"Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 11 маусымдағы № 339 Жарлығы

Қазақстан Республикасының   
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс  

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. «Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 43, 503-құжат; 2004 ж., № 22, 276-құжат; 2005 ж., № 19, 227-құжат; 2006 ж., № 1, 2-құжат; 2008 ж., № 4, 44-құжат; № 20, 182-құжат; № 42, 465-құжат; 2010 ж., № 9, 105-құжат; 2012 ж., № 10, 189-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      жоғарыда көрсетілген Жарлықпен бекітілген Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы ережеде:
      4-тармақта:
      2), 3) және 4) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу ережесіне (бұдан әрі - Іріктеу ережесі) сәйкес «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы, «Болашақ» халықаралық стипендиясынан айыру, одан бас тартуды қабылдау туралы шешім, сондай-ақ «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде алған мамандығы бойынша еңбек қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыруды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдау;
      3) «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін басым мамандықтар тізбесін жыл сайын бекіту;
      4) Іріктеу ережесінде белгіленген адамдар санаттары үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясының шекті санын жыл сайын белгілеу;»;
      мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «4-1) «Болашақ» бағдарламасы түлектерін жұмысқа орналастыру мәселелерін үйлестіруді қамтамасыз ету.»;
      10-тармақта:
      3) және 4) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелде оқыту үшін мәндес мамандықтар тізбесін, «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің (бұдан әрі - стипендиат) оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізімін, «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін бағалар баламалылығы кестесін, тілдік курстардың ұзақтылық кестесін бекітеді;
      4) тамақтануға, тұруға, оқу әдебиеттерін сатып алуға арналған шығыстар нормаларын әзірлейді және бекітеді, тұратын жерінен шет елдердің тиісті мемлекеттік органдары, шетелдің жоғары оқу орындары, тілдік курстар мен тағылымдамаларды өткізуді жүзеге асыратын шетелдік ұйымдар, статистикалық, рейтингілік және өзге де тиісті ұйымдар және/немесе шет мемлекеттің уәкілетті органдары белгілеген оқытуды ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсететін шетелдік ұйымдар ұсынған құжаттардың және/немесе өзге ақпараттың негізінде оқитын, тілдік курстардан не тағылымдамадан өтетін жеріне дейін жол жүру бойынша көлік түрі мен сыныбын анықтайды;»;
      7) және 8) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      «7) мемлекеттік және шет тілдерін білудің қажетті ең төменгі деңгейін, шетелдік жоғары оқу орындарының, шетелдік мемлекеттердің уәкілетті органдары айқындайтын шетелдік ұйымдардың талаптарын ескере отырып, пәндік емтихандар бойынша ең төменгі бастапқы балды белгілейді;
      8) қажетті материалдарды Республикалық комиссияның отырысына енгізеді;»;
      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «10) осы Ереженің 4-тармағында көзделген Республикалық комиссияның міндеттерін жүзеге асыру шеңберінде қарауы оның құзыретіне кіретін мәселелерді қоспағанда, «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияны құрады;»;
      мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:
      «11) стипендиаттармен оқуға/тағылымдамадан өтуге шарт жасасу, стипендиаттарды орналастыруды жүзеге асыру, стипендиаттардың үлгерімі мен еңбек қызметін жүзеге асыру, стипендиаттардың міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету ретінде ұсынылған кепіл мүлкін ауыстыру, Республикалық комиссия «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім шығарған күннен бастап тұрақсыздық төлемін (айыппұлды) қоса алғанда, стипендиатқа жұмсалған шығыстарды өтеу тәртібі мен шарттарын бекітеді.».
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н.Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады