Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы Адамдарды ұстап беру туралы шартқа қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 11 қарашадағы № 686 Жарлығы

      Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс        

      «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Италия
Республикасы арасындағы Адамдарды ұстап беру туралы шарттың жобасы
мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Қайзоллаұлы
Дауылбаевқа Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы
Адамдарды ұстап беру туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев


Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2013 жылғы 11 қарашадағы
№ 686 Жарлығымен   
МАҚҰЛДАНҒАН     

Жоба

Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы Адамдарды ұстап беру туралы
ШАРТ

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы
      егемендікті өзара құрметтеу, теңдік және өзара пайда негізінде қылмысқа қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екі Тарап арасында тиімді құқықтық ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіре отырып,
      бұл мақсатқа адамдарды ұстап беру мәселелеріндегі бірлескен іс-әрекетті белгілейтін екіжақты Шартты жасасу арқылы қол жеткізу мүмкіндігін назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап
Ұстап беру міндеттемесі

      Әрбір Тарап осы Шарттың талаптарына сәйкес және Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша оның аумағындағы Сұрау салушы Тараптың қылмыстық қудалауды жүзеге асыруы үшін іздестіріліп жатқан және оған қатысты қоғамнан оқшаулауға байланысты жолын кесу шарасы немесе бас бостандығынан айыруға байланысты соттың түпкілікті үкімін орындау тағайындалған кез келген адамды ұстап беруге міндеттенеді.

2-бап
Ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар

      1. Осы Шарттың мақсаттары үшін ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар ретінде адамды беру туралы сұрау салу жолданған кезде екі Тараптың заңнамаларына сәйкес жазаланатын және оларды жасағаны үшін кемінде бір (1) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза немесе одан ауыр жаза көзделетін қылмыстар танылады.
      2. Егер адамды ұстап беру туралы сұрау салу Сұрау салушы Тарап сотының түпкілікті үкімін орындауға қатысты болса, егер, сұрау салу түскен кезде бас бостандығынан айыру түрінде тағайындалған жаза мерзімі кемінде алты (6) ай болатын жағдайда ғана осы адам экстрадициялануы мүмкін.
      3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қылмысты анықтау кезінде
Тараптардың заңнамасында осы қылмысты құрайтын әрекетті осыған ұқсас
қылмыстардың санатына жатқызылуының немесе осы қылмыстың бірдей
немесе әртүрлі терминологиямен белгіленуінің маңызы болмайды.
      4. Кеден, салық заңнамаларын және валюталық реттеу саласындағы заңнамаларды бұзуға байланысты қылмыстарға қатысты адамды ұстап беруден Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында Сұрау салушы Тараптың заңнамасындағыдай ұқсас салықтық және кедендік норма немесе валюталық реттеу саласындағы норма көзделмейді деген негізде бас тартыла алмайды.
      5. Ұстап беру қылмыс Сұрау салушы Тарап аумағының шегінен тыс жерде жасалған кезде, егер Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында оның аумағының шегінен тыс жерде жасалған осыған ұқсас қылмысқа жаза көзделген жағдайда да жүзеге асырылады.
      6. Егер адамды ұстап беру туралы сұрау салу әрқайсысы екі Тараптың да заңнамаларымен жазаланатын екі немесе одан да көп қылмыстарға жататын болса және олардың біреуі осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген шарттарға сәйкес болса, онда Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беруді барлық қылмыстарға қатысты қанағаттандыра алады.

3-бап
Бас тарту үшін міндетті негіздер

      Адамды ұстап беру, егер:
      а) Сұрау салынатын Тараптың адамды ұстап беру туралы сұрау салу іздестіріліп жатқан адамды нәсілдік, жыныстық, діни сенімі белгісі, ұлттық және этникалық тиесілілігі, әлеуметтік мәртебесі немесе саяси көзқарасы бойынша айыптау немесе жазалау мақсатында берілген деп пайымдауына негіздер бар болса;
      b) адамды ұстап беру туралы сұрау салу түскен қылмысқа қатысты Сұрау салушы Тарапта өлім жазасы немесе Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында тыйым салынған тәсілмен жазалау қолданылатын болса, қанағаттандырыла алмайды. Мұндай жағдайларда Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша адамды өзінің құзыретті органдары арқылы өз заңнамасына сәйкес қылмыстық қудалауға ұшыратады. Бұл үшін Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа құжаттарды, дәлелдемелерді, материалдарды және өзге де қажетті ақпаратты береді. Сұрау салынатын Тарап қылмыстық қудалаудың нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлайды;
      с) адамды ұстап беру туралы сұрау салу түскен қылмысқа қатысты Сұрау салынатын Тарап аумағының шегінен тыс жерде жасалып, бірақ Сұрау салынатын Тараптың мүддесіне қарсы бағытталса;
      d) Сұрау салынатын Тарап қылмысы үшін іздестіріліп жатқан адам Сұрау салушы Тарапта қатыгез, адамгершілікке жатпайтын қадір-қасиетті қорлайтын іс-әрекеттерден қорғалу құқығын қоса алғанда, адамның негізгі құқықтарын құрметтеуді қамтамасыз етпейтін жазалауға немесе басқа да кез келген іс-әрекетке немесе әрекетсіздікке ұшыратылған немесе ұшыратылатын болады деп пайымдауға негіздері бар болса;
      е) адамды ұстап беру туралы сұрау салу алынған кезде қылмыстық қудалау Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес басталмайтын болса немесе мерзімінің өтіп кетуі салдарынан не өзге де заңды негіз бойынша үкім орындалмайтын болса;
      f) ұстап беру сұратылып отырған адамға қатысты Сұрау салынатын Тарапта нақ сол қылмыс үшін түпкілікті үкім шығарылған болса;
      g) ұстап беру туралы сұрау салу түскен адамға Сұрау салынатын Тарап пана берсе;
      h) Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне қауіп төндіруі мүмкін немесе конституциясына не оның заңнамасының іргелі қағидаттарына немесе өзге де ұлттық мүдделеріне қайшы келеді деп санаса;
      i) ұстап беру сұратылып отырған қылмыс саяси болып табылса қанағаттандырыла алмайды. Бұл ретте:
      1) Мемлекет немесе Үкімет басшысын және олардың отбасы мүшелерін өлтіру немесе олардың өміріне, денсаулығына немесе бостандығына қарсы өзге де қылмыстар жасау;
      2) терроризм, сондай-ақ Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттарға сәйкес саяси болып табылмайтын өзге де қылмыстар саяси қылмыстар болып табылмайды;
      j) ұстап беру сұратылып отырған қылмыс Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы бойынша әскери қылмыс болып табылса, қанағаттандырыла алмайды.

4-бап
Бас тарту үшін факультативтік негіздер

      Адамды ұстап беруден мына мән-жайлардың кез келгені негізінде:
      а) ұстап беру туралы сұрау салу түскен қылмыс Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес оның заңдық құзырына жатып, сұрау салынған адамды ұстап беру туралы сұрау салу түскен нақ сол қылмысқа қатысты Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары қудалап жатса;
      b) Сұрау салынатын Тарап қылмыстың ауырлық дәрежесін және Сұрау салушы Тараптың мүдделерін назарға алып, адамды ұстап беру сол адамның жасына, денсаулық жағдайына немесе өзге де жеке басының мән-жайларына қарай ізгілік түсінігімен үйлеспейді деп есептесе, бас тартылуы мүмкін.

5-бап
Өз азаматтарын ұстап беру

      1. Әрбір Тарап өз азаматтарын ұстап беруден бас тартуға құқылы.
      2. Өз азаматын ұстап беруден бас тартқан жағдайда, Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша өзінің заңнамасына сәйкес осы адамға қарсы қылмыстық қудалауды бастау мақсатында істі өзінің құзыретті органдарына беруге тиіс. Осы мақсатта Сұрау салушы Тарап осы Шарттың 6-бабында көрсетілген орталық органдар арқылы Сұрау салынатын Тарапқа қажетті дәледемелерді, құжаттар мен материалдарды және өзінің иелігіндегі кез келген басқа да ақпаратты береді.
      3. Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша қолданылған іс-әрекеттер туралы және іс бойынша талқылаудың қорытындылары туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды.
      4. Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап өз заңнамасына сәйкес Сұрау салушы Тараптың түпкілікті үкімін орындауға құқылы. Бұл үшін Сұрау салушы Тарап осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттаманы жіберуге тиіс. Сұрау салынатын Тарап мұндай үкімнің орындалғаны туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлайды.

6-бап
Тараптардың орталық органдары

      1. Осы Шарттың мақсатында Тараптар осы баптың 2-тармағында айқындалған, осыған арналған орталық органдар арқылы бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасайды және сұрау салу мен құжаттар беруді жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасы үшін Бас прокуратура және Италия Республикасы үшін Әділет министрлігі орталық органдар болып табылады.
      3. Тараптардың кез келгені көрсетілген орталық органдарды өзгерткен жағдайда, екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы мұндай өзгеріс туралы хабарлайды.

7-бап
Адамды ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар

      1. Адамды ұстап беру туралы сұрау салу жазбаша түрде әзірленеді және мыналарды:
      а) сұрау салушы органның атауын;
      b) аты мен тегін, туған күнін, айын, жылын, жынысын, азаматтығын, тұратын немесе тіркелген жерін, жеке басын куәландыратын құжат туралы мәліметтерді және жеке басын немесе оның орналасқан жерін анықтауға септігін тигізуі мүмкін кез келген басқа да пайдалы ақпаратты, сондай-ақ бар болса ерекше белгілерін, фотосуреттерін және саусақ іздерін;
      с) қылмыс жасалған күн мен орнын, сондай-ақ оның заңдық саралануы көрсетіле отырып, оны жасағаны үшін ұстап беру туралы сұрау салу түскен қылмысты құрайтын фактілердің баяндалуын;
      d) қылмысты саралауға, қылмыстық қудалауды бастау шарттарына, ықтимал жазаны анықтауға қатысты, қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе айыптау үкімі мерзімінің өтіп кетуін белгілейтін заңдар ережелерінің мәтінін қамтиды. Егер ұстап беру сұратылып отырған қылмыс Сұрау салушы Тарап аумағының шегінен тыс жерде жасалса, осы Тараптың заңдық құзырын растайтын заң ережелерінің мәтіні беріледі.
      2. Осы баптың 1-тармағында санамаланған құжаттардан басқа, адамды ұстап беру туралы сұрау салуға:
      а) егер сұрау салу қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға қатысты болса - Сұрау салушы Тарап сотының қамауға алу туралы қаулысының көшірмесі;
      b) егер сұрау салу Сұрау салушы Тараптың сот органдары шығарған түпкілікті үкімді орындауға қатысты болса - орындалуға жататын үкімнің расталған көшірмесі, сондай-ақ, қажет болған кезде адамды соттауға дейін оны күзетпен ұстау туралы мәлімет қоса беріледі.
      3. Сұрау салушы Тарап осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес ұсынған ұстап беру туралы сұрау салу мен өзге де ілеспе құжаттарға оның құзыретті органдары қол қойып немесе растап, ағылшын тіліне аудармасымен қоса берілуге тиіс.

8-бап
Қосымша ақпарат

      1. Егер Сұрау салушы Тарап адамды ұстап беру туралы сұрау салуды қолдау үшін ұсынған ақпарат Сұрау салынатын Тараптың осы Шартқа сәйкес шешім қабылдауы үшін жеткіліксіз болса, Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды алған кезден бастап қырық бес (45) күн ішінде ұсынылуға тиіс қосымша ақпаратты сұратуға құқылы.
      2. Егер ұстап беру сұратылып отырған адам қамауда болса және сұратылған қосымша ақпарат осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзім ішінде алынбаса, адам күзетпен ұстаудан босатылуы мүмкін. Алайда мұндай босату Сұрау салушы Тарапқа осы адамды нақ сол қылмыс үшін ұстап беру туралы жаңа сұрау салуды ұсынуына кедергі келтірмеуге тиіс.
      3. Егер адам осы баптың 2-тармағына сәйкес күзетпен ұстаудан босатылса, Сұрау салынатын Тарап екі (2) күн ішінде бұл туралы Сұрау салушы Тарапты хабардар етуге тиіс.

9-бап
Ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешім қабылдау

      1. Сұрау салынатын Тарап осы Шарттың ережелеріне сәйкес және өзінің заңнамасында белгіленген тәртіппен өзінің шешімі туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлай отырып, адамды ұстап беру туралы сұрау салуға қатысты шешім қабылдайды.
      2. Егер Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандырудан толық немесе ішінара бас тартса, бас тарту себептері Сұрау салушы Тарапқа хабарлануға тиіс.

10-бап
Арнайы қағида

      1. Осы Шартқа сәйкес ұстап берілген адам:
      а) оны ұстап бергеннен кейін қылмыс жасаған;
      b) ұстап берілген адам экстрадициялаудан кейін Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп қалған және өз еркімен қайта оралған;
      с) ұстап берілген адам кету мүмкіндігі болған кезден бастап қырық бес (45) күн ішінде Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп қалмаған жағдайларды қоспағанда, қылмыстық қудалауға, жеке бас бостандығын шектейтін қандай да бір басқа шараға ұшыратылмайды, оны ұстап бергеннен өзгеше қандай да бір басқа қылмыс үшін сотталмайды немесе ұсталмайды. Алайда мұндай кезеңге жоғарыда аталған адамның өзіне байланысты емес себептермен Сұрау салушы Тараптың аумағынан кете алмаған уақыт қосылмайды;
      d) егер Сұрау салынатын Тарап бұған келісім берген жағдайларды қоспағанда, қылмыстық қудалауға, жеке бас бостандығын шектейтін қандай да бір басқа шараға ұшыратылмайды, оны ұстап бергеннен өзгеше қандай да бір басқа қылмыс үшін сотталмайды немесе ұсталмайды. Сұрау салушы Тараптан келісім беру туралы сұрау салу алынған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап осы Шартқа сәйкес ұстап берілген адамды сот қудалауына ұшыратуға немесе оған қарсы ол ұстап берілгеннен өзге қылмыс үшін түпкілікті үкімді орындауға келісуі мүмкін. Мұндай жағдайда Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа осы Шарттың 7-бабында көрсетілген құжаттар мен ақпаратты беру туралы сұрау салуды жібере алады.

11-бап
Адамды үшінші мемлекетке ұстап беру

      Сұрау салынатын Тараптың келісімінсіз Сұрау салушы Тараптың осы Шарттың 10-бабы 1-тармағының b) және с) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, экстрадицияланған адамды үшінші мемлекетке оны ұстап бергенге дейін жасалған қылмыстары үшін беруге құқығы жоқ. Сұрау салынатын Тарап келісім беру туралы шешім қабылдау үшін осы Шарттың 7-бабында көрсетілген құжаттар мен ақпаратты ұсынуды сұратуға құқылы.

12-бап
Экстрадициялау мақсатында қамауға алу

      1. Шұғыл жағдайларда Сұрау салушы Тарап ұстап беру туралы сұрау салуды ұсынбай іздестіріліп жатқан адамды қамауға алуды сұратуға құқылы. Қамауға алу туралы сұрау салу осы Шарттың 6-бабында айқындалған орталық органдар арқылы, Интерпол (Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы) арналары бойынша немесе екі Тараппен келісілген өзге де тәсілмен жазбаша түрде ұсынылуға тиіс.
      2. Қамауға алу туралы сұрау салу таяу уақытта ұстап беру туралы сұрау салу ұсынылатыны туралы міндеттемені көрсете отырып, Сұрау салушы Тарап сот қаулыларының негізінде ұстап беру сұрау салынатын оларға сілтемені қамтуға тиіс.
      3. Қамауға алу туралы сұрау салу алынған кезде Сұрау салынатын Тарап іздестіріліп жатқан адамды қамауға алу үшін қажетті шараларды қолданады және Сұрау салушы Тарапқа адамды күзетпен ұстау туралы сұрау салуды қарау нәтижелері туралы дереу хабарланады.
      4. Егер адамды экстрадициялық қамауға алған күннен бастап қырық (40) тәулік өткен соң Сұрау салынатын Тараптың орталық органы ұстап беру туралы сұрау салуды алмаса, қамауға алынған адам күзетпен ұстаудан босатылады. Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша қамау мерзімі жиырма (20) тәулікке ұзартылуы мүмкін.
      5. Осы баптың 4-тармағына сәйкес адамды босату, егер Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салуды кешірек алса, іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру рәсімін жалғастыру мүмкіндігіне кедергі келтірмейді.

13-бап
Адамды ұстап беру туралы бірнеше мемлекеттен жолданған сұрау салулар

      Егер Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапты қоса алғанда, екі немесе одан көп мемлекеттен дәл сол немесе әртүрлі қылмыстары үшін адамды ұстап беру туралы сұрау салуды алса, Сұрау салынатын Тарап осы адамды қай мемлекетке ұстап беруді анықтай отырып, мынадай мән-жайларды:
      а) сұрау салу қолданыстағы шарттардың негізінде жолданғандығын не жолданбағандығын;
      b) қылмыстардың ауырлық дәрежесін;
      с) қылмыстың жасалу уақыты мен орнын;
      d) талап етілетін адамның азаматтығы мен тұрақты тұратын жерін;
      е) ұстап беру туралы сұрау салудың ұсынылған күнін;
      f) адамды кейінірек үшінші мемлекетке беру мүмкіндігін ескереді.

14-бап
Адамды беру

      1. Егер Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандырса, Тараптар сұратылып отырған адамды беруге қатысты уақытты, орынды және кез келген басқа тиісті мәселені дереу келіседі. Сұрау салушы Тарапқа іздестіріліп жатқан адамның ұстап беру мақсатымен күзетпен ұсталған кезеңінің ұзақтылығы туралы хабарланады.
      2. Іздестіріліп жатқан адамды берудің кезеңі Сұрау салушы Тарап ұстап беру туралы сұрау салудың қанағаттандырылуы жөнінде хабардар етілген күннен бастап қырық (40) тәулікті құрайды.
      3. Егер Сұрау салушы Тарап осы баптың 2-тармағында көрсетілген кезең ішінде ұстап берілуге тиіс адамды қабылдамаса, Сұрау салынатын Тарап ол адамды күзетпен ұстаудан дереу босатады және осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, Сұрау салушы Тараптың осы адамды нақ сол қылмысы үшін ұстап беру туралы жаңа сұрау салуын қабылдамауға құқылы.
      4. Егер Тараптардың бірі өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша келісілген мерзімде адамды бере алмаса немесе қабылдай алмаса, тиісті Тарап екінші Тарапқа ол туралы хабарлайды және олар берудің жаңа күнін келіседі.
      5. Ұстап берілген адам Сұрау салушы Тарапта қылмыстық қудалау
немесе түпкілікті үкімді орындау аяқталғанға дейін Сұрау салынатын Тараптың аумағына қашып кеткен жағдайда, ол адам Сұрау салушы Тарап жолдаған ұстап беру туралы жаңа сұрау салу бойынша сол қылмыс үшін қайта ұстап берілуі мүмкін. Бұл жағдайда Сұрау салушы Тарап осы Шарттың 7-бабында көзделген құжаттарды ұсынбауға құқылы.
      6. Үйде қамауда ұстауды қоса алғанда, ұстап беру мақсатында күзетпен ұстаудың уақыты Сұрау салушы Тарапта тағайындалған жазаның жалпы мерзіміне есептеледі.

15-бап
Ұстап беруді кейінге қалдыру немесе уақытша ұстап беру

      1. Егер Сұрау салынатын Тарапта іздестіріліп жатқан адамға қатысты сот талқылауы жүргізіліп жатса немесе ол ұстап беру сұратылып жатқаннан өзге қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатса, Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру туралы шешім қабылдағаннан кейін оны беруді сот талқылауы аяқталғанға дейін немесе үкім толық орындалғанға дейін кейінге қалдыруға құқылы. Мұндай жағдайда Сұрау салынатын Тарап ол туралы Сұрау салушы Тарапты хабардар етеді.
      2. Соған қарамастан Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша
Сұрау салынатын Тарап өз заңнамасына сәйкес іздестіріліп жатқан адамды уақытша берудің мерзімі мен шарттарын келісе отырып, Сұрау салушы Тарапқа жүргізіліп жатқан қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға мүмкіндік жасау үшін уақытша беруге құқылы. Уақытша берілген адам Сұрау салушы Тараптың аумағында болатын кезең аралығында күзетпен қамауда ұсталады және Сұрау салынатын Тарапқа келісілген мерзімде қайтарылады. Күзетпен ұстауда өткізілген уақыт адамның Сұрау салынатын Тарапта өтеуге тиіс жаза мерзіміне есептеледі.
      3. Сондай-ақ іздестіріліп жатқан адамды денсаулық жағдайына
байланысты орнын ауыстыру оның өміріне қауіп төндіретін немесе оның
денсаулығы жағдайын нашарлататын болса, адамды ұстап беру кейінге
қалдырылуы мүмкін. Мұндай жағдайларда Сұрау салынатын Тарап Сұрау
салушы Тарапқа өзінің құзыретті денсаулық сақтау мекемесі берген толық медициналық есеп береді.

16-бап
Оңайлатылған ұстап беру рәсімі

      1. Ұстап беру сұратылып отырған іздестіріліп жатқан адам осыған өз келісімін беретін болса, экстрадиция осы Шарттың 7-бабында көрсетілген құжаттарды ұсынбай экстрадициялау туралы сұрау салу негізінде жүзеге асырылуы мүмкін. Алайда, Сұрау салынатын Тарап ұстап беруді жүзеге асыру үшін қажет деп санайтын қосымша ақпаратты сұратуға құқылы.
      2. Іздестіріліп жатқан адамның келісімі туралы мәлімдеме оны осы Шарттың 10-бабында көзделген арнайы қағидаға сәйкес ұсынылуы мүмкін стандартты экстрадициялауға құқығы туралы, қорғануға құқығы туралы, сондай-ақ осы мәлімдеменің кері шақырылмайтыны туралы іздестіріліп жатқан адамға хабарлауға тиіс қорғаушы мен Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы өкілінің қатысуымен берілген жағдайда заңды болып есептеледі.
      3. Осы мәлімдеме оның заңдылық шарттары сақталғанын көрсете
отырып, талқылау материалдарына қоса тігіледі.

17-бап
Заттарды беру

      1. Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап өз заңнамасына сәйкес өзінің аумағында табылған дәлелдік маңызы болуы мүмкін қылмыс заттары мен құралдарын, сондай-ақ кез келген басқа да мүлікті алып қоюды жүргізеді. Адамды ұстап беру туралы сұрау салу қанағаттандырылған жағдайда, олар мүмкіндігінше адамды беру кезінде Сұрау салушы Тарапқа беріледі.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген объектілер Сұрау салынатын Тараптың келісімімен тіпті бұрын адамды ұстап беру туралы уағдаластыққа қол жеткізіліп, оны ұстап беруге мүмкіндік болмаған жағдайда да Сұрау салушы Тарапқа берілуі мүмкін.
      3. Сұрау салынатын Тарап басқа қылмыстық талқылауды жүргізу мақсатында осындай талқылау аяқталғанға дейін осы баптың 1-тармағында көрсетілген объектілерді беруді кейінге қалдыруға не көрсетілген объектілерді талқылау аяқталғаннан кейін Сұрау салынатын Тарапқа қайтарылады деген шартпен уақытша беруге құқылы.
      4. Алынған мүлікті Сұрау салушы Тарапқа беру Сұрау салынатын Тараптың немесе үшінші тараптардың құқықтарына нұқсан келтірілмей жүзеге асырылады. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тараптың немесе үшінші тараптың жазбаша сұрау салуы бойынша объектілерді сот талқылауы аяқталғаннан кейін осы тараптардың осындай мүлікке құқықтарына барабар түрде дереу және ақысыз қайтарады.

18-бап
Транзит

      1. Егер Тараптардың бірі үшінші елмен ынтымақтаса отырып, екінші Тараптың аумағы арқылы ұстап берілген адамдардың транзитін жүзеге асыратын болса, біріншісі соңғысына осындай транзиттерге рұқсат алу үшін сұрау салу жіберуге тиіс.
      2. Әуе көлігін пайдаланған жағдайда және екінші Тараптың аумағында қону жоспарланбаса, мұндай рұқсат алу талап етілмейді.
      3. Транзит туралы сұрау салу түскен Тарап, егер бұл оның заңнамасына қайшы келмесе, мұндай сұрау салуды қанағаттандыруға тиіс.

19-бап
Шығыстар

      1. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарап аумағында жұмсалған шығыстарды қоспағанда, ұстап берілген адамды тасымалдауға байланысты шығыстарды көтереді.
      2. Транзиттік тасымалдауға байланысты шығыстарды транзит туралы сұрау салумен өтініш жасаған Тарап көтереді.

20-бап
Нәтижелер туралы хабарлау

      Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тараптың сұрау салуы бойынша сот талқылауы туралы не ұстап берілген адамға қатысты шығарылған түпкілікті үкімді орындау туралы ақпаратты не осы адамның үшінші мемлекетке берілуі туралы ақпаратты дереу ұсынады.

21-бап
Басқа халықаралық шарттармен арақатынасы

      Осы Шарт Тараптардың адамдарды ұстап беру туралы мәселелер бойынша өздері қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттарға сәйкес ынтымақтастық жасауына кедергі келтірмейді.

22-бап
Құпиялылық

      Тараптар бұл туралы мүдделі Тараптың өтініші болса, екінші Тараптан алынған немесе оған берілген құжаттама мен мәліметтердің құпиялылық сипатын немесе құпиялылығын сақтауға міндеттенеді.

23-бап
Дауларды реттеу

      Осы Шартты түсіндіруге немесе қолдануға байланысты кез келген дау орталық органдар арасында консультациялар өткізу арқылы шешіледі. Егер келісімге қол жеткізілмесе, дау дипломатиялық арналар арқылы консультациялар өткізу жолымен шешілетін болады.

24-бап
Шарттың күшіне енуі, қолданыс мерзімі және тоқтатылуы

      1. Осы Шарт оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      2. Тараптардың келісуі бойынша осы Шартқа оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін және ол осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін қосымша хаттамалар түрінде ресімделеді.
      3. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады. Әрбір Тарап екінші
Тарапты дипломатиялық арналар арқылы ол туралы жазбаша хабардар ете
отырып, осы Шарттың қолданысын кез келген уақытта тоқтатуға құқылы. Осы Шарттың қолданысы тиісті хабарлама алынған күннен бастап жүз сексен күн өткеннен кейін тоқтатылады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН, осыған өздерінің мемлекеттері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      20__ жылғы «___» ________ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, итальян және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Шартты түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда оның ағылшын тіліндегі мәтіні басым болып табылады.

      Қазақстан Республикасы          Италия Республикасы
              үшін                           үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады