"Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жолдауы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Жолдауы, 1999 ж

      Осы Жолдау Парламентке Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабы 11-тармақшасына сәйкес жіберіліп отыр және Конституциялық Кеңестің 1998 жылғы сәуір мен 1999 жылғы ақпан аралығындағы қызметінің нәтижелерін жинақтауға, сондай-ақ құқықтық статистика мәліметтеріне негізделген.

      Көрсетілген мерзім ішінде Конституциялық Кеңес 15 өтінімді: 4 – Парламент қабылдаған заңдардың конституциялылығы туралы, 2 – конституция нормаларына ресми түсініктеме беру мәселелері бойынша, 9 – Республика соттарының өтінімдері бойынша қарады, оның ішінде екеуі – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасынан, екеуі – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінен, тоғыз өтінім (ұсыным) – Республика соттарынан келіп түсті.

      Парламент қабылдаған "Сауда-өнеркәсіп палаталары туралы", "Аудиторлық қызмет туралы" және "Өсімдіктер карантині туралы" Заңдардың Конституцияға сәйкестігі қаралды.

      "Сауда-өнеркәсіп палаталары туралы" Заң бойынша Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің және Премьер-Министрінің өтінімдері бойынша екі мәрте іс жүргізу қозғалды. Бірінші өтінім бойынша қабылданған шешімде Кеңес сауда-өнеркәсіп палаталарына тауардың шығарылуы туралы сертификаттарды куәландыру құқығын беретін осы Заңның 9-бабының 6-бөлігін, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға байланысты басқа да құжаттарды Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабының тармағына қайшы келеді деп таныды. Бұл ретте Конституциялық Кеңес тауарлардың шығарылуы туралы сертификаттарды куәландыру Үкіметтің сыртқы экономика саласындағы қызметі өкілеттігінің бірі болып табылады және ондай өкілеттікті мемлекеттік емес ұйым ретінде сауда-өнеркәсіп палаталарына беру Конституцияға қайшы келетінін негізге алды. Алайда, екінші рет қабылданған "Сауда-өнеркәсіп палаталары туралы" Заңда Парламент бұл нормаға елеулі өзгеріс енгізген жоқ, бұл Премьер-Министрдің Конституциялық Кеңеске өтінім жасауына себеп болды. Екінші өтінім бойынша осы Заңның 9-бабы 6) тармақшасының сол негіздер бойынша Конституцияның 3-бабының 3-тармағына сәйкес еместігі туралы Кеңес қаулы қабылдады.

      Конституциялық Кеңес Парламент қабылдаған "Аудиторлық қызмет туралы" Заңды Премьер-Министрдің өтінімі бойынша, осы Заңның аудиторлар палаталарының өкілеттігі бөлігіне қатысты жекелеген нормаларының күмән келтіруіне байланысты қарады.

      Осы Заңның дау туғызған ережелері бойынша Конституциялық Кеңес Аудиторлар палатасына – мемлекеттік емес ұйымға аудит стандарттарын дайындау бойынша, аудиторлыққа кандидаттардың біліктілік деңгейін анықтау бойынша аттестация жүргізу және аудиторларға ағымдағы қызметіне бақылау жасау бойынша берілген өкілеттіктер Конституцияның 3-бабына қайшы келмейді, өйткені мұның тек мемлекеттің және оның органдарының құқындағы өкілеттіктер санатына жатпайтындығын атап көрсетті. Сонымен қатар Кеңес Заңның бұл ережелерін жүзеге асыру қосымша бюджеттік қаражаттарды талап етпейтінін анықтады. Баяндалған негіздер бойынша "Аудиторлық қызмет туралы" Заң Конституцияға сәйкес келеді деп танылды.

      Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің өтінімі бойынша қаралған Парламент 1998 жылғы 15 желтоқсанда қабылдаған "Өсімдіктер карантині туралы" Заң да Конституцияға сәйкес келеді деп танылды. Өтінім субъектісінің пікірі бойынша, Парламенттің бұл Заңды қабылдауға құқығы жоқ, өйткені ондағы реттелетін қоғамдық қатынастар оның құзыретіне жатпайды. Конституциялық Кеңес "Өсімдіктер карантині туралы" Заңның реттейтін нысанасы Парламент заңдар қабылдауға құқылы қоғамдық қатынастарға жатады деген қорытындыға келді. Өсімдіктер карантині бойынша Мемлекеттік фитосанитариялық қызметті құру туралы дәлелдерге және осыған байланысты мемлекеттік шығыстарға қатысты Кеңес осы Заңның аталмыш қызметтің түпкілікті мәртебесін алдын ала шешпей-ақ және бұл құқықты Үкіметке бере отырып (Заңның 5-бабы), Мемлекет басшысының орталық атқарушы органдарды құру, тарату және қайта құру бөлігінде Конституцияның 44-бабының 3) тармақшасына қайшы келмейтінін көрсетті. Кеңес сондай-ақ Республика Үкіметінің "Өсімдіктер карантині туралы" Заң жобасы бойынша заң шығаруға бастамашы болуының өзі қабылданған Заңның орындалуы бойынша ықтимал мемлекеттік шығыстарға деген оның келісімін білдіретінін атап көрсетті.

      Конституциялық заңдылық тек конституциялық нормаларды сақтаумен және орындаумен ғана шектелінбейді. Оны құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі позициясынан да, құқықтық реттеудің объективтік қажеттіліктерін білдіретін, оның ішінде Конституцияда жария етілген басымдылықтар мен құндылықтарды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін, Конституцияның нормаларын жүзеге асырудағы қажетті мемлекеттік құрылымдар мен тетіктерді құрып, оны қорғауды тиімді ететін заңдардың жеткіліктілігімен де бағалау қажет. Құқықтық мемлекеттің болашақта қалыптасуы Парламенттің қандай заңдар қабылдауына байланысты.

      Жоғарыда көрсетілген заңдар бойынша, конституциялық іс жүргізуді талдау өткен жылы Парламент қабылдаған 138 заңның небәрі үшеуінің Конституцияға сәйкестігі қаралғанын және біреуінің Конституцияға сәйкес емес деп табылғанын көрсетті.

      Сонымен бірге Республикадағы заңдардың тұрақсыздығы елімізде конституциялық заңдылықтың ахуалына теріс ықпал етіп отырғанын атап айту қажет.

      1997 жылы қабылданған бірқатар заңдарға 1998 жылдың өзінде толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Олардың ішінде: "Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын қорғау туралы", "Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қорлар туралы", "Нотариат туралы", "Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы", "Бюджет жүйесі туралы", Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексі бар.

      Конституцияда ондағы аталған заңдардың қабылдануына және қолданылып жүрген заңдардың Конституцияға сәйкес келтірілуіне екі жыл мерзім берілген. Конституцияның 92-бабындағы норманың орындалмағанын Конституциялық Кеңестің осы Жолдауда тағы да көрсетуіне тура келіп отыр. Күні бүгінге дейін жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң қабылданған жоқ, 70-80 жылдары қабылданған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, еңбек туралы заңдар Конституцияға толық сәйкес келмейді. Нормативтік құқықтық актілерді Конституцияға сәйкестендіру жұмысы да әл күнге дейін аяқталған жоқ. Ол ол ма, бұрынғы КСРО-ның кейбір нормативтік құқықтық актілері әлі қолданылып келеді. Мұндай актілер Конституция нормаларына қайшы келеді және жаңа экономикалық, әлеуметтік және саяси қарым-қатынастарға сәйкес келе бермейді.

      Конституция нормаларына ресми түсініктеме беру Конституциялық Кеңестің құзыретіне жатады.

      1998 жылғы 7 қазанда "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының және 1998 жылғы 8 қазанда Қазақстан Республикасы Парламентінің, "Қазақстан Республикасы Президентін сайлау туралы" қаулысының қабылдануы, Қазақстан Республикасы Конституциясының жекелеген нормаларына түсініктеме беру туралы өтінім жасауға себеп болды.

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қазақстан Республикасы Президентінің, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының 54-бабының 2-тармағындағы ереже негізінде өз өтінімінде Конституцияның 41-бабының 2-тармағындағы "мемлекеттік тілді еркін меңгерген" деген бөлігіне түсініктеме беру туралы мәселе көтерді. Конституциялық Кеңес осы тармақ нормасының "мемлекеттік тілді еркін меңгерген" деген бөлігін "қазақ тілінде сауатты оқи, жаза білу, өз ойын қиналмай жеңіл баяндау және көпшілік алдында сөйлеу" деп түсіну қажет деп анықтады. Кеңестің бұл шешімін Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді білуін тексеру кезінде пайдаланды.

      Парламенттің Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуіне қатысты өкілеттіктеріне байланысты, Мәжіліс Төрағасының өтінімі бойынша, Конституцияның 53-бабы 1) тармақшасына және 91-бабының 2-тармағына түсініктеме бергенде, Кеңес, Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша, Парламент Конституцияның 91-бабының 1-тармағында көрсетілген мәселелерден басқа барлық мәселелер бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қақылы, сондай-ақ, Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды Республикалық референдум немесе Парламент енгізуі мүмкін деп көрсетті.

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қолданылуға жататын нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тану туралы соттардың өтінімдерін қарай отырып, актіні немесе оның бөлігін Конституцияға сәйкес емес деп табу арқылы адам мен азаматтың конституциялық құқығын қорғауды жүзеге асырады.

      Талданылып отырған кезең ішінде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне соттардан 9 өтінім (ұсыным) келіп түсті. Оның алтауы өндіріске қабылданды.

      Конституциялық Кеңес Жамбыл облыстық сотының екі өтінімін қарады. Қазақ КСР-ның әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 280-бабының 2-бөлігін және 288-бабының 1-бөлігін Конституцияға сәйкес емес деп тану туралы соттың бірінші өтінімі, соттардың қаулыларына шағымдану және наразылық білдіру құқығын шектейтін көрсетілген нормалардың, сот әкімшілік жауапкершілікке тартқан адам, оған Қазақстан Республикасының Конституциясы 13-бабының 2-тармағымен берілген сот арқылы қорғану құқығынан айыратынына негізделген болатын. Осыған байланысты Конституциялық Кеңес, әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау құқығы, заңды бұзуға, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын кемсітуге әкеп соққан соттың (судьяның) шешімдері мен іс-әрекеттеріне Конституциямен бекітілген сот арқылы шағымдану құқығы болып табылатынын анықтады. Сонымен бірге сот арқылы қорғану құқығы конституциялық құқықтардың қатарына жатады, және Конституцияның 39-бабының 3-тармағына сәйкес қандай жағдай болғанда да шектелуге жатпайды. Конституциялық Кеңес Қазақ КСР-ның әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 280-бабының 2-бөлігінің мазмұны азаматтардың сот арқылы қорғану туралы конституциялық құқығын жүзеге асыруға ғана емес, сондай-ақ анықталған заң бұзушылықты прокурорлық қадағалау тәсілімен түзеуге де кедергі келтіретінін анықтады.

      Қазақ КСР-ның әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 288-бабының 1-бөлігін қараған кезде Конституциялық Кеңес бұл норманың әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша прокурордың наразылығымен судьяның шығарған қаулысын Кодексте көрсетілген жекелеген баптар бойынша тек судьяның өзі ғана күшін жоюы немесе өзгертуі мүмкін деген бөлігінде көзделген шектеу, Республика аумағында заңдардың, жарлықтардың және басқа да нормативтік құқықтық актілердің нақтылы және біркелкі қолданылуына жоғары қадағалауды жүзеге асыруды прокуратураға жүктейтін Конституцияның 83-бабы 1-тармағының нормасына түзету енгізетінін анықтады.

      Конституциялық Кеңес шешім шығарғанда, Конституциялық Кеңестің 1997 жылғы 6 наурызда қабылдаған Қаулысындағы "прокуратура Республиканың Конституциясына және басқа да заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді" деген конституциялық ережені есепке алды. Онда прокуратураның соттардың шешімдеріне, үкімдеріне және барлық істер бойынша басқа қаулыларына наразылық жасайтын құқығын да білдіретінін ескерген болатын.

      Баяндалған негіздер бойынша Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Қазақ КСР-ның әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 280-бабының 2-бөлігін, 288-бабының 1-бөлігін Конституцияға сәйкес емес деп тапты.

      Жамбыл облыстық сотының екінші өтінімінде 1981 жылғы 18 мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы бекіткен анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдарының заңсыз әрекеттерінен азаматтың шеккен залалын өтеу тәртібі туралы Ережені Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес және Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық-іс жүргізу кодексінің қабылдануына байланысты Қазақстан аумағында қолданылмайды деп тану туралы мәселе қойылған болатын.

      Осы өтінім бойынша қорытынды шешім қабылдағанда Кеңес айтылған Ережеде моральдық зақымның орынын толтыруды көздейтін құқықтық норманың болмауы азаматқа Конституцияның 13-бабында кепілдік берілген сот арқылы қорғану құқығынан айырмайды деп тапты. Өйткені, кез келген адамның Қазақстан Республикасының Азаматтық және Қылмыстық-іс жүргізу кодекстері нормаларының негізінде мұндай зақымның орынын толтыру туралы сотқа талап етуге хақылы екендігін негізге алды.

      Актіні қолданылмайды деп тану бөлігінде Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасында осы мазмұндас нормативтік актінің болмауы себепті, соттар мен басқа да мемлекеттік органдардың "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының конституциялық заңын күшіне енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1991 жылғы 16-желтоқсандағы Қаулысының 2-тармағында баяндалған талаптарды сақтай отырып, қаралып отырған актіні уақытша қолданып жүргенін негізге алды және оны қолданылмайды (Қазақстан Республикасы аумағында күшін жойды) деп тану туралы мәселе тек Қазақстанда осы тәріздес нормативтік құқықтық акті қабылданғаннан кейін ғана шешіледі деген қорытындыға келді. Сол себепті Конституциялық Кеңес шешім қабылдап, онда осы акт Конституцияға қайшы келмейді және оны Қазақстан Республикасы аумағында қолдануға болады деп көрсетті.

      Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ұсынымы бойынша Қазақ КСР-ның әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 261-бабы 3-бөлігінің конституциялылығын қарады. Осы нормадағы бекітілген ереже әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралған кезде жауапқа тартылған адамның қатысуының міндеттілігі бөлігінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабында бекітілген заң мен сот алдында азаматтардың бәрі бірдей деген конституциялылық принципке қайшы келеді. Осыған байланысты Кеңес, Конституцияның 39-бабы 3-тармағында бекітілген азаматтардың конституциялылық құқықтарын қандай да бір шектеуге жол беруге болмайтынын белгіледі. Жоғарыда баяндалғандар Конституциялық Кеңеске Қазақ КСР-ның әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 261-бабы 3-бөлігінің нормасын конституциялық емес деп тануға мүмкіндік берді.

      Аталған кезең ішінде соттардың үш өтінімі бойынша конституциялық іс жүргізу тоқтатылды.

      Айталық, Балқаш қаласының соты өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтаудағы есірткі құралдарының мөлшері туралы мәселелерді реттейтін кейбір құқықтық актілерді конституциялық емес деп тану туралы ұсыным жасады. Өтінім материалдарынан көрсетілген актілердің Конституция нормаларына сәйкес еместігі көрініс тапқан. Алайда, Кеңеске өтінім жасауға себеп болған мәселелердің шешілуіне байланысты берген ұсынымнан бас тартатыны жөнінде соттан хат келіп түсті. Сондықтан Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының 21-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын және 30-бабының 1-тармағын басшылыққа ала отырып, Кеңес конституциялық іс жүргізуді тоқтатты.

      Конституциялық Кеңес сондай-ақ 1993 жылғы 17-наурызда Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті бекіткен жұмысшылар мен қызметкерлердің еңбек міндеттерін орындау негізінде алған жарақаты, не денсаулығына басқа зақым келуі себепті шеккен залалын өтеу Ережелерінің 28-тармағын конституциялық емес деп тану туралы Шығыс Қазақстан облыстық сотының өтінімі бойынша конституциялық іс жүргізуді облыстық соттың өз өтінімінен бас тартуы туралы өтініші бойынша тоқтатуға тиіс болды. Алайда, өтінім бойынша конституциялық іс жүргізу материалдарынан Чернобыль АЭС-сындағы апатты жоюға қатысушылардың әлеуметтік құқықтары мен жеңілдіктерін анықтайтын нормативтік ережелердің Конституцияға сәйкес еместігі көрініс тапқан болатын.

      Конституциялық Кеңес мұндай жасалған өтінімдерден (ұсынымдардан) бас тарту практикасы адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы соттардың позицияларының әлсіз екендігін білдіреді, сондай-ақ сот әділдігін атқарудағы соттардың қызметіне Республика Әділет министрлігінің тікелей араласуының салдары деп есептейді. Соттардың Конституциялық Кеңеске өтінім жасау үшін алдын ала Министрлікпен міндетті түрде келісуін талап етуі, (бұл жөнінде баспасөзде талай рет жазылған болатын) соттар тәуелсіздігінің конституциялық принципін бұзуға бағытталып отыр.

      Солтүстік Қазақстан облыстық сотының Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті 1995 жылғы 24 ақпандағы қаулысымен бекіткен "Кәсіпорындар мен ұйымдардан Республика ішіндегі өзара борышы есебі бойынша келіп түскен қаражат орнына қожалық етуші субъектілерге берілген Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналымдағы мерзімді вексельдерін өтеу тәртібі туралы Ереженің" 4 және 5-абзацтарын конституцияға сәйкес емес деп тану туралы" өтінімі бойынша конституциялық іс жүргізуді Кеңес 1998 жылғы 3 қазанда Қазақстан Республикасының Үкіметі көрсетілген ереженің күші жойылғаны туралы қаулы қабылдауымен байланысты тоқтатты.

      Өткен жылы соттардың үш өтінімі конституциялық іс жүргізуге қабылданбады. Айталық, Конституциялық Кеңес Жамбыл облыстық сотының Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Заң күші бар Жарлығының 73-бабын конституциялық емес деп тану туралы және Алматы қаласы әкімі шешімінің конституциялық еместігі туралы Алматы қаласы Әуезов аудандық соты Ақсай сот учаскесінің өтінімдерін (ұсынымдарын) іс жүргізуге қабылдамады. Бұл ретте Кеңес Конституцияның 78-бабына сәйкес, ол тек адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға қатысты мәселелерді ғана қарауға хақылы екендігін негізге алады, ал кез келген құқықтық нормалар оның ішінде заңды тұлғаларға да қатысты нормаларды қорғауға құқылы емес.

      Жамбыл облыстық сотының Қазақ КСР-ның Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 280-бабының 2-бөлігін конституцияға сәйкес емес деп тану туралы өтінімін Кеңестің қабылдамауына сот өтінімінің заңда белгіленген нысан мән мазмұнға сәйкес келмеуі негіз болды. Өтінімін қайта ұсынғанда сот, Конституциялық Кеңестің ескертпесін ескерді.

      Қазақстан Республикасы Конституциясы өзінің бірінші бабында мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп көрсеткен, оларды абсолюттік және бөлінбейді деп таныған. Конституция баптарының едәуір бөлігі адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттік органдардың қызметі де осыған есептеліп құрылған. Құқық қорғау органдары да өз қызметінде адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтары басымдылығын негізге алады. Ал азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселелері осы органдар алқаларының және Жоғарғы Сот Пленумының арнайы қараған нысанасы болды. Жоғарғы Сот Пленумы өз қаулыларында соттардың сот әділдігін атқаруда адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын негізге алу қажеттігіне; сот үкімдері мен қаулыларының заңдылығына қадағалау ретінде тексеру адамның бұзылған конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру мақсатын көздейтіндігіне назар аударады.

      Атап айтқанда, "Қазақстан Республикасында сот билігі туралы заңдарды қолданудың кейбір мәселелері туралы" 1998 жылғы 14 мамырдағы қаулысында Жоғарғы Сот Пленумы соттардың істі қарау барысында азаматтардың құқықтарына, бостандықтарына және міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актінің жариялану фактісін тексеру, сөйтіп, Конституция 4-бабының 4-тармағы бекіткен принципті сақтауды қамтамасыз ету міндетін атап көрсетті. Осы қаулымен бекітілген азаматтар құқықтарын сақтаудың маңызды кепілдігі Конституциялық Кеңеске ұсыныс енгізе отырып және осыған байланысты қылмысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұрып, сот сотталушы күзетке алынған ретте Қазақстан Республикасы Қылмыстық-іс жүргізу кодексінің 322-бабының талаптарына сәйкес оған бұлтартпау шараларын өзгерту туралы мәселені талқылауға хақылы болатындығы.

      Прокурор практикасының материалдары қылмыстық және қылмыстық-іс жүргізу заңдарының дұрыс қолданылмау, азаматтарды заңсыз күзетте ұстау фактілері кездесетінін көрсетеді, бұл адамның және азаматтың жеке басының бостандығына кепілдік беретін Конституция талаптарына қайшы келеді.

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығының 1998 жылғы мәліметтеріне сәйкес қылмыс жасады деген күдікті 293 адамды прокурорлар кінәсі болмағандықтан босатқан. Күзетте ұстау түріндегі тыйым салу шараларын қолдану негізінің болмауы себепті былтырғы жылы прокуратура органдары 4743 адамды босатқан. Әкімшілік жолмен ұстаудың заңдылығын тексеру нәтижесінде 349 адам, әкімшілік жолмен ұстаудан 142 адам босатылған.

      Дәлелдерді дәйексіз зерттеу, оларды дұрыс бағаламау азаматтарды заңсыз соттаудың негізгі себептері болып табылады. Қаралып отырған кезеңде Республика соттары сотталушының ақталуына немесе істің тоқтатылуына байланысты күзеттен 615 адамды босатқан. Мұндай практика Конституцияның 16-бабы бекіткен адамның және азаматтың жеке басының бостандығы құқығының дөрекі түрде бұзылғанын айғақтайды.

      Көбіне азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен бостандықтары бұзылады: жалақының уақытылы берілмеуі немесе мүлде берілмеуі, әкімшіліктің бастамасымен азаматтардың жұмыстан заңсыз шығарылуы, кәсіпкерлер құқықтарының және азаматтардың тұрғын үй құқықтарының бұзылуы Конституция нормаларына қайшы келеді.

      Қазіргі кездегі кәсіпкерлердің жұмыс жағдайы, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулар деңгейі Конституцияның 24-бабының 2-тармағында бекітілген ереженің бұзылғандығын айғақтайды. Айталық, еңбек міндеттерін атқару кезінде жыл сайын 7 мыңнан астам адам жарақат алады, бір мыңдай адам мүгедек болып, 300-ден астам адам опат болады. Сондықтан да азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғауға бағытталған "Еңбек (қызмет) міндеттерін орындау кезінде оқыс жағдайдың немесе кәсіптік аурудың нәтижесінде зардап шеккен қызметкерлерге зиян келтіргені үшін жұмыс берушінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" Заңның қабылдануын жеделдету қажет.

      Конституциялық заңдылықтың жайы атқару өкімет органдары мен оның лауазымды адамдарының Конституция талаптарын сақтауына байланысты. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың мүдделерін сақтау аясында прокуратура органдары мынадай заңдардың бұзылуын анықтады: азаматтардың тұрғын үй құқықтары – 829, зейнетақымен қамтамасыз ету туралы – 5019, денсаулық сақтау туралы – 1874, кәсіпкерлік туралы – 2301.

      Көбіне Конституцияның 35-бабы бекіткен заңды түрде белгіленген салықтарды төлеу міндеттілігі туралы конституциялық норма бұзылады. Республикада салық заңдарының 9720 рет бұзылғаны анықталды.

      Қазақстанда жергілікті атқарушы органдардың Конституцияның 26-бабы 4-тармағын бұза отырып, азаматтардың кәсіпкерлік қызмет бостандығын шектейтін құқықтық актілер шығарған фактілері де кездеседі. Өткен жылы осындай 1294 акт шығарылғаны анықталды.

      Бақылаушы және тексеруші органдар тарапынан кәсіпкерлер құқықтарына катысты азаматтардың құқықтарын жаппай бұзушылық байқалады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 162-2-бабында көзделген белгі салуға жататын акциздеуге жататын тауарларды әкелу, өндіру және өткізу ережелерін әкімшілік бұзу туралы істерді қарағанда акциздеуге жататын тауарларды тәркілеу түрінде өздері әкімшілік шара қолданған, бұл Конституцияның 26-бабының 3-тармағына қайшы келеді, ал онда соттың шешімінсіз ешкімді де мүлкінен айыруға болмайды деп көрсетілген.

      Республикадағы конституциялық заңдылықтың жайын талдау және оны қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдар практикасын қорыту мынадай ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді.

      1. Республика заң шығарушы және атқарушы өкімет билігі органдары қолданылып жүрген заңдарды Конституцияға сәйкестендіру бойынша жұмыстарды, оның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық және еңбек туралы кодекстерді, сондай-ақ Конституцияда тікелей көрсетілген нормативтік құқықтық актілерді – жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы жаңа заңды, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңды қабылдау бойынша жұмыстарды жеделдету қажет. Бұл үшін Конституцияда белгіленген екі жылдық мерзім (92-баптың 2-тармағы) 1997 жылғы 30 тамызда аяқталды.

      2. Конституцияда және нормативтік құқықтық актілерде заңдарға ресми түсініктеме беру туралы норма болмағандықтан бұл олқылықтың орнын толтырудың зәру кажеттілігі туындайды. Бұл мәселені шешерде мына жағдайға назар аударған жөн: Конституция нормаларын Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі ресми түсініктеме беретін болғандықтан Республика заңдарының нормаларына түсініктеме беруді соған жүктеген тиімді болмақ.

      3. Сот әділдігін атқарудағы соттардың тәуелсіздігі конституциялық принципін негізге ала отырып, тек сот төрағасына ғана емес, сондай-ақ жекелеген соттарға да Конституциялық Кеңеске өтінім жасау құқығын беру мәселесін шешу қажет.

      4. Республика заңдарында Конституцияға қайшы келетін заңға прокуратураның наразылық білдіру өкілеттігін жүзеге асыру Республикасы тетігі болмауы себепті Қазақстан Бас прокуратурасына Конституциялық Кеңеске өтінім жасау құқығын беру туралы мәселені қарау қажет.

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі көрсетілген мәселелерді шешу еліміздегі конституциялық заңдылық деңгейін көтереді деп есептейді.

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады