Шанхай ынтымақтастық ұйымының бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 593 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ETEMIH:

      1. Қоса беріліп отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымының бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісімінің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісімге Қазақстан Республикасының атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 29 қарашадағы
№ 593 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Шанхай ынтымақтастық ұйымының бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер

      2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хартиясының 12-бабын басшылыққа ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      ШЫҰ немесе Ұйым - Шанхай ынтымақтастық ұйымы;

      Мүше мемлекеттер - ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер;

      Бас хатшы - ШЫҰ Бас хатшысы;

      ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдары - ШЫҰ Хатшылығы, ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы (бұдан әрі — ӨТҚҚ) және ШЫҰ шеңберінде құрылатын, тұрақты жұмыс істейтін өзге де кұрылымдар;

      Директор - ӨТҚҚ Атқарушы комитетінің директоры;

      Аванстар - мүше мемлекеттер ШЫҰ бюджетіне бір рет аударатын және Ұйым қызметін тоқтатқан немесе олар одан шыққан жағдайда мүше мемлекеттерге қайтарылатын сомалардың үлестік жарналарының мөлшерлеріне сәйкес ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері басшыларының (премьер-министрлер) кеңесі (бұдан әрі - ҮБК) бекітетін;

      Бюджет (тұрақты) — ШЬІҰ тұрақты жұмыс істейтін органдарының міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге арналған ақшалай қаражаттың пайда болу және пайдаланылу нысаны. Ол мүше мемлекеттердің үлестік жарналарынан және өзге де түсімдерден тиісті бюджеттік жылға қалыптастырылады;

      Бюджеттік (қаржы) жылы - 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанды қоса алғандағы кезең;

      Жарналар (үлестік) - осы қаржы жылы ШЫҰ тұрақты жұмыс істейтін органдарының қызметіне байланысты шығыстарды қаржыландыру үшін ШЫҰ мүше мемлекеттері үшін белгіленген (есептелген) сомалар;

      Ішкі аудит - шығыстарды қалыптастыруды бақылау, жоспарлы көрсеткіштер мен нормативтерден ауытқуларды анықтау, ауытқулардың себептерін талдау, қаржылық-шаруашылық қызметтің резервтерін іздеу және Бас хатшыны қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету;

      Сыртқы аудит — ҮБК тағайындаған тұлға (лар) немесе институт жүзеге асыратын ШЬІҰ қаржылық-шаруашылық қызметін тексеру;

      Қаржылық бақылау - бюджеттің жасалу, қаралу және атқарылу тәртібін, сондай-ақ бюджет қаражатының толықтырылуын, бөлінуін және пайдаланылуын ішкі және де сыртқы тексеру мен бақылау;

      Міндеттеме - шарттық қатынастарға түсу немесе мәмілелердің ШЫҰ қаржылық жауаптылығына алып келетін, тиісті рұқсаттар алынған басқа да түрлерін жасау;

      Түсімдер - ШЫҰ бюджетіне белгіленген (есептелген) үлестік жарналар және өзге де түсімдер түрінде түскен қаражат;

      Өзге түсімдер - белгіленген үлестік, нысаналы ерікті жарналарды және ақшалай нысандағы сыйларды, сондай-ақ ағымдағы қаржы кезеңінде шығыстарды тікелей өтеу нәтижесінде алынған сомаларды және алынатын аванстарды қоспағанда, түсімдердің барлық түрлері;

      Ортақ қор - ШЫҰ тұрақты бюджеті бойынша түсімдер мен шығыстарды есепке алу үшін ашылған шот;

      Айналым қаражатының қоры — мүше мемлекеттерден белгіленген жарналар түскенге дейін тұрақты бюджет бойынша шығыстарды қаржыландыру мақсатында ШЫҰ мүше мемлекеттерден түсетін біржолғы түсімдерді есепке алу үшін ашылған шот;

      Резервтік қор - Ұйымның қызметіне байланысты күтпеген және төтенше шығыстарды қаржыландыру мақсатында ақшалай қаражат қозғалысын есепке алу үшін ашылған шот;

      Нысаналы қор - Ұйымның қызметіне байланысты нысаналы шығыстарды қаржыландыру мақсатында ақшалай қаражат қозғалысын есепке алу үшін ашылған шот;

      Арнайы шоттар - нақты іс-шаралар мен мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған ақшалай қаражат қозғалысын есепке алу үшін пайдаланылатын шоттар.

2-бап

      Ұйымның бюджеті қаржы жылы болып табылатын күнтізбелік бір жыл мерзімге жасалады, және оны ҮБК бекітеді.

      Ұйымның бюджеті олар қатысты қаржы жылына арналған барлық түсімдер мен шығыстарды қамтиды және АҚШ долларында қалыптастырылады. Жыл сайынғы жарналар мен аванстар АҚШ долларымен есептеледі және төленеді.

3-бап

      Мүше мемлекеттер Ұйымның бюджетіне осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Қосымшаға сәйкес жыл сайынғы үлестік жарналарын енгізеді.

      Үлестік жарналардың мөлшері бір немесе бірнеше мүше мемлекеттің ұсынысы бойынша және басқа мүше мемлекеттердің келісімімен, сондай-ақ мүше мемлекет Ұйымнан шыққан немесе жаңа мемлекет ШЫҰ-ға мүше ретінде енген жағдайда өзгертілуі мүмкін.

      ШЫҰ-ға жаңа мүше мемлекет жарнасының мөлшері ШЫҰ құрылтайшы мемлекеттерінің үлестік жарнасының ең төмен мөлшерінен төмен болуы тиіс.

      Үлестік жарналардың өзгертілген мөлшері осы Келісімнің 11-бабында көзделген тәртіппен бекітіледі.

4-бап

      Мүше мемлекеттер үлестік жарналарын төлеуді бекітілген бюджет шегінде ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдарының шоттарына бөлек жүргізеді.

      Есептелген жарналар Бас хатшыдан тиесілі жарналар туралы хабарлама алынған кезден бастап отыз күн ішінде немесе күнтізбелік жылдың бірінші күніне толық көлемде төленуге тиіс.

      Егер мүше мемлекеттің осы мерзімдерде тиесілі үлестік жарналарды толық көлемде енгізетін жағдайы болмаса, ол оларды кезең-кезеңімен аудара алады, ол туралы Бас хатшыны алдын ала хабардар етеді. Бұл ретте бірінші тоқсанның бірінші айының ішінде міндетті (есептелген) жарналардың жалпы сомасының кемінде 30 пайызы әрі екінші және үшінші тоқсандардың бірінші айларының ішінде кемінде 35 пайыздан аударылуы тиіс.

      Ұйым бюджеті қаржы жылы басталғанға дейін бекітілмеген жағдайда, мүше мемлекеттер Ұйымның бюджеті бекітілгенге дейін жарналарды ай сайын алдыңғы бюджет жылының тұрақты бюджеті атқарылуының 1/12 мөлшерінде аударады.

5-бап

      Бас хатшы негізділік, тиімділік және нақты қажеттілік қағидаттары негізінде ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдарының ұсыныстарына сәйкес келесі қаржы жылына арналған бюджет жобасын қалыптастырады.

      Бас хатшы барлық мүше мемлекеттерге бюджет жобасын кезекті қаржы жылы басталғанға дейін сегіз айдан кешіктірмей береді. Бюджет жобасы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер сарапшыларының қаржылық-бюджеттік мәселелер жөніндегі арнайы жұмыс тобында қаралады және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілер кеңесі (бұдан әрі - ҰҮК) мақұлдағаннан кейін ҮБК-ге бекітуге ұсынылады.

      ҮБК Ұйым бюджетін бекіткеннен немесе қайта қарағаннан кейін Бас хатшы мүше мемлекеттерге төлеуге тиесілі үлестік жарналар мен аванстар туралы хабарлайды.

      Бас хатшы үлестік жарналардың түскені туралы мәліметтерді мүше мемлекеттерге кезең-кезеңімен ұсынады.

      Бас хатшы осы Келісімнің негізінде қаржылық ережелер мен қағидаларды әзірлейді және қажет болған жағдайда оларға түзетулер енгізеді. Ол ҰҮК-мен келісу бойынша оларды ҮБК-ге бекітуге ұсынады.

      Ұйым бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті Бас хатшы жасайды, ШЬІҰ-ға мүше мемлекеттер сарапшыларының қаржылық-бюджеттік мәселелер жөніндегі арнайы жұмыс тобы қарайды және ҰҮК-нің мақұлдауымен ҮБК-ге бекітуге жіберіледі.

      Бас хатшы көрсетілген өкілеттіктерді өзінің кез келген орынбасарына жазбаша нысанда табыстай алады.

6-бап

      Бас хатшы мен Директор ҮБК бекіткен бюджет сомасы шегінде міндеттемелер қабылдауға және оларға қатысты болатын қаржы жылы ішінде төлемдер жүргізуге құқылы.

      Бас хатшы мен Директор қаржы жылы аяқталғаннан кейін 3 ай ішінде сол қаржы жылы ішінде жеткізілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бойынша міндеттемелерді, сондай-ақ басқа да қалып бара жатқан қаржылық міндеттемелерді толық өтейді.

      ҮБК қаржы жылы басталғанға дейін бюджетті бекітпеген жағдайда, Бас хатшы мен Директор міндеттемелерді қабылдауға және алдыңғы тұрақты бюджетті атқарудың 1/12 сомасы шегінде ай сайынғы негізде төлемдер жүргізуге уәкілетті.

7-бап

      Тұрақты бюджет бойынша түсімдер мен шығыстарды есепке алу үшін Ортақ қор құрылады. Мүше мемлекеттер ағымдағы қаржы кезеңінің есебіне төлейтін үлестік жарналар, өзге де түсімдер, сондай-ақ осы бапқа сәйкес құрылатын Айналым қаражаты қорынан ұсынылатын қаражат оның ақшалай қаражат көзі болып табылады.

      Сыртқы аудиттің қорытындылары бойынша Ортақ қордың қалдықтары тексерілетін кезеңде берешегі жоқ ШЫҰ мүше мемлекеттерге жарналардың белгіленген шкаласына барабар келесі қаржы жылына арналған үлестік жарналарды төлеу есебіне жатқызылуы тиіс.

      Белгіленген үлестік жарналар түскенге дейін ақшалай қаражатқа қажеттіліктерді жабу үшін Айналым қаражаты қоры құрылады. Мүше мемлекеттердің аванстары оның ақшалай қаражат көзі болып табылады.

      Ұйымның қызметіне байланысты күтпеген және төтенше шығыстарды жабу үшін Резервтік қор құрылуы мүмкін. Резервтік қорды құруға, сондай-ақ ондағы қаражат көлеміне қатысты шешімді және оны пайдалану тәртібін ҰҮК-ның ұсынуы бойынша ҮБК айқындайды.

      Бас хатшы ҰҮК-мен келісу бойынша нысаналы қорлар мен арнайы шоттарды құра алады. Әрбір нысаналы қордың және арнайы шоттың мақсаты мен шекті көлемі нақты айқындалуы тиіс.

      Жоғарыда аталған қорлар мен шоттарды басқару осы Келісімнің 5-бабында аталған қаржылық ережелер мен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      Ерікті жарналарды, ақшалай немесе өзге де нысандағы сыйларды ҰҮК-ның мақұлдауымен Бас хатшы және ӨТҚҚ Кеңесінің мақұлдауымен және осы қаражаттың мақсаты Ұйымның мақсаттары мен міндеттеріне қайшы келмеген жағдайда, белгіленген тәртіппен Бас хатшымен келісу бойынша Директор қабылдауы мүмкін.

      ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдарының ақшалай қаражатты қарызға алуының қандай да бір нысандарына жол берілмейді.

8-бап

      Ұйымның басты лауазымды тұлғасы болып табылатын Бас хатшы Ұйым қызметінің барлық қаржы аспектілеріне жауапты болады және осы Келісімге сәйкес Ұйымның қаржы ресурстарын тиісінше және тиімді басқару үшін ҰҮК және ҮБК алдында есеп береді.

      Ұйымда, ішкі және сыртқы аудитті қоса алғанда, қаржылық бақылаудың қажетті тетігі қамтамасыз етіледі.

9-бап

      Мүше мемлекет төлемеген, жыл сайынғы үлестік жарналардың есептелген сомалары осы мемлекеттің Ұйым алдында міндетті өтеуге жататын берешегі болып табылады.

      Ағымдағы жылғы 1 қазаннан бастап өздеріне есепке жазылмаған жарналарды толық көлемде төлемеген мүше мемлекеттер берешек сомасына айына 0,1 % мөлшерінде пайыз төлеуге тиіс болады.

      Берешек сомасы өткен бюджеттік жыл үшін одан алынуға тиіс жарналар сомасынан асатын мүше мемлекет берешегін толық өтегенге дейін ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдарында өз азаматтарын лауазымға ұсыну құқығынан айырылуы мүмкін. ҮБК Сыртқы істер министрлері кеңесінің (бұдан әрі - СІМК) ұсынуы бойынша, егер ол төлемеу осындай мемлекетке байланысты емес мән-жайлардан туындаған деп тапса, бұл шараларды қолданбау туралы шешім қабылдай алады.

      Берешек сомасы өткен екі бюджеттік жыл үшін одан алынуға тиісті жарналар сомасынан асатын мүше мемлекетке қатысты Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хартиясының 13-бабында көзделген тәртіппен оның Ұйымға мүшелігін тоқтата тұру туралы шешім қабылдануы мүмкін. СІМК-нің ұсынуы бойынша МБК, егер төлемеу осы мемлекетке байланысты емес мән-жайлардан туындаған деп тапса, бұл шараға жүгінбеуі мүмкін.

      Мүше мемлекеттің Ұйым алдындағы қаржылық міндеттемелері ІІІЫҰ-ға осы мемлекеттің мүшелігі тоқтатылғанына (мүшелікті тоқтата тұруға, мүшеліктен ерікті шығуға) қарамастан толығымен орындалуға жатады.

      Осы бапты орындауға байланысты нақты мәселелерді реттеу тәртібі қаржылық ережелерде және осы Келісімнің 5-бабында аталған қағидаларда айқындалады.

10-бап

      Ұйым немесе оның жекелеген тұрақты жұмыс істейтін органдары қызметін тоқтатқан жағдайда, Ұйымның мүлкін сатып алу және сату мәселелерін қоса алғанда, осыған байланысты қаржылық және мүліктік мәселелерді реттеу тәртібін осы Келісімнің ережелерін ескере отырып, ҮБК айқындайды.

      Жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатудан алынған ақшалай қаражат, бар міндеттемелер орындалғаннан кейін мүше мемлекеттер арасында ағымдағы бюджеттік жылға белгіленген жарналардың мөлшеріне барабар бөлінеді.

      Ұйым қызметінің тоқтатылуына байланысты міндеттемелерді орындау үшін ақшалай қаражат жеткіліксіз болған жағдайда, мүше мемлекеттер оны ағымдағы бюджеттік жылға белгіленген жарналардың мөлшеріне барабар жабады.

      Ұйымнан мүше мемлекет шыққан немесе шығарылған жағдайда, осы мемлекет Айналым қаражаты қорына аударған аванстар оған қайтарылады. Егер осы мемлекеттің міндетті жарналарды төлеу бойынша берешегі бар болса, қайтарылатын қаражат сомасы осы берешек сомасына азайтылады. Аванстар есебінен өтелмей жатқан берешек осы мемлекеттің қаражаты есебінен өтеледі.

11-бап

      Осы Келісімге Тараптардың шешімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын, жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын даулы мәселелер Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

13-бап

      Осы Келісімді 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ШЫҰ Хартиясына қатысушы мемлекеттер уақытша қолданады және ол Келісім күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді олардың орындағаны туралы Тараптардың төртінші жазбаша хабарламасын депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісімге кейінірек қол қойған және мемлекетішілік рәсімдерді орындаған мемлекеттер үшін ол мұндай рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін ол Хартияға қосылған кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      Осы Келісім қосылатын мемлекет үшін қосылу туралы құжаттарды депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісімді уақытша қолдану басталған күннен бастап 2003 жылғы 29 мамырдағы ШЫҰ-ның бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісімді және 2003 жылғы 24 қарашадағы ШЫҰ-ның бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы уақытша қолдану тоқтатылады.

14-бап

      ШЫҰ Хатшылығы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады, ол Тараптарға оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      2017 жылғы ______ ___________ ________ орыс және қытай тілдерінде бір данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      Үндістан Республикасы үшін

      Қазақстан Республикасы үшін

      Қытай Халық Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін

      Пәкістан Ислам Республикасы үшін

      Ресей Федерациясы үшін

      Тәжікстан Республикасы үшін

      Өзбекстан Республикасы үшін

  Шанхай ынтымақтастық ұйымының
бюджетін қалыптастыру және атқару
тәртібі туралы келісімге
қосымша

ШАНХАЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫНА МҮШЕ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ҮЛЕСТІК ЖАРНАЛАРЫНЫҢ МӨЛШЕРЛЕРІ

      Үндістан Республикасы – 5,9%

      Қазақстан Республикасы - 17,6%

      Қытай Халық Республикасы - 20,6%

      Қырғыз Республикасы - 8,8%

      Пәкістан Ислам Республикасы - 5,9%

      Ресей Федерациясы - 20,6%

      Тәжікстан Республикасы - 6%

      Өзбекстан Республикасы - 14,6%

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады