Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2001-2005 жылдарға арналған стратегиясы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 16 мамырдағы N 394 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы N 829 Жарлығымен

       Ескерту. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009.06.18 N 829 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының K951000_ 44-бабының
8) тармақшасына сәйкес қаулы етемін:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2001-2005 жылдарға арналған стратегиясы (бұдан әрі - Стратегия) бекітілсін. 2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, өзге де мемлекеттік органдар Стратегияның тиісінше және уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін. 3. Стратегияны орындауды қамтамасыз ету жөніндегі бақылау мен үйлестіру Қазақстан Республикасының Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі агенттігіне жүктелсін. 4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2001-2005 жылдарға арналған Стратегиясы 1. Кіріспе
      Қазақстан Республикасында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2001-2005 жылдарға арналған стратегиясы (бұдан әрі - Стратегия) Қазақстан қоғамының гүлденуі, Қазақстан Республикасының азаматтары құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерінің кепілдігін қамтамасыз ету тұрғысында әзірленді.
      Стратегия нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес Үкіметтің басым міндеті болып белгіленген ел Президентінің 1997 жылғы 10 қазандағы "Қазақстан-2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы" атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларына жауап береді.
      Онда Мемлекет басшысының 1999 жылғы 15 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздігінің 1999-2005 жылдарға арналған стратегиясында, 2000 жылғы 21 сәуірде Ташкентте Орта Азия Экономикалық Қауымдастығына қатысушы мемлекеттер басшылары қол қойған "Терроризмге, саяси және діни экстремизмге, ұлтаралық ұйымдасқан қылмысқа және Тараптардың тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің өзге де қатерлеріне қарсы бірлескен іс-қимыл туралы шарттың" қағидаларында, 1999 жылғы 25 тамызда "Шанхай бестігі" мемлекеттерінің басшылары жария еткен Бішкек Декларациясында көрініс тапқан кейінгі бастамалары ескерілген.
      Стратегия толығымен қазақстандықтардың қолдауынсыз мүмкін болмайтын және бұл проблеманың ауқымын мемлекеттік және қоғамдық тұрғыда түсінуді талап ететін нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің маңыздылығы айқын атап көрсетілген 1999 жылғы 14 желтоқсандағы "Еліміздің жаңа ғасырдағы тұрақтылығы мен қауіпсіздігі" деп аталатын Президенттің Қазақстан халқына Жолдауындағы ахуалға және есірткіге қарсы күрес саласындағы іс-қимылдың болашағына берілген бағаға негізделген.
      Стратегияның заңнамалық базасын "Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 10 шілдедегі Z980279_ Заңының ережелері түзді. Стратегияны талдап жасау кезінде осы саладағы басқа да маңызды нормативтік құқықтық актілердің қағидалары ескерілді.
      Стратегия мазмұнында Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен жасалып, 2005 жылдың аяғына дейінгі кезеңге есептелген, есірткінің заңсыз айналымын бақылау және ұйымдасқан қылмыс жөніндегі Іс-жоспардың іс-шаралары ескеріледі.
 
      2. Проблеманың жай-күйін талдау
 
      Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің соңғы жылдары ерекше шиеленісе түскен проблемалары Азия мен Еуропада жүріп жатқан әскери-саяси және экономикалық сипаттағы ғаламдық процестерге де, түрлі елдердегі қылмыстық күштердің жеке әлеуметтік проблемаларды есірткімен заңсыз сауданың, діни фанатизм мен экстремизмнің, халықаралық терроризмнің өрістеуін арандату арқылы шешуге толассыз ұмтылуына да байланысты. Бұл тұрғыда ғаламдық қылмыстық жоспарларды іске асыруға қажетті экономикалық негіз жасап және жалпы әлемдік немесе аймақтық ауқымда есірткіні заңсыз өндіру мен тарату үшін дамушы елдерде басты әлеуметтік әрі шикізат базасын ұстап отырған халықаралық есірткі бизнесінің рөлі ерекше. Қазақстан бұл процестерден тыс қалмай ғана қойған жоқ, өзінің географикалық жағдайы, әлеуметтік және шикізаттық әлеуеті жөнінен тым тартымдылығымен де есірткіні заңсыз тарату мен оларды теріс пайдалану саласындағы жалпы әлемдік процестерге бой алдырды.
      Соңғы онжылдық ішінде республикада есірткі мен психотроптық заттардың теріс пайдаланылуы әрі олардың заңсыз айналымы жаппай етек алды және экономиканың, құқық тәртібінің жай-күйіне, қоғамдағы әлеуметтік-психологиялық ахуалға, халықтың денсаулығы мен тектік қорына барған сайын кері әсер етуде. Есірткіні теріс пайдалануға байланысты денсаулық сақтау мекемелерінде бақылауда тұратын адамдардың жалпы саны 1991 жылдан бастап 5,4 есе көбейіп, 33 мың адамға жетті. Бұл ретте нашақорлық дертіне шалдығу 19 есе өсті. Кәмелетке толмағандар мен жастардың, сондай-ақ әйелдердің арасында есірткіні беймедициналық тұтынудың етек алуы ерекше аландаушылық туғызады. Есірткі тұтынушылардың үштен екісі дерлік - 30 жасқа дейінгі адамдар.
      Есірткеге байланысты қылмыстылық жоғары қарқынмен өсіп келеді. 1991 жылдан бастап жалпы қылмыстылықтың 19,8%-ға төмендеуі аясында есірткіге байланысты қылмыстардың абсолюттік санының 4,3 есе өсуі орын алды. Бұл қылмыстардың үлесі болса 5,3 есе өсті және 1999 жылы 15,28%-ды құрады. Бұл ретте осы процестегі жастар мен әйелдердің рөлі басым болып келеді. Оның үстіне, елдегі қылмыстылықтың жай-күйіне нашақорлықтың тұрақты келеңсіз әсері жалғаса түсуде. Есірткіні теріс пайдалану пайдакүнемдік және пайдакүнемдік зорлық-зомбылық қылмыстарын жасауға неғұрлым жиі ұрындыруда. Жекелеген аймақтарда 60%-ға дейінгі ұрлық есірткі мен психотроптық заттарды теріс пайдаланудың негізінде жасалады. 90-шы жылдардың екінші жартысында республиканың жекелеген аймақтарын шарпыған ВИЧ-СПИД індеті де есірткіні теріс пайдаланудың зардабы.
      Елде заңсыз есірткі рыногын құрылымдық жағынан қайта құру үдемелі түрде жалғасуда. Республикада бұрынғы дәстүрлі каннабис тобындағы есірткіні едәуір ығыстырған, құрамында есірткі мөлшері көп, "қатаң", неғұрлым қауіпті әрі қымбат тұратын контрабандалық апиын, героин, кокаин, синтетикалық есірткілер заңсыз айналымнан барған сайын жиі алынуда.
      Республика халықаралық есірткі бизнесі өктемдігінің объектісіне айналуда, оған отандық есірткі пысықайлары мен олардың ұйымдасқан қылмыстық топтары тартылып отыр. Елге есірткіні контрабандалау мен оларды оның аумағында, сол сияқты одан тысқары жерлерге әрі қарай таратудың тұрақты арналары қалыптасуда. Қазақстан есірткіні Оңтүстік-Батыс, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері мен басқа да елдерден Ресейге, Шығыс және Батыс Еуропаға жеткізудің тұрақты "транзиттік дәлізіне" айналды. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев 2000 жылғы 24 ақпанда Венада Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Бас Хатшысы Я. Кубишпен осы халықаралық ұйымның штаб пәтерінде кездесуінде атап айтқандай, шын мәнінде Орталық Азия елдерінің аумақтарында халықаралық есірткі бизнесінің өктемдігі орын алуда. Ал бұл - біздің мемлекеттеріміздің ұлттық қауіпсіздігіне және тұтастай алғанда аймақтың қауіпсіздігіне тікелей қатер болып табылады. Бұл ретте нақты заңдылық бар - аймақта халықаралық терроризмнің күрт жандануы есірткінің осы аумақ арқылы Еуропаға тасымалдануының артуына ықпал етеді.
      Мемлекет ішіндегі және халықаралық есірткі бизнесінің ақшалай табыстарын республиканың экономикасын пайдалану арқылы жаппай "тазарту" қатері өсіп келеді.
      Ахуалды талдау, нәтижеде, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясат пен стратегияға сүйенген, жаңа қатерлер мен қауіптердің пайда болуының алдын алуға қабілетті, өзара байланысты барабар шаралардың кешенін іске асыруға негізделген, қазіргі заманғы болмыс пен мемлекеттің мүмкіндіктерін ескеретін мүлдем жаңа қадамдарды жүзеге асыруды талап етеді.
      Аталған бағытта бұрын жүзеге асырылған шаралар нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жүйесін жақсартуға, оны неғұрлым тиімді нормативтік құқықтық реттеуге ықпал етті, алайда реттеудің күллі нормативтік-құқықтық және ұйымдық-құрылымдық салалары есірткінің заңсыз айналымы мен оларды теріс пайдалану саласында болып жатқан ұшқыр өзгерістерді тиісінше ескермейтіндіктен, сайып келгенде мемлекет пен қоғамды есірткінің жайлауынан тиімді қорғауды қамтамасыз етуге қабілетсіз. Алғашқы және әзірге іске асырылған бірден бір үкіметтік мақсатты бағдарлама "Есірткінің теріс пайдаланылуы мен заңсыз таралуына қарсы іс-қимылдың 1997-1998 жылдарға арналған кешенді шаралары" көп ретте үстірт орындалды және 900 млн. теңгеден астам сомаға мүлдем қаржыландырылмағандықтан қажетті оң нәтижелерін бермеді.
      1998 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысушы адамдардың жауаптылығын саралау тұрғысындағы оң өзгерістерге қарамастан, олардың іс-әрекетінде өткізу мақсатының болуы немесе болмауына қарай қылмыстық жазалаудың өткір жүзін есірткі таратушыларға қарай бұру орын алмады. Бұрынғыша, жекелеген аймақтарда сотталғандардың 9/10-ына дейінгісін есірткі тұтынушылардың өздері құрайды.
      Мүдделі министрліктер мен ведомстволардың есірткіге қарсы бөлімшелері мен қызметтерін мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қажетті нысаналы нығайту іс жүзінде жүзеге асырылған жоқ, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы қызметке қажет мамандарды оқыту, даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру жүйесі дамымаған күйде қалып отыр. Бұл бағыттағы жұмыс негізінен 1997 жылдың көктемінен бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының есірткіні бақылау жөніндегі "Қазақстанда есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес шараларын институционалдық нығайту және жақсарту" бағдарламасының жобасын іске асыру есебінен жүзеге асырылды, оған сәйкес құқық қорғау органдары 13 жеңіл автомобиль, компьютерлік техника және өзге де қажетті жабдықтар, есірткі мен психотроптық заттарды табуға арналған экспресс-сұрыптағыштарды алды, кейбір мүдделі министрліктер мен ведомстволар қызметкерлері бірқатар шет елдерде тағлымдамадан өтті. Алайда аталған жобаның, сол сияқты шет елдер тарапынан басқа да біржолғы техникалық көмектің мүмкіндіктері, жүйелі сипаттағы қажетті өзгерістерге жеткізе алмады және сол себепті тиімділігі аз болып қалып отыр.
      1998-1999 жылдардың ішінде республика аумағында Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткіні бақылау және қылмыстың алдын алу жөніндегі басқармасының "Қазақстанда, Қырғызстанда және Тәжікстанда құрамында есірткі бар өсімдіктердің өсу аймақтарын картографиялау" аймақтық жобасы іске асырылды, оның көмегімен Қазақстан Республикасының оңтүстік, орталық және шығыс аймақтарының бірқатарындағы сора мен қылша жабайы өсетін алқаптардың компьютерлік картасы алынды. Алайда алынған деректерді тиімді пайдалану тек кейіннен жүргізілетін көп жылдық мониторингі мен оларды құзыретті органдардың есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі практикалық қызметінде қолданған жағдайда, сондай-ақ есірткі шикізаты көздерінің өнеркәсіптік әзірленімінде ғана мүмкін болмақ.
      Қоғамда есірткіге сұранысты азайту мен нашақорлықтың алдын алу жөніндегі жұмыс іс жүзінде жүйесіз, тиісті мемлекеттік қолдаусыз жүргізілуде. Бұқаралық ақпарат құралдарының, мәдениет пен адамгершілікті қалыптастыру институттарының тарапынан есірткіні теріс пайдалану проблемаларына ден қою көбінде терең ойластырылған және жүйелі жұмыстан гөрі даңғазалыққа ұмтылыспен түсіндіріледі. Оның үстіне, батыс сарапшыларының деректеріне қарағанда, нашақорлықтың алдын алу және емдеу жөніндегі бағдарламалардың тиімділігі есірткінің әкелінуіне қарсы күрес жөніндегі бағдарламалардың тиімділігінен жеті есе артық. Осы бағыттағы алғашқы нақты және ойластырылған қадам Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткіні бақылау және қылмыстың алдын алу жөніндегі басқармасының көмегімен 1999-2000 оқу жылында республиканың жалпы білім беретін мектептерінің барлық сыныптарында зиянды заттарды тұтынуға қарсы Мектеп бағдарламасын енгізу болды.
      Есірткіге тәуелді адамдарды емдеу жүйесі күрделі жағдайда қалып отыр, оларды мемлекет қамқорлығымен әлеуметтік оңалту іс жүзінде жүргізілмейді. Оның үстіне, 1991 жылдан бері ресми тіркелген нашақорлар санының артуы аясында республиканың түрлі аймақтарында наркологиялық диспансерлер мен осы бейіндегі басқа да мекемелер санының бірте-бірте қысқаруы орын алуда.
      Бұл құбылыстардың қауіпті өрістеуіне бастайтын факторлар жүйесіндегі елеулі өзгерістер нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес саласында түбегейлі шараларды жүзеге асырудың қажеттігін көрсетеді. Өткізу көздерінің кең таралуынан әрі оларды іс жүзінде кедергісіз сатып алу мүмкіндігінен, салыстырмалы түрде арзандығынан көрінетін есірткіге қол жетімділік қазіргі кезде республикада нашақорлық пен есірткі бизнесінің таралуының басты себептерінің біріне айналып отыр. Есірткіні теріс пайдалану себептерінің қатарында өмірге қанағаттанбаушылық және осыған байланысты өмір шындығынан бой тартуға ұмтылыс, желік сезіміне елігу ниеті, сондай-ақ түрлі ара қатынаста халықтың түрлі әлеуметтік, жас мөлшерлік топтарына тән әуестенушілік ерекше көрінеді.
      Есірткінің заңсыз айналымының таралу факторлары көп ретте есірткі мен психотроптық заттарды заңсыз сатудан түсетін айтарлықтай материалдық пайдаға, есірткіні заңсыз дайындаудың, сатып алудың және сатудың жеңілдігіне, аумағы есірткінің Еуропаға, Америкаға, Азияға шығар жолдағы транзиттік жалғастырушы буын болып табылатын Қазақстанның ерекше географиялық орналасуына, заңсыз есірткі үшін ТМД-ның ішкі де, сыртқы да шекараларының "ашықтығына" байланысты. Халықтың күллі әлеуметтік топтарының, атап айтқанда халықтың есірткіні беймедициналық жолмен тұтынудың зияны мен оларды заңсыз қолдану үшін құқықтық жауаптылықтың мәні туралы іс жүзінде сауатының жоқтығы көрінетін, сондай-ақ халықтың белгілі бір бөлігінде пайдакүнемдік психологияның тұрақты қалыптасуымен, оның қоғамдық санасының тіршіліктің материалдық қамтамасыз етілуіне жанталаса бағдарлануының басымдығымен адамгершілік-психологиялық және интеллектуалдық-ерік тұрғысындағы олқылықтардың тұтастай жиынтығында, жоғарыда аталған факторлар республикада есірткі бизнесінің даму себептерінің жүйесін құрайды. Бұл ретте соңғы фактордың табиғаты қоғамның нарықтық экономикаға көшуінің ықпалымен қалыптасып жатқан ерекшеліктерге негізделе отырып және мемлекеттік-қоғамдық дамудағы қателіктер мен жаңсақтықтарға, қиындықтар мен проблемаларға байланысты тамырын айтарлықтай тереңге жібере бастады. Оның пәрменділігі қоғамдық өмірде пайда болған қайшылықтардан және қоғамның мүліктік жіктелуінің жалғасып отырған процесінен туындайды. Шығарылатын өнімдердің сыртқы және ішкі рыноктардағы бәсекелестікке қабілетсіздігінің нәтижесінде кәсіпорындардың бір бөлігінің тоқтап қалуы салдарынан жастардың жұмыссыздығы, болашағының бұлыңғырлығы, кедейлік, тағы басқалар, әсіресе, шағын және күйзелісті аймақтарда, айқын көрінеді. Осы жағдайда тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің ішкі рыногында, дүниежүзілік өткізу рыноктарына жылжу шамасына қарай, өскелең сұранысқа ие әрі жеткілікті дәрежеде тез өтетін арзан контрабандалық есірткінің пайда болуы есірткі бизнесінің одан әрі өрістеуіне итермелейтін жаңа қауіпті ахуалды туғызды.
      Осы орайда жүріп жатқан процестердің тереңдігін, ауқымы мен үрдістерін, қателіктер мен жұмсалған күш-жігердің әлсіздігін барабар бағалау маңызды. Осының негізінде алда мемлекет пен қоғамның қазіргі заманғы дамуының мүмкіндіктері мен қажеттіктері ескерілуге тиіс неғұрлым тиімді және мейлінше шығыны аз теңдестірілген шаралар жүйесін әзірлеу тұр. Аталмыш Стратегия да осы мақсатта дайындалды.
 
      3. Стратегияның мақсаты мен міндеттері
 
      Стратегияның басты мақсаты елде есірткілік ахуалдың өрістеуіне мемлекеттік және әлеуметтік пәрменді бақылау орнатуға, оны тұрақтандыруға қол жеткізуге әрі Қазақстанның ішкі және сыртқы қауіпсіздігінің жай-күйіне, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына теріс әсерін шектеуге мүмкіндік беретін бірыңғай әрі теңдестірілген мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету болып табылады.
      Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай басым міндеттерді шешу көзделіп отыр:
      1) нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық базасын жетілдіру және оны тиімді қолдану;
      2) халықтың есірткіге қарсы әлеуметтік иммунитетін қалыптастыру және осының негізінде қоғамды нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күреске топтастыру;
      3) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына бақылау орнату, есірткіге қол жетімділікті шектеу және олардың заңсыз айналымына жол бермеу;
      4) барлық мүдделі министрліктер мен ведомстволардың теңдестірілген, бірлескен қызметін қамтамасыз ету;
      5) қылмыстық жазалаудың өткір жүзін есірткіні тұтынушылардан есірткі бизнесінің ұйымдастырушылары мен белсенді орындаушыларына қарай бұру;
      6) ТМД мемлекеттері мен басқа да елдердің құқық қорғау, арнаулы және өзге де құзыретті органдарымен тиімді ынтымақтастық орнату;
      7) нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес саласына инвестициялар, өзге де халықаралық техникалық көмек тарту. Стратегияның мақсатына қол жеткізу мен басым міндеттерін шешудің басты шарттары олардың нақтылығы, уақыт талабына сайма-сайлығы әрі жағдайға бейімделуі болып табылады. Стратегияның мақсатына қол жеткізу мен басым міндеттеріне әсер ететін шешуші факторлар: - кәсібилік, мемлекеттің барлық құзыретті органдары күш-жігерінің топтастырылуы мен үйлестірілуі; - қаржылық, техникалық және өзге де қамтамасыз ету; - халықтың бұқаралық топтарының қолдауы; - Стратегияны іске асырудың кезең-кезеңділігі мен жоспарлылығы болып табылады. 4. Мақсатқа қол жеткізу мен басым міндеттерді шешу жөніндегі негізгі шаралар
      Мақсатқа қол жеткізу мен басым міндеттерді шешу мынадай негізгі салаларда кешенді шараларды іске асыруға бағытталған: есірткі мен психотроптық заттардың теріс пайдаланылуы; есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымы; есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың мемлекет белгілеген айналымы.
      Бұл ретте нашақорлық пен есірткі бизнесін еңсеру процесін ілгерілете дамыту мүддесінде Стратегияны іске асыру мерзімі өзара байланысты үш кезеңге: 2001 жылды қамтитын 1-ші кезеңге; 2002-2003 жылдарды қамтитын 2-ші кезеңге; 2004-2005 жылдарды қамтитын 3-ші кезеңге жіктелген. Осыған сәйкес Стратегия, оның негізінде нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларын әзірлеу арқылы кезең-кезеңмен орындалатын болады, олар Қазақстан Республикасының Нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі агенттігі және нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі аймақтық комиссиялардың басшылығымен іске асырылады.
      Бұл ретте 1-ші кезеңнің мақсаты Қазақстан Республикасында нашақорлық пен есірткі бизнесінің одан әрі таралуына қарсы тиімді мемлекеттік және қоғамдық іс-қимыл жүйесінің негізгі буындарын құру болып табылады. 2-ші кезеңде - құрылған буындарды нығайту, 3-ші кезеңнің аяғына қарай мұндай қарсы іс-қимылдың толық ауқымды жүйесін қалыптастыру көзделіп отыр.
 
      4.1. Есірткілік және психотроптық заттардың теріс пайдаланылуына
                                   қарсы күрес
 
      4.1.1. Есірткілік және психотроптық заттарға сұранысты қысқарту
 
      Мемлекет пен қоғамның есірткілік және психотроптық заттардың теріс пайдаланылуы саласындағы қызметінің негізгі мақсаты халықтың түрлі әлеуметтік топтарының арасында оларға сұраныстың қысқаруымен, сондай-ақ емдеумен әрі нашақорлықтан ойдағыдай емделу курсынан өткен адамдарды емдеумен және әлеуметтік оңалтумен байланыстырылады. Бұл ретте өскелең ұрпақ пен әйелдерге ерекше көңіл бөлінеді.
      Есірткіге сұранысты қысқарту нашақорлық пен есірткі бизнесін еңсерудегі басты құрал және неғұрлым перспективалы бағыт болып табылады. Бұл ретте есірткіге сұранысты қысқарту саясаты Қазақстан қоғамының өркендеуіне бағытталған экономика, білім беру, денсаулық сақтау, жастар проблемалары, мәдениет, спорт, демалысты ұйымдастыру және басқа да салалардағы мемлекеттік саясаттан оқшауланбауға тиіс. Осы орайда есірткілік және психотроптық заттарды тұтынуға бейім адамдарға жанама ықпал ету әдістеріне, әлеуметтік-мәдени таптаурындарды бірте-бірте өзгертуге қол жеткізуге, халықтың тән және психологиялық саулығын сақтауға бағытталған іс-шараларды жүргізуге артықшылық берген жөн. Сондықтан да мемлекет басымдықтардың қатарында жастарды еңбекпен қамтуды, оқытуды, жоғары мәдениеттің көздеріне қол жетімділік пен көптеген басқа да мәселелерді шешуі қажет.
      Мемлекет нашақорлықтың кәмелетке толмағандардың арасында таралуының жолын кесуге және алдын алуға, жастар мен жасөспірімдерге арналған, оларға психологиялық, педагогиялық, заңгерлік көмек көрсететін әлеуметтік мекемелер құруға, түрлі мәселелер бойынша консультациялар беруге айрықша көңіл бөлетін болады. (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Есірткіге сұранысты қысқарту саласындағы тиімді бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу мен іске асырудың маңызды шарты оларды тиісінше ғылыми қамтамасыз ету болып табылады. Осы мақсатта халықтың есірткілік және психотроптық заттарды теріс пайдалануы мәселесі бойынша тұрақты эпидемиологиялық зерттеулер жүргізілетін, бұл қатерге қарсы іс-қимылдың барабар шаралары жасалатын болады. Бұл ретте аталған бағыттағы жинақталған халықаралық тәжірибені пайдаланған жөн (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Халықтың есірткіге сұранысын қысқарту саласындағы негізгі стратегия есірткіге қарсы әбден нақты әлеуметтік иммунитет қалыпты дамыған кез келген адамның бойындағы міндетті элементке, қасиетке немесе сипатқа айналуымен, сондықтан да оның қоғамның мүдделеріне барабар және адамдық табиғатына сәйкес келетін шешімдерді өз бетінше қабылдауға және өз бетінше іс-әрекет жасауға қабілеттілігімен де байланыстырылады.
      Адамда есірткіге қарсы әлеуметтік иммунитеттің болуының дәлелі: олардың есірткіні тұтынбауы және оларды басқа адамдардың тұтынуына теріс көзқарасы; оның есірткіні заңсыз тарату мен оны теріс пайдаланғаны үшін жауаптылық туралы қолданыстағы заңнамалық нормаларға қатысты заңдық хабардарлығы; есірткілік және психотроптық заттарды беймедициналық мақсатта тұтынудың салдары туралы жалпы білігінің болуы; заңдық мәні бар мінез-құлықты іштей реттеушінің болуы болып табылады.
      Есірткіге қарсы әлеуметтік иммунитетті дарытуды мектеп жасына дейінгі балалардан бастап, жалпы білім беретін мектептердің, кәсіптік мектептердің, кәсіптік лицейлердің, колледждердің оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне, жастардың өкілдеріне дейін - күллі өскелең ұрпаққа тұтастай бағыттау алда тұр. Демалыс, жұмыс орындары мен отбасы ерекше бағдарламалармен қамтылатын болады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Халықта есірткіге қарсы әлеуметтік иммунитетті қалыптастыру міндеті адамның өмір салты дәстүрлі қалыптасатын отбасы, білім беру және тәрбиелеу мекемелері, ұйымдасқан демалыс өткізу орындары сияқты секторлардағы мақсатты бағытталған қызмет арқылы шешілетін болады. Бұл тұрғыда ең көп жағдайда әлі де мемлекеттік және әлеуметтік бақылау мен ықпал етудің ең аз саласы болып қалып отырған "көшеде" де басым позицияны "жеңіп алу" қажет (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Есірткіні теріс пайдаланудың зиянын кемітуге және ВИЧ-ке бақылау орнатуға бағытталған жобаларды іске асыру міндеті алда тұр (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Есірткіге сұранысты қысқарту стратегиясындағы арнаулы блокты мемлекеттік те, жеке білім беру мен тәрбиелеудің де көп сатылы (мектепке дейінгі, мектептегі, кәсіптік мектептер, кәсіптік лицейлер, колледждер, жоғары оқу орындары және т.б.) деңгейдегі жағдайында есірткіге қарсы тәрбиелеу жүйесін құрумен байланыстырған жөн. Зиянды заттарды тұтынуға қарсы мектеп бағдарламасы одан әрі дамытылуы тиіс. Кәмелетке толмағандардың арасында таралған, шегу жолымен тұтынылатын "шлюздік" есірткі деп аталатынның марихуана болып табылатыны, сондай-ақ жоғарғы сынып оқушыларының, кәсіптік техникалық мектептер мен колледждер оқушыларының кемінде жартысы темекі бұйымдарын тартатындығы ескеріле отырып, темекі тартудың алдын алуға ерекше назар аударылуы тиіс (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Өскелең ұрпақтың түрлі әлеуметтік топтарының құқықтық санасының қалыптасуы саласына мұқият көңіл бөлінетін болады. Халық заңсыз есірткінің сөзсіз "заңнан тыс" болып табылатынын білуге тиіс. Есірткіге сұранысты қысқарту саласында қолданыстағы заңсыз есірткіге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамамен белгіленген құқықтық тыйымдар туралы білім-білік бұрынғыдан гөрі әлдеқайда маңызды. Мұның өзі халықта заңсыз есірткіге қатысты барабар құқықтық бағдардың қалыптасуы үшін бастапқы негіз болады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Мемлекет пен түрлі әлеуметтік институттардың айрықша назары ұйымдастырылған демалыс саласына аударылатын болады. Бүгінде олар барған сайын жеке экономика иелігіне көшуде, осыған байланысты олардың адамгершілік, соның ішінде есірткіге қарсы тәрбиенің міндеттеріне сәйкестігіне қойылатын талаптар міндетті әрі жоғары болуы тиіс (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Халықтың есірткіге қарсы әлеуметтік иммунитетін қалыптастыру субъектілердің кең әлеуметтік базасы: медицина қызметкерлері (наркологтар, психиатрлар және басқалары), педагогтар, мектеп жасына дейінгі мекемелердің қызметкерлері, мәдениет, өнер және спорт қайраткерлері, психологтар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен басқа да көптеген адамдар үшін айқын мақсатты бағдарға айналуға тиіс (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Осы процесті ақпараттық қамтамасыз ету есірткіге қарсы әлеуметтік иммунитетті қалыптастыру құралы болып табылады. Бұл ретте ақпаратты тек жағымды тұрғыда беріп қана қою жеткіліксіз. Ақпараттық қамтамасыз ету аталған нәрсе, одан туындайтын проблемалар мен процестер туралы жаңа біліммен қаруландыруға ұмтылысқа байланысты әлеуметтік бағдарланған ақпараттық тегеуріннен және қоғамдық санада ұялаған бұрмаланған әрі есірткілік мүддені қалыптастыратын ақпараттан халықты тиісінше ақпараттық-психологиялық қорғауды тиісті қамтамасыз етуден көрініс табуға тиіс. Бұл қажеттілік Қазақстанның заңсыз рыногын бұрын ол үшін дәстүрлі емес кокаин, героин, амфетамин сияқты есірткі түрлерінің үдемелі жаулап алуы жалғасқан сайын өсе түседі, сондықтан да республика халқының тиісті ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы мәселені көлденең тартады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Есірткіге сұранысты қысқартуда және есірткіге қарсы әлеуметтік иммунитетті қалыптастыруда адамның өмір тіршілігінің күллі секторларында оның қалыптасуына тікелей әсер етуге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдары маңызды рөл атқарады. Кәмелетке толмағандарды қоса алғанда, халықтың түрлі әлеуметтік топтары үшін есірткі туралы неғұрлым кең таралған ақпарат көзі көптеген арналары бойынша фильмдер көрсетіп отыратын теледидар болып қала береді.
      Республикалық теледидарда есірткі проблемаларына арналған, оны теріс пайдаланудың зияны туралы айтатын және мұндай теріс пайдалану мен есірткі, психотроптық заттарды және прекурсорларды заңсыз тарату үшін жауаптылық туралы заң нормаларын түсіндіретін мемлекеттік және орыс тілдерінде тұрақты хабар ашылатын болады. (1-ші кезең). Мұндай хабарлардың желісін коммерциялық теледидар арналарының қатысуы есебінен де кеңейту міндеті алда тұр (2-ші, 3-ші кезеңдер). Арнаулы сценарийлер бойынша есірткінің қоғам үшін зияны туралы деректі, ғылыми-көпшілік және көркем фильмдер шығарылып, көрсетілетін болады (2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Республикалық радиода, республикалық және жергілікті газет-журнал басылымдарында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес проблемаларына арналған тұрақты айдарлар ашылады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Ағартушылық және алдын алу бағдарламаларының шеңберінде пайдаланылатын ақпарат анық та сенімді, нысаны мен мазмұны жағынан дәл сақталған және мүмкіндігіне орай халықтың тиісті нысанадағы тобында тәжірибеден өткізілген болуы тиіс. Оның сенімділігін қамтамасыз ету және тиімділігін арттыру, даңғазалыққа бой ұрындырмау үшін барлық күш-жігерді жұмсау өте маңызды.
      Есірткіге қарсы тақырыптамадағы көркем шығармалардың (өнер түрлері бойынша түрлі номинациялардағы) кәсіби конкурстарын өткізу, олардың ең үздігін бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен көрмелер мен байқауларда халыққа көрсетуді дәстүрге айналдыру міндеті алда тұр (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер). Есірткіні теріс пайдаланудың зияны туралы айқын әсер қалдыратын шағын бюджеттік бейнеклиптерді шығаруға ерекше көңіл бөлінеді (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер). Кез келген тілек білдіруші қатысушы бола алатын ең үздік шығармаға, плакатқа, суретке, әнге арналған конкурстар жүйесі дамытылатын болады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер). Бірінші кезекте мұндай конкурстар мектеп жасына дейінгі мекемелер мен оқу орындарында ұйымдастырылады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Спортпен белсенді шұғылдануды насихаттау арқылы салауатты өмір салтын қалыптастырудың барлық мүмкіндіктері пайдаланылатын болады. Халықтың тұрғылықты жері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің желісін дамытуға, жасөспірімдердің дене тәрбиесі-спорт клубтарын құруға ерекше көңіл бөлінеді. Есірткілік және психотроптық заттарды пайдаланбауға арналған арнайы спорттық жарыстар республикалық және жергілікті деңгейде ұйымдастырылады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Тиісті жоспардың негізінде балалар мен жасөспірімдерге, ата-аналарға, педагогтарға, әлеуметтік қызметкерлерге және басқа да мамандарға арналған есірткіге қарсы әдістемелік, оқу-танымдық әдебиет, соның ішінде есірткіні беймедициналық тұтынуға қарсы тұру мен қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша да әзірленетін болады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Республикалық деңгейде де, сондай-ақ аймақтарда да халықтың түрлі топтарын кеңінен қамти отырып өткізілетін Есірткіге қарсы күрестің халықаралық күніне (26 маусым) арналған жыл сайынғы акциялар дәстүрге айналады.
      Қоғамдық көзқарасты қалыптастыру мен аталған бағытта қоғамды топтастыру жолымен өнер, кино, эстрада, спорт шеберлерінің, журналистердің, жазушылардың және басқалардың есірткіге қарсы даярлығы мен олардың нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күреске атсалысуын кеңейту жұмысына ерекше назар аударылатын болады. Бұл жұмысқа белгілі қоғам қайраткерлері, халықтың арасында айрықша сенім мен құрметке ие адамдар қатыстырылатын болады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Қоғам тарапынан есірткіге қарсы қызметтің басты буынын нашақорлықты емдеуге және оның алдын алуға мамандандырылатын мемлекеттік емес мекемелер, қоғамдық ұйымдар құрайды. Қазақстан Республикасының Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі агенттігі үйлестіруді, бағалауды, сондай-ақ олардың қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысты жүзеге асырады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Республикада қызмет істейтін түрлі діни конфессиялардың дінге сенушілер мен олардың туыстарының есірткіге тұрақты жиреніш сезімін қалыптастыру жөніндегі бастамашылықтары мен күш-жігеріне қолдау көрсетілетін болады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
 
      4.1.2. Есірткіні теріс пайдаланатын адамдарды емдеу және әлеуметтік
                                         оңалту
 
      Аталған саладағы қызметтің негізгі міндеті денсаулық сақтау органдары мен мамандандырылған мемлекеттік емес мекемелердің нашақорлық дертіне шалдыққан адамдарға көмек беруімен, оларды әлеуметтік оңалту жүйесін жолға қоюмен байланысты шаралар кешенін кеңейту мен тереңдетуге саяды. Мұқтаж адамдардың көмекті уақтылы алу және тиісті қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігін туғызу керек. Бұл ретте есірткілік және психотроптық заттарды пайдаланатын және пайдалануға бейім жасөспірімдерді емдеуге әрі әлеуметтік оңалтуға ерекше көңіл бөлінеді. Барлық наркологиялық емдеу-алдын алу мекемелері жанында жасөспірімдер бөлімдері жұмыс істейтін болады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Бұл орайда жаңадан құрылатын Нашақорлықтың медициналық-әлеуметтік проблемаларының республикалық орталығына (1-ші кезең) ерекше рөл беріледі, ол елдің нашақорлықты емдеу, оңалту және оның алдын алу саласындағы басты емдеу-клиникалық, ғылыми және оқу-әдістемелік базасына айналуға тиіс (2-ші кезең). Орталықтың алдында қоғамда есірткіні теріс пайдаланудың деңгейін жан-жақты, терең және үнемі талдаудың негізінде есірткіге сұранысты қысқарту, есірткіге тәуелді адамдарды емдеу мен оңалту жөніндегі республикалық және аймақтық мақсатты бағдарламалар әзірлеу, оларды іске асыруда үйлестіруші немесе атқарушы ретінде қатысу, ауруды емдеудің қазіргі заманғы әдістерін жете зерттеу мен оларды елде кеңінен енгізуді ұсыну, нашақорлық неғұрлым көбірек жайлаған аймақтарды анықтау және мүдделі ведомстволарды олардың барабар шаралар қолдану мақсатында хабардар ету тұр. Мұнда халықтың түрлі санаттарының есірткіні теріс пайдалануының тұрақты мониторингінің тетігі пысықталып, енгізілетін болады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Жинақталған халықаралық тәжірибені ескеретін есірткіге тәуелді адамдарды емдеу мен оңалту саласындағы қазіргі заманғы стратегия әзірленіп, енгізіледі (1-ші кезең), нашақорлықты әлеуметтік қауіпті дерт ретінде бағалаудың жаңа жағдайында мемлекеттің наркологиялық қызметі жетілдіріліп, дамытылады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Есірткілік ахуал күрделі облыс орталықтарында, аудандар мен қалаларда наркологиялық диспансерлер мен кабинеттер қалпына келтіріледі (1-ші кезең), бас бостандығынан айыру орындарында наркологиялық қызметті ұйымдастыру және жарақтау жақсартылады (2-ші кезең).
      Әрбір облыс орталығында, облыстық маңызы бар қалаларда, Астана мен Алматыда нашақорлықтан мәжбүрлеп емдеу жөніндегі мамандандырылған емдеу-алдын алу мекемелерінің, нашақорлықтан ойдағыдай емделу курсынан өткен адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту орталықтарының жұмыс істеуі қамтамасыз етілетін болады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер). Бұл мекемелер мен орталықтар Нашақорлықтың медициналық-әлеуметтік проблемаларының республикалық орталығының оқу-әдістемелік басшылығында болады. Кейін наркологиялық диспансерлерді (аймақтық медициналық-әлеуметтік оңалту орталықтарын) Нашақорлықтың медициналық-әлеуметтік проблемаларының республикалық орталығының филиалына айналдыру туралы мәселе зерделенеді (2-ші кезең).
      Нашақорлықты емдеу, оңалту және оның алдын алу саласында жоғары білікті мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлу міндеті алда тұр. Медициналық жоғары оқу орындарының тиісті кафедраларының қатысуымен Нашақорлықтың медициналық-әлеуметтік проблемаларының республикалық орталығының базасында тұрақты жұмыс істейтін оқыту семинарлары ұйымдастырылатын болады, оларды өткізуге халықаралық ұйымдар мен шет елдердің мамандары да қатысады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер). Республиканың медициналық оқу орындарының базасында психиатр-нарколог дәрігерлерді, басқа оқу орындарының базасында - нашақорлыққа қарсы күрес саласындағы жұмыс үшін психологтарды, әлеуметтік қызметкерлерді даярлау мен олардың біліктілігін арттыру ұйымдастырылатын болады (2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Елдің медициналық жоғарғы оқу орындары нашақорлықты емдеу мен оның алдын алу саласындағы тиісті ғылыми тақырыптарды жете зерттеу жөнінде бастамашылық жасалады (1-ші, 2-ші-кезеңдер).
      Наркологиялық мекемелерді тиімділігі жоғары дәрі-дәрмектермен және қазіргі заманғы жабдықтармен қамтамасыз етуге көңіл бөлінеді (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Маңызды жаршы ретінде нашақорлыққа қарсы күрестің проблемаларына арналған арнаулы медициналық мерзімді журнал шығару қарастырылып отыр (2-ші кезең).
      Жинақталған тәжірибені, қолданыстағы заңнаманы сыни талдаудың негізінде есірткіні теріс пайдаланушы адамдарға қатысты мемлекет пен қоғам қызметінің нормативтік құқықтық базасын нығайтатын "Нашақорлық дертіне шалдыққан адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту туралы" Қазақстан Республикасының Заңы әзірленіп, қабылданатын болады. Әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстық жазаланатын іс-әрекет жасаған нашақорларды міндетті емдеу, мәжбүрлеп емдеу тәртібі және есірткіні теріс пайдаланатын адамдарды әлеуметтік оңалту туралы мәселелерді заңнамалық реттеу талап етіледі (1-ші, 2-ші кезеңдер).
 
      4.2. Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз
                              айналымын еңсеру
 
      Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымын еңсеру, олардың заңсыз өсірілуіне, өндірілуіне, таратылуына, сондай-ақ есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымнан заңсыз айналымға өтіп кетуіне қарсы өзара байланысты іс-шаралардың кешенін жүзеге асыруды көздейді. Құқық қорғау мен арнаулы органдардың басты назары есірткі мен психотроптық заттарға халықтың қол жетімділігін жан-жақты шектеуге бағытталатын болады. Осы орайда аталған саладағы мемлекеттік стратегияның негізгі айқындамалары: заңсыз есірткінің елге әкелуінің алдын алумен; есірткіні заңсыз айналымнан пәрменді алып тастаумен; есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымнан заңсыз айналымға өтіп кетуінің алдын алумен байланысты болады.
      Есірткі бизнесіне қарсы күрес саласында мемлекеттің өзіне ерекше көңіл аудартатын орталық проблемасы - өз күш-жігерін арттыра түсуді жалғастырып отырған апиындардың неғұрлым қауіпті түрлерінің (героинның, апиынның) және синтетикалық есірткілердің контрабандасы мен транзиті болып отыр. Осыған байланысты кеден органдарының есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестегі өкілеттіктері нақтыланады, құқық қорғау мен арнаулы органдардың құрамында есірткінің заңсыз айналымын, тыйым салынған заттар мен айналысы шектелген заттардың контрабандасына қарсы күрес жөніндегі бөлімшелер құрылымдық жағынан бөлінетін және нығайтылатын болады (1-ші, 2-ші кезеңдер).
      Шетелдік және ең алдымен шекаралас елдердің құқық қорғау және арнаулы органдарымен ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге ерекше көңіл бөлінеді. Алда осы мақсатта есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы, атап айтқанда "бақыланатын жеткізілімдер" бойынша бірлескен операциялар жүргізу, қылмыстық табыстарды заңдастыруға қарсы шараларды жүзеге асыру және басқа шаралар кезінде ауқымды халықаралық ынтымақтастық үшін құқықтық негіз құратын нормаларды жетілдіру міндеті тұр (1-ші, 2-ші кезеңдер). Есірткінің заңсыз айналымы мен оларды теріс пайдалануға қарсы күрес саласындағы Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын екі жақты және көп жақты шарттар мен келісімдер практикалық тұрғыда іске асырылатын болады. Осыған байланысты Орталық Азия және ТМД мемлекеттерімен қол қойылған құжаттарға басым көңіл бөлінеді (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Шекаралас мемлекеттермен өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың маңызды бағыттары есірткіні заңсыз таратқаны үшін жауаптылықты реттейтін заңдарды орайластыру, үйлесімді ету, есірткілік және психотроптық заттарды заңсыз дайындау және тарату саласында болып жатқан өзгерістерді байқаудың аймақтық тетіктерін әзірлеу мәселелерімен, жылдам байланыс арналарын құру туралы мәселелермен және көптеген басқа да мәселелермен байланысты болуға тиіс. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте құқық қорғау мен арнаулы органдардың ақпарат, тәжірибе және әдістер алмасу мақсатындағы кездесулерін кеңейту және тұрақты ету ісі алда тұр (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Ішкі республикалық деңгейде Қазақстан Республикасының ҰҚК-і Шекара қызметінің оңтүстік бағыттағы, Астана мен Алматы қалаларының халықаралық әуежайларындағы және Ақтау теңіз айлағындағы (1-ші кезең), ал кейінірек - шекараның есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың контрабандасы мен заңсыз транзиті үшін жиірек пайдаланылатын басқа да учаскелері мен объектілерінде кеден бекеттері мен жекелеген бақылау-өткізу пункттерін ұйымдық-кадрлық және техникалық нығайтуды жүзеге асыру тұр (2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Республиканың құқық қорғау мен арнаулы органдарының есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы келісілген, теңдестірілген қызметіне қол жеткізу қажет (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер). Оларды материалдық-техникалық жарақтандыру мен кадрлық қамтамасыз ету жұмысын ұйымдастыруды жетілдіру арқылы бұл органдардың қызметінің тиімділігін айтарлықтай арттыру үшін тиісті жағдай жасалатын болады. Осыған байланысты олардың құрамында есірткі қылмысының алдын алумен және есірткінің заңсыз айналымы туралы істерді тергеумен айналысатын мамандандырылған бөлімшелер құру әрі нығайту жалғастырылады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер). Олардың тиімді жұмысының маңызды шарты орталық аппараттардың бөлімшелерін ұйымдық-әдістемелік және кадрлық нығайту болып табылады, олар жергілікті жердегі өздерінің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін үйлестіруі, олардың қызметінің нәтижелерін талдау мен қорыту және оны жетілдіру жөнінде шаралар қолдануы, бұл қызметке әдістемелік басшылықты жүзеге асыруы, сондай-ақ есірткіге байланысты ұйымдасқан қылмыстық топ немесе қылмыстық қоғамдастықтар жасаған неғұрлым күрделі қылмыстарды ашу мен тергеуге қатысуы тиіс (1-ші кезең).
      Ұйымдасқан есірткі бизнесін қоса алғанда, ұйымдасқан қылмыстық іс-әрекеттерге байланысты қылмыстарды тергеудің арнайы тетігін талдап жасау міндеті алда тұр (1-ші, 2-ші кезеңдер), мұның өзі әрі қарай сыбайлас жемқорлық байланыстары бар, есірткіні заңсыз өндіруді, таратуды, олардың контрабандасын, есірткі бизнесінен түскен қылмыстық табыстарды заңдастыруды жүзеге асыратын ұйымдасқан қылмыстық топтар мен қоғамдастықтар қызметінің уақтылы жолын кесуді әрі неғұрлым тиімді тергеуді қамтамасыз ету мақсатында республиканың құқық қорғау және арнаулы органдарының жүйесінде нақты кәсіби мамандануды талап етеді (2-ші кезең). Құзыретті органдар есірткіге байланысты қылмыс жасалған әрбір жағдайда оны ұйымдасқан қылмыстық топтың немесе қылмыстық қоғамдастықтың жасауы мүмкін деген болжамды мақсатты талдауға қол жеткізуі тиіс. Халықаралық ауқымдағы есірткінің заңсыз айналымының қару-жарақтың заңсыз саудасымен, діни экстремизммен, терроризммен, тапсырыспен кісі өлтірумен және адамдар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне басқа да қатерлермен байланысының болуын ескеру қажет.
      Қарағанды қаласында сот базасында (1-ші кезең), ал одан кейін есірткі бизнесіне байланысты қылмыстық істердің ең көп саны қаралатын аймақтардағы кейбір басқа соттардың базасында есірткіге байланысты құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау жөніндегі мамандандырылған соттар құрылатын болады (2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске қажетті өзгерістер енгізіледі. Бұл ретте қылмыстық жазалаудың өткір жүзі есірткіні тұтынушылардан, неғұрлым қауіпті іс-әрекет үшін жазаның қатаң шаралары сақтала отырып, есірткі бизнесінің ұйымдастырушылары мен белсенді атқарушылары жағына едәуір бұрылатын болады, болмашы іс-әрекет жасаған адамдар үшін жазаны ауыстыру ретінде емдеу енгізіледі (1-ші, 2-ші кезеңдер).
      Жеке және заңды тұлғалардың прекурсорларды заңсыз пайдаланғаны үшін жауаптылықтың заңнамалық шараларын жетілдіру қажет (2-ші кезең).
      Есірткі бизнесінің ақшасын "тазартуға" қарсы күрес стратегиясын әзірлеуден және іске асырудан тиісті нәтижелер күтуге болады (2-ші кезең). Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, сондай-ақ айналысы шектеулі, айналымына тыйым салынған басқа да заттардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстардан алынған ақшаларды "тазартқаны" үшін жауаптылықты күшейтуге арналған құқықтық негіздерді жасау әрі қылмыскерлердің және олардың заңсыз ақша қаражатының ұлттық қаржы жүйесіне еніп кетуіне жол бермейтін қаржылық реттеудің тиімді режимін қамтамасыз ету талап етіледі. Есірткі бизнесінен түсетін қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін банктік, коммерциялық және басқа да құрылымдарды пайдаланғаны үшін жауаптылық белгіленетін болады, есірткі бизнесінен түскен заңсыз кірістерді тәркілеуге және тәркіленген қаражаттың бір бөлігін есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресумен шұғылданатын бөлімшелерді нығайту үшін жұмсауға қатысты нормалар көзделеді (2-ші кезең).
      Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз таралу жолдарын анықтап, жолын кесу мақсатында "Көкнәр", "Допинг", "Арна", "Тосқауыл" және басқа да кешенді жедел-алдын алу операцияларын жүргізуге қажетті техникалық қолдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды жүзеге асыру барысында шетелдік, бәрінен бұрын шекаралас елдердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимылды жетілдіру міндеті алда тұр (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығында Есірткі жөніндегі ұлттық ақпараттық-талдау орталығын ұйымдық-кадрлық әрі техникалық нығайту одан әрі жалғастырылатын болады (1-ші кезең). Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті жүзеге асыратын құқық қорғау және арнаулы органдардың бөлімшелерінде байланыстың компьютерлік жүйелерін және өзге де түрлерін кезең-кезеңімен енгізуге қол жеткізу міндеті алда тұр (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер). Ішкі істер министрлігінің жедел-техникалық қызметтері базасында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтар, іс-әрекеттің осындай түрлеріне қатысы бар заңды және жеке тұлғалар туралы жедел ақпараттың ведомствоаралық банкін құру стратегиялық жағынан маңызды болып табылады (1-ші, 2-ші кезеңдер). Аталған ақпарат банкі мемлекетаралық деңгейде жедел ақпарат алмасуды одан әрі жетілдірудің негізіне айналуы тиіс, бірнеше мемлекеттердің аумағында әрекет жасайтын, есірткімен айналысатын топтардың қылмыстық іс-әрекетінің жолын кесуге бағытталған, "таяу" және "алыс" шет елдердің қатысуымен бірлескен іс-шараларды әзірлеу мен жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
      Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды зерттеу саласында мамандандырылатын сот сараптамасы органдарының бөлімшелерін материалдық-техникалық және кадрлық нығайту жөніндегі жұмыс жалғастырылады (1-ші, 2-ші кезеңдер).
      Мемлекеттің неғұрлым экономикалық жағынан пайдасын қамтамасыз ету мүддесінде заңсыз айналымнан алынған есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды сақтаудың, сатудың және жоюдың тиісті шарттарын қайта қарау мен қамтамасыз ету және олардың "екінші мәрте", яғни одан кейінгі заңсыз айналымын болдырмау міндеті алда тұр (1-ші, 2-ші кезеңдер).
      Прекурсорларды дайындауға және пайдалануға пәрменді бақылау орнатуы мемлекеттің неғұрлым маңызды мәселелері қатарында қалады (1-ші, 2-ші кезеңдер).
      Кадрларды даярлаудың қазіргі бар жүйесін жетілдіру дербес бағыт болып табылады. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының ҰҚК-і Шекара қызметінің Әскери институты кинология кафедрасының базасында есірткіні іздестіру үшін қызметтік иттерді және олармен жұмыс істеу үшін нұсқаушыларды (кинологтарды) даярлау және қайта даярлауды жүзеге асыратын құқық қорғау және арнаулы органдардың ведомствоаралық кинологиялық орталығы құрылады (1-ші кезең). Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізетін республиканың құқық қорғау және арнаулы органдарындағы кинологиялық қызметін ұйымдық-кадрлық және техникалық нығайтуды жүзеге асыру міндеті алда тұр (1-ші, 2-ші кезеңдер).
      Одан басқа, ІІМ Академиясының базасында құрылған есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізетін Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі оқу орталығын ұйымдық-кадрлық және техникалық нығайту жүзеге асырылады (1-ші кезең). Құқық қорғау және арнаулы органдардың оқу орындарының жанынан есірткі бизнесіне қарсы күрес саласында жұмыс істеу үшін түрлі бейіндегі мамандарды даярлау ұйымдастырылатын болады (1-ші кезең). Қазақстан Республикасы Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі агенттігінің үйлестіруші рөлі жағдайында мамандарды даярлаудың қазіргі заманғы жүйесі енгізіліп (1-ші кезең), оқыту процесіне Біріккен Ұлттар Ұйымы мен шетелдік мемлекеттердің білікті сарапшыларын тарту тәжірибесі жалғастырылады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Есірткі жөніндегі ұлттық ақпараттық-талдау орталығы, Ведомствоаралық кинологиялық және Оқу орталықтары Қазақстан Республикасының Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі агенттігімен өзара ұйымдық-әдістемелік іс-қимылда болады (1-ші кезең).
      Құрамында есірткісі бар өсімдіктерді жоюдың экологиялық қауіпсіз және тиімді әдістерін жасау жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғастырылып (1-ші, 2-ші кезеңдер), ал кейіннен республика аумағында мұндай өсімдіктердің алаңын тұйықтау және қысқарту мақсатында олардың нәтижесі енгізілетін болады (3-ші кезең). Сонымен бір мезгілде өнеркәсіптік шикізат ретінде құрамында есірткісі бар өсімдіктерді олардың ірі табиғи өсу ошақтарында экономикалық өз-өзін ақтайтын қолдану мүмкіндіктері зерделенеді және оң нәтижелер берген жағдайда тиісті өнеркәсіптік өндіріс қанат жаятын болады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Ғылыми-зерттеу, ғылыми-өндірістік және оқу орындарының базасында Қазақстан Республикасының Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі агенттігі үйлестіретін нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің неғұрлым өзекті проблемалары, құрамында есірткісі бар өсімдік шикізатынан жаңа тиімді дәрі-дәрмек препараттарын жасау және басқалар бойынша ғылыми тақырыптарды зерттеу жалғастырылады (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер). Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды табуға арналған өз жабдықтарымыздың, техникамыздың, химиялық препараттарымыздың және басқаларының өндірісін дамытуға тапсырыс қалыптастырылады, зерттеулерден оң нәтиже алынған жағдайда, олардың өнеркәсіптік жолмен дайындалуы қанат жаяды (2-ші, 3-ші кезеңдер). Жасалған ғылыми әлеует пен ғылыми әзірлемелердің жинақталған тәжірибесін пайдалану негізінде Қазақстан Республикасы Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі агенттігінің жанынан Есірткішілдік проблемаларын әзірлеу жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығы құрылады (3-ші кезең).
      Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес туралы нормативтік құқықтық актілер мен неғұрлым өзекті материалдар Қазақстан Республикасы Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі агенттігінің тиісті мерзімдік басылымында жарияланатын болады (2-ші кезең).
      Жергілікті деңгейде есірткінің заңсыз айналымы мен олардың теріс пайдаланылуын еңсеру жөніндегі іс-шараларды іске асыруды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астана мен Алматы әкімдерінің жанынан құрылған нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі аймақтық комиссиялар үйлестіріп, бақылайды (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Қазақстан Республикасының Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі агенттігіне демеушілік пен қайырымдылық көмек түрінде заңды және жеке тұлғалардан келіп түсетін қаражатты жинақтау мақсатында аталған қаражатты аудару үшін шот ашылады (1-ші кезең).
 
      4.3. Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың мемлекет
             белгілеген айналымын тиімді бақылауды қамтамасыз ету
 
      Елде қалыптасып отырған есірткілік ахуалды ескере отырып және есірткінің беймедициналық қолданылуы мен оларды дайындау технологиясының таралуының алдын алу мақсатында құрамында есірткі мен психотроптық заттар бар дәрілік құралдар мен препараттардың өндірілуін, сақталуын, тасымалдануын және ұтымды медициналық пайдаланылуын реттейтін заңнамалық және бақылау-технологиялық талаптарды сөзсіз сақтаудың, сондай-ақ оларды ғылыми-зерттеу мақсаттарында пайдаланудың аса маңызы бар. Ол үшін есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына қатаң бақылау орнату, олардың заңды айналымнан заңсыз айналымға түсуін едәуір қысқарту жөнінде шаралар қолдану қажет.
      Мемлекеттің есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың өзі белгілеген айналымын тиімді бақылаудың негізі оны реттейтін заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілердің жүйесі болып табылады әрі оны жасау жалғастырылатын болады (1-ші кезең). "Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 10 шілдедегі Заңына, "Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың тізіміне", "Заңсыз сақталуда немесе айналымда аңғарылған есірткі құралдарын, психотроптық заттарды шағын, ірі және өте ірі мөлшерлерге жатқызу туралы жиынтық кестеге" қажетті өзгерістер енгізу міндеті алда тұр (1-ші, 2-ші, 3-ші кезеңдер).
      Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырудың ережесі мен оның негізінде ведомстволық нормативтік құқықтық актілердің топтамасы әзірленеді және енгізілетін болады (1-ші кезең).
      Өндірістік, дәріханалық, ауруханалық, ғылыми және басқа да мекемелерде есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың өндірілуін, сақталуын, таралуын әрі пайдаланылуын бақылау жүйесінің тиімділігін жетілдіруді және арттыруды қамтамасыз ету аса қажет болып отыр. Есірткісі бар дәрілік препараттар мен прекурсорларды өндіру, сатып алу, сату жүйесі қоғамның есірткісі бар препараттар мен шикізаттарға қажеттілігін (квоталарын) айқындауға, осы саладағы қызметтің барлық түрлерін лицензиялауға негізделеді. Осыған байланысты есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметтің лицензияланатын түрлеріне мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету, уәкілетті органдардың қызметін үйлестіруді жақсарту жөніндегі қосымша шаралардың кешені қабылданатын болады (1-ші кезең).
      Нақты шаралар бақылаудың техникалық базасын жетілдіруге, атап айтқанда заттардың тізімдік мәртебесін айқындауға, тізімдік мәртебені айқындаудың төтенше және оңайлатылған тәртібін қолдануға қатысты; құрылымдық жағынан ұқсас топтардың (баламалардың) негізінде тізімдік мәртебені айқындау мақсатында, сондай-ақ қылмыстық-құқықтық тәртіппен қудалау мақсатында химиялық құрылымының ұқсастығына және белгілі немесе болжалды фармакологиялық әсеріне негізделген бақылауды жүзеге асыруға бағытталған болады (1-ші кезең).
      Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың экспортын, импортын және транзитін бақылауды жүзеге асыру мақсатында қабылданған ұлттық нормативтік құқықтық актілер туралы өзара ақпарат алмасу арқылы БҰҰ-ның Есірткіні бақылау жөніндегі халықаралық комитетімен неғұрлым тығыз қатынас орнатылатын болады (1-ші кезең).
      Химия өнеркәсібіндегі істердің жай-күйін талдаудың негізінде прекурсорлардың өндірісін, олардың сатылуын, экспортын, импортын бақылаудың тиімді жүйесі ұлттық және халықаралық деңгейлердегі мүдделі тараптарға экспорт туралы алдын ала хабарламаны кеңінен пайдалану арқылы талданып жасалатын болады. Тиісінше БҰҰ-ның 1988 жылғы "Есірткілік және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы" Конвенциясының 13-бабы талап еткендей, лабораториялық жабдықтарды сатуды бақылау қамтамасыз етіледі, прекурсорлардың заңсыз дайындалуының, импортының, экспортының, айналымының, таралуының және заңды айналымнан заңсыз айналымға өтіп кетуінің алдын алу жөнінде шаралар қолданылады (1-ші, 2-ші кезеңдер).
 
      5. Ұйымдық және ресурстық қамтамасыз ету
 
      Стратегияны іске асыруды ұйымдық және ақпараттық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі агенттігіне, мүдделі министрліктер мен ведомстволарға, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астана мен Алматының әкімдеріне, сондай-ақ олардың өкілеттіктері мен мәртебесіне сәйкес нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі аймақтық комиссияларға жүктеледі. Қазақстан Республикасының Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі агенттігі жыл сайын Қауіпсіздік Кеңесінің мәжілісінде республикадағы есірткі ахуалы мен оны тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы баяндайды және Стратегияны іске асырудың барысы туралы есеп береді.
      Стратегияны іске асыруды қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражатының, демеушілік пен қайырымдылық көмек түрінде түсетін қаражаттың, мемлекеттік емес ұйымдар мен жеке тұлғалардың қаражаты есебінен, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының, басқа да халықаралық ұйымдар мен шет елдердің қаржы және өзге де техникалық көмегінің есебінен жүзеге асырылады.
      Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға арналған қаражат мемлекеттік (республикалық) бюджетте жеке бағдарламамен көзделетін болады.
 
      6. Күтілетін нәтижелер
 
      Стратегияны орындаудан мынадай нәтижелер алу күтіледі: есірткіні теріс пайдаланатын адамдардың анықталуын екі есе арттыру; есірткіні пайдаланатындардың жалпы санындағы жасөспірімдер мен жастардың үлес салмағын 15%-ға төмендету; есірткіні теріс пайдаланатын кәмелетке толмағандар мен жастар санының өсу қарқынын екі есе төмендету; есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар контрабандасының анықталуын үш есе арттыру; жалпы қылмыстылықта есірткіге байланысты қылмыстардың жасырындығын 15% деңгейінде төмендету және үлес салмағын (үлесін) тұрақтандыру; індет тараған аймақтарда ВИЧ-инфекцияны тұйықтау, ВИЧ-жұқтырылу жөнінде тұрақтанған көрсеткіштерге қол жеткізу. Оқығандар: Қасымбеков Б.А. Икебаева Ә.Ж.
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады