Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметi туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 13 қаңтардағы N 1874-XII Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 16 қаңтардағы № 70-V Заңымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР 2013.01.16 № 70-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Заңның тақырыбы өзгерді, мәтін бойынша сөздер алмастырылды - Қазақстан Республикасының 2002.07.10. N 338 Заңымен.

      Осы Заң Қазақстан Республикасы Шекара қызметiнiң құқылық негiздерiн, мақсатын, мiндеттерiн, ұйымдастырылу және қызмет принциптерiн, құрылымын, құзыретiн, сондай-ақ олардың қызметiн бақылау мен қадағалау түрлерiн белгiлейдi.

I. Жалпы ережелер

1-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметi

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметi (бұдан әрi - Шекара қызметi) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын күзету мен қорғауға, Қазақстан Республикасының егемендігіне, аумақтық тұтастығына және қол сұғылмауына қастандық жасалуының алдын алуға және жолын кесуге арналған.

      2. Шекара қызметiнiң - туы, оның iшiнде әскери-теңiз туы және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi пайдаланатын айырым белгiлерi, ал бiрлестiктердiң, құрылымдардың және жауынгерлiк бөлiмдердiң белгiленген үлгiдегi жауынгерлiк тулары болады.

      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң 1995.05.19. N 2283, 2002.07.10. N 338, 2007.12.19. N 11 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының Шекара қызметi туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының Шекара қызметi туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2002.07.10. N 338 Заңымен.

3-бап. Шекара қызметiнiң жұмыс қағидаттары

      Шекара қызметiнiң жұмысы заңдылық, iзгiлiк, жариялылық, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, астыртын әрекет ету, дара басшылық, ұлттық қауiпсiздiк органдары жүйесiнiң бiрлiгi қағидаттарына, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдармен, ұйымдармен және халықпен өзара iс-қимыл жасауға негiзделiп құрылады. Шекара қызметiнде саяси партиялардың қызметiне тыйым салынады.

      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-бап. Шекара қызметiнiң мiндеттерi

      Шекара қызметiнiң мiндеттерi:

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын, оның аумақтық тұтастығын және қол сұғылмауын, Мемлекеттiк шекарадағы экономикалық мүдделерiн күзету және қорғау;

      Қазақстан Республикасының аумақтық сулары (теңiзi) мен континенттiк қайраңын күзету;

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекара туралы заңдарының сақталуын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекара тәртiбi мәселелерi жөнiндегi халықаралық шарттарынан туындайтын мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарадағы қорғанысы мен қауiпсiздiгi мiндеттерiн шешуге қатысу;

      шекара өңiрiнде азаматтарды, табиғи байлықтарды және айналадағы ортаны қорғауда Қазақстан Республикасының құқық қорғау, табиғат қорғау органдарына жәрдемдесу.

      Мыналарды:

      егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе;

      Шекара қызметін қамтамасыз ететін жекелеген күштер мен құралдар Шекара қызметі Директорының шешімі бойынша табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою үшін тартылуы мүмкін болған жағдайларды қоспағанда, Шекара қызметін басқа мақсатта пайдалануға тыйым салынады.

      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2002.07.10. N 338, 2007.12.19. N 11 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-бап. Шекара қызметiн басқару, қаржы және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету

      1. Шекара қызметiне тiкелей басшылықты және оны басқаруды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Шекара қызметiнiң Директоры жүзеге асырады. Шекара қызметiнiң Директоры Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Төрағасының орынбасары болып табылады.

      2. Шекара қызметiнiң құрылымы мыналардан тұрады: Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен құрылатын Шекара қызметiнiң Орталық аппараты, арнаулы бiрлестiктер, құрамалар, авиациялық, теңiз, арнаулы және басқа да бөлімдер.

      3. Шекара қызметi штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.

      4. Шекара қызметiнiң жұмысын қаржыландыру мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк органдарын қамтуға көзделген бюджет қаражаты шегiнде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 2002.07.10 N 338 Заңымен, өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап күшіне енеді), 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-1-бап. Шекара қызметiнiң мекемелерi

      Ескерту. 5-1-бап алып тасталды - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-бап. Шекара қызметiнiң жұмысына басшылық ету және оны бақылау

      Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң жұмысына басшылықты және бақылау жасауды жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

II. Шекара қызметiнiң мiндеттерi мен құқықтары

7-бап. Шекара қызметiнiң мiндеттерi

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын күзете отырып, Шекара қызметi:

      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасының өтетін жерін заңсыз өзгертуге ұмтылу әрекеттерінің жолын кесуге;

      2) Қазақстан Республикасының аумағына қарулы басып кiруге тойтарыс беруге, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасында қарулы және өзге де арандатушылықтың жолын кесуге, халықты, мемлекеттiк және жеке меншiктi аталған қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғауға;

      3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасынан өткiзу пункттерiнен тыс жерлерден немесе заңсыз әдiстермен адамдардың және көлiк құралдарының өтуiнің, сондай-ақ жүктер мен тауарларды өткізудің алдын алуға және оған жол бермеуге, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын бұзушыларды анықтауға және ұстауға;

      4) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы адамдарды, көлiк құралдарын, жүктердi және тауарларды белгiленген тәртiппен өткiзудi жүзеге асыруға;

      5) Қазақстан Республикасына әкелуге немесе одан әкетуге тыйым салынған жарылғыш, уландырғыш, радиоактивтi, есiрткi заттарын, қаруды, оқ-дәрiлердi, басқа да заттарды, сондай-ақ контрабандалық заттарды Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткізудің белгiленген тәртiппен дербес немесе кеден органдарымен бiрлесе отырып жолын кесуге;

      6) мемлекеттiк шекара режимі мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан туындайтын мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етуге;

      7) дербес немесе iшкi iстер органдарымен бiрлесе отырып, шекара режимінің сақталуын бақылауға;

      8) дербес немесе iшкi iстер органдарымен халықаралық ұшу сапарлары үшiн ашық әуежайлардың (әуе айлақтарының), шекаралық темiржол станцияларының, теңiз және өзен порттарының, халықаралық автокөлік тасымалдары қызметтерiнiң әкiмшiлiгiмен бiрлесе отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өту пункттерiнде белгiленген режимнің орындалуын бақылауға;

      9) Қазақстан Республикасының аумақтық суларында (теңiзiнде) және шекаралық өзендер мен өзге де су айдындарының қазақстандық бөлiгiндегi iшкi суларда қазақстандық және шетелдiк әскери емес кемелер мен әскери корабльдердiң жүзуi мен болуының белгiленген тәртiбiн сақтауын бақылауды жүзеге асыруға;

      10) шекаралық қызмет атқару аудандарында Қазақстан Республикасының арнайы уәкiлдiк берiлген органдарының қоршаған ортаны қорғауға бақылау жасау, кәсiпшiлiк қызмет қағидаларын сақтау жөнiндегi қызметiне қажеттi жәрдем көрсетуге міндетті.

      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

8-бап. Шекара қызметiнiң құқықтары

      Шекара қызметiнiң:

      1) шекара кеңiстiгi шегiнде шекаралық нарядтар қоюға, қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде жолдармен, соқпақтармен және маршруттармен жүрiп-тұруға, құжаттарды тексеруге, көлiк құралдарын және оларға тиелген жүктер мен тауарларды тексерiп қарауға, көлiк құралдарына ілесіп жүруге және оларға шекаралық нарядтар қоюға;

      2) белгіленген тәртіппен қажеттi инженерлiк-техникалық құрылыстар салуға, байланыс және коммуникация желiлерiн салуды жүзеге асыруға, техника мен қару-жарақты орналастыруға және пайдалануға;

      3) Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңнамасына сәйкес заң бойынша өз қарауына жатқызылған iстер бойынша тергеу жүргiзуге;

      4) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкiмшiлiк ұстауды жүзеге асыруға, хаттамалар жасауға және өзiнiң қарауына жататын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзуге;

      5) әкiмшiлiк ұстауға алынған адамдарды осы мақсатта арнайы жабдықталған орындарда ұстауға;

      6) өзiнiң қарауына жататын құқық бұзушылықтың мән-жайын анықтау үшiн Шекара қызметiнiң бөлiмшелерiне адамдарды шақыруға және заңмен белгiленген жағдайларда оларды сонда әкелуге құқығы бар. Қажетті жағдайларда аталған құқық бұзушылықтардың мән-жайын анықтау өзге жерлерде де жүзеге асырылуы мүмкiн;

      7) Шекара қызметiнiң құзыретiне жататын құқық бұзушылыққа қарсы күресте, оның алдын алуды жүзеге асыруға;

      8) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын күзету мүдделерi үшiн жедел-iздестiру қызметін жүргiзуге, шекара маңындағы аудандардың құқық қорғау органдарының, ұйымдарының дерекқорын пайдалануға;

      9) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өтетiн адамдардың Қазақстан Республикасына келуiне немесе Қазақстан Республикасынан кетуіне құқық беретiн құжаттарын тексеруге, оларға тиiстi белгiлер соғуға және қажет болған жағдайда оларды алып қоюға, шетелде немесе Қазақстан Республикасында болған кезiнде құжаттарын жоғалтып алған Қазақстан Республикасының азаматтары мен басқа да адамдарды олардың кiм екенi анықталғанға дейiн өткiзбей, режим аймағында немесе осы мақсаттар үшiн арнайы жабдықталған орындарда қалдыруға;

      10) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өтiп бара жатқан адамдардың көлiк құралдарын, жүктерi мен тауарларын белгіленген тәртіппен дербес немесе кеден органдарымен бiрлесе отырып қарап тексеруді жүзеге асыруға;

      11) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы алып өтетiн, Қазақстан Республикасынан әкетуге немесе әкелуге тыйым салынған заттарды, сондай-ақ контрабанда бұйымдарын белгiленген тәртiппен алып қоюға;

      12) көлiк құралдарының Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өту пункттерiнде тоқтау (аялдау) орны мен аялдау ұзақтығын мүдделi ұйымдармен бiрлесе отырып анықтауға;

      13) Қазақстан Республикасының аумақтық және iшкi суларында жүзу кезiнде немесе кемелер Қазақстан порттарында тұрған кезде құқық бұзушылықтарға жол берген шетелдiк әскери емес кемелер экипаждары мүшелерiнiң және онда болған басқа да адамдардың жағаға шығуына және жағада болуына тыйым салуға;

      14) Қазақстан Республикасының мүдделерiне қатер төнген жағдайда, шекаралық белдеуде азаматтардың болуын, көлiктiң жүрiсiн және жұмыстар жүргiзудi уақытша шектеуге, бұған қорғаныстық маңызы бар жұмыстар, халықаралық мiндеттемелердi орындау мен табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан туындаған зардаптарды жоюға байланысты жұмыстар қосылмайды;

      15) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын бұзушылардың ізіне түскен кезде кез келген жер учаскелерімен және акваториялармен жүруге, ұйымдардың үй-жайларына және азаматтардың тұрғын (тұрғын емес) үй-жайларына кiруге;

      16) байланыс құралдарын қызмет мақсатында пайдалануға, ал Қазақстан Республикасының аумағына басып кiруге тойтарыс беру кезінде, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасындағы арандату әрекеттерiнің жолын кесу кезінде ұйымдардың, ал қажет болған жағдайда шығындарды кейiннен өтей отырып, азаматтардың келісімімен олардың көлiк құралдарын пайдалануға;

      17) заңдарда көзделген тәртiппен және жағдайларда қаруды, ұрыс техникасын, арнаулы құралдар мен қызметтік жануарларды пайдалануға;

      18) шекара аудандарының елдi мекендерiнде және Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын күзетуге қатысу үшiн жергiлiктi тұрғындардан ерiктi құралымдар құруға;

      19) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен, Шекара қызметiнiң құрамалары мен бөлiмдерiнiң қызметтiк-жауынгерлiк қызметін қамтамасыз ету мақсатында арнаулы техника сатып алуға;

      20) шектес мемлекеттердiң шекара өкiлдерiмен мемлекеттiк шекара режимін сақтап тұру, шекарадағы жанжалдарды реттеу, ақпарат алмасу мәселелерi бойынша хат алысуды жүргiзуге;

      21) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шекара мәселелерi бойынша келiссөздер жүргiзу үшiн өзара уағдаластық бойынша шектес мемлекеттердiң өкiлдерiн Қазақстан Республикасының аумағына шақыруға және шектес мемлекеттердiң аумағына өтуге;

      22) мемлекеттiк органдар мен заңды тұлғаларға, сондай-ақ өзге де ұйымдарға Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасына қатысты құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстар енгiзуге;

      23) ақпараттық дерекқор құруға;

      24) өтеусіз негізде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және ратификацияланған халықаралық шарттарда көзделген тәртіппен басқа мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен ақпарат алмасуды жүзеге асыруға;

      25) Қазақстан Республикасының заңнамасына, халықаралық шарттарға, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған қағидаттары мен нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын күзету бойынша басқа да iс-қимылдарды жүзеге асыруға құқығы бар.

      Бұдан басқа, аумақтық сулар (теңiз) мен iшкi суларда, шекаралық өзендер мен өзге де су айдындары суларының қазақстандық бөлiгiнде әскери емес кемелерге қатысты Шекара қызметiнiң:

      1) егер кеме сұрау салу дабылдарына жауап бермесе, Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын шарттарда және тәртiппен жүзуге тыйым салынған ауданда жүрсе, Қазақстан Республикасының суларына кiру, оларда жүзу және болу тәртiбiн бұзса, осы кеменi тоқтатуға және оны қарап-тексеруге құқығы бар. Кеменi қарап тексеру кемені және жүзу құжаттарын, экипаж мүшелерi мен жолаушылардың құжаттарын, жүк құжаттарын, ал қажет болған жағдайларда кеменiң iшiн тексерудi қамтиды. Кеменi қарап-тексеру нәтижелерi бойынша оған белгiленген қағидаларды сақтай отырып, Қазақстан Республикасының суларында жүзудi (болуды) жалғастыруға рұқсат берiлуi немесе Қазақстан Республикасының суларынан кету ұсынылуы мүмкiн немесе ол қылмыстық iс жүргiзу немесе әкiмшiлiк заңнамаға сәйкес ұсталуы мүмкiн;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша қылмыстық немесе әкiмшiлiк жауапқа тартылуға тиiстi адамдарды ұстауға, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, бұл адамдарды анықтау және тергеу органдарына немесе тиісті органдарға беруге;

      3) егер iзге түсу кеменің дабылды көруiне немесе естуiне мүмкiндiк беретiн қашықтықтан көру немесе дыбыс дабылы берiлгеннен кейiн Қазақстан Республикасының шекаралық суларында басталып, үздiксiз жүргiзiлген болса, Қазақстан Республикасының шекаралық суларында жүзу (болу) заңдарын немесе қағидаларын бұзған кеменi, ол кеме өз елiнiң немесе үшiншi бiр мемлекеттiң аумақтық суларына кiргенге дейiн ізіне түсуге және ұстауға;

      4) егер ту көтерiлмесе, кемеге өз туын көрсету жөнiнде ұсыныс жасауға;

      5) егер кеме жүзуге тыйым салынған ауданға жүзiп бара жатса немесе басқа да жүзу режимiн бұзушылықтарға әкеп соқтыруы мүмкiн болса, кемеге бағытын өзгерту жөнiнде ұсыныс жасауға құқығы бар.

      Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

III. ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНІҢ КАДРЛАРЫ ЖӘНЕ ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНДЕ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ ӨТКЕРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 3-тарау жаңа редакцияда - ҚР2007.12.19. N 11 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

9-бап. Шекара қызметінің кадрлары және Шекара қызметінде әскери қызмет өткеру ерекшеліктері

      Шекара қызметiнiң кадрлары әскери қызметшiлерден және қызметкерлерден тұрады.

      Шекара қызметiнде әскери қызмет өткеру заңдарда және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде айқындалатын тәртiппен жүзеге асырылады.

      Шекара қызметi әскери қызметшiлерiнiң Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiне арналған бiрыңғай әскери атақтары мен айырым белгiлерi болады. Шекара қызметi әскери қызметшiлерiнiң әскери киiм нысаны мен айырым белгiлерiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi, олармен жабдықтау нормаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

      Шекара қызметiнiң офицерлерi – белгiленген үлгiдегi куәлiктермен, солдаттар (матростар) мен сержанттар (старшиналар) әскери билеттермен қамтамасыз етiледi.

      Шекара қызметi шақыру бойынша әскери мiндеттiлiк негiзiнде және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен әскери қызметке ерiктi түрде (келiсiмшарт бойынша) тұру жолымен әскери қызметшiлерден жасақталады.

      Шекара қызметi үшiн кадрлар мен мамандарды даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру Қазақстан Республикасының жоғары, орта кәсiптiк, әскери және арнайы оқу орындарында, оқу жасақтарында, орталықтарында (мектептерiнде), сондай-ақ келiсiмдер (шарттар) бойынша шет мемлекеттерде жүзеге асырылады.

      Шекара нарядтарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын күзету және қорғау жөнiндегi қызметтi атқару жауынгерлiк кезекшiлiк (жауынгерлiк қызмет) болып табылады.

      Шекара қызметiнiң әскери қызметшiлерi қызметтiк мiндеттерiн атқарған кезде билiк өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.

      Заңмен уәкiлеттiк берілген лауазымды адамдардан басқа ешкiмнiң де Шекара қызметiнің қызметтік әрекетіне араласуға құқығы жоқ.

      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

10-бап. Шекара қызметінің қызметкерлері

      Шекара қызметiндегi қызметкерлердің еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледi.

      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

IV. ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ, ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАЛУЫ ЖӘНЕ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

11-бап. Шекара қызметi әскери қызметшiлерiнiң құқылық жағдайы және әлеуметтiк қорғалуы

      Шекара қызметi әскери қызметшiлерiнiң құқылық жағдайы және әлеуметтiк қорғалуы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес анықталады.

      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң 1995.05.19. N 2283 жарлығымен, 2002.07.10. N 338 Заңымен.

12-бап. Шекара қызметi әскери қызметшiлерiнiң жауаптылығы

      Шекара қызметiнің әскери қызметшiлерi құқыққа қарсы әрекеттерi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

Қазақстан Республикасының
Президентi



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады