Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Мемлекеттік шекараны қорғаудағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 13 қыркүйектегі N 1187 Жарлығы

      Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау және күшін жою тәртібі туралы" 1995 жылғы 12 желтоқсандағы заң күші бар N 2679 Жарлығының 16-бабына  сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. 2001 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Мемлекеттік шекараны қорғаудағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы
мемлекеттік шекараны қорғаудағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан,
      халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын, достық тату көршілік қатынасты дамыту және мемлекеттік шекара қауіпсіздігін өзара қамтамасыз етуге қатысты жәрдемдесу тілегін басшылыққа ала отырып,
      Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық туралы ұйымның қағидаттарына, Хельсинки Қорытынды Актісінің ережелеріне, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтастығын және шекаралардың мызғымастығын сақтау туралы 1994 жылғы 15 сәуірдегі декларацияға өздерінің адалдықтарын қуаттай отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы достық қатынас пен ынтымақтастық туралы 1993 жылғы 19 мамырдағы шартты  негізге ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын қорғауға қатысты өзара іс-қимылды ұйымдастырады.
      Тараптар өзара іс-қимыл мәселелерін шешуге қатысты өкілеттіктерді шекаралық ведомстволардың басшыларына береді.

2-бап

      Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын қорғау Тараптардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және саяси, экономикалық, сауда-саттық, мәдени және гуманитарлық салаларда қолайлы өзара іс-қимыл режимін құруға және оны қолдауға қызмет ететін Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасының белгіленген өту тәртібін құқыққа қайшы өзгертуге жол бермеуді ескере отырып, жүзеге асырылады.

3-бап

      Тараптар террористік топтардың және басқа да қылмыстық элементтердің Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасы арқылы өтуінің, қару мен оқ-дәрінің, жарылғыш, улағыш, радиоактивті, психотроптық және есірткі заттарының, сондай-ақ әкелуге-әкетуге тыйым салынған басқа да заттар мен жүктердің заңсыз айналысының жолын кесу міндеттерін тиімді шешуге бағытталған тең құқықты, әріптестік қатынасты орнатуға және дамытуға міндеттенеді.

4-бап

      Тараптар Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын қорғау жөніндегі шешімдер мен шараларды уақытылы қабылдау мақсатында ақпаратты үздіксіз жинауды, өңдеуді және тұрақты түрде өзара алмасуды, шекарадағы жағдайға талдау жасауды және оны болжамдауды, сондай-ақ алдын алу сипатындағы шараларға қатысты ұсыныстар әзірлеуді қамтамасыз етеді.

5-бап

      Тараптардың әрқайсысы, егер осы мәліметтердің жабық сипаты болса немесе оны беретін Тарап мазмұнын әйгілеуді қажетсіз деп тапса, екінші Тарап беретін мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етеді. Мәліметтердің жабық сипатының деңгейін Тарап айқындайды.
      Осы Келісімнің шеңберінде Тараптардың бірінен алынған деректер мен мәліметтерді үшінші Тарапқа беру қажеттілігі жағдайында осы деректер мен мәліметтерді берген Тараптың міндетті түрдегі келісімі талап етіледі.

6-бап

      Тараптар Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын қорғауды қамтамасыз ету мүддесі жолында осындай өкілеттілік берілген шекаралық ведомство органдарының өздерінің ұлттық заңдарына сәйкес жедел іздестіру қызметін мәселелерінде ынтымақтастықты жүзеге асырады. Ынтымақтастық тәртібі жеке хаттамамен реттелетін болады, ол осы Келісімге қол қойылғаннан кейін 6 айдан соң әзірленеді әрі қол қойылады және Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

7-бап

      Тараптардың мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерін ашу тәртібі және олардың мәртебесін белгілеу жеке Келісімге сәйкес жүзеге асырылады.

8-бап

      Осы Келісімде көзделген өзара міндеттемелерді орындау, сондай-ақ Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын қорғауға байланысты ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл барысында туындайтын мәселелерді шешу үшін Тараптардың шекаралық ведомстволарының басшылары, қажеттілік болған жағдайда, консультациялар өткізеді, бірлескен жұмыс топтарын құрады және басқа да қажетті іс-шараларды жүргізеді.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдану мен түсіндіру кезінде Тараптар арасында туындайтын барлық даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар консультациялар және келіссөздер арқылы шешетін болады.

10-бап

      Осы Келісім басқа да халықаралық шарттар жөніндегі Тараптардың міндеттемелеріне ықпал етпейді және Тараптар арасындағы ынтымақтастықтың өзге де қолайлы нысандарын әзірлеуге және дамытуға кедергі келтірмейді.
      Осы Келісімге екі Тараптың келісімімен, өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген Хаттамалармен ресімделеді.

11-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама күнінен бастап күшіне енеді және Тараптардың бірі екінші Тараптың Келісімінің күшін тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткенге дейін қолданыста болады.
      Астана қаласында 2001 жылғы 5 шілдеде әрқайсысы қазақ, түрікмен және орыс тілдерінде екі түпнұсқа дана болып жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру мақсаттарында орыс тіліндегі мәтін пайдаланылатын болады.

      Қазақстан Республикасы                 Түрікменстан
              үшін                               үшін

      Осымен 2001 жылғы 5 шілдеде қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы мемлекеттік шекараны қорғаудағы ынтымақтастық туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігінің
      Халықаралық-құқық департаментінің
      Бөлім бастығы

     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады