Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартқа қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 сәуірдегі № 664 Жарлығы

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс

Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартқа қол қою туралы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Пернешұлы Қожамжаровқа Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2018 жылғы 5 сәуірдегі
№ 664 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы
ШАРТ

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы

      Тараптардың қылмысқа қарсы күрестегі қабылданып жатқан күш-жігерін тиімді етуге НИЕТ БІЛДІРЕ ОТЫРЫП,

      Әрбір Тараптың егемендігін кұрметтеу, ішкі істеріне араласпау қағидаттарын, сондай-ақ халықаралық құқық нормаларын ҰСТАНА ОТЫРЫП,

      іздестірілетін адамдарды экстрадициялау үшін барынша ықтимал ынтымақтастықты сақтау қажеттігін ҰҒЫНА ОТЫРЫП,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап
Ұстап беру міндеттемесі

      Тараптар осы Шарттың ережелеріне және өздерінің заңнамасына сәйкес бір Тараптың аумағында жүрген және екінші Тараптың құзыретті органдары іздестіріп жатқан адамдарды ұстап беруге әкелетін қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе сот үкімін орындау үшін бір-біріне ұстап беруге міндеттенеді.

2-бап
Ұстап беру шарттары

      1. Ұстап беруді жүзеге асыру үшін мынадай шарттардың сақталуы қажет:

      a) Сұрау салушы Тарап адамды ұстап беру туралы сұрау салу үшін негіз болып табылатын қылмыстарға қатысты юрисдикцияға ие болуы;

      b) әрекеттер атауына қарамастан екі Тараптың заңнамасы бойынша қылмыс ретінде жіктелетін болуы және бір (1) жылдан кем емес мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздеуі, және с) бас бостандығынан айыру түріндегі жаза кемінде алты (6) айды құрауы.

      2. Адамды ұстап беру туралы сұрау салу бірнеше өзара байланысты қылмыстарға қатысты жағдайда, осы қылмыстарға ұстап беруді жүзеге асыру үшін олардың ең болмаса біреуі осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келуі жеткілікті.

      3. Осы Шарттың ережелеріне сәйкес ұстап беру қылмыстың қатысушысының, бірге қатысушысының және сыбайластарының қылмысқа қатысу дәрежесіне қарамастан оларға қолданылады.

      4. Тараптар қатысушылары болып табылатын көпжақты халықаралық шарттарда ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар ретінде танылған әрекеттер де ұстап беру үшін негіз болып табылады.

      5. Экономика саласындағы қылмыстар және валюталық реттеумен байланысты әрекеттер бойынша адамды ұстап беруден Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы нақ осындай салықтарды көздемеуі немесе егер осындай әрекеттер Тараптардың заңнамаларында әртүрлі регламенттелуі негізінде ғана бас тарта алмайды.

3-бап
Орталық органдар

      1. Осы Шартты іске асыру мақсатында Тараптар өздерінің орталық органдарын айқындайды:

      Қазақстан Республикасы үшін - Бас прокуратура;

      Бразилия Федеративтік Республикасы үшін - Әділет және қоғамдық қауіпсіздік министрлігі.

      2. Өздерінің орталық органдарының атаулары өзгерген немесе олардың функциялары басқа мемлекеттік органдарға берілген жағдайда, Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

4-бап
Ұстап беруден бас тарту

      1. Адамды ұстап беру, егер:

      a) ұстап беру осы Шарттың 2-бабында көзделген талаптарға сай келмесе немесе Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына не халықаралық міндеттемелеріне қайшы келсе;

      b) адам Сұрау салынатын Тарапта ұстап беру сұратылып отырған дәл сол қылмысы үшін сотталса, кешірім жасалса немесе рақымшылық жасалса немесе адамға қатысты қылмыстық іс қысқартылса;

      c) ұстап берілуі сұратылып отырған адамды Сұрау салушы Тараптың аумағында төтенше сот немесе трибунал кінәлі деп таныса немесе соттауға тиіс болса;

      d) кез келген Тараптың заңнамасына сәйкес ескіру мерзімдері өтіп кетсе;

      e) ұстап берілуі сұратылып отырған адамға қатысты Сұрау салынатын Тараптың аумағында ұстап беру туралы сұрау салу үшін негіз болған бірдей фактілер бойынша қылмыстық қудалау жүзеге асырылса;

      f) қаралып отырған қылмыс саяси болып табылса;

      g) қылмыс әскери болып табылса;

      һ) Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беруге сұрау салу адамды нәсілдік белгісі, діни сенімі, ұлттық тиесілігі немесе саяси көзқарасы бойынша қудалау немесе жазалау мақсатында жолданған болса немесе осы адамның жағдайына осындай себептердің кез келгені бойынша зиян келтірілуі мүмкін деп пайымдауына салмақты негіздер бар болса;

      і) ұстап берілуі сұратылып отырған адам Сұрау салынатын Тараптың азаматы болса;

      j) ұстап берілуі сұратылып отырған адамға Сұрау салынатын Тарапта баспана берілсе, жүзеге асырылмайды.

      2. Қылмысты саяси немесе әскери деп айқындауды Сұрау салынатын Тарап қана жүзеге асырады.

      3. Саяси себептерге немесе мақсаттарға сілтемелер әрекет жалпы қылмыстық қылмыс болып табылса, адамды ұстап беруге кедергі келтірмеуге тиіс. Бұл жағдайда адамды ұстап беру Сұрау салушы Тарап ешқандай саяси мақсаттар немесе себептер үкімді шығару кезінде үкімді ауырлатпайтыны жөнінде ресми мәлімдеме жасаған кезде жүзеге асырылуға тиіс.

      4. Қылмыстың жасалуының саяси себептеріне сілтемелер саяси қылмыс ретінде жіктелмеуге тиіс.

      5. Осы Шарттың мақсаттарына орай мынадай іс-әрекеттер саяси іс-әрекеттер болып қаралмауға тиіс:

      a) мемлекет басшысының немесе Үкімет басшысының немесе олардың отбасы мүшелерінің өміріне, денсаулығына немесе бостандығына қастандық жасау;

      b) геноцид немесе адамзатқа қарсы қылмыстар;

      c) террористтік актілер, мынадай:

      i) халықаралық қорғану құқығына ие адамдардың өміріне, денсаулығына немесе бостандығына қастандық жасау;

      ii) адамды кепілге алу немесе ұрлау;

      iii) жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды пайдалана отырып, адамға немесе меншікке шабуыл жасау;

      iv) корабльдерді немесе ұшақтарды басып алу;

      v) осы бапта жазылған қылмыстарды жасауға оқталу немесе оларға бірлесіп қатысу; және

      vi) адамның өміріне, денсаулығына немесе бостандығына қарсы не конституциялық құрылысты өзгертуге бағытталған, осы бапқа енгізілмеген күш қолдану әрекеттерінің кез келген түрі.

5-бап
Азаматтарды қылмыстық қудалау

      1. Өз азаматын ұстап бермейтін Тарап Сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша өз азаматын қылмыстық қудалауды жүзеге асыру үшін қажетті шараларды қабылдауға тиіс.

      2. Осы баптың мақсатына орай адамды ұстап беру туралы шешімді қабылдау кезінде, азаматтық ұстап беруге кедергі келтіру үшін жалған жолмен алынбаған жағдайда, азаматтық Сұрау салынатын Тараптың заңнамасымен айқындалады.

6-бап
Арнайы қағида

      1. Ұстап берілген адам Сұрау салушы Тараптың аумағында:

      a) Сұрау салушы Тараптың аумағынан кету мүмкіндігі бар бола тұрып, ұстап берілген адам өз еркімен толық босатылғаннан кейін қырық бес (45) тәуліктен астам мерзімде сол жерде қалған немесе Сұрау салушы Тараптың аумағына қайта оралған;

      b) Сұрау салынатын Тарап оған келісім берген жағдайларды қоспағанда, ұстап бергенге дейін жасалған, сұрау салуда көрсетілмеген кез келген қылмыстары үшін ұсталмайды немесе сотталмайды.

      2. Осы баптың 1-тармағының b) тармақшасын орындау үшін Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа осы Шарттың 10-бабында көрсетілген құжаттар қоса берілген ресми сұрау салуды жібереді.

7-бап
Үшінші мемлекетке ұстап беру

      Осы Шарттың 6-бабының а) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, ұстап берілген адам үшінші мемлекетке тек Сұрау салынатын Тараптың келісімімен ұстап беріле алады. Мұндай келісімді алуға сұрау салу осы Шарттың 10-бабында белгіленген тәртіппен жіберіледі.

8-бап
Кепілдіктер

      1. Ұстап берілуі сұратылып отырған адам Сұрау салынатын Тараптың аумағында оның заңнамасында көзделген барлық құқықтар мен кепілдіктерге, оның ішінде қорғалу, адвокат алу, сондай-ақ қажет болған жағдайда, аудармашы алу құқығына ие болады.

      2. Ұстап берілуі сұратылып отырған адамды Сұрау салынатын Тараптың аумағында ұстап беру туралы сұрау салуды қараумен байланысты күзетпен қамауда ұстау кезеңі Сұрау салушы Тараптың аумағында өтелетін жаза мерзіміне қосылады.

9-бап
Өлім жазасы және өмір бойына бас бостандығынан айыру

      1. Сұрау салушы Тарап ұстап берілген адамды өлім жазасына, өмір бойына бас бостандығынан айыруға немесе оның денсаулығына қатер төндіретін немесе денені жазалау сияқты қатыгез және қорлау әрекеттері болып табылатын жазаларға тартпауға тиіс.

      2. Егер ұстап беру туралы сұрау салу үшін негіз болған әрекетке Сұрау салушы Тараптың аумағында өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделсе, Сұрау салынатын Тарап ұстап беруді сотталған жағдайда көрсетілген жазалар қолданылмайды, Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында рұқсат етілген басқа барынша қатаң жазаға өзгертіледі деген Сұрау салушы Тараптың алдын ала ұсынған кепілдіктерімен шарт қоюына тиіс.

10-бап
Ұстап беру туралы сұрау салу

      1. Адамды ұстап беру туралы сұрау салу дипломатиялық арналар немесе орталық органдар арқылы жіберілуге тиіс және мына құжаттарды:

      a) егер адам сотталмаған болса - қамаққа алуға қаулыны немесе оның куәландырылған көшірмесін не Сұрау салушы Тараптың заңнамасына сәйкес оның құзыретті органы берген қылмыстық сот ісін жүргізумен теңдес құжатты;

      b) егер адам сотталған болса - үкімді немесе оның куәландырылған көшірмесін және жазаның өтелмеген мерзімі туралы мәліметтерді көрсете отырып, жазаның толық орындалмағанын растайтын ақпаратты;

      c) әрекет қылмыс деп танылатын және жаза шарасы белгіленетін заңдардың мәтіндерін; Сұрау салушы Тараптың юрисдикциясын және ескіру мерзімдеріне қатысты оның құқықтық ережелерін белгілейтін заңдардың мәтіндерін;

      d) ұстап берілуі сұратылып отырған адамның жеке басына, азаматтығына, тұрақты тұратын жеріне немесе мекенжайына қатысты қолда бар барлық ақпаратты, сондай-ақ мүмкін болса, саусақ іздерін, фотосуреттерді және сәйкестендірудің басқа да құралдарын; және

      e) ұстап беру туралы сұрау салу дайындалған қылмысқа қатысты жасалған күні мен орнын көрсете отырып, оны құрайтын фактілер туралы ақпаратты қамтуға тиіс.

      2. Ұстап беру туралы сұрау салу және оған қоса берілген құжаттар Сұрау салынатын Тараптың ресми тілдерінде немесе Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгеше келісілмесе, ағылшын тілінде жасалады.

      3. Егер ұстап беру туралы сұрау салуға қоса берілген ақпарат немесе құжаттар Сұрау салынатын Тараптың осы Шартқа сәйкес шешім қабылдауы үшін жеткіліксіз болса, Сұрау салынатын Тарап сұрау салу алынған күннен бастап алпыс (60) тәулік ішінде ұсынылуға тиіс қосымша ақпаратты немесе құжаттарды сұратуға құқылы.

      4. Егер ұстап берілуі сұратылып отырған адам экстрадициялық қамаққа алынған болса және сұратылған қосымша ақпарат немесе құжаттар осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзім ішінде алынбаса, адам қамақтан босатылуы мүмкін. Мұндай босату Сұрау салушы Тараптың ұстап беру туралы жаңа сұрау салуды ұсынуына кедергі келтірмеуге тиіс.

      5. Егер адам осы баптың 4-тармағына сәйкес қамаудан босатылса, Сұрау салынатын Тарап мұндай босату туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлауға тиіс.

11-бап
Заңдастырудан босату

      Осы Шарттың ережелеріне сәйкес ұстап беру туралы сұрау салу және оған қоса берілген құжаттар заңдастыру қажеттігінен немесе басқа да осындай формальдылықтардан босатылады.

12-бап
Күзетпен қамауда уақытша ұстау

      1. Сұрау салынатын Тараптың құқықтық жүйесін және оның құзыретті органдары шығаратын шешімдерді ескере отырып, Сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша іздестіріліп жатқан адам ұстап беру туралы ресми сұрау салуды алғанға дейін қамаққа алынуы мүмкін. Өтініште Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының күзетпен қамауға алу туралы шешіміне немесе заңды күшіне енген сот үкіміне және адамды ұстап беру туралы сұрау салу қосымша ұсынылатынына сілтеме қамтылуға тиіс. Өтініш іздестіріліп жатқан адамға айып тағылған жасалған қылмыстың мән-жайлары туралы мәліметтерді және іздестіріліп жатқан адамды сәйкестендіруге мүмкіндік беретін басқа да ақпаратты қамтуға тиіс.

      2. Уақытша қамаққа алу туралы өтініш ұстап беру туралы сұрау салу алынғанға дейін түпнұсқасын Сұрау салынатын Тараптың орталық органына поштамен не Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы бір мезгілде жолдай отырып, электрондық пошта, факс немесе коммуникациялардың басқа да техникалық құралдары арқылы берілуі мүмкін.

      3. Сұрау салынатын Тарап уақытша қамаққа алу туралы өтінішті қарау нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлауға міндетті.

      4. Егер Сұрау салушы Тарап адамды уақытша қамаққа алу туралы хабарламаны алған күннен бастап алпыс (60) тәулік өткен соң Сұрау салынатын Тараптың орталық органы немесе Сыртқы істер министрлігі ұстап беру туралы сұрау салуды алмаса, қамаққа алынған адам босатылуға жатады.

      5. Осы баптың 4-тармағына сәйкес адамды босату ұстап беру туралы ресми сұрау салу Сұрау салынатын Тарапқа түскеннен кейін Сұрау салушы Тарапқа экстрадициялық қамаққа алуды сұратуға кедергі келтірмейді.

13-бап
Сұрау салу бойынша шешім және беру

      1. Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салуға қатысты қабылданған шешім туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды.

      2. Адамды ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандырудан толық немесе ішінара бас тарту туралы кез келген шешім дәлелді болуға тиіс.

      3. Егер адамды ұстап беру туралы хабарламаны Сұрау салынатын Тарап алған күннен бастап алпыс (60) тәулік ішінде Сұрау салушы Тарап ұстап берілген адамды Сұрау салынатын Тараптың аумағынан алып кетпесе, бұл адам күзетпен қамауда ұстаудан босатылады.

      4. Ұстап берілуі сұратылып отырған адам жауапкер болуы мүмкін қылмыстан немесе кез келген басқа азаматтық процестен туындайтын азаматтық міндеттемелер адамды беруге кедергі келтірмеуге немесе мұны қиындатпауға тиіс.

      5. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа өзінің уәкілетті лауазымды адамдарын ұстап берілуі сұратылып отырған адамды сәйкестендіруге немесе адамды Сұрау салушы Тараптың аумағына тасымалдауға көмек көрсету үшін жіберуге құқылы. Бұл лауазымды адамдар Сұрау салынатын Тараптың заңнамасын сақтауға тиіс.

14-бап
Беруді кейінге қалдыру және уақытша ұстап беру

      1. Егер ұстап берілуі сұратылып отырған адам ұстап беру туралы сұрау салу үшін негіз болмаған басқа қылмысы үшін Сұрау салынатын Тараптың аумағында қылмыстық қудалауға немесе жазасын өтеуге жататын болса, Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру туралы шешім қабылдағаннан кейін сот талқылауы аяқталғанға дейін немесе үкім толық орындалғанға дейін оны беруді кейінге қалдыра алады. Мұндай жағдайда Сұрау салынатын Тарап ол туралы Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді.

      2. Дегенмен, Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасына сәйкес Сұрау салушы Тарапқа жүргізілетін қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға мүмкіндік беру үшін уақытша ұстап беру мерзімдері мен шарттарын келісе отырып, іздестіріліп жатқан адамды уақытша ұстап беруге құқылы. Уақытша ұстап берілген адам Сұрау салушы Тараптың аумағында болу кезеңінде күзетпен қамауда ұсталады және келісілген мерзімде Сұрау салынатын Тарапқа қайтарылады. Күзетпен қамауда ұсталған уақыт Сұрау салынатын Тарапта орындалуы тиіс жазаның жалпы мерзіміне есептеледі.

      3. Іздестіріліп жатқан адамды алып жүру денсаулық жағдайына байланысты оның өміріне қауіп төндіруі немесе оның денсаулығын нашарлатуы мүмкін болатындай жағдайға әкелсе, адамды ұстап беру кейінге қалдырылуы да мүмкін. Мұндай жағдайларда Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа өзінің құзыретті денсаулық сақтау мекемесі берген толық медициналық есепті міндетті түрде береді.

15-бап
Құжаттарды, активтерді және мүлікті беру

      1. Адамды ұстап беру қанағаттандырылған жағдайда, Сұрау салынатын Тараптың аумағында қылмыстық әрекеттер нәтижесінде алынған немесе дәлелдемелер болып табылатын құжаттар, активтер және мүлік Сұрау салушы Тарапқа мүмкіндігінше адамды беру кезінде беріледі. Айтылған құжаттарды, активтерді және мүлікті беру Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына қайшы келмеуге және үшінші адамдардың құқықтарына қысым жасамауға тиіс.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттар, активтер және мүлік ұстап берілуге жататын адамның өліміне немесе қашып кетуіне байланысты ұстап беру мүмкін болмаған жағдайда да Сұрау салушы Тарапқа берілуге тиіс.

      3. Сұрау салынатын Тарап басқа қылмыстық талқылауды жүргізу мақсатында осы баптың 1-тармағында көрсетілген объектілерді беруді осындай талқылау аяқталғанға дейін кейінге қалдыруға құқылы не оларды Сұрау салушы Тараптың талқылау аяқталғаннан кейін қайтаруы шартымен оларды уақытша бере алады.

      4. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тараптың жазбаша сұрау салуы бойынша, егер Тараптар әрбір нақты жағдайда өзгеше туралы уағдаласпаса, сот талқылауы аяқталғаннан кейін бір (1) айдың ішінде алынған объектілерді қайтарады.

16-бап
Жарыспалы сұрау салулар

      1. Егер нақ сол бір адамды ұстап беру туралы сұрау салулар екі немесе бірнеше мемлекеттен түскен болса, Сұрау салынатын Тарап адамның бұдан әрі сұрау салып отырған мемлекеттердің арасында ұстап берілуі мүмкіндігін қарай отырып, олардың қайсысына ұстап берілетінін айқындайды және қабылданған шешім туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлайды.

      2. Жарыспалы сұрау салулар бір қылмысқа қатысты болса, Сұрау салынатын Тарап:

      a) аумағында қылмыс жасалған мемлекетке;

      b) сұрау салумен ертерек жүгінген мемлекетке;

      c) аумағында ұстап берілетін адам тұрған мемлекетке артықшылық беруге тиіс.

      3. Егер жарыспалы сұрау салулар әртүрлі қылмыстарға қатысты болса, Сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасына сәйкес және осы баптың 1-тармағының талабын сақтай отырып, ең ауыр қылмыс бойынша юрисдикциясы бар мемлекетке артықшылық беруге тиіс. Егер қылмыстардың ауырлығы бірдей болса, онда сұрау салуды ертерек жіберген мемлекетке артықшылық берілуге тиіс.

17-бап
Адамды оңайлатылған ұстап беру

      Іздестіріліп жатқан адам Сұрау салынатын Тараптың сотын немесе басқа құзыретті органын ұстап берілуге өзінің келісімін хабардар еткен жағдайда, Сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасына сәйкес ұстап беру рәсімін тездету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

18-бап
Ұстап берілген адамды қайтару

      Сұрау салушы Тараптың аумағынан қашып кеткен және Сұрау салынатын Тараптың аумағына қайта оралған ұстап берілген адам осы Шартта көзделген формальдықтарсыз орталық орган, дипломатиялық арналар немесе Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы жіберілген сұрау салу бойынша ұсталуға және Сұрау салушы Тарапқа қайтадан берілуге тиіс.

19-бап
Ұстап берілген адамды транзиттеу

      1. Әрбір Тарап өзінің заңнамасына сәйкес, егер адамды транзиттеу оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне қауіп төндірмесе немесе Конституциясына не оның заңнамасының іргелі қағидаттарына немесе өзге де ұлттық мүдделеріне қайшы келмесе, екінші Тарапқа үшінші мемлекет ұстап берген адамдарды өзінің аумағы арқылы транзиттеуге рұқсат бере алады.

      2. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа дипломатиялық арналар бойынша немесе орталық орган арқылы не аса шұғыл жағдайларда Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы тасымалданатын адамның жеке деректерін, оның азаматтығы туралы мәліметтерді, ұстап берілген адамды айдауылдап жүретін адамдардың жеке деректерін және адамды ұстап беруге рұқсат ететін құжаттың көшірмесін қамтитын транзиттеу туралы сұрау салуды жібереді.

      3. Ұстап берілген адамды күзетпен қамауда ұстауды транзит Тарапының құзыретті органдары жүзеге асырады.

      4. Әскери ұшақтарды қоспағанда, әуе көлігі пайдаланылатын және транзит Тарапының аумағына қону көзделмеген кезде ұстап берілген адамды транзиттеуге рұқсат талап етілмейді. Транзит Тарапының аумағында жоспарланбай қонған жағдайда, транзиттеуді жүзеге асырушы Тарап ол туралы транзит Тарапын дереу хабардар етеді.

      5. Транзиттеуге рұқсат туралы сұрау салу және оған қоса берілген құжаттар Сұрау салынатын Тараптың ресми тілдерінде немесе Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгеше келісілмесе, ағылшын тілінде жасалады.

20-бап
Нәтижелер туралы хабардар ету

      Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тараптың сұрау салуы бойынша сот талқылауы туралы не ұстап берілген адамға қатысты шығарылған түпкілікті үкімнің орындалуы туралы ақпаратты не осы адамның үшінші мемлекетке ұстап берілуі туралы ақпаратты дереу ұсынады.

21-бап
Шығыстар

      Сұрау салынатын Тарап өз аумағында туындаған шығыстарды көтереді. Сұрау салушы Тарап ұстап берілген адамды оны беруден кейінгі тасымалдау бойынша, сондай-ақ құжаттарды, активтерді және мүлікті беру бойынша шығыстарды көтереді.

22-бап
Келіспеушіліктерді шешу

      Тараптар арасында осы Шарттың ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты туындаған келіспеушіліктер орталық органдар арасында немесе дипломатиялық арналар бойынша келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.

23-бап
Халықаралық шарттармен үйлесімділігі

      Осы Шарт Тараптар қатысушылары болып табылатын кез келген халықаралық шартқа сәйкес олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

24-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы Шарт Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарламаларының соңғысын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады. Осы Шарттың қолданысы Тараптардың бірі оның қолданысын тоқтату ниеті туралы тиісті жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты (6) ай өткен соң тоқтатылады.

      3. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа, оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      4. Осы Шарт қолданысын тоқтатқанға дейін Тараптар бастамашылық еткен кез келген рәсімдер олар толық аяқталғанға дейін жүзеге асырылады.

      5. Осы Шарт оның күшіне енгенге дейін жасалған қылмыстарға да қолданылады.

      20 __ жылғы "___" ____________ ___________ әрқайсысы қазақ, португал және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Шарттың мәтіндерінде айырмашылықтар болған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасы
үшін
Бразилия ФедеративтікРеспубликасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады