"Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 4) тармақшасына сәйкес:
1. Ғылыми зерттеулер жөніндегі қорғаныстық ғылыми-техникалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған:
1) Комиссия туралы ереже;
2) Комиссия құрамы бекітілсін.
Премьер-Министр | Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң 2022 жылғы 27 желтоқсандағы № 204-ө өкiмiмен бекітілген |
Ғылыми зерттеулер жөніндегі қорғаныстық ғылыми-техникалық комиссия туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Ғылыми зерттеулер жөніндегі қорғаныстық ғылыми-техникалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Комиссия қызметінің мақсаты сараптамалық кеңестер берген ғылыми зерттеулер бойынша қорытындылар негізінде мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс жобасына енгізу үшін ғылыми зерттеулерді таңдау болып табылады.
3. Комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
5. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.
2. Негізгі міндеттер
6. Қойылған мақсат шеңберінде Комиссияға мынадай міндеттер жүктеледі:
1) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде қорғаныс өнеркәсібінің ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметін дамытуға бағытталған стратегиялық міндеттер мен басымдықтарды қалыптастыру;
2) мамандандырылған ғылыми бағыттарды қарау және мақұлдау;
3) ғылыми зерттеулерді республикалық бюджеттен қаржыландыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
4) орындалған ғылыми зерттеулер бойынша есептерді қарау.
3. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру және тәртібі
7. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрылуы, қызметі және таратылуы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң 2022 жылғы 27 желтоқсандағы № 204-ө өкiмiмен бекітілген |
Ғылыми зерттеулер жөніндегі қорғаныстық ғылыми-техникалық комиссияның құрамы
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, төраға
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі, төрағаның орынбасары
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қорғаныс өнеркәсібі кешені департаменті экономика, қорғаныстық ғылыми зерттеулер және әскери өнеркәсіпті стандарттау басқармасының басшысы, хатшы
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің орынбасары
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің орынбасары
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары (келісу бойынша)
"Қазақстан инжиниринг" ("Kazakhstan Engineering") ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісу бойынша)
"Қазақстан ГАЖ орталығы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісу бойынша)
"Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы" акционерлік қоғамының президенті (келісу бойынша)
"Әскери ғылым академиясы" республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті (келісу бойынша)