Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2003 жылғы 31 желтоқсандағы N 1271 Жарлығына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 15 қарашадағы N 1672 Жарлығы

"Президент пен Үкімет актілерінің 
жинағында" жариялануға тиіс   

      "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне қаржы нарығын реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар қызметiнiң мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2005 жылғы 8 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңын iске асыру мақсатында  ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

      1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ережесiн және құрылымын бекiту туралы" 2003 жылғы 31 желтоқсандағы N 1271 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 2004 ж., N 50, 640-құжат) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:

      аталған Жарлықпен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы ережеде:
      3-тармақтың екiншi абзацындағы "және валюта" деген сөздер алынып тасталсын;

      5-тармақтың үшiншi абзацында "480090" деген цифрлар "050040" деген цифрлармен ауыстырылсын;

      8-тармақта:
      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "3) ең төменгі резервтiк талаптардың нормативтерiн белгiлейдi және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;";

      7) тармақша мемлекеттiк тілдегі мәтiнде мынадай редакцияда жазылсын:
      "7) валюта нарығындағы интервенцияны, сондай-aқ iшкі валюта нарығында шетел валютасының сұранысы мен ұсынысы көздерiн бағалауды және талдауды жүзеге асырады;";

      9-тармақта:
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) банкноттар мен монеталар шығарудың, Қазақстан Республикасының аумағында олардың айналысын ұйымдастырудың және айналыстан алудың ерекше құқығына ие болады.
      Айналысқа банкноттар мен монеталар шығаруды жеке және заңды тұлғаларға оларды сату арқылы Қазақстанның Ұлттық Банкi жүзеге асырады.";

      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "2-1) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң инвестициялық және коллекциялық монеталарды сату және сатып алу тәртiбiн айқындайды, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға оларды сату бағасын белгілейдi;";

      11-тармақта:
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Қазынашылық комитетiнiң және Астана, Алматы қалалары бойынша Қазынашылық департаменттерiнiң бiрыңғай қазынашылық шотына, шетел валютасындағы шоттарына қызмет көрсетедi;";

      8) тармақшада "мемлекеттiк органның" деген сөздерден кейiн "(бұдан әрi - уәкiлеттi орган)" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 12-1-тармағымен толықтырылсын:
      "12-1. Төлем жүйелерiнiң жұмыс iстеуiн қадағалауды жүзеге асыру мақсатында Қазақстанның Ұлттық Банкi:
      1) төлем жүйелерiн ұйымдастыруға және жұмыс iстеу шарттары мен тәртiбiн айқындайтын нормативтiк құқықтық актілер қабылдауға;
      2) төлем жүйелерiнiң жұмыс iстеу мониторингiн жүзеге асыруға және оны жүргiзудiң тәртiбiн белгілеуге;
      3) төлем жүйелерiнiң ұйымдастырылуын және жұмыс iстеуiн тексеруге;
      4) төлем жүйелерiнiң қатысушылары мен операторларынан ақпарат алуға;
      5) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес төлем жүйелері қатысушыларының қызметiн тексеруді жүзеге асыруға құқылы.";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "13. Валюталық реттеу және бақылауды жүзеге асыру мақсатында Қазақстанның Ұлттық Банкi:
      1) Қазақстан Республикасында шетел валютасы және шетел валютасындағы бағалы қағаздар айналысының саласын және тәртiбiн айқындайды, резиденттер мен резидент еместердiң Қазақстан Республикасының аумағында валюталық құндылықтармен операцияларды жүргiзу және шетел банктерiнде Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң шоттар ашу тәртiбiнiң ережесiн белгiлейдi;
        2) валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды, сондай-ақ басқа мемлекеттiк органдар әзiрлеген валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi келiседi;
        3) валюталық құндылықтарды Қазақстан Республикасына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету және жiберу тәртiбiн белгілейдi;
      4) экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асырудың тәртiбiн белгiлейдi;
        5) валюталық операцияларды және валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметті лицензиялау, валюта операцияларын тiркеу, валюта операциялары туралы хабарлау тәртiбiн белгiлейдi және лицензиялар, тiркеу куәлiктерiн, валюта операцияларын хабарлау жөнiндегi куәлiктер бередi;
      6) Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асыратын резидент еместердiң валюталық операцияларының мониторингiн (валюталық мониторинг) жүзеге асыру тәртiбiн белгілейдi;
      7) айырбастау пункттерiн тiркеу тәртiбiн белгiлейдi, сондай-ақ айырбастау пункттерiнiң тiркеу куәлiктерiн бередi және Қазақстан Республикасының валюта заңнамасына сәйкес олардың қолданылуын тоқтатады;
      8) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы айқындаған тiзбеге сәйкес шетел валюталарына қатысты Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының ресми бағамын белгілейдi;
      9) мемлекеттiк органдардың құзыретiне сәйкес олардың келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасындағы резиденттер және резидент еместердiң орындауы мiндеттi валюта операциялары бойынша есепке алу мен есептiлiктiң тәртiбiн және нысандарын белгілейдi;
      10) валюта заңнамасын сақтау мәселелерi бойынша тексерулерді жүзеге асырады, сондай-ақ валюта заңнамасы бұзылған жағдайда өз құзыретi шегінде және Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртiпте санкциялар қолданады;
      11) тауарлар (жұмыстар және қызмет көрсетулер) экспортынан түскен шетел валютасындағы түсiмдердi мiндетті түрде сату режимiн енгiзедi және жояды;
        12) алтынвалюта активтерiмен операцияларды қалыптастырады және жасайды;
      13) халықаралық есеп айырысуларды ұйымдастырады, шет елдермен валюталық-қаржылық және кредиттік-есеп айырысу қатынастарын жетiлдiредi;
      14) жасалған мемлекеттiк шарттарға сәйкес шетелдiк және халықаралық ұйымдардан шетел валютасын тартады;
      15) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген валюталық реттеу және валюталық бақылау саласында өзге де функцияларды орындайды.";

      15-тармақтың 10) тармақшасында "(мүдде)" деген сөз алынып тасталсын;

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "16. Қаржы ұйымдарының қызметiн лицензиялау, бақылау және қадағалауды жүзеге асыру, сондай-ақ олардың қызметiн реттеудi Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес келтiру мақсатында Қазақстанның Ұлттық Банкi:
      1) қызметiнiң ерекше түрi шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғаларға шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға лицензиялар бередi; (N 5 қосымша)
        2) банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға: банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялауға; банкаралық клирингке; сейф операцияларына; төлем карточкаларын шығаруға лицензия бередi;
      3) инкассация бойынша операцияларды Қазақстан Ұлттық Банкiнiң лицензиясы негiзiнде жүзеге асыратын заңды тұлғалардың, сондай-ақ қызметiнiң ерекше түрi шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерiн және қалыптасу тәртiбiн белгiлейдi;
      4) қызметiнiң ерекше түрi шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғаларға әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуге рұқсат бередi;
      5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленген жағдайда, уәкiлеттi органға уәкiлеттi органның банк операцияларының жекелеген түрлерi бойынша лицензия беру мүмкiндiгi туралы қорытынды бередi, сондай-ақ осындай қорытындыны беру тәртiбiн айқындайды;
      6) Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен көзделген жағдайда мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан және азаматтардан өзінiң бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру үшiн қажеттi мәлiметтер алады;
      7) басқа мемлекеттердiң уәкiлеттi органдарымен, орталық банктерiмен және қадағалау органдарымен ынтымақтастықта болады және өздерi бақылау функцияларын жүзеге асыруға қажеттi ақпаратпен алмасуға құқылы;
      8) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде айқындалған өкiлеттiгі шегiнде банк қызметi, ақша төлемдерi және аударымы, валюталық операцияларды жүзеге асыру және өзге де мәселелер бойынша барлық банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар және олардың клиенттерi орындауға мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлер шығарады, сондай-ақ олардың сақталуын қадағалауды жүзеге асырады;
      9) барлық қаржы ұйымдары орындауға мiндеттi бухгалтерлiк есеп және операцияларды автоматтандыру жүйесi мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және бекiтедi, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкiнiң лицензиясы негiзiнде банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк және бухгалтерлiк есеп стандарттары туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
      10) операцияларды автоматтандыру жүйелерiне қойылатын талаптарды барлық қаржы ұйымдарының сақтауын бақылауды, оның ішiнде уәкiлеттi органдардың қызметкерлерiн тарта отырып жүргiзілген тексерулер арқылы жүзеге асырады;
      11) мынадай банк операцияларын жүргізу тәртiбiн айқындайды: банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттiк шоттарын ашу және жүргізу; жеке және заңды тұлғаларға тиесiлi тазартылған қымбат металдардың нақты саны көрсетiлетiн осы тұлғалардың металл шоттарын ашу және жүргізу; кассалық операциялар; аударым операциялары; есепке алу операциялары; жеке және заңды тұлғалардың, оның iшiнде корреспондент банктердiң банктік шоттары жөнiндегі тапсырмалары бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру; банкаралық клиринг; сейф операциялары; төлем карточкаларын шығару; банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды  инкассациялау; шетел валютасында айырбастау операцияларын ұйымдастыру; чек кiтапшаларын шығару; аккредитивті ашу (қою) және растау және ол бойынша мiндеттердi орындау;
      12) банктерде операциялар жасауға сенімхат беру тәртiбiн белгiлейдi;
      13) тиiстi уәкiлеттi органдардың келiсiмi бойынша банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың үй-жайларын күзету және құрылысын ұйымдастыру жөнiндегі орындалуы мiндетті талаптарды белгілейдi;
      14) бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүйесiн реттеу жөнiндегі уәкілетті органмен келiсе отырып қаржылық есептiлiктiң халықаралық стандарттарымен реттелмеген және оларға қайшы келмейтiн мәселелер бойынша бухгалтерлiк есептiң стандарттарын, сондай-ақ оларға әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді және бекітеді;
      15) уәкiлеттi органның келісімi бойынша Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда, қаржы ұйымдарының және олардың аффилиирленген тұлғаларының қаржылық есептiлiктерiнiң халықаралық стандарттарға сәйкес келетiн тiзбесiн және нысанын, сондай-ақ ұсыну мерзімдері мен тәртібiн белгілейдi;
      16) егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, ақша төлемдерiн және аударымдарын реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметінiң келісiмi бойынша банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар және барлық шаруашылық субъектiлерi жүзеге асыратын банк шоттары бойынша төлем жасау кезектілігін белгiлеуге құқылы;
      17) банктердің операциялары мен мәмілелерінің жекелеген түрлерi бойынша сандық шектеулерді белгiлейдi;
      18) банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға олар банк қызметi, есепке алу, ақша төлемдерi мен аударымдары, валюталық операцияларды жүзеге асыру мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актілердi бұзған жағдайда өз құзыретi шегiнде ықпал ету шараларын және банктік және валюталық заңнамада белгiленген тәртiппен санкциялар қолданады. Банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға өз құзыретi шегiнде санкциялар қолданған кезде Ұлттық Банк бұл жөнiнде уәкілеттi органға хабарлайды;
      19) лицензиаттарға Қазақстан Республикасының банктiк және валюталық заңнамасын бұзғаны үшін өз құзыретi шегiнде ықпал ету шараларын және санкциялар қолданады;
      20) бағалы қағаздар нарығында тиiстi лицензиялар алмай-ақ Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде айқындалған банк қызметiн және кәсiби қызметтi жүзеге асырады.";

      мынадай мазмұндағы 16-1-тармағымен толықтырылсын:
      "16-1. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң реттеу функциялары Қазақстан Республикасы қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал жасауға бағытталады.";

      17-тармақта 3), 6), 7), 9), 19) және 22-тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      "3) елдiң есептiк төлем балансын, халықаралық инвестициялық позицияны және жалпы сыртқы борышын бағалауды қалыптастырады, төлем балансының қысқа мерзімді, орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi болжамдық бағалауын әзiрлеуге қатысады, валюталық операцияларды тiркеудi, сондай-ақ мемлекеттiк кепiлдiгi жоқ мемлекеттік емес сыртқы заемдар және Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерiнiң операциялары бойынша шарттардың мониторингiн жүзеге асырады;";

      "6) мемлекеттiк органдар мен қаржылық ұйымдар үшiн кадрлар даярлауға және қайта даярлауға қатысады;
      7) мемлекеттiк органдардан, қаржылық және өзге де ұйымдардан, сондай-ақ олардың қауымдастықтарынан (одақтарынан) өз функцияларын орындау үшiн статистикалық есеп және қажет болған жағдайда өзге де қосымша ақпарат сұратуға және алуға құқылы;";

      "9) Қазақстан Ұлттық Банкi және Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе басқа да заңды тұлғалар арасында жасалатын сенiмгерлiк басқару туралы шарттардың негiзiнде активтердi сенiмгерлiк басқаруды жүзеге асырады. Қазақстан Ұлттық Банкi және Қазақстан Республикасының Үкiметi арасында жасалатын сенiмгерлiк басқару туралы шарттар ресми баспасөз басылымдарында жарияланады;";

      "19) Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын немесе аумағына әкелiнетiн вексель қағазының қорғалу дәрежесіне қойылатын талаптарды, сондай-ақ вексель қағаздарына техникалық талаптарды бекiтедi;";

      "22) Ұлттық Банк қызметкерлерiн даярлауды және бiлiктiлiгiн арттыруды жүзеге асырады;";

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "19. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қаржы жылындағы бөлiнбеген таза кiрiсi осы қаржы жылына жатқызылатын нақты алынған кiрiстерi мен шығыстары (алтынвалюта активтерiн қайта бағалау шоттарына жатқызылған, пайда болған iске асырылмаған кiрiс сомасын қоспағанда) арасындағы айырма ретінде айқындалады.
      Банктiк активтер бойынша жасалған жалпы провизиялар (резервтер) сомасына және алтынвалюта активтерiн қайта бағалаудан iске асырылған кiрiс сомасына азайтылған Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қаржы жылындағы бөлiнбеген таза кiрiсi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы белгiлеген мөлшерде жарғылық және (немесе) резервтiк капиталдарды ұлғайтуға жiберiледi.
      Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жылдық есебiн бекiткеннен кейiн бөлiнбеген таза кiрiстiң қалған бөлiгi бiр қаржы жылына мәулетпен мемлекеттiк бюджетке аударылады.
      Егер резервтiк капиталдың мөлшерi жарғылық капитал сомасынан аз болған жағдайда барлық бөлiнбеген таза кiрiс Қазақстан Ұлттық Банкiнiң басқаруында қалады және жарғылық капитал мөлшерiне жеткенге дейiн резервтiк капиталды толықтыруға жiберiледi. Қаржы жылындағы шығындарды өтеу үшiн резервтiк капитал қаражаты жеткiлiксiз болған кезде орны жабылмаған шығын Қазақстан Ұлттық Банкiне бiр қаржы жылына мәулетпен мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен толық көлемде өтеледi.";

      20-тармақта:
      бiрiншi абзацта "алынған" деген сөз "бөлiнбеген" деген сөзбен ауыстырылсын;

      үшiншi абзацта:
      "жарғылық капитал мөлшерiнде құралады" деген сөздер "жарғылық капиталдан кем емес мөлшерде қалыптасады" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "таза кiрiс" деген сөздердiң алдынан "бөлiнбеген" деген сөздермен толықтырылсын;

      2) тармақшада "Қазақстан Республикасында" деген сөздер "Қазақстан Ұлттық Банкiнде" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
      "Қазақстан Ұлттық Банкiнiң активтерiн немесе мiндеттемелерiн бағалаудағы өзгерiстердiң салдары болып табылатын алтынвалюта активтерi бойынша бағамдық айырма олар пайда болған есептiк кезеңдегi iске асырылмаған кiрiстердiң немесе шығыстардың есебiне жатқызылады. Қаржы жылы iшiнде Қазақстан Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актілерiне сәйкес есептелген iске асырылған кiрiс немесе шығыс сомасы есептiк кезеңдегi кiрiстер мен шығыстардың тиiстi шоттарына жiберiледi. Қаржы жылын аяқтау нәтижелерi бойынша iске асырылмаған кiрiстер мен шығыстар қайта бағалаудың тиiстi шоттарына жатқызылады. Алтынвалюта активтерiнiң түрлерi бойынша қайта бағалау шоттарында қалдық болмаған жағдайда пайда болған терiс бағамдық айырма есептi кезеңнiң шығыстарына жатқызылады. Алтынвалюта активтерiн қайта бағалаудан түскен iске асырылған кiрістер толық көлемде резервтiк қорды ұлғайтуға жiберiледi.
      Қазақстан Ұлттық Банкi алтынвалюта активтерiн ұлттық валютаның тұрақтылығын және айырбасталымдылығын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының мiндеттемелерi бойынша төлемдердi жүзеге асыру үшiн қажетті деңгейде ұстап тұруға тиiс.";

      23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "23. Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының құзыретiне:
      1) мемлекеттiк ақша-кредит саясатын әзiрлеу;
      2) банк қызметiнiң, бухгалтерлiк есептiң, ақша төлемдерi мен аударымдарының, вексель айналымының, валюта операцияларын және олардың сақталуын қадағалауды жүзеге асырудың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде және Қазақстан Республикасы Президентiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген жағдайларда қызметтiң өзге де түрлерiне қатысты Қазақстан Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiн бекiту;
      3) Қазақстан Республикасы Президентi бекiткен тұжырымдама негiзiнде банкноттар мен монеталардың номиналдық құнын, сондай-ақ дизайнын айқындау, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы банкноттары мен монеталарын шығару, банкноттар мен монеталардың дизайны немесе нысаны өзгерген кезде оларды ауыстыру, сондай-ақ ескi және бүлiнген банкноттар мен монеталарды айырбастау тәртiбiн белгiлеу туралы шешiмдер қабылдау;
      4) коллекциялық және инвестициялық монеталарды шығару тақырыбын, дайындау таралымын, қоспасын, шығарылатын мерзiмi мен күнiн айқындау;
      5) басқа елдердiң тапсырыстары бойынша коллекциялық монеталар соғу туралы шешiм қабылдау;
      6) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң банкноттар мен монеталарды сату және сатып алу тәртiбiн айқындау;
      7) ресми қайта қаржыландыру ставкасын белгiлеу;
      8) қызметiнiң ерекше түрi шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүргiзу болып табылатын уәкiлеттi ұйымдарға берiлетiн шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға берiлген лицензияны қоспағанда, "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүргiзуге лицензия беру, қолданылуын тоқтату және қайтарып алу туралы шешiмдер қабылдау;
      9) банктерде операциялар жүргiзуге сенiмхат берудiң тәртiбiн белгiлеу;
      10) алтынвалюта активтерiн басқарудың негiзгi принциптерiн айқындау;
      11) монетарлыққа жатқызылатын қызметтi айқындау;
      12) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жұмысы туралы жылдық есептi қарау, қабылдау және Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуіне ұсыну;
      13) тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) экспортынан шетел валютасындағы түсімдi мiндеттi сату режимiн енгiзу және күшін жою туралы шешiмдер қабылдау;
      14) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жылдық шоғырландырылған қаржылық есептiлігін қарау және бекiту;
      15) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жарғылық және резервтiк капиталын қалыптастыру, Қазақстан Ұлттық Банкінің негiзгi құрал-жабдықтарын және өзге де мүлкiн, бюджеттi (шығыстар сметасын) пайдалану, ақылы қызмет көрсету тәртiбi туралы оның нормативтiк құқықтық актiлерiн бекіту;
      16) Қазақстан Ұлттық Банкi департаменттерiнiң директорларын, филиалдарының, өкiлдiктерiнiң және ұйымдарының біріншi басшыларын лауазымға тағайындауға (лауазымнан босатуға) келiсiм беру;
      17) Қазақстан Ұлттық Банкi, оның филиалдары, өкiлдiктерi және ұйымдары қызметкерлерiнiң еңбек жағдайын, оған ақы төлеудi, әлеуметтiк-тұрмыстық қамтамасыз етудi, бiліктiлiгiн арттыруды және қайта даярлауды айқындау және бекiту;
      18) уәкiлеттi орган басшысының ұсынуы бойынша оны қаржыландырудың жалпы сомасын бекіту;
      19) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес халықаралық және өзге де ұйымдарға Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қатысуы туралы шешiмдер қабылдау;
      20) Қазақстан Ұлттық Банкi Директорлар кеңесiнiң (Директораттың) құрамын бекiту;
      21) қызметiн реттеу мен қадағалау уәкiлеттi органға және Қазақстанның Ұлттық Банкiне жүктелген ұйымдар үшiн бухгалтерлiк есеп шоттарының үлгі жоспарларын, бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк бойынша нормативтік құқықтық актiлердi, сондай-ақ халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарымен реттелмеген және оларға қайшы келмейтiн мәселелер бойынша бухгалтерлік есеп стандарттарын және оларға әдістемелік ұсынымдарды бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк жүйесiн реттеу жөнiндегi уәкiлеттi органның келісiмi бойынша бекiту;
      22) банк болып табылмайтын заңды тұлғаларға Қазақстан Ұлттық Банкінде банктiк шоттар ашудың шарттарын айқындау;
      23) Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын немесе аумағына әкелiнетін вексель қағазының қорғалу дәрежесiне қойылатын талаптарды, сондай-ақ вексель қағазына қойылатын техникалық талаптарды бекiту;
      24) Қазақстанның Ұлттық Банкi берген кредиттер бойынша банктердің және басқа ұйымдардың Қазақстанның Ұлттық Банкi алдындағы берешегiн қайта құрылымдау шарттарын айқындау;
      25) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң құрылымын, жалпы штат санын, Қазақстан Ұлттық Банкiнiң еңбекақы төлеу жүйесiн және Қазақстанның Ұлттық Банкi туралы ереженi, сондай-ақ оларға өзгерiстер мен толықтыруларды қарау, мақұлдау және Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуiне ұсыну;
      26) жарғылық және (немесе) резервтiк капиталдарды қалыптастыруға жiберiлетiн бөлiнбеген таза кiрiс мөлшерiн белгiлеу;
      27) өкiлеттігіне Қазақстанның Ұлттық Банкi мен Қазақстан Республикасының Үкiметi арасында жасалатын мүлiктi сенiмгерлiк басқару туралы шарттардың негiзiнде берiлген активтердi сенiмгерлiк басқару бойынша шұғыл шешiмдер қабылдау кiретiн лауазымды тұлғаны (Қазақстанның Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасарынан төмен емес деңгейдегi) айқындау;
      28) банктер үшiн ең төменгi резервтiк талаптардың нормативiн бекiту;
      29) Ұлттық Банктiң лицензиясы негiзiнде инкассация бойынша операцияны жүзеге асыратын заңды тұлғалардың, сондай-ақ қызметiнiң ерекше түрi шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталының ең аз мөлшерiн және қалыптастыру тәртiбiн белгілеу;
      30) халықаралық қаржылық есептiлiктiң стандарттарын ескере отырып Қазақстан Ұлттық Банкi үшiн бухгалтерлiк есеп саясаты мен әдiстерiн айқындау;
      31) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық операцияларды жүзеге асыру ережелерiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенiмгерлiк басқару нәтижелерi туралы Қазақстан Республикасының Үкiметiне ұсынылатын есептi бекiту;
      32) Қазақстан Республикасы Парламентiне Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын сенiмгерлiк басқару нәтижелерi туралы жыл сайын ақпарат беру;
      33) өкiлеттiгiне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенiмгерлiк басқару бойынша шұғыл шешiмдер қабылдау кiретiн лауазымды тұлғаны (өкiлеттi өкiл) (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасарынан төмен емес деңгейдегi) айқындау;
      34) Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының ресми бағамы белгіленетiн шетел валюталарының тiзбесiн айқындау кiредi;
      35) бағалы қағаздар эмитенттерiнiң кредиттiк рейтингiсiнiң ең төменгi деңгейiн айқындайды.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы Қазақстан Ұлттық Банкiнiң құзыретiне кiретiн кез келген мәселенi қарауға әрi шешiм қабылдауға құқылы.";

      36-тармақтың бiрiншi сөйлемi мынадай редакцияда жазылсын:
      "Филиалдың қызметiне басшылықты Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының келiсiмi бойынша Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы лауазымға тағайындайтын (лауазымнан босататын) оның директоры жүзеге асырады.";

      45-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "45. Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының шешiмi негізiнде Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қызметін тексеруді, оның ішiнде қаржылық есептілікке аудиттi құрылтайшылар құрамына Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттердiң орталық банкiнiң аудитiн жүргізу тәжiрибесi бар аудиторлық ұйым кiретiн аудиторлық ұйым жыл сайын жүзеге асырады. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң және оның ұйымдарының қызметін тексерудi тек қана Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсiмi немесе тапсырмасы бойынша кез келген мемлекеттік орган жүзеге асырады.".

      2. Осы Жарлық 2005 жылғы 18 желтоқсаннан бастап қолданысқа енетiн 1-тармақтың отыз үшiнші абзацын қоспағанда, қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгізiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады