Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, теміржол көлігі көрсететін қызметтерге қол жеткізуді реттеу тәртібін қолдану туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 23 желтоқсандағы № 392 Жарлығы.

      Қазақстан Республикасы

      Президенті мен Үкіметі актілерінің

      жинағында жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, теміржол көлігі көрсететін қызметтерге қол жеткізуді реттеу тәртібін қолдану туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбекке Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, теміржол көлігі көрсететін қызметтерге қол жеткізуді реттеу тәртібін қолдану туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2016 жылғы 23 желтоқсандағы
№ 392 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН

      Жоба

Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы
Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, теміржол көлігі
көрсететін қызметтерге қол жеткізуді реттеу тәртібін қолдану
туралы
КЕЛІСІМ

      (2017 жылғы 10 қаңтардан бастап уақытша қолданылады - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2017 ж., № 1, 11-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы

      2014 жылғы 23 желтоқсанда қол қойылған 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы шартты негізге ала отырып,

      Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының үйлестірілген (келісілген) көлік саясатын жүзеге асыру және теміржол көлігінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Теміржол көлігімен Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен Қырғыз Республикасына/Қырғыз Республикасынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден/мүше мемлекеттерге тасымалданатын жүктерге және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасында теміржол көлігімен тасымалданатын жүктерге қатысты қатынас түрлері бойынша біріздендірілген тарифтер (экспорттық, импорттық және мемлекетішілік тарифтер) туралы ережелерді қоса алғанда, Үйлестірілген (келісілген) көлік саясаты туралы хаттамаға (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 24 қосымша) № 2 қосымшаның ережелерін Тараптар осы Келісімнің 2-бабында көзделген уақытша қолдану күнінен бастап өзара қолданады.

2-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік 15 күн өткен соң уақытша қолданылады және Тараптардың әрқайсысының оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы олардың хабарламаларының соңғысы дипломатиялық арналар арқылы алынған күні күшіне енеді.

      Осы Келісім 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы хаттамаға № 1 қосымшаның 68-тармағында көрсетілген мерзім өткеннен кейін өз қолданысын тоқтатады.

      2016 жылғы "___" ________ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі данада жасалды. Бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей. Мәтіндерде алшақтықтар болған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

Қазақстан Республикасы үшін

Қырғыз Республикасы үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады