Қазақстан Республикасының жекелеген аудандары әкiмдерiнiң сайлауын эксперимент ретiнде өткiзу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 6 желтоқсандағы N 1485 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы N 829 Жарлығымен

       Ескерту. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009.06.18 N 829 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабының 4-тармағына және "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы аудандары әкiмдерiнiң сайлауын эксперимент ретiнде өткiзу ережелерi бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы:
      1) 2005 жылғы тамызда эксперимент ретiнде облыстарда, Астана және Алматы қалаларында аудан әкiмдерiнiң сайлауын тағайындасын, ұйымдастырсын және өткiзетін болсын;
      2) осы Жарлықта көзделген сайлау өткiзiлетiн аудандардың саны мен тiзбесiн облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерiмен бiрлесiп айқындасын.

      3. Қазақстан Республикасының Yкiметi:
      1) 2005 жылғы бiрiншi тоқсанда мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы өкілеттiктердiң ара-жiгiн ажырату және бюджетаралық қатынастарды жетiлдiру процесiн аяқтауды көздейтiн заң жобаларын әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Парламентiне енгiзудi қамтамасыз етсiн;
      2) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерiмен бiрлесiп аталған сайлауды ұйымдық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөнінде қажетті шараларды қолдансын.

      4. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы  
Президентiнiң      
2004 жылғы 6 желтоқсандағы 
N 1485 Жарлығымен    
БЕКIТIЛГЕН       

Қазақстан Республикасы аудандары әкiмдерiнiң
сайлауын эксперимент ретiнде өткiзу
ЕРЕЖЕЛЕРI

      Осы Ережелер Қазақстан Республикасының жекелеген аудандары әкiмдерiнiң сайлауын эксперимент ретiнде өткiзудiң шарттары мен рәсімдерiн айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Әкiмдер сайлауы тиiсті әкiмшілiк-аумақтық бiрлiктерде жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы өткiзіледi. Жанама сайлау құқығы көрсетiлген әкiмдердi таңдаушылардың - мәслихаттар депутаттары болып табылатын Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауынан тұрады.
      2. Әкiм төрт жыл мерзiмге сайланады.
      3. Әкiмдер сайлауын Орталық сайлау комиссиясы тағайындайды. Шығып қалған әкiмдердiң орнына әкiмдер сайлауын облыстардың, Астана және Алматы қалаларының сайлау комиссиялары әкiм өкілеттiктерi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған күннен бастап екi айдан кешіктірмей тағайындайды.
      4. Кандидаттар сайлауға қатысуға осы Ережелермен белгіленген шектерде тең құқылы.
      5. Әкiмдер сайлауын өткiзу кезiндегі дауыс беру, таңдаушылардың еркiн бiлдiруiн қандай да болмасын бақылау мүмкiндiгiн болдырмайтын, жасырын болып табылады.

2-тарау. Сайлау жүйесi

      6. Әкiмдер сайлауын жүргiзу кезiнде дауыс санаудың мынадай жүйесi қолданылады: дауыс беруге қатысушы таңдаушылар дауысы санының көпшілiгін алған кандидат сайланған болып саналады.
      7. Әкiмдер сайлауын дайындау мен өткiзудi ұйымдастыратын сайлау органдары тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары болып табылады.
      8. Тиiсті аумақтық сайлау комиссиясы:
      1) аудандар әкiмдерi сайлауын өткiзудi қамтамасыз етедi;
      2) әкiмдiкке ұсынылған кандидаттарды, олардың сенiм бiлдiрген адамдарын тiркеп, оларға тиiстi куәлiк бередi;
      3) дауыс беруге арналған бюллетень мәтiнiн бекiтедi;
      4) дауыс беру пункттерiн дайындайды, дауыс беруге арналған кабиналар мен жәшiктер дайындауды қамтамасыз етедi;
      5) әкiмдi сайлаудың нәтижелерiн белгiлейдi, сайланған әкiмдi тiркейдi, сайлау қорытындылары туралы хаттаманы сайланған әкiмдi тағайындау үшiн жоғары тұрған әкiмге бередi;
      6) қайта сайлау өткiзедi;
      7) "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заң мен осы Ережелерге сәйкес басқа да өкілеттiктердi жүзеге асырады.

3-тарау. Әкiмдiкке кандидаттар ұсыну және
оларды тiркеу

      9. Сайлау күнi туралы хабарландыруды тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы тиiсті әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк тұрғындарының назарына жеткiзедi.
      10. Әкiм болып сайлану үшiн азаматтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабына сәйкес белсендi сайлану құқығы болуға тиiс.
      11. 25 жастан жас емес және тиiсті облыс аумағында, Астана немесе Алматы қалаларында тұратын, сондай-ақ мемлекеттік қызметшi ретiнде қойылатын талаптарға сәйкес келетiн азамат әкiмдiкке кандидат бола алады.
      12. Әкiмдiкке кандидаттарды балама негізде (яғни әкiм лауазымына кемiнде екi кандидат) ұсынуды облыстар, Астана немесе Алматы қалаларының әкiмi жүзеге асырады.
      13. Әкiмдiкке кандидаттарды ұсыну тиiстi аумақтық сайлау комиссиясына облыстар, Астана немесе Алматы қалалары әкiмiнiң ұсынымы мен кандидаттардың тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында әкiмдiкке кандидаттыққа түсу ниетi туралы өтiнiштерiн беру арқылы жүргiзіледi.
      14. Кандидаттарды ұсыну сайлау күнiнен қырық бес күн бұрын басталып, отыз күн қалғанға дейiн аяқталады.
      15. Егер барлық ұсынылған кандидаттар оларды тiркегенге дейiн өз кандидатураларын қайтып алған жағдайда, тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзiмiн ұзартады.
      16. Тиiсті аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттың оған қойылатын талаптарға сәйкестігiн белгілеп, ол туралы тиiстi хаттама жасайды.
      17. Кандидаттарды тiркеу мынадай құжаттар:
      1) облыстар, Астана немесе Алматы қалалары әкiмiнің аудан әкiмi лауазымына сай келетiн кандидаттарды ұсыну туралы ұсынымы;
      2) әкiмдiкке кандидаттыққа түсуге келiсiмi туралы мәлiмдемелер;
      3) кандидат туралы өмiрбаяндық деректер;
      4) Қазақстан Республикасы азаматының жеке бас куәлiгi болған жағдайда жүзеге асырылады.
      18. Кандидаттарды тiркеу туралы тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы хаттама жасайды.
      19. Тиiсті аумақтық сайлау комиссиясы:
      1) кандидаттар тiркелгеннен кейiн төртiншi күннен кешіктірмей әрбiр кандидаттың тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, атқаратын лауазымын, жұмыс (кәсiбi) орны мен тұрғылықты жерiн, кандидаттың қалауына қарай оның қоғамдық бiрлестiкке қатыстылығы және қай ұлтқа жататындығы туралы мәлiметтердi көрсете отырып тiркеу туралы жергілiкті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге тәсiлмен хабарлайды;
      2) тiркеу кезiнде кандидаттарға тиiстi куәлiк бередi;
      3) мынадай:
      кандидатты ұсыну ережелерi бұзылған;
      кандидат лауазымдық жағдайын немесе қызмет бабын асыра пайдаланған;
      кандидаттың оны сайлау комиссиясы тiркегенге дейiн сайлау алдында үгіт жүргiзген фактілерi анықталған;
      сайлаушыларды сатып алу фактілерi белгілi болған;
      Осы Ережелерде көзделген өзге де талаптарды сақтамаған жағдайда кандидатты тiркеуден бас тартады немесе тiркеу туралы шешiмнiң күшін жояды.
      20. Кандидатты тiркеуден бас тартуға немесе оны тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға кандидат үш күн мерзiм iшiнде жоғары тұрған аумақтық сайлау комиссиясына немесе сотқа шағымдана алады. Бұл ретсiз жоғары тұрған аумақтық сайлау комиссиясы немесе сот шағым бойынша шағым берілген күнінен бастап, бес күн мерзiмде шешiм шығарады.
      21. Кандидатты тiркеу дауыс беретiн күннен қырық күн бұрын басталып, жиырма бес күн қалғанда аяқталады.
      22. Кандидат тiркелгенге дейiнгi және одан кейiнгі кезеңде тиiсті аумақтық сайлау комиссиясына өз кандидатурасын алатындығы туралы жазбаша арыз жазып, өз кандидатурасын алып тастай алады.
      23. Мұндай жағдайларда тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы кандидатты тiркеудi жүргiзбейдi не кандидатты тiркеу туралы шешімнің күшiн жояды.
      24. Тiркеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн барлық кандидаттар шығып қалған жағдайда сайлау мерзiмiн ұзарту туралы мәселенi облыстардың, Астана немесе Алматы қаласының сайлау комиссиялары шешедi.

4-тарау. Сайлау алдындағы үгіт және
сайлауды қаржыландыру

      25. Сайлау алдындағы үгіт барлық кандидаттар тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте тiркелген күннен басталады және сайлау күнiнiң алдындағы күнi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
      26. Сайлау алдындағы үгіт:
      1) сайлау алдындағы көпшілiк iс-шараларын (сайлау алдындағы жиналыстар және сайлаушылармен кездесулер) жүргiзу арқылы;
      2) баспа және өзге де үгіт материалдарын шығару және (немесе) тарату арқылы жүзеге асырылады.
      27. Мемлекеттік органдарға, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарына, сайлау комиссияларының мүшелерiне сайлау алдында үгiт жүpгiзугe, кез келген сайлау алдындағы үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады.
      Сайлаушыларға, сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа материалдарын, соның iшiнде безендiрілген материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгiлердi, жалаулар мен жалаушаларды тегiн таратуды қоспағанда, сайлау алдында тегiн тауарлар, қызмет көрсетулер, бағалы қағаздар ұсынумен, сондай-ақ ақша төлеумен ұштастырылатын үгiт жүргiзуге тыйым салынады.
      28. Белсендi сайлау құқығына ие азаматтардың осы Ережелерге сәйкес қандай да бiр кандидатты қолдап және оған қарсы кедергісiз үгiттеуге құқығы бар.
      29. Әкiмшілiк-аумақтық бiрлiк бойынша барлық кандидаттар тиiстi аумақтық сайлау комиссиясына тiркелген сәттен бастап және үгіт науқаны аяқталғанға дейiн кандидаттың өзiнiң сайлау алдындағы бағдарламасын үгіттеуге және насихаттауға құқығы бар.
      30. Кандидаттардың, оларға сайлау науқанын өткiзуде көмектесетiн, сайлау алдында үгiт жүргiзетiн, кандидаттың мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, қоғамдық бiрлестiктерге, сайлау комиссияларына қатысты мүдделерiн білдiретiн сенiм бiлдiрген адамдар ұстауға құқығы бар.
      31. Кандидаттар сенiм бiлдiрген адамдарды өз қалауы бойынша айқындайды және тиiсті аумақтық сайлау комиссиясына тiркеу үшiн олар туралы хабарлайды.
      32. Аумақтық сайлау комиссиясы сенiм бiлдiрген адамдарды тiркегеннен кейiн оларға тиiстi куәлiктер бередi.
      33. Сенiм бiлдiрген адам қандай да болсын сайлау комиссиясының мүшесi бола алмайды.
      34. Сенiм білдiрген адам өзiне кандидат берген өкілеттіктер шегiнде iс-қимыл жасайды.
      35. Сенiм бiлдiрген адам сайлау науқаны аяқталғаннан кейiн немесе өз бастамашылығы бойынша, не кандидаттың шешiмi бойынша өз мәртебесiн жоғалтады.
      36. Сайлау күнi және оның алдындағы күнi кез келген сайлау алдындағы үгiтті жүргiзуге тыйым салынады.
      37. Дауыс беруге арналған үй-жайлардың сыртына бұрын ілiнген үгiттік баспа материалдары бұрынғы орнында сақталына алады.
      38. Әкiмдер сайлауын өткiзу республикалық бюджет қаражатынан қаржыландырылады.
      39. Әкiмдер сайлауында кандидаттарды сайлау алдындағы үгiттеу осы Ережелерде белгiленген тәртiппен сайлау қорлары түзген қаражаттан қаржыландырылуы мүмкiн.
      40. Әкiмдiкке кандидаттың сайлау қоры:
      1) жалпы сомасы заңнамамен белгіленген ең аз еңбекақы көлемiнен елу еседен аспауға тиiс кандидаттың жеке қаражатынан;
      2) жалпы сомасы заңнамамен белгiленген ең аз еңбекақы көлемiнен жүз еседен аспайтын, Республика азаматтары мен ұйымдарының epiкті қайырмалдығы құрайды.

5-тарау. Әкiмдер сайлауы

      41. Дауыс беру және әкiмдер сайлауы қорытындыларын айқындау "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңда белгiленген сайлау рәсiмдерiне сәйкес жүзеге асырылады.
      42. Әкiмдер сайлауы таңдаушылар - мәслихат депутаттары отырысында өткiзіледi.
      43. Отырыстың, егер оған тиiсті әкiмшiлiк-аумақтық бiрліктің сайланған мәслихат депутаттары жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысса, заңды күшi бар деп саналады.
      44. Таңдаушылар отырысына төрағалық етушi тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы болып табылады.
      Таңдаушылар отырысын өткiзу фактісін куәландыратын құжат отырыс хаттамасы болып табылады.
      45. Аумақтық сайлау комиссиясы таңдаушылар отырысы өткiзілетiн үй-жайда әкiм сайлауы бойынша дауыс беруге арналған пункт ұйымдастырады.
      Егер дауыс беру нәтижесiнде бiрнеше кандидат басқа кандидаттармен салыстырғанда таңдаушылар дауыс санының бiрдей көпшiлiгiн алса, аумақтық сайлау комиссиясы ең көп дауыс алған екi кандидат бойынша қайта дауыс беру тағайындайды. Қайта дауыс беру сол күні өткiзiледi.
      Егер сайлауда бiр кандидат дауысқа түскен жағдайда, дауыс беруге қатысушы таңдаушылардың елу процентiнен астамы сол үшін дауыс берсе, ол сайланды деп саналады.
      46. Отырыс аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы әкiм сайлауы бойынша дауыс беру нәтижелерiн жариялағаннан кейiн жабылады.
      47. Аумақтық сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелерi бойынша сайлау нәтижелерi туралы хаттама жасайды. Сайлау нәтижелерi туралы жергілiкті бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.
      48. Егер сайлау жарамсыз деп танылса, облыстық, Астана немесе Алматы қалалық сайлау комиссиясы қайта сайлау өткiзу туралы шешiм қабылдайды.
      49. Қайта сайлау бастапқы сайлаулардан кейiн екi ай мерзiмнен кешiктірілмей өткiзiледi. Жүзеге асырылуы қайта сайлау кезiнде көзделген сайлау iс-шаралары "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға және осы Ережелерге сәйкес өткiзіледi.
      50. Қайта сайлау өткiзу туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.
      51. Осы Ережелерге сәйкес бастапқы сайлауда бұзушылыққа жол берген кандидаттар қайта сайлауға қатысуға құқылы емес.

6-тарау. Әкiмдердi тіркеу

      52. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы сайлау өткiзілген күннен бастап бес күн мерзiм iшiнде сайланған әкiмдi тiркейдi.
      Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының сайланған әкiмдi тiркеу туралы шешiмi жоғары тұрған әкiмге ұсынылады, ол бiр тәулiк iшiнде сайланған әкiмдi тағайындайды.
      53. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы сайланған әкiмдi тiркегеннен кейiн жергілiктi бұқаралық ақпарат құралдарында әкiмнiң тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, атқаратын лауазымын, жұмыс (кәсiп) iстейтiн және тұрғылықты жерiн, әкiмнiң қалауына қарай оның қоғамдық бiрлестікке қатыстылығы және қай ұлтқа жататындығы туралы мәлiметтердi көрсете отырып әкiмдi тiркеу туралы ақпарат жариялайды.
      54. Тиiсті аумақтық сайлау комиссиясы таңдаушылар тiзiмiн жасау ережесi, дауыс беру мен дауыстарды есептеу, дауыс нәтижелерiн айқындау тәртібi бұзылған, осы Ережелердiң басқа да бұзылулары жағдайында, егер осы iс-әрекеттер таңдаушылардың өз еркiн бiлдiру нәтижелерiн сенiмдi айқындауға мүмкiндiк бермейтiн болса, әкiмдер сайлауын жарамсыз деп тани алады.
      Бұл ретте кандидаттар аталған шешiмге оны қабылдаған күннен бастап он күн iшiнде сотқа шағымдана алады.

7-тарау. Әкiмдер өкілеттіктерiнің тоқтатылуы және
оларды қызметiнен босату

      55. Әкiм өкілеттіктерi:
      1) әкiм өзi аудан әкiмi болып табылатын тиiсті облыс, Астана немесе Алматы қаласы шегінен тысқары тұрақты тұрғылықты жерге көшкен;
      2) соттың оны iс-әрекетке қабілетсiз, хабар-ошарсыз кеткен немесе қайтыс болған деп тану туралы шешiмi заңды күшіне енген;
      3) оған қатысты соттың айыптау үкiмi күшiне енген;
      4) ол Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалтқан;
      5) ол қайтыс болған;
      6) ол қызметiнен түсу туралы жеке өтiнiшiн берген жағдайларда мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.
      56. Әкiм өкілеттіктерiнiң 55-тармақтың 1)-5)-тармақшаларында көрсетiлген негiздер бойынша тоқтатылуы онда көрсетілген жағдайлар расталған сәттен басталады және тиiсiнше жоғары тұрған әкiмнiң шешiмiмен рәсімделедi.
      Әкiмнiң өкілеттiктерi 55-тармақтың 6) тармақшасында көрсетілген негіздер бойынша, тиiсiнше жоғары тұрған әкiмнiң шешiмiмен орнынан түсу туралы өтiнiш берiлгеннен кейiн бiр айдан кешiктірілмей тоқтатылады. Орнынан түсуден бас тартқан жағдайда әкiм қызметтiк өкілеттiктерiн атқаруды жалғастыруға тиiс және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен қызметiнен босауға құқығы бар.
      57. Әкiм:
      1) өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын , заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентi мен Yкiметiнiң актілерiн бұзған;
      2) өзiнiң мiндеттерiн тиiсiнше атқармаған;
      3) ұзақ мерзiм бойы (қатарынан үш айдан немесе күнпарақтық жыл iшiнде алты айдан көп) еңбекке жарамсыз болған жағдайларда атқаратын лауазымынан мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн.
      58. 57-тармақта көрсетілген негiздер бойынша әкiм атқаратын қызметiнен жоғары тұрған әкiмнiң шешiмiмен аудан (қала) прокурорының алдын ала қорытындысы және кейiннен алынған тиiстi аудандық (қалалық) мәслихат депутаттары жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң келiсiмi бар болғанда босатылады.
      59. Осы Ережелердiң орындалуына бақылау жасауды, олардың бiрыңғай қолданылуын қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
      Осы Ережелермен реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының  Орталық сайлау комиссиясының актілерімен шешіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады