Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы конвенциясына қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 10 қазандағы № 561 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы конвенциясының жобасы мақұлдансын.

      2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы конвенциясына Қазақстан Республикасының атынан қол қойылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 10 қазандағы
№ 561 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы КОНВЕНЦИЯСЫ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі - ТМД) қатысушы мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық дамуы үшін ғарыш ғылымының, техниканың және ғарыш технологияларының зор мәнін назарға ала отырып,

      ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда одан әрі зерттеуге және пайдалануға ортақ мүдделілікті мойындай отырып,

      ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану, сондай-ақ ғарыш техникасы мен ғарыш технологияларының өз мемлекеттері халқының игілігіне қолдану саласында ынтымақтастықты дамытуға ұмтыла отырып,

      ғылыми-техникалық және өндірістік кооперацияға негізделген ғарыш қызметі саласындағы мақсатты халықаралық ынтымақтастықтың практикалық маңыздылығы мен әлеуетті өзара тиімді пайданы мойындай отырып,

      1967 жылғы 27 қаңтардағы Айды және басқа аспан денелерін қоса алғанда, ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану жөніндегі мемлекеттер қызметінің қағидаттары туралы шарттың және 1972 жылғы 29 наурыздағы Ғарыш объектілері келтірген залал үшін халықаралық жауапкершілік туралы конвенция ережелерінің маңыздылығын мойындай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Конвенцияның мақсаттары үшін мынадай терминдер пайдаланылады:

      Жерді қашықтықтан зондтау - табиғаттың шынайы параметрлері мен құбылыстарының, Жердің табиғи ресурстарының, қоршаған ортаның, сондай-ақ антропогенді объектілер мен түзілімдердің орналасқан жерін анықтауға, сипаты мен уақыттық өзгеруін сипаттауға ықпал ететін құрлықтық, мұхит пен Жер атмосферасы элементтерінің электр магниттік толқындардың әртүрлі диапазонында өзіндік және шағылысқан сәулеленуінің энергетикалық және поляризациялық сипаттамаларын байқау, өлшеу және талдау;

      ғарыштық ортаны қашықтықтан зондтау - ғарыштық ортамен тікелей байланыста болмайтын тіркеу аспабының көмегімен ғарыштық орта туралы ақпаратты жинау және талдау;

      координаттық-уақыттық және навигациялық қамтамасыз ету - тұтынушы кеңістік пен уақытта айқындалған міндеттерді шешу немесе мақсаттарға қол жеткізу кезінде пайдаланатын немесе ескеретін объектілер мен процестердің кеңістік пен уақыттағы күйі мен қатынастары туралы өзіне қажетті барлық деректерді алуы мақсатында орындалатын операциялар жиынтығын қамтитын процесс;

      ғарыш қызметі - ғарыштық ортаны зерттеу, игеру және пайдалану жөніндегі жұмыстарды тікелей жүргізумен байланысты кез келген қызмет;

      ғарыш инфрақұрылымы - ғарыш қызметін қамтамасыз етуге арналған объектілер кешені;

      ғарыш техникасы - дайындық объектілерінің (старт кешендері, тасымалдағыш әуе кемесі), шығару-қону құралдарының (тасымалдағыш зымырандар, екпіндеткіш блоктар, шығару құралдары мен ғарыш аппараттарының құрамдас бөліктерін қондыру жүйесі) және ғарыш аппараттарын пайдалану жүйелерінің жиынтығы;

      ғарыштық қызметтер - ғарыш қызметінің нәтижелері оның тұтыну құндылығына салымды қамтамасыз ететін қызмет;

      ғарыштық технологиялар - ғарыш техникасын жасау және ғарыштық қызметтерді көрсету үшін пайдаланылатын әдістер, процестер мен материалдар жиынтығы;

      ғылыми-техникалық әлеует - қоғам алдында тұрған ғылыми-техникалық даму міндеттерін шешуге арналған кадрлық және ұйымдық, материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық ресурстар жиынтығы;

      қолданбалы ғарыштық зерттеулер - практикалық мақсаттарға қол жеткізу және нақты міндеттерді шешу үшін ғарыш саласында жаңа білім алуға және қолдануға бағытталған зерттеулер;

      ғарыш қызметінің нәтижелері - ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану процесінде жасалатын (көрсетілетін) өнімдер (қызметтер);

      бірлескен қызмет - осы Конвенция шеңберінде мемлекеттердің ғарыш кеңістігін зерттеумен және пайдаланумен, ғарыш техникасы мен технологияларын бейбіт мақсаттарда қолданумен байланысты қызметі;

      іргелі ғарыштық зерттеулер - Жер айналасы мен ғарыш кеңістігі туралы жаңа білім алуға бағытталған эксперименттік және теориялық қызмет.

2-бап

      Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық халықаралық құқықтың жалпы қабылданған қағидаттары мен нормаларына сәйкес және Тараптар заңнамасын сақтаумен жасалған мемлекетаралық, үкіметаралық шарттар мен ведомствоаралық сипаттағы халықаралық шарттар шеңберінде жүзеге асырылады.

      Конвенция шеңберінде бірлескен қызметті жүзеге асыру тәртібі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жеке үкіметаралық келісімімен реттеледі, онда сонымен бірге технологияларды, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, ақпарат алмасу, экспорттық бақылау, кедендік реттеу, Тараптардың жауапкершілігі, Ғарыш жөніндегі мемлекетаралық кеңес қызметі мәселелері қаралады.

3-бап

      Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың мақсаттары:

      ғарыш техникасы мен технологияларын, ғарыш қызметінің нәтижелерін тиімді пайдалану арқылы Тараптардың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету;

      бірлескен жобаларды іске асыру кезінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қаржы, ғылыми-техникалық, өндірістік және зияткерлік ресурстарын біріктіруден экономикалық әсер мен сапалы басымдықтар алу;

      Тараптардың ғылыми-техникалық әлеуеті мен ғарыш инфрақұрылымын дамыту;

      Жер және ғарыш кеңістігі туралы білімді жетілдіру және жинау болып табылады.

4-бап

      Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық мынадай негізгі қағидаттарға негізделеді:

      Тараптардың тең құқықтығы мен өзара пайда;

      ғылыми және техникалық ақпаратты, ғарыш ғылымы, техникасы мен ғарыш технологияларының түрлі салаларындағы эксперименттік деректерді, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар нәтижелерін және материалдарды өзара алмасу;

      ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы күштерді, құралдар мен ғылыми-техникалық әлеуетті біріктіру;

      ғарыш технологиялары мен қызметтерінің халықаралық нарығында әріптестік пен бірлескен қызметтің әртүрлі нысандарын дамыту;

      ұлттық және халықаралық ғарыш жобалары мен бағдарламаларына қол жеткізуге өзара жәрдемдесу.

5-бап

      Тараптар:

      ғарыштық ортаны қашықтықтан зондтауды, астрономиялық зерттеулерді және планеталарды зерттеуді қоса алғанда, іргелі және қолданбалы ғарыштық зерттеулер;

      Жерді қашықтықтан зондтау;

      координаттық-уақыттық және навигациялық қамтамасыз ету;

      ғарыш қоқысы проблемаларын шешу;

      астероидты-кометалық қауіпті болғызбау;

      ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде экологиялық қауіпсіздікті және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету;

      ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық, тәжірибелік-технологиялық және ғарыш техникасымен және ғарыш инфрақұрылымымен байланысты басқа жұмыстар;

      басқарылатын ғарыштық ұшулар;

      ғарыштық қызметтерді ұсыну және пайдалану;

      ғарыш саласы үшін кадрларды даярлау және қайта даярлау;

      Тараптардың ғарыш саласындағы ұлттық нормативтік құқықтық және техникалық құжаттарын үйлестіру бағыттары бойынша ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

      Тараптар ынтымақтастықтың өзге бағыттарын қосымша келісе алады.

      Тараптар ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеудің және пайдаланудың ғылыми-техникалық және халықаралық-құқықтық проблемаларын шешуге бағытталған халықаралық күш салуға ықпал етеді, және осы салада өзара ынтымақтастық жасайды.

6-бап

      Тараптар ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану жөніндегі бірлескен қызметті мемлекетаралық жобалар мен бағдарламалар негізінде жүзеге асырады.

7-бап

      Тараптардың бірлескен қызметін үйлестіруді ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласында ТМД салалық ынтымақтастығы органы болып табылатын Мемлекетаралық ғарыш кеңесі жүзеге асырады.

8-бап

      Мемлекетаралық жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыруды мүдделі Тараптар ұлттық бюджеттер мен бюджеттен тыс көздер есебінен қалыптасатын қаражаттан үлестік негізде жүзеге асырады.

9-бап

      Осы Конвенцияны түсіндіру және қолдану кезінде туындауы мүмкін даулар консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.

10-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Конвенцияға оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

11-бап

      Осы Конвенция, оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Конвенция депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

12-бап

      Осы Конвенция ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылу туралы құжаттарды депозитарийге беру арқылы қосылуы үшін ашық.

      Қосылушы мемлекет үшін Конвенция:

      а) қосылу туралы құжатты депозитарийге тапсырған сәтте Конвенция күшіне енген жағдайда, депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң;

      б) қосылу туралы құжаттарды депозитарийге тапсырған сәтте Конвенция күшіне енбеген жағдайда, Конвенция күшіне енген күннен бастап күшіне енеді.

13-бап

      Осы Конвенция күшіне енген Тараптар арасындағы қарым-қатынастарға:

      1991 жылғы 30 желтоқсандағы Ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану жөніндегі бірлескен қызмет туралы келісімнің;

      1992 жылғы 15 мамырдағы Ғарыштық бағдарламаларды орындау мүддесінде ғарыштық инфрақұрылым объектілерін ұстау және пайдалану тәртібі туралы келісімнің күші жойылады.

14-бап

      Осы Конвенция белгіленбеген мерзімге жасалады.

      Әрбір Тарап шығу күніне дейін кемінде 12 айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жолдап және Конвенция қолданылған уақытта туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттеп, осы Конвенциядан шығуға құқылы.

      20 __ жылғы "____" ______________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Конвенцияға қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады