Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 17 шілдедегі № 523 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
  Президенті мен Үкіметі актілерінің
  жинағында жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Пернешұлы Қожамжаровқа Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 01.03.2018 № 646 Жарлығымен.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Н. Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 17 шілдедегі
№ 523 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН

      Жоба

Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы ШАРТ

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы

      тиісті шаралар қолдану арқылы сотталғандарды оңалтуға жәрдемдесу ниетін білдіре отырып және

      шетелде жасаған қылмыстары салдарынан бас бостандығынан айырылған шетелдік азаматтарға, өз қоғамында жазасын өтеу мүмкіндігін беру арқылы осы мақсатқа қол жеткізу мүмкін екендігін назарға ала отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты,

1-бап Анықтамалар

      Осы Шарт мақсатында:

      а) "үкім" қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін кез келген түпкілікті сот шешімін білдіреді;

      b) "азамат" өздерінің тиісті заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының немесе Бразилия Федеративтік Республикасының азаматтығы бар адамды білдіреді;

      с) "сотталған адам" өзіне қатысты түпкілікті үкім шығарылған адамды білдірді;

      d) "Үкім шығарушы тарап" берілуі мүмкін немесе берілген адамға қатысты үкім шығарылған мемлекетті білдіреді;

      е) "Үкімді орындаушы тарап" үкімді орындау үшін сотталған адам берілуі мүмкін немесе берілген мемлекетті білдіреді.

2-бап Негізгі қағидаттар

      1. Осы Шарттың талаптары мен ережелеріне сәйкес Тараптар сотталған адамдарды беруге қатысты барлық жағдайларда барынша кең түрде өзара ынтымақтастық жасауға келіседі.

      2. Тараптардың кез келгенінің аумағында сотталған адам осы Шарттың ережелеріне қатаң сәйкестікте және ол Үкім шығарушы тарапқа немесе Үкімді орындаушы тарапқа осы Шарттың талаптарына сәйкес берілуге өз келісімін берсе, екінші Тараптың аумағына жазасын өтеу үшін берілуі мүмкін.

      3. Беруді Үкім шығарушы тарап та, сонымен қатар Үкімді орындаушы тарап та сұратуы мүмкін.

3-бап Берудің шарттары

      Осы Шарт, егер:

      а) сотталған адам Үкімді орындаушы тараптың азаматы болып табылған;

      b) шығарылған үкім өлім жазасын немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздемейтін жағдайларда қолданылады. Мұндай жағдайларда беру, егер Үкім шығарушы тарап сотталған адамның осыған ұқсас қылмысы үшін Үкімді орындаушы тараптың заңнамасында көзделген барынша қатаң жазаны өтеуіне келіссе ғана жүзеге асырылады;

      с) беру Үкім шығарушы тарапта қолданылатын ішкі заңнама мен нормаларға сәйкес шешілетін;

      d) беру туралы сұрау салу алынған уақытта сотталған адам өтеуге тиіс уақыт кезеңі кемінде алты айды құрайтын;

      е) үкім заңды күшіне енген;

      f) сотталған адам өзін беруге келіскен немесе жасына, физикалық немесе психикалық жағдайына байланысты әрекетке қабілетсіз болған жағдайда, сотталған адамның заңды өкілі беруге келісім берген;

      g) Үкімді орындаушы тарап пен Үкім шығарушы тарап беруге келіскен;

      һ) адамды соттауға себеп болған әрекет немесе әрекетсіздік екі Тараптың заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылған жағдайларда қолданылады.

4-бап Ақпаратпен алмасу

      1. Тараптар осы Шартқа қатысы бар барлық сотталған адамдардың назарына Шарттың талаптары мен ережелері туралы жеткізеді.

      2. Егер сотталған адам Үкімді орындаушы тарапқа берілуге ниетін білдірсе, Үкім шығарушы тарап осы Шарттың 7-бабында көзделген беруден бас тарту үшін негіздер болмаған кезде Үкімді орындаушы тарапқа төмендегідей ақпаратты:

      а) сотталған адамның дербес деректері туралы ақпаратты (аты, тегі, туған күні мен туған жері) және, егер мүмкін болса, осындай адамның жеке басын куәландыратын жарамды құжаттың көшірмесін және оның саусақ іздерін;

      b) егер белгілі болса, сотталған адамның Үкімді орындаушы тараптағы тұрғылықты жері немесе мекенжайы туралы ақпаратты;

      с) жасалған қылмыстың мән-жайлары туралы қысқаша ақпаратты және үкімге негіз болған заң ережелерінің мәтінін;

      d) жазаның түрі мен мерзімі, оны есептеу күні және өтелген мерзімі көрсетілген мәліметтерді;

      е) сотталған адамның жазасын өтеу уақытында көрсеткен мінез-құлқы туралы мәліметтерді, сондай-ақ үкімді орындау үшін маңызы бар кез келген басқа да мәліметтерді;

      f) үкімнің куәландырылған көшірмесін;

      g) егер қажет болса, сотталған адамның әлеуметтік және медициналық есебін, Үкім шығарушы тарапта жүргізілген медициналық емделуі туралы ақпаратты және Үкімді орындаушы тарапта оның одан әрі емделуі бойынша кез келген ұсынымдарды;

      һ) сотталған адам не оның заңды өкілі осы Шарттың 3-бабының f) тармақшасына сәйкес берілуге келісімін білдіретін өтінішті;

      і) Үкім шығарушы тараптың сотталған адамды беруге келісімін растайтын өтінішті;

      j) сотталған адамды беру туралы шешім қабылдау үшін Үкімді орындаушы тарапқа қажет болуы мүмкін кез келген басқа да ақпарат пен құжаттарды дереу жібереді.

      3. Үкімді орындаушы тарап сұрау салу бойынша:

      а) сотталған адамның Үкімді орындаушы тараптың азаматы болып табылатындығы жөнінде құжатты немесе ресми растауды;

      b) Үкім шығарушы тарапта үкім шығаруға негіз болған әрекет немесе әрекетсіздік, сондай-ақ Үкімді орындаушы тараптың заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылатындығын растайтын Үкімді орындаушы тарап заңының ережелерін;

      c) Үкімді орындаушы тараптың сотталған адамды беруге келісімін және жазаның қалған бөлігін орындау туралы кепілдіктерді;

      d) шешім қабылдау үшін Үкім шығарушы тарапқа қажет болуы мүмкін кез келген басқа да ақпаратты немесе құжатты жібереді.

      4. Алдыңғы ережелерде көрсетілген ақпаратпен және растау құжаттарымен алмасу, егер Тараптардың бірі беруге келіспейтіндігі туралы дереу хабарлаған жағдайда жүргізілмейді.

      5. Сотталған адамға Тараптар қабылдаған кез келген шешім туралы хабарланады.

      6. Жоғарыда аталған құжаттар екінші Тараптың ресми тіліндегі аудармасымен қоса беріледі.

      7. Осы Шартты іске асыру шеңберінде берілген растайтын құжаттар мен материалдар, осы баптың 2-тармағының f) тармақшасында көрсетілген сотталған адамға қатысты үкім көшірмесін куәландыруды қоспағанда, заңдастырудың, куәландырудың немесе растаудың қандай да бір ерекше нысанын талап етпейді.

5-бап Орталық органдар

      1. Осы Шартты орындау мақсатында Тараптар өздерінің орталық органдары деп:

      Қазақстан Республикасы үшін - Бас прокуратураны;

      Бразилия Федеративтік Республикасы үшін - Әділет министрлігін айқындайды.

      2. Өздерінің орталық органдарының атаулары өзгерген немесе олардың функциялары басқа мемлекеттік органдарға берілген жағдайда, Тараптар осындай өзгерістер туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

      3. Тараптардың орталық органдары бір мезгілде түпнұсқаларды поштамен орталық органға жолдай отырып, өзінің тиісті мүмкіндіктері шегінде электрондық немесе өздерінің арасында барынша жылдам байланысты қамтамасыз ететін байланыстың басқа да түрлері арқылы, өзара іс-қимылды жүзеге асыруға құқылы.

6-бап Беру

      Сотталған адамды беру келісіміне қол жеткізілген жағдайда Тараптар берудің уақытын, орнын және шарттарын дереу келіседі.

7-бап Бас тарту

      1. Тараптардың кез келгені, егер:

      а) Үкімді орындаушы тараптың аумағында осы Тараптың заңнамасына сәйкес қылмыстық қудалаудың мерзімі өтіп кетуі салдарынан немесе өзге де негіз бойынша үкімді орындау мүмкін болмаса;

      b) Тараптардың кез келгені осы Шарттың 4-бабының талаптарын тиісінше орындамаса;

      c) бір Тарап беру мемлекеттік егемендікке, қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке залал келтіруі мүмкін және заңнаманың іргелі қағидаттарына немесе өзге де ұлттық мүдделерге қайшы келеді деп шешсе;

      d) сотталған адамға қатысты Үкім шығарушы Тараптың аумағында өзге де қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік процестер жүзеге асырылса, сотталған адамды беруден бас тарта алады.

      2. Егер Тараптардың бірі қандай да бір себеппен беруді мақұлдамаса, ол тиісті дәлелдермен және негіздемелермен екінші Тарапты дереу хабардар етеді.

8-бап Транзит

      1. Тараптар үшінші мемлекетке немесе үшінші мемлекеттен берілетін адамдардың өз аумағы арқылы транзитін жеңілдетуге өзара көмек көрсетеді. Осыған байланысты Тараптардың бірінің аумағы арқылы кедергісіз транзит Тараптардың бірінің орталық органы дайындаған құжаттар, қоса берілген ресми сұрау салудың негізінде қамтамасыз етіледі.

      2. Сотталған адамның транзитіне сұрау салу әскери-әуе көлігі пайдаланылатын жағдайларды қоспағанда, егер әуе көлігі пайдаланылса және транзит мемлекетінің аумағында қону көзделмесе, талап етілмейді.

      3. Транзит мемлекеті өз аумағы арқылы сотталған адамның транзитіне рұқсат береді немесе рұқсат бермейді. Транзиттен бас тартылған жағдайда бас тарту тиісті түрде дәлелденеді және негізделеді.

9-бап Жазаның орындалуы туралы ақпарат

      Үкімді орындаушы тарап Үкім шығарушы тараптың сұрау салуы бойынша немесе сотталған адам қашып кеткен немесе ол қайтыс болған жағдайда жазаның орындалуы туралы Үкім шығарушы тарапқа хабарлайды.

10-бап Үкімді орындаушы тарапта жазаны өтеу

      1. Осы Шарттың ережелеріне сәйкес берілген сотталған адам Үкім шығарушы тарапта сотталуға негіз болған дәл сол фактілер негізінде Үкімді орындаушы тарапта қайтадан ұсталмайды, айыпталмайды немесе сотталмайды.

      2. Берілген адам Үкімді орындаушы тараптың заңнамасына сәйкес жазасын өтейді. Үкім шығарушы тараптың алдын ала келісуі бойынша берілген сотталған адамға ол жазасын өтеу кезінде Үкімді орындаушы тараптың заңнамасына сәйкес ауыр емделмейтін ауруға шалдыққанда рақымшылық жасау, кешірім жасау немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босату, сондай-ақ сотталған адамды одан әрі жазасын өтеуден босату қолданылуы мүмкін.

      3. Егер үкімде көрсетілген режимдер мен жазаны өтеу мерзімдері Үкімді орындаушы тараптың заңнамасымен үйлеспесе, соңғысы Үкім шығарушы тараптың алдын ала келісуімен осыған ұқсас қылмыс үшін өзінің заңнамасында көзделген жазалау шарасын тағайындай отырып үкімді өзгерте алады. Осылайша өзгертілген үкім өз мәні мен мерзімдері бойынша Үкім шығарушы тараптың үкіміне бар мүмкіндігінше сәйкес келуі тиіс. Үкім өзгертілген жағдайда:

      а) Үкімді орындаушы тарап бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны ақшалай өндіріп алуға ауыстыруға құқылы емес;

      b) Үкімді орындаушы тарап Үкім шығарушы тараптың үкімін ауырлатпауға немесе осыған ұқсас қылмыс үшін Үкімді орындаушы тараптың заңнамасында көзделген жазаның ең көп мерзімінен асатын жазаны тағайындамауға тиіс.

11-бап Үкімді қайта қарау

      1. Үкімді шығарушы тарап осы Шартқа сәйкес берілген адамдарға қатысты шығарылған үкімдерді қайта қарау бойынша юрисдикцияға ие болады.

      2. Үкім шығарушы тарап қана өзінің тиісті заңнамасына сәйкес рақымшылық жасайды, кешірім жасайды немесе үкімді өзгертеді. Үкімдегі кез келген өзгерістер туралы хабарламаны алғаннан кейін, Үкімді орындаушы тарап оларды орындау үшін қажетті шараларды дереу қолданады.

12-бап Шығыстар

      1. Үкімді орындаушы тарап:

      а) тек қана Үкім шығарушы тараптың аумағында жұмсалған шығыстардан басқа, сотталған адамды тасымалдаумен;

      b) бергеннен кейін үкімді орындаумен байланысты шығыстарды көтереді.

      2. Осы Шарттың 8-бабына сәйкес жүзеге асырылатын транзитпен байланысты шығыстарды транзит туралы сұрау салумен жүгінген Тарап көтереді.

13-бап Келіспеушіліктерді шешу

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасында туындайтын кeліспеушіліктер Тараптар арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі.

14-бап Халықаралық шарттармен үйлесімділік

      Осы Шарт Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерді қозғамайды.

15-бап Қорытынды ережелер

      1. Осы Шарт Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады. Осы Шарттың қолданысы Тараптардың бірі оның қолданысын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы тиісті жазбаша хабарламаны алған күннен бастап алты (6) ай өткен соң тоқтатылады.

      3. Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөлігі болып табылады және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

      4. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылғанға дейін Тараптар бастамашылық еткен кез келген рәсімдер олар толық аяқталғанға дейін жүзеге асырылады.

      5. Осы Шарт ол күшіне енгенге дейін және енгеннен кейін шығарылған үкімдерді орындауға қолданылады.

      20__ жылғы "____" ____________ әрқайсысы қазақ, португал және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Шарттың мәтіндерінде айырмашылықтар болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасы
үшін
Бразилия ФедеративтікРеспубликасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады