"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 610-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының және 2-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 22 ақпандағы № 3 нормативтік қаулысы.

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫң АТЫНАН

           "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 610-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының және 2-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты төрағалық етуші – Төрағаның орынбасары Б.М. Нұрмұханов, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі Е.Н. Досмагамбетовтің өкілі – адвокат Н.К. Жолболовтың;

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Б.С. Орынбековтің,

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі – Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Е.Е. Біржановтың;

      Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің өкілі – вице-министр А.К. Әмриннің;

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр Б.Ш. Жақселекованың;

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың;

      Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі – Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық басшысының орынбасары А.С. Умаровтың;

      Каспий университетінің Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының өкілі – аға ғылыми қызметкер Е.Б. Осиповтің,

      Қазақстан Республикасы Салық консультанттары палатасының өкілі – атқарушы директор А.Г. Хорунжийдың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында азамат Ержан Нуржанович Досмагамбетовтің "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 610-бабы 1-тармағының 1) тармақшасын және 2-тармағын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігіне тексеру туралы өтінішін қарады.

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы-баяндамашы А.Қ. Қыдырбаеваның хабарламасын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, халықаралық тәжірибені және жекелеген шет елдердің заңнамасын талдай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына Е.Н. Досмагамбетовтің "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 610-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының және 2-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы өтініші келіп түсті.

      Атырау облыстық сотының 2018 жылғы 15 мамырдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Атырау қалалық сотының 2018 жылғы 28 ақпандағы шешімімен Е.Н. Досмагамбетовтен мемлекет кірісіне 129 639 381 теңге сомасында залал, 3 889 182 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж өндіріліп алынған.

      Өтініш субъектісі өзінен бірінші сатыдағы соттың 3 889 182 теңге мөлшерінде мемлекеттік бажды өндіріп алуы кассациялық тәртіппен өтінішхат берген кезде оған осы соманың 50% мөлшерінде мемлекеттік баж төлеу міндетін жүктейтінін, бұл 1 944 590 теңгені құрайтынын көрсетеді. Материалдық қиын жағдайы оған мұндай соманы төлеуге мүмкіндік бермейді. Қаражаттың болмауы өзін сот арқылы қорғалу құқығынан айырып отыр деп, табысы аз азаматтардың Республика соттарында өздерінің конституциялық құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі болуға тиіс деп есептейді.

      Е.Н. Досмагамбетовтің пікірінше, жинақтай келгенде мемлекеттік баждың ақылға қонымды жоғарғы шегін айқындайтын не оны төлеуден босатуды, төлеуді кейінге қалдыруды, бөліп төлеуді көздейтін нормалардың болмауынан сотқа мүліктік сипаттағы талап арыздар және сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаттар бергені үшін мемлекеттік баждың проценттік мөлшерлемелерін белгілеу шын мәнінде сот төрелігіне қолжетімділікті шектейді.

      Е.Н. Досмагамбетов Салық кодексінің дау айтылып отырған ережелерін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп тануды сұрайды.

      Конституциялық Сот Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының және 2-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қараған кезде мыналарды негізге алды.

      1. Конституцияның 1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

      Бұл мемлекет адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жариялап қана қоймайды, сонымен қатар барлық қажетті жағдайларды жасай отырып, олардың қамтамасыз етілуіне кепілдік береді дегенді білдіреді.

      Конституцияның 13-бабының 2-тармағында бекітілген сот арқылы қорғалу құқығы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына негізгі кепілдік болып табылады. Аталған құқық абсолютті және айыруға болмайтын құқық болып табылады және ешбір жағдайда да шектелуге жатпайды (Ата Заңның 39-бабының 3-тармағы).

      Конституцияның 14-бабына сәйкес заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.

      Осы ережелер жалпыға танылған халықаралық актілердің ережелерімен үйлеседі.

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылы 10 желтоқсанда 217 А (III) қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 7-бабында "заң алдында жұрттың бәрі тең және де заң арқылы алаланбай, бірдей тең қорғалуға құқылы. Барлық адам осы Декларацияның ережелерін бұзатын кемсітуден және кемсітуге арандатушылықтың барлық түрінен тең қорғалуға құқылы" делінген.

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1966 жылы 16 желтоқсанда 2200А (ХХI) қабылданған және 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде әрбір адамның сот арқылы қорғалу, заң негізінде құрылған құзыретті, тәуелсіз және әділ сот арқылы өз ісінің әділетті және жария талқылану құқығына мемлекеттердің кепілдіктер беруін белгілеуге және сот алдына жұрттың бәрі тең дегенге бағытталған нормалар бар. Сонымен қатар, онда: "Барлық адамдар заң алдында тең және қандай да болсын кемсiтуге ұшырамай, заңмен тең қорғалуға құқылы. Бұл орайда кемсiтудiң қандай түрiне болса да, заң тұрғысынан тыйым салынады және заңда барлық адамдар, қандай да бір белгiсiне, нәсiлiне, түр-түсiне, жынысына, тіліне, дiнiне, саяси немесе басқа да наным-сенімдерiне, ұлттық немесе әлеуметтiк тегiне, мүлiктiк жағдайына, туу немесе басқа жағдаяттарына қарамастан кемсiтуден тең және тиiмдi түрде қорғалатынына кепiлдiк берiлуi тиiс." деп бекітілген (2-баптың 3-тармағы, 14-баптың 1-тармағы және 26-бап).

      Конституцияның 13 және 14-баптарында жазылған нормалардың мазмұны бірнеше рет ресми түсіндірудің нысанасы болды. Мәселен, Конституциялық Кеңес "әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар" деген конституциялық қағидат кез келген адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру үшін сотқа жүгінуге құқығы бар екенін білдіреді. Бұл құқықты іске асыру заңда белгіленген негізде және тәртіппен жүзеге асырылады. Заң мен сот алдында жұрттың бәрiнiң теңдiгi адамның құқықтары мен мiндеттерiнiң теңдiгiн, осы құқықтарды мемлекеттiң тең қорғайтынын және адамдардың заң алдындағы тең жауапкершiлiгiн бiлдiредi деп түсіндірген (1999 жылғы 29 наурыздағы №7/2, 2003 жылғы 26 маусымдағы № 9 және басқа да нормативтік қаулылар).

      Келтірілген қағидаттар "Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында ілгерілеуге және іске асырылуға жол тапты, атап айтқанда, 1-баптың 2-тармағында:

      - әркiмге мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды және өзге де адамдардың Республиканың Конституциясында және заңдарында көзделген құқықтарға, бостандықтар мен заңды мүдделерге нұқсан келтiретiн немесе оларды шектейтiн кез келген заңсыз шешiмдерi мен iс-қимылдарынан сот арқылы қорғалуға кепiлдiк берiледi;

      - ешкiмдi де оның iсiн заңның барлық талаптары мен әдiлеттiлiктi сақтай отырып құзыреттi, тәуелсiз және алаламайтын соттың қарау құқығынан айыруға болмайды деп көзделген.

      Сот төрелігіне қолжетімділік – құқықтық мемлекеттің адамға қандай да бір негізделмеген кедергілерсіз сотқа өтініш берудің нақты мүмкіндігіне кепілдік беретін іргелі қағидаты сот арқылы қорғалу құқығының маңызды элементі болып табылады.

      Осылайша, Конституцияда басқа да құқықтармен және бостандықтармен қатар, әркімнің сот арқылы қорғалу, заң мен сот алдында бәрінің тең болу және кез келген мән-жайлар, оның ішінде мүліктік жағдай бойынша кемсітуге жол бермеу құқығын жүзеге асыру тетіктері мен кепілдіктерінің негізгі мазмұны және қабылданатын және қолданыстағы заңдардың оларды қамтамасыз етуге бағытталуы күні бұрын белгіленген. Тиісінше, сот қызметі аясында белгіленетін міндетті төлемдер азаматтарды мүліктік жағдайына байланысты кемсіту құралы болмауға, белгіленген конституциялық құқықтарға нұқсан келтірмеуге, оларды іске асыруға кедергі келтірмеуге және сот төрелігіне қолжетімділікті шектемеуге тиіс.

      2. Салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі конституциялық міндет пен борыш жалпыға бірдей сипатқа ие және Конституцияның 35-бабында бекітілген.

      Мемлекеттік баж – заңдық мәні бар әрекеттерді жасағаны үшін, оның ішінде сотқа өтініш берген кезде алынатын, бюджетке төленетін төлем (Салық кодексінің 607-бабының 1-тармағы).

      Әркімнің сот арқылы қорғалу құқығын іске асыру кезінде мемлекеттік баж мөлшерін айқындау мәселелерін және оны төлеу тәртібін заңнамалық реттеу аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтық құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттемелері мен жауапкершілігіне, салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге, сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелеріне қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға уәкілеттік берілген Парламенттің құзыретіне кіреді (Конституцияның 54-бабы 1-тармағының 2) тармақшасы, 61-бабы 3-тармағының 1), 4) және 6) тармақшалары).

      Соттардағы мемлекеттік баж бюджетке төленетін міндетті төлем болып табылады, бірақ бұл ретте орындалатын жұмыс, көрсетілетін қызмет, ұсынылатын мүлік үшін төлем болып табылмайды және мөлшері бойынша заңдық мәні бар әрекеттер құнына сәйкес келуге міндетті емес.

      Мемлекеттік баж мөлшерлемелерін белгілеу кезінде оны есептеу базасына проценттік арақатынаста, әдетте, төлеуші үшінші тұлғалардан мемлекеттің көмегімен талап етіп алдыратын мүліктік игіліктер мен құқықтардың құны қолданылады. Бұл ретте талап етіп алдыратынның құны төлеушінің өзінің мүліктік жағдайын, оның мемлекеттік бажды төлеуге нақты мүмкіндігін сипаттамайды.

      Мемлекеттік баж мөлшерлемелері есептеу базасының процентінде көрсетілген кейбір мемлекеттердің заңнамасында, әдетте, олар жоғарғы шекте шектеледі. Мұндай тәсіл әркімнің сот арқылы қорғалу құқығын іске асыруға мүмкіндік береді, өйткені мемлекеттік баж мөлшері анық және ақылға қонымды болуға тиіс, оны төлеу сот төрелігінің қолжетімді болу қағидатын бұзатындай етіп, оны қиындыққа тіремеуге тиіс.

      Конституциялық Сот мемлекеттік баж мөлшері белгіленген кезде сот арқылы қорғалуға жүгіну құқығын беру мен көрінеу негізсіз талап қоюлардың берілуіне және құқықты түрлі жолмен теріс пайдалануға жол бермейтін сот қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету арасында теңгерімділік сақталуға тиіс деп ойлайды.

      3. Салық кодексінің дау айтылып отырған ережелерінде мүліктік бағалауға жататын талап қоюлар бойынша сотқа өтініш берілген кезде мемлекеттiк баж мынадай мөлшерлемелерде белгіленеді:

      жеке тұлғалар үшiн – талап қою сомасының 1 %;

      заңды тұлғалар үшiн – 3 %;

      сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаттар берілген кезде – талап қою берілген кезде белгіленген мемлекеттік баждың тиісті мөлшерлемесінің 50 %.

      Соттардағы мемлекеттік баждың құқықтық негізін, оның арналуын зерделеу мемлекеттік баждың аталған мөлшерлемелерін проценттік арақатынаста белгілеудің өзі Конституция ережелерімен үйлеседі деген тұжырым жасауға мүмкіндік береді.

      Сонымен бірге, Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының және 2-тармағының ережелерінде, басқа нормалармен өзара байланысты болу үшін, материалдық қиын жағдайда жүрген азаматтардың осы төлемді төлеуі кезінде кедергілерді еңсеруіне мүмкіндік беретін тетіктер толығымен қамтылмаған.

      Мемлекеттің салықтық саясатының қазыналық мақсатына мемлекет пен салық төлеушінің экономикалық мүдделерінің теңгерімін сақтау негізінде ғана қол жеткізілуге тиіс (Салық кодексінің 11-бабы). Заң шығарушы мемлекеттік баж мөлшерлемелерін белгілеген кезде сот төрелігіне қолжетімділік пен оның тиімділігі арасында ақылға қонымды теңгерімді табуға тиіс. Бұның бұзылуы азаматтардың құқықтарын шектеуге алып келуі мүмкін, өйткені мемлекеттік баж тиісті талап қою немесе өтінішхат берілгенге дейін, соттар қарайтын істер бойынша төленеді. Мемлекеттік баждың төленгенін растайтын дәлелдемелер ұсынылмаған жағдайда, талап қою не өтінішхат қаралмай қайтарылады. Талап қоюдың үлкен сомасы адамның материалдық мүмкіндігінен асып түсетін мөлшерде мемлекеттік бажды төлеу қажеттілігіне алып келуі мүмкін, бұл сөзсіз оның сотқа жүгінуге конституциялық құқығын шектейтін болады.

      Конституциялық Соттың пікірінше, төлеушілер үшін қолжетімді шекте мемлекеттік баждың мөлшеріне заңнамалық шектеу қоймай мүліктік сипаттағы арыздар бойынша соттарда оның проценттік мөлшерлемелерін белгілеу материалдық қиын жағдайда жүрген азаматты баж төлеу мүмкіндігінен айырып, осындай мүмкіндігі бар басқа адамдармен салыстырғанда сотқа жүгіну құқығын іске асырған кезде оны теңсіздік жағдайға қояды. Тиісінше, мұндай тәсіл сот төрелігіне қолжетімділікті шектеуге жағдай жасайды.

      Салық кодексінің 616-бабында талап қою немесе құқықтық қатынас субъектісі (Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектігі бар адамдар, қандастар және басқа да адамдар) санаттарын негізге ала отырып, соттардағы мемлекеттік бажды төлеуден босату негіздерінің нақты тізбесі санамаланған. Алайда, олар баж төлеушілер болып табылатын азаматтардың барлық санаттарының мүліктік жағдайын ескермейді.

      Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамада оны төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу көзделмеген. Ерекшелік тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы азамат берген талап қоюлар бойынша мемлекеттік баж төлеуді кейінге қалдыру жағдайында ғана болады (2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 106-бабының үшінші бөлігі).

      2005 жылғы 1 қаңтарға дейін 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 104-бабының екінші бөлігінде және 105-бабында соттың тараптардың мүліктік жағдайын негізге ала отырып, мемлекеттік баж төлеуден бір немесе қос тарапты босату, оны төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу құқығы көзделген болатын. Осылайша, заң шығарушы сотқа әрбір нақты жағдайда сот төрелігіне қолжетімділіктің шарты ретінде мемлекеттік баж төлеу мәселесін шешуге жеткілікті дискреция берген.

      Процестік заңнаманың осы ережелері "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2004 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен алып тасталған болатын. Осылайша, заң шығарушы материалдық қиын жағдайда жүрген адамдардың сот арқылы қорғалуға конституциялық құқықты іске асыруының тетігін көздемей, соттарды тек қана азаматтарың сот төрелігіне кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында берілген тиісті дискрециялық өкілеттіктерінен айырды.

      Конституцияда бекітілген әділ сот талқылау құқығы тиісінше қамтамасыз етілуге тиіс. Сотқа жүгіну адамның мүліктік жағдайына орай қиын болған кезде мемлекеттік баж төлеуден толық немесе ішінара босату, оны төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу және басқа да шаралар сот арқылы қорғалуға конституциялық құқықты іске асырудың құқықтық құралына жатады.

      Мемлекеттік баж мөлшері азаматтың сотқа жүгінуіне тосқауыл болмайтындай ақылға қонымды, негізделген, шамалас болуға тиіс не сот төрелігіне қолжетімділікке конституциялық құқықты іске асыру үшін кедергіні еңсерудің құқықтық тетігі көзделуге тиіс.

      Тұтастай алғанда заңнамада, атап айтқанда Салық кодексінде мұндай құралдар қамтылмаған, сондықтан заң шығарушы құқықтық реттеуде олқылықтың орнын толтыруға тиіс.

      4. Салық кодексінің 610-бабының 2-тармағы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаттар берілген кезде осы баптың 1-тармағында белгіленген мемлекеттік баждың тиісті мөлшерлемесінің 50 проценті мөлшерінде мемлекеттік баж алудың жалпы қағидатын бекітеді. Бұл ретте қаралып отырған нормада мөлшерге негіз болатын осы төлемді төлеу субъектісін кесіп-пішіп айқындауға мүмкіндік беретін ережелер қамтылмаған. Онда пайдаланылған "осындай даулар бойынша әкімшілік талап қою, талап арыз (арыз) берілген кезде" деген сөз тіркестері практикада Жоғарғы Соттың азаматтың өтінішхатын қабылдаудан бас тартуына алып келді.

      Өтініш материалдарынан заң тұлғаның талап қоюы бойынша жауапкер болып табылатын жеке тұлғадан ол сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат берген кезде жоғары сот органының Салық кодексінің 610-бабының 1-тармағында заңды тұлғалар үшін белгіленген мемлекеттік баж мөлшерлемесінің 50 проценті мөлшерінде мемлекеттік баж төлеуді талап еткенін атап өткен жөн.

      Салық кодексінің 610-бабының 2-тармағын бұлай түсіну және қолдану заң шығарушының мемлекеттік баж төлеу субъектісіне – жеке немесе заңды тұлғалардың төлеуіне байланысты оның мөлшерін айқындау бойынша тұжырымдамалық тәсілдерімен үйлеспейді.

      Тап осы мемлекет пен салық төлеушілердің экономикалық мүдделерінің теңгерімі жеке тұлғалар сот арқылы қорғалу құқығын іске асырған кезде олар үшін мемлекеттік баждың неғұрлым төмен мөлшерін айқындау негізінде жатыр.

      Конституциялық Сот Салық кодексінің 610-бабы 2-тармағының "мемлекеттік баж осындай даулар бойынша әкімшілік талап қою, талап арыз (арыз) берілген кезде осы баптың 1-тармағында белгіленген мемлекеттік баждың тиісті мөлшерлемесінің 50 пайызы мөлшерінде алынады" деген ережесін түсіндіру кезінде сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатпен жүгінген субъектіні негізге алған жөн деп есептейді.

      Заң шығарушының мемлекеттік баж төлеу субъектісіне байланысты оны алу тәсілдеріндегі тұжырымдамалық айырмашылықтарын негізге ала отырып, азамат сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатпен жүгінген жағдайда Салық кодексінің 610-бабының 2-тармағы қолданылған кезде оның процестік жағдайына (талап қоюшы немесе жауапкер) қарамастан мемлекеттік баж осы баптың 1-тармағында жеке тұлғалар үшін белгіленген мемлекеттік баждың тиісті мөлшерлемесінің 50 проценті мөлшерінде алынуға тиіс.

      Салық кодексінің 610-бабы 2-тармағының ережелерін өзгеше түсіну мемлекет қабылдаған жеке тұлғаларға өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға конституциялық құқығын іске асыру мүмкіндігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың тиімділігін төмендетеді, бұған жол беруге болмайды. Тиісінше, Салық кодексінің 610-бабының 2-тармағы "осындай даулар бойынша әкімшілік талап қою, талап арыз (арыз) берілген кезде" деген сөздер бөлігінде Конституцияның 13-бабының 2-тармағына және 14-бабына сәйкес келмейді.

      Конституциялық Кеңес бірқатар нормативтік қаулыларында заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және әкеп соқтыратын салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалып және заң ережелерін өзінше пайымдау мүмкіндігін жоққа шығара отырып, заңды мінез-құлықты заңсыздығынан мейлінше айқындықпен ажыратуға мүмкіндік беретін түсінікті өлшемдерге негізделуге тиіс деп көрсеткен. Құқық үстемдігі қағидатынан құқықтық реттеудің формальды айқындылық, анықтық және қайшы келмеушілік, нысандары өзара байланысты түрлі салалық нормалардың өзара келісушілік талабы туындайды (2008 жылғы 27 ақпандағы № 2, 2009 жылғы 11 ақпандағы № 1, 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 5 және басқа да нормативтік қаулылар).

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 64-бабының 4-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 610-бабы 1-тармағының 1) тармақшасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2-тармағына және 14-бабына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 610-бабы 2-тармағының ережелері әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау жөніндегі конституциялық құқыққа нұқсан келтіруге және оны шектеуге алып келетін "осындай даулар бойынша әкімшілік талап қою, талап арыз (арыз) берілген кезде" деген сөздер бөлігінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2-тармағына және 14-бабына сәйкес келмейді деп танылсын.

      3. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 610-бабының 2-тармағына түзетулер енгізілгенге дейін жеке тұлғалардың сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаттарынан мемлекеттік баж осы Кодекстің 610-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында жеке тұлғалар үшін белгіленген мемлекеттік баждың тиісті мөлшерлемесінің 50 проценті мөлшерінде алынуға тиіс.

      4. Қазақстан Республикасының заңнамасынан мүліктік қиын жағдайда қалған азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз ететін құралдар (мемлекеттік баж мөлшерін азайту, оны төлеуден босату, төлеуді кейінге қалдыру, бөліп төлеу және басқалар) алып тасталғаннан кейін туындаған олқылық әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау жөніндегі конституциялық құқықты толық іске асыруға кедергі келтіреді деп есептелсін.

      5. Қазақстан Респубикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланғаннан кейін үш айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне соттардағы мемлекеттік баж төлеу мәселелерін құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған тиісті заң жобасын енгізсін.

      Қолданылған шаралар туралы көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ақпарат берсін.

      6. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады, шағым жасалуға жатпайды және оның кері күші болмайды.

      7. Осы нормативтік қаулы ресми республикалық баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Респубикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады