Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы ұстап беру туралы шартқа қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 30 мамырдағы № 833 Жарлығы

Қазақстан Республикасының   
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс   

      «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы ұстап беру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асхат Қайзоллаұлы Дауылбаевқа Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы ұстап беру туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
           Президенті                                  Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2014 жылғы 30 мамырдағы
№ 833 Жарлығымен   
МАҚҰЛДАНҒАН     

Жоба

Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы
ұстап беру туралы
ШАРТ

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Мажарстан
      егемендікті және теңдікті өзара құрметтеу негізінде, қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екі мемлекет арасында тиімді құқықтық ынтымақтастыққа ықпал етуге ниет білдіре отырып,
      екі мемлекет арасында экстрадициялау саласындағы ынтымақтастықты жетілдіруге ниет білдіре отырып,
      адамдарды ұстап беру мәселелеріндегі бірлескен әрекеттерді белгілейтін екіжақты шарт жасасу арқылы осы мақсатқа қол жеткізу мүмкіндігін назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап. Ұстап беру міндеттемесі

      Әрбір Тарап осы Шарттың талаптарына сәйкес ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар үшін қылмыстық қудалауды жүзеге асыру немесе заңды күшіне енген сот үкімін орындау мақсатында Сұрау салушы Тарап іздестіріп жатқан, өзінің аумағындағы адамдарды ұстап беруге міндеттенеді.

2-бап. Адамды ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар

      1. Ұстап беру екі Тараптың ұлттық заңнамалары бойынша кемінде 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға немесе одан ауыр жазамен жазаланатын қылмыстар үшін жүзеге асырылады.
      2. Сот үкімін орындау үшін ұстап беру, егер экстрадициялық сұрау салу жолданған кезде іздестіріліп жатқан адамның жазаны өтеу мерзімі кемінде алты айды құраған жағдайда жүзеге асырылады.
      3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қылмысты анықтау мақсатында Тараптардың ұлттық заңнамаларында осы қылмысты құрайтын іс-әрекетті осыған ұқсас қылмыстардың санатына жатқызылуының немесе осы қылмыстың бірдей немесе әртүрлі терминологиямен белгіленуінің маңызы болмайды.
      4. Кеден, салық заңнамаларын және валюталық реттеу саласындағы заңнамаларды бұзуға байланысты қылмыстарға қатысты адамды ұстап беруден Cұpaу салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасындағыдай ұқсас салықтық және кедендік нормалар немесе валюталық реттеу саласындағы норма көзделмейді деген негізде бас тартылуы мүмкін емес.
      5. Егер қылмыс Сұрау салушы Тараптың аумағынан тыс жерде жасалған жағдайда, ұстап беру, егер Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында дәл осындай мән-жайларда оның аумағынан тыс жерде жасалған қылмыстар үшін жаза көзделетін жағдайда қанағаттандырылуға тиіс.
      6. Егер адамды ұстап беру туралы сұрау салу екі Тараптың ұлттық заңнамаларымен әрқайсысы бас бостандығынан айыру түрінде жазаланатын, бірақ олардың кейбіреулері осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген талаптарға сай келмейтін екі немесе одан да көп қылмыстарға қатысты болса, онда Сұрау салынатын Тарап ұстап беруді барлық қылмыстарға қатысты қанағаттандыруға құқылы.

3-бап. Ұстап беруден бас тарту үшін міндетті негіздер

      Егер:
      a) Сұрау салынатын Тараптың адамды ұстап беру туралы сұрау салу іздестіріліп жатқан адамды нәсілдік, жыныстық, діни сенімі белгісі, ұлттық немесе саяси нанымдары бойынша айыптау немесе жазалау мақсатында берілген деп немесе адамды сот процесіне тарту оның құқықтарына көрсетілген себептер бойынша қатер төндіруі мүмкін деп пайымдауына объективті негіздері бар болса;
      b) адамды ұстап беру туралы сұрау салу түскен қылмыс Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында тыйым салынған тәсілмен Сұрау салушы Тарапта жазалануы мүмкін болса;
      c) Сұрау салынатын Тараптың іздестіріліп жатқан адам Сұрау салушы Тарапта адамның негізгі құқықтарын құрметтеуді, қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және қадір-қасиетті қорлайтын, оның ішінде іс-әрекеттерден қорғалу құқығын қамтамасыз етпейтін жазалауға немесе кез келген өзге де әрекетке немесе әрекетсіздікке ұшыратуы мүмкін деп пайымдауға объективті негіздері бар болса;
      d) Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес ескіру мерзімдерінің өтуі салдарынан қылмыстық қудалауды қозғау немесе үкімді орындау мүмкін болмаса;
      e) Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары адамға қатысты экстрадициялауға арналған сұрау салуда көрсетілген қылмыс немесе қылмыстар бойынша түпкілікті шешім қабылдаса, ұстап беруден бас тартылады. Егер Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары дәл сол бір қылмыс немесе қылмыстар бойынша істі қозғаудан бас тарту не іс жүргізуді тоқтату туралы шешім қабылдаса, ұстап беруден бас тартылуы мүмкін;
      f) өзіне қатысты ұстап беру туралы сұрау салу түскен адамға Сұрау салынатын Тарап пана берсе;
      g) Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру егемендікке, ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке немесе оның өзге де мүдделеріне нұқсан келтіреді немесе оның конституциясына қайшы келеді деп пайымдаса;
      h) жасалғаны үшін ұстап беру сұратылатын қылмыс үшін ұлттық заңнамаға сәйкес Сұрау салушы Тарапта өлім жазасы көзделсе, Сұрау салынатын Тарап, егер Сұрау салушы Тарап өлім жазасының тағайындалмайтыны немесе ол тағайындалған жағдайда орындалмайтыны туралы кепілдіктер бермесе, ұстап беруден бас тартуға құқылы;
      і) ұстап беру әдеттегі қылмыстық құқықта ұқсастығы жоқ әскери қылмыс үшін сұратылып отырса;
      j) ұстап беру сұратылып отырған қылмысты Сұрау салынатын Тарап саяси немесе саяси қылмыспен байланысты қылмыс деп есептесе, ұстап беруден бас тартылады. Бұл ретте:
      I. Мемлекет басшысын, Үкімет мүшелерін, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін өлтіру немесе олардың өміріне, денсаулығына немесе бостандығына қарсы өзге де қылмыстар;
      II. терроризм, сондай-ақ Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттарға сәйкес саяси болып табылмайтын өзге де қылмыстар саяси қылмыстар болып табылмайды.

4-бап. Ұстап беруден бас тарту үшін факультативтік негіздер

      Мына негіздемелердің кез келгені негізінде:
      a) егер ұстап беру туралы сұрау салу түсетін қылмыс Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес оның юрисдикциясына жатса және талап етіліп отырған адам нақ сол қылмыс үшін тергеуде болса немесе Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары сот тәртібімен қудалайтын болса;
      b) егер Сұрау салынатын Тарап қылмыстың ауырлығын және екі Тараптың мүдделерін ескере отырып, осы адамды ұстап беру оның жасына, денсаулық жағдайына немесе өзге де жеке басының мән-жайларына қарай ізгілік түсініктерімен үйлеспейді деп есептесе, ұстап беруден бас тартылуы мүмкін.

5-бап. Өз азаматтарын ұстап беру

      1. Әрбір Тарап өз азаматтарын ұстап беруден бас тартуға құқылы.
      2. Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша өз азаматын ұстап беруден бас тартылған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы адамды қылмыстық қудалауға тартуға тиіс. Осы мақсатта Сұрау салушы Тарап осы Шарттың 6-бабында көрсетілген орталық органдар арқылы Сұрау салынатын Тарапқа қылмыстық істі, қажетті құжаттарды және өз иелігіндегі кез келген басқа да ақпаратты береді.
      3. Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша қолданылған іс-қимылдар туралы және іс бойынша сот талқылауының қорытындылары туралы Сұрау салушы Тарапқа уақтылы хабарлайды.

6-бап. Тараптардың орталық органдары

      1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Тараптар айқындаған орталық органдар бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
      2. Мыналар орталық органдар болып табылады:
      Қазақстан Республикасынан — Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы;
      Мажарстаннан - Әділетке жетекшілік ететін министр.
      3. Өздерінің орталық органдарының атаулары өзгерген немесе олардың функциялары басқа мемлекеттік органдарға берілген жағдайда, Тараптар бұл жөнінде дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі хабардар етеді.

7-бап. Ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар

      1. Ұстап беру туралы сұрау салу және қоса берілетін құжаттар жазбаша нысанда жасалады, орталық органдар арқылы жолданады және мыналарды:
      a) Сұрау салушы органның атауын;
      b) іздестіріліп жатқан адамның аты мен тегін, туған күнін, жынысын, азаматтығын, жеке басын куәландыратын құжаттың деректерін және сұратылып отырған адамның жеке басын немесе оның орналасқан жерін анықтауға септігін тигізуі мүмкін кез келген басқа да ақпаратты, сондай-ақ бар болса, сәйкестендіру деректерін, фотосуретті және саусақ таңба іздерін;
      с) қылмыс жасалған күн мен орны көрсетіле отырып, оған байланысты ұстап беру туралы сұрау салу түскен қылмысты құрайтын фактілердің баяндалуын;
      d) қылмысты саралайтын және осы қылмыс үшін тағайындалуы мүмкін жазаны белгілейтін тиісті құқықтық нормалардың мәтіндерін;
      e) қылмыс үшін қылмыстық қудалаудың немесе үкімді орындаудың ескіру мерзімдеріне байланысты тиісті құқықтық нормалардың мәтіндерін;
      f) егер адамды ұстап беру туралы сұрау салу түскен қылмыс Сұрау салушы Тараптың аумағынан тыс жерде жасалса, мұндай қылмыстар бойынша Сұрау салушы Тараптың юрисдикциясын көздейтін заң мәтінін қамтуға тиіс.
      2. Осы баптың 1-тармағында тізбеленген құжаттардан басқа, адамды ұстап беру туралы сұрау салуға:
      а) егер ұстап беру туралы сұрау салу қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға қатысты болса - қамаққа алу туралы шешімнің көшірмесі;
      b) егер ұстап беру туралы сұрау салу сот үкімін орындауға қатысты болса - іздестірілудегі адамның жазаны өтеу кезеңін көрсете отырып, сот шешімінің көшірмесі қоса беріледі.
      3. Осы Шарт мақсатында, егер құжаттарға Сұрау салушы Тараптың судьясы немесе басқа уәкілетті тұлғасы қол қойған немесе растаған болса және Сұрау салушы Тараптың орталық органының ресми мөрімен бекемделсе, олар куәландырылған деп есептеледі. Барлық ұсынылған құжаттар Сұрау салынатын Тараптың ресми тіліндегі немесе ағылшын тіліндегі аудармасымен қоса берілуге тиіс.

8-бап. Қосымша ақпарат

      1. Егер Сұрау салушы Тараптың ұстап беру туралы сұрау салуға қоса берген ақпараты Сұрау салынатын Тараптың осы Шартқа сәйкес шешім қабылдауы үшін жеткіліксіз болса, Сұрау салынатын Тарап қосымша ақпарат беруді сұратуы мүмкін. Сұратылатын қосымша ақпарат сұрау салу алынған кезден бастап 30 тәулік ішінде берілуге тиіс.
      2. Егер өзіне қатысты ұстап беру сұратылып отырған адам қамаққа алынған болса және сұратылатын қосымша ақпарат осы баптың 1-тармағында көзделген мерзім ішінде алынбаса, онда адам босатылуы мүмкін. Мұндай босату Сұрау салушы Тараптың адамды ұстап беру туралы жаңа сұрау салуды ұсынуына кедергі келтірмеуге тиіс.
      3. Егер адам осы баптың 2-тармағына сәйкес күзетпен ұстаудан босатылса, Сұрау салынатын Тарап бұл туралы екі (2) тәулік ішінде Сұрау салушы Тарапқа хабарлауға тиіс.

9-бап. Ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешім

      1. Сұрау салынатын Тарап осы Шарттың ережелеріне сәйкес және өзінің ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен өзінің шешімі туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлай отырып, ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешім қабылдайды.
      2. Егер Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандырудан толық не ішінара бас тартса, бас тарту себептері Сұрау салушы Тарапқа хабарланады.

10-бап. Оңайлатылған ұстап беру

      1. Ұстап беру сұратылатын іздестіріліп жатқан адам осыған өз келісімін берсе, зкстрадициялау осы Шарттың 7-бабында көрсетілген құжаттар берілместен, ұстап беру туралы сұрау салу негізінде жүзеге асырылуы мүмкін. Алайда, Сұрау салынатын Тарап ұстап беруді жүзеге асыру үшін қажет деп есептеген қосымша ақпаратты сұратуға құқылы.
      2. Іздестіріліп жатқан адамның келісімі туралы мәлімдеме, ол қорғаушының және іздестіріліп жатқан адамды осы Шарттың 11-бабында көзделген арнайы қағидаға сәйкес берілуі мүмкін стандартты экстрадициялану құқығы туралы, қорғалуға құқығы туралы, сондай-ақ осы мәлімдемені кері қайтару мүмкін еместігі туралы хабардар етуге тиіс Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы өкілінің қатысуымен берілген жағдайда, заңды деп есептеледі.
      3. Осы мәлімдеме, заңдылық шарттарының сақталғаны көрсетіле отырып, талқылау материалдарына қоса тіркеледі.

11-бап. Арнайы қағида

      1. Осы Шартқа сәйкес ұстап берілетін адам:
      а) қылмыс оны ұстап бергеннен кейін жасалған;
      b) ұстап берілген адам экстрадициялаудан кейін Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп қалған және өз еркімен қайта оралған;
      с) ұстап берілген адам кету мүмкіндігі болған кезден бастап қырық бес (45) тәулік ішінде Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп қалмаған жағдайларды қоспағанда, сол үшін ұстап беру жүргізілген қылмыстан өзгеше кез келген қылмыс үшін ұсталмайды, айыпталмайды, жазаланбайды немесе оған жеке бас бостандығын шектейтін қандай да бір өзге де шара қолданылмайды. Алайда, мұндай кезеңге жоғарыда аталған адамның өзіне байланысты емес себептер бойынша Сұрау салушы Тараптың аумағынан кете алмаған уақыт кезеңі қосылмайды;
      d) Сұрау салынатын Тарап бұған келісім берген жағдайларды қоспағанда, ол үшін ұстап беру жүргізілген қылмыстан өзгеше кез келген қылмыс үшін ұсталмайды, айыпталмайды, жазаланбайды немесе оған жеке бас бостандығын шектейтін қандай да бір өзге де шара қолданылмайды. Сұрау салушы Тараптан келісім беруге сұрау салу алынған жағдайда, осы Шартқа сәйкес Сұрау салынатын Тарап ұстап берілген адамды оған қарсы оны ұстап беру жүргізілген қылмыстан өзге қылмыс үшін оған қарсы қылмыстық қудалауға немесе заңды күшіне енген сот үкімін орындауға келісуі мүмкін. Мұндай жағдайда:
      1) Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа осы Шарттың 7-бабында көрсетілген құжаттар мен ақпаратты беру туралы сұрау салуды жолдайды;
      2) жолданған сұрау салу бойынша шешімді күту кезеңінде ұстап берілген адам Сұрау салушы Тарапта оның ұлттық заңнамасына сәйкес күзетпен қамауда ұсталуы мүмкін.
      е) сұратылып жатқан адам ұстап беруге келісіп, сонымен қатар арнайы қағиданы пайдаланудан бас тартады.

12-бап. Үшінші мемлекетке қайта экстрадициялау

      Сұрау салынатын Тараптың алдын ала келісімінсіз Сұрау салушы Тараптың адамды оны ұстап беруге дейін жасаған қылмыстары үшін үшінші мемлекетке қайта экстрадициялауға құқығы жоқ. Мұндай келісімді алу үшін Сұрау салынатын Тарап осы Шарттың 7-бабында көрсетілген құжаттар мен ақпаратты беруді сұратуға құқылы.

13-бап. Алдын ала қамаққа алу

      1. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тараптан ұстап беру туралы сұрау салуды соңғысы алғанға дейін іздестіріліп жатқан адамды алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салуға құқылы. Алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салуда Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының адамды қамақта ұстау туралы шешіміне немесе заңды күшіне енген үкімге сілтемені және ұстап беру туралы сұрау салу қосымша ұсынылатынына нұсқаманы қамтуға тиіс. Алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салу коммуникацияның техникалық құралдарын пайдалана отырып, Сұрау салынатын Тараптың орталық органына түпнұсқаны почтамен не Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы бір мезгілде жолдай отырып, берілуі мүмкін.
      2. Сұрау салынатын Тарап алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салу бойынша шешімі туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлауға міндетті.
      3. Егер Сұрау салынатын Тараптың орталық органы адам алдын ала қамаққа алынған кезден бастап 40 күн ішінде ұстап беру туралы ресми сұрау салуды алмаса, мұндай қамаққа алу өз қолданысын тоқтатады. Қамаққа алудың мұндай мерзімі Сұрау салушы Тараптың уәжді сұрау салуы бойынша тағы да 20 күнге ұзартылуы мүмкін.
      4. Осы баптың 3-тармағына сәйкес адамды босату, егер Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы ресми сұрау салуды кейінірек алса, іздестіріліп жатқан адамды ұстап беруге кедергі болмайды.

14-бап. Бәсекелес сұрау салулар

      Егер Сұрау салынатын Тарап екі немесе одан да көп мемлекеттен, оның ішінде Сұрау салушы Тараптан да дәл сол немесе әртүрлі қылмыстар үшін адамды ұстап беру туралы сұрау салуды алса, Сұрау салынатын Тарап қай сұрау салуды қанағаттандыратынын өз қалауы бойынша шешеді және бұл жөнінде сұрау салушы мемлекеттерге хабарлайды.
      Қазақстан Республикасының ұстап беру туралы сұрау салуы мен Еуропалық Одаққа мүше мемлекет ұсынған Қамаққа алуға туралы еуропалық ордер арасындағы бәсекелестік жағдайында, адамның қай мемлекетке ұстап берілетінін Мажарстан айқындайды.
      Сұрау салынатын Тарап шешім қабылдау кезінде мынадай мән-жайларды:
      a) сұрау салулар қолданыстағы халықаралық шарттардың негізінде жолданған-жолданбағанын;
      b) қылмыстардың ауырлық дәрежесін;
      c) қылмыстың жасалған уақыты мен орнын;
      d) іздестіріліп жатқан адамның азаматтығы мен тұрақты тұрғылықты жерін;
      е) сұрау салулардың ұсынылған уақытын;
      f) іздестіріліп жатқан адамға қатысты кейінгі қылмыстық қудалау немесе оған қатысты сот үкімінің сұрау салушы мемлекеттерде орындалу мүмкіндігін ескереді.

15-бап. Адамды беру

      1. Егер Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандырса, Тараптар адамды беруге қатысты уақытты, орынды және кез келген басқа да қажетті мәселелерді дереу келіседі. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапты адамды ұстап беру мақсатында оның беруге дейін қамақта болған уақыт кезеңі туралы хабарлайды.
      2. Адамды беруге арналған уақыт кезеңі Сұрау салушы Тарап өзінің ұстап беру туралы сұрау салуының қанағаттандырылуы жөнінде хабардар болған кезден бастап қырық (40) тәулікті құрайды.
      3. Егер Сұрау салушы Тарап осы баптың 2-тармағында көзделген мерзімде адамды қабылдай алмаса, Сұрау салынатын Тарап ол адамды дереу босатады және осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы адамды нақ сол қылмысы үшін ұстап беру туралы Сұрау салушы Тараптың жаңа сұрау салуын қабылдамауға құқылы.
      4. Егер Тараптардың бірі өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша ұстап берілген адамды бере алмаса немесе қабылдай алмаса, мүдделі Тарап бұл жөнінде екінші Тарапты дереу хабардар етеді және олар берудің жаңа мерзімін келіседі.
      5. Үй қамақты қоса алғанда, ұстап беру мақсатындағы күзетпен ұстаудың уақыты Сұрау салушы Тарапта оның ұлттық заңнамасына сәйкес шығарылған үкімді орындаудың жалпы мерзіміне есептеледі.

16-бап. Ұстап берілген адамды беруді кейінге қалдыру немесе уақытша ұстап беру

      1. Егер ұстап беру туралы сұрау салу өзіне қатысты қанағаттандырылған адамға қатысты қылмыстық қудалау басталса немесе ол ұстап берілгеннен өзге де қылмыс жасағаны үшін Сұрау салынатын Тарапта жазасын өтеп жатса, Сұрау салынатын Тарап оны беруді қылмыстық процесс аяқталғанға дейін немесе үкім толық орындалғанға дейін кейінге қалдыруға құқылы. Мұндай кейінге қалдыру жағдайында Сұрау салынатын Тарап бұл жөнінде Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді.
      2. Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша оған қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға мүмкіндік беру үшін сұратылып жатқан адамды уақытша беруге құқылы. Мұндай жағдайда Тараптар уақытша берудің кезеңін келіседі. Уақытша берілген адам Сұрау салушы Тараптың аумағында болатын барлық кезең ішінде күзетпен ұстауда болады және Сұрау салынатын Тарапқа келісілген мерзімде қайтарылады. Сұрау салушы Тарапта күзетпен ұсталған уақыт Сұрау салынатын Тарапта шығарылған үкімді орындау мерзіміне есептеледі.
      3. Адамды беру, егер адамның денсаулық жағдайына байланысты ауыстырылуы оның өміріне қауіп төндіретін немесе денсаулық жағдайын нашарлататын болса, кейінге қалдырылуы да мүмкін. Мұндай жағдайларда Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа өзінің құзыретті денсаулық сақтау мекемесі берген толық медициналық есепті береді.

17-бап. Мүлікті тәркілеу және беру

      1. Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап өз ұлттық заңнамасы жол беретін шекте қылмыс заттарын немесе құралдарын, сондай-ақ өзінің аумағында табылған, дәлелдемелік маңызы болуы мүмкін кез келген басқа да мүлікті тәркілеуді жүргізеді және ұстап беру туралы сұрау салу қанағаттандырылған жағдайда, тізбеленген объектілер Сұрау салушы Тарапқа беріледі.
      2. Егер ұстап берілген адамды бере алмаған жағдайда да осы баптың 1-тармағында көрсетілген объектілер Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша берілуі мүмкін.
      3. Сұрау салынатын Тарап басқа қылмыстық талқылауды жүргізу мақсатында осы қылмыстық талқылау аяқталғанға дейін осы баптың 1-тармағында көрсетілген объектілерді Сұрау салушы Тарапқа беруді кейінге қалдыруға не көрсетілген объектілерді талқылау аяқталғаннан кейін Сұрау салушы Тарап қайтарады деген шартпен уақытша беруге құқылы.
      4. Жоғарыда тізбеленген объектілерді беру кезінде екі Тараптың және үшінші Тараптың да меншік құқығы сақталуға тиіс. Егер мұндай құқықтар бар болса, берілген объектілер талқылау аяқталғаннан кейін мүмкіндігінше тез арада олардың меншік иесіне немесе Сұрау салынатын Тарапқа өтеусіз қайтарылады.

18-бап. Транзит

      1. Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Тарапқа үшінші мемлекет ұстап берген адамды өз аумағы арқылы транзиттеуге рұқсат беруге құқылы.
      2. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа орталық органдар арқылы не шұғыл жағдайларда Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы тасымалданушы адамның сәйкестендіру деректерін, оның азаматтығы туралы мәліметтерді және жасалған қылмыс фактілерін қысқаша баяндауды қамтитын транзитке рұқсат сұрауды жолдайды. Транзитке рұқсат сұрауға адамды ұстап беруді растайтын құжаттардың көшірмесі қоса беріледі.
      3. Сұрау салынатын Тарап тасымалданушы адамды өз аумағында күзетпен ұстауға тиіс.
      4. Егер транзиттеу әуе көлігімен жүзеге асырылса және транзит мемлекетінің аумағында қону көзделмесе, транзитке рұқсат талап етілмейді. Транзит мемлекетінің аумағында жоспарланбаған қону болған жағдайда, транзитті жүзеге асырушы мемлекет транзит мемлекетін бұл жөнінде дереу хабардар етеді және транзит мемлекеті осы баптың 2-тармағында көзделген транзит туралы сұрау салуды алу күтілген кезде тасымалданушы адамды он бес (15) тәулік бойы күзетпен ұстауға тиіс.

19-бап. Шығыстар

      1. Егер Тараптар өзгеше келіспесе, Сұрау салынатын Тарап ұстап беру рәсіміне байланысты шығыстарды өзінің аумағында көтереді.
      2. Ұстап берілген адамды, сондай-ақ осы Шарттың 17-бабында көрсетілген объектілерді беруге немесе қабылдауға байланысты көліктік және транзиттік шығыстарды Сұрау салушы Тарап көтереді.

20-бап. Нәтижелер туралы хабарлама

      Сұрау салушы Тарап сот талқылауы нәтижелері туралы немесе ұстап берілген адамға қатысты шығарылған заңды күшіне енген сот үкімінің орындалғаны туралы не ұстап берілген адамды үшінші мемлекетке ұстап беру туралы ақпаратты хабарлайды.

21-бап. Басқа да халықаралық шарттармен арақатынасы

      Осы Шарт Тараптардың әрқайсысының басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

22-бап. Дербес деректерді қорғау

      1. Осы баптың 2-тармағы үшін нұқсан келтірмей Тараптар дербес деректерді бере алады, сондай-ақ осындай деректер, егер бұл:
      а) осы Шартқа сәйкес ұстап беру сұратылған қылмыстық сот ісін жүргізу немесе сот шешімдерін орындау;
      b) осы тармақтың а) тармақшасында көрсетілген іс жүргізумен және сот шешімдерімен тікелей байланысты өзге де сот немесе әкімшілік процестер;
      с) қоғамдық қауіпсіздікке тікелей және елеулі қауіп-қатерді болғызбау мақсаттары үшін қажетті әрі жеткілікті болса ғана, берілген Тарап өңдей алады.
      2. Мұндай деректерді, егер бұған алдын ала келісім берілген болса не деректерді жолдаған Тарап не осындай деректердің субъектісі болып табылатын адам кез келген басқа да мақсаттарда өңдей алады. Келісім дербес деректерді беретін Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес берілуге тиіс.
      3. Осы Шарттың ережелерін орындау нәтижесінде дербес деректерді беруді жүзеге асыратын кез келген Тарап деректер берілген Тараптан осындай деректердің өңделуі туралы ақпаратты ұсынуды сұратуға құқылы.
      4. Осы баптың 6-тармағы үшін нұқсан келтірмей, осы Шартқа сәйкес берілген дербес деректер осы деректер берілген Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес өңделуге және жойылуға тиіс. Көрсетілген шектеулерге қарамастан, алынған деректер өздері берілген мақсаттар үшін қажеттілік жоғалған бойда дереу жойылуға тиіс.
      5. Дербес деректердің субъектісі Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес:
      а) құзыретті органдардың оның дербес деректерінің өңделуіне қатысты ақпаратты сұратуға;
      b) оның дербес деректерін өзгертуді және толықтыруды, жоюды немесе бұғаттауды сұратуға;
      с) егер оның сұрау салуы сақталмаса, өз құқықтарын қорғауға құқылы.
      6. Дербес немесе басқа да деректерді беруші Тараптар берілген деректерді өңдеуге қатысты қосымша шарттарды қоюы мүмкін. Осы тармаққа сәйкес қосымша шарттар қойылған жағдайда, деректер берілген Тарап деректерді осы шарттарға сәйкес өңдеуге тиіс.

23-бап. Дауларды реттеу

      Осы Шартты қолдану немесе түсіндіру барысында туындаған кез келген дау Тараптар арасында келіссөздер немесе дипломатиялық консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.

24-бап. Шарттың күшіне енуі, өзгертілуі және бұзылуы

      1. Осы Шарт белгіленбеген уақыт кезеңіне жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отызыншы (30) күні күшіне енеді.
      2. Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделеді.
      3. Тараптардың кез келгені осы Шарттың қолданысын кез келген уақытта екінші Тарапқа дипломатиялық арналармен бұл жөніндегі жазбаша хабарламаны жолдау арқылы тоқтатуға құқылы. Осы Шарт өз қолданысын осындай хабарламаны алған күннен бастап бір жүз сексен (180) күн өткеннен кейін тоқтатады.
      4. Осы Шарт бұзылған жағдайда, оның қолданылу кезеңінде басталған адамдарды ұстап беру жөніндегі іс-шаралар аяқталғанға дейін оның қолданылуы күшінде болады.
      Осыған дәлелдеме үшін осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      20 жылғы «_____» әрқайсысы қазақ, мажар және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндері тең түпнұсқалы болып табылады және олардың күші бірдей.
      Осы Шартты түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым болып табылады.

      Қазақстан Республикасы                  Мажарстан үшін
             үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады