Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 29-бабының 4-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген ережелерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 26 маусымдағы № 643 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 29, 351-құжат; 2012 ж. № 54, 717-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
аталған Жарлықпен бекітілген Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуі туралы ереже осы Жарлықтың қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 2 шілдедегі
№ 595 Жарлығына
ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2001 жылғы 26 маусымдағы
№ 643 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі - Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы) сәйкес судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өту шарттары мен тәртібін айқындайды.
2. Судьялыққа кандидаттың (бұдан әрі - тағылымдамашы-кандидат) тағылымдамадан өтуінің негізгі міндеті аудандық және оған теңестірілген сотта (бұдан әрі - аудандық сот) жұмыстың ерекшелігін зерделеу, судья лауазымындағы жұмысы үшін қажетті практикалық және ұйымдастырушылық дағдыларды игеру болып табылады.
Тағылымдамадан өту тағылымдамашы-кандидаттың іскерлік, кәсіптік және моральдық қасиеттерін зерделеу және оның судья өкілеттіктерін жүзеге асыру перспективаларын айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген теріс себептер бойынша судья лауазымынан босатылған адамдарды қоспағанда, бұрын кемінде үш жыл тұрақты судья болып жұмыс істеген және жұмыстан босатылған күннен бастап бес жылдың ішінде қайтадан судья лауазымына орналасуға ниет білдірген адамдардың тағылымдамадан өтуі талап етілмейді.
Мамандандырылған магистратурада оқуды аяқтаған адамдардың оқуды аяқтаған күннен бастап бес жыл ішінде тағылымдамадан өтуі талап етілмейді.
4. Осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, тағылымдамадан өту мерзімін облыстық соттың және оған теңестірілген соттың (бұдан әрі - облыстық сот) төрағасы тоғыз айдан бір жылға дейінгі шекте белгілейді.
Заңгерлік мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ құқықтың белгілі бір саласында ғылыми дәрежелері және атақтары бар адамдар үшін тағылымдама мерзімі алты ай болып белгіленеді.
Соттардың сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдарда, құқық қорғау органдарында, адвокатурада заңгерлік мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс істеген адамдар үшін тағылымдама мерзімі үш ай болып белгіленеді.
Облыстық сотта тағылымдаманың материалдарын қарау уақыты тағылымдамадан өту мерзіміне қосылады.
Облыстық соттың төрағасы дәлелді себептер болған кезде (ауру, іссапар, оқу) тағылымдамашы-кандидаттың арызы бойынша тағылымдама белгіленген мерзімнің жартысынан аспайтын уақытқа бір рет тағылымдаманы тоқтата тұруы және оның тоқтатыла тұруына себеп болған мән-жайлар жойылғаннан кейін қайта жалғастыруы мүмкін.
Тағылымдамашы-кандидаттың арызы бойынша облыстық соттың төрағасы белгіленген мерзімі өткенге дейін тағылымдаманы тоқтатуы мүмкін. Кейіннен тағылымдамашы-кандидат тағылымдама тоқтатылған күннен бастап жалпы негіздерде тағылымдамадан өтуге бір жылдан ерте жіберілмеуі мүмкін.
Облыстық соттың жалпы отырысының тағылымдама нәтижесі туралы теріс қорытынды беруіне негіз болатын айқын мәліметтер болған кезде тағылымдама тоқтатылмайды.
2. Тағылымдамашы-кандидатқа қойылатын талаптар
5. Тағылымдамадан өтуге:
1) жиырма бес жасқа толған;
2) жоғары заң білімі бар, еңбек жолы мінсіз және заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар;
3) біліктілік емтиханын тапсырған, оның қолданылу мерзімі өтпеген;
4) дәрігерлік тексеруден өткен және судьяның кәсіби міндеттерін орындауына кедергі болатын аурулары жоқтығы расталған Қазақстан Республикасының азаматтары жіберіледі.
3. Тағылымдамадан өтудің шарттары мен тәртібі
6. Судья лауазымына орналасуға конкурсқа қатысу үшін тағылымдамадан өтуге тілек білдірген адам облыстық соттың төрағасына тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш береді.
Тағылымдамадан өту судья лауазымына кандидат тұратын жері бойынша тіркелген облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аудандық соттарында жүзеге асырылады.
7. Өтінішке мынадай құжаттар: кадр есебі жөніндегі жеке іс парағы, өмірбаян, диплом мен оның қосымшасының көшірмелері, біліктілік емтиханын тапсырғанын растайтын құжаттың көшірмесі, сондай-ақ соңғы жұмыс орнынан алынған қызметтік мінездеме және судьяның кәсіби міндеттерін орындауына кедергі болатын аурулардың жоқтығын растайтын медициналық куәландырудан өткені туралы құжат қоса тапсырылуға тиіс.
Өтінішке кәсіби білімінің деңгейін сипаттайтын құжаттар да (ғылыми дәрежелер мен атақтардың берілгені, арнаулы курстарды аяқтағаны туралы тиісті құжаттардың көшірмелері) қоса тіркелуі мүмкін.
8. Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтінішті қараудың нәтижелері бойынша облыстық соттың төрағасы:
1) мерзімін көрсете отырып, адамға тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы;
2) тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
9. Облыстық соттың төрағасы қылмыстық, азаматтық және әкімшілік мамандану тағылымдамасынан міндетті түрде өтуді қамтамасыз ету үшін өкіммен аудандық сотты не мамандандыру бар болса - аудандық соттарды, сондай-ақ тағылымдаманың өтуін жалпы үйлестіру мен бақылау жүктелетін тағылымдама үйлестірушісі - облыстық соттың судьясын (бұдан әрі - тағылымдама үйлестірушісі) белгілейді.
Облыстық сот төрағасының өкімі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің (бұдан әрі - аумақтық бөлімше) басшысы мен тағылымдамашы-кандидаттың арасында тағылымдамадан өту туралы келісім жасау үшін негіз болып табылады.
Тағылымдамадан өту туралы келісімде:
1) тараптардың атауы;
2) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
3) тағылымдамадан өту орны;
4) тағылымдамадан өту талаптары, тәртібі мен мерзімдері қамтылуға тиіс.
Тағылымдамадан өту туралы үлгі келісімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органы бекітеді.
Аумақтық бөлімше тағылымдамашы-кандидат туралы ақпаратты тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында жариялайды.
Тағылымдамашы-кандидат туралы мәліметтер келіп түскен кезде аумақтық бөлімше оларды тексереді, оның нәтижелері тағылымдама материалдарына тіркеледі және жалпы отырыс тағылымдама қорытындысын қараған кезде ескеріледі.
10. Адамға тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден бас тарту дәлелді болуға тиіс.
Мынадай жағдайларда:
1) адам жиырма бес жасқа толмағанда;
2) заңгерлік жоғары білімі, мінсіз еңбек жолы, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі болмағанда;
3) судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырғанын растайтын құжат болмағанда немесе құжатты қолдану мерзімі өтіп кеткенде, оның ішінде тағылымдаманың болжамды мерзімі аяқталғанға дейін;
4) адамның моральдық-этикалық бейнесін жағымсыз жағынан сипаттайтын дәйекті мәліметтер болғанда;
5) Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, «Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында, «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңында, «Мемлекеттік қызмет туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген теріс себептер бойынша судья лауазымынан, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан немесе өзге мемлекеттік қызметтен босатылғанда, сондай-ақ 2007 жылғы 15 мамырдағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 54-бабы 1-тармағының 7), 9)-12), 15), 18) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жұмыстан босатылғанда;
6) медициналық куәландыру нәтижелері бойынша судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулары болғанда тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден бас тартылады.
Іріктеу кезінде тағылымдамашы-кандидаттар санының көп болуына байланысты адамға тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден бас тартуға болмайды.
11. Тағылымдамадан өту тағылымдамашы-кандидаттың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы бекіткен судьялыққа кандидаттар тағылымдамасының үлгі бағдарламаларына енгізілген іс-шараларды орындауын қамтиды.
12. Тағылымдама аудандық соттың төрағасы тағылымдама үйлестірушісімен келісім бойынша бекіткен жеке жоспар бойынша ұйымдастырылады. Жоспарға кейіннен өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, ол жөнінде тағылымдамашы-кандидатқа дереу хабар беріледі.
13. Тағылымдамашы-кандидат аудандық сотқа келгеннен кейін сот төрағасы аудандық сот судьяларының арасынан тағылымдама жетекшісі- аудандық соттың судьясын (бұдан әрі - тағылымдама жетекшісі) не осы соттың ішінде мамандандыру бар болған кезде - тағылымдама жетекшілерін тағайындайды. Кемінде бес жыл судьялық жұмыс өтілі бар судья тағылымдама жетекшісі бола алады. Аталған сотта көрсетілген талапқа сәйкес келетін судья болмаған жағдайда, судьялық жұмыс өтілі аз судья тағылымдама жетекшісі болып тағайындалуы мүмкін.
Тағылымдама жетекшісі:
1) қажетті жұмыс көлемін айқындайды;
2) тағылымдамашы-кандидатқа кәсіби білім деңгейін арттыруға және практикалық дағды алуға көмек көрсетеді;
3) тағылымдамадан өту жоспарының орындалуын қамтамасыз етеді.
14. Тағылымдамашы-кандидат сотта тағылымдамадан өткен кезде тағылымдама жетекшісінің қызметін қамтамасыз етуге бағытталған функцияларды орындайды, оның ішінде:
құқықтық ақпарат іздеуді, судьяның өкілеттігін орындауға қажетті нормативтік-құқықтық және құқықтық актілерді, сот практикасының материалдарын іріктеуді жүзеге асырады;
судьяның іс жүргізуінде тұрған істер туралы ақпарат дайындайды;
іс жүргізу құжаттарының жобаларын әзірлейді;
азаматтық сот ісін жүргізу шегінде судьяның қарауына түскен арыздарды (талап арыздарды) зерделеуге, қылмыстық іс жүргізу шегінде судьяның қарауына түскен істерді (материалдарды), шағымдарды, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер мен шағымдарды зерделеуге қатысады;
іс жүргізу заңнамасында көзделген іс-әрекеттер жасау туралы судьяға ұсыныстар береді.
15. Тағылымдамадан өту кезеңінде тағылымдамашы-кандидат тағылымдамадан өту туралы келісімде белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
Аталған талап бұзылған жағдайда, сондай-ақ осы Ереженің 22-тармағының 1), 2), 4), 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, тағылымдаманың үйлестірушісі өз бетінше не тағылымдама жетекшісінің ұсынымы негізінде тағылымдаманың қорытындысы туралы теріс қорытынды беру туралы ұсынымды жалпы отырыстың қарауына мерзімінен бұрын енгізеді.
16. Тағылымдамадан өту қорытындылары бойынша тағылымдамашы-кандидат тағылымдамадан өтуі туралы жазбаша есеп жасайды, онда тағылымдамашының жеке жоспарды, сондай-ақ тағылымдама жетекшісі (жетекшілері) белгілеген тапсырмаларды орындағаны туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс. Жазбаша есепке тағылымдамадан өту кезеңінде тағылымдамашы-кандидат жасаған іс жүргізу құжаттарының жобалары қоса тіркелуге тиіс.
Сонымен қатар тағылымдама жетекшісі (жетекшілері) тағылымдамашы-кандидатқа пікір жазады, оны аудандық соттың төрағасы бекітеді. Пікірде оның тағылымдама барысында алған практикалық дағдылары мен білімі, тағылымдамашы-кандидаттың дайындық дәрежесі, іскерлік және моральдық қасиеттері туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
Тағылымдама жетекшісі (жетекшілері) тағылымдамашы-кандидатқа пікірді, тағылымдамадан өтудің жеке жоспарын, оның орындалғаны туралы белгілермен бірге және тағылымдамашының тағылымдамадан өту қорытындылары туралы жазбаша есебін тағылымдама үйлестірушісінің қарауына ұсынады. Тағылымдама үйлестірушісі оларды қарау нәтижелері бойынша облыстық соттың жалпы отырысының қарауына ұсыным мен тағылымдама материалдарын енгізеді.
4. Тағылымдамадан өту қорытындыларын қарау
17. Жалпы отырыс тағылымдама үйлестірушісі ұсыныс енгізгеннен кейін бір айдан кешіктірмей тағылымдамашы-кандидаттың есебін тыңдай отырып, тағылымдамашы-кандидаттың тағылымдамасының қорытындысын қарайды.
18. Тағылымдамашы-кандидаттың тағылымдамасының қорытындысын қарау нәтижелері бойынша жалпы отырыс оң немесе теріс қорытынды береді, ол көпшілік дауыспен қабылданады және төрағалық етуші оған қол қояды.
19. Тағылымдама нәтижелері туралы жалпы отырыстың қорытындысында мынандай мәліметтер көрсетілуге тиіс:
қорытынды берілген күні мен орны;
тағылымдамашы-кандидатқа қатысты ұсыным енгізген тағылымдама үйлестірушінің тегі, аты және әкесінің аты;
тағылымдамашы-кандидаттың тегі, аты және әкесінің аты, туған жылы, күні, айы, тұрғылықты жері, тағылымдамадан өту кезеңіндегі жұмыс орны;
тағылымдамадан өткен соттың атауы мен тағылымдама өту кезеңі;
тағылымдама жетекшісінің (жетекшілерінің) тегі, аты, және әкесінің аты;
тағылымдамадан өту кезінде орындалған жұмыс көлемінің қысқаша сипаттамасы;
тағылымдамашы-кандидаттың дайындық деңгейін, қабілетін көрсететін және оны сипаттайтын басқа да мәліметтер;
судья лауазымында жұмыс істеуге кәсіби, жеке-психологиялық және адамгершілік қасиеттері бойынша жарамдылығы туралы;
жалпы отырыстың дауыс беру қорытындылары;
облыстық сот төрағасының қолы.
20. Судья лауазымына кандидаттың тағылымдамасының нәтижелері туралы жалпы отырыстың қорытындысын облыстық сот Жоғары Сот Кеңесіне жібереді.
21. Тағылымдама нәтижелері туралы жалпы отырыстың оң қорытындысы бес жыл бойы жарамды болады.
22. Жалпы отырыс тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытындыны мынандай жағдайларда:
1) тағылымдамашы-кандидат теріс қылық жасағанда;
2) тағылымдамашы-кандидаттың моральдық-этикалық бейнесін теріс жағынан сипаттайтын мәліметтер болғанда;
3) тағылымдамадан өту туралы келісімде белгіленген талаптарды сақтау жөніндегі міндеттемелер орындалмағанда;
4) «Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында, «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңында, «Мемлекеттік қызмет туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген теріс себептер бойынша құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан немесе өзге мемлекеттік қызметтен босатылғанда, сондай-ақ 2007 жылғы 15 мамырдағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 54-бабы 1-тармағының 7), 9)-12), 15), 18) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жұмыстан босатылғанда;
5) медициналық куәландыру нәтижелері бойынша судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулары болғанда теріс қорытынды береді.
23. Тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытынды алған жағдайда тағылымдамашы-кандидат оны алған күннен бастап кемінде үш жыл өткеннен кейін ғана жалпы негіздер бойынша қайтадан тағылымдамадан өтуге жіберіледі
Тағылымдамашы-кандидат осы Ереженің 22-тармағының 4), 5) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытынды алған жағдайда, заңды күшіне енген сот шешімі негізінде не медициналық куәландыру нәтижелері бойынша судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулары жоқтығы расталуы негізінде жұмысқа кейіннен орналасқан жағдайларды қоспағанда, қайтадан тағылымдамадан өтуге жіберілмейді.
24. Тағылымдамадан өту тағылымдамашы-кандидаттың негізгі жұмыс орнын қалдыруына әкеліп соқтырмайды.