Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi Даму стратегиясын iске асыру жөнiндегi одан арғы шаралар туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 28 наурыздағы N 827 Жарлығы. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2003.08.15. N 1165 жарлығымен.

Республикалық баспасөзде
мазмұны жариялануға
тиіс

      Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi Даму стратегиясын iске асыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002-2004 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Yкiметi:
      1) бiр ай мерзiмде Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi Iс-шаралар жоспарын бекiтсiн;
      2) тоқсан сайын Мемлекет басшысына Бағдарламаның орындалу барысы туралы ақпарат ұсынсын.
      3. Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдар Бағдарламаны iске асыру жөнiнде шаралар қабылдасын.
      4. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi Даму стратегиясын iске асыру жөнiндегi шаралар туралы" 1998 жылғы 28 қаңтардағы N 3834 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1998 ж., N 2, 10-құжат);
      2) "Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1998 жылғы 28 қаңтардағы N 3834 Жарлығына өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 7 қыркүйектегі N 206 Жарлығы ;
      3) Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралар туралы" 2000 жылғы 17 ақпандағы N 344 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., N 8, 95-құжат; 2001 ж., N 34, 440-құжат).
      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы Президентінің
2002 жылғы 28 наурыздағы       
N 827 Жарлығымен           
бекітілген             

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ
2002-2004 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН
БАҒДАРЛАМАСЫ Астана
2002 жылғы наурыз

Бағдарламаның паспорты

Атауы             Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002-2004
                  жылдарға арналған бағдарламасы

Бағдарламаны      Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейiнгi
әзiрлеу үшiн      дамуының стратегиялық жоспары , Мемлекет
негiздеме         басшысының бағдарламалық тапсырмалары

Негiзгi           Қазақстан Республикасының Yкiметi
әзiрлеушi

Мақсаты           Қоғамдық-саяси тұрақтылық, орнықты әлеуметтiк-
                  экономикалық даму, экономиканың теңдестiрiлуi
                  деңгейiн арттыру, капитал қозғалысын жандандыру,
                  экономикалық қауiпсiздiктi нығайту, жүйелiк
                  қатерлердi азайту, халықаралық ынтымақтастықты
                  дамыту, ғаламдық және аймақтық деңгейлерде
                  қауiпсiздiк пен тұрақтылыққа, қауiп-қатерлерге
                  қарсы тұру әзiрлiгi негiзiнде халықтың тұрмыс
                  деңгейiнiң өсуi

Бағдарламаның     Ел халқының әл-ауқатын жақсарту және оның одан
басымдықтары      әрi өсуi үшiн алғышарттар жасау;
                  қазiргi заманғы жаңа өндiрiстер құру, неғұрлым
                  жоғары техникалық-технологиялық деңгейге шығу;
                  мемлекеттiк басқару органдарының функцияларын,
                  өкiлеттiктерi мен жауапкершiлiгiн жiтi айқындап,
                  жұмысының тиiмдiлiгiн арттыру;
                  әлеуметтiк-экономикалық процестер мен сыртқы
                  факторлардың өзгеруiне бара-бар ден қоюды қоса
                  алғанда, экономиканы мемлекеттiк реттеудiң
                  тетiктерiн жасау
Бағдарламаның     Мақсаттар мен орта мерзiмдi басымдықтарға қол
мiндеттерi        жеткiзу мыналарды:
                  - елдiң қаржы және бюджет жүйелерiнiң
                  теңдестiрiлуi мен орнықтылығын;
                  - халықтың тұрмыс деңгейiнiң өсуi, кедейлiк пен
                  жұмыссыздықтың азайтылуы негiзiнде iшкi сұранысты                   арттыруды;
                  - рыноктарды құрылымдаудағы Yкiметтiң рөлiн
                  арттыруды;
                  экономиканың барлық саласының рентабельдi жұмыс
                  iстеуiн;
                  - бiрiншi кезекте өнеркәсiптiң шикiзаттық емес
                  салаларында тауарлардың бәсекелестiк қабiлетiн
                  көтеру мақсатында жұмыс iстеп тұрған
                  кәсiпорындарды технологиялық жаңартуды;
                  - ауыл шаруашылығының өнiмдiлiгiн елеулi түрде
                  арттыруды, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдеу және
                  өткiзу жөнiндегi бәсекеге қабiлеттi өндiрiстердi
                  дамытуды;
                  - мердiгерлiк жұмыстар рыногын құруды, қазiргi
                  заманғы құрылыс кешенiн және құрылыс материалдары
                  мен құрастырмалары өнеркәсiбiн дамытуды;
                  - қызмет көрсету саласын кеңейтудi және оның
                  бәсекелестiк қабiлетiн көтерудi;
                  - экономиканың барлық деңгейi үшiн сапалы жаңа
                  басқару, инженерлiк-техникалық және жұмысшы
                  кадрлар даярлауды;
                  - экономиканың басым секторларына
                  инвестициялардың құйылуын ынталандыруды,
                  инфрақұрылымды дамытуға және экономиканың
                  өндiрiстiк құрылымын жетiлдiруге жұмсалатын
                  мемлекеттiк инвестициялық ресурстарды тиiмдi
                  пайдалануды;
                  - аймақтар экономикасын теңдестіре дамытуды
                  қамтамасыз ететiн экономикалық, фискалдық және
                  заңнамалық жағдайлар жасауға бағытталған
                  мiндеттердi шешудi талап етедi.

Бағдарламаның     Индустрия салаларында жаңа қайта бөлiстер мен
негiзгi            өндiрiстердi дамыту үшiн жағдай жасау.
iс-шаралары
                  Инфрақұрылымды және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз
                  ететiн өндiрiстердi озыңқы дамыту.
 
                    Әлеуметтiк саясатты жетiлдiру.

                  Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ),
                  "Орталық Азиялық ынтымақтастық" (ОАЫ) ұйымы,
                  Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы (ТМД), Шанхай
                  Ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Экономикалық
                  ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ) шеңберiнде
                  экономикалық ықпалдастықты тереңдету.
                  Халықтың денсаулығы жай-күйiн жақсарту, салауатты
                  өмiр салтын насихаттау.

Қаржыландыру      Мемлекеттiк бюджеттiң қаражаттары, қарызға
көздерi           алынатын қаражаттар, тiкелей инвестициялар,
                  гранттар, қорлардың және басқа да қаржы
                  институттарының қаражаттары

Бағдарламаны      Ел халқының тұрмыс деңгейiн одан әрi көтерудi қамтамасыз iске   ететiн экономиканың серпiндi өсуiне қол жеткiзу
асырудан
күтiлетiн
түпкi нәтиже

Iске асыру        2002-2004 жылдар.
мерзiмi

1. Үкiмет Бағдарламасының мақсаты мен басым мiндеттерi

      Үкiмет 2002-2004 жылдарға арналған басты мақсат ретiнде қоғамдық-саяси тұрақтылық, тұрақты әлеуметтiк-экономикалық даму, экономиканың теңдестiрiлуi деңгейiн арттыру, капитал қозғалысын жандандыру, экономикалық қауiпсiздiктi нығайту, жүйелiк қатерлердi азайту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, ғаламдық және аймақтық деңгейлерде қауiпсiздiк пен тұрақтылыққа, қауiп-қатерлерге қарсы тұру әзiрлiгi негiзiнде халықтың тұрмыс деңгейiнiң өсуi деп айқындайды.
      Үкiмет қоғамды одан әрi демократияландыру, заңдылық пен құқық тәртiбiн нығайту, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселелерiне зор назар аударатын болады.
      Басым мiндеттер ретiнде мыналар айқындалды:
      1. Ел халқының әл-ауқатын жақсарту және оны одан әрi өсiру үшiн алғышарттар жасау.
      2. Жаңа, қазiргi заманғы өндiрiстер құру, неғұрлым жоғары техникалық-технологиялық деңгейге шығу.
      3. Олардың функцияларын, өкiлеттiктерi мен жауапкершіліктерін жіті айқындап, мемлекеттік басқару органдары жұмысының тиiмдiлiгiн арттыру.
      4. Әлеуметтiк-экономикалық процестермен сыртқы факторлардың өзгеруiне бара-бар ден қоюды қоса алғанда, экономиканы мемлекеттiк реттеудiң тетiктерiн жасау.
      Мақсаттар мен орта мерзiмді басымдықтарға қол жеткізу Үкімет пен Ұлттық Банктен:
      елдiң қаржы және бюджет жүйелерiнiң теңдестiрiлуi мен тұрақтылығын;
      халықтың тұрмыс деңгейi өсуi, кедейлiк пен жұмыссыздықтың азайтылуы негiзiнде iшкi сұранысты арттыру;
      рыноктарды құрылымдаудағы Yкiметтiң ролiн арттыру;
      экономиканың барлық саласының рентабельдi жұмыс iстеуiн;
      бiрiншi кезекте өнеркәсiптiң шикiзаттық емес салаларында тауарлардың бәсекелестiк қабiлетiн көтеру мақсатында жұмыс істеп тұрған кәсiпорындарды технологиялық жаңартуды;
      ауыл шаруашылығының өнiмдiлiгiн елеулi түрде арттыруды, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдеу және өткiзу жөнiндегi бәсекеге қабiлеттi өндiрiстердi дамытуды;
      мердiгерлiк жұмыстар рыногын құруды, қазiргi заманғы құрылыс кешенiн және құрылыс материалдары мен құрастырмалары өнеркәсiбiн дамытуды;
      қызмет көрсету саласын кеңейтудi және оның бәсекелестiк қабiлетiн көтерудi;
      экономиканың барлық деңгейi үшiн сапалы жаңа басқару инженерлiк-техникалық және жұмысшы кадрларды даярлауды;
      экономиканың басым секторларына инвестициялар құйылуын ынталандыруды, инфрақұрылымды дамытуға және экономиканың өндiрiстiк құрылымын жетiлдiруге жұмсалатын мемлекеттiк инвестициялық ресурстарды тиiмдi пайдалануды;
      аймақтар экономикасын теңдестіре дамытуды қамтамасыз ететін экономикалық, фискалдық және заңнамалық жағдайлар жасауға бағытталған мiндеттердi шешудi талап етедi.
      Бағдарламаның негiзгi бағыттары Қазақстан Республикасы дамуының 2010 жылға дейiнгi кезеңге арналған стратегиялық жоспарының негiзiнде әзiрлендi және Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi Даму стратегиясын одан әрi iске асыруға нысана алынды.
      Таяу кезеңдегi бiрiншi кезектегi мiндеттер Мемлекет басшысының 2001 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 10 жылдығына арналған салтанатты жиналыста, сондай-ақ 2002 жылғы 25 қаңтардағы облыстардың әкiмдерiмен кеңесте Үкiметке берген тапсырмаларынан туындайды.
      Бiрiншi . Индустрия салаларында жаңа қайта бөлiстер мен өндiрiстердi дамыту үшiн жағдай жасау.
      Екiншi . Инфрақұрылымды және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн өндiрiстердi озыңқы дамыту.
      Үшiншi . Әлеуметтiк саясатты жетiлдiру.
      Төртiншi . Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ), "Орталық Азиялық ынтымақтастық" (ОАЫ) ұйымы, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы (ТМД), Шанхай Ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ) шеңберiнде экономикалық ықпалдастықты тереңдету.
      Бесiншi . Халықтың денсаулығы жай-күйiн жақсарту, салауатты өмiр салтын насихаттау.
      Экономиканы қарышты өсірудің резервтері мыналар болып табылады:
      Бiрiншi . Отандық шағын және орта бизнестiң серпiндi өсуi.
      Екiншi . Мұнай-газ секторын тиiмдi пайдалану, 2001 жылы КТК құбыр өткiзгiшiнiң iске қосылуына, Қарашығанақ мұнай конденсаты кен орнының игерiлуiне байланысты мұнайды экспорттау жөнiндегi елдiң экспорттық мүмкiндiктерiн ұлғайту.
      Үшiншi . Металлургия, химия және мұнай химиясы салаларында жаңа технологиялық қайта бөлiстер мен өндiрiстер құру, экспорт құрылымын жақсарту.
      Төртiншi . Қаржы секторын дамытудың жаңа сапалық деңгейi.
      Бесiншi . Экономикалық және әлеуметтiк инфрақұрылымды үдемелi
әрi теңдестiре дамыту, iшкi сұранысты және бәсекеге қабiлеттi тауарлар мен қызметтер көрсетудiң бара-бар ұсыныстарын дамыту.
      Yкімет орта мерзiмдi кезеңде мынадай мақсатты индикаторларға қол жеткiзудi қамтамасыз етуге ниеттенуде:
      2004 жылы iшкi жалпы өнiмнiң өсуiн 2001 жылмен салыстырғанда 18-20 пайызға жеткiзiп, оның орташа жылдық нақты өсуiн 5-7 пайызға жеткiзу;
      2004 жылғы халықтың жан басына шаққанда iшкi жалпы өнiмнiң деңгейiн 1600-1700 АҚШ долларына баламалы сомаға дейiн жеткiзу;
      инфляция деңгейi - 2002 жылы 5-7 пайыз, 2003 және 2004 жылдары 4-6 пайыз;
      өнеркәсiптiк өндiрiстiң орташа жылдық өсуi - 8-10 пайыз;
      табысы ең төменгi күнкөрiстен аз халықтың үлесiн 20-25 пайызға дейiн азайту.

2. Мемлекеттiк реттеу

      2.1. Кәсiби Үкiмет

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң: "Жаңа Yкiмет салиқалы әрi нақты iстiң Yкiметi болуға тиiс" деген сөзiн Yкiмет ұран ретiнде толық қабыл алады.
      Мақсаттары
      Үкiмет аппараты қызметiн ұйымдастыруда жүйелi көзқарас қалыптастыру, оның жұмысын икемдi, тиiмдi және реттi ету, ведомствоаралық өзара iс-қимыл мен үйлестiрудi күшейту.
      Қоғамда мемлекеттік қызметтің беделін көтеру және лауазымдар жіктемесін мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесін жетiлдiру.
      Алғышарттар
      Мемлекеттiк қызметтi өркениеттi нормативтiк құқықтық қамтамасыз етудiң базалық негiздерi әзiрлендi және енгiзiлдi. Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделi жұмыс iстеуде.
      Мемлекеттiк басқару органдарының қызметiнде қысқа, орта және ұзақ мерзiмдi жоспарлау қағидаттары енгiзiлдi. "Қазақстан - 2030"  стратегиясында айқындалған басымдықтар бойынша Қазақстан Республикасы дамуының 2010 жылға дейiнгi стратегиялық жоспары   әзiрлендi. Облыстарды, Астана және Алматы қалалары дамуының стратегиялық жоспарлары әзiрлендi.
      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiнде тиiстi заң және бiрқатар нормативтiк құқықтық актiлер қабылданды.
      Шешу жолдары
      Ел Үкiметiнiң жұмысын ұйымдастырудың тетiгiн жетiлдiру мiндетi алда тұр. Оның барлық құрылымдық элементтерi қызметiнiң өлшемдерi - нақты басшының тұлғасына тәуелдi болмай, жалпы мемлекеттiк саясаттың мақсаттарына сәйкестiгi, аппарат жұмысының тұрақтылығы, жолға қойылуы, жауапкершiлiгi және оның жұмысының нәтижелiлiгi болуы тиiс. Осы мақсатта Үкiметтiң орталық атқарушы органдардың iшкi құрылымын бекiтуiнiң, олардың жетекшi құрылымдық бөлiмшелерi санының нормативтерiн белгiлеуiнiң орындылығы қаралады.
      Үкiмет құрылымын жетiлдiрудiң уздiксiз процесi қайталау мен төрешiлдiк былықты болдырмайтын жiтi айқындалған, бiркелкi әрi теңдестiрiлген функциялары бар түпкiлiктi сұлбасын сызуы тиiс.
      Мемлекеттiк органдардың штат саны олар орындайтын функциялардың саны мен сапасына қарай белгiленедi. Бұл ретте мемлекеттiк органдардың кадрлық құрамы кәсiби деңгейiне, бiлiктiлiгi мен тәжiрибесiне қойылатын жаңа талаптарға сай келуi және тиiстi материалдық-техникалық әрi қаржылық ресурстармен қамтамасыз етiлуi тиiс.
      Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiн реттеу негiзгi мiндетiн орындаудағы тиiмдiлiгiн арттыруға және ең бiрiншi кезекте, түпкi нәтижеге бағдарлануына бағытталады.
      Олардың Құзыретiне енетiн мәселелердi бiрлесiп шешу үшiн министрлiктердiң, агенттiктердiң және ведомстволардың iс-қимылын үйлестiру күшейтiледi.
      Мемлекеттiк органдар қызметiнiң халық үшiн ашық болуын қамтамасыз етуде ақпараттық технологиялардың мүмкіндiгiн пайдалануды кеңейту жөнiнде нысаналы жұмыс жүргiзiледi.
      Мемлекеттiк органдардың жұмысының ашықтығын және қызмет бабын терiс пайдаланудың алдын алуды қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк қызметшiлер қызметiн регламенттеу жүйесi жетiлдiрiледi және мемлекеттiк қызмет көрсетудi ұсынудың стандарттары әзiрленедi.
      2002 жылы мыналарды:
      мемлекеттiк билiк органдарының жұмысына кешендi функционалдық талдау жасау мен олардың өзара iс-қимылының тиiмдiлiгiн және Үкiмет құрылымын жетiлдiру жөнiнде тиiстi ұсынымдар әзiрлеу, мемлекеттiк органдардың функцияларын нақтылауды;
      құжаттарды келiсу тәртiбiн оңайлату, кеңестердiң, әртүрлi жұмыс топтарының санын азайту және олардың нәтижелiлiгiн арттыру, жаңа технологиялар енгiзумен бiрге құжат айналымын ретке келтiру және азайтуды;
      барлық мемлекеттiк органдарда, ұлттық компанияларда және ірі республикалық мемлекеттiк кәсiпорындарда орта мерзімді жоспарлаудың, тұтас, көпдеңдейлi жүйесiн қалыптастыруды;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк билiк органдарының ұлттық геоақпараттық жүйесiн қалыптастыруды;
      мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін көтеру, оларға еңбекақы төлеу жүйесiн жетiлдiру және деңгейiн көтеру, оларды құқықтық және әлеуметтiк қорғауды күшейтудi;
      мемлекеттiк қызметшiлердi кәсiби даярлаудың сапасын арттыру, оларды үздiксiз даярлау мен бiлiктiлiгiн арттырудың тетiгiн енгiзудi;
      мемлекеттiк қызмет кадрларын есепке алудың бiрыңғай ақпараттық жүйесiн жетiлдiрудi;
      қызметтiк этика нормаларын бұзғаны және мемлекеттiк қызметте сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн жауапкершілiктi күшейтудi жүзеге асыру көзделуде.
      Әкiмшiлiк мемлекеттiк қызметшiлерге бос әкiмшiлiк лауазымдарға конкурстан тыс орналасу құқығы берiледi. Мемлекеттiк қызметшiнiң сiңiрген еңбегiнiң негiзiнде қызметiнiң әдiл өсуiн қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк органдардағы лауазымдарда мiндеттi жұмыс стажы бойынша лауазымдардың жекелеген санаттарына қойылатын бiлiктiлiк талаптары күшейтiледi.

2.2. Мемлекеттiк басқару органдарының функциялары мен
өкiлеттiктерiн айқындау және ажырату

     Мақсаттары
      Мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасында және олардың iшiнде мемлекеттiк функциялар мен өкiлеттiктердi тиiмдi бөлудi заң жүзiнде бекiту.
      Әрбiр деңгейдегi мемлекеттiк басқаруды құрайтын ұйымдастырушылық, құқықтық және экономикалық бөлiктерiнiң теңдестiрiлуiне қол жеткiзу.
      Алғышарттар
      " Бюджет жүйесi туралы ", "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы" Заңдарды қамтитын мемлекеттiк басқару және билiктiң барлық деңгейiнiң өзара iс-қимыл жасауының жүйесiн одан әрi жетiлдiру үшiн база жасалды. Азаматтық кодекске билiк деңгейлерiне өкiлеттiктердi және мемлекеттiк функцияларды орындау жөнiндегi жауапкершiлiктi бекiту, сондай-ақ оларды тәртiпке келтiру мәселелерiн реттеу жөнiнде жағдай жасаған өзгерiстер енгiзiлдi.
      Әкiмшiлiк-бюджет реформасы шеңберiнде экономикаға орынсыз араласуды шектеу, олардың әрқайсысына тиiстi кiрiс көздерiн бекiтумен бiрге билiктiң барлық деңгейi арасында өкiлеттiктердi ажырату жөнiндегi жұмыс басталды. Мемлекеттiк секторға қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар арасында бюджет саласының шекарасы ажыратылды.
      Нарық экономикасы жағдайында мемлекеттiк басқару секторының функцияларына және бiрiншi кезекте, республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаттары есебiнен қаржыландырылатын ұйымдардың функцияларына талдау жүргiзiлдi.
      Шешу жолдары
      Мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы өкiлеттiктердi ажырату және бюджетаралық қатынастарды жетiлдiру мәселелерi жөнiндегi комиссия жұмысының нәтижелерi бойынша 2002 жылы мемлекеттiк функцияларды одан әрi оңтайландыру (қайталанатын функцияларды жою, мемлекетке тән емес функцияларды жеке секторға беру) және ең алдымен облыс-аудан деңгейiндегi мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасында оларды тиiмдi бөлу, мемлекеттiк аппараттың оңтайлы құрылымын белгiлеу жөнiнде ұсыныстар әзiрленедi.
      2002 жылы Мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы өкiлеттiктердi ажырату және бюджетаралық қатынастарды жетiлдiру тұжырымдамасы әзiрленедi, Үкiмет оның негiзiнде кейiн мемлекеттiк функцияларды орындау бойынша өкiлеттiктер мен жауапкершілiктердi әрбiр билiк деңгейiне заң жүзiнде жiтi бекiту әрi мемлекеттiк басқару жүйесiн жетiлдiру жөнiндегi жұмысты одан әрi жүзеге асырады.
      Құрылымдық бөлiмшелердiң тиiстi штат саны және басқарудың әрбiр деңгейiн қаржылық қамтамасыз ету кезiнде әрбiр мемлекеттiк органның функцияларды iске асырудың тиiмдiлiгiне талдау жүргiзiледi. Басқарудың төмендегi деңгейлерiне берілетiн функцияларды таңдау кезiнде тиiстi деңгейде табысты iске асыру үшiн қажеттi мүмкiндiктер мен ресурстарды ақиқатты бағалау жүргiзiледi.

      2.3. Мемлекеттiк активтердi басқару
 
        Мақсаттары
      Кең ауқымды жекешелендiруден мемлекеттiк активтердi тиiмдi басқаруға көшу және экономиканың стратегиялық маңызды салаларын дамытуды реттеу мүмкiндiгiн сақтау, мемлекеттiк активтердi есепке алу жүйесiн жетiлдiру.
      Алғышарттар
      Неғұрлым iрi ұлттық компаниялардың қаржылық көрсеткiштерiнiң мониторингi жүйесi енгiзiлдi. Қазiргi уақытта тоқсан сайын қаржылық ақпарат ұсынатын, алдағы жылға есеп саясатын, бюджеттi және есептi кезеңдегi бюджеттiң атқарылуы туралы келiсетiн ұлттық компаниялардың қызметiн бақылау, сондай-ақ әкiмшiлiк шығыстарын одан әрi оңтайландыру және ретке келтiретiн жұмыс жандандырылды.
      Мемлекеттiк кәсiпорындардың мемлекеттiк акциялар пакеттерiне дивидендтерiнiң және таза табысы бiр бөлiгiнiң бюджетке түсiмдерi ұлғаюы үрдiсi байқалды.
      Шешу жолдары
      2002 жылдан бастап бюджет тапшылығын қаржыландырудың бiр көзi ретiнде республикалық меншiк объектiлерiн жекешелендiру көлемдерiн қалыптастыру мемлекеттiк активтердi басқарудың нәтижелерiмен, жаңа қарыз алу және қолда бар борыштық мiндеттемелердiң көлемдерiмен байланыстырылатын болады.
      2002 жылы шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың табысының бiр бөлiгiн бюджетке аударудың тәртiбі, мерзімі мен ең төменгі мөлшері регламенттелетін болады.
      Ұлттық компаниялардың қаржы-шаруашылық қызметiнiң нәтижесiнде алынған табыстар мен тартылған шығындардың ашықтығын қамтамасыз ету үшiн 2003 жылы инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыру көздерiн және бюджетке жiберiлетiн дивидендтердің мөлшерін айқындау кезiнде экономикалық негiзделген қорытынды жасау жүйесi жетiлдiрiледi. Осы мақсатта ұлттық компаниялар еншiлес ұйымдардың қаржылық ақпаратын тоқсан сайын ұсынатын болады.
      2004 жылдың аяғына дейiн мемлекеттiк активтер мен міндеттемелердiң теңгерiмiн жасау, мүлiктiк жалға берiлетiн тұрғын үй емес мемлекеттiк қорды жүйелi түрде есепке алудың, сондай-ақ мемлекеттiк меншiктегi объектiлердi мүлiктiк жалға беру ережелерiнiң сақталуын бақылаудың әдiстемелерi әзiрленедi.
      2002-2004 жылдары iшiнде:
      мемлекеттiк кәсiпорындар мен мемлекеттiң қатысуы бар акционерлiк қоғамдардың әкiмшiлiк шығыстарын және тиiстi нормативтiк құқықтық база мен мониторинг жүйесiн жасауды;
      басы артық және республикалық мемлекеттiк кәсiпорындарға бекiтiлген мүлiктiң мақсаттан тыс пайдаланылуын оңтайландыру жөнiнде шаралар қабылданады.
 

      2.4. Баға және тариф саясаты

      Мақсаттары
      Мемлекеттiң, табиғи монополия субъектiлерiнiң және олардың қызметтерiн тұтынушылардың мүдделерiн теңдестiруге бағытталған икемді тарифтік саясатты орта мерзімдік негізде қалыптастыру. Табиғи монополиялар секторына инвестициялар тарту үшiн қолайлы жағдайлар жасау. Табиғи монополиялардың қызметiн мемлекеттiк реттеу және бақылау салаларын кеңейту. Тауар және қаржы рыноктарын тиiмдi жұмыс iстеу үшiн жағдайларды қамтамасыз ету, бәсекелестiк тартыстың жосықсыз әдiстерiн болдырмау.
      Алғышарттар
      Экономикада макрокөрсеткiштердiң өсу үрдiстерi нығаюда. Кәсiпорындардың қаржы жағдайы, олардың төлем жасау тәртiбi жақсарды. Халықтың табысы өсуi нәтижесiнде халықтың тұтыну құрылымында азық-түлiктiк емес тауарлар мен қызмет көрсетулерге қарай елеулi ойысу жүруде. Табиғи монополиялар қызметтерiнiң тұтыну көлемі ұлғаюы жоғарыда көрсетiлген үрдiстердің нәтижесi болып табылады. Бұл ретте, табиғи монополиялар активiнiң табиғи тозуының қазiргi жоғарғы деңгейi шығындардың өсуiне, теріс қаржы көрсеткiштерiне әрi, түптiң түбiнде тарифтердiң болжанудан тыс өсуiне әкеп соғуда.
      Шешу жолдары
      Орта мерзiмдi кезең iшiнде табиғи монополиялардың қызметтерiне тарифтердiң орташа деңгейiнiң тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнiнде монополияға қарсы заңнаманы сақтамағаны және тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiктi арттыру жөнiнде шаралар қабылданады. Сондай-ақ, рынок субъектiлерiн бағаны өзара келiсуiн тыю жөнiндегi монополияға қарсы заңнама қатайтылады.
      2002 жылы тариф құраудың нормативтiк және әдiстемелiк базасы жетiлдiрiледi. 2002 жылдың аяғына дейiн орта мерзiмдi негiзде бағалардың (тарифтердiң) шектi деңгейiн есептеу тәртiбiн, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектiлерi үшiн оларды енгiзу ережесiн әзiрлеу жоспарлануда.
      Алдағы кезең iшiнде активтердiң реттелетiн базасынан пайданың ставкасы ретiнде табиғи монополиялар субъектiлерiнiң тарифтерiндегi пайданы есептеуге кезең-кезеңiмен көшу мiндетi алда тұр.
      Шығындардың тарифтiк сметаларының бекiтiлген баптарын орындау туралы талап заң жүзiнде бекiтiледi. Аралас үлгiдегi өндiрiсi бар жылу қазандықтары мен станцияларында жылу энергиясы өндiрiсi, электр энергиясын желiге беру әрi тұтынуды техникалық диспетчерлендiру жөнiндегi көрсететiн қызметтер, газ бен газ конденсатын сақтау, газ бөлу қондырғыларын пайдалану және олармен байланысты газды бөлу құбыр өткiзгiштерi жөнiндегi көрсететiн қызметтер, кiрме жолдар көрсететiн қызметтер салаларында табиғи монополиялардың қызметiн реттеу жөнiнде шаралар көзделедi.
      Табиғи монополия субъектiсiнiң мүлкiмен мәмiлелер жасауды бақылау шаралары қатайтылады, тұтынушыларға келтiрiлген залалды өтеу үшiн тарифтерге уақытша өтемдiк коэффициенттер қолдану рәсiмдерi әзiрленедi.
      2004 жылға дейiн табиғи монополиялардың субъектiлерiнiң қызметтерiне тұтынушылардың топтары бойынша тарифтердiң негiзсiз саралануын жою жөнiндегi жұмысты негiзiнен аяқтау көзделуде.
      Бұл жұмыста тауар және қаржы рыноктарындағы бәсекенi шектеуге әрi жоюға бағытталған шаруашылық жүргiзушi субъектiлерi арасындағы бәсекеге қарсы келiсiмдердiң, бағамен қысым көрсету, субъектiлердiң топтасуының барлық нысандарының жолын кесу ерекше орын алады.
 

      2.5. Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану

      Мақсаттары
      Қоршаған ортаның сапасын тұрақтандыру, қоғамның қажеттiлiктерiне бара-бар табиғат пайдалану процесiн реттеу, қолданыстағы табиғат пайдалану заңнамасын халықаралық талаптарға сәйкес келтiру.
      Алдағы кезеңдегi негiзгi мiндеттер халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және су ресурстарының тапшылығын азайту; ормандар алаңын ұлғайту, орман мен өсімдік және жануарлар дүниесiнiң өзге де ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану; шаруашылық қызметтiң қоршаған ортаға әсерiн азайту және қалдықтарды пайдалану деңгейiн арттыру болып табылады.
      Алғышарттар
      Экология саласында заңдар топтамасы қабылданды, қоршаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша бiрқатар конвенцияларға қол қойылды. Экономиканың су секторын дамытудың және 2010 жылға дейiнгi су шаруашылығы саясатының тұжырымдамасы , 2010 жылға дейiнгi "Ауыз су" салалық бағдарламасы бекiтiлдi.
      Ластаудың барлық көздерiнiң мемлекеттiк кадастры және оларды орналастырудың карталары жасалуда, қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай мемлекеттiк жүйесi жасалуда.
      Су ресурстарының тапшылығы республиканың табиғи байлықтарын игерудi және өндiрушi күштерiн дамытуды тежейтiн елеулi фактор болып табылады. Атмосферадағы ауа мен су объектiлерiн ластау жөнiндегi келеңсiз үрдiстер сақталуда, өндiрiс қалдықтарын басқару және тұтыну жүйесi жоқ.
      Шешу жолдары
      2002 жылдан бастап "Ауыз су" салалық бағдарламасының iс-шараларын және ауылдық елдi мекендердi сумен жабдықтауды жақсарту жөнiндегi жобаларды iске асыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғауды ынталандыратын экономикалық тетiктердi әзiрлеу және енгiзу басталады, су ресурстарын кешендi пайдаланудың су шаруашылығы теңгерiмдерiн және бассейндiк схемаларын жасау жөнiндегi жұмыс жалғастырылады.
      Көршiлес мемлекеттермен шекарааралық су ағындарын пайдалану мәселелерi бойынша уағдаластықтарды iске асыру жалғастырылады.
      2002 жылы Астана қаласының жасыл желектi аймағын жасау бағдарламасын iске асыру жалғастырылады. Бүкiл республика бойынша орман алаңдарын ұлғайту үшiн iске асырылуы 2003 жылы басталатын "Қазақстан орманы" бағдарламасы бекiтiледi.
      Браконьерлiкке қарсы күрестiң тиiмдiлiгiн арттыруды шоқ тоғайлар жолағын, сексеуiлдер және жұрнақты орман екпелерiн қалпына келтiру, киiктердi кәсiпшiлiк аулау санын қалпына келтiру, жануарлардың және өсiмдiктердiң сирек кездесетiн әрi жойылып бара жатқан түрлерiн сақтау, балық шабақтарын өсiру және балықтың бекiре тұқымдас түрлерi уылдырық шашатын жерлерде балық шаруашылығы мелиорациясын жүргiзу, Каспийдiң қорық аймақтарын аймақтарға бөлуді жүзеге асыру, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желiсiн және экологиялық туризм бағыттарын дамытуды қоса алғанда, ормандар мен жануарлар дүниесiн қорғау әрi молайтуды қамтамасыз етуге мемлекеттiк ықпалды күшейту.
      Шаруашылық қызметтiң қоршаған ортаға әсерiн азайту және қалдықтарды пайдалану деңгейiн арттыру үшiн:
      барлық салынып жатқан өндiрiстiк объектiлерге мiндеттi мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзумен бiрге экологиялық аудандастыру мен қоршаған ортаны ластаудың аумақтық шектеулерiн (лимиттерiн) белгiлеудiң және әлемдiк стандарттарға сәйкес табиғи ресурстарды пайдаланудың негiзiнде қоршаған ортаны қорғаудың аумақтық кешендiк схемаларын әзiрлеу жолымен табиғат пайдалану және қоршаған ортаны қорғау жүйесiн оңтайландыруды жалғастыру;
      Қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiн жасауды аяқтау және оның тиiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету, табиғи ресурстар кадастрын әзiрлеу, табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшiн ақы төлеу жүйесiн жетiлдiру, табиғат пайдалануға рұқсат беру жөнiндегi бiрыңғай талаптар жүйесiн енгiзу;
      экологиялық қауiптi шаруашылық қызмет түрлерiн жүзеге асырушы заңды және жеке тұлғаларды мiндеттi экологиялық сақтандыруды енгiзу үшiн құқықтық негіздер қалыптастыруды жалғастыру;
      Арал өңiрi, Балқаш көлi бассейнi аудандарында орналасқан қоршаған орта объектiлерiн және әскери полигондарды қалпына келтiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      қоршаған ортаның сапасын жақсарту мен қазiргi және болашақ ұрпақтар үшiн табиғи ресурстарды сақтау процесiне қоғамды тартуды қамтамасыз ету;
      шикiзаттық бағыттағы компанияларда ИСО 14000 сериялы халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес сапаны басқару жүйелерiн енгiзу көзделедi.
      Yкiмет Каспий теңiзiнiң мәртебесiн реттеу мәселесiне ерекше көңiл бөледi. Бұл ретте, Yкiмет көптарапты негiзде белсендi өзара iс-қимылды жалғастырумен қатар Каспийдiң құқықтық мәртебесi туралы конвенцияны әзiрлеу мақсатында Түркiменстанмен жер қойнауын пайдалану саласындағы өзара құқықтарды және Каспийде өзара iс-қимыл жасаудың басқа да аспектiлерiн анықтау жөнiндегi екiжақты құжаттарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Солтүстiк Каспийде модификацияланған ортадағы желiнiң өтуi туралы хаттамаға, осы желi аймағында орналасқан блоктардағы тараптардың өзара шаруашылық iс-қимылы мәселелерiн көрсете отырып, қол қою жөнiнде шаралар қабылдауға ниеттенуде.

3. Заң шығарушылық қызмет

      Мақсаттары
      Мемлекеттiң дамуының жаңа кезеңiне бара-бар елде жүргiзiлiп жатқан қайта құруларды нормативтiк құқықтық қамтамасыз ету.
      Алғышарттар
      Мемлекет тiршiлiгiнiң, iс жүзiнде барлық аспектiлерiн қамтитын ұлттық заңнаманың кең ауқымы жасалды. Сонымен бiрге, мемлекеттiк қалыптасу кезеңiнде өзiндiк оң роль атқарған қазiргi заңнамалық база қазіргі кезеңде қоғамның қажеттілiктеріне енді толық дәрежеде жауап бермейдi.
      Шешу жолдары
      Ағымдағы жылы орындалуы тиiс бiрiншi кезектегi шаралар ретiнде заңнаманы дамытудың орта мерзiмдi перспективаға арналған негізгі бағыттарын айқындауға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы әзiрленедi.
      2002 жыл ішінде Yкімет заңнамада орын алып отырған мынадай кемшіліктерді: қайталанатын және жарияланымдық сипаттағы құқықтық қайшылықтарды, қоғамдық қатынастардың маңызды салаларындағы құқықтық реттеудегi олқылықтарды анықтауға күш-жiгер жұмсайды.
      Осы жұмыстың нәтижелерiн ескере отырып, биылғы жылдың аяғына дейiн кемшiлiктердi жою жөнiнде шаралар қабылданып, Үкiметтiң заң шығарушылық қызметiндегi нақты бағыттар айқындалады.
      2003-2004 жылдар iшiнде ескiрген заң актiлерi жаңа буындағы заңдармен ауыстырылады. Бiртектi қоғамдық қатынастарды реттейтiн заңдар жіктеледі. Тұтас алғанда елдің Заңнамасы неғұрлым жинақы, орындалуы және бақылануы үшiн ұғынықты әрi қолайлы болуы тиiс.
      2002 жылдың аяғына дейiн кеден кодексiнiң жобасы әзiрленiп, Азаматтық кодекске түзетулер енгiзiледi.
      Бірiншi кезеңде, сондай-ақ мемлекеттiк басқару мен өзiн-өзi басқаруды, мемлекеттiк қызметтi, сайлау заңнамасын жетiлдiруге, қорғаныс пен ұлттық қауiпсiздiктi нығайтуға, халықаралық терроршылдыққа қарсы іс-әрекетті күшейтуге, қылмысқа қарсы күрестiң тиiмдiлiгiн арттыруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған заң актiлерi әзiрленедi. Үкiмет қылмыстық заңнаманы iзгiлендiру және қылмыстық-атқару жүйесiн реформалау жөнiндегi жұмысты жалғастырады.
      Одан әрi, 2003-2004 жылдары заңнаманың неғұрлым дамыған басқа да салалары, соның iшiнде бюджеттiк, еңбек заңнамасы жiктеледi.
      Заң жобаларының сапасын арттыру үшiн олардың неғұрлым маңыздылары биылғы жылдан бастап мiндеттi түрде ғылыми сараптамадан өткiзiлетiн болады. Әлеуметтiк салаға қатысты заң жобаларын әзiрлеуге азаматтардың қоғамдық ұйымдары мен әлеуметтiк бағыттағы коммерциялық емес ұйымдар белсендi тартылады.
      Қабылданған заңдардың тиiмдi орындалуын арттыру мақсатында жаңа заңдарды iске асыру үшiн қажеттi заң актiлерiн уақытылы қабылдау ұдайы қамтамасыз етiлетiн болады.
      Барлық заңдар мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi норма жасау практикасындағы пайдаланылатын терминдердiң бiрыңғай тiзбесi қолданылып, әзiрленетiн болады.
      Заң жобалау қызметiн жоспарлауды жақсарту мақсатында Үкiмет 2002 жылы заң жобалау жұмыстарының 2003-2005 жылдарына арналған перспективалық жоспарын бекiтедi.
      ЕурАзЭҚ шеңберiнде екi жақты және көп жақты халықаралық шарттардың негiзiнде қатысушы елдердiң заңнамаларын үйлестiру және жақындастыру жөнiнде шаралар көзделедi.
      2002 жылы Үкiмет республиканың ұлттық мүдделерiне жауап бермейтiн, Конституцияға сәйкес елдiң iшкi заңнамасының дамуына кедергi жасайтын халықаралық шарттардан Қазақстанның белгiленген тәртiппен шығуы мақсатында халықаралық шарттарды түгендеудi жүргiзедi.
      Болашақта Yкiмет тек Республикаға нақты саяси және экономикалық тиiмдi әрi оның стратегиялық мүдделерiне қайшы келмейтiн халықаралық шарттарды ғана жасасуға ниеттенуде.

4. Қаржы және салық-бюджет саясаты

      4.1. Ақша-несие саясаты

      Мақсаттары
      Ақша базасы мен алтын-валюта резервтерi бойынша мақсатты көрсеткiштерден инфляция бойынша көрсеткiштерге көшу (инфляциялық таргеттеу), дамыған елдердiң орталық банкiлерi қызметiнiң стандарттарына одан әрi жақындай түсу, валюталық режимдi кезең-кезеңiмен ырықтандыру және қаржы рыногын одан әрi дамыту.
      Қойылған мiндеттердi ойдағыдай орындаудың қажеттi шарттарының бiрi Үкiмет пен Ұлттық Банк қызметiн, әсiресе инфляцияның төменгi деңгейiн қамтамасыз ету және қаржы рыноктарын дамыту мақсатында ақша айналымын реттеу саласында тығыз үйлестiру.
      Алғышарттар
      Ақша-несие саясатын жүргiзуде оң тәжiрибе жинақталды, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң таза халықаралық резервтерiнiң елеулi көлемi жасалды.
      Елдiң қаржы жүйесi жеткiлiктi дамуымен, ашықтығымен және мемлекеттiң араласуынан қорғалуымен сипатталады. Банк жүйесiн халықаралық стандарттарға көшiру процесi жүзеге асырылуда, банк құпиясы туралы Заңнама жұмыс істейді, депозиттерді сақтандыру қоры құрылған. Қазақстанның банк жүйесi ТМД елдерi арасында ең күштiлердiң бiрi болып табылады.
      Сақтандыру рыногы серпiндi даму үстiнде, құрылыс-жинақ және тұрғын үйдi қаржыландыру жүйелерi жасалуда.
      Вексельдiк рынокты дамыту басталды, бұл банкiлердiң вексельдердi қайта есептеу жолымен керi қаржыландыруға қол жеткiзуiн жеңiлдетедi, экономиканы несиелеу әлеуетiн молайтады.
      Шешу жолдары
      2002 жылдан бастап ақша-несие саясатының бағдарларын Ұлттық Банк Үкiметпен бiрлесiп, жыл сайын нақтылай отырып, үш жыл бұрын айқындайтын болады.
      Қазақстан Республикасында валюта режимiн одан әрi ырықтандыру жүзеге асырылады, бұл бiрiншi кезекте валюталық реттеудi өзгертудi және капиталды алып кетуге бақылауды көздейдi. Капиталды алып кетудi ырықтандыру капиталдың қозғалысымен байланысты валюталық операциялардың кейбiр түрлерiне қатысты лицензиялауды кезең-кезеңiмен жоюды қамтиды.
      Теңгенiң еркiн жүзбелi айырбас бағамы режимiн сақтау жоспарланып отыр, бұл қазақстандық тауарлардың сыртқы рыноктарда бағалық бәсекеге қабiлеттiлiгiн сақтауына септiгiн тигiзедi.
      Үкiмет пен Ұлттық Банк ұлттық валютаның рөлiн одан әрi нығайтуға ықпал ететiн, сөйтiп экономиканы "долларландыруды" кемiтетiн шараларды қабылдайтын болады.
      2002-2004 жылдары ақша-несие саясатының негiзгi құралдары вексельдермен ашық рынок операциялары, ресми ставкалар және қайта есептеу операциялары болып қала бередi. Вексельдердiң ашық рынок операциялары және қайта есептеу бойынша операциялары көлемiнiң ұлғаюымен Ұлттық Банктiң есептi ставкаларының және оның РЕПО операциялары бойынша ставкаларының реттеушiлiк рөлi күшейетiн болады деп күтiлуде.
      Қаржы рыноктарын дамыту саласында жеке тұлғалардың талап еткенге дейiнгi депозиттерiне кепiлдiк берудi таратуды қоса алғанда, жеке тұлғалардың салымдарына мiндеттi ұжымдық кепiлдiк беру жүйесiн жетiлдiру жөнiнде iс-шараларды жүзеге асыру, депозиттердi сақтандыру бойынша халықаралық стандарттарды енгiзу, ағымдық қадағалау шараларын жетiлдiру, корпоративтiк басқару және екiншi деңгейдегi банкiлерде тәуекелдердi басқару жүйелерiн енгiзу көзделуде. Банкiлер қызметiн лицензиялау және пруденциялық реттеу, оның iшiнде топтық негiзде бақылауды енгiзу, банк қызметiнiң тәуекелдерiн бағалауды жетiлдiру әдiстерi мен рәсiмдерi жетiлдiрiледi. Қаржы секторының тұрақтылығын нығайту мақсатында 2003 жылы қаржылық бақылаудың бiрыңғай органы құрылатын болады.
      Ұлттық сақтандыру рыногын дамыту Қазақстан Республикасында сақтандыруды дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы аясында халықаралық қағидаттар мен стандарттар негiзiнде жүргiзiледi. Сақтандыру рыногын сақтандыру мен қайта сақтандырудың халықаралық схемаларына ықпалдастыру, басқа елдердің сақтандыруды қадағалау уәкілетті органдарымен ынтымақтастықты одан әрi кеңейту және тереңдету жүзеге асырылатын болады. Сақтандыру шарттары бойынша клиенттердiң мүдделерiн қорғау мақсатында сақтанушыларға (сақтандырылған, пайда алушыларға) сақтандыру ұйымдары жойылған жағдайда сақтандыру төлемдерiн төлеудi жүзеге асыруға кепiлдiк берушi қор құру көзделуде.
      Қаржы рыногының жаңа секторларын құру мен дамыту жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру шеңберiнде құрылыс-жинақ жүйесiнiң нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiру жөнiндегi жұмыс жалғастырылады.
      Жылжымалы мүлiктiң ұйымдасқан рыногын құруға және ипотекалық несиелеудiң дамуына жәрдем көрсетiледi. Жер және жылжымайтын мүлiк несие алу кезiнде нақты қамтамасыз ету қызметiне қабiлеттi өтiмдi активке айналуына қарай қарыз алушылардың банк жүйесiнiң ресурстарына қол жетiмдiлiгi кеңейе түседi.
      Қор рыногын дамытуға септік жасау мақсатында ұйымдасқан қор рыногында банкiлер акцияларының және басқа да бағалы қағаздарының айналымын олардың құнын бұқаралық ақпарат құралдарында жүйелi негiзде мiндеттi түрде жариялай отырып жандандыру жөнiндегi жұмыс жүргiзiлетiн болады. 2003 жылдан бастап бағалы қағаздардың екiншi қайталама рыногын дамытуға айрықша көңiл бөлiнедi.
      Жинақтаушы зейнетақы қорларының арасында орналастырылуы мүмкiн мемлекеттiң атаулы облигацияларды шығаруы жолымен қаржы институттарының активтерiн инвестициялау құралдары қатарын кеңейту арқылы iрi инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялардың көлемiн ұлғайту үшiн жағдайлар жасалады.
      Вексель айналымының нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiру және вексель рыногының инфрақұрылымын жетiлдiру жөнiндегi, вексельдердiң бiрiншi сыныпты эмитенттерiнiң тiзiмiн (ұлттық компаниялардың да есебiнен, "орта буын" шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң де есебiнен) қалыптастыру жөнiндегi жұмыс жалғастырылатын болады. Перспективалық мақсат вексельдiң мәртебесiн бағалы қағаз мәртебесiне дейiн көтеру, бұл бағалы қағаздар рыногының қолданыстағы техникалық инфрақұрылымын вексельдердiң депозитарлық есебiн жүргiзу, вексель алаңдарында сауда-саттық өткiзу және олармен есеп айырысу үшiн пайдалануға мүмкiндiк бередi.
      2002 жылы банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асырушы ұйымдарды, оның iшiнде несиелiк серiктестiктер мен шағын несиелiк ұйымдарды құру, лицензиялау және реттеу тәртiбiн оңайлатуды көздейтiн банк заңнамасының нормаларын жетiлдiру жолымен шағын және орта бизнес субъектiлерi үшiн қаржылық қызмет көрсету секторын дамыту жөнiндегi жұмыс жалғастырылатын болады.
      Экономиканың нақты секторын несиелеудi одан әрi кеңейту мақсатында несиелiк ұйымдардың үш деңгейлі жүйесін құру негiзiнде шағын несиелеудiң көп деңгейлi моделiн енгiзу жөнiндегi жұмыс жүзеге асырылады.
      2002-2004 жылдары Қазақстан Республикасында қолданыстағы төлем жүйелерiн олардың қызмет етуi, сенiмдiлiгi және қауіпсіздігі тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында одан әрi жетiлдiру көзделiп отыр. 2003-2004 жылдары оқшау микропроцессорлы төлем кәртiшкелермен ұсақ бөлшек саудада қолма қол ақшасыз төлемдердi жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуi тиiс. Төлем кәртiшкелерiнiң ұлттық банкаралық жүйесi, сондай-ақ халықаралық төлем жүйелерiнiң кәртiшкелiк трансакциялары бойынша бағыттау және клиринг жасалатын болады.
 

      4.2. Салық саясаты

      Мақсаттары
      Салық салу базасын кеңейту әрi жаңа технологияларды пайдалана отырып, салықтық және кедендiк әкiмшiлiк жасау сапасын көтеру жолымен мемлекеттiк бюджеттiң кiрiс бөлiгiн ұлғайту, сондай-ақ өндiрiстiң дамуын және инвестициялардың өсуiн ынталандыру үшiн салық және кеден заңнамасын жетiлдiру.
      Алғышарттар
      Экономиканың даму перспективаларын ескерген және мемлекет пен салық төлеушiлер мүдделерiнiң оңтайлы үйлесуiне бағытталған жаңа Салық кодексi қолданысқа енгiзiлдi. Салық жүктемесiн азайту мақсатында 2001 жылы қосылған құнға салық ставкасы 16 пайызға дейiн және әлеуметтiк салық ставкасы 21 пайызға дейiн кемiтiлдi. Ірi салық төлеушiлердiң мемлекеттiк бюджетке үлесiн айтарлықтай ұлғайтуға мүмкiндiк берген олардың электронды мониторинг жүйесi енгiзiлдi. 2001 жылдың басынан бастап "Трансферттiк бағаларды қолдану кезiндегi мемлекеттiк бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгiзiлдi, ол халықаралық iскерлiк операцияларда бағаның пайда болуына мемлекеттiк бақылаудың құқықтық құралын белгiлеп бердi.
      Шешу жолдары
      2002 жылы мемлекеттiк органдардың сыртқы сауда қызметiне орынсыз араласуын болдырмауды және кеден заңнамасының қарапайымдылығын қамтамасыз етудi көздейтiн Кеден кодексiнiң және мұнай өнiмдерi рыногындағы ахуалды реттеу үшiн жағдай жасауды көздейтiн "Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiнiң өндiрiсi мен айналымын мемлекеттiк реттеу туралы" Заңның жобалары әзiрленетiн болады.
      Yкiмет 2002 жылы кеден баждарының ставкаларын бiрдейлендiретiн және төмендететiн болады, сөйтiп, тауарларды жасырын әкелу және әкету жағдайларын болдырмайтын экономикалық ынталандырулар жасалады.
      Бұдан басқа, кеден төлемдерi мен салықтарының төмендеуіне жол бермеу мақсатында әкелiнетiн тауарлардың кедендiк құнын бақылаудың тиiмдi амалын жасау және енгiзу алда тұр.
      Салықтық және кедендiк әкiмшiлiк жасаудың негiзгi процестерін автоматтандыру аяқталады, атап айтқанда мыналар енгiзiледi:
      2002 жылдың соңына дейiн:
      Қазақстан Республикасының ықпалдастырылған салықтық ақпарат жүйесiнiң бiрiншi кезегi;
      салық аудитiн электронды бақылаудың ақпарат жүйесi;
      Кедендiк автоматтандырылған ақпарат жүйесiнiң екiншi кезегi;
      2003 жылдың iшiнде:
      Қазақстан Республикасының ықпалдастырылған салықтық ақпарат жүйесiнiң екiншi кезегi;
      "Салықтық есеп берудiң электронды нысандары" ақпарат жүйесi;
      "Қосылған құнға салықты төлеушiлердi тiркеу. Қосылған құнға салынатын салықпен жазылған шот-фактуралар тiзiлiмiн қабылдау және өңдеу жүйесi" ақпарат жүйесi;
      "Төлем көздерiнен алынатын жеке тұлғалардың кiрiстерiн есепке алу" ақпараттық жүйесi.
      2003 жылы ұлттық ресурстардың есебiн жүргiзу үшiн жауапты мемлекеттiк органдар Салық төлеушiлер мен салық салу объектiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн енгiзетiн болады.
      Инвестициялардың өсуiн ынталандыру үшiн амортизациялық саясатты жетiлдiру және елдегi негiзгi қорлардың нақты жай-күйiн анықтау мақсатында 2003 жылы негiзгi құралдарды зерттеу жүргiзу жоспарланып отыр, соның нәтижелерi негiзiнде салық салу мақсаттары үшiн амортизацияның шектi нормаларын нақтылау жөнiнде ұсыныстар енгiзiледi.
      Есепке алу-бақылау таңбаларын пайдалана отырып, алкоголь өнiмдерiнiң есебiн жүргiзудiң ақпарат жүйесi енгiзiледi.
      Мемлекет пен жер қойнауын пайдаланушылар экономикалық мүдделерiнiң теңгерiмiне қол жеткiзу мақсатында Үкiмет жер қойнауын пайдаланушылармен келiссөздердi жалғастырады және жасалған келiсiм-шарттардың жекелеген ережелерiн өзгерген экономикалық жағдайларды ескере отырып, нақтылайтын болады.

      4.3. Бюджет саясаты
 
        Мақсаттары
      Стратегиялық, индикативтiк және бюджеттiк жоспарлауды үйлестiру, барлық деңгейдегi бюджеттер мен бюджетаралық қатынастардың тұрақтылығы мен ашықтығын арттыруға, бюджеттердi жоспарлау және олардың атқарылуы процестерiнiң тиiмдiлiгiн көтеруге бағытталған бюджет жүйесiн жетiлдiру.
      Алғышарттар
      Бюджет жүйесiн жетiлдiруге бағытталған жұмыстар шеңберiнде бюджет шығыстары ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларға және даму бағдарламаларына бөлiнген, инвестициялық жобалар ұғымы және оларды бюджетке енгiзу тәртiбi айқындалды. Бюджет процесiне қатысушылардың әрқайсысының оның барлық деңгейiндегi қызметi мен өкiлеттiктерi айқын анықталды; тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн әрi мемлекеттiк және салалық бағдарламалар жобаларын қарайтын бюджеттiк комиссиялардың нақты мақсаттары мен мiндеттерi белгiлендi.
      Бiрқатар нормативтiк құқықтық актiлер қабылданды әрi есептiлiк, қаржылық және қазынашылық бақылаудың тиiстi жүйелерi жасалды.
      Пилоттық аймақтарда Қазынашылықты жаңғырту жобасы енгiзiледi.
      Жинақтау және тұрақтандыру функцияларын орындайтын Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры, сондай-ақ бюджет ақшасының есебiнен инвестициялық жобаларды iске асыру кезiнде оператор болатын Даму Банкi құрылды.
      Шешу жолдары
      Ағымдағы жылдан бастап орта мерзiмдi индикативтi жоспарды әзірлеу жылжымалы үш жылдық негiзде оны үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттiк бюджет көрсеткiштерiн қалыптастыру мерзiмдерiмен байланыстыра отырып, жүзеге асырылатын болады.
      2002 жылы бюджет жүйесiн жетiлдiру жөнiндегi негiзгi күш-жiгер орта мерзiмдi кезеңде тұрақтылық, ашықтық және болжамдылық қағидаттарына негiзделген бюджетаралық қатынастардың сапалық жаңа жүйесiн қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттiк басқарудың барлық деңгейiнде заңнамалық бекiтiлген функциялардың қаржылық қамтамасыз етiлуiне бағытталады. Бұл үшiн бюджеттiк жоспарлаудың және мемлекеттiк органдар қажеттiлiктерiн нақты бағалаудың негiзi ретiнде ағымдағы шығындар бойынша шығыстар нормалары мен нормативтерi жетiлдiріледi.
      Көзделiп отырған шығыстар көлемiнiң қабылданған мемлекеттiк және салалық бағдарламаларды бюджет мүмкiндiктерiмен сай келуiн қамтамасыз ету мақсатында 2002 жылы оларды ревизиялау мен жүйелеу жөнiнде жұмыс жүргiзiледi, сондай-ақ бағдарламалық құжаттарды қалыптастыруға жаңа көзқарастар пысықталады.
      2002 жылы бюджеттi қалыптастыру және атқару жөнiндегi нормативтiк база жетiлдiрiледi, сондай-ақ орталық атқарушы органдардың әдiснамалық және әдiстемелiк жұмыстарының, жергiлiктi жерлерде түсiндiру жұмыстарының және қабылданатын шешiмдердiң сапасын көтеру жөнiнде шаралар қабылданады.
      Ағымдағы жылы Қазынашылықты жаңғырту аяқталады.
      2003-2004 жылдары мынадай шаралар қолға алынады:
      бюджет процесiнiң барлық деңгейiнде және кезеңiнде бюджеттiк бағдарламалау әдiстерiн одан әрi енгiзу;
      дамуға бағытталған бюджеттiң шығыстарын қалыптастырудың жүйелiлiгiн қамтамасыз ету мақсатында орталық және жергiлiктi атқарушы органдар арасындағы өкiлеттiктердi бөлудi ескере отырып, инвестициялық, оның iшiнде бюджет қаражаттары есебiнен iске асырылатын жобаларды дайындау, қарау, iрiктеу процесiн ретке келтiру;
      үкiметтiк қарыз алу құнының жеткен деңгейiн және пайдаланылып отырған қаржы құралдарының құрылымын ескере отырып, республиканың экономикалық қауiпсiздiгiнiң жол берiлетiн өлшемдерi шегiнде ұтымды да тиiмдi үкіметтiк қарыз алуды, сыртқы қарыздар есебiнен инвестициялық жобалар бойынша консультациялық, әкiмшiлiк және операциялық шығыстарды оңтайландыруды жүзеге асыру жөнiнде жұмыс жүргiзу;
      шетелдiк озық тәжірибенi пайдалана отырып, мемлекеттiк қаржылық бақылау жүйесiн институционалдық, құрылымдық, материалдық-техникалық жаңғырту және күшейту;
      мемлекеттiк сатып алу туралы заңнаманы жетiлдiру және Мемлекеттiк сатып алу жүйесiн дамытудың 2002-2004 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес оның қолдану саласын акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi мемлекеттiк кәсiпорындар мен акционерлiк қоғамдарға кеңейту.
 

      4.4. Инвестициялық саясат
 
        Мақсаттары
      Экономикаға инвестицияларды тартудың жоғары деңгейiне қол жеткiзу және оларды тиiмдi пайдалану, экономиканың басым секторларына инвестициялардың көлемiн ұлғайту, республиканың салалары мен аймақтары бойынша инвестициялар тарту көлемiндегi сәйкессiздiктi кемiту.
      Басты басымдықтар инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың ашықтығы, салалық басымдықтарды белгiлеу және инвесторларға берiлетiн кепiлдiктер жүйесiн оңтайландыру болады.
      Мемлекеттiк инвестициялардың мiндетi тиiстi инфрақұрылымдарды қалыптастыру жолымен экономиканың дамуы үшiн жағдайлар жасау. Мемлекеттiк инвестициялар экономиканың жеке бизнес үшiн тартымсыз секторларына бағытталады.
      Алдағы кезеңде мемлекеттiк инвестициялардың басымдықтары көлік-коммуникация кешенін, ең алдымен көлік инфрақұрылымы, сумен жабдықтау объектiлерiн нығайту мен дамыту және электр энергиясын тасымалдау, агроөнеркәсiп кешенiн қолдау, ауылдың, экологияның инфрақұрылымдарын дамыту, әлеуметтiк секторды өркендету, басқарудың мемлекеттiк органдарын институционалдық күшейту және Астана қаласын дамыту.
      Тiкелей инвестициялардың мiндетi қызметтiң басым түрлерiне инвестициялар ағыны үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру, капиталдың кету көлемiн кемiту, оны керi қайтару; экономиканың барлық саласын теңдестiре дамыту мақсатында өндiрiс құрылымдарын саралау әрi отандық және шетелдiк инвестициялардың ғылымды қажетсiнетiн технологиялар мен өңдеушi секторларға ағынын ұлғайту болып табылады.
      Алғышарттар
      Қазақстан Республикасында тұтасымен алғанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. "Инвестициялар туралы" Заң жобасы әзiрлендi, оның, сондай-ақ инвестициялық қызметтi реттейтiн бiрқатар нормативтiк құқықтық актiлердiң қабылдануымен отандық және шетелдiк инвесторлар үшiн тең жағдайлар заң жүзiнде бекiтiледi.
      Елдiң iшкi рыногында бiрнеше iрi әлеуеттi инвестициялық ресурстар көзi: Қазақстан Даму Банкi, екiншi деңгейдегi банктер шоттарының депозиттерiнде ақша қаражаты, зейнетақылық және басқа да қаржылық активтер қалыптасты.
      Шешу жолдары
      Алдағы кезеңде Yкiмет мыналар үшiн жағдайлар жасауға бағытталған iс-шараларды iске асыруды жалғастырады:
      өңдеушi өнеркәсiпке тiкелей инвестицияларды тарту, қосылған құны жоғары тауарлар өндiрiсiн дамыту, экспортқа бағдарланған жаңа өндiрiстердi құру;
      екiншi деңгейдегi банктердiң шағын және орта бизнес кәсiпорындарын белсендi несиелеуi;
      экономиканың маңызды буыны ретiнде қаржы ағындарының инвесторлардан қарыз алушыларға ұйымдасқан түрде ауысуын қамтамасыз етушi қор рыногының қалыптасуы.
      2002 жылы республикалық және жергiлiктi инвестициялық, оның iшiнде мемлекеттiк кепiлдiкпен iске асырылатын жобаларды сараптау мен iрiктеу жөнiнде регламенттелген рәсiмдер белгiленетiн болады.
      Ағымдағы жылдан бастап мыналарға бағытталған белсендi шаралар қолға алынады:
      экономиканы дамытудың салалық және аймақтық басымдықтарына сәйкес инвестициялық жобаларды алдын ала әрi сапалы әзірлеуді көздейтін салаларда мемлекеттік инвестицияларды жоспарлаудың тұтас жүйесiн құру;
      республикалық инвестициялық, оның iшiнде мемлекет кепiлдiгiмен iске асырылатын жобалардың және инвесторлардың келiсiм-шарттық мiндеттемелерiнiң iске асырылуына мониторингтi күшейту;
      Қазақстан Даму Банкiнiң инвестициялық мүмкiндiктерi мен қаражатын тиiмдi де ұтымды пайдалану.
      Yкiмет 2003-2004 жылдары мыналарды қамтамасыз етеді:
      "Құрылыс - Пайдалану - Беру" (ВОТ) қағидаты бойынша инвестициялық ынтымақтастықтың баламалы нысанын енгізу;
      тәуекелдерді мейлінше азайтуды да, салымдардың жоғары тиiмдiлiгiне қол жеткiзудi де қамтамасыз етушi ретiнде инвестициялық салаға жинақтаушы зейнетақы қорларының қаражатын және почталық-жинақтаушы жүйенiң депозиттерiн тарту амалдарын жасау.

5. Әлеуметтiк сала

      5.1. Демография және көшi-қон
 
            Мақсаттары
      Демография және көшi-қон процестерiндегi жағымсыз ағымдарды азайтуға бағытталған саясат жүргiзу, ел халқының санын, бiрiншi кезекте отбасы мен ана болуды қолдаудың нақты амалдарын жасау жолымен көбейту үшiн негiздер жасау, гендерлiк тепе-теңдiкке қол жеткiзу.
      Алғышарттар
      Соңғы жылдары республикада демографиялық ахуал салыстырмалы түрде тұрақталуымен сипатталады. Туудың бiршама өсу ағымы байқалды, балалар мен аналардың өлiмi азайды, көшi-қонның терiс сальдосы едәуiр қысқарды.
      Сонымен қатар, сақталып отырған туудың төмен деңгейi, оралмандарды әлеуметтік қорғау мен бейімдеудi қамтамасыз ету бойынша орын алып отырған проблемалар, отбасы және ана болу мәртебесiнiң кемуi қоғамның алаңдаушылығын туғызып отыр әрi осы проблемаларды шешу жөнiнде пәрмендi шаралар мен iс-шаралар әзiрлеудi қажет етедi.
      Отбасын, балалар мен ана болуды қолдау жүйесi көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасыларына жәрдемақылар берудi реттейтiн заңнамаға негiзделедi.
      Отбасының әйелдер мен балалардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау мәселелерi бойынша заңнаманы жетiлдiру жөнiнде жұмыс жүргiзiлдi. Жастардың отбасын жоспарлау жүйесi жетiлдiрiледi.
      Отбасының, балалар мен әйелдердiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау мәселелерi бойынша заңнаманы жетiлдiру жөнiнде жұмыс жүргiзiлдi. Қазақстан Республикасында әйелдердiң жағдайын жақсарту жөнiндегi iс-қимылдардың ұлттық жоспары әзiрленген және iске асырылуда. Көшi-қон жөнiндегi халықаралық ұйыммен бiрлесiп, Әйелдердi сатудың алдын алу жөнiндегi жоба iске асырылып жатыр.
      Оралмандарға (репатрианттарға) әлеуметтiк көмек көрсету жүйесi жетiлдiрiлiп, оларды бейiмдеуге және оқытуға зор көңiл бөлiнуде.
      Шешу жолдары
      Аналар мен балалардың өлімін азайту мақсатында ана мен баланы материалдық қолдау және денi сау балаларды тууды ынталандыру жөнiнде шаралар қабылданатын болады.
      Жас отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесiн жасау үшiн 2002 жылдың соңына дейiн ипотекалық несиелеудi дамыту және арзандату жөнiнде шаралар әзiрленедi.
      2002 жылы Yкiмет көшiп келушiлердiң (оралмандардың) құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнiндегi жұмысты жалғастыру ниетiнде. Сонымен бiр мезгiлде негiзделген квота белгiлеу жолымен көшiп келудi реттеу кезiнде мемлекеттiк мүдделердiң сақталуын ескеру көзделедi. Yкiмет отандастардың қайта оралуына, олардың орналасуына және жергiлiктi жағдайларға бейiмделуiне жәрдемдесетiн болады.
      2003 жылдың соңына дейiн келешекте халықтың iшкi көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу үшiн оның проблемаларына талдау жасалады.
      Жастарды отбасылық өмiр сүруге тәрбиелеудi және дайындауды жақсарту, отбасын жоспарлау мәселелерiнде оларға көмек көрсету үшiн 2003 жылдан бастап бұл мәселелер жоғарғы сыныптардың мiндеттi мектеп бағдарламасына бiрте-бiрте енгiзiлетiн болады.
      Әлеуметтiк-экономикалық даму деңгейiнде аймақтар арасында орын алып отырған әркелкiлiктi кемiту, сөйтiп iшкi көшi-қонды азайту мақсатында 2003 жылдан бастап проблемалы шағын қалалар мен тоқырауға ұшыраған ауылдық аудандарға өндiрiстердi қалпына келтiруге, инфрақұрылымды нығайтуға және оларда тиiсiнше халықтың тұрмыс деңгейiн жақсартуға септiгiн тигiзушi маңызды инвестициялық жобаларды iске асыру жолымен iрiктелген қолдау көрсетiледi.
      Жетiм балаларға арналған дәстүрлi көп орынды балалар үйлерiн отбасылық үлгiдегi балалар үйлерiне одан әрi айналдыру жөнiндегi жұмыс жалғастырылады.
      Шетелдiктердiң жетiм балаларды асырап алуына бақылауды күшейтетiн және Қазақстан азаматтары үшiн бұл рәсiмдi оңайлататын амалдарды әзiрлеу жоспарлануда.
 
        5.2. Бiлiм беру
 
      Мақсаттары
      Әлемдiк бiлiм беру кеңiстiгiне ықпалдасқан және еңбек рыногында бәсекеге қабiлеттi мамандар дайындауды қамтамасыз етушi бiлiм беру жүйесiнiң ұлттық моделiн қалыптастыру.
      Алғышарттар
      Республиканың қазiргi бiлiм беру жүйесi оқу орындарының бiлiм беру деңгейлерi және түрлерi бойынша қалыптасқан құрылымымен сипатталады.
      Бiлiм беру жүйесiн реттеушi негiз қалаған нормативтiк құқықтық актiлер әзiрленген әрi қолданыста, орта оқу орындарын қаржыландыру жүйесi қалыптасты және жоғары оқу орындарында кадрлар дайындаудың мемлекеттiк тапсырыс амалы енгiзілдi. Оқытумен және бiлiм беру қызметтерiн ұсынумен айналысушы ұйымдарға қойылатын бiлiктiлiк талаптары анықталды.
      Жалпы орта бiлiм беретiн барлық оқу орнын компьютерлендiру жүргізілді.
      Шешу жолдары
      2002 жылы барлық деңгейдегi бiлiм беру ұйымы мен бiлiм беру бағдарламасы стандарттарының жүйесiн енгiзу және мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытудың мемлекеттік стандарттарын енгізу, мектеп қарсаңындағы оқу-әдiстемелiк жинақталымды байқап көру басталады.
      Мектепке дейiнгi ұйымдардың балаларды қамтуын көбейту жөнiнде шаралар қолға алынатын болады.
      Алдағы кезеңде жалпы бiлiм беретiн мектептер, бастауыш пен орта және жоғары кәсiптiк бiлiм беру ұйымдары, арнаулы түзеушi ұйымдар үшiн оқулықтардың жаңа буынын әзiрлеу және енгiзу жалғастырылады.
      2003 жылы барлық деңгейдегi бiлiм беру ұйымдарын кейiннен бiлiм беру бағдарламаларын сертификаттай отырып, стандарттау жүйесін енгізу, білiм беру мекемелерiнің материалдық-техникалық, оқу-әдiстемелiк және кадрлық әлеуетiн нығайту басталады. Бiлiм беру ұйымдарының материалдық-техникалық, оқу-әдiстемелiк әлеуетiн кезең-кезеңмен жарақтандыру және нығайту мақсатында бiлiм беру индустриясын құру жөнiндегi жұмыс басталады. Бiлiм берудiң барлық сатысын ақпараттандыру жөнiндегi жұмыс жалғастырылады, сондай-ақ мемлекеттiк тiлде бiлiм беру сапасын жақсарту жөнiнде шаралар қабылданады.
      2003 жылдан бастап орта мектептердi, әсiресе ауылдық және шағын мектептердi қаржыландыру проблемаларын шешуге бағытталған бiлiм беру жүйесiн қаржыландырудың нормативтiк әдiстерiн енгiзу басталады. 2003 жылы бастауыш, орта және жоғары кәсiптiк бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарттарын әзiрлеу және енгiзу аяқталады.
      Тұтас алғанда 2002-2004 жылдары мемлекеттiк бiлiм беру қызметтерiне тең қол жетiмдiлiктi, бастауыш және орта кәсiптiк бiлiм беру жоғары оқу орындарының қолдағы бар желiсiнiң сақталуын, оның одан әрi дамуын қамтамасыз етушi шаралар әзiрленедi.
      Еңбек рыногында бәсекеге қабiлеттiлiктi арттыру мақсатында 2003 жылы еңбек рыногының кәсiптер бойынша перспективалық қажеттiлiктерi туралы халықтың хабардарлығы жүйесi әзiрленетiн болады. Мамандықтар мен мамандандыру да, аймақтық ерекшелiктер де қимасында кадрлар дайындауды болжамдау бөлiгiнде кадрларды жоспарлау мәселелерiнде әдiснамалық көзқарастар әзiрленедi.
      Мүмкiндiгi шектеулi балалардың әлеуметтiк қорғалуын күшейту мақсатында 2003 жылы арнаулы түзеушi бiлiм беру ұйымдары желiсiн дамыту мен нығайту, оларды оқыту мен тәрбиелеу үшiн қажеттi жағдайлар жасау жөнiнде шаралар қабылданады.
      Жоғары бiлiм беру ұйымдарының нормативтiк құқықтық базасын, олардың меншiк нысанына қарамастан лицензиялау, аттестаттау мен мемлекеттiк тiркеу технологиясын жетiлдiру жалғастырылатын болады.
      Жалпы бiлiм беретiн мектептер үшiн, әсiресе ауылдық жерлерде жаңа осы заманғы ғимараттар салу жөнiндегi, белгiленген кепiлдi мемлекеттік нормативтерге сәйкес білім беру ұйымдары желісін дамыту жөнiндегi жұмыс жалғастырылады.
      Мамандар дайындау жөнiндегi мемлекеттiк тапсырыста шағын жалпы бiлiм беретiн мектептер үшiн кiрiктiрiлген курстар бойынша мұғалiмдер дайындауға айрықша назар аударылады. Аудандық бiлiм беру бөлiмдерi жанында әдiстемелiк қызметтер қалпына келтiрiледi және кеңейтiледi, мұғалiмдердiң бiлiктiлiгiн арттыру мен қайта даярлау курстарынан өтуi қамтамасыз етiледi.
      Мұғалiмдердi, әсiресе ауылдық жерлерде жұмыс iстейтiндерiн тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар пысықталады.

      5.3. Денсаулық сақтау
 
        Мақсаттары
      Медициналық қызметтердiң сапасын және оларға қол жетiмдiлiктi арттыру арқылы аурушаңдық деңгейiн нақты төмендету.
      Алғышарттар
      Денсаулық сақтау жүйесiнiң қазiргi жай-күйi саланы реформалаудың бiрмәндi емес процестерiмен сипатталады.
      Отбасылық дәрiгер амбулаториялары институты құрылды, ауылда фельдшерлiк-акушерлiк пункттердi қалпына келтiру жүргізілуде, медициналық қызметтердің мемлекеттік емес рыногы, фармацевтикалық қызметтер рыногы белсендi жұмыс iстеуде. Денсаулық сақтау органдары мен мекемелерi халықты вакцинациялау жөнiнде жүргiзiп отырған мақсатты жұмыстың нәтижесiнде барлық вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурумен сырқаттанудың төмендегенi байқалады.
      2002 жыл Денсаулық жылы деп жарияланды.
      Шешу жолдары
      Yкiмет медициналық қызметтер рыногында қаржылық құралдарды жетiлдiру, медициналық қызметтерге әсiресе, ауыл тұрғындарының қол жеткізуін қамтамасыз етуді жақсарту, салауатты өмiр салтын насихаттау жөніндегі іс-шараларды жандандыру саясатын жүргiзу ниетiнде.
      Қағидатты ұстаным ауыл халқын медициналық қызметтермен толық қамтуды, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету объектiлерi мен диагностикалық орталықтардың желiсiн сақтауды және дамытуды қамтамасыз ету болып табылады.
      Yкiмет 2002 жылы Денсаулық жылын өткiзу жөнiндегi iс-шаралардың бүкiл кешенiн iске асыруды ерекше бақылауға алады.
      Ағымдағы жылдан бастап халық денсаулығын төлқұжаттау және оны ұдайы диспансерлеу жолымен одан әрi қолдау жүргiзiледi.
      2003 жылдан бюджет қаражатын медициналық қызметтердiң кепiлдi көлемiн қамтамасыз етуге бөлудiң нормативтiк әдiсi енгiзiледi. 2003-2004 жылдары медициналық сақтандыру жүйесi енгiзiледi.
      2002 жылы медициналық көмектiң әрбiр деңгейi үшiн сапа көрсеткiштерiн белгiлеудi қамтитын сапаны басқару жүйесiн жетiлдiру жалғастырылады.
      Алдағы кезеңде республика аумағына сапасыз әрi халықтың денсаулығы үшiн қауiп төндiретiн өнiмдердi әкелуге жол бермеу жөнiнде шаралар қабылданады.
      Аса қауiптi жұқпалы ауруларды әкелуден және олардың таралуынан республика аумағының қауiпсiздiгiн, сондай-ақ аса қауiптi жұқпалы аурулардың табиғи ошақтары бар аймақтарда қауiпсiздiктi; радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн аймақтарда санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды бақылау күшейтiледi.
      Медициналық қызметкерлердiң науқастың денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жауаптылығы шараларын белгiлеу, көрсетiлетiн медициналық қызметтiң сапасын бақылау жүйесiн жетiлдiру жөнiнде шаралар пысықталады.
      Отандық фармацевтикалық және медициналық өнеркәсiптi дамытуды ынталандыру жөнiнде шаралар қабылданатын болады.
 

      5.4. Мәдениет
 
        Мақсаттары
      Бiрыңғай мәдени-ақпараттық кеңiстiктi нығайту, тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен өркендету, кәсiби өнер мен халық шығармашылығының дамуы жағдайларын қамтамасыз ету, теңдестiрiлген тiл саясатын және әлеуметтiк бағдарланған жастар саясатын жүргiзу арқылы қоғамның рухани әлеуетiн iске қосу.
      Алғышарттар
      Бүгiнгi күнi Мәдениеттi қолдау жылы қол жеткiзiлген оң ағымдар сақталды әрi даму үстiнде. Тiлдердiң қолданылуы мен дамуы саласында нормативтiк құқықтық база жасалды. Бұқаралық ақпарат құралдары саласы серпiндi даму алды. Мемлекеттiк жастар саясатының басымдықтары анықталды.
      Шешу жолдары
      Мәдениет салалары мен бұқаралық ақпарат құралдарын нормативтiк-құқықтық, институционалдық, ұйымдық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді жетілдіру мен жүйелеу жөніндегі шаралар кешенi iске асырылатын болады. Бiрiншi кезекте 2002 жылы Телерадио хабарларын дамыту бағдарламасын қабылдау және кейiнгi жылдары оны кезең-кезеңiмен iске асыру, 2003-2004 жылдары мәдениет мәселелерi бойынша заң жобалары топтамасын әзiрлеу осыған бағытталады.
      Тарихи-мәдени мұра ескерткiштерiн сақтау жөнiндегi жұмыстар аясында Ескерткiштер жинағын құрастыру жалғастырылады. Қазақстан өнерi мен мәдениетiн дамыту тұжырымдамасы әзiрленедi, театрлардың, мұражайлардың, кiтапханалардың, мемлекеттiк мұрағаттардың және ұлттық кинокомпанияның желiсiн кеңейту әрi материалдық-техникалық базасын жаңғырту көзделедi. Ауылда мәдени-демалыс жұмысы одан әрi қайта түлейдi және даму алады. Шет елдерде Мәдениет күндерiн өткiзу, қазақстандық әртiстердiң түрлi фестивальдар мен конкурстарға қатысуы, гастрольдер алмасуды жүргізу, шекара маңында мәдени ынтымақтастық бағдарламаларын іске асыру Қазақстанның халықаралық мәдени байланыстарын кеңейтедi әрi абыройын арттырады. Мәдениет пен өнердiң бiлiктi кадрларын дайындауға жүйелi сипат берiледi.
      Этникааралық қатынастарды одан әрi үйлесiмдi ету, тiлдердiң дамуы үшiн қолайлы жағдайлар жасау мемлекеттiк ұлт саясатының басымдықтары болып қала бередi. Қазақ халқы басым облыстарда iс қағаздарын жүргiзудi 2002 жылы мемлекеттiк тiлге көшiрудi жалғастыру, Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын орындау үшiн 2003-2004 жылдары бiрқатар нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау мемлекеттiк басқару саласында мемлекеттiк тiлдiң орнын нығайтуға ықпал ететiн болады. 2003-2004 жылдары қазақ тiлiнiң терминологиялық базасын дамытудың тұжырымдамалық негiздерi әзiрленедi және оларды iске асыру жөнiнде жүйелi шаралар қабылданады. 2002 жылы Қазақтардың дүниежүзiлiк II құрылтайын өткізу, 2003-2004 жылдары Отандастарды қолдау бағдарламасын әзiрлеу және iске асыру шет елдердегi қазақ диаспорасының мәдени, рухани және тiлдiк қажеттiлiктерiн қамтамасыз етуге бағытталады.
      Жас ұрпақты адамгершiлiк және отаншылдық тұрғыда тәрбиелеу, жастардың мүмкiндiгiн ашу үшiн жағдайлар жасау және оларға кепiлдiк беру, жастардың әлеуметтiк мәндi және қоғамдық пайдалы бастамаларына қолдау жасау мақсатында 2002 жылы мемлекеттiк жастар саясатының қағидаттары мен бағыттарын заңнамалық тұрғыдан бекiту қамтамасыз етiледi және 2003-2004 жылдары оны iске асырудың бағдарламалық тетiктерi әзiрленедi.
 

      5.5. Спорт, туризм және салауатты өмiр салты
 
        Мақсаттары
      Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты, жоғары жетiстiктер спортын дамыту, жоғары шеберлiктi спортшылар даярлауға арналған осы заманғы база, дене шынықтыру-сауықтыру және спорт құрылыстарының кең желiсiн жасау.
      Туристiк саланы экономиканың кiрiстi саласына айналдыру.
      Салауатты өмiр салтына жаңаша көзқарасты қалыптастыру арқылы халықтың денсаулығын нығайту.
      Алғышарттар
      Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы қабылданды. Балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерi және спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар желiсi кеңеюiнiң, дене шынықтыру және спортпен айналысушылар саны өсуiнiң тұрақты үрдiсi байқалуда. Тек 2001 жылы ғана 32 спорт мектебi ашылды, оларда оқитын оқушылар саны 30 мыңнан астам адамға көбейдi.
      Республикада бiрегей табиғи жағдайлардың, сәулеттiк, мәдени-тарихи ескерткiштердiң және табиғи-рекреациялық ресурстардың болуы.
      Салауатты өмiр салты елдiң стратегиялық дамуы басымдықтарының бiрi ретiнде белгiленген, салауатты өмiр салтын насихаттау жөнiнде өткiзiлiп жатқан iс-шаралар саны арта түсуде.
      Шешу жолдары
      Алдағы үш жыл iшiнде мыналар жасалады:
      жазғы және қысқы спорт түрлерi бойынша республикалық олимпиадалық дайындық орталықтарын, бұқаралық дене шынықтыру мен жоғары жетiстiктер спортының проблемалары жөнiндегi ғылыми-зерттеу институтын құру;
      ұлттық спорт түрлерi мен халықтық ойындарды дамыту жөнiнде насихатты кеңейту, жазғы кезеңде балалар мен жеткiншектердiң спорт-сауықтыру лагерьлерiнде және тұрғылықты жерлерi бойынша демалысын ұйымдастыру, балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерi, жеткiншектер спорт клубтары желiсiн дамыту жөнiнде iс-шаралар жүргiзу;
      туристiк саланы мемлекеттiк реттеу мен дамыту жүйесiн жетiлдiру әрi туристерге қызмет көрсету сапасын жақсарту үшiн туристiк қызметтердi және стандарттарды сертификаттаудың жаңа жүйесiн әзiрлеу;
      туризм саласына инвестициялар тарту;
      елдiң туристiк ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, шет елдерде мемлекеттiң туристiк беделiн қалыптастыру мен нығайту әрi әлемдiк рынокқа ұлттық туристiк өнiмдi iлгерiлету жөнiнде шаралар қабылдау.
      2002 жылы салауатты өмiр салтын қалыптастыру қызметiнiң құрылымы жетiлдiрiледi, Денсаулық орталықтары құрылады және нығайтылады, алғашқы медициналық санитарлық көмек мекемелерiнiң 40 пайызы үшiн тиiстi мамандар даярлау қамтамасыз етiледi, Дүниежүзiлiк Денсаулық сақтау Ұйымының "Салауатты жұмыс орындары" жобасын енгiзу жүзеге асырылады.
      2003 жылы салауатты өмiр салтын қалыптастырудың аудандық орталықтарын, осы бағытта көрнекi және ақпараттық-бiлiм беру материалдарын дайындау орталығын қамтитын салауатты өмiр салтын ұйымдастыру және қамтамасыз ету жүйесi жасалады, алғашқы медициналық санитарлық көмек мекемелерiнiң 70 пайызы үшiн мамандар даярлау қамтамасыз етiледi, Дүниежүзiлiк Денсаулық сақтау Ұйымының "Денсаулық университеттерi", "Денсаулық қалалары" жобаларының желiсi кеңейтiледi.
      2004 жылы жоғары медицина оқу орындары мен дәрiгерлердiң білiмiн жетiлдiру институты жанынан сауықтыру кафедраларын құру аяқталады, халықты салауатты өмiр салты мәселелерi бойынша мейлiнше ақпараттық қамту қамтамасыз етiледi.
 

      5.6. Жұмыспен қамту және еңбек
 
        Мақсаттары
      Жұмыспен қамту саласында елдiң экономикалық дамуына сәйкес белсендi саясат жүргiзу. Жұмыс орындарын сақтау және жаңаларын құру, еңбек рыногының қажеттiктерiне сәйкес жұмыссыздардың кәсiби дайындығын арттыру және оларды қайта даярлау, қоғамдық жұмыстарды кеңейту әрi оларды жол салуға, ағаш егуге қайта бағдарлау және аймақтардың, әсiресе ауылдың инфрақұрылымын дамыту, еңбек қатынастарын заңдастыру.
      Әлеуметтiк тұрақтылық пен қоғамдық келiсiмдi қамтамасыз ету, ұжымдық еңбек даулары мен жанжалдарын шешу, еңбек құқықтарының кепiлдiктерiн қамтамасыз ету және олардың әлеуметтiк қорғалуын жүзеге асыру үшiн әлеуметтiк серiктестiктi дамыту.
      Алғышарттар
      Кейiнгi уақытта экономикалық процестердiң тұрақтануы тұрғысында жұмыссыздық деңгейiнiң төмендеуi және жұмыспен қамтылған халықтың көбеюiнiң тұрақты үрдiсi байқалуда. Жұмыссыздарды еңбекке орналастыру және әлеуметтiк қорғау жүйесiн реттеушi негiз қалайтын нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлендi.
      Еңбек қатынастары және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету саласында ағымдағы ахуал еңбек заңнамасының сақталуын бақылау жүйесiн құрумен, Еңбек қатынастарын реттеу саласындағы үш жақты комиссияның белсендi жұмысымен сипатталады.
      Шешу жолдары
      Алдағы жылдар iшiнде жұмыссыздарды кәсiптiк оқыту арқылы еңбек рыногында олардың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру, ақы төленетiн қоғамдық жұмыстардың түрлерi мен нысандарын жетiлдiру, оларға экономикалық орындылық сипатын беру жөнiнде шаралар қолға алынатын болады.
      Кедейлiк пен жұмыссыздық деңгейлерiнiң мониторингi жалғастырылады. 2002 жылы қосымша жұмыс орындарын құру, республикаға шет елдiк жұмыс күшiн тарту кезiнде қазақстандық азаматтарды даярлау мен қайта даярлау жөніндегі ақпараттық база жасалады.
      2002-2003 жылдары мыналарды реттеуге бағытталған еңбек заңнамасын жетiлдiру жөнiндегi iс-шаралар iске асырылады:
      қысқа мерзiмдi жеке және ұжымдық шарттар мерзiмдерi;
      зиянды және қауiптi еңбек жағдайларында еңбек уақытынан тыс жұмыс көлемi;
      жүктi және бала емiзетiн әйелдердiң еңбек жағдайлары;
      қызметкердiң жұмыс берушiмен жеке еңбек шартын жасасу тәртiбi.
      2003 жылдан бастап жұмыс берушiлер мен қызметкерлердiң республикалық бiрлестiктерi және басқа да қоғамдық ұйымдар өкiлдерiнiң жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлеуге және iске асыруға қатысуы қамтамасыз етiледi.
      2003 жылы еңбек және әлеуметтiк жанжалдарды шешуде әрi реттеуде делдалдық институтын дамытуға септiк жасау жөнiнде Шаралар әзiрленедi.
      2003-2004 жылдары еңбекақы төлеу жүйесiн жетiлдiру, мемлекеттiк бюджет есебiнен қамтылған қызметкерлерге еңбекақы төлеу мәселелерiн салалық реттеуден оны азаматтық қызмет туралы бiрыңғай заңнама шеңберiнде реттеуге көшу жалғастырылады.

      5.7. Әлеуметтiк қорғау
 
        Мақсаттары
      Еңбек белсендiлiгiн ынталандырушы, еңбекке жарамсыз және тұрмысы төмен адамдарды қолдауды қамтамасыз ететiн, Халықты әлеуметтiк қорғау жүйесiн жетiлдiру.
      Алғышарттар
      Әлеуметтiк қорғау жүйесiнiң қазiргi жай-күйi мемлекеттiк басқару деңгейлерi бөлiнiсiнде мемлекет мiндеттемелерiнiң теңдестiрiлуiмен, зейнетақылар мен жәрдемақылардың уақтылы төленуiмен, атаулы әлеуметтiк көмек жүйесiнiң енгiзiлуiмен сипатталады. Жинақтаушы зейнетақы жүйесi жасалды, заттай жеңілдіктер орнына жәрдемақылар төлеу жүйесi енгiзiлдi, әлеуметтiк төлемдер жүйесi автоматтандырылды.
      Дегенмен, өмiр сүрудiң төмен деңгейi, әлеуметтiк төлемдер мен жалақы мөлшерлерiнде орын алып отырған сәйкессiздiк, зейнетақы жинақтарының сақталуы және азаматтарды зейнетақы жүйесiне тарту проблемалары таяу жылдарда шешудi талап етедi.
      Шешу жолдары
      Алдағы кезеңде зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерлерiн жыл сайын көтеру жөнiндегi жұмыс жалғастырылады, атаулы әлеуметтiк көмек көрсету бiрiншi кезекте еңбекке жарамсыз азаматтарға жүргiзілетiн болады. Тұрмысы төмен адамдар арасынан еңбекке жарамды халық жұмыс орындарымен, шағын несиелермен қамтамасыз етiледi және оқумен әрi қоғамдық жұмыстармен қамтылады. Атаулы әлеуметтiк көмектi бөлу кезiнде учаскелiк комиссиялардың рөлi күшейедi және оларға қоғамдық ұйымдардың қатысуы қамтамасыз етiледi. Елде кедейлiктi азайту жөнiндегi жұмыс жалғастырылады. Осыған байланысты Үкiмет 2002 жылы азаматтардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу, базалық бiлiмге және денсаулық сақтау қызметтерiне қол жеткiзудi жақсарту әрi әлеуметтiк көмектің атаулылығын арттыру және басқа да шараларды iске асыру жолымен осы проблеманы шешудiң кешендi қадамдарын көздейтiн Қазақстан Республикасында кедейлiктi азайтудың 2003-2005 жылдар кезеңiне арналған мемлекеттiк бағдарламасын әзiрлейдi.
      2002-2004 жылдары әлеуметтiк жәрдемақылар мен мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің жалақысы мөлшерлерін кезең-кезеңмен көтеру жалғастырылады. Зейнетақы мен жалақының ең төменгi мөлшерлерi арасындағы алшақтық жойылады.
      Әлеуметтiк тәуекелдер туындағанда халықты әлеуметтiк қорғаудың негiзгi құралы әлеуметтiк сақтандыру болады. 2003 жылдан бастап еңбекке жарамдылығын жоғалту жағдайында (уақытша еңбекке жарамдылықты жоғалтуды қоспағанда), асыраушысынан айрылу жағдайында мiндеттi әлеуметтiк сақтандыруды енгiзу көзделiп отыр. Ерiктi әлеуметтiк сақтандыру да көтермеленетiн болады.
      Ең төменгi мемлекеттiк кепілдіктерді, міндетті әлеуметтік сақтандыру схемасын және ерiктi сақтандыру схемасын қамтитын халықты әлеуметтiк қорғаудың үш деңгейлi жүйесi жасалады. Әлеуметтiк қорғаудың ең төменгi мемлекеттiк кепiлдiгiн берумен қатар халықтың жекелеген санаттарына әлеуметтiк көмек көрсетудiң қосымша нысандары дамытылады.
      Азаматтарды сәйкестендiру жүйесi жетiлдiрiледi және азаматтардың әлеуметтiк жеке кодтарын қолдану саласы кеңейтiледi.
      Зейнетақы заңнамасын одан әрi жетiлдiру мiндеттi зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы қорларына уақтылы аударуды, зейнетақы жинақтарының және азаматтардың инвестициялық табыстарының сақталуын бақылаудың нақты жүйесiн жасауға мүмкiндiк бередi.

6. Нақты сектор

      Негiзгi бағыттары
      Жоғары технологиялы және ғылымды қажетсiнетiн өнiмдер үлесi басым бәсекеге қабiлеттi өндiрiстердi құру негiзiнде өнеркәсiп кешенiнiң дамуын тұрақтандыру.
      Экономиканың қызмет көрсетушi және өңдеушi секторларының дамуы үшiн минералдық-шикiзат кешенiне түсетiн инвестициялардың мультипликативтi тиiмдiлiгiн ұлғайту жөнiндегi шараларды iске асыру.
      Шешу жолдары
      Осы заманғы жаңа өндiрiстердi құру, шикiзаттың өңделу тереңдiгi мен кешендiлiгiн арттыру, әлдеқайда жоғары техника-технологиялық деңгейге шығу.
      Жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындарды технологиялық жаңалау, сондай-ақ өнеркәсiптiң шикiзаттық емес салаларында бәсекеге қабiлеттi жаңа тауарлар шығаруды ұйымдастыру.
      Инфрақұрылымның және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн өндiрiстердiң озық дамуы.
 

      6.1. Минералдық-шикізат кешенi
 
        Мақсаттары
      Қазақстан Республикасының барланған пайдалы қазбаларының қорларын толықтыруды қамтамасыз ететiн минералдық-шикiзат ресурстарын мемлекеттiк басқару жүйесiн жетiлдiру және оларды пайдаланудың тиiмдiлiгiн арттыру.
      Елдiң минералдық-шикiзат кешенiнiң ресурс базасын нығайту мен дамыту және жер қойнауын қорғау.
      Көмiрсутегi шикiзатын өндiру көлемiн және экономиканың мұнай-газ саласының кiрiстiлiгiн арттыру.
      Газ экспортын ұлғайту және iшкi рынокта қажеттiлiктi қамтамасыз ету мақсаттарында газды ұтымды кәдеге жарату әрi өңдеушi қуаттарды ұлғайту, магистральды газ құбырларын жаңғырту жөнiнде шаралар қабылдау.
      Мұнай өндiру кезiндегi iлеспе газдың шығынын азайту, жаңа кен орындарын пайдалануға беру және көршi елдермен өзара газ беру жөнiнде айырбас операцияларын жүзеге асыру есебiнен газ импортына тәуелдiлiктi кемiту.
      Базалық мұнай-химия шикiзаты өндiрiсi үшiн алғышарттар жасау.
      Алғышарттар
      Мұнай-газ өнеркәсiбi және кен-металлургия кешенi өнеркәсiптiң аса iрi және серпiндi дамушы салалары болып табылады.
      Мұнай-газ саласында мұнай өндiру өсiмi тұрақты қамтамасыз етiлiп келедi.
      Теңiз-Новороссийск экспорттық мұнай құбыры (КҚК) пайдалануға берiлдi.
      Каспий қайраңының қазақстандық секторында аса iрi мұнай-газ кен орны ашылды.
      Газ саласын өркендетудiң 2015 жылға дейiнгi тұжырымдамасы   және Елдiң минералдық-шикiзат кешенiнiң ресурс базасын дамыту бағдарламасы қабылданды.
      "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының республиканың мұнай-газ секторындағы рөлi күшейдi.
      Түстi металдардың негiзгi түрлерiн өндiру, қара металлургияда қақтаманың көлемi ұдайы артып келедi.
      Шешу жолдары
      Геология мен жер қойнауын пайдалануда
      Алдағы кезеңде ресурс базасының озық дамуын қамтамасыз ететiн жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерделеу және геологиялық барлау, соның iшiнде мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен барлау жұмыстарын жүргiзу кеңейедi; жер қойнауын пайдалануға және қорғауға, қорларды пайдалануға дайындауға, жер қойнауын пайдаланушылардың геологиялық барлау жұмыстарын жүргiзуiн қоса алғанда олардың мiндеттемелерiн орындауына, жаңа технологияларды енгiзуiне бақылау күшейедi.
      Жер қойнауын пайдаланудың тиiмдi жүйесiн жасау және Елдiң минералдық-шикiзат кешенiнiң ресурс базасын дамытудың 2002-2010 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру, кен өндiру кешендерi қала құрушы болып табылатын шағын қалаларды өркендету үшiн Минералдық шикiзаттың дәстүрлi емес және балама түрлерiн iздестiру бағдарламасын әзiрлеу жоспарлануда.
      Жер қойнауын қорғау және ұтымды пайдалану бойынша мемлекеттiк бақылау қамтамасыз етiледi.
      Жер қойнауын пайдалану құқығын берудi оңтайландыру негiзiнде жер қойнауын басқару жүйесi жетiлдiрiлуге және лицензиялық-келiсiм-шарттық шарттарды орындау мониторингiнiң бiрыңғай ақпараттық жүйесi жасалуға тиiс. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану саласында заңнамалық актiлердi жетiлдiру алда тұр.
      Жер қойнауын пайдалану саласында барлау жұмыстарын жүргізуге жеке инвестициялар ағынын ынталандыру жөнінде шаралар қабылданады.
      Мұнай-газ саласында
      Қарашығанақ, Теңiз және басқа да кен орындарын игеру негiзiнде көмiрсутегi шикiзатын өндiру көлемi ұлғаяды.
      Каспий қайраңының құрылымдары: Қаламқас-теңiзде, Ақтоқтыда, Қайраңда мұнай мен газға барлау жұмыстары жүргiзiледi.
      2003 жылдың басына қарай Каспий қайраңының қазақстандық секторын игерудiң және мұнай-газ саласын дамытудың орта мерзiмдi бағдарламасы әзiрленедi.
      Баку - Тбилиси - Жейхан, Қазақстан - Түркiменстан - Иран, Батыс Қазақстан - Қытай және басқа бағыттарды қарауды қоса алғанда, келешекте тармақталған перспективалы бағыттарын зерделеу жөнiндегi жұмыс жалғастырылады.
      Жамбыл облысының Амангелдi газ кен орындары тобын игеру жобасы бойынша iс-шаралар жалғастырылады және Оңтүстiк Қазақстан облысының Созақ газ кен орындары тобын барлау мен игеру жөнiндегi iс-шаралар жүзеге асырылады.
      Арал Теңiзі ауданында мұнай мен газға геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру алда тұр.
      2004 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта құру аяқталады.
      2002 жылдан бастап мұнай-газ секторында, соның iшiнде инфрақұрылым объектiлерiн дамыту мен пайдалану және кен орындарын игеру жөнiндегi операциялық шығындар мәселелерiн мемлекеттiк бақылау күшейтiледi.
      Каспий қайраңын игеру жөнiндегi жобаларда газды әлдеқайда терең өңдей отырып, кәдеге жарату жөнiнде кешендi көзқарас саясатын әзiрлеу, сондай-ақ Оңтүстiк Торғай ойпаты мұнай-газ кен орнында iлеспе газды кәдеге жарату жөнiндегi iс-шараларды орындау жалғастырылады.
      Жер қойнауын пайдаланушылардың газды кәдеге жарату, экологиялық нормаларды және оны жағу тарифтерiн енгiзу жөніндегi келiсiм-шарт мiндеттемелерiн орындауы жөнiнде мұнай компанияларын осы проблеманы шешуге итермелейтiн мониторинг пен талаптарды қоюды күшейту көзделуде.
      Кен-металлургия кешенi
      2002-2004 жылдары металлургия, химия және атом өнеркәсiбiнiң шикiзат базасын озық дамыту қамтамасыз етiледi.
      Мыс және қорғасын-мырыш салаларында кен өндiрушi жаңа кәсіпорындарды iске қосу әрi жұмыс iстейтiндерiн жаңғырту; жұмыс iстеп тұрған кен орындары мен кенiштердi ұтымды игеру, сондай-ақ атом өнеркәсiбiнiң кәсiпорындарында қуаттарды еселеумен қатар пайдалануы аяқталған уран кен орындарын тұмшалау мен жою жөнiндегi жұмыс жалғастырылады.
      Болжанып отырған iс-қимылдар мен жобалардың нақты тiзбесi Үкiметтiң, министрлiктер мен аймақтар әкiмдерiнiң тиiстi жоспарларында айқындалады. Бұл ретте мемлекеттiк басқару шараларынан басқа жеке меншiктегi объектiлердi дамыту мүмкіндiгi мен бағыттары ескерiлетiн болады.
 

      6.2. Электр энергетикасы және көмiр өнеркәсiбi
 
        Мақсаттары
      Елдiң энергетикалық тәуелсiздiгiне қол жеткiзу әрi экономика мен халықтың электр энергиясына және көмiрге өскелең қажеттiлiгiн тұрақты қамтамасыз ету үшiн жағдай жасау.
      Алғышарттар
      Электр энергетикасында энергиямен тұрақты жабдықтау қамтамасыз етiлдi. Ресей Федерациясы мен Орталық Азияның энергия жүйелерiмен жүйелiк байланыстар қалпына келтiрiлдi.
      Көмiр өнеркәсiбiнде көмiр өндiрушi кәсiпорындарды жекешелендiру әрi карьер және шахта қорларын оңтайландыру жөнiндегi жұмыс аяқталды. Рентабельдi емес шахталар жабылуда. Тұтас алғанда көмiр кәсiпорындарының әлеуетi iшкi қажеттiлiктi қамтамасыз етедi және жыл сайын көмiрдi экспортқа шығару мүмкiндiгi сақталады.
      Елдiң отын-энергетика теңгерiмi әзiрленедi.
      Ұлттық электр желiсiн жаңғырту үшiн халықаралық қаржы ұйымдарының (ЕДҚБ, ХДҚБ) несие ресурстары тартылады.
      Шетелдiк инвестицияларды және екiншi деңгейдегi банктердiң қарыз қаражатын тарту есебiнен энергия көздерi мен көмiр өнеркәсiбiнiң кәсiпорындарын салу және қайта құру жүзеге асырылады.
      Шешу жолдары
      Алдағы кезеңде Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейiнгi отын-энергетика теңгерiмiн әзiрлеу әрi оның негiзiнде қуаттарды iске қосу, көмiр базасын дамыту, энергетика объектiлерiн, электр беру желiлерiн қайта құру мен жаңғырту, сервистiк қызмет көрсету саласын кеңейту жөнiндегi егжей-тегжейлi iс-шаралар аяқталатын болады.
      Саланың заңнамалық базасын электр энергетикасы рыногының осы заманғы жағдайларына бейiмдеу мақсатында 2002 жылы "Электр энергетикасы туралы" Заңға өзгерiстер енгiзiледi.
      2003 жылдың соңына дейiн Елдiң энергетикалық тәуелсiздiгiнiң стратегиясы әзiрленедi.
      Жаңа өндiргiш қуаттарды iске қосу және пайдаланылмайтын қуаттарға жүктеменi арттыру, iлеспе газбен жұмыс iстейтiн газ турбиналы станцияларды салу және екiншi кезекте Солтүстiк-Оңтүстiк транзитiнен электр тарату есебiнен батыс және оңтүстiк облыстарды энергиямен жабдықтауды тұрақтандыру жоспарланып отыр.
      Электр энергиясының көтерме сауда рыногын дамыту, Ұлттық электр желiсiн жаңғырту, энергия көздерi мен таратушы энергия желiлерiн қайта жаңарту жөнiндегi жұмыс жандандырылуда.
      2003-2004 жылдары жұмыс iстеп тұрған шахталарды техникалық қайта жарақтандыру және Екiбастұз көмiр кен орнының тиiмдi жұмыс iстеуiнiң кешендi жоспары, энергетикалық көмiр өндiрiсi кезiнде монополизмдi еңсеру есебiнен көмiр өндiрудiң өсуiн қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылданатын болады.
      Шектес мемлекеттердiң энергетикалық рыногына шығу жүзеге асырылатын болады.
 

      6.3. Өңдеу өнеркәсiбi
 
        Мақсаттары
      Қосылған құны жоғары, жоғары технологиялы, ғылымды қажетсiнетiн өнiмнiң үлесiн ұлғайту жолымен Қазақстанда тиiмдi, теңдестiрiлген және бәсекеге қабiлеттi өңдеу өнеркәсiбiн жедел қалыптастыру үшiн жағдайлар жасау.
      Алғышарттар
      2000-2001 жылдары өңдеу өнеркәсiбiнде өнiм өндiрiсiнiң тұрақты өсуiне қол жеткiзiлдi. 2001 жылы сала өнiмiнiң өсуi 14,8 пайызды құрады, оның iшiнде машина жасауда 1,3 есе.
      Соңғы екi жылдың iшiнде отандық кәсiпорындар қуатының жүктемесi артты, тоқтап қалған iрi және орта өнеркәсiп кәсiпорындарында жаңа жұмыс орындары құрылды.
      Қазақстанның өңдеу өнеркәсiбiнiң жеткiлiктi ғылыми-техникалық әлеуетi және оны одан әрi жедел дамыту үшiн қажеттi шикiзат ресурстары бар.
      Шешу жолдары
      Шикiзат өңдеудi тереңдетудi және пайдалы құрамдас бөлiктердi алу дәрежесiн арттыруды, шығарылатын өнiмнiң түр-түрлерiн ұлғайтуды, оның сапасы мен бәсекеге қабiлетiн арттыруды қамтамасыз ететін тау-кен металлургиясы, химиялық және мұнай-химиялық бейiндi кәсiпорындарды технологиялық қайта жарақтандыруды ынталандыру жөнiндегi жұмыс жалғасатын болады.
      Өңдеу өнеркәсiбiн дамыту технологияларды жаңарту, инновациялық инфрақұрылым, ғылымды қажетсiнетiн өндiрiстер құру және оның базасында экономиканың жаңа жоғары технологиялық секторларын кезең-кезеңiмен қалыптастыру негiзiнде техника-технологиялық деңгейдi арттыру үшiн тiкелей инвестицияларды тартуға бағдарланатын болады.
      2002 жылы экспортқа бағдарлануды күшейту, кәсiпорындарды өнiм сапасының халықаралық стандарттарына және ИСО 9000-14000-ға сай сапаны басқару жүйелерiне көшiрудi қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыс жалғасатын болады.
      Машина жасауда 2002 жылы қосылған құны жоғары өнiм өндiрiсiн ұйымдастыруға бағытталған шаралар бойынша жұмыс жалғасатын болады. Экономика мен көлiктiң базалық салалары, оның ішiнде Қазақстанның солтүстiк шығыс аймағы үшiн ("Петропавл ауыр машина жасау зауыты", "ЗИКСТО", "Семей машина жасау зауыты", "Шығысмашзауыт"), Павлодардың ("Қазақстантрактор", "Машина жасау зауыты", "Қазэнергиякабель"), Оңтүстiк Қазақстан облысының ("Трансформатор зауыты", "Оңтүстiк машина жасау зауыты", "Экскаватор"), сондай-ақ қорғаныс өнеркәсiбiнiң кәсiпорындары үшiн машиналар, жабдықтар, аспаптар мен қосалқы бөлшектер шығаратын бiрқатар машина жасау кәсiпорындарын оңалту үшiн жағдайлар жасауға бағытталған шаралар кешенi жүргiзiлетiн болады.
      Экспортқа бағдарланған өндiрiстердi бiрiншi кезекте дамытуға негiзiнен көңiл бөлiнетiн болады.
      Мұнай-газ, көлiк, тау-кен металлургиясы және ауыл шаруашылығы машинасын жасауды дамыту жөнiндегi шаралар әзiрленетiн және iске асырылатын болады.
      Жеңiл, тамақ және ағаш өңдеу өнеркәсiбiнде 2002 жылдан бастап дамудың негiзгi бағыты бәсекелестiктi арттыру, тұтыну тауарлары өндiрiсiнiң номенклатурасы мен көлемiн ұлғайту болады. Салалық бағдарламаларды iске асыру арқылы орта және шағын бизнес субъектiлерiнiң қатысуымен бәсекеге қабiлеттi жаңа өндірістердi құру жөнiнде жұмыс жүргiзiлетiн болады.
      Химия және мұнай-химиясы саласында мұнай-химия өнiмi мен тауарларының түр-түрлерiн кеңiнен ала отырып, көмiрсутектi шикiзатты тереңдетiп өңдеу жөнiндегi қуаттарды құру, химия өнеркәсiбi кәсiпорындарының жұмысын жаңарту және дамыту, минералды тыңайтқыштар, синтетикалық жуғыш заттар, құрылыс және әрлеу материалдарын өндiрудi ұйымдастыру жөнiндегi жұмыс жалғасатын болады.
      Ішкі рынокты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданатын болады.
      "Қазфосфат" ЖШС-ның Шымкент филиалында синтетикалық жуғыш заттар шығару жөнiндегi цехтағы; "Ақтал ЛТД" ЖШС-тағы (Ақтау қаласы); "Шымкентшина" ААҚ-тағы (Шымкент қаласы) тоқтап қалған қуаттарды iске қосу жөнiнде шаралар жүзеге асырылатын болады.
      2003 жылы Атырау қаласында полиэтилендi құбырлар шығару жөнiндегi зауыт пайдалануға берiлетiн болады.
      Жақын арада Қаратау қаласында кальцийлендiрiлген сода өндiру, Павлодар қаласында жаңа хлорлы-сiлтiлi өндiрiс жөнiндегi зауыттардың жобалары мен технологиялық бағдарламаларының техникалық-экономикалық негiздемесi әзiрленетiн және сараптама жасау аяқталатын болады.
      Металлургияда қосылған құны жоғары тауарларды, соның ішінде құбырларды, сорттық прокат, бастапқы өңдеудегi алюминийдi және одан жасалатын бұйымдарды, ферроқорытпалардың жаңа түр-түрлерiн, сапалы және сомдалған болатты, титанды, бериллийлi, танталды, уранды және басқа да өнiмдi шығаруды қамтамасыз ететiн жұмыс iстеп тұрғандарын қайта жаңарту және неғұрлым жоғары технологиялық қайта бөлiстерi бар жаңа, бәсекеге қабiлеттi кәсіпорындарын салу көзделiп отыр.
      2004 жылы алюминий электролиз зауытының жобалау алдындағы және жобалау жұмыстары аяқталып, оны салу басталады.
      2004 жылы "Жәйрем КБК" ААҚ-та темiр-марганец өндiрiсiнiң бiрiншi кезегiн салуды аяқтау және оны iске қосу жөнiндегi шаралар қабылданатын болады.

      6.4. Құрылыс
 
      Мақсаттары
      Отандық мердiгер құрылыс кәсiпорындарының желiсiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық сұранысын қанағаттандыратын құрылыс материалдарын, конструкциялар мен бұйымдар өндiру саласын қамтитын құрылыс кешенiн серпiндi дамыту үшiн жағдайлар жасау.
      Алғышарттар
      Республикада жаңа тұрғын үй саясатын iске асырудың нормативтік құқықтық базасы жасалды. Тұрғын үй рыногы қалыптасты, тұрғын үй қорының 93 пайызы жеке меншiкке тиесiлi.
      Астана, Атырау, Алматы қалаларын дамытудың бас жоспарлары әзiрлендi, Қызылорда және Орал қалалары бойынша оларды әзiрлеу аяқталу сатысында, елдiң 5 мыңнан астам елдi мекенi бас жоспарлармен қамтамасыз етiлген.
      2000 жылмен салыстырғанда құрылыс материалдары мен бұйымдары өндiрiсiнiң орташа жылдық өсуi шамамен 35 пайызды құрады. Сапасы мен номенклатурасы бойынша импорттық түрлерiне ұқсас отандық құрылыс материалдарын шығару басталды.
      Ипотекалық несиелендiру жүйесi кеңiнен дамуда, Қазақстандық ипотекалық компания жұмыс iстеуде.
      Шешу жолдары
      2002-2003 жылдары тұрғын үй құрылысының құнын төмендетуге мүмкіндік беретін ғимараттардың жаңа конструкциялары бойынша стандарттар мен нормалар әзiрлеу және бекiту негiзiнде отандық құрылыс материалдары мен бұйымдарын пайдалана отырып, сапалы арзан тұрғын үй салу, сондай-ақ көп пәтерлi арзан тұрғын үйдің жобалық шешімдерi үшiн нормативтiк-техникалық база жасау мiндетi алда тұр.
      2002 жылдың iшiнде мемлекеттiң қатысуымен ипотекалық несиелендiру және тұрғын үй-құрылыс жинақтары жүйелерiн енгiзу жөнiндегi нормативтiк құқықтық тетiктер әзiрленетiн болады.
      2003 жылдан бастап тұрғын үй құрылысын қаржыландырудың мүлде жаңа схемасын - құрылыс жинақтары жүйесiн практикада байқау көзделуде. Елдiң неғұрлым iрi аймақтарында ипотекалық несиелендiру жүйесiн енгiзу жоспарланып отыр.
      "Жылжымайтын мүлiктiң ипотекасы туралы", "Тұрғын үй қатынастары туралы" Z970094_ заңдарға және басқа да тұрғын үйдi несиелендiру жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң қолданылуын жандандыруды ынталандыратын өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу көзделiп отыр.
      Әзiрленiп отырған Энергия ресурстарын үнемдеу тұжырымдамасы шеңберiнде азаматтық-тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық объектiлерiн жобалау, салу кезiнде озық стандарттардың энергиялық тиiмдi өлшемдерiн енгiзу арқылы тұрғын үйді ұстауға арналған коммуналдық шығындарды азайтуға мүмкiндiк беретiн нормативтiк-техникалық базаны әзiрлеу көзделуде. Энергияны үнемдеуге қол жеткiзу үшiн 2002 жылы ғимараттарды жылумен қорғау жөнiндегi жаңа құрылыс нормаларын әзiрлеудi аяқтау, тұрғын үй және қоғамдық ғимараттарды жылыту мен желдетудiң энергиялық тиiмдi жүйелерiн жобалау және монтаждау жөнiндегi нормаларды 2002 жылы әзiрлеу және 2003 жылы бекiту мiндетi алда тұр.
      Алдағы кезеңде құрылыс материалдары мен бұйымдары өнеркәсiбi саласында қолайлы инвестициялық ахуал туғызып, тұрғын үй, сондай-ақ өнеркәсiп құрылысы қажеттiлiктерiн сапалы, үнемдi, экологиялық таза, дизайн бойынша қазiргi заманғы өнiмдер түрлерімен және материалдармен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс индустриясы кәсiпорындарын қайта жаңарту және бейiнiн өзгерту жалғасатын болады.

      6.5. Шағын және орта бизнес

      Мақсаттары
      Әсiресе, жаңа технологиялық өндiрiстерге бағдарланған шағын және орта бизнестi дамыту үшiн әлеуметтiк-экономикалық жағдай жасай отырып қоғам тұрақтылығының негiзi болып табылатын "орташа тапты" қалыптастыру.
      Алғышарттар
      Мемлекеттiк қолдау отандық шағын бизнестi одан әрi дамытудың едәуiр резервтерi бар экономиканың маңызды факторы ретiнде қалыптасуын қамтамасыз еттi.
      Жаңа кәсiпорындарды құру және жұмыс iстеп тұрғандарында шаруашылық қызметтi жүзеге асыру үшiн қаржы ресурстарының жетiспеушiлiгi шағын және орта бизнестiң негiзiнен айналыс саласында дамуына жағдай жасады. Индустриалды дамыған аймақтарда шағын және орта бизнес кәсiпорындарының басым шоғырлануына қарамастан, өнеркәсiп өндiрiсi көлемiнде сектордың үлес салмағы мардымсыз күйiнде қалып отыр.
      Шағын және орта бизнес субъектiлерiн құруға және олардың қызметiне кедергi келтiретiн әкiмшiлiк тосқауылдардың болуы кәсiпкерлiкке терiс әсерiн тигiзуде. Оны қолдаудың нарықтық және өндірістік инфрақұрылымының дамуы жеткiлiксiз күйде қалуда. Шағын өндiрiс үшiн инженер-техника және жұмысшы кәсiптерi саласындағы бiлiктi мамандардың жетiспеушiлiгi және осы секторда жұмыс істеу үшін менеджмент пен маркетинг саласында мамандар даярлау деңгейi салыстырмалы түрде төмен екенi байқалуда.
      Шешу жолдары
      2002 жылы лицензиялау және тiркеу жүйесiн реформалау шеңберінде лицензиялауға жататын кәсiпкерлiк қызмет түрлерінің тiзбесi оңтайландырылатын, лицензиялау және тiркеу мәселелерiнде орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың рәсiмдерi мен өкiлеттiктерi нақтыланатын болады.
      Бақылау және инспекция органдарының қызметiн одан әрi регламенттеу мақсатында мемлекеттік органдардың шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң қызметiне тексерулер жүргiзу рәсiмдерi реттелетiн, сондай-ақ олардың кәсiпкерлiк қызметке заңсыз араласуын шектеу және жолын кесу жөнiнде басқа да шаралар iске асырылатын болады.
      Тоқтап қалған кәсiпорындарды шағын және орта бизнес субъектiлерiне беру мақсатында оларды сегменттеу және қайта құрылымдау жөнiндегi жұмыс жалғасады.
      Шағын және орта бизнестi аймақтық дамыту аумақтардың географиялық, әлеуметтiк-экономикалық және дәстүрлi ерекшелiктерi ескерiле отырып, жүзеге асырылатын болады.
      2003 жылдан бастап орта бизнес өлшемдерi жасалатын және кәсіпкерлікті салалық қолдауға көшу жүзеге асырылатын болады. Әрбiр мемлекеттiк орган шағын бизнестi дамыту үшiн қолайлы жағдай жасайтын, ақпараттық-әдiснамалық қолдау көрсететiн, iрi кәсiпорындармен қосылуына жәрдемдесетiн болады.
      Шағын және орта бизнестi мынадай бағыттар бойынша дамытуға ерекше назар аударылатын болады:
      - жергiлiктi шикiзат ресурстарынан азық-түлiк өнiмдерiн өндiру;
      - азық-түлiк және азық-түлiк емес тұтыну тауарларын өндiру;
      - құрылыс материалдарын, конструкциялар мен бұйымдар өндiру;
      - ғылымды қажетсiнетiн және инновациялық өндiрiстердi құру және дамыту.
      Кәсiпкерлiк кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесiн, сондай-ақ iшкi туризм мен инфрақұрылым салаларында кәсiпкерлiктi дамыту үшiн қолайлы жағдай жасау мiндетi алда тұр. Ғылыми-техникалық салада (бизнес-инкубаторлар, технопарктер желiсiн құру) шағын және орта кәсiпкерлiктiң қазiргi заманғы нысандарын дамыту жөнiндегi шаралар жүзеге асырылатын болады.
      Мемлекеттiк органдардың кәсiпкерлiк мәселелерiнде жауапкершiлiгiн арттыру мақсатында кәсiпкерлердiң мемлекеттiк органдарға арыз-өтiнiштерiнiң мониторингiн енгiзу, сондай-ақ олар бойынша қабылданатын шешiмдер мәселесi қаралатын болады.
      Кәсiпкерлердiң қоғамдық бiрлестiктерiнiң рөлi күшейтiлетiн және оларды топтастыру әрi нығайту үшiн жағдайлар жасалатын болады.
      Бәсекелестiктi дамыту жөнiндегi жұмыс жалғасатын және тауар рыногында басым (монополиялық) жағдайға ие субъектiлердiң қызметiне бақылау күшейтiлетiн болады.
      Мемлекеттiк шараларды iске асыру жұмыс iстеп тұрған шағын және орта бизнес кәсiпорындарының санын 500 мыңға дейiн, оларда жұмыс iстейтiндер адам санын 2 млн-ға дейiн, олар өндiрген өнiм (жұмыстар, қызметтер) көлемiнiң үлесiн ЖIӨ-ге 25%-ға дейiн ұлғайтуға мүмкiндiк бередi. Көрсетiлген өлшемдер облыстар мен аймақтар бөлiнiсiнде ресми статистиканың деректерi бойынша талданатын болады.
      Жоғарыда көрсетiлген өлшемдерге қол жеткiзу үшiн көлеңке экономиканың ауқымын тарылтуға, шағын және орта бизнес кәсiпорындарының жария экономика шеңберiне шығуын қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн экономикалық стратегиялар мен әлеуметтiк технологиялар қабылдау негiз болуы тиiс.

      6.6. Ғылыми-технологиялық саясат

      Мақсаттары
      Ресурстарға негiзделген экономикадан бiлiмге негiзделген экономикаға көшудi және отандық ғылымды қоғамның әлеуметтiк-экономикалық және рухани дамуының басты факторы ретiнде пайдалануды қамтамасыз ету.
      Алғышарттар
      Қазақстан экономиканың нақты секторын технологиялық жаңғыртудың көкейтестi проблемаларын шешу үшiн жеткiлiктi ғылыми-техникалық әлеуетке ие. 2001 жылы ғылыми ұйымдар үшiн жабдықтарды сатып алуды мақсатты қаржыландыру қамтамасыз етiлдi.
      Әлеуметтiк-экономикалық дамудың қажеттiлiктерiне сәйкес және "Қазақстан-2030" стратегиясы шеңберiнде 2010 жылға дейiн 20 басым бағыт бойынша iргелi ғылыми зерттеулер орындалуда. Ғылымды қажетсiнетiн жаңа өндiрiстердi игеруге дайындау үшiн қолданбалы және инновациялық жобалар iске асырылуда.
      Шешу жолдары
      Ғылыми-технологиялық саясатты жүзеге асыру:
      ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет саласында нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiрудi;
      iргелi және қолданбалы зерттеулердi оңтайландыруды;
      басым бағыттар бойынша iргелi зерттеулер бағдарламаларына түзету енгiзудi;
      елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары бойынша мақсатты және инновациялық ғылыми-техникалық бағдарламаларды қалыптастыру мен iске асыруды, аймақтық ғылыми-техникалық бағдарламаларды қалыптастыруды;
      ғылым саласында ғылымды қажетсiнетiн шағын және орта кәсiпорындар мен инновациялық бизнестi қалыптастыру әрi дамытуды қамтамасыз ететін нақты экономикалық ынталандыру мен тетiктердi жасауды, аймақтық ғылыми-техникалық бағдарламаларды қаржыландыру үшiн жергiлiктi бюджеттер мен басқа да көздердiң қаражатын тартуды;
      iрi өнеркәсiп орталықтарында аймақтық инновациялық қорлар құруды;
      жоғары мектепті, ғылым мен өндірісті ықпалдастыру арқылы экономиканың жоғары технологиялық секторы үшін ғылыми кадрлар даярлауды, оларды шетелдегі жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында тағлымдамадан өткізуді көздейді.

7. Көлiк инфрақұрылымы

      Мақсаттары
      Отандық өнiмнiң өзiндiк құнында көлiк шығындарын азайтқан кезде қоғамның көлiкке және ақпаратқа деген қажеттiлiктерiн қанағаттандыру және республиканың транзиттiк әлеуетiн одан әрi дамытуды қамтамасыз ету.
      Алғышарттар
      Негізінен, байланыс, азаматтық авиация, автомобиль жолдары, темір жол көлігі, теңiзде жүзу саудасы саласындағы қызметтi реттейтiн заңнамалық база қалыптасты. Көлiк-коммуникациялық кешен салаларын дамытудың орта мерзiмдi кезеңге арналған бағдарламалары қабылданды.
      Жыл сайын республикалық бюджеттiң және халықаралық қаржы институттарының автомобиль жолдарын дамытуға арналған қаржы қаражатының көлемi ұлғаюда, ресурс үнемдейтiн жаңа озық технологиялар енгiзiлуде.
      Темiр жол көлiгiн қайта құрылымдау процесi басталып, тәуелсiз операторлар инфрақұрылымына қол жеткiзуге жол ашылды.
      Шешу жолдары
      Автомобиль жолдары саласында республиканың автомобиль жолдары желiлерiн, соның iшiнде ауылдық жердегi көлiк инфрақұрылымын одан әрi жаңғырту және дамыту көзделуде.
      2002 жылы Алматы-Астана-Бурабай автомобиль жолын қалпына келтiру, Алматы-Қорғас автомобиль жолын жөндеу, Орал қаласы маңында Жайық өзенiне көпiр салу аяқталатын болады, Қызылорданың жанындағы Сырдария өзенiне көпiр өткелiн салу, Лениногорск-Ресей Федерациясының шекарасы автожолының құрылысы, Батыс Қазақстан, Алматы-Бiшкек автомобиль жолдарын қайта жаңарту басталады. 2002-2004 жылдары Автомобиль жолдары саласын дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасына сәйкес жолдардың басқа учаскелерiн қайта жаңарту жөнiнде жұмыс жүргiзiлетiн болады. Бөлiнген бюджет қаражаты мен заемдарын тиiмдi игеруге ерекше назар аударылатын болады.
      2002-2004 жылдары кезеңiнде:
      жол саласын қаржыландырудың тиiмдi жүйесiн құру;
      нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру;
      жолдар салу мен оларды ұстаудың халықаралық стандарттарына көшу жөнiндегi жұмысты жүргiзу белгiлендi.
      Жол секторы сервистiк қызмет көрсету жүйесiмен жабдықталған жоғары санаттағы жолдар салудың негiзiнде сапалы түрде жаңартылатын болады.
      Халықаралық көлiк желiсiне кiрiгуге жәрдемдесетiн халықаралық тасымалдарды қамтамасыз ететiн бағыттар дамытылады.
      Автомобиль көлiгi саласында 2002 жылы көлiк тасымалдарын дамытуды қамтамасыз ету үшiн "Автомобиль көлiгi туралы" Заң жобасы әзiрленетiн болады. 2002-2004 жылдардың iшiнде республиканың экономикалық, сауда, мәдени байланыстарын кеңейтуге жәрдемдесетiн халықаралық автомобиль тасымалдары одан әрi дамытылады.
      Азаматтық авиация саласында 2002 жылы одан әрi дамытудың тұжырымдамалық бағыттары анықталатын болады.
      2002-2004 жылдар кезеңiнде авиакомпаниялардың қызметi тасымалдаушыларды мемлекеттiк бақылау аясына топтастыру негізiнде жүзеге асырылатын болады. "Азаматтық авиацияны мемлекеттiк реттеу туралы" Заңға сәйкес әуе тасымалдаушыларына жоғары талаптар қойылатын, авиациялық қауiпсiздiкке және ұшулардың қауiпсiздiгiне мемлекеттiк қадағалау қатайтылатын, азаматтық авиация саласындағы нормативтiк құқықтық базаны жетілдiру жөнiндегi жұмыс жалғасатын болады.
      2002 жылдан бастап қызмет көрсету саласын кеңейту және жаңа рыноктарды игеру үшiн мемлекеттiк лизинг жүйесi негiзiнде ұшақ паркiн жаңарту жөнiндегi кешендi шараларды iске асыру көзделуде.
      Халықаралық әуежайлардың инфрақұрылымын әлемдiк стандарттардың талаптарына сәйкес келтiру үшiн бүкiл кезең iшiнде оларды қайта жаңарту жөнiндегi жұмыстар жалғасатын болады. Аэронавигациялық инфрақұрылым одан әрi дамытылады.
      2004 жылы Әуе кодексiнiң жобасы әзiрленетiн болады.
      Теңiз және өзен көлiгi саласында 2003 жылы "Ішкi су көлiгі туралы" Заң жобасы әзiрленетiн болады, мемлекеттiк техникалық өзен флотын жаңарту мен жаңғыртудың ұзақ мерзiмдi мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру басталады.
      2002-2004 жылдары Ақтау портының инфрақұрылымын одан әрi дамыту, Каспийде жаңа теңiз портын салу, су жолдары мен тоспаларды кеме жүретiн жағдайда ұстап тұру жөнiндегi жұмыстарды жалғастыру, Жайық-Каспий теңiзi кеме жүретiн арнасында тереңдетiп қазу жұмыстарын жүргiзу көзделуде.
      2003 жылдан бастап ұлттық теңiз сауда флотын құру үшiн қаржыландыру көздерiн анықтау жөнiндегi жұмыс жүргiзiлетiн болады. Каспийде Баутино маңында теңiз кемелерiн жөндеу базасы дамытылады.
      Өзенде кеме жүзудi жақсарту үшiн арналарды тазарту және өзендердiң түбiн тереңдету жөнiндегi жұмыстар жалғасатын болады. Ертіс өзенiнде толассыз кеме жүзудi қамтамасыз ету үшiн Шульба тоспасын салу жалғасады.
      Темiр жол көлiгi саласында 2002 жылы: Қостанай және Ақтөбе қаласын Ақтау портымен жалғастыратын жаңа темiр жол желiсiн (Алтынсарин-Хромтау) салу, жылжымалы құрамды жөндеу үшiн өндiрiстiк базаны қайта жаңарту жалғасады. 2003 жылы темiр жолдардың негiзгi учаскелерiн жаңғырту жөнiндегi жұмыс жандандырылады, Алматы-Астана желiсi бойынша жолаушы поездарының жүрдек қозғалысы ұйымдастырылатын болады, Темiр жол кодексi әзiрленедi.
      2002-2004 жылдары кезеңiнде Қайта құрылымдау бағдарламасына және оны дамыту жоспарына сәйкес көлiк қызметi рыногында бәсекелестiк орта құруға бағытталған саланы одан әрi реформалау көзделуде.
      Бүкiл кезең iшiнде артық қуаттар базасында шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту үшiн жағдай жасау жөнiндегi жұмыс жалғасатын болады.
      Тасымалдаудың қазiргi заманғы технологияларына көшу мақсатында темiр жолдарды техникалық қайта жарақтандыру, қазiргi заманғы ақпараттық басқару жүйелерiн енгiзу, ресурс үнемдейтiн жаңа технологияларды дамыту жалғасады.
      Автоматтандырылған ақпараттық желiлердi халықаралық көлік ақпараттық жүйесiн кiрiктiре отырып одан әрi дамыту көзделуде.
      Телекоммуникациялар мен байланыс саласында 2002 жылы "Ақпараттандыру туралы", "Почта туралы", "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" заң жобалары әзiрленетiн, электронды құжат айналымының ережесi әзiрленетiн болады.
      Байланыс саласындағы қолданыстағы заңнаманы соңғы жылдары болған өзгерiстерге сәйкес келтiру үшiн "Байланыс туралы" Заңға өзгерiстер енгiзу көзделiп отыр.
      2002 жылы телекоммуникациялар саласын ырықтандыру, оны мемлекеттiк реттеудiң тиiмдi және дамытуды ынталандыратын жүйесiн құру процесi басталады.
      2003 жылы елдiң почта байланысы жүйесiн жаңғырту, оның почта-жинақ жүйесiн қалыптастыруға байланысты қызмет саласын кеңейту және соның негiзiнде почта саласын ұсынатын қызметiнiң ауқымы кең рентабельді деңгейге шығару жүзеге асырылатын болады.
      2002-2004 жылдар кезеңiнде қазiргi заманғы байланыс жүйелерi мен құралдарын енгiзудiң есебiнен саланы дамытудың сапалық жаңа деңгейiне көшу болжанып отыр. Ақпараттық-телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту пайдалану және инвестициялық шығындарды оңтайландыруды көздейдi. Барлық облыс орталықтарын, iрi елдi мекендер мен аудан орталықтарын байланыстыратын Ұлттық ақпараттық супермагистраль салу, коммутациялық жабдықтарды, магистральдық желiнi жаңғырту, магистральдық және аймақтық байланыс желiлерiн ұйымдастыру үшiн спутниктiк байланыс жүйесiн қалыптастыру жалғасады.
      Бүкiл кезең iшiнде Ақпараттық инфрақұрылымды қалыптастыру мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру, мемлекеттiк органдарды ақпараттандыру, мемлекеттiң ақпараттық-коммуникациялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, электрондық құжат айналымының бiрыңғай жүйесiн енгiзу жөнiндегi Іс-шаралар жоспары бойынша жұмыстарды атқару көзделуде.
      Транзиттiк әлеуеттi дамыту
      2002 жылы Қазақстан Республикасында транзит-көлiк әлеуетiн дамыту бағдарламасын әзiрлеу аяқталады. 2004 жылы "Транзиттiк (мультимодальдық) тасымалдар туралы" Заңның жобасы әзiрленетiн болады.
      2002-2004 жылдары Қазақстанның "Солтүстiк-Оңтүстiк" және ТРАСЕКА халықаралық көлiк дәлiздерiне толыққанды қатысуын және осы дәлiздердегi оның рөлiн арттыруды қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыс жалғасады.

8. Ауыл шаруашылығы

      Мақсаттары
      Елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету; агробизнестiң тиiмдi жүйесiн қалыптастыру; бәсекеге қабiлеттiлiк негiзiнде iшкi және сыртқы рыноктарда ауыл шаруашылығы өнiмiн және оны өңдеу өнiмiн сату көлемiн ұлғайту; ауыл шаруашылығы өндiрiсiн мемлекеттік қолдау шараларын ұтымды ету.
      Алғышарттар
      1999 жылдан бастап ауыл шаруашылығы жалпы өнімінiң өндірісі көлемінің өсуі, негізінен өсімдік шаруашылығы есебінен қамтамасыз етiлуде.
      Ауыл экономикасы инфрақұрылымының дамуы артта қалып отыр. Ауыл шаруашылығы өндірісінің материалдық-техникалық базасының нашарлығы, ұсақ тауарлы өндіріс жағдайында қазіргі заманғы агросервистiк құрылымдардың, өсiрiлген өнiмдi сатып алу, тасымалдау, сақтау және қайта өңдеу жүйесiнiң болмауы ауылдағы өндiрiс көлемiнiң ұлғаюын және шығынды азайтуды тежеп отырған басты факторлардың бiрi болып отыр.
      Шешу жолдары
      2002 жылдан бастап бәсекеге қабiлеттi өңделген өнiмдердi өндiрудi ынталандыруды қамтамасыз ету, азық-түлiк өнiмiнiң сапасын халықаралық стандарттарға көшiру, азық-түлiк өнiмiнiң экспортын ынталандыру жөнiндегi шаралар жүйесiн әзiрлеу және азық-түлiктiң әлемдiк маркаларының отандық өндiрiсiнiң франчайзингтiк схемаларын енгiзу мiндетi алда тұр.
      2002 жылы тұтынудың ұлттық стандарттары бекiтiлетiн және азық-түлiктi тұтынудың қажеттi көлемiн сипаттайтын шектi мәнi есептелетiн болады.
      2002-2003 жылдары агроөнеркәсiптiк сектордың кепiл құралдарын кеңейту және қаржы тәуекелдерiн азайту негiзiнде ауыл шаруашылығы өндiрiсiн және өңдеудi несиелендiрудiң көп арналы жүйесiн қалыптастыруды жалғастыру қажет. Бұл үшiн астық қолхаттарының айналымын және банктiк несиелендiру саласын кеңейту, ауылдық несие серiктестiктерiнiң санын ұлғайту, ауыл шаруашылығы өндiрiсiн сақтандырудың тиiмдi жүйесiн әзiрлеу, фьючерстiк сатып алу және маусымдық жеңiлдiкпен несиелендiру көлемiн кеңейту көзделiп отыр.
      Алдағы кезеңде жер рыногы мен жердi пайдалану құқықтарын қалыптастыруды қамтитын ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi жер қатынастарының тиiмдi жүйесiн қалыптастыруды аяқтау; меншiк қатынастары мен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердi жалға берудi реттеу, жердiң рыноктағы құнын бағалауды анықтау, жердi тиiмсiз пайдаланғаны үшiн жауапкершiлiк тетiктерiн пысықтау мiндетi алда тұр.
      2003-2004 жылдардың iшiнде: егiс алқаптарының құрылымын оңтайландыру, егiншiлiкте ғылыми негiзделген ауыспалы егiстердi және жаңа озық технологияларды енгiзу; тұқым шаруашылығы базасын жаңартуды ынталандыру, минералдық тыңайтқыштарды өндiру және пайдалану; ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң машина-трактор паркiн жаңарту; лизингтiк операцияларды кеңейту және машина-технологиялық станциялар жүйесiн құру жөнiндегi шаралар әзiрленетiн болады. Ауыл шаруашылығы алқаптарының зиянкестермен және аурулармен зақымдануының мониторингi жалғастырылады және өсiмдiктер карантинiнiң тиiмдi шекаралық және iшкi қызметi қалыптасатын болады.
      Мал шаруашылығында селекциялық тұқымды асылдандыру жұмысын қарқынды жүргiзу, аналық малды жоғары өнiм өндiрушiлердiң тұқымымен жасанды ұрықтандырумен барынша қамту негiзiнде генетикалық әлеуеттi жақсарту, жануарлардың жаңа Тұқымдарын дамыту үшiн жағдай жасау, мамандандырылған орта және iрi тауарлы өндiрiстi қалыптастыру жөнiндегi шаралар кешенiн әзірлеу, ветеринарияның ұлттық жүйесін сапалы жаңа дәрежеге көтерудi жүзеге асыру мiндетi алда тұр.
      2003-2004 жылдардың iшiнде өндiрiстiң тiгiнен бiрiктiрiлген жүйелерi негiзiнде ауыл шаруашылығы өнiмiн көтерме сатып алу және өңдеу жүйесiн дамыту, көтерме рыноктар мен биржа саудасын дамыту, оның iшiнде өңдеу кәсiпорындары, жеке ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің мемлекеттік ақпараттық-маркетингтік жүйеге қол жетiмдiлiгiн қамтамасыз ету арқылы ауыл шаруашылығы өнiмiнiң және азық-түлiк өнiмiнiң электрондық саудасын енгiзу дамытылады.
      2004 жылдың басында су шаруашылығы құрылыстарына меншiк қатынастарын және оларды басқаруды, ауыл шаруашылығы суын пайдалану бiрлестiктерiн құруды, судың құнын анықтау тетiктерiн, ауыл шаруашылығы алқаптарының мелиоративтiк жай-күйiн бағалауды, сондай-ақ су үнемдейтiн агротехнологияларды енгiзудi реттейтiн ауыл шаруашылығы суын пайдалану жүйесi қалыптасатын болады.
      Басым өндірістерді мемлекеттік ресурстармен қолдауды қамтамасыз ететiн агроиндустриалдық кешендi дамытудың мемлекеттiк реттеу жүйесi оңтайландырылатын болады.

9. Сауда саясаты

      9.1. Сыртқы сауда
 
      Мақсаттары
      Елдiң сауда теңгерiмiн жақсарту және iшкi рыногын қорғау мақсатында аса маңызды стратегиялық әрiптес елдермен өзара тиiмдi экономикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ экспорт географиясын жылжыту және кеңейту.
      Алғышарттар
      Қазiргi уақытта Қазақстан әлемнiң 177 елiмен экспорттық-импорт операцияларын жүзеге асырады. 50 елмен сауда-экономикалық келісiм жасалды, олардың көпшiлігiмен сауда барынша қолайлы режим негiзiнде жүзеге асырылады. ТМД-ның алты елiмен еркiн сауда режимi орнатылған, ал төртеуiмен Кеден одағын құру жөнiндегi жұмыс жалғасуда.
      Сыртқы экономикалық саясат бағытын одан әрi iске асыру мақсатында Қазақстанның ДСҰ-ға кiруi, ЕурАзЭҚ, ОАЫ, ТМД, ШЫҰ және ЭЫҰ шеңберiнде аймақтық ынтымақтастықты кеңейту бойынша көп жақты және екi жақты келiссөздердi жүргiзу жөнiндегi жұмыс жалғасуда.
      Республика едәуiр транзиттiк әлеуетке ие. Ел экономикасының аса маңызды экспорттық тауарларға деген әлемдiк бағалардың әсерiне тәуелдiлiгiн азайту жөнiнде шаралар қабылдануда.
      Шешу жолдары
      Алдағы кезеңде негiзгi күш-жiгер экспорт құрылымын шикiзаттық емес сипаттағы өнiмдер көлемiн ұлғайту жағына өзгертуге бағытталатын болады. 2002 жылы экспорттық бақылау және лицензиялау жүйесiн жетiлдiру жөнiнде шаралар қабылданатын болады, сондай-ақ лицензияланатын тауарлардың тiзбесi қайта қаралатын болады.
      2002-2004 жылдары отандық өнiмнiң бәсекелестiк қабiлетiн арттыру, шекара маңындағы сауданы дамыту және тауарлар мен қызмет көрсету экспортының көлемiн арттыру жөнiнде, оның iшiнде туристiк қызметтердiң қазақстандық экспортын iлгерiлету жөнiнде шаралар әзiрлеудi көздейтiн бiрқатар тұжырымдамалық құжаттар әзiрленетiн және қабылданатын болады.
      Әлемдiк рынок конъюнктурасының өзгеруi мұнай экспорты бойынша балама көлiк жолдарының болуын, астық пен металл өткiзу рыноктары географиясын кеңейтудi және көршi елдердiң рыноктарындағы (тауарлар, қызметтер, капитал мен еңбек) экономикалық қатысуды жандандыруды талап етедi. Осы мақсатта 2002 жылы 2003-2004 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отырған көрсетiлген мақсаттарды iске асыру жөнiндегi нақты шараларды әзiрлеу жөнiнде тиiстi зерттеулер жүргiзiлетiн болады.
      Экспортты әртараптандыру және импорт құрылымын ұтымды ету, сондай-ақ отандық тауар өндiрушiлердi қолдау мен қорғаудың жеткiлiкті деңгейiн қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасау мақсатында елдегi экономикалық ахуалдың өзгерiстерiн ескере отырып, ЕурАзЭҚ және ТМД елдерiмен бiрге қабылданған мiндеттемелер шеңберiнде сыртқы сауда қызметiн тарифтiк және тарифтiк емес реттеу шаралары оқтын-оқтын қолданылатын болады.
      Қазақстанның ДСҰ-ға кiру процесiне, осы мәселеде ЕурАзЭҚ-қа қатысушы мемлекеттермен өзара iс-қимылды қамтамасыз етуге, қазақстандық өнiмнiң Еуропа, АҚШ және басқа да бiрқатар елдердiң рыноктарына әкелiнуiне шектеулердi алуға және отандық тауарлар мен қызметтердiң әлемдiк рыноктарға енуiне қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатын болады.
      Қазақстанның нақты елдерге басымдық беруi негiзiнде нақты секторда қойылған мiндеттермен тығыз байланыста өзара тиiмдi сауда-экономикалық қатынастарды пысықтау жөнiндегi жұмыс жандандырылатын болады.
      Аймақтық экономикалық бiрлестiктер (ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ЭЫҰ және ОАЫ) шеңберiндегi экономикалық қарым-қатынастар осы бiрлестiктерге мүше елдер арасындағы шарт-құқық базасына сәйкес нақты жобалар мен экономикалық бастамаларға негiзделетiн болады.
      2004 жылы өткiзiлген iс-шаралардың нәтижелерi негiзiнде сыртқы сауда саясатында одан әрi бағдарлар айқындалатын, сондай-ақ республика үшiн қызығушылық туғызатын әлемдiк тауар рыноктарын талдау және қазақстандық тауарлардың экспортын iлгерiлететiн құрылымдар құру мүмкiндiгi қарастырылатын болады.
      Жыл сайынғы "Туризм және саяхат" қазақстандық халықаралық туристiк жәрмеңкесiн және жыл сайынғы "Шаңырақ" халықаралық сауда жәрмеңкесiн өткiзу аса маңызды iс-шаралар тұрғысында қаралатын болады.

      9.2. Iшкі сауда
 
        Мақсаттары
      Тұтастай алғанда, iшкi рынокты оң тұрғыда дамытуды қамтамасыз ететiн тауарлар мен қызметтердi тұтынушыға жеткiзудiң ұйымдық және құқықтық тетiгiн жетiлдiру.
      Алғышарттар
      Елдiң тұтыну рыногы салыстырмалы түрде аса жоғары молығуымен ерекшеленедi - iс жүзiнде тауар тапшылығы жоқ. Соңғы жылдары бөлшек және көтерме сауда айналымы бiрнеше есе өстi. Шағын және орта бизнес субъектiлерiнiң негiзгi үлесiн сауда-сатып алу қызметi саласы құрайды. Мұндай жағдайда бәсекелестiктiң күшеюi бөлшек сауда қызметiнiң сапасын жақсартуға ықпал етедi.
      Шешу жолдары
      Сауданың тиiмдi нысандарын құру, заңнама жүйесiн дамыту және сауда қызметiнiң сапасын жақсарту мақсатында 2002-2003 жылдары сауда қызметiн реттеу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сауда рыноктарының жұмыс iстеуi жағдайлары жөнiнде бiрқатар нормативтiк құқықтық актiлер әзiрленетiн болады.
      Аса маңызды азық-түлiк тауарлары бағаларының және сатылатын тауарлар мен қызметтердiң түр-түрлерi жай-күйiнiң мониторингi негiзiнде сауда рыноктары арасындағы бәсекелестiктi дамыту және жергiлiктi атқарушы органдардың сауда инфрақұрылымын дамытудағы жауапкершiлiгiн арттыру жолымен осы тауарларға бағалардың негiзсiз өсуiне жол бермеу жөнiндегi жұмыс жалғасатын болады.
      2003 жылы ауылдық жердегi сауда инфрақұрылымын дамытуды және отандық өнiмнiң iшкi рынокқа тұрақты жеткiзiлуiн қамтамасыз ететiн сауда-сатып алу компанияларын құруды ынталандыру жөнiнде нақты шаралар қабылданатын болады.
      Өндiрiс құралдарымен сауда жасауды ұйымдастыру, электрондық коммерцияны, тауар биржалары мен сауда-өнеркәсіп палаталарының қызметiн дамыту мәселелерiне ерекше назар аударылатын болады.
      Қазақстан тауарларының тұтыну рыногындағы үлесін арттыру, елдiң аймақтары арасындағы тауар ағындарын реттеу жөнiнде жағдай жасалатын және шаралар әзiрленетiн болады.
      Iшкi сауданы одан әрi дамыту үшiн iшкi сауданың тиiмдi нысанын қалыптастыруға және iшкi рынокты қол жетiмдi бағалар мен тарифтер бойынша жоғары сапалы тауарлармен және қызметтермен молықтыруға жәрдемдесетiн заңнаманы жетiлдiруге баса назар аудару қажет.
      Тұтыну рыногында сатылатын тауарлардың сапасы мен қауiпсiздiгiн бақылау жөнiндегi шаралар күшейтiлетiн болады. Отандық тауар өндiрушiлердiң өнiмiн өткiзудi жақсарту мақсатында көтерме сауданың қазiргi заманғы жүйесiн құру ынталандырылатын болады.

10. Мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, құқық тәртiбiн нығайту және қылмысқа қарсы күрес

      Мақсаттары
      Қазақстан азаматтары үшiн тұрмыстың тиiстi деңгейiн қамтамасыз ету және олардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiктер берiп, елдiң қауiпсiздiгiн нығайту. Қазiргi заманғы Қарулы Күштер және елдiң Шекара қызметiн құру. Терроршылдыққа, нашақорлыққа, қылмысқа қарсы күрестi күшейту және құқық тәртiбiн нығайту. Елдiң ақпараттық қауiпсiздiгi саласында жаңа технологияларды енгiзу.
      Қылмыс саясатын одан әрi iзгiлендiру, мемлекеттiң қаржылық мүмкiндiктерiн ескере отырып, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдарды әлемдiк практикада жалпы танылған стандарттарға сай ұстау жағдайларын жасау.
      Алғышарттар
      Ұлттық және экономикалық қауiпсiздiк, нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күрестiң 2005 жылға дейiнгi стратегиялары қабылданды. Терроршылдыққа және экстремизм мен сепаратизмнiң өзге де көрiнiстерiне қарсы күрес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес жөнiнде мемлекеттiк бағдарламалар шеңберiнде кешендi шаралар iске асырылуда.
      Стратегиялық объектiлер мен тiршiлiктi қамтамасыз ету объектiлерiн күзетудi күшейту жөнiнде шаралар жүзеге асырылуда.
      Шешу жолдары
      Барлық мүдделi мемлекеттермен, ең алдымен көршілес елдермен достық, тең құқықты және өзара тиiмдi қатынастарды одан әрi дамытуға бағытталған байыпты және сындарлы сыртқы саясат жүргiзудi жалғастыру.
      Азиядағы өзара iс-қимыл мен сенiм шаралары жөнiндегi, сондай-ақ Каспий теңiзiнiң құқықтық мәртебесi жөнiндегi кеңестi ұйымдастыру және өткiзу жөнiндегi жұмыс жандандырылды. Каспий қайраңын игеру проблемаларымен байланысты ықтимал тартысты оқиғаларды реттеуде Каспий жағалауы мемлекеттерiнiң әскери күш қолдану немесе қолдану қоқан-қоққысынан бас тартуы жөнiндегi саясат жүргiзiледi.
      Орталық Азияда терроршылдықтың, дiни экстремизмнiң таралуына қарсы iс-әрекет жасау, аймақтық және ұлтаралық қылмыс көрiнiстерiне қарсы күрес, әсiресе есiрткінiң заңсыз айналымына, ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз көшi-қонға қарсы күрес мақсатында халықаралық қоғамдастықпен өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі шаралар әзiрленедi және қабылданады.
      Терроршылдыққа қарсы күрес саласындағы құқықтық қатынастарды реттейтiн Еуропалық конвенцияларға қосылу жөнiндегi жұмысты аяқтау көзделедi.
      Стратегиялық маңызы бар объектiлердiң, қауiптiлiгi мол кәсiпорындар мен коммуникациялардың қауiпсiздiк жүйелерiн кезең-кезеңiмен жетілдіру, қару-жарақ пен оқ-дәрінің сақталуын қамтамасыз ету, сақталу мерзiмi бiткен оқ-дәріні және радиоактивтiк сәуле көздерiн кәдеге жарату жөнiндегi шараларды iске асыру терроршылдыққа қарсы күрес жөнiндегi жұмыстың маңызды бiр бөлiгiне айналады.
      Терроршылдыққа, заңсыз көшi-қонға қарсы күрес мақсатында шетелдiк азаматтардың келуiн-кетуiн бақылауды бiрыңғай ақпараттық жүйесi құрылады. Қазақстандық азаматтардың дiни санасын шарпуға жол бермеу жөнiндегi барлық мемлекеттiк органдардың жұмысы күшейтiледi.
      Елдердiң арасында бiрыңғай экономикалық кеңiстiктi кезең-кезеңiмен қалыптастыру, бiрiктiрiлген көлiк-коммуникациялық және энергетика жүйелерiнiң ортақ инфрақұрылымын құрудағы өзара iс-қимыл, шекара және кеден бақылауы саласындағы келiсiлген саясат жүргiзу, шекарааралық су ресурстарын пайдалану жөнiндегi жұмыс жандандырылады.
      Yкімет шектес мемлекеттермен шекараны межелеу жөніндегі жұмысты жандандыруға ниеттенуде. Әсiресе, Түркiменстанмен және Өзбекстанмен шекарадағы шекаралық инфрақұрылымды қалыптастыру жалғастырылады. Қазақстанның теңiздегi шекарасын қорғау күшейтiледi. Осыған байланысты кеме жасау бағдарламасын iске асыруға, Каспийде әскери теңiз портын жасауға кiрiсу ниетiнде. Осы жұмысқа отандық өндiрушiлердiң, жергiлiктi мемлекеттiк органдардың кеңiнен қатысуы қамтамасыз етiледi.
      Алдағы кезеңде әскери қауiпсiздiктi нығайту әскери реформаны тереңдетуге, Қарулы Күштердiң, ІІМ iшкi әскерлерi, ҰҚК Шекара қызметi құрамаларының жауынгерлiк әзiрлiгiнiң сапасын арттыруға негiзделедi. "Қазақстан Республикасындағы баламалы қызмет туралы" заң қабылданады, аумақтық қорғанысты ұйымдастыру, маңызды мемлекеттiк объектiлердi күзету, қорғаныс мұқтаждарына арналған адами және материалдық ресурстарды жұмылдыру, төтенше жағдайлар туындаған жағдайда басқару жүйелерiнiң сенiмдi жұмыс iстеуi жөнiндегi мiндеттер кешенiн нақты шешуде жергілiктi атқарушы органдардың ролi күшейтiледi.
      Ұлттық ақпараттық қауiпсiздiктi нығайту мақсатында осы саладағы жаңа технологиялар дамытылады; ақпаратты қорғау жабдықтарын әзiрлеу мен өндiрудiң отандық инфрақұрылымы жасалады. Ақпараттық қауiпсiздiктi құқықтық қамтамасыз ету, ақпаратты қорғау саласындағы мемлекеттiк рұқсат ету және ақпаратты қорғау құралдарын сертификаттау жүйесi жетiлдiрiледi. Астана қаласындағы жаңа әкiмшiлiк орталық объектiлерiнiң ақпараттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелері шешіледі.
      Халықпен белсендi ақпараттық-түсiндiру жұмысын жүргiзу, "дөңгелек үстелдер", ғылыми практикалық конференциялар өткiзу, қоғамдық қозғалыстар жетекшiлерiнiң көпшiлiк алдында сөз сөйлеуi практикасын кеңейту жолымен дiни экстремизмге қарсы насихаттық iс-әрекеттiң өткiрлiгi қамтамасыз етiледi.
      2002 жылы Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күрестiң 2002-2003 жылдарға арналған, Қазақстан Республикасы IIМ iшкi әскерлерiн реформалаудың 2002-2005 жылдарға арналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қылмысқа қарсы күрестiң 2003-2004 жылдарға арналған бағдарламалары әзiрленедi.
      Нашақорлық пен есiрткi бизнесiнiң таралуына тиiмдi қарсы iс-әрекет жасау, есiрткiге сұранысты азайту және нашақор адамдарды оңалту мақсатында нашақорлықтың алдын алу және медициналық емдеу жөнiндегi қосымша шаралар кешенi жүзеге асырылады. Нашақор адамдарды, соның iшiнде кәмелетке толмағандарды медициналық-әлеуметтiк оңалтудың аймақтық орталықтары ашылады, наркологиялық диспансерлердiң саны көбейтiледi.
      Құқық қорғау органдарының күш-жiгерi есiрткi бизнесiн ұйымдастырушыларды анықтау және оқшаулауға, наркотрафиктiң жолын кесуге бағытталады. Осы мақсатта халықаралық ынтымақтастық кеңейтiледi.
      Заңсыз көшi-қонның жолын кесу мақсатында ІІМ көшi-қон полициясының бөлiмшелерiн нығайту жөнiнде шаралар кешенi жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасында терроршылдыққа және экстремизм мен сепаратизмнiң өзге де көрiнiстерiне қарсы күрестiң 2002-2003 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру шеңберiнде ІІМ-нiң инженерлiк-техникалық (саперлiк) бөлiмшелерi құрылады.
      Құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды әлеуметтiк құқықтық алдын алу жүйесi қалпына келтiрiлiп, мiнез-құлқы ауытқымалы кәмелетке толмағандарға арналған арнаулы мектеп-интернаттар мен кәсiптiк-техникалық училищелер және қылмыстық жауапкершiлiк туындайтын жасқа жетпей, қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға арналған арнаулы мектептер желiсi кеңейтiледi, бұрын сотталған адамдарды оңалтудың тиiмдiлiгi арттырылады.
      Iшкi iстер органдарын халықпен байланыстыратын негiзгi буын ретiнде кәмелетке толмағандар iстерi жөнiндегi бөлiмшелердiң, сондай-ақ полицияның учаскелiк инспекторларының рөлi арттырылады.
      Түзеу мекемелерiн күзету және қадағалауға арналған инженерлiк-техникалық жабдықтармен, емдеу-алдын алу мақсаттарына арналған медициналық жабдықтармен қайта жарақтандыру, сотталғандардың кейбiр санаттарын камерада ұстау жатақханаларын салу мүмкіндiгi көзделедi.
      2003-2004 жылдары түзеу мекемелерiнде жалпы және кәсiби оқыту мектептерi ашылады.

11. Ішкi саяси тұрақтылық және қоғамды топтастыру

      Мақсаттары
      Қоғамды одан әрi демократияландыру, ұлтаралық және конфессияаралық келiсiмдi нығайту, көппартиялы тұрақты жүйенi қалыптастыру, мемлекеттiк және қоғамдық институттардың әріптестік қатынастарын нығайту, азаматтық қоғам институттарын дамыту.
      Алғышарттар
      Азаматтық белсендiлiк пен қоғамдық бастамалардың артуы, қазақстандық қоғамға тарихи тән ұлтаралық және конфессияаралық қатынастардағы төзiмдiлiк, нақты көппартиялылық жүйесiнiң қалыптасуы, әлеуметтiк әрiптестiктi дамыту үшiн нормативтiк құқықтық базаның қалыптастырылуы, үкiметтiк емес сектордың серпiндi дамуы.
      Шешу жолдары
      Қоғамды демократияландыру процестерiндегi партиялар мен қоғамдық саяси бiрлестiктердiң сындарлы әлеуетiн арттыру, мемлекеттiң партиялармен және қоғамдық саяси бiрлестіктермен сындарлы диалогын және өзара iс-қимылын жалғастыру;
      қоғамды топтастыруға және көппартиялық жүйесiн дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған партияаралық қатынастарды нығайту жөнiндегi жұмыс жалғастырылады.
      Қазақстанның көп ұлтты халқын топтастырудағы, ұлтаралық қатынастарын үйлестiрудегi ұлттық-мәдени орталықтарды одан әрi дамытудағы Қазақстан халықтары Ассамблеясының рөлiн арттыруға жан-жақты көмек көрсетiледi.
      Азаматтық қоғам институттарын қалыптастырудың аса маңызды шарты ретiнде әлеуметтiк әрiптестiк қатынастарды дамыту, үкiметтiк емес секторды нығайту, қоғамдық маңызы бар проблемаларды шешуде, әлеуметтiк мәнi бар жобаларды iске асыруда үкiметтiк емес ұйымдарға мемлекеттiк қолдау көрсету жөнiнде шаралар қабылданады. Осы мақсатта 2002 жылы үкiметтiк емес ұйымдарды мемлекеттiк қолдаудың бағдарламасы әзiрленедi, үшжақты Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi шаралар жүйесi жүзеге асырылады.
      Оның шеңберiнде 2003-2004 жылдары "Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы" заң жобасын әзiрлеудi қоса алғанда, кәсiподақтармен және жұмыс берушiлердiң бiрлестiктерiмен ынтымақтастық жалғастырылады.

     Ел Үкiметiнiң ниетi - Бағдарламаның сөзсiз орындалуын жүзеге асыру.
      Бұл ретте Үкiметке жүктелген мiндеттердiң бар мән-маңызы пайымдалады, осыған орай оларды орындауға барлық қажеттi күш-жiгер жұмсалатын болады. Атқарушы билiктiң барлық деңгейiн қамтитын Іс-шаралар жоспарын әзiрлеу және оны кейiннен жүзеге асыру Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi талап етiлетiн тұтқалар мен құралдар кешенiн iске қосуға мүмкiндiк бередi.
      Бағдарламада көзделген шараларды орындау Мемлекет басшысы Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi Даму стратегиясында және 2010 жылға дейiнгi стратегиялық жоспарында алға қойған мақсаттарға жетуге үдемелi әрi нысаналы сипат бередi.
      Үкiмет республикадағы әлеуметтiк-экономикалық қайта құрулардың тұрақтылығын орнықтыруға және ел дамуының жаңа сатысына өтудi қамтамасыз етуге тиiс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады