«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы 15-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған 2012 жылғы 5 желтоқсанда Ашхабад қаласында жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қаржы барлау бөлімшелері басшыларының кеңесін құру туралы келісім (бұдан әрі - Келісім) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Келісімді іске асыру үшін жауапты құзыретті мемлекеттік орган болып айқындалсын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы 17 маусымдағы
№ 838 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы
мемлекеттердің Қаржы барлау бөлімшелері
басшыларының кеңесін құру туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер
Тараптардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қылмыстық кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың халықаралық сипатын және қазіргі заманғы ауқымын есепке ала отырып,
қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылда ынтымақтастықты дамытуға маңызды мән бере отырып және өзара іс-қимылдарды үйлестіруге ұмтылып,
осындай ынтымақтастықтың дамуы олардың мүдделеріне жауап беретіндігін сезіне отырып,
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мақсаттары мен міндеттерін негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты үшін қаржы барлау бөлімшесі деп қылмыстық жолмен пайда болуына және/немесе терроризмді ықтимал қаржыландыруға күдіктер бар кірістерге қатысты немесе қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес бойынша ұлттық заңнамаға сәйкес талап етілетін ақпаратты қабылдау, талдау және құқық қорғау органдарына жіберуге жауапты Тараптың құзыретті органы ұғынылады.
2-бап
Тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қаржы барлау бөлімшелері басшыларының кеңесін (бұдан әрі - Кеңес) құрады.
3-бап
Кеңес өз қызметін осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қаржы барлау бөлімшелері басшыларының кеңесі туралы ереже негізінде жүзеге асырады.
4-бап
Әрбір Тарап осы Келісімнің іске асырылуына жауапты құзыретті органды айқындайды және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындау туралы хабарламасымен бірге бір мезгілде осы туралы депозитарийді хабардар етеді.
Осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті орган өзгерген жағдайда, Тараптар осы туралы депозитарийді хабардар етеді.
5-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
6-бап
Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы депозитарий үшінші хабарлама алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кейін орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
7-бап
Осы Келісім оның күшіне енгеннен кейін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен қосылуына ашық.
Қосылатын мемлекет үшін Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
8-бап
Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады.
Тараптардың әрбіреуі шығуынан 6 ай бұрын депозитарийге өзінің ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберіп және Келісім қолданылған уақытта туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттеп, осы Келісімнен шығуға құқығы бар.
2012 жылғы 5 желтоқсанда Ашхабад қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Келісімнің түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Армения Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Беларусь Республикасы үшін Түрікменстан үшін
Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін Украина үшін
Молдова Республикасы үшін
Тәуелсіз Мемлекеттер
Достастығына қатысушы
мемлекеттердің Қаржы барлау
бөлімшелері басшыларының
кеңесін құру туралы келісімге
ҚОСЫМША
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қаржы барлау бөлімшелері басшыларының кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қаржы барлау бөлімшелері басшыларының кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (бұдан әрі - ТМД) салалық ынтымақтастық органы болып табылады және қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды ұйымдастыруды және үйлестіруді қамтамасыз етуге арналған.
2. Кеңес өз қызметінде ТМД жарғысын, ТМД шеңберінде қабылданған шарттар мен шешімдерді және осы Ережені басшылыққа алады.
3. Кеңес өз қызметін ТМД Атқарушы комитетімен, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясымен, ТМД-ның басқа органдарымен, қажет болған жағдайда - халықаралық ұйымдардың жұмыс (атқарушы) органдарымен, ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлейтін топтармен (бұдан әрі - ФАТФ) және ФАТФ үлгісіндегі өңірлік топтармен, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарымен өзара ықпалдастықта жүзеге асырады.
4. Кеңес өз қызметінде ТМД Мемлекеттер басшыларының кеңесіне есеп береді.
5. Кеңес өз жұмысын ТМД Мемлекеттер басшыларының кеңесі әзірлеген және бекіткен жоспарлар негізінде ұйымдастырады.
Кеңес ТМД Атқарушы комитетіне өз қызметі туралы ақпаратты жыл сайын ұсынады.
2. Кеңес қызметінің негізгі бағыттары мен функциялары
1. Кеңес қызметінің негізгі бағыттары:
1) ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қаржы барлау бөлімшелерінің және өзге де мүдделі органдарының, сондай-ақ қызмет аясына қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл кіретін ТМД органдарының өзара іс-қимылын ұйымдастыру;
2) ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындау және бірлескен тиімді шараларды қабылдау;
3) ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасын жақындастыру және үндестіру мақсатында бірыңғай тәсілдерді әзірлеуге жәрдемдесу;
4) ТМД қатысушы мемлекеттер ынтымақтастығының құқықтық базасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
5) ТМД шеңберінде қабылданған құжаттардың іске асырылуын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Кеңестің негізгі функциялары:
1) нысаналы бағдарламаларды әзірлеу туралы ұсыныстарды, сондай-ақ қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстату) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттер ынтымақтастығының басым бағыттары бойынша ұсыныстар дайындау;
2) ФАТФ ұсынымдарын ТМД қатысушы мемлекеттердің енгізуіне жәрдемдесу;
3) қаржы барлау бөлімшелері арасында ақпарат алмасуға жәрдемдесу;
4) қаржы барлау бөлімшелері арасында ақпарат алмасудың бірыңғай стандарттарын қалыптастыру бойынша ұсыныстар дайындау;
5) ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мүдделі органдарымен бірлесіп, қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыру мақсатында пайдаланылатын нысандар мен әдістерді анықтау және жолын кесу бойынша ұсынымдарды әзірлеу;
6) қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы күреске бағытталған бірлескен іс-шараларды әзірлеу және іске асыру;
7) өз құзыреті шеңберінде ТМД-ның мүдделі органдарымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жұмыс (атқарушы) органдарымен, ФАТФ және ФАТФ үлгісіндегі өңірлік топтармен өзара іс-қимыл жасау;
8) Кеңес құзыреті мен өз шешімдері бойынша ТМД шеңберінде қабылданған құжаттардың орындалуын ұйымдастыру және үйлестіру;
9) қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру саласындағы үрдістерді (типологияларды) талдау;
10) ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қаржы барлау бөлімшелері арасында тәжірибе алмасуға жәрдемдесу, оның ішінде әдістемелік көмек көрсету;
11) ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қаржы барлау бөлімшелерінің кадрларын даярлау және біліктілігін арттыруды ұйымдастыру және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің кадрларын даярлау және қайта даярлау бойынша базалық ұйымдарды құру мәселелерін қарау;
12) өзара мүдделі болып табылатын проблемалар бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу мәселелерін қарау;
13) Кеңес құзыретіне кіретін өзге де функцияларды жүзеге асыру болып табылады.
3. Кеңестің құқықтары
Кеңес:
1) өз құзыреті шеңберінде қаржы барлау бөлімшелерінің ынтымақтастығын дамыту және өзара іс-қимыл жасауға бағытталған шешімдер мен ұсынымдарды қабылдауға;
2) белгіленген тәртіппен ТМД-ның Мемлекеттер басшылары кеңесінің, Үкіметтер басшылары кеңесінің, Экономикалық кеңесінің қарауына Кеңес дайындаған құжаттар жобаларын, сондай-ақ ТМД-ның Мемлекеттер басшылары кеңесінің, Үкіметтер басшылары кеңесінің және Экономикалық кеңесінің Кеңестің қызметіне қатысты шешімдерін орындау туралы ақпарат енгізуге;
3) ТМД салалық ынтымақтастығының басқа мүдделі органдарымен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асыруға;
4) Кеңес алдында тұрған міндеттерді орындау үшін, қажет болған кезде, қызмет бағыттары бойынша жұмыс топтарын құруға және олар туралы ережелер бекітуге;
5) Кеңес құзыретіне кіретін мәселелер туралы талдамалық және өзге де ақпаратты ТМД органдарының қарауына енгізуге;
6) өз құзыреті шеңберінде өзге де мәселелерді шешуге құқығы бар.
4. Кеңестің қызметін ұйымдастыру
1. Кеңестің құрамына осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қаржы барлау бөлімшелерінің басшылары (бұдан әрі - Кеңес мүшелері) кіреді.
Әр мемлекеттің Кеңесте бір дауысы бар.
Отырысқа келуге мүмкіндігі жоқ Кеңес мүшесі Кеңес отырысында шешім қабылдай алатын өкілеттігі бар өз өкілін жіберуге құқылы.
Кеңес құрамына кеңесші дауыс құқығымен Кеңес Хатшылығының басшысы, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің өкілі кіреді.
Кеңес отырыстарына байқаушылар ретінде оның барлық мүшелерінің алдын ала келісуімен басқа мемлекеттердің қаржы барлау бөлімшелерінің өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері шақырылуы мүмкін.
2. Егер Кеңес шешімімен өзгеше белгіленбесе, Кеңесте төрағалықты, әдетте, осы Келісімге қатысушы әрбір мемлекеттің атынан кезекпен бір жыл бойы осы Келісімге қатысушы мемлекеттер атауларының орыс әліпбиі тәртібінде ауысу негізінде өз өкілі жүзеге асырады. Кеңестің алдыңғы және келешек төрағалары оның тең төрағалары болып табылады.
Кеңес төрағасы уақытша болмаған жағдайда, оның міндеттері тең төрағалардың біреуіне жүктеледі.
3. Кеңес отырыстары, әдетте кезек-кезекпен осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде, қажет болуына қарай, алайда жылына кемінде бір рет өткізіледі.
4. Кеңестің отырыстарын шақыру тәртібі, оларды өткізу, кворум, шешімдер қабылдау рәсімі, сондай-ақ қызметінің басқа да мәселелері Кеңес бекітетін регламентпен айқындалады.
5. Кеңес төрағасы:
1) Кеңес қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
2) Кеңес отырыстарын өткізеді;
3) құжаттарға қол қояды және Кеңес атынан жібереді;
4) ТМД органдарында белгіленген тәртіппен Кеңес атынан өкілдік етеді;
5) Кеңестің тапсырмасы бойынша өз құзыреті шеңберінде ТМД органдарына, басқа халықаралық ұйымдардың жұмыс (атқарушы) органдарына, ФАТФ және ФАТФ үлгісіндегі өңірлік топтарға қолдау көрсетеді және оларды дамытады;
6) қаржы барлау бөлімшелері арасында өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз етуге жәрдемдеседі;
7) Кеңес қызметін қамтамасыз етуге байланысты өзге де іс-қимылдарды жүзеге асырады.
5. Кеңес Хатшылығы
1. Кеңестің қызметін ұйымдық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз етуді Хатшылық жүзеге асырады.
Кеңестің шешімі бойынша Хатшылықтың функцияларын, оның ішінде тұрақты негізде, осы Келісімге қатысушы мемлекеттің қаржы барлау бөлімшелерінің бірі орындайды. Осы функцияларды қаржы барлау бөлімшесі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің тиісті құрылымдық бөлімшесімен бірлесіп орындайды.
Хатшылықтың басшысы Хатшылықтың функцияларын орындау жүктелген қаржы барлау бөлімшесінің өкілі, Хатшылық басшысының орынбасары — Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің өкілі болып табылады.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 30.06.2015 № 46 Жарлығымен.
2. Кеңес Хатшылығы:
1) осы Ереже мен регламентте көзделген тәртіппен Кеңес отырыстарын өткізуді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді. Көшпелі отырыстарды өткізу қабылдаушы Тараптың қаржы барлау бөлімшесімен бірлесіп жүзеге асырылады;
2) Кеңес отырыстарына қарауға түскен материалдарды дайындайды;
3) алдын ала күн тәртібі мен Кеңес отырысының қарауына енгізілетін құжаттардың жобаларын белгіленген тәртіппен жібереді;
4) Кеңес қабылдаған құжаттарды уақтылы жіберуді қамтамасыз етеді;
5) Кеңес отырыстарына құжаттар жобаларын дайындау мәселелері бойынша сарапшылардың отырыстарын ұйымдастырады;
6) сарапшылар отырыстарының хаттамаларын жүргізеді;
7) Кеңестің кезекті отырысының қарауына енгізілетін мәселелерді талқылау бойынша Кеңес отырысының және оның алдындағы сарапшылар отырысының қатысушыларын уақтылы айқындау бөлігінде осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қаржы барлау бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасайды;
8) Кеңес қабылдаған шешімдердің орындалуына бақылауды жүзеге асырады, нәтижелері туралы Кеңес төрағасы мен мүшелеріне хабардар етеді;
9) өз құзыреті шеңберінде ТМД басқа органдарымен, сондай-ақ құжат жобаларын келісу және дайындау бөлігінде ТМД Атқарушы комитетінің тиісті бөлімшесімен өзара іс-қимыл жасайды.
3. Хатшылықтың басшысын Хатшылықтың функцияларын орындау жүктелген қаржы барлау бөлімшесі басшысының ұсынуы бойынша Кеңес бекітеді.
Хатшылықтың басшысы:
1) Кеңес Хатшылығына басшылық етеді;
2) ТМД Атқарушы комитетінің құрылымдық бөлімшесімен өзара іс-қимыл жасай отырып, Кеңес қызметін ұйымдық және ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 30.06.2015 № 46 Жарлығымен.
4. Кеңес құжаттарын есепке алуды және сақтауды өкілі Хатшылық құрамына енетін ТМД Атқарушы комитетінің құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.
6. Қаржыландыру
Кеңестің отырыстарын өткізуді қаржыландыруға байланысты шығыстар осы Келісімге қатысушы - қабылдаушы мемлекеттің тиісті мемлекеттік билік органдары есебінен жүзеге асырылады.
Кеңестің мүшелері мен отырыстарына қатысушылардың іссапар шығыстарын жіберуші мемлекеттік билік органдар мен осы Келісімге қатысушы мемлекеттің ұйымдары жүзеге асырады.