"Байқоңыр" кешенiндегi Қазақстан Республикасы Президентiнiң арнаулы өкiлi туралы ереженi бекiту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 шілдедегі N 155 Жарлығы.


      "Президент пен Үкімет актілерінің

      жинағында" жариялануға тиіс

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық өкiлеттiктерiн iске асыруды, "Байқоңыр" кешенiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк билiк органдары қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыруды және заңдық құзыретiн сақтауды қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

      1. Қоса берiлiп отырған "Байқоңыр" кешенiндегi Қазақстан Республикасы Президентiнiң арнаулы өкiлi туралы ереже бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн.

      3. "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы Қазақстан Республикасы Президентiнiң арнайы Өкiлi туралы ереже туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 18 сәуiрдегi N 2955 Жарлығының күшi жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 15, 118-құжат).

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының


Президентi



      Қазақстан Республикасы

      Президентiнiң

      2006 жылғы 25 шiлдедегі N 155

      Жарлығымен

      БЕКIТIЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентiнiң
"Байқоңыр" кешенiндегi арнаулы өкiлi туралы ереже

      Бұл Ереже Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне, "Байқоңыр" кешенi жөнiнде қазақстандық-ресейлiк уағдаластықтарына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Байқоңыр" кешенiндегi арнаулы өкiлiнiң мәртебесiн, өкiлеттiктерiн және қызметiн айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Байқоңыр" кешенiндегi арнаулы өкiлi (бұдан әрi - арнаулы өкiл) оны жалға беру жағдайында Қазақстан Республикасының заңдық құзыретiн және Байқоңыр қаласының аумағында тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарын сақтауға байланысты қазақстандық-ресейлiк уағдаластықтарында айқындалған мәселелер бойынша "Байқоңыр" кешенiнде мемлекеттiк саясаттың жүргiзiлуiн және Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдарының барлық аумақтық бөлiмшелерiнiң келiсiп жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн Қазақстан Республикасының уәкiлдi лауазымды адамы болып табылады.

      2. Арнаулы өкiл мемлекеттiк саяси қызметшi болып табылады. Арнаулы өкiлдi Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгi Басшысының ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      Арнаулы өкiл Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей есеп бередi.

      3. Арнаулы өкiл өз қызметiнде Конституцияны, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын және осы Ереженi басшылыққа алады.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2008.03.21 N 556 Жарлығымен.

      4. Арнаулы өкiлдiң Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген мөрi және мемлекеттiк тiлде өз атауы жазылған мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi болады.

2. Арнаулы өкiлдiң негiзгi мiндеттерi

      5. Арнаулы өкiлдiң негiзгi мiндеттерi:

      1) Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi қағидаларын "Байқоңыр" кешенiнде орналасқан қазақстандық мемлекеттiк билiк органдарының iске асыруы жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру;

      2) "Байқоңыр" кешенiнде жұмыс iстейтiн қазақстандық мемлекеттiк органдардың қызметiне Қазақстан Республикасының заңдық құзiретiн және Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуде, оның iшiнде Мемлекет басшысының тапсырмалары мен актiлерiнiң орындалуына бақылауды қамтамасыз ету;

      3) Қазақстан Республикасының Президентiне "Байқоңыр" кешенiнде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, сондай-ақ өңiрдегi саяси, әлеуметтiк және экономикалық жағдай туралы үнемi баяндамалар ұсынып отыру болып табылады.

      6. Арнаулы өкіл өз қызметін жүзеге асыру кезінде "Байқоңыр" кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясымен, "Байқоныр" кешенінің үйлестіру кеңесімен, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының мемлекеттік органдарымен, мемлекеттік мекемелерімен, ұйымдарымен және лауазымды адамдарымен, сондай-ақ Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысымен, өз қызметін "Байқоңыр" кешенінде жүзеге асыратын басқа да мемлекеттердің органдарымен және ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасайды.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 12.09.2013 № 643 Жарлығымен.

      7. Арнаулы өкiл "Байқоңыр" кешенiнiң Үйлестiру кеңесiнiң мүшесi болып табылады.

      8. Арнаулы өкiл "Байқоңыр" кешенiнде:

      1) "Байқоңыр" ғарыш айлағын пайдаланудың негiзгi қағидалары мен шарттары туралы 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы келiсiмдi , 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Байқоңыр" кешенiн жалға беру шартын және "Байқоңыр" кешенi туралы басқа да халықаралық шарттарды iске асыруға;

      2) "Байқоңыр" кешенiнде тұратын әрi жұмыс iстейтiн Қазақстан Республикасы азаматтарының мүдделерiнде "Байқоңыр" кешенi инфрақұрылымының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасында өзара түсiнiстiктi нығайтуға, ынтымақтастықты дамытуға;

      3) "Байқоңыр" кешенi жөнiндегi Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы халықаралық шарттық-құқықтық базаның мониторингiн жүргiзуге бағытталған стратегиялық шараларды жүзеге асыру жөнiндегi үйлестiрушi болып табылады.

3. Арнаулы өкiлдiң функциялары

      9. Арнаулы өкiл өзiне жүктелген мiндеттердi атқару мақсатында мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) азаматтар мен ұйымдардың Конституцияның, Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасы Президентi актiлерiнiң, халықаралық шарттардың және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң нормаларын орындауына жәрдемдеседi. Арнаулы өкiл қажеттi жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тиiстi лауазымды адамдардың ауызша түсiнiктемелерiн тыңдайды әрi жазбаша түсiнiктемелерiн талап етiп алдырады, Қазақстан Республикасы заңдары мен Қазақстан Республикасы Президентi актiлерi бұзылған ретте қалпына келтiруге, сақталмауына жол бермеуге шаралар қолданады;

      2) "Байқоңыр" кешенiнде жұмыс iстейтiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен мекемелерiнiң қызметiне жалпы үйлестiрудi қамтамасыз етедi;

      3) "Байқоңыр" кешеніндегі қазақстандық мемлекеттік органдардың, мекемелердің және мемлекеттік қатысу үлесі бар ұйымдардың "Байқоңыр" кешенінде Қазақстан Республикасы заңдық құзыретінің және Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі қызметінің тиімділігіне талдау жасайды, Қазақстан Республикасының Президентіне және Президент Әкімшілігіне тиісті ұсыныстар енгізеді;

      4) қоғамдық пiкiрдi зерделейдi, өңiрдегi саяси және әлеуметтiк-экономикалық ахуалдың дамуына болжам жасайды;

      5) алып тасталды - ҚР Президентінің 12.09.2013 № 643 Жарлығымен;

      6) "Байқоңыр" кешенiнде тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн олардың өтiнiштерiн қарауды ұйымдастырады;

      7) мемлекеттiк органдардың Байқоңыр қаласы Әкiмшiлiгiмен, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мен қоғамдық және дiни бiрлестiктермен өзара iс-қимыл жасауын ұйымдастырады;

      8) алып тасталды - ҚР Президентінің 12.09.2013 № 643 Жарлығымен;
      9) алып тасталды - ҚР Президентінің 12.09.2013 № 643 Жарлығымен;

      10) Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне және Қазақстан Республикасының Yкiметiне "Байқоңыр" кешенiнiң мәселелерi бойынша ұсыныстар бередi;

      11) мемлекеттік бағдарламалар мен Байқоңыр қаласын, Төретам және Ақай кенттерін әлеуметтік-экономикалық дамыту жобаларының іске асырылуын жалпы үйлестіру мен бақылауды жүзеге асырады;

      12) орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың "Байқоңыр" кешенінде Қазақстан Республикасы заңдық құзыретінің және Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарының сақталу мәселелерін қозғайтын шешімдерінің жобаларын келіседі.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 12.09.2013 № 643 Жарлығымен.

4-тарау. Арнаулы өкiлдiң құқықтары

      10. Арнаулы өкiлдiң:

      1) мемлекеттiк органдардан және лауазымды адамдардан қажеттi ақпараттарды, құжаттарды және өзге де материалдарды сұратуға және алуға;

      2) алынып тасталды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2008.03.21 N 556 Жарлығымен.
      3) алынып тасталды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2008.03.21 N 556 Жарлығымен.

      4) мемлекеттiк, оның iшiнде үкiметтiк байланыс пен коммуникация жүйесiн пайдалануға;

      5) арнаулы өкiлдiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша мемлекеттiк органдармен, лауазымды адамдармен және ұйымдармен қызметтiк жазбахат алысуға;

      6) арнаулы өкiлдiң құзыретiне жататын мәселелердi шешуге атқарушы органдардың, өзге де мемлекеттiк органдардың қызметкерлерiн, сондай-ақ ұйымдардың, ғылыми-зерттеу мекемелерiнiң өкiлдерiн, ғалымдар мен мамандарды қатыстыруға, оның iшiнде шарттық негiзде де тартуға;

      7) Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң мәжiлiстерiне, орталық атқарушы органдардың, Мемлекет басшысына тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың алқа мәжiлiсiне, Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы консультациялық-кеңесшi органдардың жұмысына қатысуға;

      8) қажеттi жағдайларда "Байқоңыр" кешенiнiң тыныс-тiршiлiгiне қатысты нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу мен қабылдау, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттiк органдарының қолданыстағы актiлерiне толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу жөнiнде ұсыныстар келтіруге;

      9) Қазақстан Республикасының мүдделi министрлiктерiнiң, агенттiктерiнiң және жергiлiктi атқарушы органдары мен ұйымдары өкiлдерiнiң қатысуымен кеңестер өткiзуге, сондай-ақ "Байқоңыр" кешенiндегi олардың қызметiмен байланысты iс-шараларға қатысуға;

      10) Қазақстан Республикасының заңдық құзыретiн және "Байқоңыр" кешенiнде тұратын немесе жұмыс iстейтiн Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету бөлiгiнде Байқоңыр қаласы әкiмшiлiгi басшысынан, сондай-ақ Ресей Федерациясының "Байқоңыр" кешенiнде жұмыс iстейтiн басқа да мемлекеттiк органдарынан, кәсiпорындарынан, ұйымдарынан және лауазымды адамдарынан ақпарат сұратуға және алуға;

      11) "Байқоңыр" кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының қарауына ұсыныстар енгізуге;

      12) "Байқоңыр" кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының және "Байқоңыр" кешенінің үйлестіру кеңесі отырыстарының құжаттарын, сондай-ақ Байқоңыр қаласының әкімшілігі басшысының қажетті нормативтік құқықтық актілерін және Ресей Федерациясының "Байқоңыр" кешеніне қатысты басқа да нормативтік құқықтық актілерін алуға;

      13) режим мен қауiпсiздiктiң тиiстi талаптарын сақтай отырып, "Байқоңыр" кешенiнiң объектiлерi мен алаңдарында болуға;

      14) "Байқоңыр" кешенiндегi жағдай туралы Қазақстан Республикасының Президентiне уақытылы және толық ақпарат беру мақсатында арнаулы өкiл "Байқоңыр" кешенiнде жұмыс жасайтын Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттiк органдары мен лауазымды адамдарына тиiстi тапсырмалар беруге;

      15) алынып тасталды - ҚР Президентінің 2008.03.21 N 556 Жарлығымен.

      16) Қазақстан Республикасының заңдық құзыретін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдамағаны үшін Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарын жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізуге;

      17) Қазақстан Республикасының Президентіне жекелеген адамдарды мемлекеттік наградалармен марапаттау, тиісті адамдарға құрметті және өзге де атақтар беру жөнінде ұсыныс енгізуге;

      18) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын тапсыруға құқығы бар.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 2008.03.21 N 556; 12.09.2013 № 643 Жарлықтарымен.

5. Арнаулы өкiлдiң қызметiн ұйымдастыру мен қамтамасыз ету

      11. Алынып тасталды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2008.03.21 N 556 Жарлығымен.

      12. Арнаулы өкіл:

      1) алға қойған мiндеттердiң орындалуына жауапты болады, еңбектi ұйымдастыру мен тиiстi еңбек тәртiбiн қамтамасыз етедi;

      2) өз аппаратының қызметiне басшылық жасайды;

      3) аппарат қызметкерлерiнiң қызметтiк нұсқаулықтарын бекiтедi;

      4) өз құзыретiнiң шегiнде қызметтiк құжаттамаларға қол қояды.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2008.03.21 N 556 Жарлығымен.

      13. Арнаулы өкiл аппаратының қызметкерлерi мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметкерлерi болып табылады.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2008.03.21 N 556 Жарлығымен.
      14. Алынып тасталды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2008.03.21 N 556 Жарлығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады