ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының арасындағы Қазақстан-француз Президенттік комиссиясын құру туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев Қазақстан Республикасының атынан Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының арасындағы Қазақстан-француз Президенттік комиссиясын құру туралы хаттамаға қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2010 жылғы 15 шілдедегі
№ 1022 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба
Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының арасындағы
Қазақстан-француз Президенттік комиссиясын құру туралы
ХАТТАМА
(2013 жылғы 26 қаңтарда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы,
2008 жылғы 11 маусымда Париж қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты кеңейтуге ниет білдіре отырып,
екі мемлекеттің халықтары арасындағы екіжақты ынтымақтасты және байланысты кеңейту мен нығайтуға деген тілектерін растай отырып,
екіжақты іс-қимылды жақсарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын іздестіру мақсатында ұдайы саяси консультациялардың тұрақты жұмыс істейтін тетігін қалыптастыруда екі мемлекеттің ортақ мүдделерін тани отырып,
мұндай тұрақты жұмыс істейтін тетік саяси консультациялардың өткізілуіне икемділік беруіне және екіжақты ынтымақтастық туралы келісімдер негізінде құрылған аралас комиссиялар мен комитеттерді енгізуіне ниет білдіре отырып,
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Француз Республикасының Президенті Н. Саркозидің 2009 жылғы 6 қазанда қабылданған бірлескен шешімдеріне сәйкес,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Қазақстан-француз Президенттік комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) өзара мүддені білдіретін мәселелер бойынша саяси диалог пен пікір алмасудың тұрақты жұмыс істейтін тетігін қалыптастыру мақсатында құрылады.
2-бап
Комиссия:
Қазақстан-француз ынтымақтастығының жай-күйі бойынша пікір алмасу, екіжақты ынтымақтастықтың неғұрлым перспективалы бағыттарын және өзара іс-қимыл нысандарын жетілдіру жолдарын айқындау;
екіжақты халықаралық шарттар мен Тараптар арасындағы қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу жай-күйі мониторингі;
Тараптар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған басым ынтымақтастық бағдарламаларын әзірлеу, екіжақты халықаралық шарттарын жоспарлаумен дайындау;
екіжақты қарым-қатынастардың проблемалық мәселелерін талдау және реттеу мақсатында жұмыс істейді.
3-бап
Комиссияны Қазақстан Республикасының Президенті мен Француз Республикасының Президенті басқарады, олар тиісінше Комиссияның қазақстандық және француздық бөліктерінің төрағалары болып табылады.
Қазақстан Республикасының және Француз Республикасының Сыртқы істер министрлері Комиссияның үйлестірушілері (бұдан әрі - үйлестірушілер) болып табылады.
4-бап
Комиссияның құрылымына қол қойылған екіжақты құжаттар негізінде әрекет ететін мынадай аралас комиссиялар (кеңестер, комитеттер) кіреді:
Қазақстан-француз экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия;
Қазақстан-француз іскерлік кеңесі;
Қазақстан-француз бірлескен әскери комиссиясы;
Әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі комиссия;
Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мәселелері жөніндегі аралас Қазақстан-француз комиссиясы;
Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комитет.
Қажет болған кезде Комиссияның үйлестірушілері қосымша комиссиялар, комитеттер және жұмыс топтарын қалыптастыру туралы ұсыныстар енгізе алады.
Комиссиялардың отырыстары шеңберінде конференциялар, бизнес-форумдар, көрмелер және тұсаукесерлер ұйымдастырылуы мүмкін.
Тараптар департамент директорлары және Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде сыртқы саясат пен қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша саяси консультациялар өткізеді.
5-бап
Қажет болған жағдайда Комиссияның отырыстарын дайындау Президенттердің көмекшілері немесе Сыртқы істер министрлері деңгейінде олардың халықаралық іс-шараларға қатысуы барысында немесе екіжақты сапарлары кезінде талқылануы мүмкін.
6-бап
Комиссияның отырыстары Қазақстан Республикасында және Француз Республикасында кезекпен өткізіледі. Отырыстарды өткізу орны мен күні дипломатиялық арналар арқылы айқындалады.
7-бап
Комиссияның отырыстарында төрағалық етуді қабылдаушы Тарап жүзеге асырады.
Комиссияның отырысын әзірлеуді қабылдаушы Тарап жүзеге асырады.
Комиссияның отырысына үйлестірушілер Комиссияның құрамына кіретін аралас комиссиялардың (кеңестердің, комитеттердің) қызметі туралы есептер ұсынады.
Комиссия отырысының қорытынды құжаты үйлестірушілер қазақ, француз және орыс тілдерінде әзірлейтін Хаттама болып табылады.
Үйлестірушілер Комиссия отырысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылуының мониторингін жүзеге асырады.
8-бап
Осы Хаттама 2008 жылғы 11 маусымдағы Шарт шеңберінде қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Алматы қаласында 2010 жылғы 16 шілдеде әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Қазақстан Республикасы үшін Француз Республикасы үшін