Қазақстан халқы Ассамблеясының ережесі туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 7 қыркүйектегі № 149 Жарлығы.


  Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында
  жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңының 33-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы ереже бекітілсін.

      2. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2011 жылғы 7 қыркүйектегі
№ 149 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы
ЕРЕЖЕ

      Осы ереже Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесі мен өкілеттіктерін, сондай-ақ оның мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимылының ұйымдастырылу ерекшеліктерін, Қазақстан Республикасының этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатын әзірлеу мен іске асыруға қатысу тәртібін айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      1. Қазақстан халқы Ассамблеясы (бұдан әрі - Ассамблея) - заңды тұлға құрмай, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме болып табылады.

      2. Ассамблея қызметі Қазақстан Республикасы Конституциясына, "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Ассамблея қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасы заңнамасында бекітілген тәртіппен жүзеге асырылады.

2-тарау. Ассамблеяның функциялары мен өкілеттіктері

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      4. Жүктелген міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ету үшін Ассамблея мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдеседі;

      2) этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім, мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту саласында шаралар әзірлеу мен іске асыруға қатысады;

      3) этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік ұлттық саясат мәселелері жөніндегі заң актілерінің жобаларына қоғамдық-саяси сараптама жасауға қатысады;

      4) этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      5) мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың Ассамблея сессиялары мен оның Кеңесінің шешімдерін қарауына бақылау жасайды;

      6) өңірлік деңгейдегі этносаралық қатынастар саласындағы саясатты жетілдіруге жәрдемдеседі;

      7) өз құзыреті аясында мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және этномәдени бірлестіктерге әдістемелік көмек көрсетеді;

      8) этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім үлгісін елде және шет елдерде насихаттайды;

      9) этносаралық қатынастардың жай-күйіне мониторингті жүзеге асырады;

      10) этносаралық қатынастар саласындағы келіспеушіліктер мен дауларды реттеу, қақтығысты жағдайларды болдырмау жөнінде ұсынымдар тұжырымдайды және практикалық шараларды іске асырады;

      11) өз құзыреті шегінде шет елдердегі қазақ диаспорасына ана тілін, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін сақтау мән дамыту, оның тарихи Отанымен байланыстарын нығайту мәселелерінде қолдау көрсету жөніндегі жұмысты ұйымдастырады, сондай-ақ Қазақстанның басқа да этностарына өздерінің тарихи отанымен байланысын дамытуға жәрдемдеседі;

      12) баспа қызметін жүзеге асырады, қажеттілігіне қарай бұқаралық ақпарат құралдарын құрады;

      13) этносаралық қатынастар мәселелері бойынша семинарлар, конференциялар және өзге де шаралар өткізеді;

      14) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында қайырымдылық және демеушілік көмек қабылдайды және көрсетеді;

      15) өз құзыреті аясында Қазақстан Республикасы заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметтерді жүзеге асырады.

      5. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Ассамблеяның өмір бойғы Төрағасы болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті Ассамблеяны құрады, оның қызметінің негізгі бағыттарын айқындайды, Ассамблея Төрағасының орынбасарларын тағайындайды.

      6. Ассамблея Төрағасы Ассамблеяны басқарады және Ассамблея қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, оның бағдарламалық құжаттарын бекітеді, оның атынан мәлімдеме жасайды.

      Ескерту. 6-тармақтың орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, мемлекеттік тілдегі мәтін өзгермейді – ҚР Президентінің 05.05.2017 № 471 Жарлығымен.

      7. Ассамблеяның жоғары басқарушы органы Ассамблея мүшелерінен тұратын және "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Қазақстан Республикасы Заңында белгіленген тәртіппен шақырылатын Ассамблея сессиясы (бұдан әрі - Сессия) болып табылады.

      8. Сессия өзінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешім қабылдауға құқылы. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне депутаттарды сайлаудан басқа, Сессия шешімдері республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын Ассамблея үндеуі нысанында ресімделуі мүмкін. Сессия шешімдері мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың міндетті қарауына жатады.

      Сессия жұмысы Сессия бекітетін регламентпен реттеледі.

      9. Сессиялар аралығындағы кезеңде Ассамблеяны басқаруды "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес құрылатын және Ассамблея Төрағасы немесе Ассамблея Төрағасымен келісім бойынша Төраға орынбасарлары шақыратын Ассамблея Кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) жүзеге асырады.

      Кеңес шешімі, егер оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі оны жақтап дауыс берсе Ассамблеяның жұмыс органы жүргізетін сұрау салу жолымен қабылдануы мүмкін.

      10. Ассамблея Төрағасының үш орынбасары бар, оның екеуі этномәдени бірлестіктерден тағайындалады.

      Ассамблея Төрағасының этномәдени бірлестіктерден тағайындалатын орынбасарлары алмастыру тәртібімен Кеңестің ұсынымының негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен тағайындалады. Төраға орынбасарларының алмасу кезеңін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

      Этномәдени бірлестіктерден тағайындалатын Ассамблея Төрағасы орынбасарларының қызметін қамтамасыз етуді Ассамблеяның жұмыс органы жүзеге асырады.

      11. Ассамблеяның аппараты (Хатшылық) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрамына кіретін, қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасымен регламенттелетін Ассамблеяның жұмыс органы (бұдан әрі – Хатшылық) болып табылады. Хатшылықты бір мезгілде Ассамблея Төрағасының орынбасары болып табылатын Хатшылық меңгерушісі басқарады.

      Хатшылықтың функциялары:

      1) Төраға мен Кеңестің қызметін ұйымдастыру және қамтамасыз ету, оның ішінде олардың қызметін сараптамалық-талдамалық, ақпараттық және өзге де түрде қолдап отыру;

      2) мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және азаматтық қоғам институттарының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жөніндегі жұмысын үйлестіру;

      3) жеке және заңды тұлғалардың жалпымемлекеттік маңызы бар және этносаралық қатынастар саласын қозғайтын өтініштерін қарау;

      4) Ассамблея мен оның құрылымының орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылын ұйымдастыру;

      5) мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен және шет елдердің осыған ұқсас құрылымдарымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз етуге және Ассамблеяға жүктелген міндеттерді іске асыруға бағытталған өзара іс-қимыл жасау болып табылады.

      Хатшылықтың Қазақстан Республикасы Президентінің этносаралық қатынастар саласындағы өкілеттіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіктері, сондай-ақ Ассамблеяның өкілеттіктері Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ішкі актілерінде айқындалады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      12. Облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) ассамблеялары өз қызметін жүзеге асыру кезінде Ассамблеяның алдында есеп береді және жауапты болады.

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ассамблеяларының құрылу тәртібі мен құқықтық мәртебесі "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 24.01.2019 № 828 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      13. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана ассамблеясының жұмыс органы аппарат (хатшылық) болып табылады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      14. Ассамблеяның міндеттері мен функцияларын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында Хатшылық қажет болған жағдайда комиссия, оның ішінде басқа мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесе отырып, құруы мүмкін.

      15. Ассамблея қызметін ғылыми сүйемелдеу үшін Ғылыми-сарапшылық кеңес құрылады.

      Ғылыми-сарапшылық кеңестің негізгі міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасындағы этносаяси, әлеуметтік-экономикалық және конфессиялық даму үрдісін кешенді сараптамалық бағалау, аталған үдерістердің елдегі және әлемдегі дамуына болжам жасау;

      2) Ассамблея қызметін этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік этносаясаттың өзекті бағыттары бойынша ғылыми сараптамалық сүйемелдеу;

      3) этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру;

      4) Ассамблеяның демократияны дамытуда, қазақстандық қоғамның тұтастығын нығайтуда, жалпыұлттық келісімге қол жеткізуде саяси және азаматтық институт ретіндегі рөлін күшейтуге жәрдемдесу болып табылады.

      16. Ғылыми-сарапшылық кеңес төрағадан, оның орынбасарларынан және Ғылыми-сарапшылық кеңес мүшелерінен тұрады.

      Ғылыми-сарапшылық кеңестің төрағасы мен оның орынбасарлары Ғылыми-сарапшылық кеңес отырысында сайланады.

      Ғылыми-сарапшылық кеңестің құрамына келісім бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ ғалымдар, тәуелсіз сарапшылар мен мамандар кіре алады.

      Ғылыми-сарапшылық кеңес өз қызметіне, шетелдіктерді қоса алғанда, Ғылыми-сарапшылық кеңес мүшесі болып табылмайтын сарапшыларды тарта алады.

      17. Ғылыми-сарапшылық кеңес төрағасының, оның орынбасарларының және Ғылыми-сарапшылық кеңес мүшелерінің міндетін атқару қоғамдық негізде жүзеге асырылады.

      18. Ғылыми-сарапшылық кеңес туралы ережені және оның құрамын Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі бекітеді.

      19. Ассамблеяның заңнамалық актілерді және басқа да бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге, ақпараттық-насихаттық, сондай-ақ басқа да іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық-насихаттық, сараптамалық, басқа да жұмыс топтары құрылуы мүмкін.

      20. Ғылыми-сарапшылық кеңестің, комиссиялар мен жұмыс топтарының қызметін үйлестіруді Хатшылық жүзеге асырады.

3-тарау. Ассамблеяның мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылын ұйымдастырудың ерекшеліктері

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      21. Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты, осы салада мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының тиімді қарым-қатынасын іске асыруды қамтамасыз ету және этносаралық келісім мен қоғамдағы толеранттылықты одан әрі нығайту үшін Ассамблея мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.

      22. Мемлекеттік органдардың Ассамблеяның бағдарламалық құжаттарын және Ассамблея мен оның Кеңесінің шешімдерін орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарларын, Қазақстан Республикасының Президентінің, Ассамблея Төрағасының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшылығының этносаралық қатынастар, толеранттылық пен қоғамдық келісімді нығайту мәселелері жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберіндегі қызметін үйлестіруді Хатшылық жүзеге асырады.

      23. Қазақстан халқы Ассамблеясының Ассамблеядан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен өзара іс-қимылын ұйымдастыруды Хатшылық жүзеге асырады.

      24. Ассамблеяның этномәдени бірлестіктермен, азаматтық қоғамның басқа да институттарымен, шет елдердің осыған ұқсас құрылымдарымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен ұлттық бірлікті нығайту және Қазақстанның мәдени-тілдік әралуандығын, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау және этностық топтардың құқықтарын қорғау бойынша өзара іс-қимылын Қазақстан Республикасы заңнамасы аясында Хатшылық қамтамасыз етеді.

4-тарау. Ассамблеяның Қазақстан Республикасының этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатын әзірлеуге және іске асыруға қатысу тәртібі

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      25. Қоғамды ұйыстыру, бірлікті қамтамасыз ету және ұлттық-мемлекеттік азаматтық бірегейлікті қалыптастыру, толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін одан әрі жетілдіру мақсатында, сондай-ақ қызметінің тиімділігін арттыру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасының этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік ұлттық саясатын әзірлеуге және іске асыруға қатысады.

      Хатшылық Ғылыми-сарапшылық кеңесті тарта отырып, этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы бағдарламалық құжаттардың жобасын әзірлейді немесе әзірлеуге қатысады, оларды Кеңесте талқылауға енгізеді, Сессияда қарауды ұйымдастырады, Қазақстан Республикасы Президентінің бекітуіне жолдайды.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.12.21 № 450 Жарлығымен.

      26. "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында, сондай-ақ орта мерзімді кезеңге арналған тұжырымдамалық ұсынымдар негізінде Ассамблея "Қазақстан халқы Ассамблеясының даму стратегиясы" тұжырымдамасын (бұдан әрі - Тұжырымдама) әзірлейді.

      Әзірленген Тұжырымдама Ассамблея Төрағасының қарауына енгізіледі және ол мақұлданған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      Тұжырымдама стратегиялық және бағдарламалық құжаттар, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары және заңдар арқылы іске асырылады.

      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.12.21 № 450 Жарлығымен.
      27. Алып тасталды - ҚР Президентінің 2012.12.21 № 450 Жарлығымен.
      28. Алып тасталды - ҚР Президентінің 2012.12.21 № 450 Жарлығымен.
      29. Алып тасталды - ҚР Президентінің 2012.12.21 № 450 Жарлығымен.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2011 жылғы 7 қыркүйектегі
№ 149 Жарлығына
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Президентінің күші
жойылған кейбір жарлықтарының
ТІЗБЕСІ

      1. "Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ережесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 26 сәуірдегі № 856 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 11, 102-құжат; 2005 ж., № 17, 200-құжат; 2007 ж., № 25, 284-құжат;).

      2. "Қазақстан халықтары Ассамблеясы институтын нығайту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 23 сәуірдегі № 1561 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 17, 200-құжат;).

      3. "Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 26 сәуірдегі № 856 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 26 шілдедегі № 370 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 25, 284-құжат;).

      4. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2008 жылғы 24 сәуірдегі № 576 Жарлығының 1-тармағының 10) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 20, 182-құжат; 2010 ж., № 28, 215-құжат; № 32, 252-құжат;).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады