Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту жөніндегі шаралар туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 13 сәуірдегі N 314 Жарлығы.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 20) тармақшасына сәйкес ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі - Мемлекеттік комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Мемлекеттік комиссия туралы ереже;

      2) Мемлекеттік комиссияның лауазымдық құрамы бекітілсін.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2011.12.22 N 204; 06.08.2014 № 888 Жарлықтарымен.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі 2007 жылғы 4-тоқсанда "Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы" мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлесін және Қазақстан Республикасы Президентінің бекітуіне енгізсін.

      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

  Қазақстан Республикасы
  Президентінің
  2007 жылғы 13 сәуірдегі
  № 314 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.10.03 N 401 Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі - Мемлекеттік комиссия) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Мемлекеттік комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Мемлекет басшысының актілерін және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Мемлекеттік комиссия төрағадан, оның орынбасары мен Мемлекеттік комиссия мүшелерінен тұрады.

      4. Мемлекеттік комиссияның лауазымдық құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 06.08.2014 № 888 Жарлығымен.

2. Мемлекеттік комиссияның міндеттері мен функциялары

      5. Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру, теңгерімдік құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 2500000 еселенген мөлшерінен асатын мемлекеттік ұйымдарды және ұлттық басқарушы холдингтердің және олармен үлестес өзге де заңды тұлғалардың еншілес, тәуелді ұйымдарын, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының бәсекелес ортаға беруге жататын еншілес және тәуелді ұйымдарын мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан дағдарысқа қарсы бөлінген қаражатты қайта пайдалану мәселелері жөнінде ұсынымдық шешімдер әзірлеу Мемлекеттік комиссияның міндеті болып табылады.

      Есскерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 15.01.2016 № 177 Жарлығымен.

      6. Мемлекеттік комиссия осы міндеттерді орындау үшін:

      1) Қазақстанның экономикасын индустриялық-инновациялық дамыту, жаңғырту мәселелері бойынша, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан дағдарысқа қарсы бөлінген қаражатты қайта пайдалану, сондай-ақ теңгерімдік құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 2500000 еселенген мөлшерінен асатын мемлекеттік ұйымдарды және ұлттық басқарушы холдингтердің және олармен үлестес өзге де заңды тұлғалардың еншілес, тәуелді ұйымдардың, сондай-ақ "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының бәсекелес ортаға беруге жататын еншілес және тәуелді ұйымдарын мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру мәселелері бойынша ұсынымдық шешімдер шығарады;

      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген дағдарысқа қарсы қаражаттың мақсатты және тиімді пайдаланылуына мониторинг, сондай-ақ Қазақстан экономикасын индустриялық-инновациялық дамыту, жаңғырту мәселелері бойынша қабылданған шешімдерді іске асыру жөнінде мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар қабылдаған шараларға мониторинг жүргізеді;

      3) орталық атқарушы органдардан және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарынан өзіне жүктелген міндеттерді орындауға қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратады.

      Есскерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 15.01.2016 № 177 Жарлығымен.

3. Мемлекеттік комиссияның қызметін ұйымдастыру

      7. Мемлекеттік комиссияның қызметіне басшылық жасауды Мемлекеттік комиссияның төрағасы жүзеге асырады.

      8. Төраға болмағанда оның міндеттерін төрағаның орынбасары атқарады.

      9. Мемлекеттік комиссия өз қызметін Мемлекеттік комиссияның төрағасы бекітетін, мемлекеттік органдардың ұсынысы бойынша жұмыс органы жасайтын тоқсан сайынғы жоспарлар негізінде жүзеге асырады.

      Мемлекеттік комиссияның қарауына шығару үшін ұсынылған мәселелер мүдделі мемлекеттік органдармен міндетті түрде келісіледі. Республикалық бюджеттен қаражат бөлуді көздейтін мәселелер бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен міндетті келісуге жатады.

      Мүдделі мемлекеттік органдардың арасында келіспеушіліктер туындаған жағдайда, мәселе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің жетекшілік ететін орынбасарында қаралады, оның қараудың қорытындысы бойынша жұмыс органы Мемлекеттік комиссия төрағасының атына осы мәселені Мемлекеттік комиссияның отырысына шығару не шығармау туралы хат жолдайды.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.08.2013 № 620 Жарлығымен.

      10. Мемлекеттік комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі болып табылады, оның функциялары:

      1) Мемлекеттік комиссияның отырыстарына дайындықты қамтамасыз ету;

      2) алдағы кезеңге арналған тоқсан сайынғы жоспар жобаларын қалыптастыру және алдағы тоқсандағы бірінші айдың 1-күніне дейін кемінде 15 күнтізбелік күн бұрын Мемлекеттік комиссияның төрағасына бекітуге енгізу;

      3) есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне мемлекеттік органдар ұсынатын деректер негізінде тапсырмаларды орындау жөніндегі атқарылған жұмыс туралы қорытылған ақпаратты есепті айдан кейінгі айдың 25-күніне дейін жарты жылда бір рет Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жолдау;

      4) тоқсан сайынғы жоспардың көшірмесін Мемлекеттік комиссияның мүшелеріне, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға оны алған күнінен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей жіберу;

      5) тоқсан сайынғы жоспарда көзделген отырыстың күн тәртібінің мәселелері бойынша материалдарды (анықтамалар, тұсаукесерлер, хаттамалық шешімдердің жобалары, сөйлеушілер мен қатысушылардың тізімдері) жинау және Мемлекеттік комиссияның отырыстарын өткізу мерзімдерінің жоспарына сәйкес белгіленген отырыс өткізілгенге дейін кемінде бір жұмыс күні бұрын Мемлекеттік комиссияның төрағасына ұсыну;

      6) Мемлекеттік комиссияның отырысы хаттамасының жобасын Мемлекеттік комиссияның мүшелеріне келісуге және бұрыштама қоюға жіберу болып табылады.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 27.03.2013 N 533; 06.08.2014 № 888 Жарлықтарымен.

      11. Мемлекеттік комиссия төрағасының шешімі және жұмыс органының ұсыныстары бойынша қарауға жоспардан тыс мәселелер шығарылатын кезектен тыс отырыстар шақырылуы мүмкін.

      Кезектен тыс отырыс өткізілетін күн, оған шығарылатын мәселелер бойынша материалдар ұсыну және Мемлекеттік комиссия мүшелерінің өз қатысуын растау мерзімі Мемлекеттік комиссия төрағасының кезектен тыс отырысты шақыру туралы шешімінде айқындалады.

      12. Мемлекеттік комиссияның тоқсан сайынғы жоспарына алдағы тоқсанға арналған мәселелерді енгізу үшін мүдделі мемлекеттік органдар жұмыс органына өз ұсыныстарын (тиісті материалдарды) жоспарланғаннан кейінгі тоқсанның соңғы айының 1-күніне дейін береді.

      13. Мүдделі мемлекеттік органдар Мемлекеттік комиссияның тоқсан сайынғы жұмыс жоспарын алған соң өздеріне тоқсан сайынғы жоспарда жүктелген іс-шараларды уақтылы ұйымдастырады. Отырыстың күн тәртібінің мәселелері бойынша материалдар (мәселе бойынша анықтама, тұсаукесерлері, хаттамалық шешімнің жобасы, сөйлеушілер мен қатысушылар тізімі) жұмыс органына тоқсан сайынғы жоспарға сәйкес айқындалған отырыс өткізілгенге дейін кемінде екі жұмыс күні бұрын берілуі тиіс.

      14. Мемлекеттік комиссияның отырысы Мемлекеттік комиссия төрағасының бастамасымен жоспарланған отырысқа дейін екі жұмыс күнінен кешіктірілмеЙ шақырылады.

      15. Отырыс басталғанға дейін кемінде бір жұмыс күні бұрын Мемлекеттік комиссияның мүшелері отырысқа өздерінің қатысатынын растайды.

      16. Мемлекеттік комиссияның отырыстары оның мүшелерінің жалпы санының үштен екісі қатысқан кезде заңды болады. Мемлекеттік комиссияның мүшелері оның отырыстарына ауысу құқығынсыз қатысады.

      17. Мемлекеттік комиссияның шешімдері оның отырысына қатысушы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және жүргізілген дәлжазбаның негізінде хаттамамен ресімделеді. Мемлекеттік комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған кезде төрағалық етуші берген дауыс шешуші болып табылады.

      Мемлекеттік комиссия хаттамасының көшірмесі Мемлекеттік комиссияның барлық мүшелеріне және мүдделі мемлекеттік органдар мен тұлғаларға жіберіледі.

      18. Мемлекеттік комиссияның мүшелері хаттаманың жобасын, оны алған күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде келіседі және бұрыштама қояды.

      19. Мемлекеттік комиссияның алдына қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында оның шешімдерімен Мемлекеттік комиссияның жанынан жұмыс топтары құрылады, олардың құрамы мен міндеттері Мемлекеттік комиссияның хаттамасымен айқындалады.

      20. Мемлекеттік комиссияның отырыстарына оның мүшелері болып табылмайтын лауазымды адамдар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.

      21. Алып тасталды – ҚР Президентінің 29.06.2024 № 591 Жарлығымен.

      22. Мемлекеттік комиссияның қызметі Қазақстан Республикасының Президенті шешімінің негізінде тоқтатылады.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2007 жылғы 13 сәуірдегі
№ 314 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның
ЛАУАЗЫМДЫҚ ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Құрамы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 29.06.2024 № 591 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, төраға

      Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін кеңесшісі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарлары

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Көлік министрі

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

      Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады