Қазақстан Республикасы мен Израиль Мемлекеті арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 12 маусымдағы № 497 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасы
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Израиль Мемлекеті арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Пернешұлы Қожамжаровқа Қазақстан Республикасы мен Израиль Мемлекеті арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 01.03.2018 № 646 Жарлығымен.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 12 маусымдағы
№ 497 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Қазақстан Республикасы мен Израиль Мемлекеті арасындағы сотталған адамдарды беру туралы ШАРТ

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Израиль Мемлекеті

      егемендікті және теңдікті өзара құрметтеу негізінде, екі ел арасындағы құқықтық ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдіре отырып,

      сотталған адамдардың қоғамға қайта араласуына жәрдемдесу мақсатында олардың өздері азаматы болып табылатын мемлекетте жазаны өтеуі үшін,

      мыналар туралы уағдаласты:

1-бап Анықтамалар

      Осы Шартты іске асыру мақсатында мынадай анықтамалар қолданылады:

      a) "Үкім шығарушы мемлекет" - сотталған адамды өз аумағынан беретін немесе берген Тарап;

      b) "Үкімді орындаушы мемлекет" - сотталған адамды өз аумағына қабылдайтын немесе қабылдаған Тарап;

      c) "сотталған адам" - қандай да бір Тараптардың соты шығарған үкімге сәйкес белгіленген мерзімге бас бостандығынан айыруға немесе өмір бойынша бас бостандығынан айыруға сотталған адам.

2-бап Жалпы ережелер

      Тараптар осы Шарттың ережелеріне сәйкес Үкім шығарушы мемлекет шығарған үкімдерді Үкімді орындаушы мемлекеттің аумағында орындау үшін бір-біріне бұл туралы тілек білдірген сотталған адамдарды бере алады.

3-бап Орталық органдар

      1. Тараптар осы Шарттың мақсатында сол үшін айқындалған орталық органдар арқылы бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген орталық органдар Қазақстан Республикасы үшін Бас прокуратура және Израиль Мемлекеті үшін Бас прокуратураның Халықаралық істер жөніндегі департаменті болып табылады.

      3. Орталық органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда, Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар етеді.

4-бап Беру шарттары

      1. Сотталған адамды беру, егер:

      a) сотталған адам Үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болған;

      b) адам Үкімді орындаушы мемлекеттің де заңдары бойынша қылмыс болып табылатын әрекет үшін сотталған. Осы мақсат үшін терминологиядағы айырмашылықтың немесе қылмыстық сипатына сәйкессіздіктің маңызы болмайды;

      c) беру туралы сұрау салу алынған кезде сотталған адамға қатысты шығарылған үкім орындалуға тиіс болған және сотталған адамның жазасын өтеуге тиіс уақыт кезеңі келгенде бір жыл болған;

      d) сотталған адамның немесе оның жасына, дене бітіміне немесе психикалық жай-күйіне байланысты беруге сотталған адамның өзінің келісуіне мүмкіндігі болмаған кезде оның заңды өкілінің жазбаша келісімі болған;

      e) екі Тарап беруге келіскен жағдайларда жүзеге асырылады.

      2. Ерекше жағдайларда Тараптар, егер сотталған адамның жазасын өтеуге тиіс уақыт кезеңі осы баптың 1-тармағының с) тармақшасында көрсетілгеннен кем болса да, сотталған адамды беруге келісе алады.

5-бап Беруден бас тарту

      1. Егер:

      a) бір Тарап беру оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіреді немесе ұлттық заңнамасының іргелі қағидаттарына қайшы келеді деп шешсе;

      b) сотталған адамға қатысты үкім мемлекеттік қауіпсіздікке қол сұғатын қылмыс үшін шығарылса;

      c) сотталған адам Үкім шығарушы мемлекеттің аумағында талап қою рәсімдеріне тартылса, сотталған адамды беруден бас тартылуы мүмкін.

      2. Әрбір Тарап осы баптың 1-тармағының көзделген мән-жайларға қарамастан, екінші Тарап өзге де себептер бойынша сұратып отырған беруге келісетінін немесе келіспейтінін өз қалауы бойынша шеше алады.

      3. Бас тартудың себептері уәжді болуға және екінші Тарапқа хабарлануға тиіс.

6-бап Сұрау салу және жауап

      1. Сотталған адам не оның заңды өкілі осы Шартқа сәйкес беруге қатысты сұрау салуды кез келген Тарапқа жолдайды. Сотталған адамның мұндай сұрау салуын алған Тарап бұл туралы екінші Тарапты жазбаша хабардар етуге тиіс.

      2. Сотталған адамды беру туралы сұрау салуды Тараптардың кез келгені жолдай алады. Сұрау салынатын Тарап сұрау салынған сотталған адамды беруге қатысты өз шешімі туралы Сұрау салушы Тарапты жедел хабардар етеді.

      3. Сотталған адамды беру туралы сұрау салулар мен жауаптар жазбаша нысанда жасалады.

7-бап Құжаттарды ұсыну

      1. Бір Тараптың беру туралы сұрау салуы түскен кезде және егер екінші Тарап одан бас тартпаса, Үкім шығарушы мемлекет Үкімді орындаушы мемлекетке мынадай құжаттарды және мәліметтерді:

      a) үкім негізделген заңның тиісті ережелерін қоса алғанда, оның расталған көшірмесін;

      b) жаза түрі мен мерзімі, сондай-ақ ол есептеле басталған күні көрсетілген мәліметтерді;

      c) сотқа дейін ұстау мерзімдерін қоса алғанда, жаза бөліктерінің өтелген және өтелуге тиіс мерзімдері туралы мәліметтерді, үкімді өзгерту туралы және үкімді орындау үшін маңызы бар өзге де мәліметтерді;

      d) осы Шарттың 4-бабы 1-тармағының d) тармақшасында көзделген беруге жазбаша келісімді;

      e) сотталған адамның денсаулық жағдайы туралы ақпаратты;

      f) қажет болған кезде үкімді орындау кезеңінде адамның мінез-құлқын сипаттайтын мәліметтерді ұсынады.

      2. Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекетке мынадай құжаттарды:

      a) сотталған адамның Үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болып табылатынын растайтын құжаттарды;

      b) сотталған адамға қатысты үкім шығарылған қылмыстың қылмыстық жазаланатынын куәландыратын Үкімді орындаушы мемлекет заңының баптарын;

      c) Үкім шығарушы мемлекет шығарған үкімнің Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасы бойынша Үкімді орындаушы мемлекеттің үкімді орындауына мүмкіндігі туралы мәліметтерді ұсынады.

8-бап Сотталған адамды хабардар ету

      1. Әрбір Тарап өз аумағында осы Шарт қолданылатын сотталған адамдарды олардың осы Шарттың ережелеріне сәйкес берілуі мүмкін екендігін хабардар етеді.

      2. Әрбір Тарап өз аумағында сотталған адамдарды осы Шарттың 6-бабында көзделген беру туралы сұрау салу бойынша Үкім шығарушы мемлекеттің немесе Үкімді орындаушы мемлекеттің қабылдаған шешімдері туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.

9-бап Сотталған адамның келісімі және оны растау

      1. Үкім шығарушы мемлекет сотталған адамның не оның заңды өкілінің берудің құқықтық салдарларын толық түсініп, оған өз еркімен келісім беретіндігіне және беруге арналған жазбаша келісімі арқылы оны растайтынына кепілдік береді.

      2. Үкім шығарушы мемлекет Үкімді орындаушы мемлекеттің сұрау салуы бойынша Үкімді орындаушы мемлекетке уәкілетті тұлға арқылы сотталған адамның осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкес беруге өз келісімін білдіргеніне көз жеткізуіне мүмкіндік береді.

10-бап Сотталған адамды беру

      Беруге келісімге қол жеткізілген жағдайда Тараптар консультациялар арқылы сотталған адамды берудің уақытын, орнын және тәртібін айқындайды.

11-бап Үкімнің орындалуы

      1. Сотталған адамды алғаннан кейін Үкімді орындаушы мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Үкім шығарушы мемлекет шығарған үкімнің орындалуын Үкім шығарушы мемлекет айқындаған режим мен мерзімдерге сәйкес жалғастырады.

      2. Егер Үкім шығарушы мемлекет айқындаған үкім бойынша жазаны өтеу режимдері мен мерзімдері Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасымен үйлеспейтін болса, Үкімді орындаушы мемлекет өзінің ұлттық заңнамасында соған ұқсас қылмыс үшін көзделген жазалау шарасын тағайындай отырып, үкімді өзгерте алады. Мұндай өзгерту жағдайында:

      a) Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекеттің үкімінде қамтылған фактілерді мойындауға міндетті;

      b) Үкімді орындаушы мемлекеттің бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны ақшалай өндіріп алу жазасына ауыстыруға құқығы жоқ;

      c) Үкімді орындаушы мемлекеттің үкімді өзгертуі өзінің мәні бойынша және барынша мүмкіндігінше Үкім шығарушы мемлекеттің үкіміне сәйкес келуге тиіс;

      d) Үкімді орындаушы мемлекеттің үкімді өзгертуі Үкім шығарушы мемлекеттің үкімін ауырлатпауға және Үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасында осыған ұқсас қылмыс үшін көзделген жазаның ең көп мерзімінен аспауға тиіс;

      e) үкімді өзгерту Үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасы бойынша осыған ұқсас қылмысқа қолданылатын жазаның ең аз мерзімімен шектелмеуге тиіс;

      f) бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзіміне сотталған адамның Үкім шығарушы мемлекеттің аумағында өтелген мерзімі есептеледі.

      3. Үкім осы баптың 2-тармағына сәйкес өзгертілген жағдайда, Үкімді орындаушы мемлекет үкімді өзгерту туралы ресми құжаттардың көшірмелерін ақылға қонымды мерзімде Үкім шығарушы мемлекетке беруге тиіс.

12-бап Юрисдикцияны сақтау

      1. Үкім шығарушы мемлекеттің өзінің соты шығарған үкімді өзгерту немесе оның күшін жою үшін юрисдикциясын сақтауға құқығы бар.

      2. Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекеттен, Үкім шығарушы мемлекеттің соты шығарған осы бапқа сәйкес өзгертілген немесе күші жойылған үкімді алған жағдайда, үкімнің орындалуын өзгертеді немесе оның күшін жояды.

13-бап Қосарланған жазаға жол берілмеушілік

      Сотталған адам берілгеннен кейін Үкім шығарушы мемлекетте үкім шығарылған дәл сол қылмыстық әрекеттері үшін Үкімді орындаушы мемлекетте қылмыстық қудалауға ұшырамауға немесе сотқа берілмеуге тиіс.

14-бап Кешірім, рақымшылық жасау және жазаны жеңілдетудің өзге де шаралары

      1. Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес берілген сотталған адамға қатысты екінші Тарапты бұл туралы дереу хабардар ете отырып, кешірім, рақымшылық жасау актісін қолдануға құқылы.

      2. Үкімді орындаушы мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жазаны жеңілдетуге немесе сотталған адамды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға құқылы.

15-бап Үкімнің орындалуы туралы хабарлау

      Үкімді орындаушы мемлекет үкімнің орындалуы туралы мынадай жағдайларда:

      a) үкім орындалғанда;

      b) сотталған адам күзет қамауынан қашып кеткенде немесе жазаны өтеу мерзімі аяқталғанға дейін қайтыс болғанда;

      c) Үкім шығарушы мемлекет арнайы хабарламаны талап еткенде Үкім шығарушы мемлекетке хабарлайды.

16-бап Транзит

      1. Бір Тарап үшінші елмен ынтымақтаса отырып, екінші Тараптың аумағы арқылы сотталған адамдардың транзитін жүзеге асыратын жағдайда, бірінші Тарап соңғысына осындай транзиттерге рұқсат алуға сұрау салуды жібереді.

      2. Әуе көлігін пайдаланған және екінші Тарап аумағында қону жоспарланбаған жағдайда, мұндай рұқсат талап етілмейді.

      3. Сұрау салынатын Тарап, егер бұл оның ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, Сұрау салушы Тараптың транзит туралы өтінішін қанағаттандырады.

17-бап Тілі

      Осы Шарттың мақсаттарына қол жеткізу үшін Тараптар ағылшын тіліне аудармасын ұсына отырып, өздерінің мемлекеттік тілдерін қолданады.

18-бап Құжаттардың жарамдылығы

      Осы Шарттың мақсаттарына қол жеткізу үшін бір Тараптың орталық органы қол қойып және елтаңбалы мөрмен бекітіп жіберген кез келген құжаттар екінші Тараптың аумағында растаусыз немесе заңдастырусыз қолданылады.

19-бап Шығыстар

      1. Үкімді орындаушы мемлекет:

      а) Үкім шығарушы мемлекеттің аумағында ғана жұмсалған шығыстардан басқа, сотталғанды тасымалдауға байланысты; және

      b) беруден кейінгі үкімнің орындалуын жалғастыруға байланысты шығыстарды көтереді.

      2. Израиль Мемлекеті Үкімді орындаушы мемлекет болып табылған жағдайда, ол беру немесе транзит бойынша шығыстарды сотталған адамға жүктеуге құқылы.

      3. Транзиттік тасымалдауға байланысты шығыстарды транзиттік тасымалдауға рұқсат алу туралы өтінішпен жүгінген Тарап көтереді.

20-бап Келіспеушіліктерді шешу

      Осы Шартты түсіндіруге және қолдануға байланысты кез келген келіспеушіліктер Тараптар арасында консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.

21-бап Шарттың күшіне енуі және тоқтатылуы

      1. Осы Шарт ратификациялауға жатады және Тараптар оның ратификацияланғандығы туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап отыз күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың бірі екінші Тараптың осы Шарттың қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен күн өткеннен кейін оның қолданысы тоқтатылады.

      3. Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Шартқа оның ажырамас бөліктері болып табылатын, жеке хаттамалар түрінде ресімделетін және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

      4. Осы Шарт ол күшіне енгенге дейін оларға қатысты үкім шығарылған сотталған адамдарды беруге де қолданылады.

      ОСЫНЫҢ ДӘЛЕЛІ РЕТІНДЕ, бұған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      20 __ жылғы _____ ___________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ, иврит және ағылшын тілдерінде екі данада ЖАСАЛДЫ әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым болады.

      Қазақстан Республикасы үшін Израиль Мемлекеті үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады