Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі № 553 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Пернешұлы Қожамжаровқа Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 01.03.2018 № 646 Жарлығымен.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 28 қыркүйектегі
№ 553 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сотталған адамдарды беру туралы ШАРТ

      Бұдан әрі "Мемлекеттер" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері

      сотталған адамдарға жазасын өз елдерінде өтеуіне мүмкіндік бере отырып, олардың қоғамға интеграциялануына жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап Анықтамалар

      Осы Шарттың мақсатында мынадай сөздер мен ұғымдардың:

      1) "үкім" - жасалған қылмысы үшін белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейтін кез келген сот шешімі;

      2) "сотталған адам" - Үкім шығарушы мемлекеттің аумағында бас бостандығынан айыруды көздейтін үкім шығарылған адам;

      3) "Үкім шығарушы мемлекет" - берілуі мүмкін немесе берілген адамға қатысты үкім шығарылған мемлекет;

      4) "Үкімді орындаушы мемлекет" - сотталған адам жазасын немесе оның қалған мерзімін одан әрі өтеу үшін берілуі мүмкін немесе берілген мемлекет деген анықтамалары бар.

2-бап Жалпы ережелер

      Осы Шарт ережелерінің талаптарына сәйкес Мемлекеттер сотталған адамдарды беруге қатысты барынша мүмкін болатындай деңгейде ынтымақтасуға міндеттенеді.

3-бап Сотталған адамды беру

      Осы Шарт ережелерінің талаптарына сәйкес, сотталған адам жазасын немесе оның қалған мерзімін одан әрі өтеу мақсатында Үкім шығарушы мемлекеттің аумағынан Үкімді орындаушы мемлекеттің аумағына берілуі мүмкін.

4-бап Беру туралы сұрау салу

      Осы Шарттың 8-бабының ережелеріне сәйкес сотталған адамды беру туралы сұрау салуды Үкім шығарушы мемлекет не Үкімді орындаушы мемлекет жіберуі мүмкін, сондай-ақ сотталған адам да не оның заңды өкілі де Үкім шығарушы мемлекетке немесе Үкімді орындаушы мемлекетке беру туралы тілегін білдіре алады.

5-бап Орталық органдар

      1. Осы Шарттың мақсатында Мемлекеттер айқындаған Орталық органдар беру туралы сұрау салуларға қатысты бір-бірімен дипломатиялық арналар арқылы өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Осы мақсатта:

      Қазақстан Республикасы үшін - Бас прокуратура;

      Біріккен Араб Әмірліктері үшін - Әділет министрлігі Орталық органдар болып табылады.

      3. Кез келген Мемлекет өзінің Орталық органдарын өзгерткен немесе олардың функциялары басқа мемлекеттік органға берілген жағдайда, мұндай өзгеріс туралы екінші Мемлекет дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабардар етіледі.

6-бап Сұрау салулар

      1. Беру туралы сұрау салу және оған ілеспе құжаттар жазбаша нысанда жасалады және Сұрау салынатын Мемлекеттің Орталық органына дипломатиялық арналар арқылы жіберіледі.

      2. Сұрау салушы Мемлекеттің мемлекеттік тілінде жасалған, Сұрау салынатын Мемлекеттің мемлекеттік тіліне не ағылшын тіліне аудармасымен жіберілген, қол қойылған және сұрау салушы органның мөрімен бекітілген беру туралы сұрау салу мен қоса берілетін құжаттар одан әрі растауды талап етпейді.

7-бап Сұрау салудың нысаны мен мазмұны

      1. Осы Шартқа сәйкес Үкім шығарушы мемлекет жіберген сұрау салулар бойынша шешім қабылдау мақсатында Үкім шығарушы мемлекет Үкімді орындаушы мемлекетке мынадай ақпарат пен құжаттарды:

      a) сотталған адамның толық сауалнамалық деректерін, туған күні мен жерін;

      b) жазаның түрін, мерзімін және есептелген күнін, сондай-ақ жазаның өтелуге жататын мерзімдері туралы мәліметтерді, сотқа дейінгі ұстау немесе жазадан босату туралы ақпаратты және үкімді орындау үшін маңызы бар өзге де мәліметтерді;

      c) заңды күшіне енген сот үкімінің куәландырылған көшірмесін және қолданылған қылмыстық заңнан үзінді көшірмені;

      d) егер мұндай қажеттілік болса, сотталған адамға қатысты медициналық, әлеуметтік немесе кез келген басқа да есепті, сондай-ақ оның Үкім шығарушы мемлекетте алып жатқан емі туралы кез келген мәліметтерді және Үкімді орындаушы мемлекетте мұндай емделуді жалғастыру керек екендігі туралы кез келген ұсынымдарды;

      e) осы Шарттың 8-бабының 5-тармағына сәйкес алынған сотталған адамның беруге келісімі туралы құжатты ұсынады.

      2. Осы Шартқа сәйкес Үкімді орындаушы мемлекет жіберген сұрау салулар бойынша шешім қабылдау мақсатында Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекетке мынадай ақпарат пен құжаттарды:

      а) сотталған адамның Үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болып табылатынын растайтын құжатты;

      b) жасағаны үшін үкім шығарылған әрекет немесе әрекетсіздік Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылатынын куәландыратын қылмыстық заңның тиісті ережелерінен үзінді көшірмені;

      с) сотталған адамның Үкімді орындаушы мемлекетте басқа істер бойынша айыпталушы немесе сотталушы болып табылатыны не табылмайтыны туралы хабарды ұсынады.

      3. Егер Үкім шығарушы мемлекет Үкімді орындаушы мемлекет жіберген сұрау салуға сәйкес сотталған адамды беруге келіскен жағдайда, Үкім шығарушы мемлекет осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәліметтер мен құжаттарды жібереді.

8-бап Беру шарттары

      Осы Шартқа сәйкес сотталған адам мынадай жағдайларда:

      1) егер ол Үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болып табылса;

      2) егер сот үкімі заңды күшіне енсе және орындалуға жатса;

      3) беру туралы сұрау салу алынған кезде, егер өзгеше уағдаластыққа қол жеткізілмесе, сотталған адам өтеуге жататын мерзім кемінде алты айды құрайтын болса;

      4) жасағаны үшін үкім шығарылған әрекет немесе әрекетсіздік Үкімді орындаушы мемлекетте қылмыс болып табылса;

      5) сотталған адам өзін беруге жазбаша келісімін білдірсе, берілуі мүмкін. Сотталған адам өзін беруге келісімін жазбаша білдіруге қабілетсіз болған жағдайда, беруді оның заңды өкілі, жұбайы/-зайыбы немесе оның жақын туыстарының бірі сұрата алады;

      6) егер Үкім шығарушы мемлекет пен Үкімді орындаушы мемлекет беруге келіссе, берілуі мүмкін.

9-бап Беруден бас тарту

      1. Егер:

      a) беру Үкім шығарушы мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де ұлттық мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін болса;

      b) сотталған адамға қатысты үкім әскери қылмыс үшін шығарылса;

      c) Үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасында көзделген негіздер бойынша үкімді осы Мемлекетте орындау мүмкін болмаса, сотталған адамды беруден бас тартылады.

      2. Егер:

      а) сотталған адам Үкім шығарушы мемлекетте салынған айыппұлдарды, сот шығындарын, өтемақыларды немесе басқа да мүліктік өндіріп алуларды өтеуді жүзеге асырмаған болса;

      b) Үкім шығарушы мемлекеттің сотында сотталған адамға қатысты басқа да мүліктік талаптар қоятын талап қою болса, сотталған адамды беруден бас тартылуы мүмкін.

10-бап Үкімнің орындалуы

      1. Үкімді орындаушы мемлекет сотталған адамға қатысты үкімнің орындалуын өзінің заңнамасына сәйкес жалғастыруды қамтамасыз етеді.

      2. Үкімді орындаушы мемлекеттің соты үкімнің негізінде өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес сот тағайындағандай жаза мерзімін тағайындайды.

      Үкім шығарушы мемлекеттің аумағында өтелген жазаның бір бөлігі үкімнің жалпы мерзімінде ескеріледі.

11-бап Юрисдикцияны сақтау

      1. Осы Шарттың мақсатында Үкім шығарушы мемлекет өзінің соты шығарған үкімді қайта қарау үшін юрисдикцияны сақтайды.

      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қайта қаралған үкімді Үкім шығарушы мемлекеттен алған жағдайда, Үкім шығарушы мемлекет шығарған сот шешімін Үкімді орындаушы мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес орындауға тиіс.

12-бап Үкімнің орындалуын тоқтату немесе өзгерту

      Үкім шығарушы мемлекет үкімнің орындалуын тоқтататын өзінің кез келген шешімі немесе шарасы туралы хабарлағаннан кейін Үкімді орындаушы мемлекет үкімнің орындалуын дереу тоқтатады не өзгертеді.

13-бап Ақпарат алмасу

      1. Үкімді орындаушы мемлекеттің Орталық органы Үкім шығарушы мемлекеттің Орталық органын қашу немесе қайтыс болу сияқты жағдайларда үкімді орындау бойынша қабылданған кез келген шешімдер және шаралар туралы хабардар етеді.

      2. Үкімді орындаушы мемлекеттің Орталық органы Үкім шығарушы мемлекеттің Орталық органының сұрау салуы бойынша сотталған адам берілгеннен кейін үкімнің орындалу процесі туралы ақпаратпен қамтамасыз етеді.

14-бап Қылмыстық жауаптылықтың шектері

      Сотталған адам Үкім шығарушы мемлекетте сотталған дәл сол қылмыстары үшін Үкімді орындаушы мемлекетте қамауға алынбайды, сотқа берілмейді немесе сотталмайды.

15-бап Шығыстар

      1. Үкімді орындаушы мемлекет, Үкім шығарушы мемлекеттің аумағында жұмсалған шығыстарды қоспағанда, сотталған адамды тасымалдауға байланысты шығыстарды ұлттық заңнамаға сәйкес көтереді.

      2. Егер сұрау салуды орындау төтенше сипаттағы шығыстарды талап ететіні анықталса, Мемлекеттер сұрау салудың орындалуы мүмкін шарттарды анықтау үшін бір-бірімен консультация өткізуге тиіс.

16-бап Транзит

      1. Егер сотталған адамды үшінші Мемлекетке беруге келіскен екінші Мемлекет осы адамды өзінің аумағы арқылы транзиттеу туралы сұрау салуды әзірлеген болса, Мемлекет өз заңнамасына сәйкес бұл сұрау салуды қанағаттандырады.

      2. Транзит туралы сұрау салу осы Шарттың 7-бабының 1-тармағында көзделген ақпаратты қамтуға және 7-бабының 2-тармағының а) тармақшасында көзделген құжаттардың көшірмелері қоса берілуге тиіс.

      3. Транзитке рұқсат сұратқан Мемлекет осы Мемлекет сотының немесе басқа да құзыретті органының шешімі негізінде осы аумақ арқылы транзит сұратылатын уақытқа ғана адамды күзетпен ұстауы мүмкін.

      4. Егер мұндай транзит әуе жолымен және болжанатын екінші Мемлекеттің аумағына қонбастан жүзеге асырылатын болса, мұндай рұқсат сұратылмайды.

17-бап Консультациялар

      Мемлекеттердің Орталық органдары осы Шарттың тиімділігін арттыру үшін бір-бірімен консультация өткізуге құқылы. Орталық органдар осы Шартты қолдануға жәрдемдесу үшін қажет болуы мүмкін кез келген практикалық шараларды да қолдануға құқылы.

18-бап Келіспеушіліктерді шешу

      Осы Шартты түсіндіруге және қолдануға байланысты кез келген келіспеушіліктер Мемлекеттер арасында дипломатиялық арналар арқылы консультациялар өткізу жолымен шешіледі.

19-бап Шарттың күшіне енуі, қолданылуы және тоқтатылуы

      1. Осы Шарт қолданыстағы заңнамаға сәйкес оның күшіне енуі үшін қажетті барлық ішкі рәсімдерді орындағаны туралы Мемлекеттерден соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Осы Шарт ол күшіне енгенге дейін және кейін сотталған адамдарға қолданылады.

      3. Әрбір Мемлекет осы Шарттың қолданысын дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарламамен кез келген уақытта тоқтатуға құқылы. Осы Шарттың қолданысы осындай ниет туралы хабарлама алынған күннен бастап бір жүз сексен (180) күн өткеннен кейін тоқтатылады. Дегенмен, осы Шарттың тоқтатылуы ол тоқтатылғанға дейін басталған рәсімдерге қолданылмайды.

      4. Осы Шартқа Мемлекеттердің өзара келісуі бойынша осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

      ОСЫНЫ ДӘЛЕЛДЕУ ҮШІН өздерінің Мемлекеттері осыған тиісті түрде уәкілеттік берген төмендегі қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      20 _____ жылғы _____________ қаласында әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Шартты түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда оның ағылшын тіліндегі мәтіні басым болып табылады.

      Қазақстан Республикасы үшін Біріккен Араб Әмірліктері үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады