Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 30 наурызда "Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойды. Аталған Жарлықпен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы және Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 1 наурыздағы "Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жалпыұлттық жоспары (бұдан әрі - Жалпыұлттық жоспар) бекітілді.
Жалпыұлттық жоспар Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы Қазақстан Халқына Жолдауында баяндалған жеті басым бағытты іске асыруға бағытталған. Барлығы 145 іс-шараны қамтитын 73 тармақты орындау белгіленген. Күллі іс-шаралар бойынша іске асырудың нақты мерзімдері, мемлекеттік саясаттың тиісті бағытында жауап беретін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары нақты орындаушылар болып белгіленген.
Ел Президенті белгілеген "Әлемдік экономикаға ойдағыдай кірігу - елдің экономикалық дамуының сапалық серпілісінің негізі" басымдығына сәйкес халықаралық маңызды "серпінді" жобаларды іске асыруға, жоғары технологиялық индустрияны дамытуға, әлемдік нарықтарда бәсекеге қабілетті болатын тауарлар мен қызметтерді өндіруге бағытталған белсенді шараларды қабылдау жоспарланған. Бұл үшін Индустриялық-инновациялық дамудың 2-кезеңін іске асыру жөніндегі жұмыс жандандырылатын болады. Қазақстанның БСҰ-ға кіруі, экспорттық-импорттық кредиттеуді, академиялық орталықтарды дамыту, қазіргі заманғы көлік-коммуникация инфрақұрылымын қалыптастыру, Алматы қаласын өңірлік қаржы және іскерлік орталығы ретінде дамыту жөніндегі жұмыс жалғасуда.
"Қазақстан экономикасын тұрлаулы экономикалық өрлеудің іргетасы ретінде одан әрі жаңарту мен әртараптандыру" басымдығының аясында қаржы саласындағы тұрақтылықты нығайту, валюта операцияларын жүзеге асыру тәртібін жеңілдету жөнінде шаралар қабылданып қосылған құн салығы мен әлеуметтік салық ставкалары төмендетілетін, жеке тұлғалар үшін табыс салығының тіркелген ставкасы және шағын бизнес субъектілері үшін бірыңғай салық салу ставкасы енгізілетін болады. Мұнай химиясы өндірісін дамыту, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды құру, монополияға қарсы заңнаманы жетілдіру және бәсекелестікті қорғау жөніндегі жұмысты бастау жоспарланып отыр. Мемлекет қызметінің маңызды бағыты "электрондық үкімет" жүйесін одан әрі қалыптастыру, мемлекеттік активтерді басқаруды жетілдіру болмақ. Өңірлерді дамыту Қазақстанның 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясына негізделетін болады. Астана қаласын Еуразиядағы халықаралық өзара іс-қимылдың ірі орталықтарының бірі ретінде дамытуға баса назар аударылатын болады.
"Халықтың неғұрлым "әлжуаз" топтарын қорғайтын және экономиканың дамуына қолдау көрсететін осы заманғы әлеуметтік саясат" басымдығын іске асыру мақсатында бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруді, халықтың жекелеген топтарына арнайы мемлекеттік жәрдемақыларды ұлғайтуды көздейтін халықтың жекелеген топтарын қолдау жүзеге асырылатын болады. Халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес келетін Еңбек кодексін, сондай-ақ Экологиялық кодексті қабылдау, білікті ұлттық кадрларды оқытып-үйрету және кәсіби даярлау жөніндегі бағдарламалар әзірлеу, денсаулық сақтау саласында халықаралық стандарттар мен қағидаттарға көшу жоспарланып отыр.
"Осы заманғы білім беруді дамыту, кадрлардың біліктілігі мен оларды даярлауды ұдайы арттыру және Қазақстан халқы мәдениетінің одан әрі өркендеуі" басымдығы 12 жылдық оқытуға кезең-кезеңімен көшуге бағытталған. Оқу орындарының барлық түрлері үшін білім мазмұнына бірыңғай талаптар белгіленетін болады, мұның өзі білім алушылардың жоғары оқу орнына кәсіп бойынша түсу құқығын қамтамасыз етеді. 2006 жылы биотехнология, авиация, телекоммуникация, ақпарат, химия және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша жоғары білімді мамандар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы ұлғайтылатын болады. Бұдан басқа, мәдениет пен өнер қайраткерлерін мемлекеттік қолдау жүзеге асырылып, қоғамдық мәні бар көркем шығармалар және т.б. туындыларға гранттар нысанында мемлекеттік тапсырыс берілетін болады.
"Демократияны одан әрі дамыту және саяси жүйені жаңарту" басымдығын іске асыру мақсатында демократиялық реформалар және азаматтық қоғамды қалыптастыру бағдарламасын әзірлеу көзделуде. Этностық және конфессиялық келісім мен гендерлік теңдіктің қазақстандық моделін жетілдіру жөнінде бұдан кейін де шаралар қабылданатын болады.
"Осы заманғы қауіп-қатерлер мен қыр көрсетулерге қарсы бара-бар Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру" басымдығы бойынша кәсіби армия құру, діни экстремизмге қарсы іс-қимылға, сондай-ақ халықаралық терроризмге, есірткі саудасына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған саясат жүргізуді көздейтін жаңа әскери доктрина негізінде мемлекеттілікті, ұлттық егемендікті және елдің тұтастығын нығайту мәселелерін шешуге айрықша назар аударылады.
"Қазақстанның мүдделерін, өңірлік және әлемдік даму серпінін ескеретін теңдестірілген және жауапты сыртқы саяси бағытты одан әрі іске асыру" басымдығы шеңберінде Ресеймен стратегиялық әріптестік қатынастарды дамыту, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуропалық одақпен, Орталық Азия мемлекеттерімен, мұсылман әлемі елдерімен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту және дамыту жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.
Жалпыұлттық жоспардың іске асырылу барысы туралы халық пен жұртшылықты хабардар етіп отыру көзделген.
Қазақстан Республикасы
Президенті Әкімшілігінің
Әлеуметтік-экономикалық
талдау бөлімі