Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы және қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңес туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 12 маусымдағы № 994 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 18 желтоқсандағы № 220 Жарлығымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі)

      Ескерту. Жарлықтың күші жойылды - ҚР Президентінің 18.12.2019 № 220 Жарлығымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамытудың тұрақтылығын және тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы және қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Кеңес туралы ереже;

      2) алынып тасталды - ҚР Президентінің 12.02.2014 N 750 Жарлығымен.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 2011.12.22 N 204; 12.02.2014 N 750 Жарлықтарымен.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2010 жылғы 12 маусымдағы
№ 994 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы және қаржы
нарығын дамыту жөніндегі кеңес туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы және қаржы

      нарығын дамыту жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан

      Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және қаржы

      секторын тиімді дамыту мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіруді

      жүзеге асыру үшін құрылады.

      2. Кеңес Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      3. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін және Қазақстан Республикасының өзге нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ Кеңес туралы осы Ережені басшылыққа алады.

      4. Кеңес мүшелері өз функцияларын өтеусіз негізде жүзеге асырады.

2. Кеңестің негізгі міндеттері мен функциялары

      5. Қазақстан Республикасының қаржы жүйесінің тұрақтылығына және жүйелік тәуекелдерді барынша азайтуға бағдарланған макропруденциалдық реттеуді іске асыруға жәрдемдесу және ұсыныстар тұжырымдау Кеңестің негізгі міндеттері болып табылады.

      6. Кеңестің функциялары:

      1) реттеуші мониторинг деректерінің негізінде қаржылық тұрақтылық үшін жүйелік тәуекелдер бойынша ұсыныстарды тұжырымдау;

      2) Қазақстан Республикасының қаржы жүйесін дамыту саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу және іске асыру жөніндегі тәсілдерді тұжырымдау;

      3) жүйелік тәуекелдерді барынша азайту және қаржылық тұрақтылыққа қатердің алдын алу мақсатында қаржы секторын реттеудің стратегиясы мен қағидаттарын қалыптастыру бойынша ұсыныстарды тұжырымдау, оның ішінде жүйелік тәуекелдерді пруденциалдық, реттеудің негізгі секторалды қағидаттары мен тәсілдері және мүдделі мемлекеттік органдардың және өзге ұйымдардың ұсыныстары негізінде тиісті нормативтерді қолдану жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдау, макропруденциалдық реттеудің қағидаттарын, оның ішінде қаржы ұйымдарын пруденциалдық реттеу шараларын қолдану жөніндегі ұсынымдар арқылы айқындау, жүйе құрайтын қаржы институттарын реттеудің қағидаттарын айқындау;

      4) қаржылық тұрақтылыққа қолдауға бағытталған реттеуші және ынталандырушы шараларды қолдану жөніндегі ұсынымдарды дайындау, оның ішінде экономиканың қаржы және жүйелік тәуекелдеріне ертерек ден қою шараларын жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарды қарау және ұсынымдарды дайындау, дағдарысқа қарсы басқару шаралары және жүйелік тәуекелдерді материалдандырған жағдайда зиянды барынша азайту тетіктері бойынша ұсыныстарды қарау, жүйе құрайтын қаржы ұйымдарындағы проблемаларды реттеу жөніндегі ұсыныстарды қарау және шешімдерді дайындау болып табылады.

      7. Өзінің міндеттері мен функцияларына сәйкес Кеңес:

      1) өз қызметін Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарының қызметімен үйлестіреді;

      2) Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекетаралық, үкіметаралық және банкаралық үйлестіру-консультативтік органдармен ынтымақтасады;

      3) қаралатын мәселелер бойынша консультациялар жүргізу үшін мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, ұйымдардың мамандарын, ғалымдарды және тәуелсіз сарапшыларды тартады;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан және өзге ұйымдардан Кеңестің міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті материалдарды сұратады және алады.

3. Кеңестің қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру

      8. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі - Ұлттық Банк) Төрағасы Кеңес төрағасы болып табылады.

      Кеңестің құрамына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары немесе Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін көмекшісі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрі, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі, Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары, "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша), "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы (келісім бойынша) кіреді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 12.02.2014 N 750 Жарлығымен; өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 17.09.2014 № 911; 20.10.2017 № 568 Жарлықтарымен.

      9. Кеңесті Кеңес төрағасы басқарады.

      Кеңес төрағасы:

      1) Кеңес қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) Кеңес отырыстарында төрағалық етеді;

      3) Кеңес отырыстары өткізілетін орынды және уақытты айқындайды;

      4) Кеңес шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады;

      5) тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-нан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Президенті алдында Кеңестің жұмысы туралы есеп береді.

      10. Кеңес мүшелері:

      1) Кеңес отырысының күн тәртібі және мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныстар енгізуге;

      2) Кеңес отырыстарына арналған материалдарды, оның шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысуға, Кеңестің алдында тұрған міндеттерді шешуге ықпал етуге;

      3) Кеңес отырысында қаралатын мәселелерді талқылауға қатысуға құқылы.

      11. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, Кеңес төрағасы айқындайтын мерзімдерде, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі. Кеңес отырыстары оның мүшелерінің тікелей қатысуымен өткізіледі және оның мүшелерінің кемінде үштен екісі дауыс беруге қатысқан кезде заңды болады. Кеңес мүшелерінің өз өкілеттіктерін өзге лауазымды тұлғаларға беруіне жол берілмейді.

      12. Ұлттық Банк Кеңестің жұмыс органы болып табылады.

      13. Кеңестің жұмыс органы:

      1) Кеңес отырыстарын өткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді және Кеңес мүшелерінің ұсыныстары және бұрын қабылданған шешімдер негізінде Кеңес отырыстарын өткізу үшін тиісті материалдарды дайындауды жүзеге асырады;

      2) Кеңес мүшелерінің ұсыныстары және ол бұрын қабылдаған шешімдер негізінде отырыстың күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;

      3) Кеңестің хаттамалық шешімдерінің орындалуына мониторингті жүзеге асырады;

      4) Кеңес мүшелеріне Кеңестің кезекті отырысы өткізілетін орын, уақыты және күн тәртібі туралы хабарлайды және оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;

      5) Кеңестің хаттамалық шешімдерін ресімдеуді және келісуді жүзеге асырады;

      6) Кеңестің шешімдері қабылданған күннен бастап екі апта ішінде Кеңес мүшелеріне және басқа мүдделі мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдарға хаттаманың көшірмесін және өзге қажетті материалдарды жібереді.

      14. Кеңес отырыстарының қорытындылары бойынша хаттамамен ресімделетін шешімдер қабылданады, оған Кеңестің отырысқа қатысқан барлық мүшелері қол қояды.

      15. Кеңестің шешімдері жай көпшілік дауыспен қабылданады және ұсынымдық сипатқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады.

      Кеңес мүшелерінің ерекше пікірге құқығы бар, ол айтылған жағдайда жазбаша түрде баяндалуы және хаттамаға қоса берілуі тиіс.

      16. Кеңестің шешімдері бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кез келген өзге тәсілмен қаржы нарығының субъектілеріне жіберілуі мүмкін. Жариялау не қаржы нарығының субъектілеріне беруге арналған ақпараттың тізбесі мен көлемін Кеңес айқындайды.

      17. Кеңес мүшелері Кеңеске Кеңестің хаттамалық шешімдерінің орындалғаны не орындалмағаны туралы ақпаратты тиісті негіздемесімен қоса, Кеңес тиісті шешім қабылдаған күннен бастап 3 (үш) айдан кешіктірмей немесе Кеңес шешімінде көрсетілген мерзімдерде ұсынады.

4. Кеңестің қызметін ұйымдық-техникалық қамтамасыз ету

      18. Кеңестің қызметін ұйымдық-техникалық қамтамасыз етуді Ұлттық Банк жүзеге асырады.

      19. Кеңестің құжаттамасын жүргізу хатшыға жүктеледі. Кеңестің хатшысы Кеңес мүшесі болып табылмайды және дауыс беру құқығы жоқ.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2010 жылғы 12 маусымдағы
№ 994 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы және
қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңестің
ДЕРБЕС ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Дербес құрам алынып тасталды - ҚР Президентінің 12.02.2014 N 750 Жарлығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады