Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Энергетикалық кеңес туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 14 наурыздағы № 285 Жарлығы.

      Ескерту. Жарлықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 30.09.2022 № 1028 Жарлығымен.

      "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 19-бабының 10) тармақшасына сәйкес және Қазақстан Республикасында энергетика саласының орнықтылығы және оны тиімді дамыту мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 30.09.2022 № 1028 Жарлығымен.

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Энергетикалық кеңес (бұдан әрі - Кеңес) құрылсын.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 30.09.2022 № 1028 Жарлығымен.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Кеңес туралы ереже;

      2) Кеңестің құрамы бекітілсін.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2012 жылғы 14 наурыздағы
№ 285 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Энергетикалық кеңес туралы ереже

      Ескерту. Ереженің тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 30.09.2022 № 1028 Жарлығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 30.09.2022 № 1028 Жарлығымен.

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Энергетикалық кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасында энергетика саласын орнықты және тиімді дамыту мақсатында құрылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 30.09.2022 № 1028 Жарлығымен.

      2. Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      3. Кеңес өзінің қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ Кеңес туралы осы Ережені басшылыққа алады.

2-тарау. Кеңестің міндеттері мен құқықтары

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 30.09.2022 № 1028 Жарлығымен.

      4. Кеңестің негізгі міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының энергетика саласын дамытудың стратегиялық бағыттары бойынша ұсыныстар тұжырымдау;

      2) Қазақстан Республикасының аса ірі мұнай-газ кен орындарында жұмыс істейтін шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл жасау бойынша ұсыныстар тұжырымдау болып табылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 30.09.2022 № 1028 Жарлығымен.

      5. Кеңестің белгіленген тәртіппен және өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Қазақстан Республикасының энергетика саласын дамытудың стратегиялық бағыттары бойынша ұсыныстар енгізуге;

      2) Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелерді шешу үшін жұмыс топтарын қалыптастыруға;

      3) Кеңестің құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан, ведомстволар мен ұйымдардан қажетті ақпаратты сұратуға;

      4) осы Ереженің 4-тармағында белгіленген міндеттерді іске асыру мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың мамандарын, консультанттарды тартуға;

      5) Кеңестің құзыреті шеңберінде оның тиімді қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 30.09.2022 № 1028 Жарлығымен.

3-тарау. Кеңесті қалыптастыру және оның қызметін ұйымдастыру

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 30.09.2022 № 1028 Жарлығымен.

      6. Кеңестің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      7. Кеңесті Кеңес төрағасы басқарады.

      Кеңес төрағасы:

      1) Кеңес қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) Кеңес отырыстарында төрағалық етеді;

      3) Кеңес отырыстары өткізілетін орынды және уақытты айқындайды;

      4) Кеңес шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады;

      5) алып тасталды – ҚР Президентінің 29.06.2024 № 591 Жарлығымен.

      Төраға болмаған кезде оның функцияларын төраға тиісті өкілеттіктерді беретін орынбасары орындайды.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 30.09.2022 № 1028; 29.06.2024 № 591 Жарлықтарымен.

      8. Кеңес мүшелері:

      1) Кеңес отырысының күн тәртібі және мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныстар енгізуге;

      2) Кеңес отырысына материалдарды, оның шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысуға құқылы.

      8-1. Кеңес хатшысы:

      1) Кеңес отырыстары күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;

      2) Кеңес отырыстарына материалдарды, сондай-ақ Кеңес отырыстары хаттамаларының жобаларын дайындауды ұйымдастырады;

      3) Кеңес төрағасының тапсырмасы бойынша өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Ескерту. 8-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 30.09.2022 № 1028 Жарлығымен.

      9. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, Кеңес төрағасы айқындайтын мерзімдерде, бірақ кемінде жарты жылда бір рет өткізіледі. Кеңес отырыстары оның мүшелерінің тікелей қатысуымен өткізіледі және оның мүшелерінің кемінде үштен екісі дауыс беруге қатысқан кезде заңды болады. Кеңес мүшелерінің өз өкілеттіктерін өзге лауазымды адамдарға беруіне жол берілмейді.

      10. Кеңестің жұмыс органы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі болып табылады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің № 888 жарлығымен.

      11. Кеңестің жұмыс органы:

      1) Кеңес отырыстарын өткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді және Кеңес отырыстарын өткізу үшін тиісті материалдарды дайындауды жүзеге асырады;

      2) Кеңес мүшелеріне Кеңестің кезекті отырысының өткізілетін орны, уақыты мен күн тәртібі туралы хабарлайды және оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;

      3) Кеңес отырысының хаттамасын келісуді жүзеге асырады;

      4) Кеңестің шешімдері қабылданған күннен бастап екі апта ішінде Кеңес мүшелеріне және басқа мүдделі мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға хаттаманың көшірмесін және өзге де қажетті материалдарды жібереді;

      5) Кеңес ұсынымдарының іске асырылуын және қолданылуын мониторингтеу мен талдауды жүзеге асырады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 30.09.2022 № 1028 Жарлығымен.

      12. Кеңес отырыстарының қорытындылары бойынша хаттамамен ресімделетін шешімдер қабылданады, оған Кеңестің отырысқа қатысқан барлық мүшелері қол қояды.

      13. Кеңестің шешімдері қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады және ұсынымдық сипатқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.

      Кеңес мүшелерінің ерекше пікірге құқығы бар, ол айтылған жағдайда жазбаша түрде баяндалуы және хаттамаға қоса берілуі тиіс.

      14. Кеңестің шешімдері бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы немесе энергетика саласы субъектілерінің назарына Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кез келген өзге тәсілмен жеткізілуі мүмкін. Жариялануға не энергетика саласының субъектілеріне беруге арналған ақпараттың тізбесі мен көлемін Кеңес айқындайды.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 30.09.2022 № 1028 Жарлығымен.

4-тарау. Кеңестің қызметін тоқтату

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 30.09.2022 № 1028 Жарлығымен.

      15. Кеңестің қызметін тоқтатуға Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі негіз болып табылады.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2012 жылғы 14 наурыздағы
№ 285 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Энергетикалық кеңестің
ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Құрамы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 29.06.2024 № 591 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, төраға

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Президентінің энергетикалық секторды дамыту мәселелеріне жетекшілік ететін кеңесшісі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі, хатшы

      Кеңес мүшелері:

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Әділет министрі

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

      Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

      Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі

      Қазақстан Республикасының Энергетика министрі

      "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "QazaqGaz" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы "КЕGОС" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады