Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 5-тармағына ресми түсіндірме беру туралы

Жаңа

ҚАУЛЫ Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі 1999 жылғы 15 наурыз N 1/2

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі құрамында Кеңес Төрағасы Ю.А.Ким, Кеңес мүшелері Н.І.Өкеев, Ж.Д.Бұсырманов, О.Қ.Ықсанов, В.В.Мамонов, С.Ғ.Темірболатов, В.Д.Шопин қатысқан, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары В.Н.Весниннің, Н.С.Каптильдің және А.М.Рамазановтың қатысуымен өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы K951000_ және Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" U952737_ конституциялық заң күші бар Жарлығының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасы негізінде Қазақстан Республикасы Парламентінің елу төрт депутатының Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 5-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінімін қарады.
      Баяндамашы - Конституциялық Кеңестің мүшесі В.Д.Шопиннің хабарламасын, өтінім субъектісі - Қазақстан Республикасы Парламентінің мүддесін білдіруші депутаттар В.Н.Весниннің, Н.С.Каптильдің және А.М.Рамазановтың сөйлеген сөздерін тыңдап, Конституциялық Кеңес мынаны анықтады:
      1999 жылғы 15 ақпанда Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне Қазақстан Республикасы Парламентінің бір топ депутатының қазіргі жұмыс істеп жатқан Парламент депутаттарының өкілеттігі мерзіміне Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 5-тармағы нормасының қолданылуына қатысты ресми түсіндірме беру туралы өтінімі келіп түсті.
      Қолданылып келген Қазақстан Республикасы Конституциясы нормаларын және қаралып отырған мәселе бойынша басқа да материалдарды зерделей келіп, Республика Парламенті депутаттары өкілдерінің сөйлеген сөздерін тыңдап, Конституциялық Кеңес мынаны негізге алады.
      "Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 1998 жылғы 10 қазандағы Z980284_ Қазақстан Республикасының Заңы жарияланған күннен бастап күшіне енген Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 5-тармағы Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімін - алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімін - бес жыл деп белгіледі.
      Қазіргі жұмыс істеп жатқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары және Сенаттың сайланатын депутаттарының жартысы 1995 жылғы желтоқсанда сайланған, Сенаттың сайланатын депутаттарының екінші жартысы 1995 жылғы 30 тамыздағы редакциясындағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 49-бабының 2-тармағына және 95-бабына сәйкес 1997 жылғы қазанда төрт жыл мерзімге сайланған.
      Қолданылып жүрген Конституцияның қорытынды және өтпелі ережелерінің 95-бабының 1-тармағында бірінші сайланған Сенат депутаттарының жартысы төрт жыл мерзімге, депутаттардың екінші жартысы екі жыл мерзімге сайланады деп көрсетілген. Конституцияның 50-бабының 5-тармағы белгілеген, осы нормаға сәйкес Сенат депутаттарының алты жыл өкілеттік мерзімі қазіргі жұмыс істеп жатқан Парламент Сенатының депутаттарының өкілеттік мерзіміне қолданылмайды.
      Бірінші сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттік мерзіміне қатысты қолданылып жүрген Конституцияда ешқандай нұсқау жоқ, оның үстіне Конституцияның қорытынды және өтпелі ережелерінің 95-бабы 2-тармақпен толықтырылған, оған сәйкес партиялық тізімдер негізінде Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау туралы ережелер екінші сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаудан бастап қолданылады. Республика Парламенті депутаттарының өкілеттік мерзімін ұзарта отырып, заң шығарушы бірінші сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттік мерзімін көрсетпегендіктен 1995 жылғы 30 тамыздағы редакциясындағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 49-бабының 2-тармағына сәйкес 1995 жылғы 9 желтоқсандағы сайланған төрт жылдық өкілеттік мерзімі оларға да қолданылатын болады.
      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының K951000_ 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" U952737_ конституциялық заң күші бар Жарлығының 33, 37, 38-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 5-тармағы нормасына ресми түсіндірме беруге байланысты Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:
      1. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімін - алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімін - бес жыл деп белгілеген Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабы 5-тармағының нормасын бұл мерзімдер қазіргі жұмыс істеп жатқан Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына қолданылмайды деп түсіну қажет.
      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына

сәйкес осы қаулы қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың 
бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және 
Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының 
Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының 
38-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларды ескере отырып, 
шағымдануға жатпайды.
     
     Қазақстан Республикасы 
     Конституциялық Кеңесінің 
     Төрағасы 
     
     Оқығандар:
          Қасымбеков Б.А. 
          Нарбаев Е.Ә. 
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады