Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс
«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асхат Қайзоллаұлы Дауылбаевқа Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2015 жылғы 9 маусымдағы
№ 37 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба
Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы
КЕЛІСІМ
Кіріспе
Бұдан әрі «Уағдаласушы Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы
қылмыстық құқық саласында тиімді ынтымақтастықты күшейту бойынша екіжақты мүддені басшылыққа ала отырып,
ұлттық егемендік, аумақтық тұтастық және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау қағидаттарын негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті,
1-бап
Ұғымдар
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер мынадай мағынаны білдіреді:
а. «Үкім шығарушы мемлекет» - соттары берілуі мүмкін немесе берілген адамға қатысты бас бостандығынан айыру түріндегі түрмеге қамау немесе өзге туралы үкім шығарған мемлекет;
b. «Үкімді орындаушы мемлекет» - өзінің азаматы болып табылатын адамға қатысты бас бостандығынан айыру түріндегі түрмеге қамау немесе өзге туралы үкімді өз аумағында орындайтын мемлекет;
c. «сотталған адам» - Уағдаласушы Тараптардың бірінің соттары шығарған үкім бойынша, қылмыс жасағаны үшін түрмеге қамауға немесе бас бостандығынан айыруға сотталған адам;
d. «жақын туыстар» - сотталған адам азаматы болып табылатын мемлекеттің ұлттық заңнамасында айқындалған адамдар тобы;
e. «уағдаласушы Тараптардың бірінің құзыретті органдары» - Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес сотталған адамдарды беру процесіне әртүрлі тәсілмен тартылған органдар.
2-бап
Келісімнің қолданылу саласы
Осы Келісімге сәйкес Уағдаласушы Тараптардың кез келгені Үкім шығарушы мемлекет аумағында бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды өз жазаларының қалған кезеңін өтеу үшін Үкімді орындаушы мемлекетке бере алады.
3-бап
Беру шарттары
Сотталған адам мынадай:
a. егер осы адам Үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болған;
b. егер Үкім шығарушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес үкім түпкілікті болып табылған және заңды күшіне енген;
c. егер сұрау салуды алған кезде үкім бойынша жазаны өтеудің қалған мерзімі алты айдан асатын болған;
d. егер сотталған адам өзінің берілуіне келіскен не беруді оның дене немесе психикалық жағдайына байланысты оның жақын туыстары немесе заңды өкілі сұратқан;
e. егер ол бойынша үкім шығарылған әрекет Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылған;
f. егер Үкім шығарушы мемлекет және Үкімді орындаушы мемлекет сотталған адамды берумен келіскен;
g. Үкім шығарушы мемлекетте сотталған адамға қатысты тергеп-тексеру, сотта істі талқылау немесе өзге де процестік әрекеттер жалғастырылмаған;
h. егер сотталған адам әскери қылмысқа байланысты сотталмаған;
i. егер жасалған қылмыс келтірген материалдық залал өтелген жағдайларда ғана берілуі мүмкін.
2. Айрықша жағдайларда Уағдаласушы Тараптар жазасын өтеудің қалған мерзімі алты айдан аз немесе егер жасалған қылмыс келтірген материалдық залал толық көлемде өтелмеген кезде де сотталған адамдарды беруге келісуі мүмкін.
3. Сотталған адам, егер:
a. Үкімді орындаушы мемлекеттің аумағында оның ұлттық заңнамасына сәйкес ескіру мерзімі өтуі салдарынан жазаны орындау мүмкін болмаса;
b. Үкім шығарушы мемлекет осы Келісімнің 6-бабының талаптарын тиісті түрде орындамаса;
c. бұл егемендікке, қоғамдық тәртіпке залал келтіруі мүмкін немесе Уағдаласушы Тараптардың бірінің заңнамасының іргелі кағидаттарына және/немесе басқа да маңызды мүдделеріне қайшы келсе, берілмейді.
4-бап
Талап етілетін құжаттар
1. Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекетке үкімді орындауға қатысты мынадай ақпаратты:
a. егер сотталған адам Үкімді орындаушы мемлекеттің аумағынан үкімді орындау аяқталғанға дейін күзеттен қашып кетсе;
b. егер Үкім шығарушы мемлекет сотталған адамның мәртебесі туралы арнайы ақпарат сұратса, беруі тиіс.
2. Үкім шығарушы мемлекет сотталған адамды кез келген Уағдаласушы Тарапта осы Келісімге сәйкес беру туралы сұрау салу бойынша қолданылған кез келген іс-қимылдар туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
5-бап
Ақпарат алмасу
Уағдаласушы Тараптар өздерінің азаматтары болып табылатын сотталған адамдар туралы ақпарат алмасады.
6-бап
Беру туралы сұpaу салу
Сотталған адамды беру сұратылған жағдайда, егер Уағдаласушы Тараптар өзгеше келіспесе, Үкім шығарушы мемлекет Үкімді орындаушы мемлекетке мынадай құжаттарды:
a. сотталған адамның жеке басы туралы мәліметтерді (тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), туған күні мен жері);
b. сотталған адамның азаматтығы туралы құжаттарды;
c. соның негізінде адам сотталған Қылмыстық кодекс баптарының мәтінін;
d. сотталған адамның не осы Келісімнің 3-бабы 1-тармағының d тармақшасына сәйкес оның заңды өкілінің немесе жақын туыстарының беру туралы өтінішхатын;
e. үкімнің және оның заңды күшіне енгені туралы құжаттардың көшірмелерін;
f. Үкім шығарушы мемлекет растаған жазаның өтелген мерзімі, сотқа дейінгі талқылау барысында күзетте ұстау кезеңі және кешірім жасау, рақымшылық жасау, үкім шарттарын жеңілдету және жазаның қалған кезеңі туралы құжаттарды;
g. сотталған адамның дене және психикалық денсаулығы жағдайы туралы мәліметтерді жолдайды.
7-бап
Беруге келісім
1. Үкім шығарушы мемлекет осы Келісімнің 3-бабы 1-тармағының d тармақшасында көрсетілген келісімнің ерікті түрде және оның салдарын толық түсіне отырып берілгендігін куәландыруы тиіс.
2. Үкімді орындаушы мемлекет өз консулы арқылы немесе келісім бойынша өзге де уәкілеттік берілген адамдары арқылы Үкім шығарушы мемлекетке осындай келісімді бергендігіне көз жеткізуге құқылы.
8-бап
Беру туралы сұрау салуға жауап
Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап осы Келісімнің 6-бабында көрсетілген құжаттарды алғаннан кейін бір ай мерзімде беруге келісу немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды және сотталған адамды, оның заңды өкілін немесе жақын туыстарын және Үкім шығарушы мемлекетті өзінің шешімі туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.
9-бап
Беру уақыты, орны және шарттары
Уағдаласушы Тараптар сотталған адамды беру орны, күні және шарттары туралы уағдаласады.
10-бап
Беру бойынша шығыстар
Сотталған адамды беруге байланысты барлық шығыстарды Үкімді орындаушы мемлекетке оны берген кезден бастап Үкімді орындаушы мемлекет көтереді.
11-бап
Бергеннен кейін үкімді орындау
1. Үкімді орындаушы мемлекет:
a. дереу өзінің құзыретті органының нұсқауы негізінде үкімді орындауды жалғастыруға; немесе
b. сот рәсімі арқылы Үкім шығарушы мемлекетте тағайындалған жазаға ұқсас осындай қылмыс үшін Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасында көзделген жазаға ауыстыруға міндеттенеді.
2. Үкімді орындаушы мемлекет, егер сұрау салынса, сотталған адамды берудің алдында осы баптың 1-тармағында көрсетілген қандай рәсімдер бойынша жүретінін Үкім шығарушы мемлекетті хабардар етуге міндеттенеді.
3. Үкімді орындау Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және тек осы Мемлекет сотталған адамға қатысты барлық қажетті шешімдерді қабылдауға құзыретті.
4. Үкімнің орындалуы жалғастырылған жағдайда, Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекет айқындаған құқықтық нормалармен және жаза мерзімімен шектеледі.
5. Үкім өз нысаны немесе мерзімі бойынша Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес келмеген немесе оны ұлттық заңнама талап еткен жағдайларда, осы Мемлекет үкімді өзінің құзыретті органы арқылы соған ұқсас қылмыс үшін өзінің ұлттық заңнамасында көзделген жазаға немесе шараларға бейімдей алады.
6. Үкім өзгертілген жағдайда, Үкімді орындаушы мемлекет өзінің жеке рәсімдерін қолданады. Үкім өзгертілген кезде Үкімді орындаушы мемлекет:
a. бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны ақшалай айыппұлға ауыстырмауға;
b. сотталған адам өтеген бас бостандығынан айырудың бүкіл мерзімін алып тастауға;
c. сотталған адамға қатысты тағайындалған жазаны қатаңдатпауға және оны Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасында жасаған қылмысы немесе қылмыстары үшін көзделуі мүмкін жазаның ең төменгі мерзімімен шектемеуге міндетті.
7. Егер үкімді өзгерту рәсімі сотталған адамды бергеннен кейін жүзеге асырылып жатса, Үкімді орындаушы мемлекет осы адамды күзетпен немесе бұл рәсім аяқталғанға дейін оның Үкімді орындаушы мемлекетте болуын қамтамасыз ететін өзгеше түрде ұстайды.
12-бап
Кешірім жасау, рақымшылық жасау және жазаны жеңілдету
Уағдаласушы Тараптардың кез келгені өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес сотталған адамға қатысты тағайындалған жазаға кешірім жасауы, рақымшылық жасауы немесе оны жеңілдетуі мүмкін.
13-бап
Үкімді қайта қарау
Үкім шығарушы мемлекет қана сотталған адамға қатысты шығарылған үкімді қайта қарауға құқылы.
Үкім шығарушы мемлекеттің осылар арқылы үкімнің күші жойылған немесе өзгертілген сот шешімдерінің куәландырылған көшірмесі және басқа да қажетті құжаттар осы Келісімнің 11-бабында көзделген тәртіппен осындай шешімнің орындалуы туралы мәселені шешетін Үкімді орындаушы мемлекеттің құзыретті органына дереу жіберіледі.
14-бап
Үшінші мемлекеттен транзит
Уағдаласушы Тараптардың кез келгені сотталған адамның екінші Уағдаласушы Тараптың сұрау салуы бойынша екінші Уағдаласушы Тарап пен үшінші мемлекет арасындағы Келісімнің негізінде өз аумағынан үшінші мемлекетке немесе үшінші мемлекеттен екінші Уағдаласушы Тараптың аумағына транзитіне жәрдемдеседі.
Транзиттік тасымалдауға байланысты шығыстарды осындай тасымал туралы сұрау салумен өтініш жасаған Уағдаласушы Тарап көтереді.
15-бап
Кері қолдану
Осы Келісімнің ережелері ол күшіне енгенге дейін Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің соттары шығарған үкімдерге де қолданылады.
16-бап
Қатынастар тәртібі
Бір тараптан Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы және екінші тараптан Иран Ислам Республикасының Әділет министрлігі арасындағы қатынастар дипломатиялық арналар бойынша жүзеге асырылады.
17-бап
Тіл
Беру туралы сұрау салулар мен ілеспе құжаттар сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аударылуы тиіс.
18-бап
Дауларды шешу
Осы Келісімді түсіндіру және қолдану бойынша кез келген даулар Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары арасында консультациялар немесе келіссөздер жүргізу арқылы дипломатиялық арналар бойынша шешіледі.
19-бап
Келісімге өзгерістер енгізу
Уағдаласушы Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер жазбаша нысанда енгізілуі мүмкін. Кез келген өзгеріс осы Келісімнің 20-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
20-бап
Келісімнің қолданысы
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті барлық мемлекетішілік рәсімдерді Уағдаласушы Тараптардың орындағаны туралы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Уағдаласушы Тараптардың бірі осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Уағдаласушы Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
Осы Келісімнің қолданылуының тоқтатылуы оның қолданылуы кезеңінде жіберілген беру туралы сұрау салуларға әсер етпейді.
Иран күнтізбесінің ________________ сәйкес келетін, 201__ жылғы «__»__________, ____________ қаласында әрқайсысы қазақ, парсы және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер дәлме-дәл болып табылады және ережелерді түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым болады.
Қазақстан Республикасы үшін Иран Ислам Республикасы үшін