Республикалық бюджет комиссиясы туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы 2002 жылғы 7 ақпан N 801. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2004.08.24. N 1426 жарлығымен.

 

      "Бюджет жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 сәуірдегі  Заңына  сәйкес қаулы етемін:

      1. Қоса беріліп отырған Республикалық бюджет комиссиясы туралы ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Президентінің "Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджеттің жобасын қалыптастыру жөніндегі бюджеттік комиссия туралы" 2001 жылғы 25 сәуірдегі N 589  Жарлығының  3-тармағын қоспағанда, аталған Жарлықтың күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасының 
      Президенті

Қазақстан Республикасы       
Президентінің           
2002 жылғы 7 ақпандағы       
N 801 Жарлығымен          
бекітілген             

  Республикалық бюджет комиссиясы туралы
ЕРЕЖЕ       

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже тұрақты негізде жұмыс істейтін Республикалық бюджет комиссиясының (бұдан әрі - Комиссия) қызметін реттейді.

      2. Комиссия қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының  Конституциясы  , Қазақстан Республикасының заңнамасы және өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ осы Ереже құрайды. 

  2. Комиссияның мақсаты  

      3. Комиссия қызметінің негізгі мақсаты тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджеттің жобасын уақытылы және сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету республикалық бюджетті нақтылау және атқару жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау болып табылады.

  3. Комиссияның міндеттері мен функциялары

        4. Комиссияның негізгі міндеттері:
      Қазақстан Республикасының орта мерзімді кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының индикативтік жоспарының негізінде үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттік және республикалық бюджеттердің негізгі болжамды көрсеткіштерін айқындау;
      тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджеттің жобасын қарау және айқындау;
      алдағы үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттік және республикалық бюджеттердің негізгі болжамды көрсеткіштерінің, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының, мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламалардың, Қазақстан Республикасының тиісті кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының индикативтік жоспарының сәйкестігін айқындау;
      тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау;
      республикалық бюджеттік бағдарламаларды іске асыру барысының мониторингі нәтижелерін қарау және олар бойынша ұсыныстар тұжырымдау болып табылады.

      5. Комиссия өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) Комиссияның жұмыс органы дайындаған материалдарды қарайды және:
      Қазақстан Республикасының алдағы үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттік бюджетінің болжамды көрсеткіштерін;
      алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджеттің болжамды көрсеткіштерін;
      республикалық бюджетке түсетін түсімдерді;
      республикалық бюджеттің тапшылығын (профицитін);
      тиісті қаржы жылының соңындағы үкіметтік борыш лимитін;
      Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылына мемлекеттік кепілдіктер беру лимитін; 
      республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге берілетін субвенцияларды;
      республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бөлінісінде, соның ішінде ағымдағы жылы іске асырылатын жобаларды ескере отырып, инвестициялық жобалар бойынша шығыстардың лимитін;
      республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің республикалық бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша ағымдағы қаржы жылының басындағы жай-күй бойынша қалыптасқан кредиторлық берешегін жоспарланған қаржы жылында өтеу көлемін;
      "Бюджет жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының  15-бабында белгіленген басқа көрсеткіштерді айқындайды;
      2) шикізат секторының ұйымдарынан түсетін түсімдердің болжамды көлемдерін анықтау және кейіннен Комиссияның жұмыс органының Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуіне енгізуі үшін олардың тізбесін қарайды;
      3) экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган енгізген:
      ағымдағы жылы іске асырылатын жобаларды, соның ішінде облыстарда, Астана және Алматы қалаларында іске асырылатын жобаларды ескере отырып, алдағы үш жылдық кезеңге арналған инвестициялық жобалардың тізбесі мен оларды республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемін қарайды және айқындайды; <*>
      4) жергілікті бюджеттердің болжамды көрсеткіштері бойынша Комиссияның жұмыс органы мен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары арасындағы келіспеушіліктерді қарайды және оларды реттеу жөнінде шешім шығарады;
      5) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдері бойынша Комиссия жұмыс органының қорытындысын қарайды және ол бойынша шешім шығарады;
      6) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі енгізген, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған, мақсаттарын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан алынатын мақсатты трансферттерді алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджеттің жобасына енгізу жөніндегі ұсыныстарды қарайды;
      7) алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджеттің жобасын қарайды және айқындайды;
      8) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламаларының және салалық (секторалдық) бағдарламаларының жобаларын қарайды және қаржыландыру көздері мен мерзімдері бөлінісінде бағдарламалық іс-шараларды қаржыландыру көлемі бойынша қорытынды береді, сондай-ақ бұрын бекітілген мемлекеттік бағдарламаларды, салалық (секторалдық) бағдарламаларды өзгерту қажеттілігі туралы қорытынды береді; 
      9) мыналар:
      тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетті нақтылау;
      бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын нақтылау және бюджеттік бағдарламаларды одан әрі іске асыру жөніндегі ұсыныстарды қарайды және тұжырымдайды; <*>
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да функцияларды жүзеге асырады. 
       Ескерту. 5-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2002.11.15. N 974  жарлығымен.

  4. Комиссияның құқықтары

      6. Комиссия өзінің міндеттеріне сәйкес:
      1) орталық атқарушы және басқа да мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға, сондай-ақ Комиссияның міндеттерін іске асыру үшін мамандарды және сарапшыларды жұмысқа тартуға;
      2) оның құзыретіне енетін мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға және ұсыныстар енгізуге;
      3) заңдарда белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардан Комиссияның міндеттерін іске асыру үшін қажетті материалдарды сұратуға және оларды алуға;
      4) Комиссияның міндеттерін іске асыруға байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік орган мен ұйымның бірінші басшыларын, ал олар болмаған кезде - бірінші басшысының міндетін атқарушы тұлғаларды Комиссияның отырыстарына шақыруға және тыңдауға құқығы бар.

  5. Комиссияны қалыптастыру және оның
қызметінің тәртібі

      7. Комиссияның құрамын Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

      8. Комиссияның органдары:
      1) Комиссияның жұмыс органы;
      2) Комиссияның төрағасы;
      3) Комиссия төрағасының орынбасарлары;
      4) Комиссияның хатшысы.

      9. Комиссия отырыстары аралығындағы кезеңде оның қызметінің ұйымдық мәселелерін Комиссияның жұмыс органы шешеді.

      10. Комиссияның төрағасы оның қызметін басқарады, Комиссияның отырыстарына төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады және Комиссия жүзеге асыратын қызмет үшін жауап береді. Комиссияның төрағасы болмаған кезде оның функцияларын төраға тағайындаған орынбасары орындайды.

      11. Комиссияның хатшысы Комиссия отырысының күн тәртібі жөнінде ұсыныстар, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды және оны өткізгеннен кейін хаттамаларды ресімдейді.

      12. Жұмыстың жоспар-кестесін Комиссия белгілейді. Республикалық бюджеттің жобасын әзірлеу кезеңінде Комиссия жұмысының жоспар-кестесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Республикалық және жергілікті бюджеттердің жобаларын әзірлеу ережесінде айқындалған мерзімдерге сәйкес белгіленеді.

      13. Комиссия мүшелерінің отырыстарға қатысу жөніндегі өздерінің өкілеттіктерін басқа тұлғаларға беруге құқығы жоқ.

      14. Комиссияның шешімдері ашық дауыспен, сондай-ақ комиссия мүшелеріне сауал қою жолымен қабылданады және егер олар үшін Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі жақтап дауыс берсе, қабылданған болып саналады. Комиссия мүшелері шешімдер қабылдау кезінде тең дауысқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссияның төрағасы жақтап дауыс берген шешім қабылданған болып саналады.

      15. Комиссия отырыстарының күн тәртібі мәселелерін қараудың нәтижелері әрбір мәселе бойынша дауыс берудің қорытындысы көрсетіле отырып, тиісті хаттамаларға енгізіледі және төраға айқындайтын жағдайларда Комиссияның отырысқа қатысқан мүшелері қол қояды. Комиссияның қабылданған шешімі төраға мен хатшы қол қоятын хаттамамен ресімделеді. Комиссияның мүшелері қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда отырыстың хаттамасына қоса берілетін өзінің ерекше пікірін жазбаша түрде білдіруге құқығы бар.

      16. Комиссияның өзіне жүктелген міндеттерді орындау мақсатында қабылданған шешімдері барлық мемлекеттік органдардың міндетті түрде қарауына және көрсетілген мерзімде орындауына жатады.

      17. Комиссияның жұмыс органының функциялары Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне жүктеледі. <*>
       Ескерту. 17-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2002.11.15. N  974  жарлығымен.  

      18. Комиссия айқындайтын мерзімге және күн тәртібіне сәйкес Комиссияның отырыстарына материалдар дайындау, оларды Комиссияның мүшелеріне, республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне және жергілікті атқарушы органдарға тарату, Комиссия отырыстарының хаттамаларын дайындау, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерден және осы Ережеден туындайтын басқа да функциялар жұмыс органдарының функциялары болып табылады.

  6. Комиссияның қызметін тоқтату

      19. Комиссияның қызметін тоқтатуға Қазақстан Республикасы Президентінің Комиссияның қызметін тоқтату туралы шешім қабылдауы негіз болады.

      20. Осы Ереженің 19-тармағында көрсетілген, Комиссияның қызметін тоқтатуға әкеп соғатын жағдайлар туындаған кезде Қазақстан Республикасының Президентіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне жасалған жұмыс туралы есеп-хат жіберіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады