2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 141-бабы үшінші және бесінші бөліктері, алтыншы бөлігі 1) және 3) тармақшалары ережелерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 27 наурыздағы № 6 нормативтік қаулысы.

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

           2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 141-бабы үшінші және бесінші бөліктері, алтыншы бөлігі 1) және 3) тармақшалары ережелерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда өтініш субъектісі – азамат С.В. Наумцевтің және:

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі – Парламент Сенатының депутаты А.Ғ. Толамисовтің,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Министрдің бірінші орынбасары М.Ш. Қожаевтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында азамат С.В. Наумцевтің 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің (бұдан әрі – ҚАК) 141-бабы үшінші және бесінші бөліктері, алтыншы бөлігі 1) және 3) тармақшалары ережелерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашылар – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары Қ.Т. Жақыпбаевты және Е.Ж. Сәрсембаевты тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық тәжірибеге талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына азамат С.В. Наумцевтің ҚАК-тің 141-бабы үшінші және бесінші бөліктері, алтыншы бөлігі 1) және 3) тармақшалары ережелерінің Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабына сәйкестігін қарау туралы өтініші келіп түсті.

      ҚАК-тің 141-бабының үшінші және бесінші бөліктеріне сәйкес өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген сотталған адам төтенше қауіпсіз мекемеге келген бойда жазаны өтеудiң дағдылы жағдайларына орналастырылады, одан жазаны өтеудің жеңілдетілген жағдайларына ауыстыру жазалауы болмаған кезде он жылдан кейін ғана мүмкін болады. Жазаны өтеудің дағдылы не жеңілдетілген жағдайларына қайта ауыстыру үшін де нақ осы мерзім белгіленген. Өз кезегінде, осы мекемеде жазасын өтеп жүрген, белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адамға жазасын өтеудің жағдайларын өзгерту бір жыл өткен соң мүмкін болады (ҚАК-тің 139-бабы).

      ҚАК-тің 141-бабы алтыншы бөлігінің 1) тармақшасында өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасын дағдылы жағдайларда өтеп жүрген сотталған адамның ай сайын, ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты екі айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажетті заттарды сатып алуға жұмсау құқығы көзделеді. Жазасын қатаң жағдайларда өтеген кезде де оның екі айлық есептік көрсеткішке дейін жұмсауға құқығы бар (ҚАК-тің 141-бабы сегізінші бөлігінің 1) тармақшасы).

      ҚАК-тің 141-бабы алтыншы бөлігінің 3) тармақшасында өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасын дағдылы жағдайларда өтеп жүрген сотталған адамның бір жыл ішінде төрт қысқа мерзімді кездесу алу құқығы көзделеді, ал жазасын төтенше қауіпсіз мекемеде дағдылы жағдайларда өтеп жүрген, белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адамның бір жыл ішінде үш қысқа мерзімді және бір ұзақ мерзімді кездесу алуға құқығы болады (ҚАК-тің 140-бабы екінші бөлігінің 3) тармақшасы).

      Өтініш субъектісінің пікірінше, ҚАК-тің көрсетілген ережелері "заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең" және "... өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды" (Конституцияның 14-бабы) деген конституциялық ережелерге қайшы келеді.

      ҚАК-тің 141-бабы үшінші және бесінші бөліктері, алтыншы бөлігі 1) және 3) тармақшалары ережелерінің конституциялылығын қараған кезде өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады (Конституцияның 12-бабының 1 және 2-тармақтары). Аталған конституциялық ережелерді осы құқық пен бостандықтың жүзеге асырылуының жағдайлары мен тәртiбiн белгiлеушi заң жасаған және қабылдаған кезде Конституция жарияланған адам құқығы мен бостандығы негiз болады деген мағынада түсiну керек (Конституциялық Кеңестің 1996 жылғы 28 қазандағы № 6/2 нормативтік қаулысы).

      Конституцияның 14-бабында жазылған заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, сондай-ақ тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды деген конституциялық ереже адамдардың құқықтары мен міндеттерінің тең екендігін, осы құқықтарды мемлекеттің тең қорғауын және әркімнің заң алдында жауапкершілігі бірдей екендігін белгілейді. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға мүмкіндік беретін нақтылы шарттар мен жағдаяттардың нақ осы заңдарда анықталатынын білдіреді (Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 10 наурыздағы № 2/2, 1999 жылғы 29 наурыздағы № 7/2 нормативтік қаулылары және басқалар).

      Бұл ретте адамның құқықтары мен бостандықтарын кез келген заңнамалық шектеу заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болуға және әділдік, тепе-теңдік және мөлшерлестік талаптарына жауап беруге тиіс (Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2, 2009 жылғы 20 тамыздағы № 5, 2016 жылғы 14 желтоқсандағы № 1 нормативтік қаулылары).

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының (БҰҰ БА) "Сот төрелігін іске асыру кезіндегі адам құқықтары" 2014 жылғы 18 желтоқсандағы 69/172 қарарында бас бостандығынан айырылған адамдар, бас бостандығынан айырылу фактісімен қажеттілігі анық негізделген заңды шектеулерді қоспағанда, тартынуларға жол бермейтін адам құқықтарын және басқа да адам құқықтары мен негізгі бостандықтарының барлығын пайдалануын жалғастыруға тиіс. Бас бостандығынан айырылған адамдарды әлеуметтік оңалту және қайта интеграциялау қылмыстық сот төрелігі жүйесінің маңызды мақсаттарының бірі ретінде мүмкін болғанша құқық бұзушылардың заңға бағынушылық өмір салтын жүргізуге және қоғам өміріне келгеннен кейін өзінің өмір сүруін қамтамасыз етуге дайын болуына бағытталуға тиіс дегенге сәйкес келетін қағидаттың маңыздылығы танылады.

      2. Өмір бойына бас бостандығынан айыру аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін белгіленуі мүмкін (2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 46-бабының төртінші бөлігі, бұдан әрі – ҚК). Бас бостандығынан айыру жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемелерінде өтеу қылмыстардың қауiптi қайталануы кезiнде, сондай-ақ өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға тағайындалады (ҚК-нің 46-бабының бесінші бөлігі).

      Сот жаза тағайындау кезiнде қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiн, кінәлі адамның жеке басын, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi оның мiнез-құлқын, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайларды, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуiне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тiршiлiк жағдайына ықпалын ескередi (ҚК-нің 52-бабының үшінші бөлігі). Қылмыстардың қауiптi қайталануы кезiнде, сондай-ақ өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға негізгі жаза тағайындау кезінде ескерілетін осы мән-жайлар оларға айқындалған бас бостандығынан айыру мерзімдерінде және мекеме түрінде көрініс табады.

      Төтенше қауіпсіз мекемеде жаза өтеудің нақты жағдайлары мен ерекшеліктері ҚАК-тің нормаларында (139, 140, 141-баптары және басқалар) айқындалған. ҚАК-тің 5-бабымен жинақтай келгенде аталған ережелер: жазаларды орындау шарттарын саралау; жазаны және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындауды даралау; мәжбүрлеу шараларын ұтымды қолдану; түзелуге ықпал етумен жазаны сабақтастыру қағидаттарына негізделген.

      Қылмыстық-атқару заңнамасының қағидаттарын іске асыру заңда белгіленген сотталғандарды түзеудің негізгі құралдары арқылы жүзеге асырылады, бұлар жазаның түрi, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты, қоғамға қауiптiлiк дәрежесi, кiнә нысаны мен уәждерi, сотталған адамның жеке басы және жазаны өтеу кезіндегі оның мінез-құлқы ескеріле отырып қолданылады (ҚАК-тің 7-бабының екінші бөлігі).

      3. Жазаларды, сондай-ақ өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау және өтеу тәртібінде адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылық, азаптауға, зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға жол бермеушілік туралы конституциялық нормалардың, сондай-ақ осы мәселе бойынша Республика таныған халықаралық құқықтық актілер ережелерінің сақталу қажеттігі ескерілуге тиіс.

      Заң шығарушы осы қоғамдық қатынастар саласын реттей отырып, Қазақстан Республикасы өзін құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары (Конституцияның 1-бабының 1-тармағы) деген конституциялық ережені негізге алуға тиіс. Негізгі Заң заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең (14-бап), адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылық (17-бап), сондай-ақ неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады (27-бап) дегенді таниды.

      Сотталғандар Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қылмыстық кодексінде және өзге де заңдарында белгіленетін шектеулермен, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарына, бостандықтарына ие болады және міндеттерін атқарады (ҚАК-тің 9-бабының екінші бөлігі).

      Қылмыстық кодексте тиісті жаза тағайындалған кезде мекеме түрі – төтенше қауіпсіз түрі айқындала отырып, онда жазасын өтеу тағайындалған адамдарға (өмір бойына бас бостандығынан айыруға не белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталғандар) қарай осы мекеме түрі сараланбайды.

      Конституциялық Соттың пікірінше, жазаны өтеу жағдайларын саралау ақылға қонымды болуға тиіс, кемсітушілікке алып келмеуге және сотталғандарды түзелуге ынталандыратын және оларды қайта әлеуметтендіруді қамтамасыз ететін шараларға қолданылмауға тиіс.

      Жазаны орындау тәртібі жазалау мақсаттарымен өзара тығыз байланысты, бұлар әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу болып табылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi (ҚК-нің 39-бабының екінші бөлігі).

      Сот айқындаған жаза мерзімінің ұзақтығына қарамастан, бас бостандығынан айыруға сотталғандармен қарым-қатынас жасау олардың жеке-дара түзелуіне және әлеуметтік оңалуына ықпал етуге тиіс.

      Заң шығарушының жаза тағайындау бастауына мұндай тәсілі қылмыстық-атқару заңнамасында танылған, жалпыға бірдей танылған халықаралық міндеттемелер мәнмәтініндегі тәрбиелік ықпал ету (көтермелеу және жазалау шараларын қоса алғанда) және сотталғандарды жазасын өтеудің бір жағдайынан екіншісіне ауыстыру маңыздылығымен үйлеседі. Оларды заңнамалық тұрғыдан реттеген кезде бұлар сотталған адамды түзеуге ықтимал ықпал етіп қана қоймай, отбасылық қарым-қатынастар аясында оның отбасы мүшелері құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз етуге де арналғанын ескеру қажет.

      Сотталған адамды түзеу деп оның құқыққа бағынушылық мінез-құлқын қалыптастыру, жеке басқа, қоғамға, еңбекке, қоғамдағы мінез-құлық нормаларына, қағидаларына және әдебіне жағымды көзқарасын қалыптастыру түсініледі (ҚАК-тің 3-бабының 10) тармақшасы).

      ҚАК ізгілік қағидатын таниды, бұл сотталған адамның жақын адамдарымен әлеуметтік-пайдалы байланыстарды сақтап қалуына және дамытуына да бағытталған. Жазасын өтеу кезінде сыртқы әлеммен байланыс, отбасымен және басқа да жақын адамдарымен қатынаста болу сотталған адамды ойдағыдай қайта әлеуметтендіруге ықпал етеді және қылмыстың қайталану деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл мағынада отбасы түзеу мекемесінде болған кезеңде де, босатылғаннан кейін де сотталған адамға қатысты осы функцияны орындайтын негізгі әлеуметтік институт болып табылады. Тиісінше, түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген сотталған адамның отбасы мүшелерімен кездесу алу, қоңырау шалу, хат жазысу, сауқат және сәлемдеме жіберу нысанындағы өзара іс-әрекеті оны ойдағыдай қайта әлеуметтендіруге ықпал етеді.

      Сотталған адамның жағымды әлеуметтік байланыстарды сақтап тұруы оны түзеудің негізгі құралдарының бірі болып табылады (ҚАК-тің 7-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасы). Мұндай байланыстардың өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды қоғам өміріне мерзімінен бұрын оралуына мүмкіндік беру тұрғысынан да маңызы зор.

      4. Конституциялық Сот азаматтар құқықтарындағы кез келген саралау Конституция талаптарына, оның ішінде теңдік (14-бап), адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылық (17-бап), неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болу (27-бап) қағидаттарынан туындайтын талаптарына сай болуға тиіс, осыларға сәйкес мұндай айырмашылықтарға, егер олар объективті түрде уәжделген, негізделген болса және конституциялық мәні бар мақсаттарды көздесе, ал пайдаланылатын құқық құралдары оларға мөлшерлес болса, жол беріледі.

      Осы мағынада субъект дау айтып отырған, ҚАК-тің 141-бабының үшінші және бесінші бөліктерінде қамтылған өмір бойына немесе белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға жазасын өтеу жағдайларын өзгерту үшін мерзімдердегі айырмалар жазаны, сондай-ақ өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау шарттарының аражігін ажырату және оны даралау қажеттігімен негізделеді және жоғарыда көрсетілген конституциялық нормаларға сәйкес келеді.

      Конституциялық Сот сотталғандардың жазаны өтеудің қатаң жағдайлары кезіндегі мөлшермен бірдей болатын, жазаны өтеудің дағдылы жағдайларында тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажетті заттарды сатып алуға ай сайын жұмсауға ақшалай қаражат мөлшері көзделетін, ҚАК-тің 141-бабы алтыншы бөлігінің 1) тармақшасындағы конституциялық құқықтарын бұзу деп есептемейді, себебі ақшалай қаражаттың осы мөлшері осындай мекеме түрінде жазасын өтеп жүрген, белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталғандарға да көзделген.

      ҚАК-тің 140-бабы екінші бөлігінің 3) тармақшасында белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың жазасын өтеудің дағдылы жағдайларында бір жыл ішінде үш қысқа мерзімді кездесу алу ғана емес, сонымен бірге бір ұзақ мерзімді кездесу алу құқығы белгіленген.

      Алайда, ҚАК-тің 141-бабы алтыншы бөлігінің 3) тармақшасында осындай төтенше қауіпсіз мекемеде дағдылы жағдайларда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адамдарға қатысты, яғни ұқсас жағдайда ұзақ мерзімге кездесу алуға құқық жоқ.

      Сонымен қатар, Конституциялық Соттың пікірінше, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеудің бастапқы он жылы ішінде ұзақ мерзімді кездесу алу құқығының болмауы осындайға сотталған адамның мінез-құлқына толық баға беруге кедергісін келтіреді, бұл оған тәрбиелік ықпал ету шараларын даралауға мүмкіндік бермейді.

      Осыған байланысты, ҚАК-тің 141-бабы алтыншы бөлігі 3) тармақшасының ережелері сотталғандардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтіреді және жағдайдың сәйкестігі немесе ұқсастығы ескерілгенде объективті, ақылға қонымды негіз жоқ.

      5. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты өкілінің 2023 жылғы 9 наурыздағы Палата отырысында қабылданған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы адам құқықтары, жазаны орындау, сондай-ақ азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) шеңберінде ҚАК-ке енгізілген түзетулер туралы ақпаратын назарға алды.

      Заңмен ҚАК-тен өтініш субъектісі дау айтып отырған 141-бап алып тасталды. Бұдан басқа, өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандарды ұстау тәртібі мен шарттары өзгертілді. Осындайға сотталғандарды жазасын өтеудің бір жағдайынан екіншісіне ауыстыру мерзімі оннан бес жылға дейін төмендетілді; жазаны өтеудің дағдылы жағдайларында сотталғандардың ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажетті заттарды сатып алуға ақшалай қаражатының мөлшері екіден бес айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды; бір жыл ішінде бір ұзақ мерзімді кездесу алу құқығы енгізілді (ҚАК-тің 139 және 140-баптарының жаңа редакциясы).

      Қазақстан Республикасының Президенті Заңға 2023 жылғы 17 наурызда қол қойды және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 6265-баптарын басшылыққа ала отырып, өтініш нысанасына қатысты Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 141-бабының үшінші, бесінші бөліктері және алтыншы бөлігінің 1) тармақшасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 141-бабы алтыншы бөлігінің 3) тармақшасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 14, 17 және 27-баптарына сәйкес келмейді деп танылсын.

      Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексіне қабылданған түзетулер қолданысқа енгізілгенге дейін жазасын дағдылы жағдайларда өтеп жүрген өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандарға бір жыл ішінде көзделген қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді кездесулер алу саны бөлігінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 140-бабы екінші бөлігі 3) тармақшасының ережелері қолданылсын.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Конституциялық Соттың интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады