Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 23 қарашадағы № 376 Жарлығы

Қазақстан Республикасы     
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс  

      «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Жақып Қажманұлы Асановқа Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің     
2016 жылғы 23 қарашадағы
№ 376 Жарлығымен   
МАҚҰЛДАНҒАН      

Жоба

Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы
қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі
      екі мемлекет арасында егемендікті құрметтеу, теңдік пен өзара мүдделік негізінде қылмыстылықпен күрес саласында тиімді өзара іс-қимыл жасауға ықпал етуге ниет білдіре отырып,
      қылмыстық істер бойынша өзара көмекке ауқымды шаралармен жәрдемдесу қажеттігін мойындай отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Көмек көрсету саласы

      1. Осы Келісімге сәйкес Тараптар қылмыстық істер бойынша тергеулер, қылмыстық қудалау және сот талқылауын жүргізуде бір-біріне көмек көрсетеді.
      2. Мұндай құқықтық көмек мыналардың кез келгенін:
      а) адамның тұрған жерін анықтауды және жеке басын айқындауды;
      b) қылмыстық талқылауға жататын құжаттар мен материалдарды тапсыруды;
      с) Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына өз еркімен келу үшін куәлардың, жәбірленушілердің және сарапшылардың келісімін алуды;
      d) дәлелдемелік маңызы бар құжаттарды, материалдар мен заттарды алуды және ұсынуды;
      е) куәлардан, жәбірленушілерден және сарапшылардан жауап алулар жүргізуді және өтініштер алуды;
      f) күзетпен ұсталып отырған адамдардың келісімін алғаннан кейін олардың айғақтарын алу үшін немесе Сұрау салушы Тарапқа тергеуге көмек көрсету үшін оларды уақытша беруді;
      g) сот сараптамаларын жүргізуді, құжаттарды немесе заттарды қарап-тексеруді;
      h) тінтулерді жүзеге асыруды, дәлелдемелерді алып қоюды, активтерге тыйым салуды;
      і) ұлттық заңнама бойынша ақпарат алмасуды;
      j) осы баптың 3-тармағында көзделгеннен басқа, Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін кез келген басқа да құқықтық көмек алуды қамтиды.
      3. Осы Келісім:
      а) адамдарды қамаққа алуға арналған шешімдерді орындауға және адамның жеке бостандығын шектейтін басқа да шараларға;
      b) адамдарды ұстап беруге;
      с) жазасын өтеу мақсаты үшін сотталған адамдарды беруге; және
      d) қылмыстық талқылауды беруге қатысты қолданылмайды.

2-бап
Қосарлы юрисдикция

      Құқықтық көмек туралы сұрау салу тінтулерді жүзеге асыруға, алып қоюға, активтерге тыйым салуға және адамның негізгі құқықтарын қозғайтын басқа да іс-шараларға қатысты болатын жағдайлардан басқа кезде құқықтық көмек көрсету екі Тарап арасында тиісті іс-әрекетті қылмыс ретінде екіжақты мойындауды талап етпейді.

3-бап
Құқықтық көмек көрсетуден бас тарту немесе оны кейінге қалдыру

      1. Сұрау салынатын Тарап, егер:
      а) сұрау салуды орындау өзінің ұлттық заңнамасына немесе осы Келісімнің ережелеріне қайшы келетін болса;
      b) соған қатысты сұрау салу келіп түсіп отырған қылмыс Сұрау салушы Тарапта Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында тыйым салынған жаза түрімен жазаланатын болса;
      с) сұрау салу адамның нәсілдік тиесілігі, жынысы, діни нанымы, ұлттық немесе саяси сенімдері себептерінен оған қарсы қылмыстық қудалау, жазалау немесе басқа да әрекет түрлерімен ықпал ету мақсатында не осы адамды кемсітудің кез келген нысанына тарту ниетімен бағытталса немесе осы адамның жағдайына бұл себептердің кез келгені бойынша нұқсан келтірілуі мүмкін деп пайымдауға дәйекті негіздер бар болса;
      d) Сұрау салынатын Тарапта сұрау салуда көрсетілген қылмыс үшін нақ сол адамға қатысты қылмыстық талқылау басталса немесе түпкілікті сот шешімі шығарылса;
      е) сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін болса не оның ұлттық заңнамасының іргелі қағидаттарымен қайшылықтар туғызуға себеп болуы мүмкін болса, сұратылатын құқықтық көмек көрсетуден толық не ішінара бас тартады.
      2. Сұрау салынатын Тарап, егер сұрау салуды орындау оның аумағында жүргізіліп жатқан қылмыстық талқылауға кедергі келтіретін болса, оны орындауды кейінге қалдыра алады.
      3. Көмек көрсетуден бас тартудан бұрын Тараптар белгілі бір шарттар сақталған кезде көмек көрсетіле алатынына немесе алмайтынына  қатысты консультация алуға тиіс. Егер Сұрау салушы Тарап көмекті осы шарттармен қабылдаса, онда ол оларды сақтауға тиіс.
      4. Сұрау салынатын Тарап құқықтық көмек көрсетуден бас тартса немесе оны кейінге қалдырса, ол Сұрау салушы Тарапты мұндай бас тарту немесе кейінге қалдыру себептері туралы жазбаша түрде хабардар етеді.

4-бап
Орталық орган

      1. Қазақстан Республикасы үшін Бас прокуратура орталық орган болып табылады. Иордан Хашимит Корольдігі үшін Әділет министрлігі орталық орган болып табылады. Өздерінің орталық органдарының атаулары өзгерген немесе олардың функциялары басқа мемлекеттік органдарға берілген жағдайда, Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
      2. Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптар айқындаған орталық органдар бір-бірімен тікелей не дипломатиялық арналар арқылы өзара іс-қимыл жасайды.

5-бап
Сұрау салудың нысаны мен мазмұны

      1. Сұрау салу жазбаша нысанда жасалып, оған уәкілетті лауазымды адам қол қояды және Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының мөрімен расталады.
      2. Сұрау салуда мыналар:
      а) тергеу, қылмыстық қудалау және сот талқылауын жүргізетін құзыретті органның атауы;
      b) қылмыстың жасалған уақыты мен жері көрсетілген қылмыс фактілерінің сипаттамасы;
      с) қылмыстық жауаптылықтың ескеру мерзімдері туралы ережелерді қоса алғанда, ұлттық заңнаманың қолданылатын ережелерін және құқықтық көмек сұратылып отырған қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін қылмыстық заңнамадан үзінді көшірме;
      d) сұратылып отырған көмектің сипаттамасы;
      е) сұрау салуды орындаудың күтілетін уақыт кезеңі;
      f) осы Келісімнің 6-бабының 3-тармағына сәйкес сұрау салуды орындау кезінде қатысуы қажет адамдар туралы ақпарат;
      g) осы Келісімнің 10-бабына сәйкес дәлелдемелер алу мақсатында Сұрау салушы Тараптың аумағына келу үшін шақыртылған адамның алуға құқығы бар төлемдер мен шығыстардың өтемақылары туралы ақпарат;
      h) осы Келісімнің 12-бабының 5-тармағында көзделген бейнеконференция арқылы айғақтар алу үшін қажетті ақпарат қамтылуға тиіс.
      3. Сұрау салу қажеттілігіне қарай мыналарды да:
      а) өздеріне қатысты тергеу жүргізіліп жатқан адамдар туралы ақпаратты;
      b) танылуға тиіс немесе оның тұрған жері анықталуға тиіс адам туралы ақпаратты;
      с) құжатты табыс ету жүргізілуге тиіс адамның жеке басы және тұратын жері туралы ақпаратты, сондай-ақ ол жүргізілуге тиіс тәсілді;
      d) айғақ беруге немесе мәлімдеме жасауға тиіс адамның жеке басы және тұрғылықты жері туралы ақпаратты;
      е) қарап-тексерілуге тиіс орынның немесе заттың орналасқан жері мен сипаттамасын;
      f) тінту жүргізілуі қажет орынның және алып қойылуы немесе тыйым салынуы қажет заттардың орналасқан жері мен сипаттамасын;
      g) сұрау салуды орындау үшін талап етілетін кез келген арнайы рәсімді және ол үшін тиісті себептерді;
      h) сақталуы талап етілетін құпиялылық дәрежесін және ол үшін тиісті негіздемені;
      i) сұрау салуды орындауға ықпал ете алатын кез келген басқа да ақпаратты қамтиды.
      4. Сұрау салуға тиісті түрде расталған, қажет болған жағдайларда Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен санкция берілген процестік әрекеттерді немесе жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы шешімдер қоса беріледі.
      5. Егер Сұрау салынатын Тарап сұрау салуда қамтылған ақпаратты оны орындау үшін жеткіліксіз деп санаса, ол қосымша ақпаратты сұратуға құқылы.
      6. Осы бапқа сәйкес жіберілетін сұрау салу және растау құжаттары Сұрау салушы Тараптың тілінде жасалады және Сұрау салынатын Тараптың ресми тіліне аудармасы қоса беріледі.
      7. Жіберілген сұрау салу электрондық байланыс құралдары арқылы берілуі мүмкін. Мұндай жағдайларда сұрау салудың түпнұсқасы келесі отыз (30) тәулік ішінде келіп түсуге тиіс.

6-бап
Сұрау салуды орындау

      1. Көмек туралы сұрау салу Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына және осы Келісімге сәйкес орындалады.
      2. Сұрау салынатын Тарап өтінішхат бойынша, егер бұл оның ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, сұрау салуды Сұрау салушы Тарап белгілеген тәртіпке сәйкес орындайды.
      3. Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес сұрау салуда көрсетілген лауазымды адамдарға оның орындалуы кезінде қатысуға рұқсат беруге құқылы. Осы мақсатта Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа сұрау салуды орындау күнін, уақыты мен жерін хабарлайды.
      4. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа сұрау салуды орындау нәтижелері туралы хабарлайды.
      5. Сұрау салынатын Тарап сұрау салудың орындалуын елеулі түрде кідіртуге алып келуі мүмкін мән-жайлар туралы Сұрау салынатын Тарапқа белгілі болған сәтте Сұрау салушы Тарапқа дереу ақпарат береді.
      6. Егер Сұрау салынатын Тарап көмекті толық немесе ішінара көрсете алмаса, ол Сұрау салушы Тарапқа бұл туралы дереу ақпарат береді.
      7. Егер өзіне қатысты сұрау салу орындалуға тиіс адам оны орындағанға дейін Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес иммунитетке, артықшылықтарға немесе әрекетке қабілетсіздігіне сілтеме жасаса, оның тиісті шешімді қабылдауы үшін бұл туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарланады.

7-бап
Адамдарды іздестіру

      Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес сұрау салуда көрсетілген және оның аумағында жүр деп болжамдалған адамдарды табу үшін барлық ықтимал шараларды қолданады және нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа ақпарат береді.

8-бап
Құжаттарды табыс ету

      1. Сұрау салынатын Тарап өзіне Сұрау салушы Тарап осы мақсаттарда жіберген құжаттарды табыс етеді.
      2. Сұрау салынатын Тарап құжаттарды табыс еткеннен кейін Сұрау салушы Тарапқа жеткізілген күнін, уақытын, орны мен тәсілін, сондай-ақ құжаттар табыс етілген адам туралы мәліметтерді көрсете отырып, табыс етуді жүзеге асырған лауазымды адамның қолы қойылған немесе органның мөрі басылған табыс ету туралы растауды жібереді. Егер табыс ету жүргізілмесе, Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапты бұл туралы хабардар етеді және табыс етілмеудің себептері туралы хабарлайды.
      3. Адамның келуін көздейтін құжатты табыс етуге сұрау салу Сұрау салынатын Тарапқа мұндай келудің күніне дейін кемінде алпыс (60) тәулік бұрын жасалуға тиіс. Шұғыл жағдайларда Сұрау салынатын Тарап осы талаптан бас тарта алады.
      4. Келмей қалған жағдайда Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына шақыруда және жолданатын құжаттарда қандай да бір мәжбүрлеу шараларын қолдану қаупі болмауға тиіс.

9-бап
Сұрау салынатын Тарапта дәлелдемелер алу

      1. Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес куәлардан, жәбірленушілерден, тергеудегі, қамаққа алынған адамдардан, сарапшылардан немесе басқа да адамдардан дәлелдемелер алуды жүзеге асырады, сондай-ақ сұрау салуда көрсетілген материалдарды, құжаттарды және кез келген басқа да дәлелдемелерді алады және оларды Сұрау салушы Тарапқа береді.
      2. Сұрау салынатын Тарап осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдардан дәлелдемелер алу үшін іс-шараларды өткізу күні, орны және уақыты туралы Сұрау салушы Тарапты хабардар етеді. Осы Келісімнің 6-бабының 3-тармағында көзделген мақсаттар үшін қажет болған жағдайда Тараптардың Орталық органдары екі Тарапқа да қолайлы күнді белгілеу үшін өзара консультация өткізеді.
      3. Дәлелдемелер беру үшін шақыртылған адам Сұрау салынатын Тараптың немесе Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасы осыған жол берген жағдайда, мұндай дәлелдемелерді беруден бас тартуға құқылы. Осы мақсатта Сұрау салушы Тарап бұл туралы сұрау салуда ескертеді.
      4. Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген және Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін әр жағдайда Сұрау салынатын Тарап айғақтар беру немесе дәлелдемелер ұсыну үшін шақыртылған адамның адвокатының қатысуына рұқсат береді.

10-бап
Сұрау салушы Тарапта айғақтар алу

      1. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша куәгер, жәбірленуші ретінде жауап алу мақсатында не сарапшы ретінде тыңдау үшін немесе басқа талқылауларда көмек көрсету үшін адамды Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына келуге шақырады. Сұрау салынатын Тарап көрсетілген адамның келу мүмкіндігі туралы Сұрау салушы Тарапты хабардар етеді.
      2. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа Сұрау салушы Тараптың аумағындағы құзыретті органға келуге шақыру туралы хабарламаны табыс ету туралы сұрау салуды Сұрау салынатын Тарап неғұрлым қысқа мерзімге келіскен шұғыл жағдайлардан басқа, келу үшін белгіленген күнге дейінгі алпыс (60) тәуліктен кешіктірмей береді.
      3. Сұрау салушы Тарап сұрау салуда айғақтар беру үшін Сұрау салушы Тараптың аумағына келуге шақыртылған адамның алуға құқығы бар төлемдер мен шығыстар өтемақыларының мөлшерін көрсетеді.

11-бап
Кепілдіктер және арнайы қағидалар

      1. Адам осы Келісімнің 10-бабына сәйкес жасалған сұрау салуға сәйкес Сұрау салушы Тараптың аумағында болғанда:
      а) бұл адам Сұрау салушы Тараптың аумағына келгенге дейін жасалған әрекеті үшін Сұрау салушы Тараптың аумағында ұсталмайды, қудаланбайды, жазаланбайды немесе жеке бас бостандығы қандай да бір өзгеше шектелмейді немесе Сұрау салушы Тараптың аумағында кез келген талқылауларға тартылмайды;
      b) бұл адам сұрау салуға қатысы бар талқылаудан немесе тергеп-тексеруден басқа, өзінің келісімінсіз кез келген сот талқылауы барысында айғақтар беруге немесе кез келген тергеп-тексеруге көмек көрсетуге міндетті емес.
      2. Осы баптың 1-тармағы, егер бұл адам:
      а) осы адамның болуы бұдан әрі қажет етілмейтіндігі туралы ресми түрде хабардар етілген кезден бастап он бес (15) тәулік ішінде Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетпесе, қолданылуын тоқтатады. Егер осы адам өзіне байланысты емес себептермен Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетпеген болса, бұл мерзім қолданылмайды;
      b) Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп, өз еркімен қайтып оралса, қолданылуын тоқтатады.
      3. Адам осы Келісімнің 9 немесе 10-баптарына сәйкес дәлелдемелер беруден немесе тергеп-тексеру жүргізуге көмек көрсетуден бас тартқаны үшін қандай да бір жазалануға немесе жеке бас бостандығын міндетті түрде шектеуге жатпайды, оның келмеуі немесе бас тартуы салдарынан Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына мәжбүрлеп жеткізілмеуге тиіс. Осындай жағдайларда тиісті сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген өзге де шаралар қолданылуы мүмкін.

12-бап
Іс-шараларды бейнеконференция арқылы өткізу

      1. Егер Сұрау салынатын Тараптың аумағында болатын адамнан Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдары куә, жәбірленуші немесе сарапшы ретінде жауап алуға тиіс болса, соңғысы, егер оның аумағына адамның өз еркімен келуі қолайсыз болса немесе мүмкін болмаса, жауап алуды екі Тараптың да ұлттық заңнамасының және осы баптың ережелеріне сәйкес бейнеконференция арқылы жүргізу туралы өтініш білдіре алады.
      2. Сұрау салынатын Тарап процестік әрекеттерді бейнеконференция арқылы жүргізуге рұқсатты осы Тарапта оны жүзеге асыру үшін техникалық құралдар бар болған жағдайда береді.
      3. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы адамды келуге өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес шақырады.
      4. Бейнеконференция арқылы процестік әрекеттерді жүргізуге қатысты мынадай ережелер қолданылады:
      а) екі Тараптың да құзыретті органдары айғақтар алу барысына қатысады және, егер қажет болса, аударма жасалуына жәрдемдеседі. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы келген адамның жеке басын анықтауды жүргізеді және бұл іс-шараның өз ұлттық заңнамасына сәйкес жүргізіліп жатқанына көз жеткізеді. Егер Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы айғақтар алу барысында өз ұлттық заңнамасының негіз қалаушы қағидаттары сақталмай отыр деп санаса, ол іс-шараның аталған қағидаттарға сәйкес жүргізілуі үшін қажетті шараларды дереу қабылдайды;
      b) екі Тараптың да құзыретті органдары, егер бұл қажет болса, шақыртылған адамды қорғау жөніндегі шараларды бірлесіп келіседі;
      с) жауап алу үшін шақыртылған адам, егер Сұрау салынатын Тараптың немесе Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасы бұған жол берсе, айғақтар беруден бас тартуға құқылы.
      5. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы процестік әрекет аяқталғаннан кейін хаттама жасайды, онда оның жүргізілген күні мен жері, келген адамның жеке басы туралы мәліметтер, іс-шараға қатысқан өзге де адамдардың жеке басы және олардың кімдер ретінде келгені туралы мәліметтер, сондай-ақ айғақтар алу немесе басқа да процестік әрекеттер жүзеге асырылған кездегі техникалық шарттар көрсетіледі. Жоғарыда көрсетілген актінің түпнұсқасы Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына жіберіледі.
      6. Сұрау салынатын Тарап толық не ішінара өтеуді талап етпейтін жағдайлардан басқа, Сұрау салынатын Тараптың бейнеконференцияны жүргізу нәтижесінде көтерген шығыстарын Сұрау салушы Тарап өтейді.
      7. Сұрау салынатын Тарап бейнеконференция технологияларын адамдар мен заттарды тануды, сондай-ақ беттестіруді қоса алғанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілгеннен ерекшеленетін мақсаттарда да пайдалануға рұқсат етуге құқылы.

13-бап
Күзетпен ұсталып отырған адамдарды уақытша беру

      1. Сұрау салынатын Тарап күзетпен ұсталып отырған адамды сұрау салу бойынша Сұрау салушы Тарапқа жауап алу, дәлелдемелер ұсыну немесе басқа да талқылауларға қатысу үшін құзыретті органға келу үшін жоғарыда аталған адам осыған келісім берген және Тараптар арасында беру және оның шарттары туралы жазбаша келісімге бұрын қол жеткізілген жағдайда уақытша беруге құқылы.
      2. Адамды уақытша беру, егер:
      а) бұл Сұрау салынатын Тарапта аталған адамға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеруге немесе қылмыстық қудалауға кедергі келтірмеген;
      b) берілетін адам Сұрау салушы Тарапта күзетпен ұсталып отырған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін.
      3. Сұрау салушы Тараптың аумағында күзетпен ұстауда өткен уақыт Сұрау салынатын Тарапта шығарылған үкімді орындау мерзіміне есептеледі.
      4. Күзетпен ұсталып отырған адамды уақытша беруді жүзеге асыру үшін үшінші мемлекеттің аумағы арқылы транзиттеу қажет болған жағдайларда, Сұрау салушы Тарап үшінші мемлекеттің құзыретті органына транзит туралы сұрау салуды жібереді және Сұрау салынатын Тарапқа тиісті құжаттаманы жібере отырып, жоғарыда аталған сұрау салудың қаралу қорытындысы туралы күні бұрын хабардар етеді.
      5. Сұрау салушы Тарап берілген адамды осы баптың 1-тармағында көрсетілген іс-шаралар аяқталғаннан кейін не Тараптар келіскен кез келген басқа мерзім аяқталғаннан кейін Сұрау салынатын Тарапқа сұрау салусыз қайтарады.
      6. Осы бапқа сәйкес уақытша берілетін адамға осы Келісімнің 11-бабында көрсетілген кепілдіктер олардың қолданылуына қарай беріледі.

14-бап
Жәбірленушілерді, куәларды және басқа да адамдарды қорғау

      Қажет болғанда немесе объективті тергеп-тексеруді және сот төрелігін дұрыс іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында екі Тарап та жәбірленушілерді, куәларды және қылмыстық процеске қатысатын басқа да адамдарды қылмыстарға және сұрау салынатын көмекке қатысты қорғау үшін өздерінің ұлттық заңнамасында көзделген шараларды қолданады.

15-бап
Ресми немесе жалпыға қолжетімді құжаттарды ұсыну

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша Сұрау салушы Тарапқа мемлекеттік мекемелерден немесе қоғамдық ұйымдардан жұртшылыққа қолжетімді материалдардың немесе құжаттардың көшірмелерін ұсынады.
      2. Сұрау салынатын Тарап жұртшылыққа қолжетімді емес кез келген ресми құжаттардың немесе материалдардың көшірмелерін өзінің сот немесе құқық қорғау органдарына осы құжаттар немесе материалдар қолжетімді болатындай шарттарда ұсынуға құқылы.
      3. Мұндай көшірмелерді Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы растауға тиіс.

16-бап
Құжаттарды, материалдарды немесе заттарды ұсыну

      1. Сұрау салу осы Келісімнің 15-бабында көрсетілгеннен басқа құжаттарды, материалдарды немесе заттарды беруге қатысты болса, Сұрау салынатын Тарап олардың көшірмелерін бере алады. Сонымен бірге, Сұрау салушы Тарап түпнұсқаларды беру туралы өтініш білдірген жағдайда, Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды мүмкіндігіне қарай орындайды.
      2. Сұрау салушы Тарапқа берілген құжаттардың және материалдардың түпнұсқалары, сондай-ақ заттар әрбір жағдайда алғашқы мүмкіндік туындаған кезде Сұрау салынатын Тарапқа қайтарылады.

17-бап
Тінту және алып қою

      1. Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Сұрау салушы Тарапқа тінтуге, заттарды алып қоюға және жеткізуге сұрау салуларды ұсынылған ақпараттың мұндай әрекеттерді Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес негіздеуге жеткілікті болатындай шарттарда жүзеге асырады.
      2. Сұрау салынатын Тарап кез келген тінтудің нәтижесіне, алып қою орнына, алып қоюдың мән-жайларына және алып қойылған заттардың бұдан әрі сақталуына қатысты Сұрау салушы Тарапқа қажет болуы мүмкін ақпаратты береді.
      3. Сұрау салушы Тарап Сұрау салушы Тарапқа жеткізілетін кез келген алып қойылған затқа қатысты Сұрау салынатын Тарап талап ететін барлық шарттарды сақтайды.
      4. Осы бапты қолданған кезде Сұрау салынатын Тараптың немесе үшінші тараптардың алып қойылған заттарға қатысты кез келген құқықтары сақталады.

18-бап
Қылмыс қарулары

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша қылмыстан түсетін қандай да бір кірістердің немесе қылмыс қаруларының өзінің юрисдикциясы шегінде болатын-болмайтынын анықтауға тырысады және Сұрау салушы Тарапты өзінің тергеп-тексерулерінің нәтижелері туралы хабардар етеді. Сұрау салуды жіберу кезінде Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапты оған сәйкес мұндай кірістер немесе қарулар оның юрисдикция шегінде болуы мүмкін негіздер туралы хабардар етеді.
      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес болжамданған қылмыс кірістері немесе қарулары табылған жағдайларда, Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша кез келген Тараптың құзыретті органы соларға қатысты түпкілікті шешім қабылдағанға дейін Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы тыйым салу немесе тоқтатып қою туралы шығарған шешімді орындау жөнінде шаралар қолданады немесе кез келген операцияларды, осы болжамданған қылмыс кірістерін немесе қаруларын беруді немесе жоюды болғызбау үшін өзінің ұлттық заңнамасында рұқсат етілетін осындай шаралар қолданады.
      3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес жасалған сұрау салуды орындау үшін Сұрау салынатын Тарап активтерді бақылап отыруға, қаржылық мәмілелерді тергеп-тексеруге, сондай-ақ қылмыстан түсетін кірістердің қайтарылуын қамтамасыз етуге көмектесуі мүмкін басқа да ақпаратты немесе дәлелдемелерді алуға тырысады.
      4. Сұрау салынатын Тарап бұл өзінің ұлттық заңнамасында қаншалықты жол берілетін шекте Сұрау салушы Тараптың соты қылмыс кірістерін немесе қаруларын тәркілеу бойынша шығарған түпкілікті шешімді қолданысқа енгізеді.
      5. Осы бапты қолдану кезінде үшінші тұлғалардың заңды құқықтары Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес сақталуға тиіс.
      6. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасы рұқсат еткен дәрежеде және Тараптармен келісілген кез келген шарттарда Сұрау салушы Тарапқа қылмыс кірістерін немесе қаруларын немесе осындай активтерді сатудан түскен түсімдерді толық көлемде немесе ішінара бере алады.

19-бап
Қаржылық ақпарат алмасу

      1. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап өзінің аумағында орналасқан кез келген өзінің жұмыс банктеріндегі күдікті немесе айыпталушы адам иесі болып табылатын банктік шоттарға қатысты ақпаратты дереу ұсынады және осындай шоттарды пайдалануға уәкілеттік берілген адамға және солармен байланысты кез келген транзакцияларға қатысты кез келген тиісті мәліметтерді ұсынады.
      2. Осы баптың 1-тармағының мақсаттарында Сұрау салушы Тарап жасалған қылмыс пен тиісті банктік шоттар арасындағы байланысты анықтайды.
      3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген іс-шаралар банктерден ерекшеленетін қаржы институттарын да қамтуы мүмкін.
      4. Осы бапта көрсетілген құқықтық көмектен банктік құпия негізінде бас тартуға болмайды.

20-бап
Қылмыстық талқылаулар туралы ақпарат алмасу

      Сұрау салу бойынша және қылмыстық талқылаудың мақсаттары үшін Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа Сұрау салушы Тараптың азаматтарына қатысты қылмыстық талқылаулар, бұрынғы сотталғандығы және шығарылған үкімдер туралы ақпарат береді.

21-бап
Қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы сот шешімдерін
және анықтамаларды беру

      1. Қылмыстық іс бойынша сот шешімін беру кезінде Сұрау салынатын Тарап, егер Сұрау салушы Тарап ол жөнінде сұраса, тиісті сот талқылауы туралы ақпаратты да ұсынады.
      2. Қылмыстық талқылаудың мақсаттары үшін Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына қажетті сотталғандығы туралы анықтамалар, егер оларды дәл осындай мән-жайларда Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдарына беру мүмкін болса, беріледі.

22-бап
Заңдастырудан босату және құжаттар мен материалдардың
заңдық күші

      Осы Келісімге сәйкес берілген құжаттар мен материалдар қандай да бір заңдастыруды, төлнұсқалығын растауды немесе куәландыруды талап етпейді және Сұрау салушы Тарапта дәлелдемелер ретінде толығымен жарамды.

23-бап
Құпиялылық

      1. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап сұрау салудың келіп түсуіне, оның мазмұнына, оған қоса берілген құжаттарға және оны орындау кезінде алынған кез келген құжаттар мен материалдарға қатысты құпиялылықты сақтайды. Егер сұрау салуды құпиялылықты бұзбай орындау мүмкін болмаса, Сұрау салынатын Тарап ол жөнінде Сұрау салушы Тарапты хабардар етеді, ол сұрау салуды орындау мүмкіндігі туралы шешім қабылдайды.
      2. Сұрау салынатын Тараптың негізделген сұрау салуы бойынша Сұрау салушы Тарап қылмыстық істерді тергеп-тексеру және сот талқылауы кезінде дәлелдемелер мен ақпаратты пайдалану жағдайларын қоспағанда, құқықтық көмек туралы сұрау салуды орындау кезінде алынған дәлелдемелер мен ақпаратқа қатысты құпиялылықты сақтайды.

24-бап
Шығыстар

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындауға байланысты шығыстарды көтереді. Бұл ретте Сұрау салушы Тарап мынадай шығыстарды:
      а) осы Келісімнің 6-бабының 3-тармағында көрсетілген адамдардың Сұрау салынатын Тарапта жол жүруіне және болуына арналған шығыстарды;
      b) осы Келісімнің 10-бабында көрсетілген адамдардың Сұрау салушы Тарапта жол жүруіне және онда болуына арналған шығыстарды;
      с) осы Келісімнің 12-бабының 6-тармағында көзделген ережелер сақталған кезде бейнеконференция өткізу бойынша шығыстарды;
      d) осы Келісімнің 13-бабына сәйкес сұрау салуды орындаудан туындайтын шығыстарды;
      е) осы Келісімнің 14-бабында көрсетілген мақсаттар үшін жұмсалған шығыстарды;
      f) сарапшылардың шығыстары мен гонорарларын;
      g) жазбаша және ауызша аударма үшін шығыстар мен гонорарларды және көшірме жасау бойынша шығындарды;
      h) алып қойылған заттарды сақтау және беру бойынша шығындарды көтереді.
      2. Осы Келісімді іске асыруға байланысты шығыстарды Тараптар барлық жағдайларда өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
      3. Сұрау салуды орындау күтпеген сипаттағы шығыстарға әкеп соққан жағдайда, Тараптар сұрау салу орындалуға тиіс шарттарды келісу мақсатында консультациялар өткізеді.

25-бап
Көпжақты келісімдермен арақатынасы

      Осы Келісім бір немесе екі Тарап қатысушысы болып табылатын көпжақты конвенциялардан туындайтын Тараптардың қандай да бір міндеттемелерін қозғамайды.

26-бап
Дауларды реттеу

      Тараптар осы Келісімді толығымен не оның нақты бір бабына қатысты түсіндіруге және қолдануға байланысты Тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша тез арада консультациялар өткізеді.

27-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отыз (30) тәулік өткеннен кейін күшіне енеді.
      2. Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылатын, осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
      3. Тараптардың бірі екінші Тараптың осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен (180) тәулік өткеннен кейін осы Келісім өзінің қолданылуын тоқтатады.
      4. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, осы Келісім қолданылған кезеңде басталған құқықтық көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.
      5. Осы Келісім ол күшіне енгенге дейін жасалған қылмыстарға да қолданылады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН бұған тиісті түрде уәкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      20 ___ жылғы «___» ___________ ___________ әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада ЖАСАЛДЫ, әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.
      Осы Келісімді түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым болып табылады.

      Қазақстан Республикасы         Иордан Хашимит Корольдігі
              үшін                            үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады