Қазақстан Республикасы
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс
"Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңының 27-бабы 1-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Республикалық бюджет жобасына оның шығыстарының негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Күші жойылды - ҚР Президентінің 05.05.2018 № 681 Жарлығымен.3. Қазақстан Республикасының Үкіметі және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті осы Жарлықтан туындайтын шаралар қабылдасын.
4. Осы Жарлық 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Н. Назарбаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 9 желтоқсандағы № 388 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Республикалық бюджет жобасына оның шығыстарының негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау жүргізу
ҚАҒИДАЛАРЫ
Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 26.11.2022 № 5 Жарлығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Республикалық бюджет жобасына оның шығыстарының негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының (бұдан әрі – Жоғары аудиторлық палата) республикалық бюджет жобасына оның шығыстарының негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау (бұдан әрі – бюджет жобасын бағалау) жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Бюджет жобасын бағалау жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы (бұдан әрі – бюджет жобасы) көрсеткіштерінің негізділігіне, бюджет жобасын әзірлеу үшін нормативтік құқықтық және әдістемелік базаның бар-жоғы мен жеткілікті болуына талдау жүргізуді, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палата әзірлеген ұсынымдары бар бюджет жобасын бағалау нәтижелерін (бұдан әрі – бағалау бойынша қорытынды) жасауды және Қазақстан Республикасының Үкіметіне және Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсынуды көздейді.
3. Бюджет жобасына бағалау жүргізу кезінде Жоғары аудиторлық палата Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексін (бұдан әрі – Бюджет кодексі), "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Қағидаларды басшылыққа алады.
4. Мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органдар, республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен басқа да мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері бюджет жобасын бағалау объектілері болып табылады.
5. Шығыстардың негізгі бағыттары мемлекеттік басқару функцияларын орындау бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қызметін қамтамасыз етуге бағытталған, тұрақты сипатқа ие шығыстарды қоспағанда, Бюджет кодексінің 53-бабының 1-тармағында айқындалған шығыстар болып табылады.
6. Бюджет жобасына бағалау жүргізу үшін бюджеттік бағдарламаларды іріктеуді Жоғары аудиторлық палата жыл сайын Жоғары аудиторлық палатаның өткен қаржы жылдарындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінде, Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуын бағалау және бюджет қаражатын басқарудың тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша қорытындыларда қамтылған ақпаратты ескере отырып жүзеге асырады.
7. Бюджет жобасына бағалау жүргізу кезінде төмендегілермен шектелмей, негізгі дереккөздер (бұдан әрі – бағалау материалдары):
1) нормативтік құқықтық актілер;
2) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелері;
3) орта мерзімді кезеңге арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы;
4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері;
5) Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуын бағалау нәтижелері туралы қорытынды;
6) бюджет қаражатын басқарудың тиімділігін бағалау нәтижелері туралы қорытынды;
7) Қазақстан Республикасы бойынша статистикалық деректер;
8) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдері;
9) Республикалық бюджет комиссиясының шешімдері;
10) бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының жеткізілген лимиттері, жаңа бастамаларға арналған лимиттер;
11) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыстары бойынша бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысы;
12) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның даму жоспарларының жобаларын (даму жоспарларына өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын) және бюджеттік бағдарламалардың жобаларын қарау нәтижелері жөніндегі қорытындылары;
13) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің есептілігі (республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептер, республикалық бюджеттің дебиторлық және кредиторлық берешегі туралы есептер, бюджеттік мониторингтеу нәтижелері бойынша республикалық (жергілікті) бюджеттің атқарылуы туралы талдамалық есеп және т.б.);
14) Қазақстан Республикасы Үкіметінің есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Жоғары аудиторлық палата берген тұжырымдар мен ұсынымдар;
15) тәуелсіз сарапшылардың қорытындылары;
16) стандарттар, ережелер, әдістемелік ұсынымдар және құқық белгілейтін құжаттар (жарғылар, тіркеу туралы куәліктер);
17) халыққа жүргізілген сауалнама нәтижелері, бұқаралық ақпарат құралдарының және үкіметтік емес ұйымдардың материалдары болып табылады.
2-тарау. Бюджет жобасын бағалаудың мақсаты, негізгі міндеттері және өлшемшарттары
8. Бюджет жобасын бағалаудың мақсаты бюджет жобасының анықтығын және бюджет заңнамасының ережелеріне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің өткен қаржы жылдарындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Жоғары аудиторлық палатаның берген тұжырымдары мен ұсынымдарына сәйкестігін айқындау болып табылады.
9. Бюджет жобасына бағалау жүргізу кезіндегі негізгі міндеттер:
1) бағалау бойынша негізделген және анық қорытындының Қазақстан Республикасының Үкіметіне және Қазақстан Республикасының Парламентіне уақтылы ұсынылуын;
2) бюджет жүйесі қағидаттарының (шынайылық, негізділік, нәтижелілік және тиімділік) сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.
10. Бюджет жобасын бағалау бюджет жобасы шығыстарының жалпыұлттық басымдықтарға, республикалық бюджет шығыстарының басым бағыттарына, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын бағалау нәтижелеріне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Жоғары аудиторлық палатаның берген тұжырымдары мен ұсынымдарына сәйкестігі тұрғысынан жүргізіледі.
11. Бюджет жобасын бағалаудың негізгі өлшемшарттары:
1) шығыстардың негізділігі (бюджет жобасының бюджет және өзге де заңнамаға сәйкестігі, стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын белгілеу, Қазақстан Республикасы Президенті жолдауларының ережелеріне, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына және Жоғары аудиторлық палатаның қаулыларына сәйкестігі);
2) шығыстардың анықтығы (жобаларды іске асыру және нәтижелерге қол жеткізу үшін қаражат көлемдерін айқындаудың дұрыстығын растайтын қажетті құжаттаманың болуы) болып табылады.
3-тарау. Бюджет жобасына бағалау жүргізу тәртібі
12. Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік органдардың даму жоспарлары көрсеткіштерінің экономикалық және бюджеттік жоспарлау көрсеткіштерімен өзара байланысының қамтамасыз етілуін, мыналардың:
1) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізген мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелері;
2) республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептер және мемлекеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органдардың ақпараты бойынша мемлекеттік органдардың даму жоспарларын бағалау;
3) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ұлттық жобаларды іске асыруын бағалау нәтижелері негізінде қол жеткізілген нәтижелердің Қазақстан Республикасы Президенті жолдауларының ережелеріне және Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігін бағалайды.
13. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Мемлекеттік жоспарлау ақпараттық жүйесінің интеграциясы арқылы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жоспарланған шығыстары бойынша бюджеттік өтінімдеріне және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындыларына Жоғары аудиторлық палатаның қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
14. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган заңнамада белгіленген мерзімде елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын бір мезгілде Жоғары аудиторлық палатаға ұсына отырып, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне жібереді.
15. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган заңнамада белгіленген мерзімдерде:
1) шығыстардың лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жіберу кезінде – оларды;
2) Республикалық бюджет комиссиясының (бұдан әрі – бюджет комиссиясы) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жоспарлы кезеңге арналған шығыстарын қарау жоспар-кестесін (бұдан әрі – кесте) бюджет комиссиясының мүшелеріне жіберу кезінде оны бір мезгілде Жоғары аудиторлық палатаға ұсынады.
16. Бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган заңнамада белгіленген мерзімде осы Қағидалардың 7-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген бағалау материалдарын бір мезгілде Жоғары аудиторлық палатаға жібере отырып, тиісті мемлекеттік органға ұсынады.
17. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджет комиссиясының отырыстарына Жоғары аудиторлық палата өкілінің байқаушы ретінде (дауыс беру құқығынсыз) қатысуын және бір мезгілде бюджет комиссиясының мүшелеріне жібере отырып, бюджет жобасын жоспарлау мәселелері бойынша бюджет комиссиясының барлық материалдарын заңнамада белгіленген мерзімде ұсынуды қамтамасыз етеді.
18. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджет комиссиясының отырысы өткізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде Жоғары аудиторлық палатаға республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаралған бюджеттік бағдарламалары бойынша бюджет комиссиясының қорытындыларын, сондай-ақ бюджет комиссиясының шешімдеріне сәйкес келетін мынадай құжаттарды (бұдан әрі – құжаттар):
1) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімге түсіндірме жазбасының көшірмесін;
2) республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ұсынатын тақырыптар бойынша ғылыми зерттеулердің мемлекеттік ғылыми және ғылыми-техникалық сараптамасы қорытындыларының көшірмелерін;
3) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның бюджеттік бағдарламалар әкімшісі бюджеттік кредиттеу арқылы іске асыруға ұсынатын бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджеттік кредиттеудің орындылығы туралы қорытындысының көшірмесін;
4) Қазақстан Республикасы Президентінің және/немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің аса маңызды және жедел іске асыруды талап ететін міндеттерді іске асыруға бағытталған тапсырмаларының көшірмелерін жібереді.
19. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірленген бюджет жобасын ағымдағы қаржы жылының 15 тамызынан кешіктірмей, Жоғары аудиторлық палатаға ұсынады.
20. Жоғары аудиторлық палата бюджет жобасына бағалау жүргізу кезінде бюджет жобасы шығыстарының жалпыұлттық басымдықтарға, республикалық бюджет шығыстарының басым бағыттарына, ұлттық жобаларды және мемлекеттік органдардың даму жоспарларын бағалау нәтижелеріне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Жоғары аудиторлық палата берген тұжырымдар мен ұсынымдарға сәйкестігіне назар аударады. Ұсынылған құжаттар мен бағалау материалдарының анықтығын және негізділігін растау қажет болған жағдайда Жоғары аудиторлық палата бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне және бюджет процесіне басқа да қатысушыларға сұрау салулар жібереді және бағалау немесе мемлекеттік аудит объектісіндегі аудиторлық және сараптамалық-талдау іс-шараларының қорытындылары бойынша материалдарды пайдаланады.
4-тарау. Бағалау бойынша қорытындыны жасау және ұсыну
21. Бағалау бойынша қорытынды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган ұсынған бюджет жобасы негізінде жасалады және ұсынымдық сипатта болады.
22. Бағалау бойынша қорытындыны Жоғары аудиторлық палата сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарына сәйкес қарайды және ол Жоғары аудиторлық палатаның қаулысымен бекітіледі.
23. Жоғары аудиторлық палата бағалау бойынша қорытындыны ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегінен кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Үкіметіне және Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсынады.