"Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы" мемлекеттік мекемесінің кейбір мәселелері туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 4 қарашадағы № 369 Жарлығы.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Жарлықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 6-тармақтан қараңыз.

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы" мемлекеттік мекемесі оған "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайы" мемлекеттік мекемесін қосу арқылы қайта құрылсын.

      2. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер бекітілсін.

      3. Мынадай:

      1) "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайын құру туралы" 2004 жылғы 28 тамыздағы № 1431 (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 31, 420-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 28 тамыздағы № 1431 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 502 (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 50, 604-құжат) жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.

      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      6. Осы Жарлық, Музейді Ұлттық бизнес-сәйкестендіру тізілімінен алып тастаған күннен бастап қолданысқа енгізілетін осы Жарлықтың 2 және 3-тармақтарын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2016 жылғы 4 қарашадағы
№ 369 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін
ӨЗГЕРІСТЕР

      1. Күші жойылды – ҚР Президентінің 31.07.2023 № 290 Жарлығымен.
      2. Күші жойылды - ҚР Президентінің 05.05.2018 № 681 Жарлығымен.

      3. "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы" мемлекеттік мекемесінің кейбір мәселелері туралы 2014 жылғы 13 наурыздағы № 767 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 15, 124-құжат):

      3-тармақтағы "85" деген цифрлар "140" деген цифрларға ауыстырылсын;

      жоғарғы аталған Жарлықпен бекітілген "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы" мемлекеттік мекемесінің жарғысы осы өзгерістерге қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      4. "Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 150 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 70-71, 520-құжат):

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде:

      Мемлекеттік саяси лауазымдар деген 1-тарауда:

      "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің директоры, оның орынбасарлары" деген жол алып тасталсын.

      5. Күші жойылды – ҚР Президентінің 16.08.2017 № 532 Жарлығымен.

      6. "Мемлекеттік саяси қызметшілердің жұмысын бағалауды жүргізетін уәкілетті адамдардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 4 шілдедегі № 295 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 39, 230-құжат):

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік саяси қызметшілердің жұмысын бағалауды жүргізетін уәкілетті адамдардың тізбесінде:

      "

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің директоры Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының директоры "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры

Қазақстан Республикасының Президенті не оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы


      "

      деген жолдағы "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің директоры" деген сөздер алып тасталсын.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
кейбір жарлықтарына
енгізілетін өзгерістерге
ҚОСЫМША
  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы 13 наурыздағы
№ 767 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

"Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының
кітапханасы" мемлекеттік мекемесінің
ЖАРҒЫСЫ
1. Жалпы ережелер

      1. "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - мемлекеттік мекеме) мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес ұйым болып табылады.

      2. Мемлекеттік мекеменің түрі: республикалық.

      3. Мемлекеттік мекеме "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы" мемлекеттік мекемесінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 13 наурыздағы № 767 Жарлығымен құрылды.

      4. Мемлекеттік мекеменің құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Президенті болып табылады.

      5. Мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық жасайтын уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі болып табылады (бұдан әрі - уәкілетті орган).

      Мемлекеттік мекеменің мүлкіне қатысты республикалық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік меншік және жекешелендіру комитеті (бұдан әрі - мемлекеттік меншік жөніндегі уәкілетті орган) жүзеге асырады.

      6. Мемлекеттік мекеменің толық атауы:

      1) мемлекеттік тілде: "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы" мемлекеттік мекемесі;

      2) орыс тілінде: государственное учреждение "Библиотека Первого Президента Республики Казахстан - Лидера Нации".

      7. Мемлекеттік мекеменің орналасқан жері: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Есіл ауданы, 36 көшесі, 10 үй.

2. Мемлекеттік мекеменің заңдық мәртебесі

      8. Мемлекеттік мекеме мемлекеттік тіркелген сәтінен бастап құрылды деп есептеледі және заңды тұлға құқығына ие болады.

      9. Мемлекеттік мекеменің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзінің балансы, банктерде шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, мемлекеттік және орыс тілдерінде атауы жазылған белгіленген үлгідегі мөрлері, бланкілері мен мөртабандары болады.

      10. Мемлекеттік мекеме басқа заңды тұлға құра алмайды, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.

      11. Мемлекеттік мекеме өзінің міндеттемелері бойынша өзінің иелігіндегі ақшамен жауап береді. Мемлекеттік мекемеде ақша жеткіліксіз болған кезде оның міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасы субсидиарлық жауапты болады.

      12. Мемлекеттік мекеме жасайтын азаматтық-құқықтық мәмілелер Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық бөлімшесінде міндетті тіркелгенінен кейін күшіне енеді.

      13. Мемлекеттік мекеме өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Жарғыны басшылыққа алады.

3. Мемлекеттік мекеме қызметінің мәні, мақсаттары және түрлері

      14. Мемлекеттік мекеме қызметінің негізгі мәні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының жеке кітапханасының, жеке архивінің және музейінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету; Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының өміріне, мемлекеттік және қоғамдық қызметіне қатысты материалдарды жинақтау және зерделеу процесін ғылыми, әдістемелік және мәдениеттану тұрғысынан қамтамасыз ету, сондай-ақ оның жасампаздық-шығармашылық идеялары мен стратегиялық бастамаларын ел ішінде және шет елдерде ғылыми-талдамалық және ақпараттық-имидждік ілгерілету болып табылады.

      15. Мемлекеттік мекеме қызметінің мақсаттары:

      1) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы жеке кітапханасының, жеке архивінің және музейінің жұмыс істеуін ұйымдастыру;

      2) Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуының тарихын, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының осы процестегі жетекшілік рөлін, оның жасампаздық-шығармашылық идеялары мен стратегиялық бастамаларының мазмұнын зерделеу;

      3) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының жасампаздық-шығармашылық идеялары мен стратегиялық бастамаларын ақпараттық-имидждік өрістету;

      4) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының өміріне, мемлекеттік және қоғамдық қызметіне қатысты материалдарды кешенді түрде жинау, жүйелеу, сақтау, зерттеу және жұртшылыққа танымал ету негізінде тарихи-мәдени және әлеуметтік-саяси ақпаратты жинақтау мен зерделеу процесін мәдениеттану және ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету.

      16. Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекеттік мекеме мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:

      1) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының жеке кітапханасын, жеке архивін және музейін жасақтау, есепке алу, жүйелеу, толықтыру, сақтау және пайдаланылуын қамтамасыз ету;

      2) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының өмірі мен қызметі, оның өмірбаянының негізгі фактілері, қоғамдық және мемлекеттік қызметінің кезеңдері туралы, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы президенттік институттың қалыптасуы мен жетістіктері туралы жаңа білім алу мақсатында архив және музей жинақтарын зерделеу;

      3) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының қызметін кітапхана-библиографиялық, архивтік, ғылыми-талдамалық және ақпараттық-анықтамалық қамтамасыз ету;

      4) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының жеке кітапханасының, жеке архивінің және музейінің материалдарына халықтың қолжетімділігін қамтамасыз ету;

      5) кітапхана, архив және музей қорларының негізінде шетелдерде көрмелер өткізу, сондай-ақ шет елдердің көрмелерін қабылдау әрі ұйымдастыру;

      6) музей экспозициялары мен көрмелерін ғылыми жобалау мен ұйымдастыру, қорларды ғылыми өңдеу, кітапхана, архив және музей қызметтері басты бағыттарының ғылыми тұжырымдамаларын әзірлеу;

      7) келушілердің түрлі санаттарымен экскурсиялар, дәрістер, семинарлар, үйірмелер оқулары мен басқа да іс-шаралар өткізу;

      8) мынадай нысандарды: жинау жұмыстарын жүргізуді, музейлік мәні бар заттар сатып алуды, заттарды тұрақты сақтауға қайтарымсыз беруді қамтитын музей жинақтарын жасақтауды жүзеге асыру;

      9) музей қорының мемлекеттік есебін қамтамасыз ету және оны Қазақстан Республикасы музей қорына қосу үшін ғылыми жұмыс жүргізу, музей құндылықтарын заңдық және күзет тұрғысынан сақтауды қамтамасыз ету;

      10) елдің ұлттық мәдени игілігін жинау, сақтау, зерделеу және пайдалану процесін материалдық-техникалық, технологиялық, ұйымдастырушылық, қаржылық, ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуге қатысу;

      11) мемлекеттік мекеменің зерттеу және насихаттау қызметінің құжаттық базасын әдістемелік, ғылыми-әдістемелік, ақпараттық-технологиялық қамтамасыз ету;

      12) мемлекеттік мекеменің ғылыми-зерттеу, әдістемелік және қалпына келтіру қызметінің нәтижелерін насихаттау мен тарату;

      13) кітапхана, архив және музей материалдарын бүлінуден, бұзылудан, ұрланудан сақтауға кепілдік беретін, олардың толық сақталуын қамтамасыз ететін жағдай және сақтаудың ұтымды жүйесін жасау;

      14) кітапхана, архив және музей материалдарын қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асыру;

      15) кітапхана, архив және музей қорлары бойынша ғылыми-анықтамалық аппарат әзірлеу және дамыту, сондай-ақ оларды қоғамдық пайдалану үшін жағдай туғызу;

      16) Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуының тарихын, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының егемен Қазақстанның дамуына үлесін, оның жасампаздық-шығармашылық идеялары мен стратегиялық бастамалары тұрғысындағы ішкі және сыртқы саясаттың өзекті мәселелерін ғылыми-зерттеу және сараптамалық-талдау жұмысын ұйымдастыру, оның ішінде мемлекеттік мекеменің қызмет бейіні бойынша әлеуметтанушылық сауалнамалар жүргізу, талдамалық шолулар жасау;

      17) тиісті ғылыми-зерттеу, ғылыми-әдістемелік, сараптамалық-талдамалық және публицистикалық әдебиетті, оның ішінде каталогтар, жол көрсеткіштер, анықтамалықтар, альбомдар, ғылыми еңбектер жинағын әзірлеу, шығару, тарату, сараптауды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының өмірі мен қызметін, оның жасампаздық-шығармашылық идеялары мен бастамаларын жария көрсету жөніндегі ақпараттық-имидждік жұмысты ұйымдастыру;

      18) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының жасампаздық-шығармашылық идеялары мен стратегиялық бастамаларын ілгерілетуге арналған үндесу-сараптамалық алаңын қалыптастыру, Қазақстан Республикасында және шет елдерде тақырыптық ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференциялар, симпозиумдар, конгрестер, семинарлар, тренингтер, дөңгелек үстелдер, сараптамалық клубтардың отырыстарын, әлеуметтік маңызды іс-шаралар, көрмелер ұйымдастыру және оларды өткізуге қатысу;

      19) мемлекеттік мекеме қызметінің бейіні бойынша шетелдік және халықаралық ұйымдармен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының жаһандық идеялары мен стратегиялық бастамаларын түсіндіру мен ілгерілетуге бағытталған ынтымақтастық, оның ішінде отандық және шетелдік ұйымдардың ғылыми және мәдени бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыруға қатысу;

      20) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік ғылыми бағдарламаларды, жобаларды іске асыруға, сондай-ақ гранттар беру жөніндегі қызметке қатысу;

      21) мемлекеттік мекеме қызметінің бейіні бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының қатысуымен өтетін іс-шараларды ұйымдастыруға қатысу;

      22) мемлекеттік мекеме қызметінің бейініне сәйкес, мәдениет аясында, сондай-ақ білім беру, тәрбиелеушілік және гуманитарлық саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға, оның ішінде білім берудің барлық деңгейлеріне арналған білім беру мен тәрбиелеу бағдарламаларын, жекелеген дәрістер мен семинарлар әзірлеу арқылы қатысу;

      23) мемлекеттік мекеменің мақсаттары мен міндеттерін іске асыру үшін Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғаларын, шетелдік және халықаралық ұйымдарды, шетел азаматтарын, оның ішінде гранттар мен стипендиялар бөлу арқылы да қолдау;

      24) мемлекеттік мекеме қызметінің бейіні бойынша түрлі салалар мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру бойынша іс-шараларды ұйымдастыру.

      Мемлекеттік мекеме қызметін жүзеге асыру кезінде:

      1) бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастықта болады;

      2) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының тапсырмасы бойынша халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіреді;

      3) өзінің жарғылық қызметінің шегінде сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асырады;

      4) өзінің жарғылық қызметінің шегінде валюталық операцияларды жүзеге асырады;

      5) шарт негізінде мемлекеттік мекеме қызметкерлерін отандық және шетелдік ғылыми-зерттеу, білім беру ұйымдарына тағылымдамадан өтуге, кәсіби біліктілігін арттыруға және оқуға жібереді;

      6) кез келген ұйым мен жеке адамдардан шарт негізінде кітапханалық, архивтік және музейлік заттар мен құжаттарды сатып алады;

      7) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сай келетін және мемлекеттік мекеменің Жарғысына қайшы келмейтін өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады және мәмілелер жасайды.

      17. Мемлекеттік мекеме Жарғыда бекітілген өз қызметінің мәні мен мақсаттарына сай келмейтін қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.

      18. Мемлекеттік мекеменің қызмет мақсаттарына қайшы, белгілі түрде Қазақстан Республикасының заңдарымен немесе құрылтай құжаттарымен шектелген не басшының жарғылық құзыретін бұза отырып жасаған мәмілесі уәкілетті органның немесе мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның не прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.

      19. Басшының және ол болмаған кезде оның міндетін атқарушы адамның мемлекеттік мекеменің жарғылық емес қызметті жүзеге асыруына бағытталған іс-әрекеті еңбек міндеттемелерін бұзу болып табылады және тәртіптік, материалдық және өзге де жауаптылыққа әкеледі.

4. Мемлекеттік мекемені басқару

      20. Мемлекеттік мекемені жалпы басқаруды уәкілетті орган жүзеге асырады.

      21. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) мемлекеттік мекемеге мүлікті бекітіп береді;

      2) мемлекеттік мекеменің бюджеттік бағдарламасын және жеке қаржыландыру жоспарын бекітеді;

      3) мемлекеттік мекеме мүлкінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады және мемлекеттік мекемені қамтамасыз етудің заттай нормаларын бекітіп береді;

      4) мемлекеттік мекеменің басқару органдарының құрылымын, құрылу тәртібі мен өкілеттік мерзімін, мемлекеттік мекеменің шешімдер қабылдау тәртібін айқындайды;

      5) мемлекеттік мекеме директорының (бұдан әрі — директор) құқықтарын, міндеттерін, жауапкершілігін айқындайды;

      6) мемлекеттік мекеменің құрылымын, азаматтық қызметшілердің лауазымдарының тізілімін және штат кестесін бекітеді;

      7) жылдық қаржылық есептілікті бекітеді;

      8) мемлекеттік мекемеде ішкі аудитті жүзеге асырады;

      9) мемлекеттік мекемеге берілген немесе өзінің шаруашылық қызмет нәтижесінде сатып алған мүлікті алып қоюға немесе қайта бөлуге мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға келісім береді;

      10) мемлекеттік мекеменің филиалдар мен өкілдіктер құруына келісім береді;

      11) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша республикалық мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;

      12) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      22. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесі бастығының ұсынуы бойынша директорды лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

      23. Директор мемлекеттік мекеменің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне тікелей бағынады және өз функцияларын жүзеге асыруына және мемлекеттік мекемеге жүктелген міндеттерді орындауға дербес жауапты болады.

      24. Директор дара басшылық қағидатымен әрекет етеді және мемлекеттік мекеме қызметінің мәселелерін Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Жарғыда айқындалатын құзыретіне сәйкес жеке өзі шешеді.

      25. Мемлекеттік мекеменің қызметін жүзеге асыру кезінде директор заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) мемлекеттік мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      2) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда мемлекеттік мекеменің мүддесін білдіреді;

      3) шарттар жасасады;

      4) сенімхаттар береді;

      5) іссапарлар, тағылымдамалар, қызметкерлерді қазақстандық және шетелдік оқу орталықтарында оқыту және қызметкерлердің біліктілігін арттырудың өзге де түрлері бойынша мемлекеттік мекеменің тәртібі мен жоспарларын бекітеді;

      6) банк шоттарын ашады;

      7) мемлекеттік мекеменің барлық қызметкерлері үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      8) уәкілетті органның келісімімен атқарушы директорды, өз орынбасарлары мен бас бухгалтерді лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      9) штат кестесіне сәйкес мемлекеттік мекеме қызметкерлерін жұмысқа қабылдауды және атқаратын қызметінен босатуды жүзеге асырады;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне көтермелеу шараларын қабылдайды және оларға тәртіптік жазалар қолданады;

      11) атқарушы директордың, өз орынбасарларының және мемлекеттік мекеменің өзге де басшы қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктері аясын айқындайды;

      12) өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасымен және осы Жарғымен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

5. Мемлекеттік мекеменің мүлкін құрау және оның қызметін
қаржыландыру тәртібі

      26. Мемлекеттік мекеме мүлкін құны оның балансында көрсетілетін активтер құрайды. Мемлекеттік мекеменің мүлкі:

      1) өзіне меншік иесі берген мүлік;

      2) өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда);

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      27. Мемлекеттік мекеме өзіне бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жобасы бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе өзгеше тәсілмен иелік етуге құқылы емес.

      28. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік мекемеге табыс әкелетін қызметті жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мынадай салаларда өндірілген тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түскен ақшаға билік ету құқығы берілген:

      1) тасығыштардың, нысандардың, стандарттардың барлық түрлерінен көшірмелер әзірлеу және оларды өңдеу;

      2) мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған материалдар әзірлеу;

      3) көрмелер, семинарлар, конференциялар, кеңестер, симпозиумдар, тренинггер, дөңгелек үстелдер, конгрестер ұйымдастыру және өткізу;

      4) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы кітаптарға, оқу-әдістемелік әдебиетке және өзге де материалдарға сараптама жасау;

      5) кітаптарды, ғылыми-зерттеушілік, ғылыми-әдістемелік, талдамалық және публицистикалық әдебиетті басып шығару және тарату;

      6) мемлекеттік мекеме әзірлемелері мен зерттеулерінің нәтижелерін тарату;

      7) зерттеу жұмыстарын жүргізу, консультациялық қызметтерді жүзеге асыру.

      29. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында қосымша қаржыландыру көзі белгіленбесе, мемлекеттік мекеменің қызметін уәкілетті орган республикалық бюджеттен қаржыландырады.

      30. Мемлекеттік мекеме бухгалтерлік есеп жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есептілік ұсынады.

      31. Мемлекеттік мекеменің қаржылық-шаруашылық қызметін тексеруді және ревизияны заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті орган жүзеге асырады.

      32. Мемлекеттік мекеменің заңнамалық актілерге сәйкес заңды және жеке тұлғалардан гранттар, демеушілік және қайырымдылық көмек түрінде қаражат алуға құқығы бар.

6. Мемлекеттік мекемедегі жұмыс режимі

      33. Мемлекеттік мекеменің жұмыс режимі ішкі еңбек тәртібінің қағидаларымен белгіленеді және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.

7. Құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі

      34. Мемлекеттік мекеменің Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен жүргізіледі.

      35. Мемлекеттік мекеменің Жарғысына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркеледі.

8. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату шарттары

      36. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасы Президентінің шешіміне сәйкес жүзеге асырылады.

9. Мемлекеттік мекеменің филиалдары мен өкілдіктері туралы мәліметтер

      37. Мемлекеттік мекеменің Қазақстан Республикасының аумағында және шет мемлекеттерде филиалдары мен өкілдіктері болуына құқығы бар.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады