Беларусь Республикасындағы, Қазақстан Республикасындағы және Ресей Федерациясындағы Техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 15 қарашадағы № 1102 Жарлығы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Беларусь Республикасындағы, Қазақстан Республикасындағы және Ресей Федерациясындағы Техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Естайұлы Шөкеевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізу құқығымен Қазақстан Республикасының атынан Беларусь Республикасындағы, Қазақстан Республикасындағы және Ресей Федерациясындағы Техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президент                                Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы 
Президентінің      
2010 жылғы 15 қарашадағы
№ 1102 Жарлығымен   
МАҚҰЛДАНҒАН      

Беларусь Республикасындағы, Қазақстан Республикасындағы және
Ресей Федерациясындағы Техникалық реттеудің бірыңғай
қағидаттары мен қағидалары туралы
КЕЛІСІМНІҢ ЖОБАСЫ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы,
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі кеден одағында (бұдан әрі - кеден одағы) интеграциялық процестерді тереңдетіп, жеделдету және Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру мақсатында, 2005 жылғы 24 наурыздағы ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің техникалық регламенттерін үйлестіру негіздері туралы келісімде, 2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімде, 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының кедендік аумағында сәйкестікті міндетті бағалауға (растауға) жататын өнімнің айналымы туралы келісімде, 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Сертификаттау (сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі органдарды және сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі жұмыстарды орындайтын сынақ зертханаларын (орталықтарын) аккредиттеуді өзара тану туралы келісімде және 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы шартта белгіленген ережелерді назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
      кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкестігі туралы декларация (сәйкестік туралы декларация) - дайындаушы (дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, өнім беруші, сатушы) кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағында айналымға шығарылатын өнімнің кеден одағы техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжат;
      сәйкестікті декларациялау - дайындаушының (дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның, өнім берушінің, сатушының) айналымға шығарылатын өнімнің кеден одағы техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін растау нысаны;
      кеден одағына мүше мемлекеттер нарығындағы өнім айналымының бірыңғай белгісі (өнім айналымының бірыңғай белгісі) - сатып алушылар мен тұтынушыларға айналымға шығарылатын өнімнің кеден одағы техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігі туралы ақпарат беру үшін қызмет атқаратын белгілеме;
      кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкестігі туралы сертификат (сәйкестік сертификаты) - сертификаттау (сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі орган айналымға шығарылатын өнімнің кеден одағы техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжат;
      сертификаттау - сертификаттау (сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі органның айналымға шығарылатын өнімнің кеден одағы техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін міндетті растау нысаны;
      кеден одағының техникалық регламенті - өнімге не өнімге қойылатын талаптармен байланысты өндіру, монтаждау, жөнге келтіру, пайдалану (қолдану), сақтау, тасу (тасымалдау), өткізу және кәдеге жарату процестеріне қойылатын кеден одағының кедендік аумағында қолдану және орындау үшін міндетті талаптарды белгілейтін, Кеден одағы комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) бекіткен құжат;
      сәйкестікті бағалаудың үлгі схемасы - кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкестікті бағалау жөніндегі жұмыстарды орындаудың үлгі тәсілдерін белгілейтін қағидалар мен рәсімдердің жиынтығы.
      Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар 2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімде белгіленген мағынада пайдаланылады.
      2. Осы Келісімнің қолданысы санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық шараларды белгілеуге және қолдануға таратылмайды.

2-бап

      1. Тараптар 2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімнің 2-бабының ережелерін басшылыққа ала отырып, техникалық реттеу саласында келісілген саясат жүргізеді.
      2. Кеден одағының техникалық регламенттерінің кеден одағының кеден аумағында тікелей әсері болады.
      3. Айналымға шығарылатын өнімнің кеден одағы техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін бағалау (растау) оны айналымға шығарғанға дейін жүзеге асырылады.
      4. Тараптар кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкес келетін өнім айналымын өз мемлекеті аумағында осындай өнімге кеден одағының техникалық регламентінде қамтылған талаптарға қатысы бойынша қосымша талаптар қоймай және қосымша сәйкестікті бағалау (растау) рәсімдерін өткізбей қамтамасыз етеді.
      5. Өнімнің кеден одағы техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін бағалау (растау) нәтижелерінің салыстырмалылығын қамтамасыз ету мақсатында Тараптар өлшем бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған келісілген саясат жүргізеді.

3-бап

      1. Техникалық реттеу саласында кеден одағының нормативтік құқықтық базасын қалыптастыру мақсатында Тараптардың ұсынысы бойынша оған қатысты кеден одағы шеңберінде міндетті талаптар белгіленетін Бірыңғай өнім тізбесі (бұдан әрі - Бірыңғай тізбе) қалыптастырылады.
      2. Оған қатысты кеден одағының техникалық регламенттері немесе ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенттері күшіне енбеген Бірыңғай тізбеге енгізілген өнім үшін Тараптар мемлекеттерінің техникалық реттеу саласындағы заңнамалық нормалары қолданыста болады.
      3. Бірыңғай тізбені және оны жүргізу тәртібін Комиссия бекітеді.
      4. Тараптар өз заңнамасында Бірыңғай тізбеге енгізілмеген өнімге қатысты міндетті талаптар белгіленуіне жол бермейді.

4-бап

      1. Егер осындай өнімге қатысты ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенттері қабылданбаса, кеден одағының техникалық регламенттері Бірыңғай тізбеге енгізілген өнімге ғана қатысты әзірленеді.
      Кеден одағының техникалық регламенті қабылданған өнімге қатысты ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенті қабылданған жағдайда, кеден одағы техникалық регламентінің немесе оның тиісті бөлігінің қолданысы ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенті күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.
      2. Кеден одағының техникалық регламенттері кеден одағы аумағында азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, қоршаған ортаны қорғау, тұтынушыларды жаңылуға әкеп соқтыратын іс-әрекеттен сақтандыруды қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ энергетикалық тиімділік және қор үнемдеу мақсатында әзірленеді және қабылданады.
      Кеден одағының техникалық регламенттерін өзге мақсаттарда қабылдауға жол берілмейді.
      3. Кеден одағының техникалық регламенттерінде өнімге не өнімді өндіру, монтаждау, жөнге келтіру, тұтыну (пайдалану), сақтау, тасу (тасымалдау), өткізу және кәдеге жарату процестеріне қойылатын талаптарға байланысты өнімге қойылатын талаптарға, сондай-ақ сәйкестендіру қағидалары, нысандары, схемалары және сәйкестікті бағалау (растау) рәсімдері белгіленеді.
      Кеден одағының техникалық регламентінде терминологияға, буып-түюге, таңбалауға, зат белгілерге және олардың салыну қағидаларына қойылатын талаптарда, сондай-ақ өндіріс процестеріне немесе әдістеріне қойылатын санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық талаптар болуы мүмкін.
      Кеден одағының техникалық регламенттері Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің 2006 жылғы 27 қазандағы № 321 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың техникалық регламентінің үлгі құрылымы жөніндегі ұсынымдарына сәйкес әзірленеді.
      4. Кеден одағының техникалық регламенттерін әзірлеуге арналған негіз ретінде тиісті құжаттар болмайтын, оның ішінде климаттық, географиялық факторлар немесе технологиялық және басқа ерекшеліктердің салдары кеден одағының техникалық регламенттерін қабылдау мақсаттарына сәйкес келмейтін жағдайларды қоспағанда, тиісті халықаралық стандарттар (стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдар қабылдаған ережелер, директивалар мен ұсынымдар және өзге де құжаттар), ал олар болмаған жағдайда өңірлік құжаттар (регламенттер, директивалар, шешімдер, стандарттар, қағидалар және өзге де құжаттар), ұлттық (мемлекеттік) стандарттар, ұлттық техникалық регламенттер немесе олардың жобалары қолданылады.
      5. Кеден одағының техникалық регламенттерінде Тараптар мемлекеттерінің климаттық, географиялық ерекшеліктеріне немесе технологиялық факторларға байланысты ерекшеліктерді көрсететін және осындай Тараптар мемлекеттерінің аумағында ғана қолданылатын ерекше талаптар болуы мүмкін.

5-бап

      1. Кеден одағының техникалық регламенттерін әзірлеу, қабылдау, өзгерістер енгізу және жою тәртібін Кеден одағының комиссиясы белгілейді.
      2. Кеден одағының техникалық регламенті консенсус негізінде кеден одағы комиссиясының шешімімен қабылданады.
      3. Кеден одағының техникалық регламентін қолданысқа енгізу тәртібі және қажет болған кезде өтпелі ережелері техникалық регламентте және (немесе) Кеден одағы комиссиясының кеден одағының техникалық регламентін қабылдау туралы шешімінде анықталады.
      4. Тараптар мемлекеттерінің аумағында кеден одағының техникалық регламент күшіне енген күннен бастап Тараптардың заңнамасында белгіленген тиісті міндетті талаптар қолданылмайды.

6-бап

      1. Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкестігін бағалау (растау) мақсаттары үшін халықаралық, өңірлік стандарттарды, ал олар болмаған кезде өңірлік стандарттарды қабылдағанға дейін - Тараптардың ұлттық (мемлекеттік) стандарттарын қолдануға болады.
      2. Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарын орындау мақсатында Комиссия халықаралық, өңірлік стандарттардың, ал олар болмаған жағдайда ерікті негізде қолдану нәтижесінде кеден одағының қабылданған техникалық регламентінің талаптарын сақтау қамтамасыз етілетін Тараптардың ұлттық (мемлекеттік) стандарттарының тізбесін бекітеді.
      3. Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкестігін бағалау (растау) кезінде зерттеулер (сынақтар) мен өлшеулер жүргізу мақсатында Комиссия өңірлік стандарттардың, ол болмаған жағдайда сынау мен өлшеулердің қағидалары мен әдістерін, оның ішінде кеден одағының қабылданған техникалық регламентінің талаптарын қолдану мен орындау үшін және сәйкестікті бағалауды (растауды) жүзеге асыру үшін қажетті үлгілерді іріктеу қағидаларын қамтитын Тараптар мемлекеттерінің ұлттық (мемлекеттік) стандарттарының тізбесін бекітеді.

7-бап

      1. Оған қатысты кеден одағының техникалық регламенті (техникалық регламенттері) қабылданған өнім кеден одағының техникалық регламентінде (техникалық регламенттерінде) белгіленген сәйкестікті бағалаудың (растаудың) қажетті рәсімдерінен өткен жағдайда кеден одағының кедендік аумағында айналымға шығарылады.
      Кеден одағының техникалық регламентінде белгіленген сәйкестікті бағалау тіркеу, сынау, сәйкестікті растау (сәйкестікті декларациялау, сертификаттау), сараптама жасау және/немесе өзге нысанда жүргізіледі.
      2. Өнімнің кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкестігін міндетті растау сәйкестікті декларациялау немесе сертификаттау нысандарында жүзеге асырылады. Сәйкестікті бағалау (растау) рәсімдері сәйкестікті бағалаудың (растаудың) үлгі схемалары негізінде кеден одағының техникалық регламентінде белгіленеді.
      Сәйкестікті декларациялаған кезде Тарап заңнамасына сәйкес оның аумағында тіркелген жеке кәсіпкер ретінде не дайындаушы немесе сатушы болып табылатын, не жеткізілетін өнімнің кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету бөлігінде және жеткізілетін өнімнің кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкессіздігі үшін жауаптылық бөлігінде онымен шарт негізінде шетелдік дайындаушының функциясын атқаратын заңды тұлға немесе жеке тұлға (шетелдік дайындаушының функциясын атқаратын тұлға) өтінім беруші бола алады. Өтінім берушілер тобы тиісті техникалық регламентте белгіленеді.
      3. Осы Келісімнің 6-бабының 2-тармағында аталған тізбеге енген халықаралық, өңірлік стандарттарды және (немесе) ұлттық (мемлекеттік) стандарттарды ерікті негізде қолдану кеден одағының тиісті техникалық регламентінің талаптарын сақтаудың жеткілікті шарты болып табылады.
      Көрсетілген тізбеге енген стандарттарды қолданбау кеден одағының техникалық регламентінің талаптарын сақтамау болып қаралмайды.
      4. Кеден одағының күшіне енген осы өнімге таралатын техникалық регламенттерінің барлық талаптарына сәйкес келетін және кеден одағының техникалық регламентінде белгіленген сәйкестікті бағалау (растау) рәсімдерінен өткен өнім өнімнің айналымының бірыңғай белгісімен таңбаланады.
      5. Сәйкестікті бағалаудың (растаудың) үлгі схемаларын, сәйкестікті бағалау (растау) туралы құжаттардың бірыңғай нысандарын (кеден одағының техникалық регламентіне сәйкестігі туралы декларацияны, кеден одағының техникалық регламентіне сәйкестік сертификатты), өнім айналымының бірыңғай белгісінің бейнесін және оны қолдану тәртібін Комиссия бекітеді.

8-бап

      1. Өнімнің кеден одағы шеңберінде белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау (растау) жөніндегі жұмыстарды 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының кедендік аумағында сәйкестікті міндетті бағалауға (растауға) жататын өнімнің айналымы туралы келісімге сәйкес құрылатын Кеден одағының сертификаттау жөніндегі органдары мен сынақ зертханаларының (орталықтарының) бірыңғай тізіліміне енген сертификаттау (сәйкестікті бағалау (растау) бойынша аккредиттелген органдары мен сынақ зертханалары (орталықтары) жүзеге асырады.
      2. Өнімдердің кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкестігін бағалау (растау) жөніндегі жұмыстарды орындайтын сертификаттау (сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі органдарды, сынақ зертханаларын (орталықтарын) аккредиттеу жөніндегі жұмыстардың нәтижелерін тану 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Сәйкестікті бағалау (растау) бойынша жұмыстарды орындайтын сертификаттау (сәйкестікті бағалау (растау) бойынша органдарды және сынақ зертханаларын (орталықтарын) аккредиттеуді өзара тану туралы келісімге сәйкес, сондай-ақ Тараптардың жекелеген келісімдерімен жүзеге асырылады.
      3. Оған қатысты кеден одағының техникалық регламенттері немесе ЕурАзЭҚ техникалық регламенттері күшіне енбеген, Бірыңғай тізбеге енген өнімдердің сәйкестігін бағалау (растау) нәтижелерін тану 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының кедендік аумағында сәйкестікті міндетті бағалауға (растауға) жататын өнімдердің айналымы туралы келісімге сәйкес, сондай-ақ Тараптардың жеке келісімдерімен жүзеге асырылады.

9-бап

      1. Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарын сақтамағаны үшін, сондай-ақ өнімдердің кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін бағалауды (растау) жүргізу рәсімдерін бұзғаны үшін жауаптылық тиісті бұзушылық айқындалған аумақтағы Тараптардың заңнамасында белгіленеді.
      2. Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтін немесе сәйкестігін бағалауға (растауға) жататын және сәйкестігін бағалау (растау) туралы құжатсыз және (немесе) кеден одағының нарығында айналымның бірыңғай белгісімен таңбалаусыз келіп түскен немесе айналымдағы өнімдер табылған кезде Тарап мемлекетінің уәкілетті органдары осы өнімнің айналымға түсуіне жол бермеу жөнінде, оны өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес айналымнан шығару жөнінде, сондай-ақ бұл жөнінде басқа Тараптарға хабарлау жөнінде шаралар қабылдайды.
      3. Тараптар кеден одағының техникалық регламентінің талаптарын бұзғаны үшін жауаптылықты белгілеу саласында, сондай-ақ өнімдердің кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкестігін бағалау (растау) рәсімін жүргізу кезінде Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын үндестіреді.

10-бап

      1. Кеден одағының техникалық регламенттері талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау (қадағалау) Тараптар заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
      2. Кеден одағы техникалық регламенттерінің талаптарына немесе кеден одағы техникалық регламенттері қабылданбаған өнімдерге қатысты және адам өмірі және (немесе) денсаулығы, мүлік, қоршаған ортаны қорғау, жануарлар және (немесе) өсімдіктер өміріне қауіпті айналымға шығаратын өнімдерге қойылатын Тараптар заңнамасының міндетті талаптарына, оның ішінде үшінші елден жеткізілетін өнім сәйкестігіне мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүргізу кезінде Тараптардың уәкілетті органдары мүмкіндігінше қысқа мерзімде (немесе осындай сәйкессіздікті белгілей не қауіпті өнімді айқындай отырып бір уақытта) кеден одағының сыртқы және өзара сауда ықпалдасқан ақпараттық жүйесіне тиісті мәліметтерді жіберіп, осы туралы уәкілетті органдар басқа да Тараптарды хабардар етеді және Тараптар аумағына осындай өнімнің жіберілмеуі жөнінде шаралар қабылдайды.

11-бап

      Тараптар өзінің заңды мүдделерін қорғауды басшылыққа ала отырып, қауіпті өнімдерді айналымға шығаруды болдырмау жөніндегі шұғыл шаралар қабылдай алады.
      Осындай жағдайда Тараптар қабылданған шұғыл шаралар туралы басқа да Тараптарға дереу хабарлайды және осы мәселе бойынша консультациялар мен келіссөздер процесіне кіріседі.
      Осындай шұғыл шараларды қабылдау тәртібі Тараптардың жеке келісімімен анықталады.

12-бап

      Тараптар Кеден одағының сыртқы және өзара сауда ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінің бір бөлігі ретінде кеден одағының техникалық реттеу саласындағы ақпараттық жүйені қалыптастырады.

13-бап

      Кеден одағы комиссиясы Тараптар оған тиісті өкілеттіктер берген күнінен бастап мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      Бірыңғай тізбені және оны жүргізу тәртібін бекіту;
      кеден одағының техникалық регламенттерін әзірлеу жоспарларын (бағдарламаларын) бекіту;
      кеден одағының техникалық регламенттерін қабылдау, оларға өзгерістер енгізу және күшін жою;
      кеден одағының техникалық регламенттерін әзірлеу, қабылдау, оларға өзгерістер енгізу және күшін жою тәртібін белгілеу;
      осы Келісімнің 6-бабы 2 және 3-тармақтарында анықталған халықаралық, өңірлік, ол олар болмаған жағдайда ұлттық (мемлекеттік) стандарттар тізбелерін әзірлеу және қабылдау тәртібін бекіту;
      сәйкестікті бағалаудың (растаудың) үлгі схемаларын бекіту;
      сәйкестікті бағалау (растау) туралы (кеден одағының сәйкестік туралы декларациясы, кеден одағының сәйкестік сертификаты) құжаттардың, өнім айналымының бірыңғай белгісі бейнесінің және оны қолдану тәртібінің бірыңғай нысандарын бекіту;
      өнім айналымының бірыңғай белгісі туралы ережені бекіту.

14-бап

      1. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар, бірінші кезекте, келіссөздер мен консультациялар жүргізу жолымен шешіледі.
      2. Егер дауды Тараптар дау тараптарының бірі екінші тарапқа оларды жүргізу туралы жазбаша өтініш жіберген күнінен бастап алты ай ішінде консультациялар және келіссөздер жолымен реттемесе, онда оны шешу тәсіліне қатысты тараптар арасында өзгеше уағдаластық болмаған кезде дау тараптарының кез келгені осы дауды қарау үшін Еуразиялық экономикалық қоғамдастық сотына бере алады.

15-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен рәсімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

16-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және ратификациялауға жатады.

      Осы Келісімнің күшіне енуі, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған Халықаралық шарттардың күшіне енуі, оларға қосылу және олардан шығу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.

      2010 жылғы _____ ____ ______ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы осы Келісімнің депозитарий бола отырып, оның расталған көшірмесін әрбір Тарапқа жіберетін Комиссияда сақталады.

  Қазақстан Республикасы   Беларусь Республикасы   Ресей Федерациясы
          үшін                     үшін                   үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады