК-тың бекітуіне енгізу

бекітілген тізбе

Еңбекмині

жыл бойы

талап етілмейді

талап етілмейді

инфрақұрылымдық жобалардың бекітілген тізбесі

9

Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібін айқындау

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы

Қаржымині, ҰЭМ

2020 жылғы наурыз-сәуір

талап етілмейді

талап етілмейді

тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді кемінде 90% көлемінде отандық өндірушілерден сатып алу рәсімдерін жеңілдету және сатып алу талаптарын сақтау

10

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын көрсетіп, өңірлер бөлінісінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің республикалық кешенді жоспарын қалыптастыру

ВАК-қа ақпарат

Еңбекмині, ЖАО

2020 жылғы сәуір

талап етілмейді

талап етілмейді

жұмысқа орналастыруға және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына мұқтаж азаматтардың санын анықтау

11

Жол картасы шеңберінде іске асыру үшін инфрақұрылымдық жобаларды іріктеу

жобалардың тізбесі

ЖАО

жыл бойы

талап етілмейді

талап етілмейді

халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін жобаларды іріктеу

12

Жол картасы шеңберінде іске асыру үшін жұмыстар түрлері және объектілер бойынша инфрақұрылымдық жобаларды мүдделі орталық мемлекеттік органдармен келісу

орталық мемлекеттік органдардың қорытындысы

ҰЭМ, ИИДМ, ЭГТРМ, ЭМ, АШМ, БҒМ, МСМ, ДСМ, АДҚМ, Еңбекмині

ұсынылуына қарай

талап етілмейді

талап етілмейді

жұмыстар түрлері және объектілер бойынша инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін айқындау

13

Құрылатын жұмыс орындарының саны және жалақы деңгейі, сондай-ақ жұмыспен қамтамасыз етудің ұзақтығы бойынша инфрақұрылымдық жобаларды халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен келісу

халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның қорытындысы

Еңбекмині

2020 жылғы сәуір

талап етілмейді

талап етілмейді

халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін айқындау

14

Инфрақұрылымдық жобалардың жиынтық тізбесін ВАК-тың бекітуіне енгізу

бекітілген тізбе

Еңбекмині

2020 жылғы сәуір

талап етілмейді

талап етілмейді

инфрақұрылымдық жобалардың бекітілген тізбесі

15

Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін еңбек ресурстарына қажеттілікті айқындау

жұмыс күшіне қажеттілікті талдау

Еңбекмині, ЖАО

2020 жылғы сәуір

талап етілмейді

талап етілмейді

жобаны іске асыру үшін қажетті жұмыс күшінің саны туралы ақпарат

16

Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын шығару шарттарын айқындау

ЖАО қаулысы

ЖАО, Әділетмині

2020 жылғы сәуір-желтоқсан

талап етілмейді

талап етілмейді

саудаға рұқсат беру шарттары бар қаулы

17

Жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуге мұқтаж жұмыссыз азаматтардың және жұмыстан босатылатын адамдардың тізімін қалыптастыру

жұмысқа орналастыруға мұқтаж адамдардың тізімдері

Еңбекмині, ЖАО

2020 жылғы сәуір, жыл бойы

талап етілмейді

талап етілмейді

жұмысқа орналастыруға мұқтаж адамдардың санын айқындау

18

Отандық кәсіпкерлерді қолдау үшін тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге қажеттілікті айқындау

қажеттілік туралы ақпарат

ҰЭМ, ЖАО

2020 жылғы сәуір, жыл бойы

талап етілмейді

талап етілмейді

қажеттілікті айқындау

19

Бекітілген жалпы лимиттер шеңберінде Жол картасының бағыттары бойынша қаражатты түзету және қайта бөлу бойынша ұсыныстар әзірлеу

ВАК-қа ұсыныс

ЖАО

жыл бойы

талап етілмейді

талап етілмейді

бөлінген бюджет қаражатын тиімді пайдалану және толық игеру

20

Жол картасының іске асырылу барысын мониторингтеу және өңірлер әкімдерін тыңдау

ВАК хаттамасы

ВАК

жыл бойы

талап етілмейді

талап етілмейді

Жол картасының іске асырылуын мониторингтеу

21

"Жұмыс орындарының құрылуын мониторингтеу" интеграцияланған картасы" ААЖ-ға мәліметтерді толтыру

Еңбекминіне ақпарат

ЖАО

ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне дейін

талап етілмейді

талап етілмейді

Жол картасының іске асырылуын мониторингтеу

22

Жол картасын іске асыру жөнінде есептер беру

ВАК-қа ақпарат

Еңбекмині, ЖАО

ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 25-күніне дейін

талап етілмейді

талап етілмейді

Жол картасының іске асырылуын мониторингтеу

23

Кредиттік шарт жасау

кредиттік шарт

ҰЭМ, Қаржымині, ЖАО

2021 жылғы наурыз-сәуір

талап етілмейді

талап етілмейді

бюджеттік кредит қаражатын ЖАО-ға жеткізу

24

Кредиттеу жөніндегі өңірлік ұйым ретінде " АШҚҚҚ" АҚ/ "АКК" АҚ айқындау

өңір әкімінің қаулысы

ЖАО

2021 жылғы наурыз-мамыр

талап етілмейді

талап етілмейді

кредит беруді ұйымдастыру

25

Өңірлік кредиттеу ұйымымен кредиттік келісім жасасу

кредиттік келісім

ЖАО, "АШҚҚҚ" АҚ, "АКК" АҚ

2021 жылғы сәуір-мамыр

талап етілмейді

талап етілмейді

кредит беруді ұйымдастыру

26

Отандық тауарлар, көрсетілетен қызметтер өндірісін дамыту және жұмыс орындарын құру үшін кәсіпкерлік субъектілерін қолдау

екінші бағыттың операторына ақпарат

ЖАО, "АШҚҚҚ" АҚ, "АКК" АҚ

жыл бойы, ай сайын

талап етілмейді

талап етілмейді

түпкілікті қарыз алушыларға кредит беруге мониторинг

27

Республикалық және жергілікті деңгейде Жол картасының іске асырылуын ақпараттық қолдау жөніндегі медиа-жоспар әзірлеу

медиа-жоспар

Еңбекмині, АҚДМ, ЖАО

медиа-жоспар графигіне сәйкес

талап етілмейді

талап етілмейді

ақпараттық ілгерілету және халық үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету

28

Жол картасының іске асырылу барысы туралы есептерді жариялау

электрондық және баспа БАҚ-тардағы мақалалар, сөз сөйлеулер, ақпарат

Еңбекмині, ЖАО

ай сайын

талап етілмейді

талап етілмейді

ақпараттық ілгерілету және халық үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету

      Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:

      АҚДМ – Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі

      АШМ – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі

      БҒМ – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

      ДСМ – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі

      Еңбекмині – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

      ЖАО – жергілікті атқарушы органдар

      ИИДМ – Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

      Қаржымині – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі

      МСМ – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі

      ҰЭМ – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі

      ЭМ – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі

      ЭГТРМ – Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі

      "АШҚҚҚ" АҚ – "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" акционерлік қоғамы

      "АКК" АҚ – "Аграрлық кредиттік корпорациясы" акционерлік қоғамы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады