Қазақстан Республикасының Президенті жанынан "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесін құру және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына толықтырулар енгізу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 маусымдағы № 837 Жарлығы. 1-тармақты қоспағанда, күші жойылды - ҚР Президентінің 02.05.2020 № 316 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз) Жарлығымен.

      Ескерту. 1-тармақты қоспағанда, күші жойылды - ҚР Президентінің 02.05.2020 № 316 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз) Жарлығымен.


      Қазақстан Республикасының

      Президенті мен Үкіметі актілерінің

      жинағында жариялануға тиіс

"Қазақстан Республикасының Президенті туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 33-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Астана қаласында Қазақстан Республикасының Президенті жанынан "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - мекеме) құрылсын.

2. Қоса беріліп отырған мекеменің жарғысы бекітілсін.

3. Мекеменің штат саны 58 бірлік мөлшерінде белгіленсін.

4. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мекемеге қатысты уәкілетті орган болып айқындалсын.

5. Мекеме директорын Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады деп белгіленсін.

6. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің "Достық үйі - Этносаралық қатынастар орталығы" республикалық мемлекеттік мекемесінің мүлкін мекемеге бере отырып, оны тарату туралы шаралар қабылдасын;

2) бір ай мерзімде мекемені мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін;

3) мекемені республикалық бюджеттен қаржыландыруды қамтамасыз етсін;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мекеме басшыларының, мамандары мен қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларын (мөлшерлемелерін) 1,72 арттырушы коэффициентті қолдана отырып белгілеуді қамтамасыз етсін;

5) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

7. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Астана қаласында мекемені орналастыру үшін үй-жай бөлуді қамтамасыз етсін.

8. Қазақстан Республикасы Президентінің мынадай жарлықтарына толықтырулар енгізілсін:

1) күші жойылды - ҚР Президентінің 29.12.2015 № 150 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

2) "Мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 наурыздағы № 828 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 17, 212-құжат; № 21, 265-құжат; 2005 ж., № 29, 362-құжат; 2006 ж., № 23, 229-құжат; 2007 ж., № 42, 479-құжат; 2009 ж., № 34, 321-құжат; 2010 ж., № 51, 466-құжат; 2011 ж., № 39, 472-құжат; № 41, 518-құжат; № 48, 646-құжат; № 51, 685-құжат; 2012 ж., № 35, 457-құжат; № 74, 1067-құжат; № 80, 1178-құжат; 2013 ж., № 24, 379-құжат; 381-құжат, № 29, 439-құжат; № 31, 465-құжат; № 33, 497-құжат; № 43, 633-құжат; 2014 ж., № 1, 1-құжат; № 3, 17-құжат):

жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының және Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын немесе оның келісуімен тағайындалатын, оның ұсынуы бойынша сайланатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша тағайындалатын өзге де басшы лауазымды адамдардың тізбесінде:

мына:

"

Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының директоры

Президент

Президент Кеңсесінің бастығы

Әкімшілік Басшысы"


"

деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

"

"Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры

Президент

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары,

Әкімшіліктің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі

Әкімшілік Басшысы


".

Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 29.12.2015 № 150 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

9. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің

2014 жылғы 17 маусымдағы

№ 837 Жарлығымен

БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы "Қоғамдық
келісім" республикалық мемлекеттік мекемесінің
ЖАРҒЫСЫ
1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - мекеме) Қазақстан халқы Ассамблеясының (бұдан әрі - Ассамблея) қызметін қамтамасыз ету және оның іс-шараларын өткізу жөніндегі функцияларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес ұйым болып табылады.

2. Мемлекеттік мекеменің түрі: республикалық.

3. Мекеменің құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Президенті болып табылады.

4. Мекемеге қатысты уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі (бұдан әрі - уәкілетті орган) болып табылады.

Мекеменің мүлкіне қатысты республикалық меншік субьектісінің құқығын Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органы (бұдан әрі - мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган) жүзеге асырады.

5. Мекеменің атауы:

1) толық:

мемлекеттік тілде - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесі;

орыс тілінде - Республиканское государственное учреждение "Қоғамдық келісім" при Президенте Республики Казахстан.

2) қысқартылған:

мемлекеттік тілде - "Қоғамдық келісім" РММ;

орыс тілінде - РГУ "Қоғамдық келісім".

6. Мекеменің орналасқан жері: 010000, Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 6-үй.

Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 10.09.2019 № 151 Жарлығымен.

2. Мекеменің заңды мәртебесі

7. Мекеме мемлекеттік тіркелген сәттен бастап құрылды деп есептеледі және заңды тұлға құқығына ие болады.

8. Мекеменің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дербес балансы, банктерде шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және мекеменің атауы бар бланкілері, мөрі болады.

9. Мекеме басқа заңды тұлға құра алмайды, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.

10. Мекеме өз міндеттемелері бойынша өзінің иелігіндегі ақшамен жауап береді. Мекемеде ақша жеткіліксіз болған кезде оның міндеттемелері бойынша субсидиялық жауапкершілікті Қазақстан Республикасы көтереді.

11. Мекеменің азаматтық-құқықтық мәмілелері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық бөлімшелерінде міндетті тіркелгенінен кейін ғана күшіне енеді.

3. Мекеме қызметінің нысанасы мен мақсаты

12. Мекеме қызметінің нысанасы:

1) Ассамблеяның жұмысын ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету;

2) Ассамблея қызметін ғылыми-сараптамалық, ақпараттық, талдамалық сүйемелдеуді ұйымдастыру;

этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың Ассамблеяның міндеттерін іске асыруға бағытталған жұмыстарына қолдау көрсетуді ұйымдастыру.

13. Мекеме қызметінің мақсаты Ассамблеяның жұмыс істеуін ұйымдастырушылық, қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етудің тиімді жүйесін құру болып табылады.

14. Мақсатқа қол жеткізу үшін мекеме мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:

1) Ассамблея Сессиясының, Кеңесінің отырыстарын және Ассамблеяның басқа да іс-шараларын өткізуді ұйымдастыру;

2) Ассамблеяның Алматы қаласындағы Достық үйін күтіп ұстау;

3) республикалық этномәдени бірлестіктердің жұмысына жағдай жасау;

4) Ассамблеяның мақсаты мен міндеттерін іске асыруға бағытталған бұқаралық қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік, ғылыми және басқа да іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;

5) Ассамблея достық үйлерінің республикалық Әдістемелік кеңесінің, Ассамблеяның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің, Ассамблея жанындағы журналистер клубының қызметін қамтамасыз ету;

6) Ассамблеяның Даму тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шараларды өткізу, оның ішінде оларды жоспарлау;

7) Ассамблеяның қоғамдық бірлестіктермен және азаматтық қоғамның басқа да институттарымен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;

8) мемлекеттік этносаясат саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысу;

9) этносаралық қатынастардың жай-күйі туралы талдамалық және болжамдық материалдар дайындау;

10) этносаралық және конфессияаралық қатынастар мәселесі бойынша мониторинг жүргізу, ұсыныстар мен ұсынымдарды түжырымдау;

11) Ассамблея қызметін ақпараттық қолдауды жүзеге асыру, Ассамблеяның баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

12) Ассамблеяның медиажоспарларын әзірлеу және іске асыру;

13) Ассамблеяның ағартушылық қызметін жүзеге асыруды қамтамасыз ету, оқыту семинарлары мен тренингтерін өткізу;

14) мемлекеттік этносаясат саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді, этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласын зерделеуді ұйымдастыру;

15) ғылыми еңбектерді (мақалалар, монографиялар, оқу құралдары және т.б.) басып шығаруды және Ассамблеяның баспа қызметін, Ассамблея қызметінің бағыттары бойынша басқа да ақпараттық материалдар өндірісін ұйымдастыру;

16) Ассамблеяның халықаралық ынтымақтастығын, оның халықаралық және басқа да іс-шаралар жұмысына қатысуын ұйымдастыру;

17) Ассамблеяның мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту бойынша жұмысын ұйымдастыру;

18) Ассамблеяның ынтымақтастық туралы меморандумдары мен келісімдерін орындау шеңберінде жұмысты ұйымдастыру;

19) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сай келетін және мекеменің жарғысына қайшы келмейтін өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыру және мәмілелер жасасу.

Мекемеге өз қызметінің жарғыда бекітілген нысанасы мен мақсатына сай келмейтін қызметті, сондай-ақ мәмілелер жасауды жүзеге асыруына тыйым салынады.

15. Мекеменің Қазақстан Республикасының заңдарына немесе құрылтай құжаттарына қайшы, не директордың жарғылық құзыретін бұза отырып жасаған мәмілесі уәкілетті органның немесе мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның не прокурордың талап арызы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.

16. Мекеме директорының мекеменің жарғыдан тыс қызметті жүзеге асыруына бағытталған әрекеті еңбек міндеттерін бұзу болып табылады және тәртіптік әрі материалдық жауапкершілік шараларын қолдануға әкеп соғады.

4. Мемлекеттік мекемені басқару

17. Мекемені жалпы басқаруды уәкілетті орган жүзеге асырады.

18. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) мекемеге мүлікті бекітіп береді;

2) мекемені қаржыландырудың жеке жоспарын бекітеді;

3) мекеме мүлкінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

4) мекеме жарғысын, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуді бекітеді;

5) мекеменің басқару органдарының құрылымын, қалыптасу тәртібін және өкілеттік мерзімін, мекеменің шешімдер қабылдау тәртібін айқындайды;

6) мекеме басшысының құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, оны атқаратын қызметінен босату негіздерін айқындайды;

7) мекеменің құрылымын бекітеді;

8) мекеменің жылдық қаржылық есептілігін бекітеді;

9) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға мекемеге берілген немесе ол өзінің жеке шаруашылық қызметі нәтижесінде сатып алған мүліктерді алып қоюға немесе қайта бөлуге келісім береді;

10) мекеменің филиалдары мен өкілдіктерін құруға келісім береді;

11) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша мекемені қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

18-1. Уәкілетті органның шешімі бойынша мекеме құрылымында мекеменің Үйлестіру кеңесі ұйымдастырылуы мүмкін.

Мекеменің Үйлестіру кеңесі мекеме қызметінің негізгі бағыттарын келісуді жүзеге асырады, сондай-ақ уәкілетті орган айқындайтын өзге функцияларды жүзеге асырады.

Ескерту. Жарғы 18-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 22.07.2019 № 76 Жарлығымен.

19. Мекеме директорын (бұдан әрі - директор) Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды оған басшылық жасайды және қызметтен босатады.

20. Директор мекеменің жұмысын ұйымдастырады және басқарады, уәкілетті органға тікелей бағынады және мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

21. Директор Қазақстан Республикасының заңнамасы мен осы жарғыда айқындалатын өз құзыретіне сәйкес дара басшылық қағидаттарында іс-қимыл жасайды және мекеме қызметінің мәселелерін дербес шешеді.

22. Мекеме қызметін жүзеге асыру кезінде директор Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

1) мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

2) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда мекеменің мүддесіне өкілдік етеді;

3) шарттар жасасады;

4) сенімхаттар береді;

5) іссапарлар, тағылымдамалар, қызметкерлерді қазақстандық және шетелдік оқу орталықтарында оқыту мен қызметкерлердің біліктілігін арттырудың өзге де түрлері бойынша мекеменің тәртібі мен жоспарларын бекітеді;

6) банк шоттарын ашады;

7) барлық қызметкерлер үшін міндетті бұйрық шығарады және нұсқаулар береді;

8) Ассамблея Хатшылығымен келісім бойынша өз орынбасарларын қызметке тағайындайды және босатады;

9) мекеме қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мекеме қызметкерлеріне ынталандыру шараларын және тәртіптік жаза қолданады;

11) өз орынбасарының (орынбасарларының) және мекеменің өзге де басшы қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерінің шеңберін айқындайды;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасында, осы жарғыда және уәкілетті орган өзіне жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

5. Мекеме мүлкінің құралу тәртібі

23. Мекеме мүлкі заңды тұлғаның активтерінен құралады, олардың құны оның балансында көрсетіледі. Мекеменің мүлкі:

1) меншік иесі берген мүлік;

2) өз қызметінің нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірісті қоса алғанда);

3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

24. Мекеменің өзіне бекітіп берілген мүлікті және өзіне қаржыландыру жоспары бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.

25. Мекеме қызметін уәкілетті орган бюджеттен қаржыландырады.

26. Мекеме бухгалтерлік есеп жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есептілік ұсынады.

27. Мекеменің қаржы-шаруашылық қызметін тексеру мен ревизиялауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган жүзеге асырады.

6. Мекеменің жұмыс режимі

28. Мекеменің жұмыс режимі ішкі еңбек тәртібінің қағидаларымен белгіленеді және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.

7. Мекеменің құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі

29. Мекеменің құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша жүргізіледі.

30. Мекеменің құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркеледі.

8. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату

31. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасы Президентінің шешіміне сәйкес жүзеге асырылады.

9. Мекеменің филиалдары мен өкілдіктері туралы мәліметтер

32. Мекеменің Қазақстан Республикасының аумағында филиалдары мен өкілдіктері болуына құқығы бар.



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады