2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы ескертуінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 3 қазандағы № 31-НҚ нормативтік қаулысы

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

           2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы ескертуінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі Д.Я. Чернышевтің өкілі – адвокат О.В. Черновтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі – Тергеу басқармасының басшысы О.С. Тажмаганбетовтің,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр А.Қ. Мұқанованың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі Ә.М. Ракишеваның,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      сарапшы – заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының бас ғылыми қызметкері С.М. Рахметовтің қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Д.Я. Чернышевтің 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – Қылмыстық кодекс) 214-бабы ескертуінің Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының 1-тармағына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Е.Ә. Оңғарбаевты және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасында және жекелеген шет елдерде қолданылатын құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Cотына (бұдан әрі – Конституциялық Cот) Қылмыстық кодекстің 214-бабы ескертуінің Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция) сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

      Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2023 жылғы 10 мамырдағы үкімімен өтініш субъектісі Қылмыстық кодекстің 214-бабының бірінші бөлігі бойынша сотталып, оған айыппұл түрінде жаза тағайындалған.

      Өтініш пен ұсынылған материалдардан өтініш беруші ірі мөлшерде кіріс алатын, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді (криптовалюталарды) айырбастау арқылы жасалған заңсыз кәсіпкерлігі үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылғанын түсінуге болады.

      Өтініш субъектісі Қылмыстық кодекстің 214-бабының дау айтылып отырған ескертуі Конституцияның 14-бабының 1-тармағына сәйкес келмейді, өйткені ол іс-әрекеттері ірі мөлшерде кіріс алумен байланысты, ал қылмыстық істерінде залал келтірмеген адамдарға қолданылмауға тиіс, бұл оларды залал келтірген және оны өз еркімен өтеген кінәлілермен тең емес жағдайға қояды деп пайымдайды.

      Қылмыстық кодекстің қаралып отырған нормасының конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму Республика қызметінің түбегейлі қағидаттарының бірі болып табылады (Негізгі Заңның 1-бабының 2-тармағы).

      Конституцияның 6-бабының 2-тармағында меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленеді деп көрсетіледі.

      Негізгі Заңның 14-бабында заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең қағидаты бекітіледі, бұл тиісті құқықтық қатынастардың барлық субъектілері үшін талаптар мен құқықтық жауаптылықтың біртұтастығын көздейді.

      Конституцияның 26-бабының 4-тармағына сәйкес әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар.

      Кәсіпкерлік қызмет еркіндігі құқығын шектеудің негіздері мен шектері Конституцияның 39-бабы 1-тармағының нормасынан туындайды, оған сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңдармен шектелуі мүмкін.

      "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы заңының (бұдан әрі – Заң) 4-бабында экономикалық қауіпсіздікті ұлттық қауіпсіздік түрлерінің бірі деп белгіленеді. Оны мемлекет шаралар жүйесі, оның ішінде қылмыстық-құқықтық сипаттағы шаралар жүйесі арқылы қамтамасыз етеді.

      Кәсіпкерлік қызмет еркіндігі құқығын қамтамасыз ету және іске асыру ел экономикасын дамытудың маңызды және қажетті шарты болып табылады. Мемлекет аталған құқықты қамтамасыз ете отырып, Заңның 5-бабында айқындалған ұлттық мүдделерді негізге алуға тиіс.

      Мемлекет пен қоғамның экономикалық мүдделеріне залал келтірумен байланысты жекелеген іс-әрекеттердің қоғамға жоғары қауіптілігін ескере отырып, заң шығарушы Қылмыстық кодексте экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарға тарау белгілеп берді.

      Конституциялық Сот өзінің 2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ нормативтік қаулысында қандай да бір іс-әрекеттерге қылмыстық сипат беру кезінде заң шығарушы бірінші кезекте олардың қоғамға қауіптілігі дәрежесін негізге алады. Бұдан басқа, қылмысқа қарсы іс-қимылға бағытталып қабылданатын заңдардың әлеуметтік және экономикалық алғышарттары мен салдары ескеріледі деп атап өтті.

      2. Қылмыстық кодекстің 214-бабына жүргізілген құқықтық талдау оның ережелерінде, егер іс-әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірсе не ірі мөлшерде кіріс алумен немесе акцизделетін тауарларды айтарлықтай мөлшерде өндірумен, сақтаумен, тасымалдаумен не өткізумен ұштасса, кәсiпкерлiк қызметті, банктік қызметтi (банк операцияларын), микроқаржылық немесе коллекторлық қызметті тiркеусіз, сол сияқты осындай қызмет үшін міндетті лицензиясыз не Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасын бұза отырып жүзеге асырумен, сол сияқты кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысумен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше балама құрамының бар екендігін растайды.

      Қылмыстық кодекстің 214-бабында жауаптылық көзделген қылмыстардың құрамдарының ерекшеліктері осы нормада объективті жақтың міндетті белгілері ретінде үш дербес белгінің көрсетілуінде болып тұр: азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіру түріндегі салдар, ірі мөлшерде кіріс алу немесе акцизделетін тауарларды айтарлықтай мөлшерде өндіру, сақтау, тасымалдау не өткізу. Бірінші белгі қылмыстық салдарға жатады, ал екінші және үшінші белгілер қоғамға қауіпті жасалған іс-әрекеттің ауқымын сипаттайды. Яғни, адамның іс-әрекетінде осы қылмыстың құрамын айқындау үшін санамаланған белгілердің бірін анықтау жеткілікті.

      3. Қылмыстық кодекстің 5-бөлімінде қылмыстық жауаптылықтан босату түрлері көзделген, бұлар қылмыстық құқықтың жекелеген қағидаттарын іске асыруға бағытталған. Қылмыстық жауаптылықтан босату қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға қатысты қылмыстық-құқықтық сипаттағы шараларды қолданудан бас тартуды көздейді.

      Жекелеген жағдайларда заң шығарушы қылмыстық құқық бұзушылықтардың нақты құрамдарына қатысты ерекше шарттарды баптардың ескертулері түрінде айқындайды.

      "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабының 8-тармағына сәйкес нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымдық элементі тиiстi нұсқауларды нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде құқық нормасының мәніне нұқсан келтiрмей жазу мүмкiн болмаған кезде ескертумен толықтырылуы мүмкiн.

      Қылмыстық кодекстің 214-бабында осы баптың бірінші бөлігінде көзделген іс-әрекетті алғаш рет жасаған адам залалды өз еркімен өтеген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылатыны туралы ескерту қамтылады.

      Қылмыстық кодекстің баптарына ескертулер енгізу жекелеген ұғымдарды түсіндіруге, зиянның, залалдың көлемі мен мөлшерін белгілеуге немесе нақты бапқа қатысты қылмыстық жауаптылықтан босату шарттарын айқындауға бағытталған.

      Қылмыстық кодекстің 214-бабы ескертуінің мазмұнынан ол азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке алғаш рет ірі залал келтірілген және сот үкім шығарған кезге дейін залал ерікті түрде өтелген жағдайларда ғана қолданылатыны шығады. Ескертуде Қылмыстық кодекстің 214-бабында көрсетілген ірі мөлшерде кіріс алумен немесе акцизделетін тауарларды айтарлықтай мөлшерде өндірумен, сақтаумен, тасымалдаумен не өткізумен байланысты қылмыстарды жасау жағдайлары қамтылмайды, өйткені бұл іс-әрекеттер қандай да бір қылмыстық салдар болмаған кезде де заңмен қоғамға қауіпті деп танылған.

      Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігінің 219, 221, 222, 233, 236, 241, 244 және 245-баптарында адам келтірген залалды өз еркімен өтеген кезде оны қылмыстық жауаптылықтан босататын ескертулер бар. Қылмыстық заңда залал келтірілмеген кезде кінәлілерді жауапқа тартатын баптардың едәуір саны қамтылады.

      Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігі баптарының ескертулері, әдетте, қылмыстық құқық бұзушылықты алғаш рет жасаған және келтірген залалды толық көлемде өтеген, өз әрекеттерімен қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға және тергеп-тексеруге септігін тигізген адамдарға қолданылады.

      Заң шығарушының мұндай таңдамалы тәсілі ескертуде көрсетілген адамдарға қатысты ізгілік қағидатын іске асырумен байланысты және жүргізіліп жатқан елдің қылмыстық саясатына сәйкес келеді.

      Қылмыстық кодекстің 53-бабы бірінші бөлігінің 1) және 6) тармақтарында мән-жайлардың кездейсоқ тоғысуы салдарынан алғаш рет қылмыстық теріс қылық не алғаш рет онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасау; қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтiрiлген мүлiктiк залалды ерікті түрде өтеу, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген моральдық және өзге де зиянның орнын толтыру қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп танылады.

      Бұл ретте тағайындалатын жаза Қылмыстық кодекстің 39-бабының екінші бөлігіне сәйкес әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады.

      Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне қатысты негізгі қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға құқылы.

      Парламент іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігін, елдегі криминогендік ахуалды, қылмыстық заңмен қорғалатын объектілердің қорғалу дәрежесін, қылмыстық құқық бұзушылықтардың салдарын, сондай-ақ адамның қылмыстан кейінгі мінез-құлқын негізге ала отырып, жауаптылықты және одан босату жағдайларын белгілеуге құқылы.

      Қылмыстық заңда Қылмыстық кодекстің 214-бабының бірінші бөлігінде көзделген, ірі мөлшерде кіріс алумен немесе акцизделетін тауарларды айтарлықтай мөлшерде өндірумен, сақтаумен, тасымалдаумен не өткізумен ұштасатын құқыққа қайшы іс-әрекеттер жасау, олар алғаш рет жасалса да, осы баптың ескертуінің қағидаларына жатпайтыны белгіленген. Бұл заң алдында жұрттың бәрі тең қағидатына қайшы келмейді, өйткені осы ескертудің қолданылуы ірі залал келтіруге алып келген, жауаптылық аталған бапта көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты кім жасағанына байланысты емес.

      Конституциялық Сот өзінің 2023 жылғы 14 шілдедегі № 21-НҚ нормативтік қаулысында "Конституцияның 14-бабының 1-тармағында кепілдік берілген заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деген қабылданатын заңдарда адамдардың құқықтарында объективті және ақылға қонымды негіздемесі жоқ айырмашылықтар белгіленбейді дегенді білдіреді. Тең жағдайлар кезінде құқық субъектілері тең құқықтық жағдайда болуға тиіс. Конституциялық-құқықтық мақсаттарды көздемейтін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеу шегі мәселесіне өзгеше көзқарас Конституцияның 39-бабының 3-тармағына қайшы келетін болады" деп атап өтті.

      Конституциялық Сот заң алдында жұрттың бәрі тең қағидаты қылмыстық заңда көзделген барлық іс-әрекеттер бірдей жауаптылыққа және құқық бұзушылық жасауға байланысты өзге де салдарға әкеп соғуға тиіс дегенді білдірмейді деп есептейді. Жауаптылық мөлшері әрбір нақты құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілік дәрежесіне және Қылмыстық кодексте көрсетілген басқа да ілеспе мән-жайларға байланысты болатыны анық.

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі 2003 жылғы 26 маусымдағы № 9 нормативтік қаулысында "Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының 1-тармағында бекітілген заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең туралы конституциялық норма Қылмыстық кодекстің 14-бабы екінші бөлігінің ережелерінде өз көрінісін табады. Мұнда қылмыс жасаған адамдар шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, сеніміне, қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан заң алдында тең екендігі атап өтіледі" деп айтып өтті. Бұдан әрі Конституциялық Кеңес "қылмыстық жауаптылықты белгілеу кезіндегі заң алдындағы теңдік дегеніміз қылмыс субъектілері бірдей әрекеті үшін, жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайларды ескере отырып, бірдей қылмыстық жауаптылықты арқалауға тиіс екенін білдіреді. Қылмыстың құрамы қылмыстық құқықтағы формальді теңдікті қамтамасыз етудің құралы болып табылады, ол қарапайым, сараланған және жеңілдетілген мән-жайлы болуы мүмкін" деп атап өтті.

      4. Конституциялық іс жүргізу барысында қаралып отырған іс-әрекеттер үшін жауаптылық шараларының өзара келісімді болуын қамтамасыз етуге және әртүрлі салаға тиесілі заң нормаларының құрылымына байланысты кемшіліктер анықталды.

      Қылмыстық кодекстің 214-бабының диспозициясы заң шығарушының оны заңнамалық тұрғыдан одан әрі жетілдіруге баса назарын аударады. Ол Қылмыстық кодекстің жекелеген нормаларында саралауға болатын заңсыз кәсіпкерлік қызметпен, банктік қызметпен (банк операцияларымен), микроқаржылық және коллекторлық қызметпен байланысты бірнеше балама іс-әрекеттермен артық тәптіштелген. Мұндай заңнамалық тәсіл құқық қолдану практикасында белгілі бір қиындықтарға алып келеді және адамның конституциялық құқықтарының бұзылу қаупін туғызады.

      Бұдан басқа, азаматқа келтірілген ірі залалдың, сондай-ақ акцизделетін тауарлар айналымы кезіндегі айтарлықтай мөлшердің айқындамалары өзара үйлестірілмеген: 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде (бұдан әрі – ӘҚбК) – бір мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын, ал Қылмыстық кодексте екі мың айлық есептік көрсеткіш және одан көп деп көрсетілген (ӘҚбК-нің 153-бабы ескертпелерінің 1 және 3-тармақтары, Қылмыстық кодекстің 3-бабының 2) және 38) тармақтары).

      Конституциялық Сот өз шешімінде құқыққа қарсы әрекетке қылмыстық сипат берумен байланысты мәселелерді шешу кезінде қылмыстық заң нормаларының диспозицияларында құқықтық нұсқамалардың айқындылығы және олардың құқықтық реттеудің жалпы жүйесінде келісілу талаптары нақты сақталуға тиіс. Кез келген қылмыстық құқық бұзушылық және ол үшін белгіленген жаза әрбір адам өзінің әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) қылмыстық-құқықтық салдарын болжай алатындай болып көзделуге тиіс деп атап өтті (2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ нормативтік қаулы).

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабының ескертуі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда қамтылатын құқықтық ұстанымдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және өзге де заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарастыру ұсынылсын.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады