Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық агенттіктерді одан әрі дамыту тұжырымдамасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 13 тамыздағы № 362 Жарлығы.


      Қазақстан Республикасының

      Президенті мен Үкіметі актілерінің

      жинағында жариялануға тиіс

      Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық агенттіктерді одан әрі дамыту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық агенттіктерді одан әрі дамыту тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі өз жұмысында осы Тұжырымдаманы басшылыққа алсын.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі өз шешімдерін осы Жарлыққа сәйкес келтірсін.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2012 жылғы 13 тамыздағы
№ 362 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН

Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын
(рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және
коллекторлық агенттіктерді одан әрі дамыту
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

      Астана, 2012 жылғы

Мазмұны

      1. Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттары (рейтингтік

      агенттіктер, кредиттік бюролар) мен коллекторлық агенттіктерді

      дамуын пайымдау

      Кіріспе

      Ағымдағы жағдайды талдау

      Мақсаты мен міндеттері

      Орындау кезеңдері мен күтілетін нәтижелері

      2. Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын

      (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық

      агенттіктерді дамытудың негізгі кағидаттары мен жалпы тәсілдері

      3. Тұжырымдаманың іске асырылуы көзделіп отырған нормативтік құқықтық

      актілердің тізбесі

1. Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттары
(рейтингтік агенттіктер, кредиттік бюролар) мен коллекторлық
агенттіктерді дамуын пайымдау
Кіріспе

      Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық агенттіктерді одан әрі дамыту тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) ұлттық рейтингтік агенттіктердің, кредиттік бюролар мен коллекторлық агенттіктердің қызметін жақсарту, сондай-ақ экономикалық тәуекелдерді басқарудың жалпы жүйесіне осы институттар қызметінің оң ықпал етуіне қол жеткізу мақсатында әзірленді.

      Тұжырымдама Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының негізгі ережелеріне сай келеді және қаржы нарығының субъектілері көрсететін қызметтер спектрін кеңейтуге ықпал ететін, инвесторлар мен қаржы қызметтерін тұтынушылардың сенімін арттыратын болады.

      Тұжырымдаманы әзірлеу кезінде тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық агенттіктерді дамыту саласындағы қазіргі халықаралық тәжірибе де ескерілді.

      Осы Тұжырымдама тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық агенттіктерді дамытудың мемлекеттік саясатын қалыптастыру мен іске асыру тәсілдерінің бірлігін, сондай-ақ осы саланы реттейтін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру үшін әдіснамалық негізді қамтамасыз етуді көздейді.

      Тұжырымдама тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық агенттіктерді дамытудың негізгі мақсаттарын, міндеттерін, бағыттары мен күтілетін нәтижелерін айқындайды.

Ағымдағы жағдайды талдау

      Жаһандық ауқымдағы дағдарыстық құбылыстар экономикалық тәуекелдерді басқару саласындағы бұған дейін болған тәсілдің жеткілікті түрде тиімді болмағанын және фрагментарлықпен, жүйеліліктің болмауымен, ал кейде аса субъективтілікпен сипатталғанын көрсетті. Әлемдік экономиканың дамуындағы белгісіздіктің үстем болуы тәуекелдерді бағалау институттарының дамыған және кең ауқымды желісі болуының аса қажет екендігін тағы да көрсетті.

      Әлемдік экономикалық және ақпараттық кеңістікке кең ауқымда кіріктірілген және әлемдік капитал нарығына еркін қол жеткізуге және экономикаға шетел капиталын тартуға мұқтаж Қазақстан Республикасы тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын дамыту саласындағы озық халықаралық тәжірибе мен стандарттардың барлық аспектілеріне сәйкес болуға ұмтылуы тиіс.

      Қазақстан Республикасындағы экономикалық тәуекелдерді басқаруды түсінуге қатысты жүйелік тәсілді қолданған кезде осы саладағы субъектілердің мынадай институционалдық жіктелуі анықталды:

      1-санат. Тәуекелдерді бағалау үшін пайдалы деректер көзі (мемлекеттік және жеке деректер базаларындағы, оның ішінде банктердегі, кредиттік және басқа да қаржы ұйымдарындағы ақпарат).

      2-санат. Ақпаратты өңдейтін және жүйелейтін, сондай-ақ ақпараттық сипаттағы қызметтерді көрсететін институттар (рейтингтік агенттіктер, кредиттік бюролар, статистикалық және талдамалық ақпарат ұсынатын ұйымдар).

      3-санат. Ақпаратты мемлекеттік және мемлекеттік емес реттеу (өзін-өзі реттеу) мақсатында пайдаланатын ұйымдар (уәкілетті мемлекеттік органдар, өзін-өзі реттейтін ұйымдар, биржалар, өзге де заңды тұлғалар).

      4-санат. Ақпаратты өз тәуекелдерін бағалау үшін пайдаланатын ұйымдар (қаржы институттары, өзге де заңды тұлғалар).

      5-санат. Тәуекелдердің іске асырылуының жағымсыз салдарын жоятын ұйымдар (уәкілетті мемлекеттік органдар, соттар, коллекторлық агенттіктер, төрелік соттар (аралық соттар)).

      Тәуекелдерді басқарудың қазіргі құрылымын назарға ала отырып, тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарына (рейтингтік агенттіктерге, кредиттік бюроларға) және коллекторлық агенттіктерге қатысты ағымдағы жағдайды талдау мынаны көрсетті.

      Рейтингтік агенттіктер. Өткен жүзжылдықтың 20-жылдарынан бастап АҚШ-тың жетекші ақпараттық конгломераттары өз клиенттеріне бағалы қағаздарды бағалай отырып (рейтинг), жаңа қызмет түрін ұсына бастады. Бұл ретте сол замандағы рейтингтер қазір берілетін классикалық рейтингтерді тек жалпылай ғана еске салды. Рейтинг процесіндегі заманауи тәсіл АҚШ-та 1970 жылдары басымырақ қалыптасты. Рейтингтік агенттіктерге талаптар алғашқы рет әзірленген кезде Moody's Investors Services және Standard & Poor's кіргізілген таныла бастаған рейтингтік агенттіктердің тізбесі жасалды. Мұндай танылудан кейін SEC актілерінде (Securities and Exchange Commission - АҚШ бағалы қағаздар нарығын реттеу мен айналысатын орган) рейтингтік бағалаулардың болуына қойылатын талаптар жазылды. Бұдан әрі заңнамалық танылу және рейтингтердің шартты міндеттілігі бүгін де байқалып отырған түрде рейтингтіктің қызметтер көрсету нарығын дамытуға негізгі түрткі болды. Тұтастай алғанда, Moody's Investors Services және Standard & Poor's абыройы АҚШ реттеушісі оларды танығаннан кейін ғана жетекші рейтингтік агенттіктер ретінде қалыптасты.

      Халықаралық қаржы нарығының қарқынды дамуы және оның нәтижесінде рейтингтік қызметтер көрсету нарығы жергілікті рейтингтік агенттіктердің дамуы үшін де жағдай қалыптастырды. Жергілікті агенттіктер әртүрлі уақытта Жапония (Japan Credit Rating Agency), Канада (Dominion Bond Rating Service), Австралия (Baycorp Advantage), Германия (Feri EuroRating) сияқты елдердің қаржы нарықтарына қызмет көрсету үшін құрылған. Қазір бұл агенттіктер өз қызметін өз өңірлерінен тыс жерлерде атқаруда. 2012 жылы Еуропалық одақта танылатын рейтингтік агенттіктердің тізімінде 11 елден 17 агенттік болды.

      Рейтингтердің негізгі түрлері сенімділік, сапалы басқару рейтингтері, бірақ кең таралғаны - кредиттік рейтинг болып табылады. Рейтингтің осы түрі қаржы және қор нарықтарының ажырамас бөлігі болып табылады және компаниялардың, кәсіпорындардың, өңірлер мен елдердің кредит төлеу қабілеттілігі туралы тәуелсіз және объективті пікірді білдіреді.

      Рейтингтік бизнестің тарихи дамуы қор нарығының пайда болуымен тығыз байланысты. Инвесторлар мен халықтың әртүрлі топтары үшін қаржы құралдары түрлерінің өсуі мен қолжетімділігінің артуына қарай тәуекелдерді тәуелсіз, кәсіптік және объективті бағалау қажеттігі пайда болды. Басқа сөзбен айтқанда, табыс алу мен өз жинақтарын көбейту есебімен компаниялар акцияларын және олардың облигацияларын сатып алуды қалаушы халықтың компаниялар-эмитенттердің кредит төлеу қабілеттігіне кәсіптік талдау жүргізуге, ал көп жағдайда - тиісті мағлұматтар мен білім алуға мүмкіндіктері жоқ. Штатында білікті және кәсіби талдаушылары бар рейтингтік агенттіктер оларға көмекке келеді.

      Қазіргі уақытта көптеген елдерде рейтингтерді өз ұлттық шәкілі (егемен тәуекелді қоспағанда) бойынша ұсынатын жергілікті рейтингтік агенттіктер белсенді жұмыс істеуде, өйткені өз тәуекелдерін толық бағалау үшін инвесторлар түрлі деңгейдегі ақпарат көздерін пайдаланғанды жөн көреді және "жергілікті" ерекшеліктерді білудің де маңызы бар. Ішкі нарықта қаржыландырылатын жергілікті қарыз алушылар жетекші әлемдік көшбасшылардың рәсімімен салыстырғанда барынша қарапайым және арзанға түсетін рәсімге қызығушылық білдіруде. Бұдан басқа, көбінесе халықаралық агенттіктердің төмендетілген рейтингтері қазақстандық эмитенттерге қатты қысым жасайды, бұл ретте ішкі рейтингтер нарықта әлі барабар әсер ете алмайды.

      Қазақстанның компаниялары 7 рейтингтік агенттіктің қызметін пайдаланады: Moody's Investors Services, Standard & Poor's, Fitch Ratings, A.M. Best, Эксперт PA Қазақстан, Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының рейтингтік агенттігі (бұдан әрі - АӨҚО РА) және KzRating.

      Бірінші төртеуі - шетелдік рейтингтік агенттіктер. Олардың қызметтер көрсетуін халықаралық капитал нарықтарында қаражатты тартатын компаниялар пайдаланады. Көбінесе олар ірі банктер мен ұлттық компаниялар. Осы рейтингтік агенттіктер тобының Қазақстанда қызметкерлері жоқ, жергілікті юрисдикцияға жатпайды және аса қажетті жағдайда Қазақстанға өз қызметкерлерін жолдай отырып, алыс жердегі режимде жұмысын жүзеге асырады.

      Осы агенттіктердің қызметтер көрсетуіне деген сұраныс рейтинг - қаржыландыруды тарту жөніндегі мәмілелер кезінде міндетті шарт болғанда қалыптасқан халықаралық тәжірибемен айқындалған. Бұдан басқа осы агенттіктердің қызметтер көрсетуіне деген сұраныс қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу саласындағы қазақстандық заңнаманың жекелеген ережелерімен қолданылады.

      Шетелдік рейтингтік агенттіктерден басқа 2008-2010 жылдары Қазақстанда үш жергілікті рейтингтік агенттік ашылды: Эксперт РА Қазақстан, АӨҚО РА және KzRating. Бұл үш агенттік бағалаулары "Қазақстандық қор биржасы" АҚ-дағы листингі мақсатында танылатын рейтингтік агенттіктер талаптарына сәйкес келеді және рейтингтік бағалауларын уәкілетті орган танитын рейтингтік агенттіктер тізбесіне қосылған.

      2011 жылдың соңындағы жағдай бойынша Қазақстанда 96 компания тіркелді, оларда сол уақытта түрлі бұқаралық байланыс рейтингтері жұмыс істеген. Олардың үштен бір бөлігіне (96-дан 30-ы) үш жергілікті рейтингтік агенттік берген, 17 - Эксперт РА Қазақстан, 10 - АӨҚО РА және 3 - KzRatings. Рейтингтің ең көп таралған түрі компанияның кредит төлеу қабілеттілігі рейтингі және олардың облигацияларының сенімділігі болды.

      Тәжірибе көрсетіп отырғандай, рейтингтік мәдениет Қазақстанда қарқынды дамып келеді, бірақ негізінен төменгі базаның әсері есебінен болуда. Тәуекелдердің тәуелсіз бағалауының қазіргі жүйесі нарықтың талаптарына сай еместігін мойындау керек. Бұл қаржы дағдарысы кезеңінде неғұрлым айқынырақ көрінді. 2009 жылғы 01 желтоқсандағы жағдай бойынша 25 қазақстандық компания облигациялардың 43 шығарылымы бойынша мемлекеттік емес облигацияларға қатысты дефолттар жіберді, олардың жалпы номиналды құны 273 975 млн. теңгені құрайды. Бұл ретте сол кездегі болған рейтингтік жүйе бар тәуекелдерді барабар бағалауға қабілетті болмаған. Ірі шетелдік агенттіктердің рейтингтері олардың құнының жоғары болуы себепті көп компанияларға қолжетімсіз болған, бұдан басқа бағалы қағаздар нарығы жұмысының қалыптасқан тәжірибесі де, реттеу де сол кезде қазақстандық эмитенттер үшін рейтингтің болуын талап етпеді.

      2008 - 2009 жылдары дефолттарға жол берген компанияларда дағдарысқа дейіннің өзінде борыштық жүктеменің жоғары мәндері мен тиімділіктің төменгі мәндері (рентабельдігі) болды. Бұл дефолттық компанияларға тән тәуекелдің жоғары деңгейі алдын ала сәйкестендіру мүмкін болғандығын білдіреді.

      Қорытындысында, реттеуші органдар корпоративтік облигациялардың эмитенттерінде рейтингтік бағалаудың болуы 2010 жылдың 01 қаңтарында күшіне енгені жөніндегі міндетті талапты енгізу қажеттігі туралы шешім қабылдаған. Осы сәттен бастап облигациялардың барлық жаңа шығарылымдары рейтингтер ала бастады, олар Қазақстандағы рейтингтік агенттіктер дамуының бастау көзі болды. Сонымен бірге, экономикадағы тәуекелдерді сәйкестендіру және басқару үшін рейтингтерді пайдалану әлеуеті толық қолдануға мүлдем келмейді.

      Тәуекелдерді тәуелсіз бағалау жүйесінің проблемалары рейтингтік қызметтер көрсетудің дамуы мен олардың реттелуінің жеткіліксіз деңгейімен ғана шектелмейді. Тәуекелдерді объективті және уақтылы айқындауға, бағалауға және жоюға мүмкіндік бермейтін басқа да себептер бар. Негізгі проблема - Қазақстандағы ақпараттық ашықтық деңгейінің төмендігі. 2009 жылы Standard & Poor's рейтингтік агенттігі жүргізген соңғы зерттеудің нәтижелері 22 ірі бұқаралық қазақстандық компанияның ақпараттық ашықтығының деңгейі шамамен 44% екендігін айғақтайды. Бұл - басқа елдермен салыстырғанда біршама төмен көрсеткіш. Дамушы елдер туралы бар статистикалық деректер бойынша 2008 жылы 90 ірі ресейлік компанияның ақпараттық ашықтығының деңгейі 56%-ды, 300 ірі қытайлық компанияда - 46% құрады. Дамыған елдер ақпаратты ашудың неғұрлым жоғары деңгейін көрсетті: ақпараттық ашықтықты зерттеу көрсеткіштері 2003 жылы Ұлыбритания, Франция, Германия, АҚШ және Жапония үшін тиісінше 71%, 68%, 56%, 70% және 61% құрады.

      Жоғарыда баяндалғанды түйіндей отырып, қазіргі уақытта рейтингтік агенттіктердің қызметі мынадай факторлармен күрделенген деген қорытынды жасауға болады:

      1) құрылтайшыларға ең төмен талаптарды бекітуді, басшылар мен басты қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптарын, олар пайдаланатын бағалау әдіснамаларына қойылатын талаптарды қамтитын жергілікті рейтингтік агенттіктерді аккредиттеу тетігінің болмауы;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында рейтингтерді қолданудың кең болмауы;

      3) Қазақстанның компанияларында тәуекел-менеджмент жүйелері дамуының жеткіліксіздігімен байланысты бизнесті жүргізу тәжірибесінде рейтингтерді қолдану деңгейінің төмендігі;

      4) бағалар беру әдіснамасы бойынша рейтингтік агенттіктер қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету.

      Кредиттік бюролар. Кредиттік бюролар, институт ретінде, қаржы нарығының инфрақұрылымына жатады және оны кредиторларға ұсына отырып қарыз алушылар туралы ақпараттық базаны қалыптастырады.

      Бір жағынан, кредиттік бюролар банктерге баламалы түрде, әлеуетті қарыз алушы туралы қолда бар ақпаратты ескере отырып, өз тәуекелдерін бағалауға мүмкіндік береді. Екінші жағынан - кредит тарихы жақсы қарыз алушыларға қарыз алу жағдайы мен қолжетімділікті жеңілдетеді.

      Кредиттік бюролар жауапты кредит беруді ынталандыруда маңызды элемент болып табылады. 1998 жылы Гонконг (Қытай) пен Оңтүстік Кореяда тұтынушылық кредит беру саласындағы дағдарыс уақытында, бәрін қамтитын кредиттік ақпарат жүйесі болмаған кезде, кредиттердің ойластырылмай берілуі жеке тұлғалар берешектерінің шамадан тыс болуына және кейіннен жеке банкроттар санының өсуіне алып келді. Сол уақыттан бері Гонконгте (Қытай) өткен дағдарыстың қайталану тәуекелін төмендету мақсатында бәрін қамтитын кредиттік есептілік жүйесі енгізілді.

      Дағдарыс алдындағы кезеңде халықтың кредиттік бюролар жүйесімен толық қамтылмауы және Қазақстанда теріс ақпараттың болмауы (кредиттік тарих субъектісінде жүз сексен күнтізбелік күннен асқан, мерзімі өткен берешектің болуы туралы мәліметті қамтитын кредиттік тарихтың субъектісі туралы кредиттік есептің қысқаша нысаны) жағдайында кредиттерді белсенді түрде беру жеке және заңды тұлғаларға кредит берудің шамадан асып кетуіне, сонымен қатар кейіннен әлемдік қаржы дағдарысы кезінде Қазақстанның банк секторында жұмыс істемейтін қарыздардың өсуіне алып келді.

      Айталық, Дүниежүзілік Банктің деректері бойынша 2006 және 2007 жылдары Қазақстан халқының (жеке кредиттік бюролардың деректер базасында кредиттік тарихы бар субъектілердің, жеке және заңды тұлғалардың саны) жеке кредиттік бюро жүйесімен қамтылуы тиісінше барлығы 5,5% және 13% пайызды құрады.

      Сол уақытта 5-дәрежелі күмәнді және үмітсіз қарыздардың екінші деңгейлі банктердің несиелік портфелі құрылымындағы үлесі 2008 жылғы 7%-дан 2009 жылы 38%-ға дейін өсті.

      Халықаралық кредиттік ақпарат жинау тәжірибесі төрт негізгі модельмен ұсынылған:

      1) жеке коммерциялық модель - кредиттік ақпаратты жинау мен ұсынуды коммерциялық негіздегі жеке кредиттік бюролар жүзеге асырады (АҚШ, Ресей);

      2) аралас модель - кредиттік ақпаратты жинау мен ұсынуды мемлекеттік кредиттік тіркелімдер (МКТ) және жеке кредиттік бюролар жүзеге асырады (Еуропа елдерінің көпшілігі, Латын Америкасы елдері, Қазақстан, Түркия);

      3) мемлекеттік коммерциялық емес модель - кредиттік ақпарат жинау мен ұсынуды тек МКТ жүзеге асырады (Франция);

      4) мемлекеттік коммерциялық модель - кредиттік ақпарат жинау мен ұсынуды мемлекеттер меншігіндегі коммерциялық кредиттік бюролар жүзеге асырады (орталық банктер) (Шри-Ланка және Үндістан).

      Әлемдік тәжірибеде қалыптасқан кредиттік ақпаратты жинау модельдерін ескере отырып, "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі Заңына (бұдан әрі - Кредиттік бюро туралы Заң) өзгерістер енгізілді, оларға сәйкес Қазақстанда кредиттік ақпаратты жинаудың аралас моделі құрылды, ол мемлекеттің қатысуы бар коммерциялық емес кредиттік бюроны және екі лицензияланған жеке кредиттік бюроны қамтиды: "Бірінші кредиттік бюро" ЖШС және "Орта Азиялық кредиттік бюросы" ЖШС.

      Жеке кредиттік бюролар қызметтер көрсетудің сапасы мен құнын, ерікті негізде жиналатын қосымша ақпаратты және қосымша қызмет түрлерін қамтамасыз ету есебінен өзара бәсекеге түсетіндігі қарастырылуда. Мемлекеттің қатысуы бар коммерциялық емес кредиттік бюро эталонды деректер базасының рөлін атқаратын болады және банктік, квазибанктік құрылымдардан стандартты кредиттік ақпарат жинайды және банк қызметін мемлекеттік реттеу мен қадағалау мақсатында пайдаланылатын болады.

      Мемлекеттің қатысуы бар кредиттік бюро кредиттік бюроның деректер базасында қамтылатын кредиттік тарихтар туралы ақпараттың өзектілігі, құпиялығы, сақталуы және қорғалуымен байланысты мәселелерді шешуге бағытталатын болады.

      Сондай-ақ кредиторлардың тәуекелін азайту мақсатында теріс кредиттік есептілік жүйесі енгізілді. Сондықтан кредиттік бюролар кредиторларға дебиторлық берешекті бағалауға және кредит берудің дұрыс және жауапты лимиттерін белгілеуге мүмкіндік беруде негізгі рөл атқара алады.

      "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес осы Заңда көзделген ақпаратты міндетті берушілердің басқа ақпаратты өз еркімен берушілер шарттар негізіндегі кез келген басқа тұлғалар болуы мүмкін. Сондықтан, халықаралық қаржы ұйымдары және шағын кредиттік ұйымдар барлық деңгейдегі (мемлекеттік және жеке) кредиттік бюролармен ақпараттық алмасуға қатысушылары бола алады.

      Кредиттік бюролар ұсынатын ақпаратты негізгі пайдаланушылар банктер мен өзге де қаржы ұйымдары болып табылады. Соттар мен құқық қорғау органдары да заңнаманың талаптарына сәйкес кредит тарихтары туралы ақпарат алуға құқылы.

      Дүниежүзілік Банктің "Бизнесті жүргізу" ("Doing Business") жыл сайынғы рейтингтік бағалауына сәйкес 2011 жылдың нәтижелері бойынша:

      Қазақстанның кредиттік ақпарат индексі 4-тен 5-ке дейін өсті (индекс мемлекеттік кредиттік тізілімнен немесе жеке кредиттік бюролардан алуға болатын кредиттік ақпаратпен қамтылуына, оның көлемі мен қолжетімділігіне әсер ететін қағидалар мен тәжірибенің тиімділігін бағалайды);

      жеке кредиттік бюролардың деректер базасында кредит тарихтары бар субъектілер (жеке және заңды тұлғалар) санының көрсеткіші 29,9-дан 37,6%-ға артты. Бұл ретте, АҚШ, Аргентина, Австралия, Израиль, Корея сияқты елдерде осыған ұқсас көрсеткіш 100% құрайды. Мексика, Чехия, Түркия, Литва сияқты елдерде осы көрсеткіштің мәні 60%-дан жоғары;

      2012 жылғы 1 тоқсанның аяғындағы жағдай бойынша кредиттік тарихтың жалпы саны 4,63 млн. құрады, оның ішінде 4,53 млн. жеке тұлға және 95,2 мың заңды тұлға. 2005 жылдан бастап 2012 жылғы 1 тоқсан бойынша кредиттік тарихтың жылдық өсу қарқыны 14% құрайды (кредиттік тарихтардың орташа жылдық өсімі - 661 мың).

      2012 жылғы 1 тоқсанның аяғына Қазақстан Республикасының экономикалық белсенді халқының 52% өзінің кредиттік тарихы бар, бұл ретте осы көрсеткіш 2006 жылдың соңында 12% құрады.

      Кредиттік тарих деректерінің базасы мен кредиттік бюролар қызметінің ақпаратпен қамтылу көрсеткіштерінің бірі hit rate (нәтижелі сауалдардың үлесі) көрсеткіші болып табылады. Жеке кредиттік бюроның құрылған сәтінен бастап 2006 жылы hit rate көрсеткіші 43%-дан 2012 жылдың 1 тоқсанында 79%-ға дейін өсті, бұл кредиттік тарихы бар субъектілер санының қарқынды өсуін айғақтайды.

      Баяндалғанды ескере отырып, қазіргі кредиттік ақпаратты жинау жүйесінің проблемалық аспектілері:

      1) кредиттік бюролардың деректер базасындағы ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз ету;

      2) ақпараты кредиттік бюролардың кредиттік есептерін кеңейту үшін қызығушылық тудыратын және кредиттік бюро клиенттері болып табылатын қаржы институттары үшін пайдалы болатын бірқатар мемлекеттік ақпараттық деректер базаларына қолжетімділіктің болмауы;

      3) кредиттік тарихтарды қалыптастыру жүйесін ақпаратпен мүмкіндігінше мол қамтылуын қамтамасыз ету.

      Бүгінгі күнде осы проблемалар Қазақстанда кредиттік тарих жүйесінің дамуы үшін толық мүмкіндік бере алмайды. Сондықтан, проблемалық аспектілерді "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банк қызметін және қаржы ұйымдарын реттеу мәселелері бойынша тәуекелдерді азайту бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылулары көзделген мемлекеттік кредиттік бюролардың өз функцияларын іске асыруларына қарай реттеу болжануда.

      Коллекторлық агенттіктер. Борыштарды қайтару, бизнестің жеке түрі ретінде, АҚШ-та 40 жыл бұрын пайда болған. Бұл ретте, борыштармен жұмыс істейтін алғашқы компаниялар сол жерлерде өткен ғасырдың 30-жылдарында пайда болған. Қазіргі кезде әр түрлі мәліметтер бойынша 5000-нан 6500-ға дейін компаниялар (мұндай агенттіктер) бар. Шет елдердегі коллекторлар қашықтықтан жұмыс істеуді қалайды, олардың басты құралы - телефон, интернет және почта.

      АҚШ-тың коллекторлық компаниялары өз қызметтерінде арнайы құжатты - 1978 жылы Борышты қайтарудың адал тәжірибесі туралы қабылданған заңды (Fair Debt Collection Practices Act) басшылыққа алады. Осы заң борышкерге, оның жақындарына немесе дүние-мүлкіне зақым келтіру қауіптерін, абырой-беделін түсіру, борышкермен әңгімелескенде тіл тигізулерді және әдепсіз сөздерді қолдану, үнемі қайталанатын телефон қоңырауларын шалуды заңды емес деп таниды. Федералдық заңнан басқа, кейбір штаттарда өңірлік заңдар да бар, олар адал қайтарудың ережелерін қатаңдандыра түседі. Олар неғұрлым қатаң талаптарды немесе шектеулерді қамтуы мүмкін, сондай-ақ коллекторлық агенттіктерге өндіріп алудың тиімдігін арттыратын қосымша мүмкіндіктер береді.

      Борышты өндіріп алудың еуропалық тәжірибесі американдықпен салыстырғанда кейінірек қалыптасқан, алайда олар әртүрлі. Германияда АҚШ-тағымен ұқсас заң жоқ, бірақ онда 530-дан астам мүшелерін бірлестіретін коллекторлық агенттіктерінің кәсіби қауымдастығы жұмыс істейді. Сондай-ақ коллекторлық бизнес Ұлыбританияда өте жақсы дамыған. Оның моделі американдықпен ұқсас, алайда ол қызметті либералдық құқықтық реттеумен ерекшеленеді. Борыштық бизнес Австрияда да кең таралған, онда борыштарды өндіріп алу жөніндегі қызметті федералды билік қатал лицензиялайды. Бұл елдегі өндіріп алудың ерекшелігі заңнамаға сәйкес коллекторлық агенттіктің қызметтер көрсетуін төлеу бойынша кредит беруші шығындарының бір бөлігі қарыз алушыға жүктеуі мүмкін болып табылады.

      Қазақстанда коллекторлық агенттік ретінде шамамен жеті ұйым және жарғыларында борыштарды жинау және коллекторлық қызметтер көрсету жөніндегі қызмет көрсетілген заң компанияларының бірқатары белсенді қызмет етеді. Сондықтан коллекторлық қызмет ерекшелігін қазіргі уақытта түсіну қиынға соғып отыр.

      Тек қана коллекторлық қызметпен айналысатын ұйымдар арасында "КСС", "ЮСБ Коллектор Казахстан" және "ФАСП" сияқты коллекторлық агенттіктерді атауға болады. Негізінен коллекторлық агенттіктер банктермен байланысты құрылымдар болып табылады немесе "ЮСБ Коллектор Казахстан", "ФАСП" коллекторлық агенттіктері сияқты Ресейдің ірі коллекторлық компанияларының мүдделерін білдіреді және дебиторлық берешекті талaп ету туралы шарттар негізінде қызмет етеді.

      Қазіргі уақытта коллекторлық агенттіктердің қызметі арнайы заңнамамен реттелмейді, лицензияланбайды және оны мемлекет атынан уәкілетті органдар бақыламайды. Бірқатар коллекторлық агенттіктердің ішкі тәртіп кодекстері бар, оларды ұйым қызметкерлері борышкерлермен жұмыс істегенде ұстануы тиіс. Коллекторлық агенттіктер қызметінің оң факторы - олардың банктерді оларға тән емес берешекті жинау функциясынан босатуға, банк қызметінің имидж жақтарын жақсартуға жәрдемдесу, борышкерлермен кәсіби және барынша мұқият жұмыс істеу мүмкіндіктері, олардың тәртібіне мониторинг жүргізу, борыштарды жинау тарихын қалыптастыру болып табылады. Бұл борышты немесе оның бір бөлігін өндіріп алуға немесе банктерге борышты өндіріп алу бойынша жұмыстың келешектегі перспективасы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді, мысалы, борышты кейіннен есептен шығару және құрылатын провизияларды азайту.

      Дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру жағдайында Қазақстандағы кредит беру проблемасына үлкен көңіл бөлінуі тиіс. Кредит берудің азаюының негізгі себебі банктердің несиелік портфеліндегі жұмыс істемейтін кредиттердің үлкен көлемі болып табылады. Осымен, 2010 жылдың 1 мамырында 5-санаттағы күмәнді және үмітсіз заемдардың сомасы 35,47% құрағанда, екінші деңгейдегі банктердің несиелік портфелінен 5-санаттағы күмәнді және үмітсіз заемдарға жататын кредиттердің сомасы 2012 жылдың 1 мамырында 32,95% құрады. Осылайша, жағдайды едәуір жақсарту жүзеге аспады. Бұл ретте, халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, коллекторлық агенттіктер борышты өндіріп алудың тиімді тетігі болып табылады.

      Коллекторлық агенттіктер борыштың қайтарылуын қамтамасыз ету шарты бойынша іс-қимылдар жүргізу туралы тапсырма шарты, борышты сатып алу, талап ету құқығын беру, сонымен қатар оны кейіннен секьюритилендіруді жүзеге асыру бойынша жұмыс жасай алады. Өз бетінше, өз қаражаты есебінен борышкермен жұмыс істеу бойынша коллекторлық тарихты қалыптастырып, кейін оны борышты одан әрі талап ету немесе есептен шығару кезінде шешім қабылдауда тәуелсіз мәлімет көзінің пікірі ретінде пайдаланып кредит берушіге сататын коллекторлық агенттіктер жұмысының осындай нысаны да кездеседі.

      Алайда кредиттік қаражатты қайтармау тәуекелімен байланысты теріс салдарды жоюдың нақты тетігі негізінен қазіргі уақытта үлкен операциялық жүктемеден тұратын және оның қатысушыларынан көп уақыт кетіруді талап ететін дәстүрлі сот жүйесінің мүмкіндіктеріне ғана негізделеді.

      Кредиттік берешекті талап етумен айналысатын тәуелсіз институттар (коллекторлық агенттіктер) жеткілікті түрде ашық емес және заңнаманың арнайы нормаларымен реттелмейді.

      Олардың қызметінің қалыптасқан түрде кеңеюі борышкерлер құқығының бұзылуымен байланысты, коллекторлардың заңды қызметін заңсызынан бөліп тұратын шектен асып кету тәуекелдеріне соқтыруы мүмкін.

      Қазақстандағы коллекторлық қызметтің проблемалық аспектілеріне мыналар жатады:

      1) коллекторлық агенттіктерді аккредиттеудің болмауы және олардың мемлекеттік реттелмеуі;

      2) персоналға қойылатын біліктілік талаптарының болмауы және коллекторлық агенттіктерге бұрын қылмысты болған және қылмысты мінез-құлықты адамдардың ену қауіпі;

      3) прокуратура органдары тарапынан жалпы қадағалау шеңберінде ден қою әдістерін қоспағанда, коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің борышкерлердің заңсыз қызметке шағымдануы кезінде тәртібін бағалау және коллекторлық агенттікке уәкілетті мемлекеттік орган тарапынан әрекет ету мүмкіндігінің болмауы;

      4) қызметінің анық еместігі және кредит берушілер мен борышкерлердің заңды құқықтарының бұзылу қауіптері.

      Барлық дамыған елдерде коллекторлық ұйымдар бұрыннан іскер қауымдастықтың ажырамас бөлігі болып табылады, олардың қызметтерін көптеген ұйымдар, оның ішінде қызмет процесінде қызметтер мен тауарлар үшін мерзімі өткен берешектер туындайтын банктер, сақтандыру, телекоммуникациялық және басқа ұйымдар пайдаланады.

      Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабының 2-тармағында әркім өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарламаларының құпиялылығы сақталуына құкығы бар екендігі белгіленген.

      Бұл құқықты шектеуге заңмен тікелей белгіленген тәртіпте және жағдайларда ғана рұқсат етіледі.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабы 1-тармағына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін.

      Бұдан басқа, коллекторлық агенттіктердің мәртебесін анықтау кезінде олар қаржы нарығы инфрақұрылымының бөлігі ретінде қарастырылмау керек, себебі көптеген жағдайда коллекторлардың банктердің мерзімі өткен қарыздары бойынша жұмысын ескере отырып, коллекторлық қызмет қаржылық қызметке жатпайтынына назар аударған жөн. Бұдан басқа, коллекторлық агенттіктер азаматтық-құқықтық шарт шеңберінде берілген мерзімі өткен қарыздар, коммуналдық берешектер, сондай-ақ кез келген мерзімі өткен борыштар бойынша жұмыс істей алатындығын атап өту керек.

      Коллекторлық агенттіктер қызметінің мәселесі мыналармен байланысты мәселелерді талдауды ескере отырып анықталуы тиіс:

      1) коллекторлардың бірыңғай базасының болмауы (саны, ұйымдастыру-құқықтық нысаны), оны құру қажеттігі (тізілімді жүргізу);

      2) жасалатын шарттар саны туралы деректердің болмауы, оның ішінде қаржы нарығы субъектілерімен жасасқан шарттар саны, тиісінше коллекторлардың қызметтер көрсетуін пайдалану көлемі, коллекторлық қызметтер көрсетуді пайдалану арқылы қарызды өтеу мен коллекторлық қызметтер көрсетуді пайдаланушыларды анықтаудың пайыздық ара қатынасы;

      3) коллекторлардың іс-қимылдарына шағымдануларға, сондай-ақ коллекторлар қатысатын сот талқылаулары туралы деректердің (статистика) болмауы;

      4) берешектердің коллекторлар қайтарған борыш сомаларымен арақатынасы.

      Шет елдердің, атап айтқанда АҚШ тәжірибесі бойынша коллекторлық агенттік қызметкерлері жасауға тыйым салынған іс-қимылдар тізбесін, сондай-ақ қандай да бір іс-қимылдар жасаудың құқықтық негіздерін анықтау қажет.

      Сондай-ақ коллекторлық агенттіктердің мемлекеттік атқарушы және құқық қорғау органдарымен ақпарат алмасу бойынша өзара іс-қимыл тетіктерін егжей-тегжейлі айқындау қажет.

      Осы ережелерді іске асыру шеңберінде заңнамалық түрде коллекторлық агенттіктің ұғымын, оның мәртебесін, құрылу тәртібін, қызмет қағидаттарын, коллекторлардың міндеттері мен заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік шараларын, сондай-ақ олардың қызметін мемлекеттік реттеу қажеттілігін "Коллекторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау жолымен бекіткен орынды болып табылады.

      Осындай заңды іске асыру банктік мекемелердің қызметіне оң әсер етеді және борышкерлермен жұмыс бойынша соттардың жүктемесін азайтады, сондай-ақ борышкердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді; мерзімі өткен берешектің тәртібін, шарттарын, қағидаттары мен өндіріп алу нысанын айқындайды.

Мақсаты мен міндеттері

      Осы Тұжырымдама мемлекеттік емес, тәуелсіз институттарға да, экономикалық тәуекелдерді басқару және ақпаратты тарату жүйесін реттеу мен жетілдірудің жалпы мәселелеріне де қатысты болады. Бұл ретте дағдарысты еңсерудің әлемдік тәжірибесі көрсеткендей, осы институттар мен тәуекелдерді бағалауға қатысты дәстүрлі тәсілдер әрдайым жаңғыртуды талап етеді.

      Тұжырымдаманың негізгі мақсаты ұлттық рейтингті пайдалану негіздерін жетілдіру, кредиттік бюролар қызметін ақпараттың сапасын қамтамасыз ету мақсатында регламенттеу, сондай-ақ коллекторлық агенттіктер қызметінің қағидаттарын заңнамалық бекіту болып табылады.

      Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттер айқындалған:

      1) Қазақстанда рейтингтік агенттіктер жұмысын ұйымдастыруға қойылатын ұлттық стандарттарды, қағидаттар мен талаптарды әзірлеу;

      2) рейтингті кең қолдану үшін жағдайларды қалыптастыру;

      3) кредиттік бюро деректері базаларындағы ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз ету, сондай-ақ кредиттік бюродағы ақпараттың қамтылуын арттыру;

      4) коллекторлық агенттіктер қызметінің салалық стандарттарын енгізу және мемлекеттік реттеу есебінен олардың қызметінің тиімділігін арттыру;

      5) коллекторлық агенттіктер қызметі процесінде борышкерлер мен кредит берушілердің құқықтарын қорғау бойынша теңгерімді қамтамасыз ету.

Орындау кезеңдері мен күтілетін нәтижелері

      Қойылған міндеттерге қол жеткізу нәтижесінде тәуекелдерді басқару жүйесін жақсарту есебінен экономикалық тәуекелдер азайтылады.

      Тәуекелдерді басқарудағы оң өзгерістер ретінде қаржы институттары тәуекелдерін бағалау әдістемелерін жекелендіру дәрежесі жергілікті рейтингтік агенттіктердің қызметін жандандыру, кредиттік бюролардың деректер базасында қамтылған ақпараттың нақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ аудиторияны қамтуды кеңейтуге байланысты күшейтілетін болады.

      Жергілікті рейтингтік агенттіктер рейтингтерінің болжамдары ішкі нарықты тереңдетіп талдауға және ел ішіндегі өзгеру жағдайлары көрінісіне негізделетіні күтілуде.

      Елдің қолайлы экономикалық дамуы жағдайында ұйымдастырылған нарықта айналымдағы бағалы қағаздар эмитенттерінің рейтингпен қамтылуы 2020 жылға таман 100% құрайды, оның ішінде жергілікті рейтингтік агенттіктер шамамен 50% береді деп күтілуде.

      Кредиттік бюролардағы ақпараттың толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету осы сектордың одан әрі дамуына оң ықпалын тигізеді және кредиттік бюролар көрсететін қызметтердің сапасын арттырады, сондай-ақ Дүниежүзілік Банктің рейтингі бойынша "кредиттік ақпарат индексі" және "кредиттік бюроларда кредиттік тарихы бар адамдар мен ұйымдар саны" көрсеткіштерін жақсартуға ықпал етеді.

      Кредиттік бюроларда кредиттік тарихы бар адамдарды мен ұйымдарды қамту 2017 жылға қарай 60%-ға жететін болады.

      Қазақстан нарығында коллекторлық ұйымдардың қызметін жандандыру тәуекелдерден туындаған теріс салдарды жоюға ықпал етеді, алайда мемлекет тарапынан жіті назар бөлуді талап етеді, өйткені кредиторлық берешекті талап ету процесінде азаматтардың конституциялық құқықтары бұзылуы мүмкін.

      Осыған орай, коллекторлық қызмет үшін қағидалар жинағын қабылдау кредитордың құқықтарын қорғау мен өзін-өзі басқару арасындағы шекті анықтау мақсатында қажет, бұл кредитордың мүдделеріне де, борышкерлердің мүдделеріне де оң ықпал етеді.

      Нәтижесінде 2014 жылға таман "Коллекторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заң жобасын әзірлеу күтілуде.

      Тұтастай алғанда, тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын және коллекторлық агенттіктерді дамыту 5 жыл ішінде жүзеге асырылады.

2. Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын және
коллекторлық агенттіктерді дамытудың негізгі қағидаттары мен
жалпы тәсілдері
Жалпы негізгі қағидаттар мен тәсілдер

      Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын дамытудың негізгі бірінші қағидаты аталған институттарды тәуекелдерді басқарудың жалпы жүйесінің құрамдас элементтері ретінде қарау үшін жүйелі тәсіл қағидаты болуы тиіс.

      Жүйелік тәсіл тәуекелдерді басқаруды құрылымдауға, тәуекелдерді (белгілі бір жағдайды тәуекел деп тану), тәуекелдердің рейтингін анықтауға (тәуекелдердің өзін бағалау), тәуекелдер туралы ақпараттың деректер базасын мониторингтеуге және жүргізуге бағытталған тәуекелдер мен рәсімдерді бағалау жөніндегі қызметке қатысы бар институттар тізбесін айқындауға, сондай-ақ тәуекелдер туралы ақпараттың превентивтік басқарушылық шешімдер қабылдауға ықпал ету тетігін айқындауға мүмкіндік береді.

      Екінші негізгі қағидат мемлекеттік және корпоративтік секторлардан, сондай-ақ барлық мүдделі тараптардан тәуелсіз болу қағидаты болып табылады.

      Дағдарыстан кейінгі экономика жағдайында, тәуекелдерді басқару жүйесінің мемлекеттік емес құрамдас бөлігін күшейту аясында нарық субъектілерінің жағдайы туралы ақпараттың жеткіліксіздігі проблемаларын шешетін тәуелсіз институттардың - рейтингтік агенттіктер мен кредиттік бюролардың рөлі артады.

      Мемлекеттік емес құрамдас бөлікке келетін болсақ, оның басымдылығы мемлекеттік реттеу жүктемесін және мемлекеттік бюджет шығыстарын азайту, төрешілдік дәрежесін төмендету, ақпараттық ресурстарға монополияны болдырмау және нарық қатысушыларының бастамашылық іс-қимылдарын ынталандыру қажеттігіне негізделген.

      Үшінші қағидат тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттары (рейтингтік агенттіктер, кредиттік бюролар) мен коллекторлық агенттіктер үшін шынайы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі болып табылады.

Жергілікті рейтингтік агенттіктерді дамытудың негізгіқағидаттары мен жалпы тәсілдері

      Осы Тұжырымдамаға сәйкес жергілікті рейтингтік агенттіктерді дамытудың негізгі кағидаттары:

      1) жергілікті рейтингтік агенттіктердің заңнамада белгіленген шектеулермен қоса (жарғылық капиталдың бес пайызынан аспайтын) институционалдық инвесторларды қоспағанда, қаржы құралдарының эмитенттері болып табылатын заңды тұлғалардың рейтингтік агенттіктерінің жарғылық капиталдарына қатысуға тыйым салуды білдіретін қаржылық құралдардың эмитеттерінен тәуелсіздігі;

      2) жергілікті рейтингтік агенттіктер арасындағы бәсекелестік;

      3) әлеуметтік маңызы бар ұйымдарды қоспағанда (зейнетақы қорлары, сақтандыру компаниялары және екінші деңгейдегі банктер) рейтингтік бағалар берудің еріктілігі;

      4) рейтингтік әдістемелердің негізгі қағидаттары мен тәсілдерінің ашықтығы болып табылады.

      Жергілікті рейтингтік агенттіктерді дамытудың жалпы тәсілдері ретінде осы Тұжырымдамада:

      1) тәртібі рейтингтік агенттіктерге, олардың жарғылық капиталының мөлшеріне қойылатын кешенді талаптарын, жетекші қызметкерлері мен басшыларына қойылатын біліктілік талаптарын, бағалау әдістемелерінің жалпы талаптарын қамтитын Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін барлық рейтингтік агенттіктерге аккредиттеу жүргізу;

      2) рейтингтің кең қолданылуы үшін жағдайлар қалыптастыру көзделген.

Кредиттік бюроларды дамытудың негізгі қағидаттары
мен жалпы тәсілдері

      Осы Тұжырымдамаға сәйкес кредиттік бюроларды дамытудың негізгі кағидаттары:

      1) заңнамаға сәйкес кредиттік бюроның жарғылық капиталының жиырма бес пайызынан аспайтын мөлшерде ақпаратты кредиттік бюроларға міндетті жеткізушілер және алушылар болып табылатын ұйымдар үшін жеке меншік кредиттік бюроның жарғылық капиталына қатысу үлестерін шектеу;

      2) кредиттік тарихтардың ақпаратын кредит қызметтерін көрсету нарығындағы жосықсыз бәсекелестік мақсатында пайдаланғаны үшін кредиттік бюролар лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі болып табылады.

      Кредиттік бюроларды дамытудың жалпы тәсілдері ретінде осы Тұжырымдамада:

      1) кредиттік тарихтардың деректер базасында қамтылған ақпараттың дұрыстығын;

      2) кредиттік бюролардың қызметтер көрсету түрлерін кеңейту үшін жағдай жасау, сонымен қатар кредиттік бюролардың ақпаратты кеңінен қамтуын қамтамасыз ету көзделеді.

Коллекторлық агенттіктерді дамытудың негізгі қағидаттары
мен жалпы тәсілдері

      Осы Тұжырымдамаға сәйкес коллекторлық агенттіктерді дамытудың негізгі қағидаттары:

      1) коллекторлық агенттіктер қызметін мемлекеттік реттеу;

      2) қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығына кепілдік беру.

      Коллекторлық агенттіктерді дамытудың жалпы тәсілдері ретінде осы Тұжырымдамада:

      1) коллекторлық агенттіктердің құқықтық мәртебесін заңнамалық түрде бекіту, оларды құрудың, қызметінің тәртібін, құзыретінің шегі мен жауапкершілігін заңнамалық реттеу;

      2) қаржылық қызметтерді тұтынушыларды қорғау бойынша шаралар;

      3) коллекторлық агенттіктердің басшы қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары;

      4) коллекторлық агенттіктердің жеке сот орындаушыларымен өзара іс-қимылдарын заңнамалық түрде бекіту көзделеді.

Белгіленген міндеттерді шешудің тиімді тәсілдері мен әдістері

      Осы Тұжырымдаманы іске асыру мақсатында мынадай тиімді тәсілдер мен әдістер пайдаланылады:

      1) заңнама мен құқық қолдану тәжірибесінде жалпы заңдылықтар мен үрдістерді анықтау мақсатында тарихи талдау;

      2) халықаралық тәжірибенің Қазақстан үшін ең нәтижелі және қолайлы үлгілерін енгізу мақсатында оң мысалдарға негізделетін салыстырмалы талдау;

      3) экономикалық тәуекелдерді басқарудың жалпы жүйесінің және олардың белгіленген жүйе шеңберіндегі орны мен рөлін түсінудің құрамдас элементтері ретінде тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын және коллекторлық агенттіктерді түсінуге негізделетін жүйелік талдау;

      4) жоғарыда аталған институттарды дамыту үшін ыңғайлы бастапқы жағдай жасау мақсатында барлық қажетті нормативтік құқықтық актілерді бір уақытта әзірлеу мен қабылдаудан тұратын кешенді тәсілдер.

3. Тұжырымдаманың іске асырылуы көзделіп отырған
нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Осы Тұжырымдаманың ережелерінде айқындалған міндеттер мен индикаторларды іске асыру тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттары (рейтингтік агенттіктер, кредиттік бюролар) мен коллекторлық агенттіктердің даму саласын реттейтін заңнамалық және заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жолымен көзделген.

      Бұл ретте, осы Тұжырымдаманы іске асырудың қазіргі құралдары:

      1) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі;

      2) Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі;

      3) "Бағалы қағаздар нарығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      4) "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюро және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      5) Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 923 Жарлығымен мақұлданған Қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасы және тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттары мәселелерін қозғайтын басқа да нормативтік құқықтық актілер.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады