"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 91-бабы 2-тармағы 11) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 23 шiлдедегi № 49-НҚ нормативтік қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі Е.М. Аққожаның,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр Л.К. Мерсалимованың,

      Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілі – Балалар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Ю.Р. Овечкинаның,

      Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі – Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Н.А. Мухтарованың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – Заңнаманы жетілдіру бөлімінің меңгерушісі Б.М. Беисовтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты Б.С. Исаметовтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің өкілі – Құқықтық бөлімнің бас консультанты А.А. Шамишевтің,

      "АНА ҮЙІ" қоғамдық қорының өкілі – заңгер Г.С. Ахметованың,

      сарапшы – PhD, Еуразия технологиялық университетінің қауымдастырылған құқық профессоры Х.К. Ажигулованың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Е.М. Аққожаның "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 91-бабы 2-тармағы 11) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция) сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Қ. Қыдырбаеваны және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

      анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Кодекстің 91-бабы 2-тармағы 11) тармақшасының Конституцияның 14-бабына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

      Өтініш мазмұнынан және оған қоса берілген құжаттардан 2023 жылғы 26 қазанда "Семей қаласының білім бөлімі" мемлекеттік мекемесі аталған нормаға сілтеме жасай отырып, өтініш берушіге жетім баланы асырап алуға ниеті бар адам ретінде есепке қоюдан бас тартқанын түсінуге болады.

      Кодекстің 91-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес анасының қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқықтарынан айырылуына байланысты баланың кемінде үш жыл іс жүзінде тәрбиелену жағдайларын қоспағанда, тіркелген некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты болмаған) еркек жынысты адамдар бала асырап алушы бола алмайды.

      Өтініш субъектісі Кодекстің келтіріліп отырған нормасы кемсіту болып табылады және Конституцияның 14-бабына қайшы келеді деп есептейді, оған сәйкес жынысына байланысты ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды. Осыған байланысты ол тіркелген некеде тұрмаған әйелдерге мұндай тыйым салу белгіленбегеніне назар аударады.

      Кодекстің 91-бабының жоғарыда көрсетілген ережесінің Конституцияға сәйкестігі мәселесін қарау кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияның 27-бабының 1-тармағына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады және бұлар іргелі конституциялық құндылықтар қатарына жатады.

      Неке-отбасы қатынастарын құқықтық реттеуге негіз болатын неке мен отбасын қолдаудың және қорғаудың конституциялық қағидаты балалардың отбасыда тәрбие алуына, олардың дамуы мен әл-ауқатына қамқорлық жасауға басымдық беруді айқындайды. Баланың мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, баланың өз ата-анасының тәрбиесін алуға, мүдделерінің қамтамасыз етілуіне, жан-жақты дамуға, адамның қадір-қасиетін құрметтеуге, ата-анасын білуге, олармен бірге тұруға құқығы бар ("Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 21 және 25-баптары).

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен Қазақстан Республикасы Бала құқықтары туралы конвенцияны (Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі – БҰҰ) Бас Ассамблеясының 1989 жылғы 20 қарашадағы № 44/25 резолюциясымен қабылданды) (бұдан әрі – Конвенция) ратификациялады. Конвенция баланың жеке басы толық және үйлесімді дамуы үшін оның отбасы ортасында, бақыт, махаббат және түсінушілік атмосферасында өсуі қажет екендігін тани отырып, балаларға қатысты барлық іс-әрекеттерде, оларды әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерімен айналысатын мемлекеттік немесе жеке мекемелердің, соттардың, әкімшілік немесе заң шығарушы органдардың қабылдағанына қарамастан, ең бірінші кезекте баланың мүдделерін барынша толық қамтамасыз етуге көңіл бөлінеді деп белгілейді.

      Өзінің отбасы ортасынан уақытша немесе біржола айырылған немесе өзінің ең қажетті мүдделері үшін мұндай ортада қала алмаған баланың мемлекет көрсететін ерекше қорғау мен көмекке, оның ішінде асырап алынуын пайдалануға құқығы бар. Бала асырап алуды танитын және (немесе) оған рұқсат беретін қатысушы мемлекеттер баланың ең қажетті мүдделері бірінші кезекте ескеріліп отыруын қамтамасыз етеді (Конвенцияның 20 және 21-баптары).

      2. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті (Конституцияның 27-бабының 2-тармағы). Сонымен бірге, заң шығарушы бала биологиялық ата-анасынан айырылып, жетім қалатын, сондай-ақ ол ата-анасының қамқорлығынсыз қалатын ықтимал өмірлік жағдайларды назарға ала отырып, заң деңгейінде осындай балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың әртүрлі нысандарын енгізді.

      Кодекстің 116-бабына сәйкес мұндай нысандар ретінде жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыға тәрбиелеуге (асырап алуға, қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа, баланы қабылдайтын отбасына), ал мұндай мүмкіндік болмаған кезде жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған барлық типтегі ұйымдарға беру көзделген.

      Бала асырап алу жалғыз ата-анасы немесе екеуі де қайтыс болған, баласынан бас тартқан, ата-ана құқықтарынан айырылған және олар қалпына келтірілмеген, туыстарына, асырап алынатын баланың (балалардың) анасымен немесе әкесімен некеде (ерлі-зайыптылықта) тұратын адамдарға баласын асырап алуына келісім берген, сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған не белгісіз болған кезде кәмелетке толмаған балаларды қорғаудың ең жақсы және орнықты нысандарының бірі деп танылады (Кодекстің 84-бабы).

      Заң шығарушы бала асырап алудың бірқатар шарттарын, оның ішінде бұл мәселені тек соттың ғана қарау міндеттілігін белгіледі.

      Сонымен қоса, Кодекстің 91-бабының 2-тармағында кәмелетке толған адамдар асырап алушылар болуы мүмкін деген белгілене отырып, бір мезгілде олардың қатарынан жеке тұлғалардың мынадай санаттары: 1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған адамдар; 2) сот біреуін әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлеті шектеулі деп таныған ерлi-зайыптылар; 3) сот ата-ана құқықтарынан айырған немесе ата-ана құқықтарын шектеген адамдар; 4) өзiне Қазақстан Республикасының заңдарында жүктелген мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерінен шеттетiлген адамдар; 5) егер сот олардың кінәсінен бала асырап алудың күшiн жойса, бұрынғы бала асырап алушылар; 6) денсаулық жағдайына байланысты ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адамдар; 7) тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдар; 8) дәстүрлi емес жыныстық бағдар ұстанатын адамдар; 9) бала асырап алған кезде қасақана қылмыс жасағаны үшін жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар адамдар, сондай-ақ осы тармақтың 14) тармақшасында аталған адамдар; 10) азаматтығы жоқ адамдар; 11) анасының қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқықтарынан айырылуына байланысты баланың кемінде үш жыл іс жүзінде тәрбиелену жағдайларын қоспағанда, тіркелген некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) еркек жынысты адамдар; 12) бала асырап алған кезде асырап алынған баланы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін кірісі жоқ адамдар; 13) наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын адамдар; 14) адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, халық денсаулығына және имандылыққа, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтары, экстремистік немесе террористік қылмыстары, адам саудасы үшін сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адамдар (өздеріне қатысты қылмыстық қудалау Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшалары негізінде тоқтатылған адамдарды қоспағанда); 15) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, Кодекстің 91-бабының 4-тармағында белгіленген тәртіппен психологиялық дайындықтан өтпеген Қазақстан Республикасының азаматтары (баланың жақын туыстарын қоспағанда) алып тасталады.

      Жалпы алғанда, заң шығарушының бала асырап алу құқығының шарттарын және шектеулерін белгілеу тәсілі мемлекеттің балалық шақты қорғау жөніндегі Конституцияда белгіленген міндетіне және балалардың мүдделерін барынша қамтамасыз ету бойынша қабылданған міндеттемелерге сәйкес келеді.

      Осы жазылғандардың негізінде Конституциялық Сот балаларды асырап алуда заң шығарушы анық айқындаған мақсаттарға: олардың дене бітімі, психикалық, рухани және адамгершілік жағынан толыққанды дамуын қамтамасыз ету мүмкіндіктері ескеріле отырып, мүдделері көзделетін мақсаттарға (Кодекстің 84-бабы) ғана назар аударады, бұл Конституцияға сәйкес келеді және бала асырап алу кезінде ең бастысы бала асырап алушылардың балалы болу қажеттілігі немесе ниеті емес, баланың отбасы ортасында толыққанды даму мен тәрбиелену құқығы екенін білдіреді. Бұл ретте баланы толық отбасына беруге басымдық берілуге тиіс, сондай-ақ бала асырап алушылар мен асырап алынатын балалар арасындағы психоэмоционалдық байланыс пен бауыр басушылық ескерілуге тиіс. Асырап алынғаннан кейін бала асырап алынғанға дейінгі немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың басқа нысандары (қорғаншылық және қамқоршылық, баланы қабылдайтын отбасы, патронаттық тәрбие, бала қонақтайтын отбасы) шеңберінде қамтамасыз етуге болатын жағдайдан нашар әлеуметтік және өзге жағдайларға түспеуге тиіс. Бала асырап алу, бала асырап алушыларды іріктеу және балалардың мүдделерін барынша қамтамасыз ету мақсатында асырап алынған балалардың тағдырын кейінгі бақылау жүйесін үнемі жетілдіріп отыру қажет.

      3. Конституцияның 14-бабына сәйкес заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.

      Сонымен қатар, Конституциялық Сот Конституцияның 39-бабының 1-тармағына назар аударады, оған сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін.

      Осыған байланысты, адамның құқықтары мен бостандықтарына заңнамалық шектеулер белгілеуге жол берілуді тани отырып, Конституциялық Сот өзінің нормативтік қаулыларында мұндай шектеулер заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болуға және әділдік, пропорционалдылық және мөлшерлестік талаптарына сай келуге тиіс деп бірнеше көрсеткен болатын.

      Конституцияның 14-бабында кепілдік берілген заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деген және кемсітпеу қағидаты заңдармен қабылданатын адамдардың құқықтарында объективті, мөлшерлес және ақылға қонымды негіздемесі жоқ айырмашылықтар белгіленбейді дегенді білдіреді.

      Тең жағдайлар кезінде құқық субъектілері тең құқықтық жағдайда болуға тиіс. Конституциялық-құқықтық мақсаттарды көздемейтін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеу шегі мәселесіне өзгеше көзқарас Конституцияның 39-бабына қайшы келеді (Конституциялық Соттың 2023 жылғы 14 шілдедегі № 21-НҚ нормативтік қаулысы).

      Бұл заң шығарушы шектен тыс емес, құқық мәніне нұқсан келтіретіндей шектеулерді қолданбай, қажетті және конституциялық тұрғыдан танылған мақсаттарға негізделген шектеулерді ғана қолдануға тиіс дегенді білдіреді.

      Мұндай шектеулерді белгілей отырып, мемлекет ақылға қонымдылық, қажеттілік пен мөлшерлестік өлшемшарттарының, сондай-ақ құқықтық қатынастардың барлық қатысушыларының, әсіресе балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл бала асырап алу, қорғаншылық және қамқоршылық, баланың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың басқа нысандары кезінде ерлер мен әйелдердің теңдігі мәселесіне де қатысты.

      Мәселен, Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенцияда (БҰҰ Бас Ассамблеясының 1979 жылғы 18 желтоқсандағы № 34/180 резолюциясымен қабылданды, Қазақстан Республикасы Конвенцияға 1998 жылғы 29 маусымдағы № 248 Заңға сәйкес қосылды) қатысушы мемлекеттер ерлер мен әйелдердің тең құқығы негізінде олардың балаларға қорғаншы, қамқоршы, сенім білдіруші және асырап алушы болудың немесе осыған ұқсас функцияларды жүзеге асырудың бірдей құқықтары мен міндеттерін қамтамасыз етумен қатар, барлық жағдайда балалардың мүдделері басым болып табылады дегенді негізге алуға тиіс деп айқындалған (16-баптың 1-тармағының f) тармақшасы). Мысалы, мұндай жағдайларға баланың әлеуетті асырап алушымен эмоционалды байланысы, бала асырап алу туралы өтінішті сот қарағанға дейін олардың бірге тұру және қарым-қатынаста болу ұзақтығы жатқызылуы мүмкін.

      Қазақстан Республикасының Парламенті Конституцияның 14, 27-баптарын басшылыққа ала отырып және бұрын қабылданған міндеттемелерді ескере отырып, "Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы" 2009 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады. Заң шығарушы Заңның 11-бабында ерлер мен әйелдердің неке-отбасы қатынастарындағы және бала тәрбиелеудегі құқықтары мен міндеттерінің гендерлік теңдігі:

      отбасының беделін арттыру, неке-отбасы қатынастарын нығайту, неке мен отбасының құндылықтарын насихаттау;

      ерлер мен әйелдердің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігінің тең бөлінуі;

      отбасы өмірін қолдауға және оның сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік саясатты іске асыру жолымен қамтамасыз етіледі деп айқындады.

      Конституциялық Соттың пікірінше, ерлер мен әйелдердің бала тәрбиелеу мәселелеріндегі теңдігі қағидаты ескеріле отырып, өз құқықтарының қорғалуына мұқтаж баланың мүдделері, неке мен отбасын, ана болуды, әке болуды және балалық шақты қорғау бойынша Конституцияда айқындалған міндет негізге алыну керек. Демек, заңнамалық тетіктер ер адам мен әйелдің, ең алдымен, баланың мүдделерін барынша қамтамасыз ету және оған қамқорлық жасау мақсаттарына анағұрлым сай келеді деген тұрғыдан тіркелген некеде тұрған және отбасын құрған ер адам мен әйелдің тең шарттарда бала асырап алуын қолдауға бағытталуға тиіс.

      Осылайша, бала асырап алуға ниетті адамдарға қатысты олардың жынысына байланысты тең емес қатынас Конституцияның 14-бабының талаптарына сәйкес келмейді.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 64-бабының 4-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

      қаулы етеді:

      1. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 91-бабы 2-тармағының 11) тармақшасы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланғаннан кейін алты айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, бала асырап алу институтын құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған заң жобасын енгізсін.

      Қолданылған шаралар туралы көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ақпарат берсін.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады