Инвестициялық қызмет жөніндегі ұлттық орталықтың кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2024 жылғы 28 маусымдағы № 92-ө Өкімі.

      "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 19-бабы 1-тармағының 9) тармақшасына сәйкес және инвестициялық қызметтің ұйымдық құрылымын жақсарту мақсатында:

      1. Инвестициялық қызмет жөніндегі ұлттық орталық (бұдан әрі – Ұлттық орталық) құрылсын.

      2. Ұлттық орталық өз қызметін Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының Индустриялық және инфрақұрылымдық даму бөлімінің құрылымы базасында жүзеге асырады.

      3. Қоса беріліп отырған Ұлттық орталық туралы ереже бекітілсін.

      4. Осы өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына жүктелсін.

      Премьер-Министр О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2024 жылғы 28 маусым
№ 82-ө өкімімен
бекітілген

Инвестициялық қызмет жөніндегі ұлттық орталық туралы

ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Инвестициялық қызмет жөніндегі ұлттық орталық туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) Инвестициялық қызмет жөніндегі ұлттық орталықтың (бұдан әрі – ИҚҰО) міндеттерін, функционалдық қызметін және ұйымдық құрылымын айқындайды.

      2. ИҚҰО инвестициялық қызметтің ұйымдық құрылымын жақсарту мақсатында құрылады.

      3. ИҚҰО өз қызметін Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. ИҚҰО мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың өзге құрылымдық бөлімшелерін, оның ішінде Инвестициялар тарту кеңесінің хатшылығын, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетін, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Инвестициялық саясат департаментін, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Жобалық басқару саясаты департаментін, Президенттік жобалық офисті (Delivery unit – стратегиялық және инвестициялық жобалар блогы), "Kazakh Invest" ҰК" акционерлік қоғамын, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың өңірлік үйлестіру кеңестерін тарта отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының құрылымдық бөлімшесінің базасында матрицалық құрылым форматында құрылады.

      5. Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының Индустриялық және инфрақұрылымдық даму бөлімінің меңгерушісі ИҚҰО басшысы болып табылады.

      6. Үкімет Аппаратының Индустриялық және инфрақұрылымдық даму бөлімі меңгерушісінің Инвестициялар тарту жөніндегі кеңес хатшылығының қызметіне жетекшілік ететін орынбасары ИҚҰО басшысының орынбасары болып табылады.

2-тарау. Офистің міндеттері мен функциялары

      7. ИҚҰО міндеттері:

      1) Инвестициялар тарту кеңесі хатшылығының қызметін ұйымдастыру;

      2) бәсекеге қабілетті инвестициялық ахуалды құру үшін реттеушілік саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар тұжырымдау;

      3) Үкімет басшылығының тапсырмасы бойынша инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және олардың іске асырылуын мониторингтеу;

      4) мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және олардың іске асырылуын мониторингтеу кезінде салааралық үйлестіру;

      5) инвесторларға мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бизнес-процестерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар тұжырымдау.

      8. ИҚҰО функциялары:

      1) ИҚҰО құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың қызметін үйлестіру;

      2) ИҚҰО құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ақпараттық және сараптамалық-талдамалық қолдауды жүзеге асыру;

      3) Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімін талап ететін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгізу;

      4) мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдар қызметкерлерінің бизнес және сараптамалық қоғамдастық өкілдерімен өзара іс-қимылын басқару;

      5) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің және оның орынбасарларының ИҚҰО құзыретіне кіретін мәселелер бойынша іс-шараларда сөз сөйлеуі үшін материалдар дайындау;

      6) Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының құрылымдық бөлімшелерін, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдарды тарта отырып, жоспарлы және жедел кеңестер өткізу;

      7) Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың ИҚҰО құзыретіне кіретін кеңестеріне қатысу;

      8) Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне ИҚҰО міндеттері мен функциялары, сондай-ақ оның қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу.

      9. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары ИҚҰО қызметіне жалпы басшылықты, оның ішінде:

      1) ИҚҰО қызметінің басым бағыттарын айқындауды;

      2) ИҚҰО басшысының ИҚҰО-ның жұмыс барысы туралы есебін тыңдауды;

      3) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ИҚҰО-ға тапсырмалар беруді жүзеге асырады.

      10. ИҚҰО басшысы:

      1) ИҚҰО жұмысын ұйымдастырады;

      2) ИҚҰО жұмысына мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың өкілдерін тартады;

      3) ИҚҰО-ға жіберілген жұмыскерлердің міндеттері мен функционалдық міндеттерін айқындайды, сондай-ақ қажет болған жағдайда мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың басшыларына жұмыскерлерді ауыстыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      4) мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдар басшыларының атына ИҚҰО-ға жіберілген жұмыскерлерді көтермелеу немесе жазалау туралы ұсыныстар енгізеді;

      5) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасарын ИҚҰО жұмысының нәтижелері туралы тоқсанына бір реттен сиретпей хабардар етіп тұрады;

      6) ИҚҰО міндеттері мен функцияларын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың жұмыскерлері қатарынан құралатын ИҚҰО жұмыс топтарын қалыптастырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады