Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 21 наурыздағы N 299 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 11 қазандағы № 161 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2011.10.11 № 161 Жарлығымен.

Қазақстан Республикасының Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында 
жариялануға тиіс          

      "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 қаңтардағы Заңының 5-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын iске асыру жөнiнде шаралар қабылдасын.

      3. "Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2000 жылғы 10 ақпандағы N 334 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 2000 ж., N 7, 76-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң     
2007 жылғы 21 наурыздағы
N 299 Жарлығымен    
БЕКІТІЛГЕН      

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘСКЕРИ ДОКТРИНАСЫ

Астана, 2007 жыл

МАЗМҰНЫ

1. Кiрiспе
2. Қазақстан Республикасы қауіпсіздігінің әскери-саяси негіздері
   2.1. Әскери-саяси жағдайды дамыту болжамы
   2.2. Қазақстанның әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы саясаты
   2.3. Мемлекеттің әскери ұйымы
3. Қазақстан Республикасы қауiпсiздiгiнiң әскери-стратегиялық негіздерi
   3.1. Әскери жанжалдардың сипаты
   3.2. Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қолдану негiздерi
   3.3. Әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге басшылық жасау
4. Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгін қамтамасыз етудiң әскери-экономикалық және әскери-техникалық негiздерi
   4.1. Әскери-экономикалық және әскери-техникалық қамтамасыз етудiң мақсаттары, принциптерi, мiндеттерi мен бағыттары
   4.2. Экономиканы жұмылдыра даярлау
   4.3. Қазақстан Республикасының резервтер жүйесі
5. Қазақстан Республикасының халықаралық әскери ынтымақтастығы
   5.1. Халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық
   5.2. Қазақстан Республикасының коалициялық әскери құрылысқа қатысуы
   5.3. Бiтiмгершiлiк қызмет
6. Қорытынды

1. Кiрiспе

      Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы (бұдан әрі - Әскери доктрина) мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге,  соғыстар мен қарулы жанжалдарды (бұдан әрi - әскери жанжалдар) болдырмауға, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту мен қолдануға негiз қалаушы көзқарастар жүйесiн бiлдiредi.
      Әскери доктрина жоғары әлемдiк стандарттарға сәйкес келетiн, күштер мен құралдарды жылдам өрiстетудi жүзеге асыруға қабiлеттi, Қазақстанның мемлекеттiгiн, егемендiгi мен аумақтық тұтастығын нығайтуға кепiл беретiн кәсiби армия құруды көздейдi.
      Әскери доктринаның ережелерi әлемдегi әскери-саяси жағдайды кешендi бағалауға және оны дамытуды стратегиялық болжауға негізделедi.
      Әскери доктринаны қабылдау үшiн негiздеме қазақстандық қоғамды әлеуметтiк-экономикалық және саяси жаңарту, сондай-ақ олардың экономикалық және әскери әлеуетiне қарамастан, көптеген елдер үшiн шиеленiскен әлеуметтiк-саяси жанжалдармен және қайшылықтармен, халықаралық тұрақсыздықпен, әлеуеттi қатерлердiң болуымен сипатталатын әскери-саяси жағдайдағы өзгерiстер болып табылады.
      Қазақстан Республикасы әскери күштiң мәнi барынша төмендетілген және оның функциялары әскери жанжалдарды тежеу мiндетiне жақындастырылған осындай халықаралық қатынастар жүйесiн құруды дәйектi түрде қолдайды. Алайда, болжамдарға қарамастан, XXI ғасырдың басында халықаралық қатынастардағы әскери күштiң мәнi азайған жоқ: ғаламдық және өңiрлiк қауiпсiздiк саласындағы бiрқатар халықаралық саяси институттардың дағдарысы аясында саяси және экономикалық мүдделердi қамтамасыз етуде оның рөлi күшейе түсуде.
      Әскери доктрина Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерi, Мемлекет басшысы жарлықтарының талаптары, Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясы , Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясы, Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар ескерiле отырып әзiрлендi.
      Әскери доктринада Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн iске асыруға терiс ықпал ететiн факторлар қарастырылады, ел қауiпсiздiгiне ықтимал қыр көрсетулер мен қатерлер жiктеледi, мемлекет қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi әскери-саяси мiндеттер тұжырымдалады, Қазақстан Республикасын қарулы қорғауды жүзеге асыру, Қазақстанға да, онымен достас мемлекеттерге де қатер төндiретiн әскери жанжалдардың алдын алу жөнiндегi Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар қызметiнiң мақсаттары, мiндеттерi, принциптерi мен бағыттары ашылады.
      Әскери доктринаның қорғаныстық сипаты бар, бұл оның ережелерiнде бейбiтшiлiкке дәйектi бейiлдiлiк танытудың республиканың ұлттық мүдделерiн қорғаудың, әскери қауiпсiздiгiне кепiлдiк берудiң қатаң шешiмiмен мәндi үйлесуiн алдын ала айқындайды. Әскери доктринада асимметриялық қатерлерге: халықаралық терроризмге, дiни экстремизмге, есiрткi тасымалына, қаруды, оның iшiнде жаппай қырып-жою қаруын заңсыз таратуға, заңсыз көші-қонға қарсы күрес ескеріле отырып, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен  әскери құралымдарды дамыту шарттары мен жаңа бағыттары нақтыланады.
      Әскери доктринаның ережелерiн iске асыру әскери басқару жүйесiн одан әрi жетiлдiру, өзара байланысты саяси, дипломатиялық, экономикалық, әлеуметтiк, ақпараттық, құқықтық, әскери және Қазақстанның әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған басқа да шаралар кешенiн жүргiзу есебiнен қамтамасыз етiлетiн болады.

2. Қазақстан Республикасы қауiпсiздiгiнiң әскери-саяси
негiздерi

2.1. Әскери-саяси жағдайды дамыту болжамы

      Еуропа мен Азияның сауда және көлiк-коммуникациялық ағынының қиылысында тұрған Қазақстанның геосаяси жағдайы, елдiң бай табиғи ресурстары халықаралық және өңiрлiк ынтымақтастықты дамыту саласында елеулi басымдықтар бередi.
      Сонымен бiр уақытта табиғи ресурстарды бөлудiң әркелкiлiгi, дамыған және дамушы елдер арасындағы ұлғайып келе жатқан алшақтық, экономикалық өктемдiк, мемлекеттердiң әлеуметтiк-саяси құрылысына қағидаттардағы айырмашылықтар және жаһанданудың басқа да терiс аспектiлерi оларды шешу кезiнде әскери және өзге де қуат құралдарының пайдаланылу мүмкiндiгi мемлекетаралық қайшылықтарды шиеленiстiруге ықпал етуi мүмкiн.
      Қазақстанның айналасындағы ахуал түбегейлi өзгердi. Өңiрдегi жағдайды тұрақсыздандыратын және ұлттық қауiпсiздiкке қатер туғызатын жаңа факторлар туындады, ол әскери қатерлердiң тұрақты мониторингі жүйесiнiң тиiмдiлiгiн арттыруды талап етедi.
      Жаппай қырып-жою қаруын таратудың өсiп келе жатқан қаупi, трансұлттық терроризм мен дiни экстремизм, қару-жарақ пен есiрткiнiң заңсыз айналымы, этникалық және демографиялық шиеленiстiң өсуi, табиғи ресурстардың, ең алдымен судың тапшылығы, жекелеген өңiрлерде және тұтастай әлемде экологиялық жағдайдың нашарлауы орта мерзiмдi перспективада Қазақстанның қауiпсiздiгiне, халықаралық және өңiрлiк тұрақтылыққа елеулi қатер төндiредi.
      Ядролық қаруы бар мемлекеттер және "соғысқа бейiм тұратын" деп аталатын елдер санының ұлғаюы белгiлi бiр дәрежеде қалыптасқан халықаралық қауiпсiздiк жүйесiн бұза отырып, әлемде күштердi орналастыруды түбегейлi өзгертедi. Бұл ықтимал қатерлерге қарсы iс-қимыл үшiн принциптi жаңа қағидаттар, оның iшiнде негiзгi ғаламдық күштер орталықтарымен бiрлесiп тұжырымдауды талап етедi.
      Ықпал ету объектiлерi маңызды экономикалық және әскери орталықтар, азаматтық халық, ұлттық рәмiздер болуы мүмкiн, ол тек жекелеген мемлекеттердегi ғана емес, сондай-ақ тұтастай өңiрдегi жағдайды тұрақсыздандыруға әкеп соқтырады.
      Сөйтiп, қазiргi заманғы геосаяси жағдай саяси тұрақсыздықпен, экономикалық, демографиялық және әлеуметтік сипаттағы қайшылықтармен сипатталады, өзімен бірге тұрақсыздандыру қатерін әкеледі.
      Осы жағдайларда бейбiтшілікті, халықаралық және өңiрлiк қауiпсiздiктi, тұрақтылықты нығайту, ұжымдық негiзде мемлекеттiң тәуелсiздiгін, аумақтық тұтастығы мен егемендiгiн қорғау Қазақстанның әскери қауiпсiздігін қамтамасыз ету саласындағы түйiндi мақсаттар болып табылады.
      Осы мақсаттарға қол жеткiзуде басымдық саяси шараларға және алдын алу дипломатиясына берiледi. Сонымен қатар әскери-қорғаныстық құрауыштарға сұраныс сақталып отыр және, демек, Әскери доктринаның жаңа жағдайларға бейiмделу проблемасы өзектi болып табылады.
      Әскери-саяси жағдайды талдау Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiне төнетiн негiзгi қатерлер мыналар болуы мүмкiн деп болжайды:
      сыртқы:
      саяси тұрақсыздық, шекаралас елдердегi мемлекеттiк институттардың жеткiлiктi дамымауы;
      қарулы арандатулар, Қазақстан Республикасына аумақтық кiнә қоюлар;
      шетел мемлекеттерi немесе ұйымдары тарапынан Қазақстан Республикасының iшкi iстерiне араласу;
      Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiне залал келтiруге әскери-саяси ұйымдар мен одақтар ықпалының кеңеюi;
      Қазақстан шекарасының маңында қарулы жанжалдар ошақтарының болуы;
      жекелеген мемлекеттердiң жаппай қырып-жою қаруын және оны жеткiзу құралдарын жасау жөнiндегi бағдарламаларды жүзеге асыруы, оны шығару үшiн пайдаланылатын жабдықтарды, технологиялар мен құрауыштарды, сондай-ақ қосарлы мақсаттағы технологияларды заңсыз таратуы;
      әскери  қыр  көрсету,  Қазақстан мен  оған  достас мемлекеттердiң шекаралары маңындағы қалыптасқан күштер теңгерiмiн бұзуға әкеп соқтыратын әскер топтарын өрiстету;
      халықаралық радикалдық топтардың қызметi, шекаралас елдердегi дiни экстремизм ұстанымының күшеюi;
      iшкi:
      конституциялық құрылысты өзгертуге бағытталған күш көрсету iс-әрекеттерi;
      Қазақстан Республикасының бiрлiгi мен аумақтық тұтастығын, елдегi iшкi саяси тұрақтылықты бұза отырып, экстремистiк, ұлттық, дiни, сепаратистiк және террористiк қозғалыстардың құқыққа қарсы қызметi;
      мемлекеттiк билiктiң орталық органдарының жұмыс iстеуiне iрiткi салуға бағытталған iс-әрекеттердi жоспарлау, дайындау және жүзеге асыру, мемлекеттiк және басқа да өмiрлiк маңызы бар объектiлерге шабуыл жасау;
      заңсыз қарулы құралымдарды құру, жарақтандыру, дайындау және олардың жұмыс iстеуi;
      Қазақстан Республикасының аумағында диверсиялар, террористiк актiлер, өзге де құқыққа қарсы iс-әрекеттер үшiн пайдаланылуы мүмкiн қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш және басқа да құралдарды заңсыз тарату;
      Қазақстан Республикасындағы экономикалық және саяси тұрақтылыққа қатер төндiретiн ауқымдағы ұйымдасқан қылмыс, контрабандалық және өзге де заңға қарсы қызмет.

2.2. Қазақстанның әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
саласындағы саясаты

      Қазақстан Республикасы қызметiнiң маңызды бағыты - мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, агрессияны немесе әскери жанжалдар тұтандыруды болдырмау, тұлға мен қоғамды қорғау, елдiң саяси және экономикалық мүдделерiн iске асыру үшiн қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету.
      Қазақстан өзiнiң әскери қауiпсiздiгін қамтамасыз етудi демократиялық, құқықтық мемлекеттi дамыту, әлеуметтiк-экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыру, тең құқылы әрiптестiк, өзара тиiмдi ынтымақтастық, халықаралық қатынастардағы тату көршiлестiк принциптерiн бекiту, халықаралық қауiпсiздiктiң толық қамтитын жүйесiн дәйектi түрде қалыптастыру, өңiрде бейбiтшiлiктi сақтау және нығайту тұрғысынан қарастырады.
      Қазақстан қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң әскери емес шараларына, бiрiншi кезекте саяси-дипломатиялық, құқықтық, экономикалық, гуманитарлық, ақпараттық-насихаттау және өзге де шараларына басымдық бередi, ол мынадай мiндеттердi шешудiң басымдықтарын алдын ала айқындайды:
      әскери саладағы, бiрiншi кезекте Орталық Азиядағы өзара тиiмдi ынтымақтастық, өзара түсiнiстiк, сенiм мен ашықтық шараларын жүзеге асыру негiзiнде достас мемлекеттермен байланыстарды және интеграциялық процестердi күшейту;
      әскери жанжалдарды және агрессия тұтандыруды болдырмаудың халықаралық тетiктерiн құру жөнiндегi қызметтi жандандыру;
      сенiм шараларын нығайту, мемлекетаралық қайшылықтарды шешу үшiн күш қолданудан бас тарту, халықаралық дауларды реттеу;
      әлемнiң демократиялық және индустриялық дамыған мемлекеттерiмен экономикалық байланысты кеңейту және қарым-қатынасты тереңдету;
      халықаралық қоғамдастық тарапынан елдi қолдауды қамтамасыз ету үшiн халықаралық институттар мен форумдардың көмегi мен жәрдемiн пайдалану;
      жаппай қырып-жою қаруын таратпаудың және қару-жарақты бақылаудың халықаралық режимдерiн нығайтуға жан-жақты жәрдемдесу.
      Қазақстан бейбiтшiлiк тәртiбiн қалыптастыруға белсендi қатыса отырып және әскери жанжалдарды болдырмау, ал олар туындаған жағдайда - олардың бастапқы даму сатысында жанжалдасу ахуалдарын бәсеңдету мәселелерiн шешуде әрiптестiк және ынтымақтастық құралын, диалогты және басқа да мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен өзiнiң байланыстарын кеңiнен пайдаланатын болады.
      Әскери жанжалды реттеуге дәйектi көзқарас барлық сатыдағы саяси бақылауды мiндеттi жүзеге асыру кезiнде саяси және әскери шаралардың бүкiл ауқымын қоса алғанда, ден қоюдың тиiстi құралдары мен тәсiлдерiн таңдауды және үйлестiрудi көздеуге тиiс.
      Қазақстан Республикасы әскери жанжалдарды болдырмау, халықаралық құқық нормалары негiзiнде халықаралық қауiпсiздiк пен тұрақтылықты нығайту iсiнде мынадай форматтарда мемлекеттермен ынтымақтастық жасайды: Бiрiккен Ұлттар Ұйымы, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенiм шаралары жөнiндегi кеңес, Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Солтүстiк Атлантика шарты ұйымы (Ic-қимыл серiктестiгiнiң жеке жоспары және "Бейбiтшiлiк жолындағы серiктестiк" бағдарламасы шеңберiнде), Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi ұйым.
      Бiр қатар объективтi жағдайларда және әлеуеттi әскери қатерлер сақталғанда елдiң қорғаныс қабiлетiн нығайту мемлекеттiң өзектi мiндеттерiнiң бiрi болып қала бередi. Сондықтан әлемдiк стандарттар бойынша қазiргi заманғы қару-жарақпен және техникамен жарақтандырылған жоғары кәсiби армияның болуы Қазақстан Республикасының өмiрлiк маңызы бар ұлттық мүдделерiн сенiмдi қорғау шарттарының бiрi болып табылады.
      Әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
      бейбiт уақытта:
      мемлекеттiң конституциялық құрылысын, аумағының тұтастығы мен қол сұғылмаушылығын қорғау;
      елдiң мемлекеттiк басқару органдарын, экономикасын және әскери ұйымын төтенше және соғыс жағдайларында жұмыс iстеуге дайындау;
      мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн неғұрлым ықтимал әскери қатерлерге қарсы iс-қимыл жасауды қамтамасыз ететiн деңгейде ұстау;
      энергетикалық, ғылыми-техникалық, ғарыштық және басқа да салалардың стратегиялық объектiлерiн күшпен қорғауды қамтамасыз ету;
      қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың қазiргi заманғы үлгiлерiмен, оның iшiнде НАТО стандарттары бойынша Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жарақтандыру;
      әскерлердi жасақтаудың келiсiмшарттық жүйесiн дамыту шарттарында және әлемнiң озық тәжiрибесiн ескере отырып, Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшiн кадрлар даярлауды жетiлдiру;
      әскери қызметшiлердiң жоғары әлеуметтiк мәртебесiн, әскери қызметтен босатылған адамдардың әлеуметтiк кепiлдiктерiн қамтамасыз ету, әскери жанжалдарға және төтенше жағдай зардаптарын жоюға қатысушыларға мемлекеттiк қолдау көрсету;
      халықтың идеологиялық тәрбиеге, қазақстандық патриотизм мен елдiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге деген саналы көзқарасын қалыптастыру;
      бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қолдау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындау, оның iшiнде бiтiмгершiлiк қызметке, коалициялық әскери құрылысқа қатысу;
      ұжымдық және өңiрлiк қауiпсiздiктi нығайту үшiн екi жақты және көп жақты негiздерде әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты кеңейту;
      қару-жарақты шектеу, қысқарту, таратпау және жою саласындағы шарттарды өзара орындауды бақылау, сенiм шараларын нығайту;
      қатерлi кезеңде және әскери жанжал басталғанда:
      агрессияны болдырмау немесе бейбiтшiлiктi қалпына келтiру үшiн агрессорды әскери жанжалды бастапқы сатысында тоқтатуға мәжбүрлеу үшiн БҰҰ-ның, басқа да халықаралық ұйымдардың әлеуетiн пайдалану;
      қарулы, саяси, дипломатиялық, ақпараттық, экономикалық және басқа да күрес түрлерiн ұйымдастыру және үйлесiмдi жүргiзу;
      әскери iс-қимылдарды дайындау және жүргiзу жөнiнде шешiмдер қабылдау және оны iске асыру;
      ел экономикасын, оның жекелеген салаларын, сондай-ақ кәсiпорындар мен ұйымдарды, көлiк пен коммуникацияларды соғыс жағдайы кезiнде жұмыс iстеуге ауыстыру;
      агрессияға тойтарыс беру мүдделерiнде мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың қызметiн үйлестiру;
      аумақтық және азаматтық қорғаныс iс-шараларын ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      әскери саладағы шарттар негiзiнде әскери жанжалдарды оқшаулау және тоқтату үшiн достас мемлекеттердiң мүмкiндiктерiн пайдалану.
      Әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң басым бағыттары:
      әскери қатерлердi уақтылы ашу, бағалау және жiктеу, оларға барабар қарсы iс-қимылды қамтамасыз ету;
      мемлекеттiң әскери ұйымына басшылық жасауды оның қызметiн азаматтық бақылаумен үйлесiмдiкте орталықтандыру;
      мемлекеттiң әскери ұйымының әскери қауiпсiздiкке қазiргi және әлеуеттi қыр көрсетулерi мен қатерлерiне қарсы тиiмдi iс-әрекет жасауға әзiрлiгiн қамтамасыз ету;
      әскери қауiпсiздiктi кепiлдi қамтамасыз етуге қабiлеттi күштер мен құралдардың болуы, оларды ұтымды орналастыру және жан-жақты ресурстық қамтамасыз ету;
      халықаралық әскери ынтымақтастықты тереңдету, халықаралық және өңiрлiк қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге белсендi қатысу.

2.3. Мемлекеттiң әскери ұйымы

      Мемлекеттiң әскери ұйымы мiндеттердi әскери әдiстермен орындауға арналған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарын қамтиды. Қазiргi заманғы және тиiмдi әскери ұйым Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң маңызды құралы болып табылады.
      Мемлекет өз Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарын дамыту мен жан-жақты қамтамасыз ету жөнiнде қажеттi шаралар қабылдайды. Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамытудың басты мақсаты олардың мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiне қазiргі бар және әлеуеттi қатерлердi бейтараптандыруға әзiрлiгiн қамтамасыз ету болып табылады.
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарын дамытудың негiзгi принциптерi мыналар болып табылады:
      ғылыми негiздiлiк;
      жоспарланған iс-шараларды ұйымдастыру мен өткiзуге орталықтандырылған басшылық жасау;
      белгiленген iс-шаралардың уақтылығы, жоспарлылығы мен жан-жақты қамтамасыз етiлуi;
      жалпы мемлекеттiк және ведомстволық iс-шаралардың кешендiлiгi мен келiсiлуi, оларды ұйымдастыру мен өткiзудi ұдайы бақылау;
      бiрыңғай мемлекеттiк әскери-техникалық саясат;
      кадрларды оқыту және даярлау жүйесiнiң бiрiздiлiгi.
      Мемлекеттiң әскери ұйымын дамыту олардың қызметiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес, үйлестiрiлген және келiсiлген бағдарламалар мен жоспарлар бойынша, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жауынгерлiк қолданудың мiндеттерi мен ерекшелiктерiн ескере отырып жүзеге асырылады.
      Мемлекеттiң әскери ұйымын дамытудың мiндеттерi:
      Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қызметiн мемлекеттiк және азаматтық бақылаудың тиiмдiлiгiн арттыру;
      мемлекеттiң әскери ұйымының барлық құрауыштарын теңгерiмдi және үйлесiмдi дамыту;
      әлемнiң жетекшi елдерiнiң армиясын дамыту және қолдану тәжiрибесiн талдау негiзiнде Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға технологиялық және кәсiби талаптарды орнату;
      әскери бiлiм беру жүйесiн халықаралық талаптарға сәйкес келтiру, келiсiмшарттық қызметтi жетiлдiру;
      Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды тылдық және техникалық қамтамасыз етудiң тиiмдi жүйелерiн арттыру;
      Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшiн резервтер жүйесiн жаңа сапалы деңгейге шығару.
      Мемлекеттiң әскери ұйымын дамытудың негiзгi бағыттары:
      мемлекеттiң әскери ұйымын басқару органдарының қызметiн, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды даярлаудың нысандары мен тәсiлдерiн жетiлдiру, бiрлесiп жоспарлау, ведомствоаралық үйлестiру мен өзара iс-қимыл сапасын арттыру;
      белгiленген жауапты аймақтардағы әскери қауiпсiздiк мiндеттерiн шешу мәселелерiнде өңiрлiк қолбасшылықтардың нақты дербестiгiн қамтамасыз ету, стратегиялық бағыттарда өзiне өзi жеткiлiктi әскерлер топтарын құру;
      авиация паркiн, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын басым жаңартумен басқару органдарын, ұдайы жауынгерлiк әзiрлiктегi құрамалар мен бөлiмдердi қару-жарақ пен әскери-техниканың жаңа үлгiлерiмен жоспарлы түрде техникалық қайта жарақтандыру;
      жоғары дәлдiктi қаруды, радиоэлектрондық күрестiң, байланыс пен басқарудың, оның iшiнде ғарыштық құрауыштарды пайдалана отырып, қазiргi заманғы құралдарын кеңiнен енгiзу;
      әскери қызмет жағдайларын сапалы жақсарту, әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерiнiң, сондай-ақ әскери қызметтен босатылған адамдардың әлеуметтiк кепiлдiктерiн қамтамасыз ету;
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 10 қазандағы N 200 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудiң 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы негiзiнде Қарулы Күштердегi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы идеологиялық жұмысты жандандыру;
      әскери саладағы ғылыми-техникалық прогрестi қамтамасыз ету, отандық қорғаныстық-өнеркәсiптiк кешендi одан әрi дамыту;
      аумақтық қорғаныс жүйесiн мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң жалпы жүйесiне белсендi түрде кiрiктiру;
      армияны жаңғырту, халықаралық және өңiрлiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, әскери инфрақұрылымды қалыптастыру және әскери кадрлар даярлау мүдделерiндегi халықаралық әскери ынтымақтастықты кеңейту.
      Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту төмен және орта қарқынды жанжалдарда әскери қауiпсiздiк қатерлерiн бейтараптандыруға әскерлердiң әзiрлiгiн қамтамасыз етуге бағытталған әскери-саяси, әскери және әскери-техникалық сипаттағы өзара байланысты шаралар кешенiн өткiзудi көздейдi.
      Осы шаралар кешенiн мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсаттары мен мiндеттерiне сәйкес кезең-кезеңiмен жүзеге асыру жоспарлануда.
      Бiрiншi кезеңде (2007-2008 жылдар) негiзгi күш-жiгер стратегиялық бағыттарда мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мiндеттерiн дербес шешуге қабiлеттi әскер топтарын құруды аяқтауға, әскери инфрақұрылымды дамытуға, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын , мемлекеттiк маңызы бар объектiлердi күзетудi қамтамасыз ететiн жауынгерлiк кезекшiлiк атқаратын бөлiмдер мен бөлiмшелердi қазiргi заманғы  қару-жарақпен, әскери техникамен және арнайы құралдармен жарақтандыруға бағытталатын болады.
      Екiншi кезеңде (2009-2010 жылдар) негiзгi күш-жiгер әскерлердiң сапалық параметрлерiн арттыруға және оларды қару-жарақтың, әскери техниканың, арнайы құралдардың жаңа үлгiлерiмен кезең-кезеңiмен техникалық қайта жарақтандыруға бағытталатын болады.
      Кейiннен күш-жiгер армияны техникалық қайта жарақтандыруды аяқтауға, жетекшi өндiрушiлермен бiрлесе отырып, отандық қорғаныстық-өнеркәсiптiк кешен кәсiпорындарында қару-жарақ пен әскери техниканың қазiргi заманғы үлгiлерiн әзiрлеуге, олардың халықаралық стандарттарға сәйкес келуiн қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
      Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды кешендi дамыту мыналарды қамтамасыз етуге тиiс:
      бiрiншi кезеңде:
      өздерiне жүктелген мiндеттердi шешуге, дербес және басқа мемлекеттердiң қарулы күштерiмен бiрлесе отырып стратегиялық бағыттарда Қазақстанның қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, өздерi үшiн белгiленген жауапты аймақтарда қызметтiк-жауынгерлiк мiндеттердi орындауға қабiлеттi өңiрлiк әскер топтарын құру;
      мемлекеттiң әскери ұйымының құрылымын жаңғырту, әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi функционалдық жүктеменi атқармайтын бөлiмдердi қысқарту;
      Каспий өңiрiндегi ұжымдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi шешуге Қазақстан Республикасы Әскери-теңiз күштерiнiң басымды қатысуы;
      құрамалар мен бөлiмдердi қазiргi заманғы, оның iшiнде жоғары дәлдiктi қару-жарақпен және техникамен iшiнара қайта жарақтандыру, қолда бар қару-жарақ пен техника паркiн толық ауқымды жаңғырту үшiн жағдайлар жасау;
      елдiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң басым бағыттарында әскери инфрақұрылымды басым құру;
      Каспий өңiрiнде қорғаныс әлеуетiн дамыту және тиiстi инфрақұрылым құру, барлық қуат құрылымдарының үйлескен iс-қимылдары негiзiнде оңтүстiк шекараларды күзетудi күшейту жөнiнде қажеттi шаралар қабылдау;
      әскерлер мен қаруды басқару жүйесiне ГАЖ-технологияларын, ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыс нәтижелерiн енгізу;
      жоғары технологиялар мен қарулы қорғаныстың ғылымды көп қажет ететiн құралдарын пайдаланумен Астана, Алматы қалаларын, басқа да маңызды өнеркәсiптiк және ғылыми орталықтарды қорғау;
      ведомствоаралық үйлестiрудi және қуат құрылымдарының өзара iс-қимылын жақсарту;
      әскерлердi келiсiмшарт негiзiнде жасақтауға жоспарлы түрде көшу;
      әскери және арнаулы оқу орындарындағы оқу процесiн озық технологияларды, оқытудың жаңа әдiстерi мен нысандарын енгiзумен үйлесiмдiкте оқыту әдiстемесiн жақсарту және Ұлттық қорғаныс университетiн орналастыру үшiн Астана қаласында қазiргi заманғы кешен салу арқылы халықаралық стандарттарға сәйкес келтiру;
      Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамытудың перспективасына сәйкес келетiн әскери қызметшiлердің бiлiктiлiгiн арттырудың тармақталған және ынталандыратын жүйесiн құру;
      ғылымды көп қажет ететiн әскери мамандықтар бойынша шетелде ұлттық кадрларды басым даярлауды жүзеге асыру;
      әскери қызметтiң беделiн, маңыздылығын және абыройын арттыру;
      екi жақты форматта да, көп жақты негiздегi, оның iшiнде ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨЫСШК және басқалар сияқты ұйымдардың жұмысына белсендi қатысу арқылы, сондай-ақ халықаралық терроризмге, есiрткi құралдарының, қару мен оқ-дәрiлердiң тасымалына қарсы iс-қимыл жасау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту;
      Қазақстанның бiтiмгершiлiк, гуманитарлық және өзге де халықаралық мiндеттемелердi орындауға қатысуы үшiн ведомствоаралық әлеует құру;
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын күзетудiң әскери, жедел және инженерлiк-техникалық күштерi мен құралдарын кешендi пайдаланудың қазiргi заманғы жүйесiн қалыптастыру;
      екiншi кезеңде:
      Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрамында жауынгерлiк әзiр, жеке құраммен, қару-жарақпен және техникамен жабдықталған құрамалар мен бөлiмдердiң санын ұлғайту;
      әуе кеңiстiгiн бақылаудың және басқарудың бiрыңғай жүйесiн құру;
      әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердi жұмылдыру дайындығы мәселелерiндегi жергiлiктi әскери басқару органдарының рөлiн арттыру;
      бөлiмдер мен құрамаларды, ұқсас байланыс құралдарын қазiргi заманғы цифрлық жүйеге ауыстыруды қоса алғанда, қару-жарақ пен техниканың қазiргi заманғы үлгілерiмен кезең-кезеңiмен қайта жарақтандыру, ұлттық орбиталдық топтарға бейiмделген байланыс желiлерiн құру;
      мерзiмдi қызмет әскери қызметшiлерiнiң санын қысқарту және әскерге шақыру және жұмылдыру резервтерiн даярлау жүйесiн жетiлдiрумен үйлесiмдiлiкте, жауынгерлiк әзiрлiктi айқындайтын лауазымдарға келiсiмшарт бойынша әскери қызметшiлердi тағайындау жолымен армияны кәсiбилендiру;
      әскери бiлiм беру жүйесiн халықаралық стандарттарға жауап беретiн сапалы жаңа деңгейге шығару;
      Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшiн кәсiпқой сержанттарды даярлау жүйесiн құру;
      Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген нормаларға сәйкес әскери қызметшiлердiң тұрғын үй проблемаларын шешу;
      Бiрiккен Ұлттар Ұйымының аясында өткiзiлетiн бiтiмгершiлiк операцияларына Қазақстанның қатысуын жандандыру.

3. Қазақстан Республикасы қауiпсiздiгiнiң
әскери-стратегиялық негiздерi

3.1. Әскери жанжалдардың сипаты

      Халықаралық қатынастар жүйесiндегi объективтi орын алып келе жатқан үрдiстер Қазақстан Республикасын мемлекеттiң өмiрлiк маңызы бар мүдделерiн қорғау, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес мiндеттемелерiн орындау мақсатында әскери жанжалдарға қатысуға әзiрлiкте ұстауға мiндеттейдi.
      Әскери жанжал - әскери күштердi қолданумен мемлекеттер, халықтар, әлеуметтiк топтар арасындағы қақтығыс, қарсы күресу, қайшылықтарды шешу нысаны.
      Кез келген әскери жанжалға тараптардың саяси мақсаттарына, әскери iс-қимылды жүргiзу ауқымына, олардың шиеленiсуiне, қолданылатын қарулы күрес құралдарына, әскерлер iс-әрекетiнiң тәсiлдерiне негiзделген ерекше әлеуметтiк-саяси, құқықтық және әскери-стратегиялық белгілер тән, олар жиналып келгенде оның сипатын айқындайды.
      Қазiргi заманғы қарулы жанжалдардың негiзгi белгiлерi:
      кеңiстiктiк етек алуы, жоғары белсендiлiк пен қарқындылық, асығыстық пен шектi шиеленiсу, авиацияны, жоғары дәлдiктi қаруды, радиоэлектрондық күрес құралдарын, ғарыштық құрауыштарды, барлау мен басқарудың автоматтандырылған жүйелерiн, ақпараттық және психологиялық күрес күштерi мен құралдарын кеңiнен пайдалану;
      тараптар мен қапталдардың айқын белгiленген түйiсу жолақтарының болмауы, әскерлердi жедел құруда үлкен аралық пен алшақтықтың болуы;
      кеңiнен маневр жасау, диверсиялық-барлау топтары мен құралымдарын белсендi қолдану үшiн жағдай жасайтын iс-қимылдың байланыссыз және басқа да дәстүрлi емес нысандары мен тәсiлдерiн пайдалану;
      тiкелей емес стратегиялық iс-әрекеттердi, оның iшiнде саяси және психологиялық қысым жасауды, күш көрсетудi, экономикалық санкцияларды, ақпараттық күрестi қолдану;
      мемлекеттiк және әскери басқару жүйесiне iрiткi салу;
      қару-жарақ пен әскери техниканың қазiргi заманғы жүйелерiн кеңiнен қолдану;
      энергетика кәсiпорындарын, қауiптi өндiрiстердi, инфрақұрылымды, коммуникацияларды, тiршiлiктi қамтамасыз ету объектiлерiн iстен шығарудың апаттық зардаптары;
      қарулы жанжалдарға тұрақты емес қарулы құралымдардың қатысуы.
      Әскери жанжалдардың түрлерi соғыстарға және қарулы жанжалдарға бөлінедi.
      Соғыс - мемлекеттер, халықтар және әлеуметтiк топтар арасындағы қарым-қатынастардың өзгеруiне, саяси, экономикалық және басқа да мақсаттарға қол жеткiзу үшiн қарулы күш көрсету құралдарын қолдануға көшуге байланысты қоғамдық-саяси құбылыс. Қарулы күреспен қатар соғыста сонымен қатар экономикалық, дипломатиялық, идеологиялық және басқа да күрес нысандары қолданылады.
      Қарулы жанжал - мемлекет соғыс жағдайына өтпеген кезде қарулы күш көрсету құралдарын қолдана отырып, ұлттық, этникалық, дiни және басқа да қайшылықтарды шешудiң бiр нысаны.
      Қарулы жанжал қарулы инцидент, қарулы арандатушылық, басқа да ауқымы шектелген қарулы қақтығыстар нысанында туындауы мүмкiн. Қарулы жанжалдың ерекше нысаны шекаралық жанжал болып табылады.
      Қазақстан Республикасы тартылуы мүмкiн әскери жанжалдар ауқымы, ұзақтығы мен шиеленiсуi бойынша төмен, орта және жоғары қарқынды жанжалдарға бөлiнедi.
      Төмен қарқынды әскери жанжал - шекаралық қарулы инциденттер, ел iшiндегi заңсыз қарулы құралымдардың және террористiк ұйымдардың қызметi нәтижесiнде туындаған қарулы жанжал.
      Ол әскерлер iс-қимыл жасайтын аудандардағы әскери-саяси жағдайдың күрделiлiгімен және бiркелкi еместiгiмен, коммуникациялардың, сондай-ақ жергiлiктi тұрғындардың әлсiздiгiмен, тұрақты емес қарулы құралымдардың қатысуымен, диверсиялық және террористiк iс-әрекеттермен сипатталады.
      Орта қарқынды әскери жанжал - қуатты экономикасы мен әскери әлеуетi жоқ елдер арасындағы соғыс.
      Ол қарсы күресетiн тараптардың шектелген күштер мен құралдарды, жоғары дәлдiктi қаруды, радиоэлектрондық күрес құралдарын және басқа да қару-жарақ пен әскери техниканың қазiргi заманғы құралдары кеңiнен қолданылатын жауынгерлiк iс-әрекеттер ошақтарымен, жанжалдасушы мемлекеттер шекараларында әскери iс-қимыл жүргiзумен, әскерлердi, тылды, олардың барлық аумағында экономиканы және коммуникацияларды талқандаумен сипатталады.
      Орта қарқынды әскери жанжалды жанжал ауданында өрiстетiлген әскерлер топтарының жүргiзуi, олар қажет болған кезде басқа бағыттардан әскерлердi, күштер мен құралдарды ауыстыру және Қарулы Күштерге iшiнара стратегиялық өрiстету жүргiзу есебiнен күшейтiлуi мүмкiн.
      Орта қарқынды жанжалда тараптар қарсы күресетiн мемлекеттердiң шекараларында әрекет жасайтын және шектелген әскери-саяси мақсаттарды ұстанатын болады.
      Жоғары қарқынды әскери жанжал - әскери және экономикалық жағынан қуатты мемлекеттер (мемлекеттер коалициялары) қатысатын соғыс. Ол қарсы күресетiн тараптардың түбегейлi әскери-саяси мақсаттарымен сипатталады, оларға қол жеткiзу қатысушы мемлекеттердiң материалдық және рухани ресурстарын толық жұмылдыруды талап етедi.
      Ядролық мемлекеттердiң қатысуымен болатын жанжалда ядролық қаруды қолдану қатерi ұдайы сақталады. Тiптi оны шектелген ядролық соққы бере отырып, ядролық соғысқа айналдыру көп адам өлiмiне, экономикалық және мәдени орталықтардың қатты қирауына, үлкен аумақтың зақымдануына әкеп соғуы мүмкiн, ол өңiрдiң көп елдерiнде экологиялық зiлзалаға әкеп соқтырады.

3.2. Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери
құралымдарды қолдану негiздерi

      Қазақстан Республикасы оған қарсы агрессия туындаған жағдайда қарулы қорғауды, мемлекеттiң барлық әскери және экономикалық әлеуетiн жұмылдыруды, азаматтық және аумақтық қорғаныс iс-шараларын, достас мемлекеттердiң қарулы күштерiмен бiрлескен iс-қимылдар жүргiзудi жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының жауынгерлiк құрамы, жасақталуы және қамтамасыз етiлуi төмен және орта қарқынды жанжалдарда мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мiндетiне жауап беруге тиiс.
      Қазақстан Республикасы және оның Қарулы Күштерi кенеттен болатын шабуылды болдырмауға, қауiптi кезеңдi агрессияға тойтарыс беруге дайындау, Қарулы Күштер мен қатысушы мемлекеттер әскерлерiнiң (күштерiнiң) коалициялық топтарын стратегиялық өрiстетуге жағдай жасау, елдiң экономикалық кешенiн бейбiт жағдайдан соғыс жағдайына ауыстыру, мемлекеттiк шекараны бүркемелеу, маңызды мемлекеттiк және әскери объектiлердi қорғау, психологиялық күрес күштерi мен құралдарын кеңiнен қолдану, қарсыластың халыққа және әскерлердiң жеке құрамына ақпараттық-психологиялық әсер етуiне қарсы іc-қимыл жасау үшiн мақсатты түрде пайдаланылуға тиiс.
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары агрессияға тойтарыс бepу, елдiң аумақтық тұтастығы мен егемендiгiн қарулы қорғау, мемлекеттiк және әскери объектiлердiң күзетi мен қорғанысы, әуе кеңiстiгiн күзету, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес мiндеттердi орындау үшiн қолданылады.
      Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қолдану Конституцияға , қолданыстағы заңнамаға , Қазақстан Республикасы Президентiнiң әскери қауiпсiздiк мәселелерi жөнiндегi жарлықтарына, басқа да нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ Мемлекет басшысының жарлықтарымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн қолдану ережелерiне және қолдану жоспарына қатаң сәйкестiкте жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары төмен қарқынды әскери жанжалдарда, әдетте, шиеленiсу ошақтарын оқшаулау және жанжалдарды бейбiт құралдармен реттеу үшiн жағдайлар жасау мақсатында неғұрлым ерте сатыда әскери iс-әрекеттердi тоқтату, заңсыз қарулы құралымдарды жою, жағдайды қалпына түсiру, заңдылық пен құқық тәртiбiн қалпына келтiру, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, халыққа қажеттi көмек көрсету үшiн қолданылатын болады.
      Осы мiндеттердi шешу үшiн ұдайы жауынгерлiк әзiрлiктегi құрамалар мен бөлiмдер тартылады. Қажет болған кезде олар басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен күшейтiлуi мүмкiн, ал операцияларға басшылық жасауды бiрыңғай (жалпы әскери) қолбасшылық жүзеге асыратын болады.
      Шекара маңындағы жанжалды, әдетте, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң құрамаларымен және бөлiмдерiмен өзара iс-қимыл жасай отырып, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң күштерi мен құралдары шешедi.
      Қазақстан Республикасына қарсы орта қарқынды әскери жанжал экономикалық және қорғаныс әлеуетiн бұзу, белгiлi аумақтарды басып алу немесе оларға бақылау орнату, мемлекеттi елеулi саяси, аумақтық, экономикалық және басқа да шегiнiстерге мәжбүрлеу мақсатында туындауы мүмкін.
      Орта қарқынды жанжалға қатысу Қазақстан Республикасының барлық аумағында және оның жекелеген облыстарында соғыс жағдайын енгiзудi және iшiнара немесе жалпы жұмылдыру жариялауды, мемлекеттiң қорғаныс және әскери-экономикалық әлеуетiнiң барлығын немесе елеулi бөлiгiн пайдалануды талап етуi мүмкiн.
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары орта қарқынды әскери жанжалдарда жауынгерлiк iс-қимыл аудандарын оқшаулау және агрессияның үзiлдi-кесiлдi жолын кесу, оның iшiнде одақтас мемлекеттердiң қарулы күштерiмен бiрлесiп қолданылатын болады.
      Қазақстан Республикасына қарсы орта қарқынды әскери жанжал мынадай түбегейлi әскери-саяси мақсаттармен туындауы мүмкiн: елде саяси билiктiң ауысуы, мемлекеттiк және әскери басқару жүйесiне iрiткi салу, аумақтың бiршама бөлiгiн иелiктен шығару, мемлекеттiң қорғаныс әлеуетiн толық жою.
      Қазақстан Республикасының мақсаты оған қарсы жоғары қарқынды жанжалдың туындауын болдырмаудың саяси-құқықтық, ұйымдық-техникалық және өзге де халықаралық кепiлдiктерiнiң тиiмдi жүйесiн белсендi iздестiру және құру болып табылады.
      Көршi мемлекеттермен достық қарым-қатынас құру жөнiндегi салмақталған сыртқы саясат жүргiзуге байланысты, тiкелей әскери агрессия қаупiнiң жоқтығына қарай орта мерзiмдi болашақта оған Қазақстан Республикасын тартумен осындай жанжалдың туындау мүмкiндiгі төмен.
      Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мiндеттерi:
      бейбiт уақытта:
      жауынгерлiк әлеуеттi, жауынгерлiк және жұмылдыру әзiрлiгiн, мемлекеттiк шекарадағы немесе Қазақстан Республикасы аумағының шегiндегi төмен қарқынды әскери жанжалдарды, кез келген заңсыз қарулы күш көрсетулердi оқшаулауды және жолын кесудi қамтамасыз ететiн деңгейде бейбiт уақыттың штаттарында басқару органдары мен әскерлердiң даярлық дәрежесiн қолдау;
      әуе кеңiстiгiн күзету, сондай-ақ жедел-стратегиялық тұрғыдан мемлекеттiк шекараның маңызды учаскелерiн бүркемелеу;
      аумақтық теңiзде, құрлықтық қайраңдарда және Қазақстан Республикасының экономикалық аймағында Қазақстанның ұлттық мүдделерiн қорғау;
      маңызды әскери және мемлекеттiк объектiлердi күзету;
      елдiң кез келген ауданында жағдайды тұрақтандыру жөнiндегi шешушi iс-қимылдарға әзiрлiктi көрсету;
      орта немесе жоғары қарқынды жанжалдың қатерi туындаған жағдайда Қарулы Күштердi стратегиялық өрiстетуге әзiрлiктi қамтамасыз ету;
      диверсиялар мен террористiк актiлердi болдырмау және жолын кесу;
      Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiне сәйкес бiтiмгершiлiк, гуманитарлық және өзге де операцияларға қатысу;
      экологиялық апаттардың және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алуға қатысу, олардың зардаптарын жою.
      Осы мiндеттердi шешу басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен Қарулы Күштердiң тығыз өзара iс-қимылымен жүзеге асырылады. Бұл ретте Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметiне құрлықта, теңiзде, көлдер мен өзге де су айдындарында мемлекеттiк шекараны күзету мен қорғау, терроризмге, қару мен есiрткi контрабандасына қарсы күреске қатысу, Iшкi iстер министрлiгiнiң iшкi әскерлерiне - экономиканың және инфрақұрылымның маңызды стратегиялық объектiлерiн, оның iшiнде мұнай операцияларының объектiлерiн күзету, аса қауiптi құқық бұзушылықтардың, диверсиялар мен террорлық актiлердiң жолын кесуге, заңсыз қарулы құралымдарға қарсы күреске қатысу жүктеледi;
      iшкi қарулы жанжалдардың жолын кесу кезiнде:
      жанжал ауданын оқшаулау және қоршау;
      қоғамдық тәртiптi қорғауды қамтамасыз ету және төтенше жағдайдың құқықтық режимiн қолдау;
      заңсыз қарулы құралымдарды қарусыздандыру және жою, халықтан заңсыз сақтаудағы қаруды алу;
      аумақтық және азаматтық қорғаныс жоспарларына сәйкес жанжал ауданына жақын жатқан аудандарда қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi күзетудi күшейту;
      заңдылық пен құқық тәртiбiн қалпына келтiру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген басқа да мiндеттердi шешу.
      Iшкi қарулы жанжалдардың жолын кесу жөнiндегi мiндеттер Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрылатын бiрiктiрiлген топтарына жүктеледi.
      Төмен қарқынды жанжалдар және Қазақстан Республикасына және оның одақтастарына қарсы агрессия жағдайында:
      шекара маңы жанжалдарын, оның iшiнде мемлекеттiң тартылатын әскери ұйымының құрауыштарымен өзара iс-қимыл жасаумен оқшаулау және бейтараптау;
      Қарулы Күштердi жұмылдыра өрiстету жүргiзу;
      одақтас мемлекеттердiң қарулы күштерiмен бiрлесiп қарсыластың әскер топтарына соққы беру және талқандау;
      резервтер қалыптастыру аудандарын бүркемелеу;
      арнайы операциялар жүргiзетiн күштерге және тұрақты емес құралымдарға қарсы күрес;
      халықты, экономика объектiлерiн, инфрақұрылымды қарсыластың зақымдау құралдарының әсерiнен қорғау;
      соғыс (төтенше) жағдай режимiн қолдау.
      Әскери iс-әрекеттер ауқымына, жағдайдың шарттарына және күштердiң арақатынасына байланысты мiндеттердiң түрi өзгертiлуi мүмкiн, бiрақ кез келген жағдайда түпкi мақсат Қазақстан Республикасының аумағынан агрессорды қуу және агрессияға дейiн болған жағдайды қалпына келтiру болып табылады.
      Авариялар, апаттар және зiлзала зардаптарын жою кезiнде халыққа көмек көрсету үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары тартылуы мүмкiн. P971298

3.3. Әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге басшылық жасау

      Мемлекеттiң әскери ұйымын құруға, дайындауға және қолдануға, әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге басшылық жасауды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас қолбасшысы болып табылатын Қазақстан Республикасының Президентi жүзеге асырады .
      Қазақстан Республикасының Парламентi мемлекеттiң әскери қауiпсiздігі мен қорғанысы мәселелерi жөнiнде заңдар қабылдайды, соғыс және бейбiтшiлiк мәселелерiн шешедi, бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қолдау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындау үшiн Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды пайдалану туралы шешiм қабылдайды, қорғаныс және әскери ынтымақтастық мәселелерi жөнiндегi халықаралық шарттарды ратификациялайды және күшiн жояды.
      Қазақстан Республикасының Үкiметi Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен жарақтандыруды, оларды қаржылық және материалдық қамтамасыз етудi, қорғаныс, азаматтық және аумақтық қорғаныс мүддесiнде елдiң аумағын жедел жабдықтауды ұйымдастырады; күшпен қорғауға жататын стратегиялық объектiлердiң тiзбесiн, Қарулы Күштердiң басқару органдары, әскер түрлерi, тектерi штат санының лимитiн, қорғаныс мұқтажы үшiн жерлердi, ормандарды, сулар мен басқа да табиғи ресурстарды ұсыну және пайдалану тәртiбiн айқындайды, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген басқа да функцияларды орындайды.
      Басқа да мемлекеттiк органдар, жергiлiктi өкiлеттi және атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген құқықтары, мiндеттерi мен өкiлеттiктерi шегiнде әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде өздерiне жүктелген мiндеттердi орындауды ұйымдастырады және ол үшiн толық жауапты болады.
      Бейбiт уақытта Қарулы Күштерге басшылық жасауды Қорғаныс министрлiгi Штабтар бастықтары комитетi арқылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi елдiң әскери қауiпсiздiгi мен қорғанысын қамтамасыз етуге байланысты мiндеттердi шешедi, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды әскери реформалаудың негiзгi бағыттарын, дамыту бағдарламаларын әзiрлеудi үйлестiредi; Қарулы Күштер әскерлерi түрлерiнiң, тектерiнiң құрылымын, штат санын айқындайды; мемлекетте бiрыңғай әскери-техникалық саясатты жүргiзедi; халықаралық әскери ынтымақтастықты, Қарулы Күштерде заңдылық пен құқық тәртiбiнiң сақталуына бақылауды жүзеге асырады және әскери қызметшiлерге, олардың отбасы мүшелерi мен азаматтық персоналға әлеуметтiк және құқықтық кепiлдiктердi қамтамасыз етедi.
      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi Штабтар бастықтары комитетi Қорғаныс министрлiгiнiң ведомствосы болып табыла отырып, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды әскери реформалаудың негiзгi бағыттарын, оны құру және дамыту, олардың жедел, жауынгерлiк және жұмылдыра даярлану жоспарларын әзiрлейдi, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды, аумақтық қорғаныс мiндеттерiн орындауға қатысушы күштердi қолдануды жоспарлауды ұйымдастырады және жүзеге асырады, қорғаныс мүдделерiнде ел аумағын жедел жабдықтау жоспарын әзiрлейдi.
      Қарулы Күштер түрлерiнiң бас қолбасшыларының, әскер тектерi қолбасшыларының, Тылы бастығының басқармалары бағынысындағы басқару органдары мен әскерлерiн дамыту және қолдану, оларды жедел, жауынгерлiк, арнайы, жұмылдыра даярлау, техникалық жарақтандыру, кадрлар даярлау жоспарларын әзiрлеудi және iске асыруды жүзеге асырады, әскерлердi басқаруды және олардың күнделiктi қызметiне басшылық жасауды қамтамасыз етедi.
      Өңiрлiк қолбасшылықтар әскерлерi қолбасшыларының басқармалары бағынысындағы әскерлер топтарын басқаруды және олардың күнделiктi қызметiне басшылық жасауды, белгiленген жауапты аймақтарда әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен бiрлескен даярлығы жөнiндегi iс-шараларды жоспарлауды және ұйымдастыруды жүзеге асырады.
      Бейбiт уақытта басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға тiкелей басшылық жасауды және күнделiктi қызметiн басқаруды тиiстi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
      Қауiп төнген кезеңде және соғыс уақытында мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге басшылық жасау Қазақстан Республикасының тиiстi нормативтiк құқықтық актiлерiмен регламенттеледi.

4. Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң
әскери-экономикалық және әскери-техникалық негiздерi

4.1. Әскери-экономикалық және әскери-техникалық қамтамасыз
етудiң мақсаттары, принциптерi, мiндеттерi мен бағыттары

      Әскери-экономикалық және әскери-техникалық қамтамасыз етудiң басты мақсаты Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қаржы қаражатына және әскери мүлiкке деген мұқтаждарын экономиканың және мемлекеттiк басқару жүйесiнiң тұрақты жұмыс iстеуi үшiн Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мiндеттерiн шешу мақсаттарында қажеттi көлемде қанағаттандыру болып табылады.
      Қазақстанның Қарулы Күштерi қазiргi заманғы әскери-техникалық құралдармен қамтамасыз етiлуге тиiс, олар Қазақстан мен жаңа халықаралық жағдайға тән қауiптерге сәйкес жоғары қорғаныс технологияларына өз-өзiн ақтайтындай есеп жасайды.
      Әскери-экономикалық және әскери-техникалық қамтамасыз етудiң негiзгi принциптерi:
      Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту бюджеттерiн кезең-кезеңiмен ұлғайту, олардың қуат құрылымдары бюджетiнiң жалпы құрылымында басым болуын қамтамасыз ету;
      елдiң жалпы iшкi өнiмiнiң кемiнде 1 процентiн құрайтын қорғанысқа арналған шығыстар деңгейiнде бюджет заңнамасында белгiленген негiзде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру мәселелерiн жетiлдiру;
      әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мiндеттерiн шешу кезiнде қаржылық, материалдық-техникалық, зияткерлiк ресурстарды тиiмдi пайдалану;
      қару-жарақты, әскери және арнайы техниканы өндiру, оның айналымы және оны сату саласындағы мемлекеттiк реттеу.
      Әскери-экономикалық және әскери-техникалық қамтамасыз етудiң басым мiндеттерi мыналар болып табылады:
      Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту iс-шараларын уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ басқару органдары мен әскерлердiң күнделiктi қызметiн теңгерiмдi қаржыландыру;
      экономиканың және мемлекеттiк басқару жүйесiнiң тұрақты жұмыс iстеуi үшiн әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүдделерiнде мемлекеттiң әскери-экономикалық қызметiн жетiлдiру;
      отандық қорғаныстық-өнеркәсiптiк кешендi, халықаралық әскери-техникалық кiрiгудi дамыту жөнiндегi шаралардың үндестiкпен үйлесуiне, сондай-ақ қолда бар қару-жарақпен және әскери техникамен сыйымдылығын ескере отырып, шетелден қазiргi заманғы техниканы жеткiзуге негiзделген қазiргi заманғы бiрыңғай және үйлестiрiлген мемлекеттiк әскери-техникалық саясатты қалыптастыру;
      отандық қорғаныстық-өнеркәсiптiк кешен кәсiпорындарының әскерлердi жарақтандыруда тұрған үлгiлердi жөндеудi және жаңғыртуды, сондай-ақ қазiргi заманғы қару-жарақ, жауынгерлiк және арнайы техника, оқ-дәрiлер өндiруiн игеру үшiн жағдайлар жасау;
      өзара тиiмдi халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыру.
      Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiн әскери-экономикалық және әскери-техникалық қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттары:
      Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қаржылық, материалдық-техникалық, зияткерлiк және өзге де ресурстарға мұқтаждықтарын кепiлдi қанағаттандыруға бағытталған экономикалық, оның iшiнде бюджеттiк саясатты жүзеге асыру;
      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының қару-жарағы мен әскери техникасын сатып алу, жаңғырту, жөндеу, кәдеге жарату, 2015 жылға дейiн әскери мақсаттағы өнiмдердi шығаратын кәсiпорындарды дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы және басқа да дамыту бағдарламалары негiзiнде бiрыңғай мемлекеттiк әскери-техникалық саясат жүргiзу және мемлекеттiк қорғаныс тапсырысын қалыптастыру;
      Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, ұйымдасқан қылмысқа, қару, оқ-дәрiлер мен есiрткi құралдарының тасымалына қарсы күресу үшiн қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың жаңа үлгiлерiмен қамтамасыз ету;
      мемлекеттiк қорғаныс тапсырысын жыл сайын қалыптастыруды және орындауды қамтамасыз ететiн қаржы-экономикалық реттеуiштер мен тетiктер жүйесiн жетiлдiру;
      республикалық бюджеттен бөлiнген қаржы, босатылатын және пайдаланылмайтын әскери мүлiк және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен қару-жарақ, әскери техника мен басқа да әскери мүлiк паркiн жаңғыртуды, техникалық қайта жарақтандыруды, жаңартуды жүргiзу;
      әскери-қорғаныс жүйесiнiң жекелеген құрауыштарын озық әлемдiк ұқсас нұсқаларға және HATО стандарттарына сәйкес келетiн қару-жарақ пен әскери техниканың жоғары технологиялық үлгiлерiне кезең-кезеңiмен көшiру;
      дамудың басым бағыттарын айқындау және отандық қорғаныстық-өнеркәсiптiк кешеннiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру, сондай-ақ қосарлы мақсаттағы өнiмдер шығару;
      әскерлердi жарақтандыру үшiн келiп түскен қару-жарақ пен әскери техниканы техникалық сүйемелдеу, жөндеу және жаңғырту жөнiнде кешендi орталықтар құру;
      қорғаныстық-өнеркәсiптiк кешен үшiн бiлiктi кадрлар даярлау;
      мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiнiң қажеттi деңгейiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi шешу үшiн әскери өнiмнiң, әскери мақсаттағы жұмыстар мен қызмет көрсетулердiң жаңа түрлерiн өндiру мақсатында стратегиялық инвесторлар тарту;
      қорғаныс мұқтажы үшiн өндiрiлетiн (сатып алынатын) өнiмдердi мемлекеттiк сынауды және сертификаттауды жүргiзу;
      өндiрiлетiн өнiмдi әскери қабылдау институтын дамыту;
      өткiзу нарығын кеңейту, экспорттық әскери өнiмдердiң номенклатурасы мен көлемдерiн арттыру жолымен отандық әскери-өндiрiстiк компаниялар мен кәсiпорындардың экспорттық әлеуетiн дамыту;
      елдiң әскери-экономикалық әлеуетiн арттыру мақсатында отандық қорғаныс өнеркәсiбiн нығайту, дамыту және қайта бейiндеу, әлемдiк тәжiрибенi және халықаралық әскери-техникалық ынтымақтастықты кеңiнен пайдалану.

4.2. Экономиканы жұмылдыра даярлау

      Экономиканы жұмылдыра даярлаудың мақсаты - мемлекеттiк басқару органдары жүйесiнiң соғыс уақытында жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге, ел экономикасын жұмылдыру кезеңiнде, соғыс жағдайында және соғыс уақытында Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, Қазақстан Республикасы халқының мұқтаждарын қамтамасыз етуге ұйымдасқан түрде көшiруге әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
      Экономиканы жұмылдыра даярлаудың мiндеттерi:
      Қазақстан Республикасында жұмылдыра даярлаудың және жұмылдырудың нормативтiк құқықтық базасын одан әрi жетiлдiру және оны нарықтық жағдайларға бейiмдеу;
      экономиканы басқару жүйесiн соғыс жағдайы және соғыс уақыты жағдайларында тұрақты жұмыс iстеуге дайындау;
      жұмылдыру тапсырмалары бар мемлекеттiк органдарды, ұйымдар мен кәсiпорындарды жұмылдыра даярлау жүйесiнiң тиiмдiлiгiн арттыру;
      жұмылдыру тапсырмаларын орындауда әр түрлi меншiк нысанындағы кәсiпорындар мен ұйымдардың экономикалық мүдделiлiк жүйесiн жетiлдiру.
      Экономиканы жұмылдыра даярлаудың негiзгі бағыттары:
      жұмылдыру қуаттылығының және жұмылдыру резервтерiнiң сақталуын қамтамасыз ету;
      өндiрiстердi жұмылдыру жөнiндегi тапсырыстарды (тапсырмаларды) орындау мақсатында соғыс жағдайы кезеңiнде және соғыс уақытында даярлау;
      жұмылдыра даярлау және жұмылдыру мүдделерiнде өнiмдердi жеткiзуге тапсырыстарды (тапсырмаларды) орындау, жұмыстар жүргiзу, қызмет көрсетулер ұсыну;
      жұмылдырушылық және мемлекеттiк резервтерде материалдық ресурстар қорларын жинақтау және сақтау;
      соғыс уақытына арналған конструкторлық және технологиялық құжаттаманың сақтандыру қорын игеру және сақтау;
      жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңiнде және соғыс уақытында әскери мiндеттi азаматтар қатарынан басшылық жасайтын құрамды, мамандарды, бiлiктi жұмысшылар мен қызметкерлердi брондау;
      Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға жеткiзу үшiн арналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экономикасы мүдделерiнде арнайы құралымдар мен техника дайындау.

4.3. Қазақстан Республикасының резервтер жүйесi

      Қазақстан Республикасының резервтер жүйесi Қазақстан Республикасының қорғанысын кепiлдi қамтамасыз ету және төтенше жағдайларды жою үшiн қаржылық, материалдық-техникалық және өзге де ресурстарды бөлу мақсатында құрылады.
      Резервтер жүйесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi құрады. Резервтер жүйесiнiң құрауыштарын басқаруды тиiстi уәкiлеттi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
      Материалдық-техникалық құралдар мен әскери мүлiктi өндiру мен олардың қорларын резервтер жүйесiнде жинақтау үшiн мемлекеттiк органдарға Қазақстан Республикасының 2006-2010 жылдарға арналған жұмылдыру жоспарына сәйкес, Қазақстан Республикасында жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру мiндеттерiн iске асыру шеңберiнде жұмылдыру тапсырмалары белгiленедi.
      Резервтер жүйесi қару-жарақтың, оқ-дәрiлер мен материалдық-техникалық құралдардың стратегиялық, жедел және әскери қорларын, сондай-ақ жұмылдыру резервтерiн қамтиды.
      Материалдық-техникалық құралдардың стратегиялық қорларын жинақтауды және ұстауды Қазақстан Республикасының Үкiметi ұйымдастырады.
      Материалдық-техникалық құралдардың стратегиялық қорларын есепке алуды және сақтауды тиiстi уәкiлеттi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
      Қару-жарақтың, оқ-дәрiлер мен материалдық-техникалық құралдардың жедел қорларын жинақтау мен ұстауды Қорғаныс министрлiгi, ал әскери қорларын жинақтау мен ұстауды - Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекеттiк органдары жүзеге асырады.
      Адами және көлiктiк жұмылдыру резервтерiн есепке алуды Қазақстан Республикасы Астана және Алматы қалаларының, облыстарының (қалаларының, аудандарының) қорғаныс iстерi жөнiндегi департаменттерi (басқармалары, бөлiмдерi) жүзеге асырады.
      Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, аумақтық және азаматтық қорғаныс үшiн жұмылдыру резервтерiн дайындау мен жинақтау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi Штабтар бастықтары комитетiнiң жалпы басшылығымен жүзеге асырылады.
      Резервтер жүйесiн жетiлдiру үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      жұмылдыру даярлығының және экономиканы бейбiт жағдайдан соғыс жағдайына көшiрудiң қажеттi нормативтiк құқықтық базасын әзiрлеудi;
      ел экономикасын жұмылдыру дайындығы мен халқын жұмылдыра даярлаудың тиiмдi жүйелерiн құруды;
      резервтер жүйесiнiң материалдық-техникалық базасын дамытуды, оны қазiргi заманғы өрттiк және күзеттiк белгi берумен жарақтандыруды;
      қажеттi мөлшерде материалдық құралдар жинақтауды және осы қорларды мемлекеттiк материалдық резервтерде ұстауды ұйымдастырады.

5. Қазақстан Республикасының халықаралық әскери
ынтымақтастығы

5.1. Халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық

      Қазақстан Республикасының халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына және халықаралық шарттарына сәйкес, сыртқы саяси және экономикалық орындылыққа сүйене отырып, әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мiндеттерiн теңгерiмдi шешу, Қазақстанның оның әлеуетiне барабар жаңа халықаралық деңгейге шығуы, өңiрлiк көшбасшы ұстанымын нығайту мақсатында жүзеге асырылады.
      Осы мақсатқа қол жеткiзу көпұлттық негiзде сенiм мен серiктестiк шараларын кеңейтумен және нығайтумен үйлесiмдiкте ұжымдық қауiпсiздiк жүйесін қалыптастыруды көздейді.
      Қазақстан Республикасы халықаралық тұрақтылық, ұлттық, өңiрлiк және жаһандық қауiпсiздiк мүдделерiнде тең құқықтық, өзара тиiмдiлiк және бейбiт көршiлiк принциптерi негiзiнде халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасы қару-жарақ, әскери мақсаттағы өнiмдердiң, қосарлы мақсаттағы қолданыстағы тауарлар мен технологиялардың экспортын бақылау саласындағы халықаралық мiндеттемелердiң мүлтiксiз сақталуын қамтамасыз етедi.
      Халықаралық әскери ынтымақтастықтағы басым бағыттарды Қазақстан Республикасы мыналар деп санайды:
      бiрыңғай қорғаныс кеңiстiгiн құру және ұжымдық әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi күш-жiгердi шоғырландыру қажеттiгiне сүйене отырып, Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттермен әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты жандандыру;
      өңiрдегi жалпы әскери-саяси мүдделер негiзiнде Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен стратегиялық серiктестiктi тереңдету;
      Қарулы Күштердi техникалық жаңғырту, әскери технологиялар трансфертi, кадрлар даярлау және өңiрдегi әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүдделерiнде әскери инфрақұрылымды дамыту мәселелерi бойынша Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастықты нығайту;
      Орталық Азия мемлекеттерiмен және басқа да елдермен әскери және әскери-техникалық салаларда ынтымақтастықты кеңейту;
      НАТО-ның басшылығымен терроризмге қарсы операцияларды және бейбiтшiлiктi қолдау жөнiндегi операцияларды жоспарлауда, өткiзуде және жан-жақты қамтамасыз етуде бiрлескен оқу-жаттығуларға қатысу мен тәжiрибе алмасу;
      "Бейбiтшiлiк жолындағы серiктестiк" бағдарламасы шеңберiнде, сондай-ақ верификатор-офицерлердi даярлау жөнiнде өңiрлiк орталықтар құру;
      әскери құралымдардың БҰҰ аясында бейбiтшiлiктi қолдау жөнiндегi операцияларға қатысуы.

5.2. Қазақстан Республикасының коалициялық әскери құрылысқа
қатысуы

      Қазақстан ұлттық қауiпсiздiктiң тиiмдi және қазiргi заманғы жүйесiн құра отырып, өңiрлiк және жаһандық қауiпсiздiк жүйелерiмен белсендi өзара iс-қимыл жасайды.
      Қазақстан Республикасы бiрлескен қауiпсiздiктi және ұжымдық қорғанысты қамтамасыз ету мүдделерiнде жүзеге асырылатын коалициялық әскери құрылыс шеңберiнде Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымына қатысушы мемлекеттермен ынтымақтастықты нығайтатын болады.
      Коалициялық әскери құрылыстың негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
      ҰҚШҰ шеңберiнде әскери саладағы ынтымақтастықты кеңейту;
      әскери саладағы нормативтiк құқықтық базаны келiсу;
      ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттердiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi орындауға даярлау.
      Коалициялық әскери құрылыстағы басым бағыттарды Қазақстан Республикасы мыналар деп санайды:
      ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттердiң ұжымдық әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау мен жүзеге асыру;
      әскерлердiң (күштердiң) коалициялық (өңiрлiк) топтарын және оларды басқару органдарын құру және даярлау, олардың жауынгерлiк дайындығының талап етiлетiн деңгейiн қолдау;
      ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттердiң қарулы күштерiн жалпы қауiпсiздiк пен ұжымдық қорғаныс мүдделерiнде қолдануды жоспарлау;
      ұжымдық қауiпсiздiк жүйесi күштерi мен құралдарының өзара iс-қимылы мәселелерiн жетiлдiру, бiрлескен iс-қимылдардың мазмұнын, нысандары мен тәсiлдерiн айқындау;
      келiсiлген бағдарламалар мен жоспарлар бойынша жалпы қауiпсiздiк пен ұжымдық қорғанысты қамтамасыз ету мүдделерiнде әскерлердi мақсаты бойынша мiндеттердi орындауға даярлау;
      халықаралық терроризмге, дiни экстремизмге, сепаратизмге, есiрткi бизнесiне қарсы күресте бiрлескен күш-жiгердi жандандыру және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау процесiне қатысу;
      Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымына қатысушы мемлекеттер арасындағы 1992 жылғы 15 мамырдағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негiзгi принциптерi туралы келiсiм шеңберiнде өзара тиiмдi әскери-техникалық ынтымақтастық;
      әскери ғылымды дамыту, әскери кадрлар даярлау.

5.3. Бiтiмгершiлiк қызмет

      Қазақстан Республикасы бiтiмгершiлiк қызметтi ұжымдық және ұлттық қауiпсiздiктi нығайту жөнiндегi өз саясатының маңызды құрамдас бөлiгi ретiнде қарастырады, оны пiсiп-жетiлген әскери-саяси дағдарыстар мен әскери жанжалдарды саяси құралдармен ертерек табу мен уақтылы болдырмаудың негiзгi құралдарының бiрi деп санайды.
      Бiтiмгершiлiк қызметтiң мақсаты қарулы жанжалды тоқтату және оны саяси реттеуге ықпал ететiн жағдайлар жасау болып табылады.
      Бiтiмгершiлiктiң халықаралық iстерде Қазақстанның әскери-саяси айқындамасының iлгерiлеуi мен мүдделерi үшiн маңызды мәнi бар, сондай-ақ халықаралық аренадағы елдiң беделiн елеулi дәрежеде көтередi.
      Осы мақсаттарда Қазақстан Республикасы оған берiлген мандат негiзiнде БҰҰ аясындағы бiтiмгершiлiк операцияларына белсендi қатысатын болады.
      Қазақстанның бiтiмгершiлiк қызметiндегi бастысы өңiрлiк және халықаралық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiнiң шешiмдерiне және жалпы танылған халықаралық құқық нормаларына сәйкес ұжымдық күш-жiгердi шоғырландыру iсiнде мемлекеттiң принциптiк айқындамасы болып табылады.
      Бiтiмгершiлiк әлеуеттi дамытудың тиiмдi құралдарының бiрi күшейтiлген инженерлiк-саперлiк және медициналық құрамы бар өңiрлiк бiтiмгершiлiк орталық құру болады.
      Бейбiтшiлiктi қолдау және қалпына келтiру жөнiндегi операцияларда мiндеттердi орындау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының халықаралық стандарттар бойынша арнайы дайындалған бөлiмшелерiне жүктеледi.
      Олардың бiтiмгершiлiк операцияларына қатысуы Қазақстан Республикасының Конституциясына , заңнамасына және бекiтiлген халықаралық шарттарына сәйкес қабылданатын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
      Бөлiнген контингенттi жеке құраммен жасақтау ерiктi негiзде жүргiзiледi.
      Бөлiнген контингент бiтiмгершiлiк операциясы барысында мынадай мiндеттердi орындауы мүмкiн:
      халықаралық қоғамдастық қабылдаған санкцияларды орындауды қамтамасыз ету мақсатында жанжал ауданын қоршау;
      жанжалдасушы тараптардың қарулы топтарын ажырату және оларды қарусыздандыру;
      атысты тоқтату, бейбiтшiлiк орнату және әскери iс-қимылдардың қайта туындауын болдырмау режимiн қамтамасыз ету;
      жергiлiктi жердi минадан тазарту, фортификациялық құрылыстар мен жаппай қырып-жою қаруын қолдану зардаптарын жою;
      жауынгерлiк техниканы, қаруды, оқ-дәрiлер мен жарылғыш заттарды құқыққа қарсы тасымалдауға, әкелуге және әкетуге бақылау мен оның жолын кесу;
      жергiлiктi жердi және бөлу аймағындағы халықтың iс-қимылын бақылау, тәртiпсiздiктерге қарсы iс-қимыл жасау;
      жергiлiктi билiк органдарына (құқық қорғау органдарына) құқық тәртiбiн қолдауда жәрдем ету, бұрынғы тұрған жерiне қайтып оралған адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      ізгiлiк көмек жүктерiн күзету және iлесiп жүру;
      жанжалды реттеу жөнiндегі келіссөздер үшiн ресми кездесулердiң қауiпсiздiгiн және бiтiмгершiлiк миссиялар персоналының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету.

6. Қорытынды

      Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы елдiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтiң қорғаныстың бағыттылығын айқындайды, Қазақстанның кез келген мемлекетаралық қайшылықтар мен жанжалдарды шешудiң әскери емес шараларына принциптiк бейiлдiлiгiн растайды.
      Әскери доктринаның ережелерi әлемдегi және өңiрдегi әскери-саяси жағдайдың өзгерулерi, әскери қатерлердiң сипаты мен мазмұны, мемлекеттiң әскери ұйымдарының даму бағыттары ескерiле отырып нақтыланатын және толықтырылатын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жыл сайынғы жолдауларында, әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамытудың бағдарламалық құжаттарында нақтыланатын болады.
      Қазақстан Республикасы өзiнiң халықаралық қауiпсiздiктi және жалпыға ортақ бейбiтшiлiктi қолдау, әскери жанжалдарды болдырмау мақсаттарына бейiлдiлiгiн растайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады