"Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы"

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік-құқық бөлімінің Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 22 қаңтардағы N 536 Жарлығына түсініктемесі

      Бұл Жарлықтың жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын және 2000 жылғы 9 қарашада құқық қорғау органдары жетекшілерінің кеңесінде қабылданған шешімдері іс жүзіне асыру мақсатында талдап жасалған. 
      Жарлықтың негізгі мақсаты құқық қорғау органдарының қызметін одан әрі жетілдіру және олардың құрылымын алға қойылған міндеттерге сәйкес келтіру болып табылады. 
      Жарлықта Қазақстан Республикасы Қаржы полициясы агенттігін құру көзделген. Бұл Агенттікке экономика және қаржы қызметі саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу жөніндегі міндеттерді орындау жүктеледі. Экономикалық қылмысқа қарсы күрестің ахуалына толық жауапты, дербес органның құрылуы бұл күрестің тиімділігін арттырады, сонымен бірге кәсіпкерлерді тексеру санының және жеке бизнеске заңсыз араласу жәйттерінің азаюына жағдай жасайтын болады. 
      Сот шешімдері орындалуының орын алып отырған проблемасы (соттың әрбір төртінші шешімі орындалмай қалады) атқару өндірісі органының мәртебесін арттыру жөнінде шаралар қабылдауды талап етті. Осы мақсатта Әділет министрлігінің Сот қаулыларын орындау жөніндегі комитетінің функциялары мен штаттық саны Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитетке беріледі. 
      Бұл шешімнің қабылдануы сот қаулыларының орындалуын жақсартуға ғана мүмкіндік беріп қоймайды, сонымен бірге тұтастай алғанда сот билігінің беделін арттырады. 
      Сотқа құрмет көрсетпеу және сот шешімдерін орындау тәртібін бұзуға байланысты қылмыстар туралы істер жөніндегі алдын ала анықтау құқығы ішкі істер органдарына беріледі. 
      Прокуратура органдарының қызметін жақсарту мақсатында Үкіметке прокурорлық қадағалау актілерін қолданыстағы заңда белгіленгеніндей міндетті түрде қарауды ғана емес, сонымен бірге міндетті түрде орындауды, сондай-ақ оларды мәжбүрлеп орындату тетіктерін анықтауды көздейтін заң жобасын әзірлеуге тапсырма берілді. Аталған өзгерістерді қабылдау прокурорлық қадағалаудың тиімділігін, әсіресе азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бөлігінде айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. 
      Кеден органдары таза фискалдық органдар болып табылуын ескеріп, оларда контрабанда және кеден төлемдерін төлеуден жалтару туралы істер бойынша алдын ала анықтау құқығын сақтай отырып, жедел іздестіру қызметін жүзеге асыру өкілеттігінен айыру бөлігінде құқық қорғау функцияларын шектеу шаралары алынды.
      Әділет министрлігінің жанындағы Авторлық құқық жөніндегі комитет пен "Қазпатент" Патенттер және тауар белгілері жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсіпорны іс жүзінде бірдей функциялар атқаратындығына байланысты бір ғана Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитетін құру ұсынылады.

      Қазақстан Республикасы Президенті
      Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөлімі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады