Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 28 қыркүйектегі № 344 Жарлығы


Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс

      Қазақстан Республикасының дамуына, мемлекеттілігінің қалыптасуы мен егемендігінің нығаюына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарын көтермелеу мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалі тағайындалсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалімен наградтау қағидалары;

      2) "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалінің сипаттамасы бекітілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.


Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев



  Қазақстан Республикасы
  Президентінің
  2016 жылғы 28 қыркүйектегі
  № 344 Жарлығымен
  БЕКІТІЛГЕН

"Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалімен наградтау
ҚАҒИДАЛАРЫ

      1. Осы Қағидалар "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалімен (бұдан әрі - мерекелік медаль) наградтау тәртібін реттейді.

      2. Мерекелік медальмен Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің қалыптасуына, егемендігінің нығаюы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары және шетел азаматтары наградталады.

      3. Мерекелік медальмен наградтауға ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының Парламенті, Үкіметі, министрліктері, өзге де орталық мемлекеттік органдары, Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар енгізеді.

      4. Мерекелік медальді Қазақстан Республикасының Президенті тапсырады.

      Мерекелік медальді Қазақстан Республикасы Президентінің атынан және оның тапсырмасы бойынша сондай-ақ:

      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы;

      2) Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдері, сондай-ақ Мемлекет басшысы осыған уәкілеттік берген өзге де лауазымды адамдар тапсыра алады.

      Наградталған адамға медальмен қоса белгіленген үлгідегі куәлік табыс етіледі.

      5. Мерекелік медальді тапсыру салтанатты жағдайда жүргізіледі және наградталушының жеке өзіне тапсырылады. Тапсыру алдында Қазақстан Республикасы Президентінің наградтау туралы Жарлығы жария етіледі.

      6. Мерекелік медаль кеуденің сол жағына тағылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары болған жағдайда олардан кейін орналасады.

      7. Мерекелік медальдің табыс етілгендігі туралы наградтауға арналған тізімге тиісті жазба жазылады.

      Табыс етілмеген медальдар мен олардың куәліктері қайтарылу себептері көрсетіле отырып, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Ордендер қоймасына қайтарылады, бұл туралы тізімдерге тиісті белгі қойылады.

      Жүргізілген наградтаулардың есебін, сондай-ақ мерекелік медальдардың тапсырылу барысы туралы есептілікті Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүргізеді.


  Қазақстан Республикасы
  Президентінің
  2016 жылғы 28 қыркүйектегі
  № 344 Жарлығымен
  Бекітілген

"Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалінің сипаттамасы

      "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалі (бұдан әрі — мерекелік медаль) диаметрі 34 мм дұрыс шеңбер нысанында болады.

      Мерекелік медальдің бет жағында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы логотипі орналасқан. Көгілдір эмальды сәулелі күн бейнесі бедерлі жылтыр рельефте бейнеленген. Төменгі бөлігінде қызыл түсті эмальда ұлттық ою бейнеленген.

      Мерекелік медальдің сыртқы бетінің ортаңғы бөлігінде "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" бедерлі жазуы орналасқан.

      Мерекелік медаль сары түсті металдан (жезден) дайындалады.

      Мерекелік медаль құлақша мен шығыршық арқылы ортасында тіке қызыл жолағы бар көгілдір түсті қатқыл лентамен қапталған ені 32 мм және биіктігі 50 мм болатын тағанға жалғанады.

      Мерекелік медаль киімге визорлы бекіткіші бар түйреуіш арқылы бекітіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады