Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Регламентіне толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2015 жылғы 13 ақпандағы № 1 нормативтік қаулысы

      «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 9-бабының 2-тармағына және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2002 жылғы 19 сәуірдегі № 1 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Регламентінің 34-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:
      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2002 жылғы 19 сәуірдегі № 1 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Регламенті (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Жаршысы, 2002 жыл, № 5-басылым; «Юридическая газета» 2002 жылғы 15 мамырдағы № 19; Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Жаршысы, 2006 жыл, № 9-басылым; «Юридическая газета» 2009 жылғы 18 ақпандағы № 25) мынадай мазмұндағы 4-тараумен толықтырылсын:
      «4-тарау. Конституциялық Кеңестің халықаралық ынтымақтастығы және ұйымдастырылуы мен қызметінің өзге де мәселелері
      35. Конституциялық Кеңес заңнамада белгіленген тәртіппен халықаралық және өңірлік құқық қорғаушы ұйымдармен, шет елдердің конституциялық бақылау органдарымен, заңгерлік құрылымдарымен, ғылыми-зерттеу мекемелерімен және заңгер-ғалымдарымен ынтымақтасады. Өзара іс-әрекеттің нысанасы мен тетіктерін айқындау үшін ынтымақтастық туралы келісімдер (меморандумдар) жасалуы мүмкін.
      36. Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелері, сондай-ақ аппарат қызметкерлері Қазақстан Республикасының Конституциясын және қазіргі заманғы конституционализмнің принциптерін насихаттау, олардың қағидаларын қолданыстағы заңнамада іске асыру мақсатында конференцияларға, дөңгелек үстелдерге, кеңесулерге, өзге де іс-шараларға, солардың ішінде халықаралық сипаттағысына да қатысады.
      37. Конституциялық Кеңестің мүшелері және аппарат қызметкерлері Республика Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларының, сондай-ақ Мемлекет басшысының құқықтық даму, заңдылық пен құқық тәртібін нығайту мәселелері бойынша өзге де бағдарламалық құжаттарының негізгі қағидаларын түсіндіруге арналған іс-шараларға қатысуға хақылы.
      38. Конституциялық Кеңестің қызметкерлерін мемлекеттік, ведомстволық және өзге де наградалармен наградтау қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Наградтау туралы ұсынымдарды Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелері, сондай-ақ Аппарат басшысы енгізеді. Наградтау үшін ұсынылатын кандидатуралар Конституциялық Кеңестің және Конституциялық Кеңестің мемлекеттік, ведомстволық және өзге де наградалар жөніндегі комиссиясының отырысында алдын-ала қаралуы мүмкін.».
      2. Нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесінің
      Төрағасы                                    И. Рогов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады