Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы 2026 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық туралы шартты бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 шілдедегі № 715 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған 2017 жылғы 29 қарашада Минскіде жасалған Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы 2026 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық туралы шарт бекітілсін.

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2018 жылғы 2 шілдедегі
№ 715 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы 2026 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық туралы
ШАРТ

      (2018 жылғы 19 шілдеде күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 4, 56-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы және Беларусь Республикасы

      стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге ұмтыла отырып,

      жалпы қабылданған нормалар мен халықаралық құқық қағидаттарын басшылыққа ала отырып,

      Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасында сауда, экономикалық байланыстарды ұлғайту және әртараптандыру қажеттілігін атап көрсете отырып,

      Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасында бар экономикалық, өндірістік, қаржылық және басқа да мүмкіндіктерді неғұрлым тиімді пайдалану қажеттігін сезіне отырып,

      тең құқықтық және өзара тиімді сауда-экономикалық және өндірістік қатынастарды одан әрі нығайту мен дамытуда, оларға ұзақ мерзімді және тұрақты сипат беруде, екі мемлекеттің экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетін тиімді пайдалануда өзара мүдделі болуын ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы 2026 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық туралы бағдарламаны (бұдан әрі – Бағдарлама) іске асырады.

2-бап

      Бағдарламаны іске асыру барысымен байланысты мәселелерді қарауды Қазақстан-Беларусь сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия жүзеге асырады.

3-бап

      Тараптар екі мемлекеттің экономикалық қатынастарының шарттық-құқықтық базасын жетілдіруге ерекше назар аударады.

      Тараптар кәсіпкерлік және өзге де шаруашылық қызметті жүзеге асыру, сондай-ақ өзара мүдделілік білдірген жобаларды іске асыру үшін қолайлы экономикалық жағдай жасауға жәрдем көрсетеді.

      Тараптар өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес жекешелендіруге қатысуға жәрдем көрсетеді.

4-бап

      Тараптар өздерінің экономикасын әртараптандыру және оларды жаңа технологиялық негізге ауыстыру салаларындағы ұлттық басымдықтарды ескере отырып, екіжақты экономикалық, сауда, ғылыми және техникалық байланыстарды дамытады.

      Тараптар экономиканың әртүрлі салаларында, ең алдымен өнеркәсіп және отын-энергетика кешенінде, құрылыста, ауыл шаруашылығында, туризмде өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетеді.

      Тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу және екі мемлекеттің нарықтарына ілгерілету, аграрлық сектордың ғылыми ұйымдары арасындағы жан-жақты байланыстарды тереңдету саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді.

      Тараптар өздері жүзеге асыратын әлеуметтік-экономикалық түрлену саласында ынтымақтастық жасайды, өндірістік кооперацияны дамытады және бірлескен өндірістік кәсіпорындарды құрады.

      Тараптар түбегейлі нормалар мен халықаралық құқық қағидаттарына сүйене отырып, өздерінің сыртқы сауда және экономикалық саясатын жүргізеді.

5-бап

      Осы Шартты іске асыру барысында туындайтын келіспеушіліктер Тараптар арасындағы келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.

6-бап

      Осы Шарттың ережелері өздері қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

7-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Шарт күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін, осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады.

8-бап

      Осы Шарт оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы Тараптар соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді және 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.

      Осы Шарттың қолданысын тоқтату Бағдарламаға сәйкес іске асырылуы осы Шарт қолданысы кезеңінде басталған жобалардың жүзеге асырылуын қозғамайды.

      2017 жылғы 29 қарашада Минск қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі екі мәтінде тең түпнұсқалы және күші бірдей болып табылады.

      Қазақстан Республикасы
үшін
Беларусь Республикасыүшін

  Қазақстан Республикасы мен
Беларусь Республикасы арасындағы
2026 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық
ынтымақтастық туралы шартқа
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы 2026 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық туралы
БАҒДАРЛАМА

      I. Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері

      Осы Бағдарламаны Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы (бұдан әрі – Тараптар) екі мемлекеттің арасындағы өзара тиімді экономикалық және ғылыми-техникалық байланыстарды одан әрі кеңейту, ұлттық экономика салаларындағы өндірістік ынтымақтастықта айтарлықтай прогреске және осы негізде өзара сауда айналымының өсіміне қол жеткізу жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру мақсатында әзірледі.

      Осы мақсаттарды іске асыру үшін осы Бағдарламада Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының мемлекеттік органдарының мынадай негізгі бағыттар бойынша өзара іс-қимылы көзделеді:

      экономикалық өзара іс-қимыл саласында:

      тең құқықты және өзара тиімді шарттарда сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту және әртараптандыру;

      өндірістің өсуі үшін ынта тудыру, ғылымның ең жаңа жетістіктері мен озық технологияларды енгізу, шығарылатын өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

      өндірістік кооперацияларды дамыту, бірлескен өндірістер құру және екіжақты экономикалық жобаларды іске асыру;

      екі мемлекет аумағында орналасқан шаруашылық жүргізуші субъектілерге адал бәсекелестікке жағдайлар жасау;

      валюта-қаржы саласындағы ынтымақтастықты дамыту, қаржылық нарықтар саласындағы реттеуді үйлестіру және қаржылық нарыққа қатысушылардың өзара кіру рұқсатын кеңейту, бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын реттеуді жетілдіру;

      биржалық тауарлардың интеграцияланған нарығын құру;

      инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, оның ішінде стратегиялық транзиттік әлеуетті күшейту мақсатында бірлесіп қатысу;

      ұлттық тауар өндірушілердің өнімін жарнамалау және тауарларды өзара ілгерілету мақсатында сауда-экономикалық іс-шараларды (көрмелер, жәрмеңкелер, бизнес-форумдар, іскерлік кездесулер) тұрақты өткізу;

      экономикалық ынтымақтастық жобалары бойынша өзара іс-қимыл;

      ғылыми-техникалық ынтымақтастық және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуда күш-жігерді үйлестіру;

      атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамыту;

      жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты дамыту;

      ұлттық компаниялардың Батыс Еуропа – Батыс Қытай бағытындағы көліктік бағдарлар құрылысына және реконструкциясына қатысу;

      ғарышты бейбіт мақсатта игеру саласындағы бірлескен бағдарламалар мен жобаларды дамыту;

      экономиканы әртараптандыруды жеделдетуге бағытталған инновациялық ынтымақтастықты дамыту;

      өндірістік кооперацияларды іске асыру үшін құқықтық негіздерді құру;

      өңіраралық ынтымақтастықты, инвестициялар, шағын және орта бизнес, жекешелендіру саласындағы ынтымақтастықты дамыту;

      мемлекеттік мүлікті және жекешелендіруді басқару, мемлекеттік жер кадастрын жүргізу саласындағы ынтымақтастықты дамыту;

      төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру;

      табиғатты қорғау саласындағы, ормандарды және су ресурстарын басқару, экологиялық мониторинг саласындағы ынтымақтастықты кеңейту;

      климаттың өзгеруі cалдарларын жеңілдету және климаттың өзгеруіне бейімделу, табиғатты ұтымды пайдалану;

      өзара мүдделікті білдіретін сауда-экономикалық, сондай-ақ ғылыми-техникалық сипаттағы ашық ақпарат алмасу;

      агроөнеркәсіптік кешен саласында:

      Тараптардың агроөнеркәсіптік секторы ұйымдарының арасында тікелей байланысты жолға қою және тәжірибе алмасу, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, қайта өңдеу, сақтау мен өзара жеткізудің жаңа технологияларын пайдалану бойынша ынтымақтастықты кеңейту;

      агроөнеркәсіптік кешен проблематикасы бойынша ғылыми-техникалық ынтымақтастық, оның ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстары саласындағы жетістіктер туралы ақпарат алмасу;

      көлік және ақпараттық технологиялар саласында:

      қолданыстағы көлік дәліздерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін екі мемлекеттің тиімді географиялық орналасуын пайдалана отырып, көліктік-коммуникациялық ынтымақтастықты дамыту;

      жолаушылар және жүк тасымалын дамыту, Тараптардың транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану;

      ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту;

      геоақпараттық және жаһандық жүйелерді (QIS, GPS) пайдалану саласында тәжірибе алмасу;

      гуманитарлық ынтымақтастық саласында:

      гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мен дамыту, әлеуметтік, мәдени және басқа салаларда өзара іс-қимыл жөніндегі шараларды дайындау және іске асыру;

      білім және мәдениет, спорт және туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту;

      еңбек, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамыту;

      денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамыту;

      келісілген мамандықтар тізбесі бойынша тиісті деңгейдегі мамандарды даярлау, мамандармен, ғалымдармен, аспиранттармен және студенттермен өзара алмасуды кеңейтуге және дамытуға жәрдемдесу;

      зияткерлік меншік саласындағы өзара ынтымақтастықты кеңейту.

      II. Экономикалық ынтымақтастықты дамыту

      Тараптар арасындағы сауда ынтымақтастығын кеңейту және тереңдету көпжақты және екіжақты шарттық міндеттемелер шеңберінде тиімді өзара іс-қимыл, есеп айырысу жүйелерін жетілдіру, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі міндеттемелерді ескере отырып, тұтастай алғанда сыртқы экономикалық қызметке қатысты өзара сенім ахуалын құру арқылы жүзеге асырылады.

      Осы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына:

      екі мемлекеттің заңнамасына сәйкес Тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілерінің Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасында объектілерді жекешелендіру бағдарламаларына өзара қатысуына жәрдемдесу;

      салалық жобалар мен ынтымақтастық бағдарламаларын қалыптастыру және іске асыру жатады.

      Екі мемлекет арасындағы сауда қатынастарын ұйымдастыру мен жүзеге асыру қажетті ресми статистикалық ақпаратпен белсенді алмасуды, бірінші кезекте, өзара сауда бойынша деректерді салыстырып тексеруді білдіреді.

      Осы Бағдарламаны жүзеге асыру процесінде прогрессивтік өнім түрлерін шығаруды ұлғайтуға, шикізаттық ресурстарды тиімді кешенді пайдалануға бағытталған Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының шаруашылық субъектілері арасындағы тікелей байланыстарды нығайту мен дамыту жөнінде пәрменді шаралар қабылданады.

      III. Бірлескен әлеуметтік мәселелерді шешу жөніндегі іс-шараларды үйлестіру

      Осы Бағдарламаны іске асыру кезеңінде Тараптар денсаулық сақтау, мәдениет және өнер, спорт, жастар саясаты, туризм, еңбек, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы, сондай-ақ түрлі салалар үшін жоғары білікті кадрлар даярлау және мамандар, ғалымдар, аспиранттар, тағылымдамадан өтушілер және студенттер алмасу саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға назар аударады.

      Тараптар өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы байланысты нығайту жөнінде шаралар қабылдайды.

      IV. Бағдарламаны іске асыру тетігі

      Осы Бағдарламаны іске асыру Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының мемлекеттік органдарының және шаруашылық жүргізуші субъектілерінің осы Бағдарламада көзделген нақты іс-қимылдарды орындауы арқылы жүзеге асырылады.

      Осы Бағдарламаның іске асырылу барысын үйлестіру мен бақылауды Қазақстан-Беларусь сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия жүзеге асырады.

      Осы Бағдарламаны іске асыру мақсатында Қазақстан-Беларусь сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның ұлттық бөліктерінің төрағалары Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы 2026 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық туралы шарт күшіне енгеннен кейін Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді.

      Осы Бағдарламаны және іс-шараларды іске асыруға байланысты шығыстарды қаржыландыру Тараптардың мүдделі шаруашылық жүргізу субъектілерінің есебінен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады