2023 жылғы 20 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 208-бабы 1-тармағы 8) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 7 ақпандағы № 66-НҚ нормативтік қаулысы

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі Т.Ш. Сагандыковтың және оның өкілі – адвокат Л.А. Емельянованың,

      Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі – бірінші вице-министр А.А. Сарбасовтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Д.А. Сүлейменовтің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты А.Б. Дуйсеновтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – Құқықтық және ұйымдастыру-талдау жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары Д.Т. Абдрахманованың,

      Парламентаризм институтының өкілі – атқарушы директор, заң ғылымдарының кандидаты А.К. Канатовтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында 2023 жылғы 20 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 208-бабы 1-тармағы 8) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Е. Жатқанбаеваны және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының және жекелеген шет елдердің қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Кодекстің 208-бабы 1-тармағы 8) тармақшасының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) 14-бабының 2-тармағына, 27-бабының 1 және 2-тармақтарына, 39-бабының 1-тармағына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті, дау айтылып отырған тармақшаға сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде жұмыс істемейтін ананың ғана жас балаларға күтім жасаған, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыты есепке алынады.

      Іс материалдарынан соттың 1997 жылғы 20 наурыз – 1998 жылғы 26 ақпан аралығындағы, кейіннен 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін деп нақтыланған кезеңді еңбек өтіліне қосу және осымен есептеп шығарылған зейнетақы төлемдерін алу үшін көрсетілген кезеңде балаға күтім жасалған фактіні анықтаудан өтініш беруші шағым жасап отырған нормаға сілтеме жасай отырып, бас тартқанын түсінуге болады.

      Өтініш субъектісінің пікірінше, Кодекстің жұмыс істемейтін ананың ғана жас балаларға күтім жасаған уақытын еңбек өтіліне қосуды көздейтін бұл ережесі ана мен әкенің тең құқықтылығы қағидатына қайшы келеді және ата-ананың біріне қатысты кемсітушілік сипатқа ие.

      Өтініш субъектісі көрсеткен Кодекс нормасының конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, онда Қазақстан Республикасының азаматына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшеріне, жасына байланысты, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздер бойынша әлеуметтік қамсыздандырылуға кепілдік беріледі (Конституцияның 1-бабы, 28-бабының 1-тармағы). Осы кепілдіктерді іске асыру заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең және кемсітушілікке тыйым салу туралы конституциялық қағидат та ескеріле отырып, жүзеге асырылады (Конституцияның 14-бабы).

      Отбасыға, балаларға және ата-анаға қатысты мемлекеттік көзқарас Конституцияның 27-бабында айқындалған: балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті, ал неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады.

      Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1989 жылғы 20 қарашадағы № 44/25 резолюциясымен қабылданған (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен ратификацияланған) Бала құқықтары туралы конвенцияға қатысушы болып табылады. Конвенцияға сәйкес қатысушы мемлекеттер ата-анасының екеуінің де баланың тәрбиесі мен дамуы үшін ортақ және бірдей жауапкершілігі қағидатын тануды қамтамасыз ету үшін барлық мүмкін күш-жігерлерді қабылдайды, ал баланың ең қажет мүдделері олардың негізгі қамқорлығының мәні болып табылады. Сонымен қатар, қатысушы мемлекеттер баланы қамқорлық болмаудан немесе немқұрайлы қараудан қорғау мақсатында барлық қажетті заңнамалық, әкімшілік, әлеуметтік және ағартушылық шаралар қабылдайды (18-баптың 1-тармағы, 19-баптың 1-тармағы).

      Осыған байланысты Конституциялық Сот Конституцияның мынадай ережелеріне назар аударады: адамның құқықтары мен бостандықтары Конституцияға сәйкес және жалпыға бірдей танылған халықаралық құқық қағидаттары мен нормалары ескеріле отырып танылады және оларға кепілдік беріледі. Заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыларға қарай айқындалады (12-баптың 1 және 2-тармақтары).

      Аталған конституциялық нормаларды негізге ала отырып, заң шығарушы Кодексте әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың қағидаттарын, оның ішінде әлеуметтік қорғау саласында адам мен азаматтың тең құқықтылығы және олардың құқықтарын шектеуге жол бермеуді белгіледі (Кодекстің 3 және 4-баптары).

      Осылайша, мемлекет кепілдік берген ана мен әкені және баланы қорғаумен қатар, ата-ананың екеуінің де балаға қамқорлық жасауы мемлекеттік әлеуметтік саясаттың құрамдас бөлігі болып қала береді.

      2. Әлеуметтік қорғаудың маңызды элементі ретінде зейнетақымен қамсыздандыру белгілі бір жасқа толған кезде адамның алдағы қаржылық тұрақтылығы, толыққанды өмір сүруі үшін жағдай жасауға бағытталған.

      Қазақстанның зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі зейнеткерлікке шыққан азаматтарға мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, жасына байланысты зейнетақы төлемдері (не еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері) және зейнетақы жинақтарынан төленетін төлемдер түрінде ай сайынғы төлем төлеуді көздейді.

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері жеке-дара айқындалады және еңбек өтіліне пропорционалды болып табылады, бұл өтілге жұмыс өтілінен, әскери қызмет мерзімінен және оқу кезеңінен басқа, белгілі бір әлеуметтік функцияларды іске асыруға жұмсалған уақыт та есептеледі. Олардың қатарына заң шығарушы белгілі бір адамдар тобына, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға, қарттарға, жас балаларға және басқаларға күтім жасауды жатқызады.

      Жас балаға күтім жасау ерекше қамқорлық мен қорғауды талап етеді, бұлар оның қалыпты физикалық, ақыл-ой, адамгершілік және психологиялық тұрғыдан дамуы үшін қажет. Бала өмірінің осы кезеңінде объективті жағдайларға байланысты ата-ана өзінің еңбек ету құқығын іске асыруда шектелуі мүмкін.

      Ата-ана міндеттерін орындаумен негізделген мұндай жағдайлар әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат шеңберінде компенсаторлық тетіктерді әзірлеу кезінде ескерілуге тиіс, өйткені Конституцияда Қазақстан Республикасы қабылдаған, неке мен отбасын, ана мен әкені және баланы қорғауға кепілдік беретін әлеуметтік мемлекет моделі туралы ереже бекітіледі.

      3. Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламенті зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қатынастарды құқықтық реттеуді жүзеге асыра отырып, зейнетақы тағайындаудың негіздері мен шарттарын айқындау кезінде ауқымды дискрецияға ие болады.

      Сонымен қатар, қабылданып жатқан заңнамалық шаралар, басқалармен қатар, әлеуметтік қорғау саласында адам мен азаматтың тең құқықтылығы және олардың құқықтарын шектеуге жол бермеу қағидаттарына негізделуге тиіс (Кодекстің 3-бабы).

      Конституциялық Сот тең жағдайлар кезінде құқық субъектілері тең құқықтық жағдайда болуға тиіс деп бірнеше рет атап өтті (2023 жылғы 14 шілдедегі № 21-НҚ және 2024 жылғы 23 шілдедегі № 49-НҚ нормативтік қаулылар және басқалар). Қаралып отырған істе бұл ұстаным балаға қамқорлық жасау және оны тәрбиелеу жөніндегі ата-ана құқықтары мен міндеттеріне қатысты.

      Ана мен әкені қорғаудың мемлекеттік саясатында Қазақстан Республикасы неке-отбасы заңнамасының қағидаттарын (отбасындағы ерлі-зайыптылар құқықтарының теңдігі, отбасы ішіндегі мәселелерді өзара келісім арқылы шешу ("Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 2-бабының 2-тармағы) назарға алу керек. Тиісінше, еңбек заңнамасында жұмыс берушінің ата-ананың өз таңдауы бойынша – баланың анасына не әкесіне, сондай-ақ баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-анаға бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыс беру міндеті бекітіледі (2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 100-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшалары).

      Ұқсас тәсілді заң шығарушы мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін беру кезінде ата-ананың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін есептеу үшін қолданады, бұл ретте жұмыс істемейтін ана немесе жұмыс істемейтін әке, ол нақты осындай күтімді жүзеге асырған кезде, жас балаларға күтім жасаған уақыты есепке алынады (Кодекстің 206-бабы 2-тармағының 5) тармақшасы).

      Конституциялық Сот зейнетақы заңнамасы ынтымақтастық әлеуметтік құқықтық қатынастардың қатысушысы ретінде азаматқа оның ресми танылған мәртебесінің тұрақтылығына және осы мәртебемен негізделген құқықтарының іске асырылу кепілдігіне сенімділікті қамтамасыз етуге тиіс деп есептейді. Өзге тәсіл Негізгі Заңның 39-бабының талаптарына сәйкес келмейді және Конституцияның 14-бабының 2-тармағында тыйым салу белгіленген кемсітушілікке алып келеді.

      Әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатта әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын іске асыру кезінде тең болуы мемлекет азаматтарға олардың еңбек үлесі, еңбекке жарамсыздық себептері мен дәрежесі, сондай-ақ әлеуметтік қорғауды қажетсінуі ескеріле отырып, сараланған тәсіл негізінде әлеуметтік қорғау шараларын берген кезде тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне, жасына, денсаулық жағдайына, оның ішінде мүгедектігіне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша қандайда бір кемсітуге тыйым салуға негізделген (Кодекстің 4-бабы және 6-бабының 2-тармағы).

      Осыған байланысты Конституциялық Сот жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде жұмыс істемейтін әке жас балаға күтімді жүзеге асырған кезде оның да нақты күтім жасаған уақытын есепке алу қажет деп пайымдайды. Өзге тәсілдің жоғарыда аталған конституциялық ережелер тұрғысынан ақылға қонымды негіздемесі болмайды.

      Конституциялық Сот Конституция нормаларын және мемлекеттік әлеуметтік және отбасы-демографиялық саясат қағидаттарын ескере отырып, ата-ананың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін және еңбек өтілін жалпы жиынтығы 12 жыл шегінде ғана есептегенде ата-ананың жас балаларға күтім жасаған уақытын есепке алудың ең жоғары кезеңін белгілейтін Кодекс ережелерін қосымша пысықтау қажеттігіне де назар аударады.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 63-бабының 4-тармағын, 64-бабының 4-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

      қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 208-бабы 1-тармағының 8) тармақшасы осы Кодекстің 4-бабының, 6-бабы 2-тармағының, 206-бабы 2-тармағы 5) тармақшасының және Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 100-бабы 1-тармағы 1) және 2) тармақшаларының ережелерімен өзара байланыста мынадай түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын: жұмыс істемейтін ата-анаға жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде жас балаларға тікелей күтімді жүзеге асырған уақыты есепке алынады.

      2. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      3. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады