Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңес туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 18 желтоқсандағы № 220 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкiметі актiлерiнiң
жинағында жариялануға тиiс

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Жарлық 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының Конституциясы 44-бабының 20) тармақшасына сәйкес және Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңес (бұдан әрі – Кеңес) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Кеңес туралы ереже;

      2) Кеңестің құрамы бекітілсін.

      3. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы Жарлық 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 18 желтоқсандағы
№ 220 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңес туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңес (бұдан әрі – Кеңес) Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады.

      2. Кеңес Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      3. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін және Қазақстан Республикасының өзге нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ Кеңес туралы осы Ережені басшылыққа алады.

2. Кеңестің негізгі міндеттері мен функциялары

      4. Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және жүйелік тәуекелдердің алдын алуға және (немесе) азайтуға жәрдемдесу Кеңестің негізгі міндеті болып табылады.

      5. Кеңестің функцияларына:

      1) қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдерін азайтуға бағытталған макропруденциялық саясатты іске асыру шараларын;

      2) қаржы дағдарысы туындауының алдын алу және оның салдарларын барынша азайту жөніндегі шараларды;

      3) мәжбүрлеп таратылуы қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдеріне әкелетін төлемге қабілетсіз банкті (бұдан әрі – төлемге қабілетсіз банк) реттеу, оның ішінде оны реттеу кезінде мемлекеттің қатысуы жөніндегі шараларды;

      4) екінші деңгейдегі банктерді (бұдан әрі – банктер) сауықтыру, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банктің (бұдан әрі – Ұлттық Банк) және (немесе) оның еншілес ұйымдарының қаражаты есебінен сауықтыру жөніндегі шараларды қаржыландыруды;

      5) қаржы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті өзге мәселелерді қоса алғанда, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұсынымдарды алдын ала қарау және ұсыну кіреді.

      6. Кеңес өз қызметі шеңберінде:

      1) макропруденциялық саясат мәселелері бойынша:

      жүйелік тәуекелдерді бағалау және мониторингтеу нәтижелерін, сондай-ақ оларды азайту жөнінде ұсынылатын шараларды қарайды;

      пруденциялық реттеу құралдары бойынша ұсынымдарды қоса алғанда, макропруденциялық саясатты іске асыру бойынша ұсынымдар береді;

      2) қаржы дағдарысы туындауының алдын алу және оның салдарларын барынша азайту жөніндегі шаралармен байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың дағдарысқа қарсы шаралар бойынша ұсыныстарын қарайды және оларды іске асыру жөнінде ұсынымдар береді;

      3) төлемге қабілетсіз банктерді реттеу шараларымен байланысты, сондай-ақ банктерді сауықтыру жөніндегі шараларды қаржыландыру мәселелері бойынша ұсыныстар қарайды және ұсынымдар береді;

      4) мемлекеттік органдарды үйлестіруді және Кеңес мүшелерінің арасында тиімді ақпарат алмасуға жәрдемдесуді жүзеге асырады.

3. Кеңестің құқықтары

      7. Кеңес:

      1) Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекетаралық және үкіметаралық үйлестіру-консультативтік органдармен ынтымақтасуға;

      2) қаралатын мәселелер бойынша консультациялар жүргізу үшін мүдделі мемлекеттік органдардың мамандарын, қоғамдық бірлестіктерді, жеке кәсіпкерлік субъектілерін, ұйымдарды, ғалымдарды және тәуелсіз сарапшыларды тартуға;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан және өзге ұйымдардан Кеңестің міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті материалдарды, оның ішінде:

      макропруденциялық саясат мәселелерін қарау кезінде Ұлттық Банктен анықталған жүйелік тәуекелдер, жүйелік тәуекелдерді бағалау және мониторингтеу нәтижелері туралы және оларды азайту жөнінде ұсынылатын шаралар туралы ақпаратты;

      қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органнан:

      макропруденциялық саясат мәселелерін қарау кезінде қаржы ұйымдарының қаржылық жай-күйі және тәуекелдері, қадағалау және реттеу шаралары туралы;

      төлемге қабілетсіз банкті реттеу шаралары жөніндегі мәселелерді қарау кезінде төлемге қабілетсіз банктің қаржылық жай-күйі және мүліктік жағдайы туралы, төлемге қабілетсіз банкті реттеудің ұсынылатын шаралары бойынша ақпаратты және мемлекеттің қатысу қажеттілігінің, орындылығының және тиімділігінің негіздемелерін;

      банктерді сауықтыру жөніндегі шараларды қаржыландыру мәселелерін қарау кезінде банктердің қаржылық жай-күйі және мүліктік жағдайы туралы, сауықтыру бағдарламалары шеңберінде банктерге бұрын берілген қаржыландырудың іске асырылу барысы туралы ақпаратты және мемлекеттің қатысу қажеттілігінің, орындылығының және тиімділігінің негіздемелерін сұратуға және алуға;

      4) өз міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

4. Кеңестің қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру

      8. Кеңеске Кеңес төрағасы жетекшілік етеді.

      Кеңес төрағасы:

      1) Кеңес қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) Кеңес отырыстарында төрағалық етеді;

      3) Кеңес отырыстарын өткізу нысанын, күнін, орнын және уақытын айқындайды;

      4) Кеңес шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады;

      5) жарты жылда бір рет, есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Президенті алдында Кеңестің жұмысы туралы есеп береді.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 03.06.2021 № 591; 03.01.2024 № 429 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.

      9. Кеңес мүшелері:

      1) Кеңес отырысының күн тәртібі және мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныстар енгізеді;

      2) Кеңес отырыстарына материалдарды, оның шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысады, Кеңестің алдында тұрған міндеттерді шешуге ықпал етеді;

      3) Кеңес отырысында қаралатын мәселелерді талқылауға қатысады.

      10. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, Кеңес төрағасы айқындайтын мерзімде, бірақ тоқсанына бір реттен сиретпей өткізіледі. Кеңес отырыстары оның мүшелерінің тікелей қатысуымен немесе сырттай нысанда өткізіледі және Кеңес төрағасын қоса алғанда, Кеңестің кемінде төрт мүшесі дауыс беруге қатысқан кезде құқықтық күші бар болып саналады.

      Сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньдерді қабылдау аяқталған күн Кеңестің отырыстарын сырттай нысанда өткізу күні болып табылады.

      Кеңестің құрамына кіретін лауазымды адам орнында болмаған жағдайда, Кеңес отырысына орнында болмаған лауазымды адамның міндеттерін атқаратын адам дауыс беру, сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньге немесе Кеңес отырысының хаттамасына қол қою құқығымен қатысады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 03.06.2021 № 591 Жарлығымен.

      11. Ұлттық Банк Кеңестің жұмыс органы болып табылады.

      12. Кеңестің жұмыс органы:

      1) Кеңес отырыстарын өткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді және Кеңес мүшелерінің ұсыныстары және бұрын қабылданған шешімдер негізінде Кеңес отырыстарын өткізу үшін тиісті материалдарды дайындауды жүзеге асырады;

      2) Кеңес мүшелерінің ұсыныстары және ол бұрын қабылдаған шешімдер негізінде отырыстың күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;

      3) Кеңес мүшелеріне Кеңестің кезекті отырысының өткізілетін нысаны, күні, орны, уақыты және күн тәртібі туралы, Кеңес отырысы сырттай нысанда өткізілген кезде сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньдерді қабылдау аяқталатын күн туралы хабарлайды және оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;

      4) Кеңестің шешімдерін ресімдеуді және келісуді жүзеге асырады;

      5) Кеңес шешімдерінің орындалуын мониторингтеуді жүзеге асырады;

      6) Кеңестің шешімдері қабылданған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде Кеңес мүшелеріне және басқа мүдделі мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдарға хаттаманың көшірмесін және өзге қажетті материалдарды жібереді.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 03.06.2021 № 591 Жарлығымен.

      13. Кеңес отырыстарының қорытындысы бойынша хаттамамен ресімделетін шешімдер қабылданады.

      Отырыс тікелей қатысу нысанында өткізілген кезде Кеңестің жұмыс органы өткізілген отырыстан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде хаттаманы ресімдейді және Кеңестің мүшелеріне келісуге жібереді және Кеңестің жұмыс органы оларға хаттаманы жіберген күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде отырысқа қатысқан Кеңестің барлық мүшелері қол қояды.

      Отырыс сырттай нысанда өткізілген кезде Кеңестің жұмыс органы хаттаманы сырттай дауыс берудің алынған бюллетеньдері негізінде дауыстарды санау қорытындысы бойынша өткізілген отырыстан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде ресімдейді және оны Кеңестің жұмыс органы ресімдеген күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Кеңес төрағасы қол қояды.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 03.06.2021 № 591 Жарлығымен.

      14. Кеңестің шешімдері жай көпшілік дауыспен қабылданады және ұсынымдық сипатқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады.

      Кеңес мүшелерінің ерекше пікірге құқығы бар, ол айтылған жағдайда жазбаша түрде баяндалуға және хаттамаға қоса берілуге тиіс.

      15. Кеңестің шешімдері бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кез келген өзге тәсілмен қаржы нарығы субъектілерінің назарына жеткізілуі мүмкін.

      16. Мемлекеттік органдар Кеңестің жұмыс органына Кеңестің шешімдерінің орындалғаны не орындалмағаны туралы ақпаратты тиісті негіздемесімен қоса Кеңес тиісті шешім қабылдаған күннен бастап 3 (үш) айдан кешіктірмей немесе Кеңес шешімінде көрсетілген мерзімдерде ұсынады.

5. Кеңес қызметін тоқтату

      17. Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі Кеңес қызметін тоқтатуға негіз болып табылады.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 18 желтоқсандағы
№ 220 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңестің
ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Құрамы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 29.06.2024 № 591 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы, төраға

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

      Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін кеңесшісі

      "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы

     

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 18 желтоқсандағы
№ 220 Жарлығына
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Президентінің күші жойылған кейбір жарлықтарының
ТІЗБЕСІ

      1. "Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы және қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңес туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 12 маусымдағы № 994 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 37, 310-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 22 желтоқсандағы № 204 Жарлығының 1-тармағының 7) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 10, 189-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 13 наурыздағы № 284 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 22-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 36, 476-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 27 наурыздағы № 533 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістердің 16-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 22, 351-құжат).

      5. "Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші және өзге де органдардың қызметін ұйымдастыру мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 12 ақпандағы № 750 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 12-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 4, 29-құжат).

      6. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір өкімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 қыркүйектегі № 911 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 17-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 55-56, 538-құжат).

      7. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 20 қазандағы № 568 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 8-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 50-51-52, 325-құжат).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады